Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғылыми қазына

29219
Ғылыми қазына - e-history.kz

    КІРІСПЕ

Бүгін барша әлем мойындап, үлкен беделге ие болып отырған тәуелсіз Қазақстанның тарихы күрделі кезеңдерден тұратыны белгілі. Қазақ халқы аса ауыр саяси, әлеуметтік- экономикалық процестерді басынан кешірді. Ең ауыр кезеңнің бірі – ХХ ғасырдың алғашқы жартысы болғаны күмәнсіз. Ресей империясының отарлық саясатының кесірінен қазақ халқының құнарлы да шұрайлы жерлерінен айырылуы, көшпелі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы, 1917 жылғы орыс революциялары, азамат соғысы, ашаршылық халыққа ауыр тиді. Екінші жағынан, социалистік қайта құрулар нәтижесінде қазақ халқы өз тарихында тұңғыш ұлттық республикасына ие болып, отырықшы өмір салтына өтті.  Қазақстан аумағының тең жартысы, яғни бүгінгі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Маңғыстау облысының бір бөлігі 1917-1924 жылдары әкімшілік жағынан Түркістан Республикасының құрамында болды. Революция мен азамат соғысы жылдарында Түркістанның басқа да мұсылман халықтары сынды қазақтар да үлкен әлеуметтік-экономикалық апатқа ұшырап, сұрапыл ашаршылықты басынан өткізді. Миллиондаған қандастарымыз жазықсыз опат болды. Елге аса ауыр болған осындай қиын-қыстау кезеңде Тәңірінің өзі туған халқына қызмет етуді несіп еткен тарлан тұлғалар аз болған жоқ, солардың бірі Орталық Азияның ірі саяси қайраткері – Тұрар Рысқұлов еді. Ол – Орталық Азия республикалары мен Қазақстанның болашақ саяси және экономикалық тәуелсіздігінің негізін қалаған тарихи тұлғалардың бірі болды. Тұрар Рысқұлов алдымен Түркістан Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, артынан Түркістан Халық Комиссарлар Кеңесін басқарды. Орталық Азияның халық шаруашылығын қалпына келтіру және өркендету, өндірісті дамыту, оқу-ағарту ісі жолға қою, сауатсыздықты жою, халықтардың саяси-экономикалық және әлеуметтік құқығын теңестіру және тағы басқа орасан зор ауқымдағы шараларды іске асырды. Тұрар Рысқұловтың (1894-1938) қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі біршама дәрежеде зерттелінген. Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеу өткен ғасырдың 60-шы жылдары басталған болатын. Алғашында мерзімді баспасөз бетінде көрініс тапқан жарияланымдар бірте-бірте ірі ғылыми ізденістерге жол ашты. 1974 жылы, яғни қайраткердің 80 жылдығы қарсаңында белгілі қазақ тарихшылары – С.Б.Бейсембаев пен С.Б. Көлбаевтың1, 90 және 100 жылдық мерейтойына арнап В.М. Устинов2 пен О.М. Қоңыратбаевтың3 еңбектері жарық көрді. Тұрар Рысқұловтың сан-салалы қайраткерлік қызметі кейінгі жылдары да үздіксіз зерттелініп келеді. Бұл бағытта О.М. Қоңыратбаев4, М.Әбілтайұлы5 мен Н.Әбілдаев, А.Исмаилов6, М.Қойгелдиев7, Т.Омарбеков8, К.Нұрпейісов9, Б.Байрактар10, М.Қ.Қозыбаев11, М.Х.Асылбеков12, В.Н.Григорьев13, Плосцких14 пен А.Карымсакова, М.Жәпек15, Қ.Зардыхан16, А.Жүнісбаев17, С.Шілдебай18, Д.Қыдыралиев19, Ж.Сүлейменов20, Д.Қамзабекұлы21, Ж.Әшірбекова22, Е.Күзенбаев23, М. Қазбек24 пен Ғ.Маймақов, Қ. Раджабов25, Д. Аманжолова26, С.К.Рощин27, Р.А.Нуруллин, М.Буттино28, Ч.У. Хостлер29, М. Дж.Пайн30, И.Огайон31 және т.б. қыруар іс атқарды. 2011 жылы «Аңыз адам» сериясының тұтас бір нөмірі Тұрар Рысқұловқа арналып, онда көптеген ғалымдар қайраткердің саяси, экономикалық қызметін сарапқа салды32. Жоғарыда аттары аталған зерттеушілердің көпшілігі Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметімен қатар, өз еңбектерінде қайраткердің экономикалық қызметіне де тоқталып отырған. 2008 жылы бір топ ғалымдар, атап айтқанда, А.Қошанов, О.Сәбден және А.Доголов Тұрар Рысқұловтың экономикалық көзқарастарына арналған еңбекті33 жарыққа шығарды. Сондай-ақ, О.Сәбден 34 бұл тақырыпта бірнеше мақала жариялады. Түркістан-Сібір темір жолын салудағы Тұрар Рысқұловтың еңбегі туралы Ф.Осадчийдің 35 құжаттық повесі мен Түркістан-Сібір темір жолын салуға Жәрдемдесу комитетінің құжаттары жарияланды 36. Осы кезеңде қайраткердің төл туындыларын жинастыру, кітап етіп бастыру жұмыстары қолға алынды. 1984 жылы Тұрар Рысқұлов еңбектерінің 1 томдық таңдамалы жинағы 37, 1997 жылы академик К.Нұрпейісов пен В.Н.Григорьевтің құрастырумен 3 томдығы38, ал 2007 жылы 5 томдығы жарық көрді39. Қайраткер еңбектерін жинастыруға белгілі тұрартанушы М.Серікбаев, баспаға даярлауда Х.Алдажұманов пен С.Смағұлова үлкен жұмыс атқарды. Бұл жинақтарда қайраткердің экономикалық көзқарастары мен Орталық Азиядағы экономикалық қызметін талдауға негіз болар тарихи құжаттар мен деректер мол қамтылған. Жоғарыда есімдері аталған авторлардың Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлік қызметін зерттеуде үлкен еңбек сіңіргені айқын. Десек те тұрартанудың жаңа кезеңі енді ғана басталды.  ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстан мен Орталық Азия, Ресей мен Моңғолия тарихында өшпес із қалдырған Тұрардың 44 жыл ғана өмір сүріп, сталиндік репрессияның құрбаны болғаны белгілі. Саяси дүрбелең дәуірде тез есейіп, ел басқару ісіне ерте араласқан Тұрар табиғи талантының арқасында талай белестерге көтеріліп, қыруар істер тындырды. Тұрар Рысқұлов сынды ірі тарихи тұлғаның 1917-1937 жылдардағы сан-салалы экономикалық қызметін бір мезетте зерттеп шығудың мүмкін еместігін ескере отырып, авторлар аталған жоба аясында басты назарды қайраткердің Орталық Азиядағы экономикалық қызметінің негізгі кезеңдері мен бағыттарын зерттеуге күш салды. Қайраткердің саяси-мемлекеттік қызметіне қатысты тыңғылықты зерт- теу жұмыстары жүргізілгенімен де, оның экономикалық қызметінің ашылмаған тұстары жеткілікті, сондықтан да ав- торлар оқырманға ұсынылып отырған «Тұрар Рысқұловтың Орталық Азиядағы экономикалық қызметі» атты кітапта осы мәселелерді кешенді зерттеуді мақсат тұтты. Ал, Тұрар Рысқұловтың экономикалық қызметінің Моңғолия мен Ресей кезеңдері арнайы жоба аясында зерттеуді қажет етеді. Тұрар Рысқұловтың Орталық Азиядағы экономикалық қызметін жан-жақты талдау үшін алдымен қайраткердің өмірі мен қызметіне қысқаша тоқтала кеткен жөн, онсыз мәселенің ашылмасы анық. Тұрар Рысқұлов 1894 жылы 26 желтоқсанда қазіргі Алма- ты облысының Талғар өңірінде дүниеге келеді40. Тұрардың әкесі - Рысқұл Жылқайдарұлы елге атағы жайылған кәнігі аңшы болған. Рысқұл батыр Талғар тауының табиғи жағдайын жақсы білген, 1903 жылы ол зерттеуші С.Д. Ди- митиревке Талғар тауын зерттеуге көмектеседі. Есік өзенінің бастауындағы мұзды алқап «Рысқұл алқабы» деп аталады41. Нақақ жалаға ұшыраған Рысқұл 1904 жылы 20 желтоқсанда  патша болысын атып өлтіріп, Сібірге айдалады42.  Жастайынан жергілікті қазақ байлары мен келімсек орыс кулактарының қорлығын көрген Тұрар бала күнінен- ақ әлеуметтік теңсіздікті жою туралы армандап өсті. Есейе келе Тұрардың бойында әлеуметтік әділетсіздікпен қоса, ұлттық езгіге қарсы күрес рухы оянады. Қазақ даласына ішкі Ресейден орыс мұжықтарының қаптап келуі, көшпелі қазақтың атамекенде жүріп мүсәпір жағдайға түсуі – бала Тұрардың көз алдында өткен құбылыс. Рысқұл Сібірге айдалғаннан кейін, Тұрарды туыста- ры Әулиеата уезінің Меркі ауылына алып кетіп, жергілікті орыс-түздік мектебінде оқытады. Тұрар жаз айларында Аспара байларының қойын бағады43. 1910-1914 жылдары Тұрар Пишпектегі екінші дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесінде оқиды44. 1916 жылы 25 маусымда патша үкіметінің майдандағы қара жұмысқа 19-43 жас аралығындағы бұратаналардан жұмысшы алу туралы жарлығы Орталық Азияда ірі ұлт- азаттық көтерілістің тұтануына септігін тигізеді45. Тұрар Меркі көтерілісіне қатынасады. Меркі көтерілісі қыркүйек айының соңына таман жазалаушы әскер күшімен басып жаншылады46. Тұрар Рысқұлов 1916-1918 жылдары Ташкент мұғалімдер институтының екі курсын тәмамдайды. 1916 жылы 19 қыркүйекте Тұрардың атына № 31 жеке іс ашылады, ол істегі соңғы мәлімет 1918 жылы 6 сәуірінде тіркелген47. Тұрар оқи жүріп бағбандық жұмыспен айналысып, күн көреді. Әлеуметтік жағынан қорғансыз, жетім Тұрардың қаншалықты дәрежеде қаражат қыспағына түскеніне оның 1916 жылы қазан айында институт директорына жасаған өтініші дәлел бола алады48. 1917 жылы көктемде Тұрар Меркіде «Бұқара» ұйымын (Қазақ жастарының революциялық одағын) құрады. Тұрардың жетекшілігімен одақ мүшелері аштықпен күрес мәселесін қолға алады. Түркістан өлкесінде ең алғашқы қоғамдық тамақтандыру орындары Меркіде ұйымдастырылды49. 1914 жылдан бері жүріп жатқан бірінші дүниежүзілік соғыс Түркістан халықтарына аса ауыр тиді. Соғыс пен 1916 жылғы көтеріліс кезінде жергілікті халық қатты зардап шекті. 1917 жылғы қуаңшылық пен революциялық дүрбелең кесірінен Түркістан өлкесінде азық-түлік мәселесінде апат- ты жағдай қалыптасады. Әсіресе, аса ауыр жағдай Әулиеата уезінде орын алады. Жылдың соңына таман Түркістанда қарулы орыс жұмысшылары мен солдаттарының монополиялы билігі орнайды. Олар билікпен қоса азық-түлікке де монопо- лиялы бақылау орнатады. Жұмысшы-солдат кеңестері қалалардағы еуропалықтар мен әскерилерді ғана асырауды қамтамасыз етіп, ал өлкенің негізгі тұрғындары – мұсылман жұртшылығын азық-түлік қорына жолатпайды. Мұсылман халықтарының ортасында басталып келе жатқан сұрапыл ашаршылықты сезінген Тұрар 1918 жылы сәуірде институттағы оқуын тоқтатып, Әулиеатаға атта- нады. Тұрар жергілікті сауатты жастарды саяси билік пен әскери күшке ие болып отырған кеңес үкіметіне кіруге үгіттейді, аштан қырыла бастаған қазақ жұртын арашалап алу үшін басқа жолдың жоқтығын түсіндіреді. 1918 жылы 21 сәуірде Тұрар Рысқұлов Әулиеата қаласында алғашқы уездік қазақ съезін ұйымдастырады50. Жазда ол уездік кеңестің төрағасы болып сайланады. Тұрар Рысқұловтың 1918-1919 жылдардағы Түркістандағы сұрапыл ашаршылық кезінде Аштықпен күресетін Орталық комиссия құрып, миллиондаған мұсылман баласын арашалап алғаны белгілі; бірақ, өкінішке қарай, аталған комиссияның құжаттары толық зерттелінбей келеді. Орталық комиссияның құжаттары жинастыры- лып, бір жүйеге келтірілген жоқ. Ал, аталған комиссияның қызметі бүкіл Орталық Азия аймағын қамтыған болатын. 1919 жылы Орталық комиссияның құзырында 1200-дей қоғамдық тамақтандыру орындары, жетім балалар үйлері, қолөнер шеберханалары, көшпелі ауруханалар мен емханалар, егіс алқаптары, суландыру жүйелері және т.б. болды.  Оларда екі миллиондай ашыққан халық жұмыс істеп, күнелтті. Орталық және жергілікті комиссиялардың құрамында 11 000 мұсылман жастары қызмет атқарып, халықты құтқару ісімен айналысты. Аса ауыр саяси- экономикалық ахуалда осыншама көлемдегі жұмыстарды тыңғылықты ұйымдастыра білген Тұрар Рысқұловтың экономикалық қызметі Орталық комиссияның құжаттары жарияланған жағдайда толық ашыла түсері хақ. 1919 жылы Тұрар Рысқұлов мұсылман халқының саяси- экономикалық құқықтарын қорғаушы ұйым – Мұсылман бюросын басқарды. Мұсылман бюросының тарихы туралы зерттеу еңбектері жарияланғанымен де, аталған ұйымның экономикалық қызметі жеткілікті дәрежеде зерттелінген жоқ. Мұсбюроның мәжіліс хаттамаларын жариялау қазіргі таңда аса маңызды болып отыр, онсыз мұсылман қайраткерлерінің қызметін толық түсіну мүмкін емес. Тұрар Рысқұлов Мұсылман бюросын ұйымдастыру арқылы Орталық Азияның мұсылман бұқарасына экономикалық жағынан үлкен қолғабыс көрсетті. Азамат соғысы жағдайында жұмыс істеген Мұсбюро Тұрар Рысқұловтың басшылығымен жүздеген мың мұсылман босқындарын экономикалық апаттан аман алып қалды. Тұрар Рысқұлов 1920 жылдың алғашқы жартысында Түркістан Республикасы кеңестерінің Орталық Атқару Комитетін басқарды, ол республика басшылығына келген жергілікті халықтың тұңғыш өкілі болды. Оның жетекшілігімен Түрікатком республиканың саяси, әлеуметтік, экономикалық, әскери және мәдени өмірінде аса маңызды өзгерістерге басшылық жасады. Республикасының заң актілері мен заңдық күші бар қаулыларын қабылдауға, әкімшілік-ұйымдастырушылық және бюджеттік сипаттағы практикалық мәселелерді шешуге, үкімет мекемелері мен комиссариаттардың қызметіне басшылық етті. Тұрар Рысқұловтың Түрікатком төрағасы ретінде ерекше көңіл қойған мәселесі – патша үкіметінің отарлау саясатының экономикалық зардаптарын жою болды. Орыс шаруа- ларын қарусыздандыруға және көшпелі халықтардың ата қоныс мекендерін қайтаруына қол жеткізді. Ол 1916 жылғы босқындар мәселесі бойынша үкіметтің арнайы комиссиясын құрады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің босқындарына қолдан келген көмегін көрсетті. Босқындардың туған жеріне, ата қоныс мекендеріне орналасуына мүмкіндік туғызды. Тұрар 1920 жылы Кремльдің алдында Түркістанның саяси және экономикалық егеменді туралы мәселе көтереді. Тұрар  Рысқұловтың Түрікатком төрағасы қызметінде Орталық Азияның экономикасына сіңірген еңбегін ашып бере алатын тарихи құжаттардың көп бөлігі әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Атап айтқанда, Тұрар Рысқұловтың басшылығымен өткен Түрікатком мәжілістерінің хаттамалары, экономикалық кеңестер мен жиындардың есептері, халық шаруашылығының түрліше саласын дамыту бойынша жасалған баяндамалар, федерациялық экономикалық ұйымдар мен мекемелермен арадағы қатынас хаттары оқырманға мүлдем та- ныс емес. Ал, бұл материалдарда қайраткердің аталған кезеңдегі экономикалық қызметін ашып бере алатын тарихи мәліметтер мен деректер аса мол. Тұтас Түркістан идеясы үшін Кремль Тұрар Рысқұловты 1920 жылы жазда Түркістаннан кетуге мәжбүр етті51. 1920 жылдың екінші жартысы мен 1922 жылдың алғашқы жартысында Тұрар Рысқұлов Коминтерн мен РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатында қызмет атқарды. Комиссариатта Тұрар Рысқұлов Орталық Азия аймағына жауапты болды. Ол Қазақстанның, Түркістанның, Бұқара мен Хорезмнің, Татарстан мен Башқұртстанның өкілдерінен құрылған арнайы комиссияға жетекшілік етті. РКФСР-дің ұлт аймақтарының өндіргіш күштерін дамыту съезін даярлау комиссиясының мүшесі, Мәскеу Шығыстану институтының қызметін тексеру комиссиясының төрағасы, қуаңшылыққа ұшыраған аймақ тұрғындарына жұмыс малын тарату комиссиясының төрағасы, жер мәселелері бойынша Федеральдық комитет туралы ереже жобасын даярлау комиссиясының төрағасы, РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы Халық ағарту ісі бойынша Федеральдық комитет туралы БОАК қаулысының жобасын даярлау комиссиясының төрағасы, Башқұрт АКСР-інің шекарасын анықтау комиссиясының төрағасы, Мәскеу Шығыстану институтының 1922-1923 оқу жылында Мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы, Петроградтағы Шығыстың тірі тілдерінің Орталық институты туралы ереже жобасын даярлау комиссиясының төрағасы, Мәскеу Шығыстану институты мен Петроградтағы Шығыстың тірі тілдері институтындағы студенттер вакансияларын бөлу комиссиясының төрағасы, Шығыс халықтарының Орталық баспасын ұйымдастырып, басқармасын тағайындау және баспаның ережесін, штатын, сметасын белгілеп, БОАК-қа ұсынылатын қаулы жобасын даярлау комиссиясының төрағасы, Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университеті жанынан Жұмысшы факультетін ұйымдастыру және факультет туралы ережені, оның штаты мен сметасын белгілеп, БОАК-қа ұсынылатын қаулы жо- басын даярлау комиссиясының төрағасы, Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысындағы босқын мұсылман балаларына көмектесу комиссиясының төрағасы, Мәскеу Шығыстану институтының 250 студентіне арнап жеке жатақхана ашу комиссиясының төрағасы, Мәскеу қаласында Шығыс еңбекшілерінің үйін ұйымдастыру комиссиясының төрағасы және т.б. үкімет комиссияларының төрағасы ретінде Тұрар Рысқұлов Орталық Азия республикаларына тікелей қатысты, аса маңызды мәселерді шешіп отырды. Тұрар Рысқұловтың РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары ретінде атқарған сан-салалы қызметінің маңыздыларының бірі – Шығыс халықтарының Орталық баспасын ұйымдастыруы еді. Тұрар Рысқұлов аталған баспаның тұңғыш төрағасы болды. Тұрар Рысқұлов Шығыс халықтарының Орталық баспасын құру туралы БОАК қаулысының жобасын, баспаның ережесін, штаты мен сметасын өз қолымен даярлап, баспаның мекен-жайын, материалдық-техникалық базасын жасақтап берді. Тұрар Рысқұлов құрған Шығыс халықтарының Орталық баспасы КСРО-ның түркі-мұсылман халықтарының сауатын ашу, ұлт тілдерінде оқулықтар мен кітаптар шығару мәселесінде ұзақ жылдар бойы Одақ көлеміндегі аса маңызды баспа рөлін атқарды. Аталған баспадан Орталық Азия халықтарының тілінде көптеген экономикалық жанрдағы кітаптар жарық көрді. 1921 жылы 19 наурызда Тұрар Рысқұлов Ленин мен Сталинге  арнайы хат жазып, оларды Орта Азияда патша үкіметінің отарлық саясатының зардаптарын тездете жою үшін кең көлемде жер-су реформасын жүргізуді ұсынады. 1921-1922 жылдардағы Түркістандағы жер-су реформасы – Тұрар Рысқұловтың Кремльге қысымынан кейін ғана қолға алынған шара болатын. 1922 жылдың қазан айынан – 1924 жылдың қаңтар айына дейін Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесін басқарды. Тұрар Рысқұлов үкіметі Түркістанның халық шаруашылығын қалпына келтіріп, жаңа экономикалық саясаттың механизмін енгізді. Ол Орталық Азия республикаларының экономикалық одағын құруға көп күш салды. Орталық Азия республикаларын (Түркістан, Қазақстан, Бұқара және Хорезм) экономикалық жағынан біріктірмей аймақтың шаруашылығын, әсіресе ауыл шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету мүмкін емес болатын. Соғыс пен қуаңшылық, аштық жылдарында мал басының апатты көлемде кемуінің орнын толтырды. Аймақ экономикасы үшін мал шаруашылығының, әсіресе көшпелі мал шаруашылығының маңызы зор болды. Мал шаруашылығының дамуы ауа-райына, шабындықтың күйіне және табиғи жайылымның жағдайына тікелей тәуелді болғандықтан төрт түлік малдың тұқымын жақсарту, мал өнімдерімен сауда жасауды ұлғайту, жүн мен теріні өңдеу ісін жолға қойды. Суландыру жүйелерін қалпына келтіру тек өзара күш біріктіргенде ғана іске асатын проблемаға еді. Өзара ортақ өнеркәсіп, сауда, қаржы және көлік саясатын бірігіп жүргізу қажеттілігі туды. Осы мақсатта 1923 жылы 5-9 наурызда Тұрар Рысқұлов Ташкентте Орталық Азия республикаларының І экономикалық  конференциясын ұйымдастырады. Тұрар Рысқұлов қаржы, сыртқы саясат, ішкі және сыртқы сауда, транспорт, оқу-ағарту, мәдениет, мақта шаруашылығы, ирригация, аймақтағы су ресурстарын ортақ пайдалану, экономикалық аудандастыру мәселелері, орман шаруашылығын қорғау және дамыту, жер шаруашылығы саясаты және жер-су реформасын аяқтау, өндіріс пен мемлекеттік сауда, кооперация мәселелерін бірігіп шешу, біртұтас ақша айналымы аумағына кіру, біртұтас салық жүйесін құру және тағы басқа да аса маңызды салалар мен істерді бірлесе шешу үшін Орталық Азия республикаларының Экономикалық Кеңесін құрады. Оның құзырына: шаруашылық жоспарларын жасау, үйлестіру, бекіту, жалпы заңдар жүйесін әзірлеу, сауда мен қаржы саясатын біріктіру, азық-түлік саясатын белгілеу және халыққа қажетті күнделікті тұтынатын тауар өндірісін жоспарлау, республикалардағы шикізат, отын-жанармай қорын бақылауға алу, әлеуметтік қамсыздандыру шараларын белгілеу міндеті кірді. Орталық Азия Экономикалық Кеңесінің жанынан сыртқы сауда, қатынас жолдары, байланыс, статистикалық басқарма, қаржы бөлімдері ұйымдастырылды. Сауатсыздықты жоймай халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету мүмкін емес еді, сондықтан да Тұрар Рысқұловтың ерекше көңіл бөлген саласының бірі – оқу- ағарту мәселесі болды. Тұрар Рысқұлов басқарған үкімет 1922 жылы халық ағарту ісіне мемлекеттік бюджеттің 30%-ға дейінгі, ал жергілікті бюджеттердің 24%-на дейінгі бөлігін босату туралы шешім қабылдайды. Мұндай көлемдегі пайыздық қаржы білім саласына одан кейінгі онжылдықтардың бірде-бірінде бөлінген емес. Орталық Азияның экономикасын өркендету ісінде Тұрар Рысқұлов басқарған Қаржы комитетінің орны ерекше. Экономиканы өркендету ісі ең алдымен қаржы мәселесінің дұрыс шешілуіне тәуелді еді. Қаржы мәселесі шешілмей экономиканы өркендету мүмкін емес еді. Тұрар Рысқұловтың ең алдымен қолға алған саласы – қаржы мәселесі болды. Тұрар Рысқұлов басқарған Қаржы комитетінің қызметі мүлдем зерттелінбеген, ол туралы осы уақытқа дейін бірде- бір ғылыми еңбек жарияланбаған. Қаржы комитетінің сан алуан қызметінен мәлімет беретін тарихи құжаттар жинастырылып, ғылыми айналымға енгізілмеген. Ал бұл құжаттар мен материалдардың Қазақстанның саяси және экономикалық тарихын қалпына келтіру ісінде маңызы орасан зор. Экономика тарихында орын алып отырған осындай олқылықтың орнын толтыру үшін Тұрар Рысқұлов басқарған Қаржы комитетінің құжаттары мен материалдарын жинастырып, жарыққа шығару қажет. Қаржы комитетінің құжаттары мен материалдары жеке томды құрайды. Бұл құжаттар мен деректік мағлұматтар болашақ зерттеулер үшін материалдық база болып табылады. Қаржы комитетінің мүлдем зерттелінбеуіне байланысты осы кітаптың қосымшасында оның мәжілістерінің бірнеше хаттамаларын тіркеп отырмыз. Кремльдің шешімімен 1924 жылы Орталық Азияда ұлттық-территориялық межелеу саясаты52 іске асырылып, барлық жағынан Мәскеуге тәуелді республикалар құрылады да, Тұрар Рысқұловты Комитеттерінің орталық аппаратына жұмысқа ауыстырып жібереді. Тұрар Рысқұлов 1924- 1925 жылдары Коминтернннің өкілі ретінде Моңғолияға жіберіліп, ол бауырлас моңғол халқының қазіргі заманғы өркениетке қол созуына көмек көрсетті. 

РКП (б) Орталық Комитеті 1926 жылы көктемде Тұрар Рысқұловты Қазақстанға жібергенімен де, үш ай өтпей жатып қайтадан кері шақыртып алып, РКФСР үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындайды. Бұл – Кремльдің Қазақстанды жеке-дара билеп-төстеуге кіріскен Ф.И. Голощекинге қарсы тұра алатын саяси тұлғадан құтылу саясаты болатын. РКФСР үкіметінің төрағасының орынбасары ретінде Тұрар Рысқұлов 1926-1937 жылдары Орталық Азия үшін тарихи маңызы бар талай істер атқарды. 1926 жылы ол ұлт республикаларының құқықтарын кеңейту, республикаларда жергілікті халықтардың мүддесіне сай келетін экономикалық саясат жүргізу мәселесі бойынша Мәскеудің рұқсатынсыз ұлт қайраткерлерінің жеке кеңесін ұйымдастырып, қабылданған қаулыны Кремль көсемдеріне тапсырады. 1926-1930 жылдары Тұрар Рысқұлов Орталық Азия халықтары үшін аса маңызды Түркістан-Сібір темір жолының құрылысына Жәрдемдесу комитетін басқарады. 1932-1933 жылдары Ф.И.Голощекиннің «Кіші қазан» саясатының кесірінен басталған Қазақстандағы сұрапыл ашаршылық кезінде Тұрар Рысқұлов босқын халықты құтқару үшін ерен ерлік жасады54. Тұрар Рысқұлов 1929 жылдан бастап Сталиннің жеке- дара билігіне қарсы құрылған оппозициялық күштермен одақтасады55. Бұл кезде Сталин тобы саяси билікті өз қолдарына шоғырландырып, жаңа орыс империясын құруға бағыт алған болатын. Басқа да кеңес республикалары сияқты Орталық Азия республикалары да  саяси-экономикалық құқықтарынан айырылып, әкімшілік басқарылуы жағынан бірте-бірте Ресейдің ішкі облыстарының дәрежесіне дейін құлдыраған еді. Сталиннің озбыр саясатына қарсы оппозициялық күштердің бір тобы РКФСР үкіметінде шоғырланды. Ол топты Тұрар Рысқұловпен қызметтес С.И.Сырцов басқарды. Олар Сталиннің индустрализация мен коллективизация саясатын іске асыру тәсілдерін елді дағдарысқа, халықты қырғынға алып баратын саясат ретінде айыптайды56. С.И. Сырцов тұтқындалғаннан кейін арнайы органдар Тұрар Рысқұловты бақылауды күшейтеді. Мәскеудегі қызметінде Тұрар ұстараның жүзіндей қауіпті саяси ахуалда жұмыс істеді. Тұрар Рысқұловты 1937 жылғы сталиндік үлкен террор кезінде «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, жазықсыз опат болды. Сталиндік зұлматтың жазықсыз құрбаны болған Тұрар Рысқұлов 1938 жылы ақпанда 43 жасқа енді ғана толған, нағыз ердің жасында еді. Халқына бергенінен берері көп, мемлекет қайраткері ретінде толық қалыптасқан кезі болатын. Тұрар Рысқұловтың Орталық Азиядағы экономикалық қызметіне қатысты тарихи деректер мынадай мұрағат қорларынан алынды: Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты (ҚРПМ), Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты  (ҚРОММ), Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағаты (ЖОММ), Қырғыз Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ҚырРОММ), Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ӨРОММ), Өзбекстан Республикасы Президенті Аппаратының Мұрағаты (ӨРОММ), Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты (ГАРФ), Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағаты (РГАСПИ) және т.б. Кітапта ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында және одан кейінгі жылдарда жарық көрген мерзімді басылымдардың мәліметтері қамтылды, атап айтқанда: Наша газета (Ташкент), Бірлік туы (Ташкент), Военная мысль (Ташкент),  Военно-исторический журнал (Москва),  Жизнь национальностей (Москва), Известия ТурЦИКа (Ташкент), Исторический архив (Москва), Красная летопись Туркестана (Ташкент), Коммунистическая мысль (Москва), Новый Восток (Москва), Пролетарская революция (Москва), Революция и национальности (Москва), Советский Туркестан (Ташкент), Туркестанский коммунист (Ташкент), Туркестанский курьер (Ташкент), Большевик Казахстана (Алма-Ата), Вестник АН КазССР (Алма-Ата), Вестник КазГУ. Серия историческая (Алматы), Вестник КК ОАН РУ (Нукус), Вопросы истории (Москва), Восток (Москва), Диалог (Ташкент), Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам (Журнал-кітап), Звезда Востока (Ташкент), История СССР (Москва), Коммунист Узбекистана (Ташкент), Қазақстанның ғылыми әлемі (Алматы), ҚазҰПУ хабаршысы. Тарих және саяси-әлеуметтiк ғылымдар сериясы (Алматы), ҚазҰУ хабаршысы. Заң сериясы (Алматы), ҚарМУ хабаршысы. Филология сериясы (Алматы), ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы (Алматы), Международная газета (Москва), Общественные науки в Узбекистане (Ташкент), Орталық Қазақстан (Қарағанды), Отан тарихы (Алматы), Отечественная история (Москва), Отечественные архивы (Москва), O’zbekistan tarixi (Ташкент), Туған өлке – Родной край (Алматы), «Абай» журналы, Ученые записи ТГПИ им. Низами (Ташкент) және т.б. Бесінші тарау А.Ералымен бірге жазылған.

Ғылыми қазына..pdf 
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?