Қазақ халқының қаймағы алынбаған нағыз қазақы ізгілік
түсінігінде «Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын, жаманның жамандығын айт -
құты қашсын!» деген керемет мақал бар. Расында, жақсының жақсылығын айту -
жақсылықты дәріптеу жолы. Өйткені жақсылықты дер кезінде дөп басып танымаудың,
өзгенің жақсылығы деп мойындағысы, танығысы келмеудің өзі де біле білгенге
жамандықтың басы. Күндестіктің күйкі сезімі басқаның жетістігін көре алмай,
соны жөн-жосықсыз күстаналаудан білінеді ғой. Басқаның салиқалы тәжірибесіне
меңіреулік танытпай қабыл алу, онымен терезесі тепе-тең сұхбат жолында
жақындасу - нағыз өресі кең өрелінің ісі деп білемін. Бұл жеке тұлғалық
деңгейде болсын, ел мен ел арасындағы қатынаста болсын растығын дәлелдеген
дүние. Диалог мәдениетінің үлгісін
бүгіндері саяси жоба ғана болудан қалып, нақты өмірдің шындығына айналып
үлгерген Еуропалық Одақ көрсетіп отыр дей аламыз. Өйткені
бүгінгі таңда аймақтық типтегі жаңа қауымдастыққа ноқта болған біртұтас
еуропалық өркениеттің іргетасы қаланды. Еуропаға қатысты біздің елде бұрынғы
кеңестік идеология сарқыншағынан арыл-май, әлі күнге дейін оны әдібі кеткен
әдепсіз көрініс үлгісіндей қабылдап, құбыжық қылып көрсетуге бар желбуаз
ұғым-түсініктер кездесіп қалатындығы белгілі. «Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа
сөзді... » деп хәкім Абай айтқандай, өзіміздікі ғана дұрыс деп өзеурегеннің
берері шамалы. Ендеше, азаматтық сана-сезімнің естиярлығы, пісіп-жетілген
сатысында тұрған, тамырын тарих-тың терең қойнауынан тартқан тағылымы мол
жұрттардың тәжі-рибесіне қарап өсу біздің өскелең қазақ өркениетінің болашақ
гүлденуінің, әлемнің озық дамыған елдерімен терезесі теңдес болып, үзеңгі
тиістіруінің бір кепілі. Оның үстіне, Орталық Азия кеңістігінде күн өткен сайын
экономикалық қарқыны басымдық танытып келе жатқан біздің еліміздің аймақтық
көшбасшылық рөлін өзіне кесіп-пішіп отырғаны да белгілі нәрсе. Демек,
жақсылардан жақсылық жолын үйренетін дер шақ!Бар болмысымыздың
жақсысы да, жаманы да көктен сау етіп түспейді, ол өткен күннің үмітінің
ақталуы, не өкініші мен өксігі көп болып, жүзеге аспай қалған арман-мақсаттары.
Принцип ретіндегі Еуропаның біртұтастығы өзінің бастауын сонау христиандық
«құ-дай алдында бәрі бірдей - эллин де, иудей де жоқ... » деген жолдардан алып
жатыр. Сонымен қатар, ол кезіндегі Рим империясының қанжары мен құқықтық жүйесінің арқасында жүзеге
асырылмақшы болғандығы да мәлім. Бірақ Еуропаның көпе-көрнеу күштеуге салмай,
мәдени-тарихи, саяси-экономикалық қажеттіліктерден туған заман алға тартқан
Талапқа сай берген Жауабы ретінде өз еркімен одақ құрып, саяси-стратегиялық
күшке айналуы тек қана ХХ ғасырдың екінші жартысында жүзеге асты. Әуелеген арман, өксіткен өкінішке толы
адам болмысында өмірсүйгіштік танытатын қасиет те, ізгілікке жетуге деген
белсенділік те Үмітпен байланысты нәрселер. Үмітті
өз басым ізгіліктің басқаша атауы әрі нағыз адами ерекшелікті ұғым деп білемін.
Ол туралы «үмітсіз шайтан» деген сөзтіркесі де айтып тұр ғой. Жамандықтан Адам
«болып қала ма» деп күдіктенеді, ал жақсылықтан қашанда үмітті болады. «Күніне
тоқсан рет түңілсең де, Сонда да үмітіңді үзбе Алладан» деуіміз ізгіліктен үміт
үзбеу деген сөз. Жақсы болашақтың атар таңынан үмітін үзбеген адамзаттық жасампаздықты
өзі жаққан отына өзі талай күйген еуропалықтар көрсете алды деуге бүгіндері
негіз бар. Үміт пен кешірім - осы екеуі
Еуропалық Одақтың құрылымдық негізінде жатыр. Күні кеше ғана екінші
дүниежүзілік соғыстағы әскерилердің керзі етігінің астында тапталып қалғандай
көрінген бейбітшілік гүлінің қылт етіп қайта бас көтеруі, енді сейілместей
бо-лып көрінген соғыс отының түтініне қақалған, енді бір-бірінің бетін
көрместей жауласқан еуропалықтардың бүгінгі күні бір үйдің балаларындай
тату-тәтті күн кешуі, жарты ғасырдан артық уақыт бойы ортақ шаңырақтарын
шайқалтпауы расында да таң қаларалық, расында да, үлгі аларлық өмірлік тәжірибе
болып отыр. Кешегі қас жауыңды ортақ игілік үшін кешіру деген өткеніңді
біржола мүлдем ұмыту деген сөз емес. Өткеннің ұмытылмас қайғы-қасіретін есте
ұстай отырып, сөйте тұра, бірлесе тіршілік етуге, қоян-қолтық әрекеттесуге,
ортақ үйде бас қосуға бару дегеніңіз - нағыз өмірсүйгіштік, нағыз жасампаздық,
нағыз адамзаттық гуманистік рухтың көрініс табуы деген сөз. Бұл еуропалық азаматтардың
өркениеттілік өресінің өскендігін көрсетеді. Сөйтіп, тәуелсіз мемле-кеттердің
басын қосып, олардан Еуропалық Одақ сынды тұрақты демократиялық хал-ахуалға ие
жаңа түрлі қауымдастық құру ХХ ғасырдың екінші жартысының ең бір сүйсінерлік
нәтижесі болды. Қазіргі Еуропаның өзім қазақ
тіліне аударған Шарль Монтескьенің «Заңдар рухы туралы» кітабы жазылған
уақыттан бастап осы бүгінгі Еуропалық Одақтың идеологиясы мен практикасына
дейінгі ұзақ та күрделі жолды жүріп өткені белгілі. Айтпағым мынау: Ағартушылық
дәуіріндегі біртұтастықтың абстракты идеясынан интеграцияланудың төмендегідей
нақты да іргелі жағдайшарттарын түсіну және қабылдау үшін ұзақ уақыт тер төгіп,
күрделі шешімдерге келу қажет. Аталмыш жағдайшарттар мыналар: ортақ аймақтық құрылым құру үшін ондағы
мемлекеттердің жер ауқымының, тұрғындар санының өзара сайма-сай түсуі, олардың
экономикалық механизмдерінің біртекті болуы және халықтарының ділі, демек,
дүниетанымдық ұстанымдарының ұқсас шығуы керек. Еуропалық интеграцияның
архитекторы болып есептелетін Жан Монне кезінде: «Егер еуропалық мемлекеттер
бұдан былай да ұлттық суверенитет негізінде ғана дамымаққа ниет білдірсе, онда
Еуропада бейбітшілік орнауы мүмкін емес» деген екен. Бүгінде
Еуропалық Одаққа біріккен еуропалық континенттің біраз елдері өз еріктерімен өз
суверенитетінің бір бөлігін одақтық ортақ институттар құзырына беріп отырғаны
белгілі нәрсе. Ұлттық мемлекеттілік тұғырынан еуропалық континенттілік
біртұтастылық деңгейіне өту жауапты да өте күрделі іс. Еуропаның қазіргі күннің саяси-әлеуметтік-өркениеттік
шын-дығы ретінде қалыптасуы ешқашан өздігінен тып-тыныш мамыра-жай өте қойған
жоқ. Онда дағдарыс та, дау-дамай да, кежегесінен кері тартар тоқырау
да жетіп артылады. Бірақ сонау 1957 жылғы мамырдағы 6 ғана мүшеден тұратын
ұйымның 27 елден құралған ірі одаққа - Еуропалық Одаққа айналуы ХХ ғасырдың
жеңісі, ХХІ ғасырдағы адамзаттың үміті. Еуроодаққа бұрынғы коммунистік
идеология бағытындағы, бірақ рухи тегі еуропалық мемлекеттердің келіп қосылуы
да ескі саясаттағы «ызғарлы соғыс» принципімен бөлінудің зардапты ізін жойды.
Сөйтіп, Еуропалық Одақтың бірте-бірте кеңеюі өз тиімділігін танытып, Еуропа
континентін мүлдем танымастай өзгертіп жіберді деуге болады. Бүгінгі кеңейген Еуропа үшін негізгі
мақсат бейбіт-тыныш тіршілік етудің ортақ кеңістігін нығайту, өзара түсіністік
пен ортақ қауіпсіздік кепілдігінің болуы. Еуропалық Одаққа ортақ
құндылықтар: еркіндік, теңдік, демократия, құқықтық мемлекет принципі мен адам
құқын құрметтеу дағдысы. Осы орайда, Еуропада өзіңді қауіпсіз сезінетіндігіңнің
керемет күйін айтқым келеді. Әпсаналық Бабыл кейпін өзінің көптілділігімен,
көпнәсілділігімен көз алдыңа елестететін Брюссель болсын, Париж болсын, Рим
болсын (жал-пы, кез келген Еуропалық Одақ мүшелерінің астаналары) ешкімді
жатсынбауымен, ешкімге қырғи қабақтық танытпауымен, жеке адам басына деген
үлкен құрметімен, заңға табынушылықпен ерекшеленеді.Жалпы, демократия - адами, пенделік ұғым-түсінік қой. Сон-дықтан
да ол адамзаттың қоғамдық-саяси өмірінің ойын ережесі ретінде қаншалықты
ыңғайлы, тиімді деп танылғанымен де (одан артықты адамзат баласы әлі ойлап
тапқан жоқ), барлық пенделік дүниелер сияқты, демократия да кемел жетілген,
кемшіліксіз дүние емес. Оның да күнгейі мен көлеңкесі, жетістігі мен «әттеген айы» бар екендігі даусыз. Десек те, демократиялық
үрдістердің тигізетін пайдасының оның кемшін тұстарымен салыстырғандағы
басымдылығын сол халық билігі идеясының бесігі әрі таратушы-сы болған Еуропадан
көруге болады. Ендеше, демократиялық өзгерістерді одан ары тереңдетуге білек
түріп кірісіп отырған біздің ел үшін сол жолда талай тәжірибе жинақтаған
еуропалықтардың өткенінің жақсысынан үйрену, жаманынан жирену өте маңызды. «Алуан түрліліктегі біртұтастық» деген
ұранға сүйенген Еуропалық Одақта келісім арқылы тұрақты даму үшін мәдени
көптүрлілікті сақтап қалу мен оны одан ары нығайтуға күш салы-нып отыр. Мысалы,
Еуропалық Одақта тек одаққа кіретін мем-лекеттердің ұлттық тілдері ғана емес,
сонымен қатар, соның құрамындағы этностық топтар тілдерін де дамытуға көптеген
жағдайлар жасалған. Бүгінгі Еуропалық Одақты сезіне сипаттау үшін белгілі неміс
философы Теодор Адорноның констелляция терминін келтіре кеткім келіп отыр.Констелляциядегеніміз астрономиялық ғылым
саласындажұлдыздар шоғырынбілдіретін ұғым. Ол шоғырдың басты
қасиеті - жұлдыздар мен олардың шартты түрде алынған орталығы арасында ерекше
қатынас бар. Констелляциядағы жұлдыздар бір-біріне қатысты үнемі қозғалыста
болады және де дәл сол мезетте «жүзіп жүрген», «қозғалмалы» орталыққа қатысты
да үнемі қозғалыста болады. Демек, қатып қалған, мәңгілікке бекітілген мығым
орталық жоқ деген сөз. Әрбір жұлдыздың өз кезегінде орталық болатын
мүмкіншілігі бар әрі сол жүзеге асады да. Еуропалық Одақтың жұлдызды көк туы
беретін бейнеге бол-сын, одақтың басқару институттарының құрылымдық ұстанымына
болсын констелляция ұғымы дәл келіп тұр. «Констелляция» терминін Адорно «зорлықсыз» бас қосу,
қарама-қарсылықтардың ішкі қажеттілік негізінде бір-біріне тарты-луы туралы
жаңа идеяны жеткізу үшін пайдаланады. Адорноның философиялық
ізденісі қазіргі заманмен керемет үндестік танытады. Констелляция алуан
мәдениеттер, түрлі конфессиялар, ерен тұлғалар тоғысқан жаңа заманның жаңаша
сұхбат өрісіндегі жұлдызды шоғырын дүниеге әкеледі. Доминантсыз, басып-жаншуы
жоқ, биліктік өктемдігі жоқ, бірақ әрбір дауыс, әрбір мәдениет естілетіндей
шынайы диалогтық қатынас дегеніміз осы. Қазіргі әлемде әркім неғұрлым өзінің
ешкімге ұқсамайтындығын айқын байқатар болса, соғұрлым оның басқаларға тартылыс
күші және өзара әрекеттесу әлеуеті ұлғаяды. Констелляция жаңа әлемдегі
әлеуметтік сезімталдық пен өзгенің өзгелігін бетке ба-спай, керісінше, сонымен
санасудың жасампаздық жол екендігін ұғынған, болашаққа нық бағыт ұстанған
демократиялық мемле-кеттерде өзінің жемістілігін танытып келеді. Констелляция, диалог ұғымдарының абстракты
философия аймағынан сырғып, қоғамдық санаға енгендігін, қазіргі заманның саяси
онтологиясына бойлағандығын қосып айтуға болады (саяси лексикада дағдылы болып
кеткен терминдер легінен «диалог», «көпполярлы», «көпнұсқалы», «көпорталықты»,
«көпвекторлы», «сұхбат» деген сөздерді кездестіру үйреншікті жай емес пе?!).
Жұлдызды шоғыр -констелляция -өзара келісім мен бірлікті сақтай
білген, жариялылық пен пікір алуандығын ескерген демократиялық ұстанымға сай
ел басқаруға мүдделі жаңа
Қазақстанның жаңа әлемдегі өркениетті
қауымдастықпен терезесі тепе-тең дәрежеде диалогқа түсу әлеуетін жоғарылататын
принцип болады дей аламыз. Қазіргі таңда тәуелсіздігіне 20 жыл толғалы отырған
Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық саясаты татулық пен төзімділікке,
келісім мен бейбітшілікке негізделіп отыр. Діни
толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін
қарастырғанда қазақ халқының тарихи-мәдени ерекшеліктерін назарға алу қажет.
Тарихқа жүгінер болсақ, қазақ даласында ерте заманнан-ақ көптеген діндер өмір
сүріп, сан ғасырлар бойы Ұлы Дала төсі қаншама халықтардың бейбіт мекеніне
айналған. Елімізге ислам діні келгенге дейін тәңіршілдік, зороастризм,
манихейлік, буддизм, иудаизм, несториандық орын алып, ислам діні келгеннен
кейін де онымен бірге бейбіт қатар жасаса бер-ген. Тоғыз жолдың торабы - Ұлы
Жібек жолының бойында жатқан Қазақстан бағзы заманнан күні бүгінге дейін сауда
мен мәдени айырбастар арқылы Азия мен Еуропа арасын өзіндік байла-ныстырушы
буын қызметін атқарып әр түрлі дінді уағыздаушы халықтар арасындағы өзара
мәдени баю үдерісінің ықпалында болды. Осындай тарихи үдерісті басынан өткерген
халқымыздың асыл дәстүрлері: діни төзімділік пен келісім, мәмілегершілік,
қонақжайлылық т.б. қасиеттер халық бойында ғасырлар бойы дағдыланған. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен
Арқаның төскейіне келісім мен бейбітшіліктің туына баланған ордамыз Астана
қаласы салынды. Еуразия кіндігінде орналасқан Астана бүгінгі таңда алуан түрлі
ұлттар мен діндердің тоғысып, жарасым тапқан орталығы ретінде тез әрі жылдам
көркейіп, еліміздің мақтанышына баланды. Еліміздің ортақ бақыты жолында
қайырымды қала - Астана орнатылып, онда бір-бірімен түсіністікте, сыйластықта
өмір сүруші қайырымды қоғам қалыптасып, оны әділдік пен дана-лық таразысына
салып реттестіріп отырған қайырымды басшы билеп отырса, соның өзі әлемге
елдігіміз жөнінде тиімді мәлімет беріп отыр деп ойлаймыз.