Оңтүстіктегі Лупан, Бай-яңхи, түстiк бегін өзіне қаратқан. Иан, Дай бектерінің жеріне басып кіріп, Шың патшалығы өз кезінде мың – Тяньды жіберу арқылы тартып алынған ғұн жерін қайтарып алған. Хань патшасының Хынань қамалынан өтіп, Чауна мен Пушанға дейін барған... Бұл кезде Хань патшалығы әскерлері мен Шиан-Ю-и әскерлері өзара шайқасып, орталықта жаугершілік етек алды. Содан Мөде тәңірқұты күшейіп, 300 мыңнан астам әскер ұстаған».
Ғұндардың ұлы патшасы Мөде қаған туралы қытай тарихшылары Уаң-Мың-жи мен Уаң-Биң-хуа «Үйсін туралы зерттеуі» атты еңбектерінде осындай жолдар қалдырады.
Ғұндар мен иузилердің арасындағы соғыстың мерзімі б.д.д. 208-206 жылдардың арасы деп болжанады. Мөде тәңірқұт иузилерден үйсін биі Нəндидің кегін қайырып, қағанаттың қанатын кеңейте бастады деп топшылайды бұл жайды Т. Жұртбай.
Осы шайқастан соң Мөде іргесін кеңейтіп, барлық көшпелілердің басын қосуға ұмтылды. «Ол бет-бетімен кеткен ұсақ тайпаларды өз қарамағына жиып алды. Бірін мәмілелік жолмен қаратты, екіншісін сес көрсетіп дәргейіне көшірді, үшіншісімен қыз алысып, қыз берісі анда болды. Төртіншісіне күш қолданды. Динлиндерді, юебандарды, тұрандықтарды бір мемлекеттің туы астына біріктірді» дейді Т. Жұртбай «Дулыға» атты еңбегінде.
Біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы 235 жылдары ғұн қағанаты ұлы империяға айналды. Бұл шақта Мөде тәңірқұт Сарыжазыққа бет бұрып, қытайдың атақты екі өзенінің бірі Сарыөзеннен ат суарып, атамекенінде еркін өмір сүруді ойлай бастайды. Сөйтеді де, Ұлы Қытай қорғанын нысанаға алды.
Шығыста Корей түбегінен бастап, батыста Памир тауы арасын, терістігіндегі Байқал көлінен, түстігіндегі Ұлы Қорғанға дейінгі ұланғайыр аумақты алған Ғұн державасы күннен күнге күшейіп жатса, Қытай жұрты өз ішінен бүлініп, тақ үшін таласы ушығып, әбден әлсіреген халге түседі.
Мұндай толық ай туған сәтті кезеңді Мөде тәңірқұты құр жібермейді, ол әскерінің оңтүстіктегі қанатына атой салып, Ұлы Қорғанға қарай бет түзейді.
Бес жылдың ішінде ыдыраған елді жұдырықтай жұмылдырған тәңірқұт Ұлы Қорғанның қамалына найзасын тіреп, қамалды жағалата әскерін тізіп қойды. Ара-арасында арғы бетке андыздаған ертaуылдарын жортуылға жіберіп, барлауын ұйымдастырып, бірнеше рет олжа да түсірді. Қорғанның ішкі жағында қалып қойған, тағдыр талайымен қытайға сіңе бастаған қаны бір туыстарын қайырып алып, ағайынның алғысына да бөленеді.
Мөде Ұлы Қорғанды қоршауын қоршағанымен, аңысын аңдап біраз жатты. Алдымен Маи шаһарына барлау жасады. Қорғанысы мықты қаланың артық шабуыл жасамай әліптің артын бақты.
Қытай императоры Лю Банның әлдеқалай қаһарына ұшыраған әскер басы Хань-Синь ғұндармен шекаралас аймаққа жер аударылды. Басышысына деген кегі ішінде кеткен қолбасшы тәңірқұт қанша сенімсіздік танытса да, ғұндар жаққа өтетінін мәлімдейді. Қытай әскербасы ғұндар жаққа шығысымен, аспан әміршісміне қарсы соғысқа шығатынын нақты айтады. Іле-шала ғұндарға жорыққа аттанған Ван-Сюдің әскеріне қарама-қарсы жүріп, жер жағдайын, ұрыс тәсілін жақсы білетін Хань-Синь Лю Бан әскерінің быт-шытын шығарды. Мөде тәңірқұтының сеніміне ие болу үшін бала-шағасын, әйелін оларға кепілдікке жіберді.
Осындай кілті бар сындыққа қол жеткізген Мөде тәңірқұт жауының осал тұсын аңдап, айлаға көшеді. Қала ішінде соғысу ғұндарға өте-мөте қолайсыз, қалай да амалын тауып, қытай әскерін ашық майданға алып шығуға ұмтылды. Хань-Синьмен ақылдаса келіп, Ұлы Қорғанды жағалай қоныстанған елді терістікке қарай көшірді де, жасақтарына алба-жұлба киім кигізіп, қайыр тілетіп қойды. Қытай тыңшыларының емін-еркін аралауына мүмкіндік жасады. Ғұндарға барған тыңшылар бірінен кейін бірі Лю Бан патшаға ғұндардың азып-тозып кеткенін айтып келді. Елі күйзелген, тұрмысы тозған, әскері қайыршыға айналған десті. Ғұндардың әлсірегеніне әбден көзі жеткен Лю Бан ең оңтайлы сәт осы деп шешті де, әскерді өзі бастап жорыққа аттанды. Мөде тәңірқұтының күткені де осы еді.
Ғұндардың «қайыршы» барлаушылары бір күннің ішінде қылышын қайрап, жебесін сайлап шыға келді. Лю Банның әскерінің аттанғанын естісімен Мөде Хань-Синьге хабар беріп, оның тездетіп Пиң-Чиң тауына жетуін сұрады. Лю Банның 300 мың әскері тау алқабына енісімен олардың қатарын екіге бөліп жіберуді көздеді.
Ғұндардың өздері де екіге бөлінді. Барлаушылар жасағына аппақ киім кигізді де, ақбоз атқа мінгізіп, қар басқан тау шатқалдарына жасырды. Екінші қол Лю Банның артын орап өтті де, кейіндеп келе жатқан қосынмен екі арасын бөліп тастады. Бір-бірімен байланысын үзіп алған Лю Банның әскері абдырап, берекесі қашып не ілгері жылжи алмай, не кейін шегіне алмай, қыспаққа қысылды да қалды. Аязға шыдамағандары үси бастады, аштықтан да бұралғандары орасан зор болды.
Осылайша қара-құрым қытай әскерін бір жолата жойып жіберетін күш-құдірет қолда, жеңіс туы жолда тұрғанымен, осы орайда киліккен кеп, Лю Бан тарапынан ойластырылған айла-шарғы мұның бәрінің алдын орап кетті. Ұлы қорған түбінен қаһарын төккен патшаның қатал жүрегін перизат боп дүниеге келген сиқырлы сұлудың суреті майдай ерітті.