Бiрақ мажарлар мен қазақтардың бiр атадан тараған ұрпақ екенiн ғылыми түрде дәлелдеу үшiн ұзақ уақыт қажет болды. Мажарстан ғалымы Андраш Биро осы жолда тынбай еңбектенiп, мажарлар мен қазақтардың туыстығын жiтi зерттеп, қанымыз бiр екенiн ғылыми түрде дәлелдедi. Ол мадияр руы кеңiнен тараған Торғай өңiрiн аралап, осы рудан тараған тұрғындарға генетикалық талдау жасаған. Көп ұзамай ғалымның еңбегi жемiсiн берiп, мажарлар мен қазақтардың қандас туыс екенi ғылыми түрде дәлелденiптi. Андраш Биро Қазақстанды өзiнiң екiншi мекенi санайды. Бiздi ерекше тамсандырғаны, елiмiзге бiрнеше мәрте ат басын бұрған ғалым қазақ тiлiн де меңгерiп алған. Биылғы жылдың жазында антрополог ғалым Мажарстанда халықаралық түрiк құрылтайын ұйымдастырыпты. Андраш Биро өткен аптада Қазақстанға келдi. Ғалыммен әңгiмелесудiң сәтi түсiп, одан жүргiзген зерттеуi жөнiнде егжей-тегжейлi сұраған едiк.
– Торғайдағы мадиярлар мен Мажарстандағы мадиярлардың қандас туыс екенiн қалай дәлелдедiңiз?
– Мажарстан ғалымдары Қазақстандағы Торғай аймағында мадияр руының бар екенiн 60-жылдары анықтады. Мажар ғалымдары Қазақстанға бiрнеше мәрте келiп, осы мадияр руын зерттеуге кiрiстi. Бiрақ мажарлардың шығу тегiн түркi елiмен байланыстыруға тоталитарлық режим кедергi келтiргендiктен, бұл жұмыстар тоқтап қалды. Оның үстiне мажар мен мадияр руының туыстығын дәлелдеу үшiн нақты дерек-дәйектер қажет едi.
Сөйтiп, Қазақстан ғылым академиясының академигi О.Смағұловпен бiрiгiп, Торғайдағы мадиярлардың мажарлармен байланысы бар-жоғын анықтауға бел будық. Мажарстандағы мадиярлар мен Торғайдағы мадияр-қазақтардың арасында туысқандық байланыс бар ма, әлде бұл тек қана этнонимдiк ұқсастық па? Осы сұраққа жауап iздедiк. Сонымен, ғылыми экспедицияға шығатын болып келiстiк. Бұл ғылыми экспедицияға бiр жыл дайындалдық. 2006 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданының тұрғындарына, дәлiрек айтқанда, мадияр руынан шыққан ер-азаматтарға антропологиялық зерттеулер жүргiздiк. Олардың ДНК-сын Мажарстанның 2-3 генетикалық зертханасында зерттедiк. Одан бөлек Мажарстанның сот-сараптамалық орталығы да талдау жасады. Ата-тек бойынша берiлетiн у-хромосомаға генетикалық талдау жасадық. Өйткенi бұл хромосомадағы ақпарат мыңдаған жыл бойы өзгермейдi. Зерттеу нәтижесiн 44 халықпен, оның iшiнде славян, корей, Орталық Азия, Еуропаның өзге де халықтарымен салыстырдық. Бастапқыда қазақ-мадиярлардың ДНК-сы өзге түрiк халықтарының ДНК-сына жақын болатын шығар деп ойладық. Алайда мадияр-қазақтар және мажарлар ең жақын туыс болып шықты. Бiр қызығы, Қазақстанның басқа өңiрлерiнде тұратын қазақтармен салыстырғанда Торғайдағы мадиярлар мен Мажарстан мажарларының генетикалық нәтижесi өте жақын екен.
– Демек, бiздiң ата-бабаларымыз кезiнде бiр аумақты мекендеген туыс болды ғой?
– Иә, дәл солай. Ата-бабаларымыз бiр кезде туысқан болған, бiр аумақты мекендеген, ал кейiннен бөлiнiп кеткен. Ендi бiз олар қай кезде және қай өңiрде өмiр сүрдi деген сұраққа жауап iздеп жүрмiз.
Торғай мадиярлары 350 жыл шамасында Торғай бассейнiнде тұрған. Генеологиялық аңыздарға сүйенсек, олар Қаратау, Оңтүстiк аймақтарда өмiр сүрген. Мiне, осы антропологиялық-генетикалық зерттеулер олар расымен де оңтүстiкте тұрғанын, сол халықтың антропологиясына жақын екенiн көрсеттi.
Жалпы, мадиярлар кезiнде үлкен аумақты мекендеп, көшпелi халық болған. Кейiннен халықтың бiр бөлiгi Батысқа қарай қоныс аударса, бiр тобы солтүстiк пен солтүстiк шығыста қалап қойған. Әлi де зерттеп, дәлелдейтiн жайттар көп. Бұған уақыт, сарабдал зерттеу керек. Сондықтан бүгiн қазақ мамандарымен байланыс жасап жатырмыз. Қазақ және мажар тарихының кейбiр ақтаңдақ тұстарын қайта жазу керек.
– Мажарлардың қазақтармен туыстығын мойындамай, сiздiң зерттеуiңiзге қарсы шығып жүргендер бар ма?
– Ғылымның санаға еш қатысы жоқ. Бiрақ әрбiр мажар шығыстан келген халық екенiн сезедi. Мажарлар өткенiн мақтанышпен айтады, тарихқа тәуба етедi. Едiге, Арпад патшаларын, ата-бабаларын қастерлейдi. Түптеп келгенде, мажарлар қазiргi алмағайып заманда көп халыққа үлгi бола алады. Өйткенi мажарлар Еуропаға шығыстан келсе де, 1200 жыл бұрынғы тарихын, тiлiн, мәдениетiн жоғалтпаған, ешкiмге бодан болған емес. Бiздi жеңем деген түрiк, моңғол-татарлар, Австриядағы Габсбургтер еш уақытта мемлекетiмiздi иеленген емес. Керiсiнше, мажарлардың ұлттық идентификациясы күштi, өгей ортада өз мемлекеттiлiгiн сақтап келе жатыр. Жаздыгүнi өткен құрылтайда Қазақстанның делегациясы мадиярлардың қандай тәкаппар, батыл, ержүрек халық екенiн өз көзiмен көрдi.
– Бiрақ, бiлуiмiзше, Мажарстанда фин-угор теориясын жақтайтындар да аз емес...
ХIХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында мажарлар қайдан келгенiне, олардың кiмге туыс екенiне қатысты сұрақ туды. Ғалымдар екi топқа жарылды. Бiрi фин-угор теориясын жақтап, мажарлар батысқа қоныстанар кезде көп халықпен тарихи-мәдени, тiлдiк байланыстары болғанын алға тартты. Бұл – лингвистикадағы, тiлтанудағы болжам. Ал археологтар мен антропологтар фин-угор теориясын еш уақытта қолдаған емес. Өйткенi бiздiң көне тарих шығыстан бастау алған. Бiр жағынан фин-угор теориясының саяси астары бар болатын. Осы тұста Мажарстанға билiк еткен Габсбургтер әулетi мажарлармен некелiк қарым-қатынасқа түсiп, билiкке араласқан едi. Олар мажарларды түркi халықтарымен жақындастырмау үшiн мажарлар фин-угорларға жақын деген бағытты ресми түрде қолдады. Кеңестiк ықпалға түскеннен соң да Кеңес Одағы бұл бағытты ары қарай дамытты.
Алайда кейiннен Мажарстан археологтары мен антропологтары лингвистердiң ұсынған болжамына қарсы шықты. Оның үстiне соңғы 20 жыл iшiнде антропология үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. Сөйтiп, мажарлардың түрiк халқымен туыс екенi ғылыми түрде дәлелдендi. Антропология мажарлар Х ғасырда Карпат бассейнiне қоныстанған кезде олардың бет-әлпетi түр-тұлғасы, бас сүйегiнiң өлшемдерi түрiк халқына ұқсас болғанын көрсеттi. Тiптi лингвистикалық талдау жасайтын болсақ, барлық ғалымдар мажар тiлi алтай тобына жақын екенiне келiсетiн едi.
Мажарстан парламентi төрағасының орынбасары Лежак Шандор «бiз шығысқа қарай қақпаны ашуымыз керек» дедi. Ендеше, екi жақтың туысқандық байланысы күшеюi тиiс.