2013 жылдың 20
қарашасында «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Ғылым
сардарлары» клубының кезекті отырысы Қазақстан Ғылым академиясының 1974-1986
ж.ж. президенті Асқар Меңліахметұлы Қонаевты еске алуға арналды.
Жиылыс барысында қазақтың белгілі ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткері Қазақстан ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының алтыншы президенті Асқар Меңліахметұлы Қонаевтың қазақ ғылымына қосқан үлесі мен ғылымдағы орны жайлы әңгіме қозғалды. Шараға ҰҒА академиясының академиктері мен ғалымдары, көрнекті тұлғаның көзін көрген әріптестерімен, шәкірттері және құрметті отбасының мүшелері қатысты. Аталмыш шараны «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Роза Оспанқызы Кәрібжанова ашып, ғалымдар қауымына өз алғысын білдірді. Ол өз сөзінде Асқар Меңліахметұлы Қонаевтың өмірі мен қызметіне тоқтала отырып.
«Асқар Қонаев – қазақ халқының ардақты да, асыл ұлдарының бірі. Ол Қазақстан ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті тұлға екені баршамызға мәлім. Академик Асқар Меңліахметұлы Қонаевтың басқаруымен жүргізілген ірі зерттеу жұмыстарының нәтижелері 400-ден астам ғылыми еңбектерде, сонымен бірге 6 монографияда жарық көрді. Ғалым 140-тан астам өнертапқыштық жұмыстар мен алыс шетелдердегі бірқатар патенттердің авторы болды. Әйгілі тұлға Ғылыми зерттеулері үшін 1999 жылы Нобель сыйлығына да ұсынылған болатын. Негізі, Қазақстан тарихында Кеңес Одағы Ғылым академиясының академигі атанған екі-ақ адам бар. Оның бірі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болса, екіншісі Асқар Меңліахметұлы Қонаев болды. Сондықтанда Ата жұрттан келе жатқан «ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді», – дегендей, Асқар Қонаевтың есімі мәңгі еліміздің жадында сақталмақ»- деді.
Келесі кезекте сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, КССР мемлекеттік сылығының лауреаты Қожахметов Сұлтанбек Мырзахметұлы көрнекті тұлғаның Қазақстан ғылымына қосқан үлесі жайлы әңгімелей келе: «Асқар Ахметұлы Қонаев шын мәнінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ісін жалғастырушы бірегей ғалым еді. Ол кісі ғылым Академиясын басқарған жылдары Ұлттық Академиянын беделі Мәскеудеде жоғары болды. Себебі Асқар Ахметұлы айналасына қазақтан шыққан білімді, ісіне берілген адамдарды жинады. Бірнеше бағытта ғылыми зерттеулермен айналысатын институттардың құрылуына мұрындық болды. Соның арқасында қазақ ғылымы көп жетістіктерге жетті. Сол кезеңдері жас ғалымдарға да көп жағдай жасалды. Ұлттық Академия маңынан жас мамандарға үй берілді, ғалымдарға арнап асханада салынды. Сондықтан Қазақстан ғылымының бугінгі жетістіктерінің негізі Асқар Меңліахметұлы Қонаевтың тұсында қаланды деуге болады»- деді.
Бұдан кейін сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Жұрынов Мұрат Жұрынұлы өз сөзінде: «Бүгін біз қазақ халқының ұлы ғалымын еске алу кешінде отырмыз. Бұндай еске алу отырыстары бізге, болашақ ұрпақтарымызға қажет қой деп ойлаймын. Асқар Ахметұлының ғылыми жұмысы Шымкент фосфор зауытында жасалды. Ол кісінің қай кезде ойы ғылымды өндіріске енгізу жолында болды. Ол кісінің тұсында Академияның эксперементалдық базасы өсті. Осының нәтижесінде жас ғалымдар лабараторияларда жұмыс жасап үлкен жетістіктерге жетті. Бұл жағдайда Қазақстанда ғылымның дамуына ықпалын тигізді. Сонымен қатар мен Асқар Ахметұлының адами қасиеттері жайлы да айтқым келеді. Мына қазақтың «Ұлық болсаң кішік бол» деген сөзі осы кісіге мінездеме бола алар еді. Себебі Асқар Ахметұлы ақкөңіл, ашық мінезді, адамды шын жүрегімен силап, жақсы көре білетін адам еді»- деп сөзін аяқтады.
Жиылыс соңынан сөз алған филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Айтбаев Өмірзақ Айтбайұлы өз сөзінде: «Соңғы кезде өнер адамдарын, тарихта аты қалған бабаларымызды еске алу шаралары жиі ұйымдастырылуда. Бірақ біздің ғалымдарымызды еске алу сиреп барады. Сондықтанда «Ғылым сардарлары» клубының құрылуы қажет нәрсе деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін жағдай «Асқар Меңліахметұлы Қонаев қоғамдық білімдерге де көңіл бөлді. Менің журналист ретінде білетінім қазақ тілінің дамуына да көп үлес қосты» деп атап өтті.
Өз кезегінде жиылыс барысында техника ғылымдарының докторы, профессор, Қ.И.Сәтпаев сыйлығының лауреаты, Әбішева Зейнеш Садырқызы, ҚР ҰҒА академигі Баймұратов Оразгелді Баймұратұлы, техника ғылымдарының докторы, профессор Сухарников Юрий Иванович, ҚР ҰҒА академигі Едіге Айтжанұлы Түркебаевтар сөз алып Қазақстан ғылымында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғаны ыстық ықыласпен еске алды.
Шара соңында Асқар Меңліахметұлы Қонаевтың өмірі мен қызметі жайлы деректі фильм көрсетілді.
«Ғылым ордасы»