Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш идеясы - біртұтас қазақ идеясы

29150
Алаш идеясы - біртұтас қазақ идеясы - e-history.kz

Ұлттық мемлекетті қалыптастыру идеясы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып отыратын нәрсе. Ұлттық мемлекетті қалыптастыру идеясы ұлттық қажеттіліктердің негізінде туындайтын білім болса, ұлттық идеяның білімін қалыптастыратын нағыз зиялылар. Қазақстандағы ұлттық идея қазақтармен бірге дүниеге келді, әрі тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерілді. Ұлтқа деген құрмет ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Жалпы ұлттық сана төмен болса халық халықтық қасиетінен айрылады. Мұндай кезде ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбаны болады. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкін емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегін мемлекеттікті нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату құрады. Асан қайғының:

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қыста қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күміске! - [1] деген жыр жолдарында ұлттық мұраттың сол дәуірдегі аңсағаны - территориялық тұтастық, саяси еркіндік, әлеуметтік кемелдік, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік екендігі бейнелен-ген. Елдің бірлігін, ішкі тыныштығын, ханның ынсапты болу-ын, халықтың берекелі байлығын жырлаумен ұлттық идеяны мемлекеттік саясат биігіне көтергендер қатарында Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет жыраулар тұр. Қазақ жыраулары ұлт болмысының тағдырына сын көзбен қарауда оның ұлттық рухпен үндескен тарихи-әлеуметтік кеңіс-тігін өздерінің рухани шығармаларында сақтап қалған. Соны-мен қатар жырауларымыздың философиясының мазмұнын зерделеген сайын, сол дәуірде ел, жеке адам, жер тағдыры үшін қоғам шындығы тұрғысында ойланған зиялы адам бейнесі де көз алдымызға келіп отырады. Жырау феномені арқылы дүниетанымдық өрісін кеңейтіп, рухани тереңдігін сақтап кел-ген қазақ философиясының болмыс бітімі де байыппен қараған адамға күрделі құбылыс екендігі сөзсіз. Мұның ішінде көзге бірінші көрінетін нәрсе «ұлттық рух», «ұлттық идея», «ұлттық мүдде», «ұлттық зиялылық» ұғымдарының бірінің мәнін бірі толықтырыпжәне адам болмысының рухани ерекшеліктерін зерттеуде үлкен тарихи тәжірибе мен білім көзіне айналып отыратындығы. Асан Қайғының бізге жетіп отырған дүниелері оның ұлттық мем-лекетті дамыту жолында «Қазақ идеясын» қалыптастыруға аянбай қызмет еткен тұлға екендігін көрсетеді. Елдің рухани тұрмысын сақтап қалу оңай іс емес. Асан қайғыдан бастау алған «Қазақ идеясының» дамуындағы жыраулар философиясының феномені ұлттық санамыздың ішінде, олардың елдің қоныстануы жөніндегі идеяларының маңыздылығы арқылы сақталып қа-лады. Олардың ұғымында елді сақтау үшін, жерді дұрыс пай-далана білу қажет. Жер ұрпаққа мұра боп қалу үшін онда елдің қоныстануы қажет және де халықтың шаруашылығы еркін да-муы қажет. Ұлттық қажеттіліктерді жүзеге асыру мәселесіне теориялық жағынан терең мән берген қазақ жырауларының идеялары, дәстүрлі қазақ қоғамының сонау көне түркілерден бері қалыптасқан болмысының бұзылмауына ықпал етті. Та-рихтан белгілі жерді, елді қорғау халқыңа адал болу ұрпақтың азаматтылығына тәуелді. Бір елдің өркениеттілігін мойындау үшін де, алдымен сол ел жұртының өркениеттілкке қалай қол жеткізгендігін білу қажет. Демек елдің өркениеттілігі түсінігі, сол қоғамдағы азаматтық мүмкіндік туралы идеяның жүзеге асу деңгейін салмақтай түспек. Ұрпақ ұлттық рухпен неғұрлым жақын тәрбиеленген сайын ол өзінің адамдық бейнесін ішкі рухпен қаруландырмақ. Ұлттың негізгі құндылығы ұрпақ болғандықтан ұлттық идея ұрпақ рухына қызмет етуден алшақ кетпейді. Жырауларымыздың «Ел-Жұрт» идеясының мақсаты ұрпақ санасында қазақтың әлеуметтік өмір этикасы мен эстетикасының болмысын сақтап отыру. Қазақ ұлты жердің қадірін оның құнарымен бағалаған, жердің құнарының адамға берер қуатын Қазтуған жырау философиялық деңгейде пайымдаған. Жыраулар философиясындағы жердің құнары ту-ралы ой толғамдар ұлттық рухты көтерудің мәселесіне де айналған. Жақсы менен жайсаңның басын өлімге байлаған XVIII ғасыр Абылай хан дүние салуымен қазақтың маңдайындағы бағын ұшырды. Ресейдің бодандығына кірген қазақ қоғамы әлеуметтік-саяси және территориялық тұтастығынан айрылды. «Бөліп ал да билей бер» саясатынан туындаған әрбір саяси күш, әлеуметтік қауым өз биігіне, көздегеніне лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелді. ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман тала-бына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші әрі қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттіліктен құрған алаш қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті. Бұл ел тари-хындағы елеулі кезең турасында Президент Н.Ә.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» - деп, әділ бағасын берді [2]. Қазақ халқының тарихында әр ғасырдың басы аласапыран оқиғаларға толы болды. Бұл өз кезегінде тарих сахнасына ірі-ірі тұлғалар мен қайраткерлерді шығарып, түбірлі өзгерістерге алып келіп отырды. Әсіресе ХХ ғасырдың басы айрықша күрде-лілігімен, сансыз оқиғалардың сапырылысымен, ұлттық сананың оянуымен ерекшеленеді. Осы тұста қазақ даласында да Алаш ұранын көтеріп, қазақ баласын азаттыққа бастаған бір шоғыр қазақ қайраткерлерінің ой-пікірі мен іс-әрекеті жарқырап көрінді. Бұл кез Алаш ардагерлерінің айтуынша, «қазақтың бар болу немесе жоқ болу» мәселесі таразыға тартылған кез еді. Олай болатыны, бұл шақта қазақ халқы толықтай патшалық Ресейдің басыбайлы боданына айналған еді. Қазақ даласындағы хандық билік ыдыраған, билер институтының қадірі кетіп, орыс сотына қараған, дәстүрлі тіршілік қалпы мен өмір салты елеулі өзгеріске ұшыраған, ұлттық рух бәсеңдеген шақ еді. Алашорда қозғалысы мен Алаш идеясының пайда болуына тікелей осы аталған тарихи жағдайлар себеп болды. Қазақтың алғашқы оқығандары қазақтың жеке өз алдына ел болып, дамыған елдермен терезе теңестіре алатындай жағдайға қол жеткізуін көкседі. Ең алдымен қазақ баласының бір-бірімен пікір алмасуын қамтамасыз ету үшін мерзімді баспасөз құралдарын шығарды. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» пен «Қазақ» газеті «ұлттың көзі, құлағы һәм үніне» айналды. Бұлардың ұлттық са-наны оятудағы маңызы орасан зор болды. Кішкентай жылғадан басталған бұл әрекет ұлғайып, арналанып зор халықтық қозғалысқа ұласты. Алаш қайраткерлері қазақ халқын азат ел ету бағытындағы мақсатты ойларын бес тұғырға негіздеді. Солардың ішіндегі ең бір маңызды тұғырының бірі - қазақ тілінің мәселесі болатын. Бұлай болатыны, А.Байтұрсынұлының сөзі-мен айтқанда «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Ұлттың ұлы ұстазы Ахаң бұл бағытта бос үгіт насихатқа салынбай нақты іске кірісіп, қазақ жоғының орнын толтыруға білек сыбанып кірісті. Қазақты біртұтас ел деп танысақ, Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы деп мойындауымыз қажет. Алаш идеясына де­ген адалдық пен сенім - бізден соны талап етеді. Ал қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы идеясынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Ол идеялар мыналар: бірінші: жер мәселесі. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың же-рінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негіз-делген заңға сүйене отырып, ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Жер үшін, жер мен аспан байлығы үшін, тәуелсіз экономи-ка үшін, тіл мен діл үшін, дін үшін, қазақ ұлтының көзқарасы мен ар-ожданын қорғайтын, ұлтты сыйлауға мойынсындыра-тын тәуелсіз заң мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыратын тәуелсіз ғылым үшін күрес жолы енді басталды. Демек, Алаш идеясы бүгін де, ертең де өзінің жалғасын табады. Жаһандастыру дәуіріндегі рухани тәуелділіктен қорғайтын бірден-бір ұлттық бағдарлама осы болып табылады. Мәмбет Қойгелдиев алаш идеясының түпкі маңызын былай ашып көрсетеді: «Алаш тәжірибесі нені көрсетті? Біріншіден, Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген жа-санды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның өміршеңдік сипатын айғақтайды. Алаш идеясының өзегі - ұлттық мемлекеттік. Құрметті Әлекең, Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық - жетім халық. Кез-келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республика-сы - Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтікмазмұны, демократиялық принциптерге сүйенген қоғамды ха-лықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн» [3]. Ұлт зиялыларының ақындық сөздері қалың қазаққа арнал-ды, халқын ұйқыдан оянуға, елдің қазіргі күйіне көз салып, ілгері ұмтылуға, азаттық, бостандық жолына үндеді. Осындай мазмұнда жазылған Ахмет Байтұрсыновтың «Масасы» мен Міржақып Ду-латовтың «Оян, қазақ» кітаптары қазақ қоғамындағы ең алғаш айтылған өткір сөздердің бірі болды. Міржақып Дулатов:

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты

Өткізбей қараңғыда бекер жасты!

Жер кетті, дін нашарлап, Хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамасты! - десе, [4, 15-б.]

Ахмет Байтұрсынов:

Мысалы, қазақ малшы ұйықтап жатқан,

Жыланды бәле дедік аңдып баққан.

Бәленің түрін көрген мен сары маса

Қазақты оянсын деп сөзбен шаққан, - дейді [5, 27-б.]

Әр адам жеке басының ғана қамын ойламай, елінің, ұлтының қамын ойлауы керек, ұлтына жақсылық жасаған адамның аты ұрпақтан ұрпаққа тарайды. Міржақып Дулатов өмірінің мәні де осында еді. «Қайтсек жұрт боламыз?» деген мақаласында патша-ның отарлау саясатынан құтылу үшін, елдігімізді, тілімізді, дінімізді сақтау үшін не істеуіміз керек дей отырып, ол үшін мемлекет, авто-номия құруымыз керек, кім күшті болса, сол жұрт болып дегеніне жетеді, күш дегеніміз ол - әскер дейді. «Бұл заманда әскері жоқ жұрт жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз, қайсысына түсетін болсақ та ерік өзімізде» [5, 2б3-264 бб.], яғни бір жолы құлдық, екіншісі жұрттық жолы. Автономия алу жолына кірісіп, милициямызды жасап, алаш үкіметімізді нығайтсақ бізді ешкім басынбайды. Үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі деген ой айтады. Өмірдің мәні тағдырға мойынсұнып, басыңа не түссе соны көріп отыра беру емес, ел болуға, жұрт болуға, өркениеттілікке талпыну. Ол қазақ халқының даму деңгейі төмен, отар халық емес, тағы, дөрекі емес екендігін, бейбітшілік сүйгіштігін дәлелдеуге тырысты. Жалпы қазақ халқының жақсы өмірге жетуіне қажетті басты нәрсе - еркіндік пен тәуелсіздікке жету деп, оны өз шығармаларында көрсете білді. Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының ұлы шоғырын топтастырған ортақ мұрат - бодандық бұғауында жаншылған елін құлдықтан құтқару, жаңа ұлттық сананы қалып-тастыру, өзге өркениетті елдер қатарына қосу болғаны белгілі. Мағжан да осы мұратты жүзеге асырудың жолдарын іздеп, басын тауға да, тасқа да соққан.

Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,

Отырайық жиылып, оңдалайық.

Мың жылғы өткен қумай ата заңды,

Өнерден кем қалмайық, ойланайық,

Жер қалар, біз жиылып қала салсақ,

Қайдағы оңды жерді таңдап алсақ, — деп [7, 47б.], отырықшы тұрмысқа көшіп, қала салуды елді, жерді ешкімге бермей, сақтап қалудың бірден бір жолы ретінде ұсынады. Алаш зиялыларының азаматтық және саяси ұстанымына сай Ғұмар да Қазан төңкерісінің жалпы адамзаттық гуманизм-ге қарсы бағытталған саясатын қабылдаған жоқ. «Тұрымтай» жинағындағы «Неден қорқам?», «Жұртым саған не болды?» өлеңдерінде бір ғана қазаққа емес, тұтастай ұлттарға жасалып отырған қияс тәжірибенің қиямет зобалаңын, қасіретті алапат зардабын болжай білді.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам [8].

Халқының тағдырын ойлаған Алаш әдебиеті өкілдері таптың емес, тұтас қазақтың қамын жеп, ұлтқа қызмет етудің өшпес те өлмес үлгі-өнегесін көрсеткен айрықша құбылыс. Ол біріншіден, тарих тағылымына үңілдірсе, екіншіден, Алаш арыс-тарының діттеген мұрат-мақсаттарына деген адалдық пен саяси ұстанымдарынан бір табан шегініс жасамаған тұлғаларын та-нуда да үлкен мәнге ие. Ғұмардың «Неден қорқам?» өлеңіндегі әрбір жолдар Қазан төңкерісінен кейінгі кезең шындығын тануда айрықша болып табылады.

Аждаһа алты басты жаудан қорқам,

Бүлдірген ел арасын даудан қорқам:

Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,

Құрылған аяқ асты аудан қорқам:

Асығыс істей салған істен қорқам,

Қандары тасқан қара күштен қорқам,

Дос болып бірге жүріп қастық етіп,

Тысына қайшы келген іштен қорқам» деген ақын үрейі жаңа саясаттағы талай қиянаттар мен зобалаңдарды ұғына түсуімізге мүмкіндік береді. Сондықтан да ақын қан төгіс арқылы кел-ген биліктің әлеуметке теңдік пен бостандық орнатуындағы қадамдары қоғамдық даму заңдылығына қайшы болып табыла-тынын және де өзгенің күштеп таңған азаттығы мәңгілік болмай-тынын, сол себепті өзіңнің сара жолыңды ізде деген мұратын алға тартады.

Алаш туының асқақ, елдік қасиеттердің баянды болуы үшін әр азамат халқына еңбек етуде имандылық пен құрандай киелі ұғымдарды санасында тоқуы шарт деген талап қояды. Мұның бәрі Ғұмардың ұлтжанды тұлғасының, ақындық қуатының қашан да ұлт мұратымен сабақтасып отырғанын, өмірлік мақсаты болғанын дәлелдей түседі. «Көреміз бе?» өлеңі жалпы Алаш партиясының, Алаш автономиясының нысаналы өмірлік мұрат-мақсатын анық танытатын және де осы жолдағы ерен істерді Ғұмардың әрдайым қолдаушы тұлға, қозғаушы ақын болғанын ұғындырады. Ұлттық бірлік, мемлекеттігімізді нығайту өткір қойылып отырған қазіргі тұста аталған өлеңде көтерілген саяси-идеологиялық мәселелер қашанда санаға тоқылар ұлағат деп білеміз. Тәуелсіздіктің басты сипаты - мемлекеттік істердің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі, өз жерінің қазба байлығын халық игілігіне жаратуы десек, осынау кемелділікке жетудің жолдары-на қатысты ғасыр басында-ақ Ғұмар келелі ойлар түйеді.

Өз жерінен шыққан кенді өзі алғанын,

Әдемілеп айқұш - ұйқұш жол салғанын,

Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын, Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын, Әрбір істе қазақ исі аңқығанын, Тірілікте көзімізбен көреміз бе?!. [8]

Ұлттық идеяға әлемдік ақыл-ой мен оны қажет еткен ұлттың даналығы, бүгінгі есті ұлдарының көрегендігі мен біліктілігі, мемлекеттің саяси қуаты керек. Біздің алдымызда мемлекеттік тілді ұлттық идея дәрежесіне көтеру міндеті тұр. Өйткені мемле-кеттік тіл - ұлттың ұйытқысы. Бүкіл Қазақстан азаматы осы мемлекеттік тілдің төңірегіне топтаса алады. Қазақстандық патриотизмнің негізін қалаушы да - мемлекеттік тіл. Өз еліңнің патриотизмін көрші елдің мемлекеттік тілімен жасау мүмкін емес. Алаш қозғалысының тарихи негізгі Ресей отаршылдығының қазақ жеріндегі аса асқынған кезеңінен басталды десек те, Алаш идеясы одан әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түпкірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогресске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді. Ұлтты сақтайтын - ұлттық идея болуы керек. Ол ұлттың өмір сүруі, тілегі, ниеті, ойы дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяныұлт мұраты деп қабылдағанымыз дұрыс. Алаш идеясы ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы.Ханкелді Әбжанов былайша ой түйіндейді. «Осылайша, ұлттық идеяны кемеңгерлікпен түзу Алаш қозғалысын аспандат-ты, дұрыс ұлттық идеяға табан тіреген Алаш қозғалысы қазақ қоғамы тарихының жаңа белесін ашты. Ұлттық мақсат-мұратқа, яғни, ұлттық идеяға адалдық, жанкештілік, интеллектуалдық биік өремен ағымдағы, кезек күттірмейтін қазіргі және болашақтағы міндеттерді айқындай білу - бүгінге жеткен Алаш аманатының ең құндылары» [9]. Ұлттық идеяны көтерген қазақ зиялылары Қазақстандағы жердің де, мемлекеттің де иесі - қазақ халқы, ал қалғандары диаспоралар екенін айтумен болды. Қазіргі кезде тарихи ота-нында жүрген қазақтар мен диаспора санатында шетте жүрген қазақтардың ұлттық мұраты бірдей емес. Отанында жүрген қазақтар үшін Қазақстанның бүгіні мен ертеңі басты мәселе, ал шетте жүрген қазақтар жүрген ортасында қазақ болып қалу қамын көбірек жейді. Уақыт өткен сайын ұлт мұратындағы осы-нау айырмашылық ұлғаймаса, қабыспайтыны ақиқат. Қытайдағы қазақтардың кейінгі толқыны қытайланып, Түркиядағылар түрік-теніп бара жатқаны белгілі. Еуропа қазақтары арасында қазақ тілінің жағдайының жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын, әсіресе жас буынның ана тілін мүлдем білмей ұмыта бастағанын мойындауға мәжбүрміз. Сондықтан мың өліп, мың тірілумен азаттыққа жеткен қазақ-тың тағдырын анықтағыш ұлттық идеясы Қазақстанда ғана өз жемісін бере алады. Жаһандану үрдісінде қазақ тек өз рухын, жаңғырту, асқақтату арқылы ғана ұлттық болмысын, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлан-ғайыр жерін, тәуелсіздігін сақтай алады. Олай бол-са, бүгінгі қазақты зұлымдыққа емес, адамгершілікке бейімдеу ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі мәселе болуы тиіс. Бүгінгі қоғам да осы негізде дамуы керек. Олай болмайынша, қазақтың рухы өзінің ішкі бірлігі мен тұтастығынан айырылуы мүмкін. Қазақ рухын жаңғырту, бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді, яғни, ұлттық мүдде-лер негізінде жүргізуді талап етеді. Қазақ рухын жүзеге асырудың бір жолы қазақ идеясын жаңғырту болып табылады. Оның алғы үлгілері кешегі Алаш ұсынған жолдарда, қанымызда ұйықтап жатқан ұжымдық санадағы архетиптерде жатыр. Бұлардың барлығы оянып, жаңғырып бүгінгі қазақтың рухын көтеруге жұмыс істеуі керек. Олар әсіресе, тілдік саясатта, мәдениетте, жалпы руханиятта, қоғамдық өмірде көрінуі тиіс. Сонда ғана бөтенге ұқсамайтын, өзіндік жүру жолы бар қайсар рухты қазаққа айналамыз.

Әдебиеттер

1.Бес ғасыр жырлайды: ХҮ ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Үш томдық. (Құрастырған. М.Мағауин, М.Байділдаев). - Алматы: Жазушы, Т. І, 1984. - 256 б.

2.Назарбаев Н.Ә.Тарих толқынында. - Алматы, 1999. 172-173 бб.

3.Қойгелдиев М.«Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы орны жөнінде» // «Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңіс-тігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. - Семей, 2008. 26 б.

4.Дулатұлы М.Оян қазақ!. - Алматы: Алтын орда, 1991.- 15-16 бб.

5.Байтұрсынов А.Тіл тағылымы. - Алматы: Ана тілі, 1992.448 б.

6.Дулатұлы М.Шығармалары, 2 томдық. ІІ-том. - Алматы: Ғылым, 1997. - 343 б.

7.Жұмабаев М.Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1989.448 б.

8.Қараш Ғұмар.Замана. - Алматы: Ғылым, 1994. - 240 б.

9.Әбжанов Х.Алаш қозғалысындағы ұлттық идея эволюция-сы // «Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық кон-ференция материалдары. Семей, 2008. 9 б.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?