Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәскеу сапары: Астанадан Қызыл алаңға дейін

2171
Мәскеу сапары: Астанадан Қызыл алаңға дейін  - e-history.kz
«Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» дейтін қазақ едік

Туған елден жыраққа кетсек, журналистік міндетімізге салып, шет мемлекеттен көргенімізді, көңілге түйгенімізді қағазға түсіретін әдетіміз бар. Бұл – шетке шықтым деп мақтану, болмаса өзгеге масаттану емес, әр елдің тарихын, құпиясын, өмір салтын баяндай отырып, Қазақ еліндей керемет ел болмайтынын ұғындыру.

Жақында ел көрудің мақсатымен Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласына ат басын тіредік. Бұған дейін Ресейдің Омбы облысы, Алтай Республикасы, Алтай өлкелеріне жолымыз түскен. 15 миллионнан астам халқы бар алып мегаполис Мәскеуге барудың реті енді келіп отыр. Бұл жолғы сапар Ресей Федерацияның тарапынан болды.

Бірер ай бұрын Қазақстан-Ресей сарапшыларының IQ-клубы,  М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің посткеңестік кеңістігіндегі саяси-қоғамдық үрдістерді зерттеу бойынша Ақпараттық-сараптамалық орталығы директоры Дарья Чижова және «Еуразия мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Жанна Тулиндинова хабарласып, қазақ тілді БАҚ өкілдерін Мәскеуге апаруға жоспарлап отырғандарын айтқан. Айтылған сөздерін жерде қалдырмаған орталық басшылары Қазақстан тарапынан баратын делегация құрамын бекітті.

Делегация құрамында «Хабар» агенттігі арнайы жобалар қызметінің шеф-редакторы Өркен Кенжебек, Қазконтент АҚ «Қазақстан тарихы» интернет-жобасының бас редакторы Алтынбек Құмырзақұлы, YouTube видеоблогері, журналист Марфуға Шапиян және «Еуразия мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығы директорының орынбасары, журналист Жанна Тулиндинова болды. 

Медиа мамандар Мәскеуге аттанды

Қазақстанның журналистері мен блогерлері Мәскеуге бағыт алған пресс-турға Алматы және Астана қалаларынан қатынасты. Бізде сол Астана төрінен кеткен журналистердің қатарында болдық.

Жергілікті  уақыт бойынша таңғы 05:00-де Н. Назарбаев атындағы Халықаралық әуежайға таксимен зуылдатып жеттік. Ұшағымыз 07:25-те аспан көгіне қалықтайды. Сапарға шыққан сайын екі сағат ерте баратын әдетімізбен сапарластарымның екеуі біздің уақыттан сәл кешеуілдетіп жеткенін көрдік.  

Қоржынымызда Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» орталығы беріп жіберген 100-ге жуық кітап базарлығымыз бар. Мәскеудегі қазақ тілі мен мәдениеті орталықтарына және шараны ұйымдастырушы Л.В. Ломоносов атындағы МГУ-ге тапсыру аманатталған. Көтерер жүк ауыр болғанымен, құнды қазынаны ауырсынбай, аманатқа қиянат жасамай жеткізуді ойладық. Әр адамға бір шабадан жүк алып өту айтылды. Әрі олары 26 келіден аспау керек. Сосын қасымдағы екінші шабадандағы кітаптарды сапарластарыма бөліп бердім. Сонымен тексерушілердің сынағын өткізіп, жүктерімізді жөнелттік.

Әуежайдың жолаушылар күту залына өттік. Сағат тілі 07:00 болғанда ұшақтың бортына жайғастық. Жарты сағаттан соң, ресейлік «Аэрофлот» әуе компаниясының ұшағы қанатын дайындап, ұшуға белгі берді. Сәлден соң жер жолмен зырғып жүрді де, көкке көтерілді. Мәскеу мен біздің уақыттың арасы 3 сағаттық айырмашылық. Түнімен ұйықтамағасын ба, ұшаққа отырған соң көп өтпей көзіміз ілініп кетіпті. Сусын мен тамаққа да қарамадық. Таң ата 08:10-да ұшағымыз әйгілі «Шереметьево» әуежайының алаңына келіп қонақтады. Бұл – халықаралық әуежайға екінші рет келуім. Бірер жыл бұрын Аустрияға бет алғанда «Шереметьевоға» қонып, әуежайдың үлкендігіне таңғалған болатынбыз. Аялдау уақытымыз 8 сағат болғандықтан, алып мегаполисті аралай алмаған едік.

Әуежайдан бізді «Яндекс Такси» жүргізушісі күтіп алды. Volkswagen Polo машинасын әуежайдың автотұрағына қойып, жолаушыларды күту терминалында бізді біраз күткен. «Қонақ үйге дейін біраз уақыт бар, 2 сағаттың көлемінде жетіп қалармыз» деген Мәскеуге жиі келіп тұратын әріптесіміз Жанна. Көлікке отырғаннан соң, тағы да көз ілініп кетіпті.  Бір кезде оянсақ, «ASTRUS Hotel Moscow» қонақ үйінің алдына келіппіз. Қонақ үйде бізді ұйымдастырушылар Дарья Чижова және әріптесі Лилия Ильясова қарсы алды. Қонақжайға орналасып, заттарымызды реттеп, жуынып-шайынып болған соң, түстенуге шықтық. Қонақ үй Мәскеудің орталық көшелерінің бірі Ленинский даңғылында орналасқан. Оңтүстік-батыс метро алабына жақын. Ұйымдастырушылар бізге алдын-ала пресс-тур бағдарламасын жіберген болатын.

Алаш арыстарына құран бағыштау

Түстеніп алған соң Дон бауырластар зиратына баратын болдық. Онда  көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының денесінің күлі жерленген.

Ұлы арыстарымыздың рухына құран бағыштап, дұға жасадық. Рухани шараға Мәскеуде оқып жатқан қазақ жастары да қатысты. Жастарды  «Жас тұлпар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Баймағұлов бастап келді.

Алаш қайраткерлерінің қабірі қайда жерленгені көп уақытқа дейін белгісіз болып келген. Мәскеуде біраз жыл тұрған, журналист Әділ Нұрмақов (Нығметтей арыстың немересі) пен алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы қос арыстың қабірі осы Дон бауырластар зиратында жерленгенін баспасөз беттерінде көтерген. Кейін анықталып, алаш халқына жария болған соң, Дон зиратында Алаш қайраткерлері  Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмаққа ескерткіш тақта орнатылды.

Ескерткіш тақтаны Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің бұрынғы ректоры, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нурлан Дулатбеков ағамыз бас болып, өз қаражатына қойғызған. Ескерткіш тақтаға қос арысымыздың бейнесі бедерленіп, туған жылдары мен атылған күндері туралы деректер қашалған. Сосын ақын Қасым Аманжоловтың:

«Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені,

Мен – қазақтың баласы!» деген өлең жолдары жазылған. Содан бері Қазақстаннан келген делегация, қазақ жастары Дон қабірстанына келіп, бабаларға тағзым жасауды міндеттеріне айналдырған.

 

«Жас тұлпарлық» жастармен кездесу

Дон қабірстанына бізбен бірге Әлихан Бөкейханның туысы Нұрым Бөкейхан ағамызда бару керек болған. Бірақ белгілі себептерге байланысты ағамыз үлгере алмады. Қазақстаннан журналистер келді дегенді естіген алаш ұрпағы Нұрым ағамыз «ASTRUS Hotel Moscow» қонақ үйіне келудің ретін тауыпты. Қонақ үйде ағамызбен танысып, Мәскеудегі аз ғана қазақтың тұрмысы жайында сұрап білдік.

Мәскеу мемлекеттік технология университетінде жұмыс атқаратын Нұрым аға аздап өлең шығарып, сурет салады. Алматы қаласында дүниеге келіп, сонда оқып, ғылым жолын бастаған. Химия ғылымдарының докторы, профессор. Еліміздегі ғылым иституттарында басшы қызметін атқарған. Өзі Әлихан Бөкейханның інісі Әзіханның немересі. «Бөкейханнан Әзіхан, Әзіханнан Райымжан тарайды. Мен – Райымжанның баласымын» дейді ағамыз.

Кешке қонақ үйдің конференц залында Мәскеуде оқып жатқан қазақ жастарымен кездестік. Тәтті шай үстіндегі әңгіме еркін форматта жүрді. Бас аяғы 20-ға жуық студент жас жиналды. Ресейдегі ЖОО демалыс уақыты болғандықтан көп жастар келе алмады. Алдымен жастарға сөз беріп, олардың ойларын, түйткілді мәселелерін тыңдадық.

«Жас тұлпар» бірлестігінің төрағасы Мұхтар Баймағұловтың айтуынша, Мәскеуде 12 мыңға жуық, жалпы Ресейде 70 мың шамасында отандастарымыз оқиды екен. Олардың 90 пайыздайы – жастар.  Ресейде қазақ студенттері көп.

Мұхтар Байғұлов: «Жас тұлпар» бірлестігінің төрағасы: «Біздің ұйымның негізгі рөлі мен міндеті – Ресейде, Мәскеуде оқу оқитын немесе жұмыс істейтін қазақстандық жастарды шоғырландыру. Олардың бос уақыттарын ұйымдастыру, жайлы жағдай жасап, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Сонымен қатар былтырдан бастап Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен бірлесіп, оқуын бітірген бітірушілерді жұмысқа орналастыру бойынша жобаны іске қостық. Ең алдымен сауалнама жүргіздік. Алдағы жартыжылдыққа талдау жасаймыз: Қазақстанның қай аймағына қай мамандық бойынша қандай мамандар барады? Осы мамандарды олардың жолдамалары бойынша жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыру үшін жергілікті және облыстық әкімдіктерге алдын ала хат жолдаймыз. Бұл да оң нәтиже береді деп ойлаймын».

Кездесу барысында  «Хабар» агенттігі арнайы жобалар қызметінің шеф-редакторы Өркен Кенжебек жастарға елдің сенім артып отырғанын жеткізді. Оларға өзге елдің білім-ғылымын меңгеріп, ұлтқа қызмет ету жайындағы мазмұнды лекциясын жүргізді.

Жастардың айтуынша, Ресейде оқу грантын жеңу оңай, бірақ шәкіртақысы өте мардымсыз. Жоғарыда айтылған 70 мыңға жуық отандасымыздың барлығы «Болашақ» Халыаралық білім бағдарламасымен түскендер емес, өз бетімен түскендері де бар. Оның үстіне арман қуып келген жастар үшін оқудың да қиындығы және бар. Сондықтан шәкіртақыны тұрғын-жайға жіберген жастар күнкөріс үшін жұмыс істейтіндерін де жасырмады. Бір жағынан әке-шешеге ауыртпалық түсіргіміз келмейді дейді. Осы орайда жастар, үздік оқығандарға еліміз тарапынан қосымша шәкіртақы төлейтін гранттар, болмаса меценант ағаларымыздың атындағы шәкіртақылар тағайындалса деген тілектерін жеткізді. Шынымен де Мәскеу қымбат қала. Келіп, біраз уақыт тұрақтайтын адам жатпай-тұрмай еңбектенбесе өмір сүре алмайды. Оқу үшін, білім іздеп келген жастарды қосымша еңбекке шеккің де келмейді екен. Ағалық тілектерімізді айтып, аманаттарыңызды жеткіземіз деп уәде бердік. Енді осы түйткілді мәселені ой таразысынан өткізетін ағаларымыз табылып жатса, біз де, шетелде оқып жастқан қазақ жастар да қуанар еді.

Мәскеудегі екінші күн

Мәскеуде түрлері қазаққа ұқсайтын қырғыз ағайындар өте көп. Біразымен тілдесіп, сөйлескен соң ғана, қырғыз екендеп ажыратасыз. Былайғы уақытта ажырата алмаймыз. Барған халал асханаларымыз бен сауда дүкендерінде қырғыз қыздары, такси қызметі мен тазалық (аула сыпырушы) қызметінде қырғыз жігіттері көп. Көбісі Ресей азаматы статусын иеленіп алғандар. Мәскеулік қазақтардың айтуынша, олар өте ұйымшыл, ауызбіршілікті келеді екен.

Мәскеудегі сапарымыздың екінші күні  үш ғасырға жуық тарихы бар Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде басталды. Мәскеудің тарихи ғимараттары көп шоғырланған көне көшелердің бірі – Остоженко 36 мекенжайға «Яндекс Такси» желісінде қызмет атқаратын оштық (Қырғызстан) Еламан деген такси жүргізушісі жеткізіп тастады.

ММЛУ-ға келіп, қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ұжымымен таныстық.  Өткен жылы 15 жылдығын атап өткен орталықтың бар екенін осы сапарымда ғана білдік.

Орталық 2003 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған. Орталықты құруға Ресейдегі Қазақстан елшілігі және әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті атсалысқан. Кейін Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-де әріптестік орнатқан.

Бір қызығы, ММЛУ-нің студенттері қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқиды. Олар қаласын-қаламасын университет бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілген. Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының ұжымы студенттерге тіл үйретіп қана қоймай, ТМД елдеріне арналған қазақ тілінің оқулығын да шығарған. Бұдан бөлек жыл сайын Мәскеуде қазақ тілінен кішігірім олимпиада өткізіп келеді.

Мәскеу жастары орталықтан тіл ұстартып қана қоймай, қазақ тарихы мен мәдениеті және салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан дәріс үйренеді.

Екі елдің мәдени және экономикалық байланысын бекемдей түсетін құндылық – ұлтқа және тілге деген құрмет. Сондықтан орталық ұжымына алғысымызды білдіріп, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледік. Кездесу соңында Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» орталығы аманаттаған кітаптарды табыстадық.

Орталықтан түлеп ұшқан студенттердің бірі – Лиза мен Настя. «Мәскеу қазақша» жобасы арқылы қазақстандық желі қолданушылары тарапынан қолдау тапқан мәскеулік бойжеткен арулар. Олардың Youtube арнасындағы жобалары туралы, Қазақстан туралы көзқарастарын сұрап білдік. Тіпті бізге бір сағатқа жуық шағын сұхбат та беріп үлгерді. Сұхбаттарын алдағы уақытта порталымызда жариялайтын боламыз.

Мәскеудегі қазақ тілі мен мәдениеті орталығы және қазақ диаспораларымен өткен әсерлі кездесуден соң, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова атындағы мектепке жөнелдік.

Батыр қыз атындағы мектеп

Совет Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектеп-гимназиясы қазақстандық делегацияны жылы қарсы алды. Елена Дегтярева басқаратын білім ошағында мыңнан аса оқушы білім алады.

Қазақтың батыр қызы 1935-38 жылдар аралығында Мәскеудегі №35 мектепте білім алған. Сол ескі мектептің орнына кейін жаңа мектеп бой көтерген. Бұл мектеп батыр есімімен аталған көшенің бойында болған. Кейін жаңа мектеп салынып, 1971 жылы пайдалануға берілген. 1975 жылдан бастап аталған мектепте Совет Одағының батыры Ә.Молдағұлова атындағы «Даңқ» музейі жұмыс жасай бастады. 1998 жылы осы мектепке батыр аты берілді. 2013 жылы 26 маусымда жергілікті әкімшіліктің №287 бұйрығы бойынша №891, 402, 761, 856, 880 мектептер қосылып, ол Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектеп гимназия болып қайта құрылды. Гимназияға қазақтың батыр қызының есімін беру туралы ұсынысты майдандастары жасаған.

Батыр қыз есімін иеленген мектеп ұжымы Қазақстан туралы, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз туралы ерекше біледі екен.  Оқушыларына да соны үйреткен. Оны мектеп ішіндегі Әлия Молдағұлова атындағы музейді таныстырғанда білдік. Бірінші сынып оқушылары мұражайдағы экспонаттарды таныстырғанда біздің мәдениетімізді қоса айып, бар ынта-жігерімен жеткізді. Оқушыларды мектеп мұғалімі Наталья Николаевна даярлаған. 

«Батыр қыз Әлия Молдағұлов атындағы мектепке қазақстандықтар көп келеді. Олар осындағы музей кешеніне келіп, Әлияның ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Бізде келген қонақтарға барынша Қазақстан туралы білгенімізді айтып, батырдың ерліктерін қайталап айтудан жалықпаймыз. Келген қазақстандық қонақтарға дастархан жайып, құран бағыштатамыз», – дейді Н. Николаевна.

Бізде өз тарапымыздан музей мұрасын толықтыру мақсатында Қазақстаннан әкелген кәде-сыйларымызды беріп, рақметімізді жаудырдық. Мектеп ауласындағы Әлия Молдағұлова ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қазақтың батыр қызының рухына тағзым жасадық.  

Ескерткіш бұрнағы жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған, қазір Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен жасалған екен.

Елшілік іші – мұралар кеніші

Кешке қарай қазақстандық делегацияны Мәскеу төріндегі Қазақстан елшілігі күтіп алды. Олар елшілік ғимаратын таныстырып, бірер ай бұрын жасақталған музейлерін көрсетті. Музей ғимаратында бұрын қонақ үй болған. Оны 1980 жылы Мәскеу олимпиадасы қарсаңында Дінмұхаммед Қонаев салдырған. Бүгінде қонақ үй елшілік қызметіне берілген.

Елшілік музейінен Елбасымыз Н. Назарбаев пайдаланған жұмыс кабинеті мен демалыс бөлмесін көрдік. Сондай-ақ музей қабырғаларындағы стендтерде 1905 жылдан бастап 4 реткі Мемдумаға сайланған қазақтар, Мәскеуде қызмет еткен, репрессияға ұшыраған Алаш қайраткерлері туралы және екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа арналған суреттер сыр шертеді.

Музейдің алғашқы залы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевқа арналған. Елбасыға Ресей мемлекеті тарапынан берілген жоғары наградалар мен марапаттар қойылған. Олардың ішінде Ресей Федерациясының ең жоғары мемлекеттік наградасы әулие апостол Андрей Первозванный ордені. Бұл марапат Елбасыға Лихачев пен Калашниковтан кейін берілген. Сондай-ақ Ресей империясының, Кеңес Одағы мен Ресей Федерациясының марапаттау жүйесінде болған жалғыз сыйлық Александр Невскийдің ордені де бар. Одан өзге Ресей аймақтарынан берілген наградалармен толықтырылған.  

Елбасыға арналған залда Н.Назарбаевтың 1992 жылы қорғаған докторлық диссертациясы қойылған. Тақырыбы: Нарықтық қатынастарды қалыптастыру және дамыту жағдайындағы ресурстарды сақтау стратегиясы деген.

Байқоңыр залы мен Экономика залында да құнды құжаттар мен экспонаттар бой түзеген.

Елшіліктегі жұмыс күні және музеймен танысқан соң, Мәскеудегі Абай ескерткішіне бардық. Одан әрі пресс-турды аяқтап, қонақ үйге аяңдадық.

 

Экспедицияның үшінші күні

Экспедицияның үшінші күні М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетіне бағыт алдық. Онда «Қазақстанның Ресейдегі ақпараттық үлесі – Қазақстандағы Ресей мәртебесі»  тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға «Хабар» агенттігі мен «Қазконтент» компаниясының өкілдері, YouTube-тің қазақстандық сегментінде танымал блогерлер және ресейлік саясаттанушылар мен тарихшылар қатысты.

Сарапшы мамандар  Қазақстанда Ресей туралы, ал Ресейде Қазақстан туралы көзқарас қалай қалыптасатынын және осы ретте диаспораның орны қандай екенін анықтауға тырысты. Сондай-ақ екі елдің журналистерінің ақпараттық саладағы әріптестік жайы талқыланды.

Дөңгелек үстелді М.В. Ломоносов атындағы ММУ Тарих факультеті деканының міндетін атқарушы Лев Белоусов ашып, екі елдің әріптестік байланысы ақпараттық саясатқа да тәуелді екенін айтты.

«Екі елдің арасын жақындатудағы, шынайы образын қалыптастырудағы ақпарат құралдарының рөлі орасан. Сондықтан алдағы әріптестігіміздің келешегі осы ақпараттық саясатқа байланысты болады деп ойлаймын. Бұдан бөлек, қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да баса мән беру қажет. Сол себепті, Ресейдің шекаралас аймақтарында Қазақстанның телеарналары да көрсетілуі керек», – деді Л.Белоусов.

Басқосуға қатысқан мамандардың айтуынша, екі елдің азаматтары бір-бірін дұрыс танып-білуі үшін совет кезінен келе жатқан ескі стереотиптерден арылып, жаңаша зерттеуге кірісу керек. Екі ел арасында мәдени және тарихи шаралар көптеу өтуі тиіс.

Өркен Кенжебек, «Хабар» агенттігі арнайы жобалар қызметінің шеф-редакторы: – Бүгінгі отырыста қазіргі жаңа Қазақстан, жаңа Ресей арасындағы стереотиптерді бұзып, көзілдірікті шешіп тастап, жаңа көзқарас қалыптастыру туралы айтылады. Бұған көмектесетін шаралар – мәдени шаралар. Өйткені кезінде Роза Бағланова апамыздың «Ах, Самара-городок» әнін қалай айтқаны, не болмаса Димаш осы Ресей сахнасын қалай бағындырып жүр деген секілді. Менің ойымша, осы мәдени шаралар ынтымақтастыруы керек.

Іс-шараны Мәскеу Мемлекеттік университетінің қолдауымен Қазақстан-Ресей сарапшыларының ІQ-клубы, ақпараттық-аналитикалық «Урал-Еуразия» сараптамалық клубы бірлесіп ұйымдастырды.

Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен дөңгелек үстелден  түйгеніміз аз болмады. Айталық, Ресей тарапынан қазақ журналистеріне арналған пресс-тур бұрын өтіп көрмеген екен. Ресейлік БАҚ Қазақстан туралы қазақ тілді басылымдардан емес, орыс тілді ақпарат құралдарынан біліп келген. Ресейдің ММУ тарих факультетінде «Қазақтану» жобасы жүзеге асып келеді. Ол жоба ресейлік БАҚ өкілдеріне қосымша анықтамалық ретінде қызмет атқарып келеді. Екі елдің журналистері арасында достық қарым-қатынас аз айтылып, жазылады. Ресей үшін Қазақстан экономикалық серіктес екен.

Мәскеу соборлық мешіті

Дөңгелек үстелдегі отырысты аяқтап, түстеніп алған соң, Мәскеудегі мұсылмандардың бас мешітіне қарай аяндадық. Мәскеу соборлық мешіті 2015 жылы құрбан айт мейрамы қарсаңында ашылған. Бұған дейін бұл жерде  1904 жылы салынған ескі мешіт ғимараты болған.

Совет үкіметі тұсында Мәскеуде жұмыс істеген жалғыз мешіт осы – Мәскеу мешіті. Кейін ғимарат күреліп, орнына жаңа мешіт тұрғызылған. Жаңа мешіттің құрылысына 170 млн доллардай қаражат жұмсалған. Көбісі садақа есебінен жиналған. Қазақстан тарапынан да мешіт құрылысына көмек келген. Бұл туралы Мәскеудегі қазақ жамағатының имамы Марат қажы айтып өтті. 

Шынымен де алыстан көз тартатын, әдемі-ақ мешіт екен. Мешіт құрылысын бастан-аяқ өз бақылауына алған Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының және мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдинов. Белгілі журналист, блогер Өркен Кенжебек айтқандай, Ресей мұсылмандарының басында татарлар көп. Бізді қарсы алған бас мүфтидің орынбасары да, аппарт басшысының орынбасары да татарлар. Тіпті жаңадан бой көтерген мешіттің құрылысында да Қазандағы Сүйімбике мұнарасына ұқсас етіп салынған. Бұның өзі татарлық мешіт үлгісіне тән. 

Мешіт ғимараты 6 қабаттан тұрады. Бір уақытта он мың адам құлшылық ете алады. Жұма намазы уақытында 15 мыңдай жамағат құлшылық еткен күндері де болған. Мешіттің үшінші қабатында шағын музей орналасқан. Онда Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров жаңа Мәскеу Соборлық мешіті ашылғанда сыйға берген Мұхаммед пайғамбардың шашы бар екен. Өкінішке қарай, оны көре алмадық. Арнайы капсулаға салынған, брондалған әйнекпен қорғалған  аса қасиетті зат айрықша салтанатты жағдайларда  ғана мешітке келушілердің назарына ұсынылады.  

Жәдігерлердің арасында ХХ ғасырдың бас кезінде көшірмесі жасалған баға жетпес Осман замандарының құран жазбаларының үлгілері, Самарқандық куфалық Құран бар. Қазан баспасынан шыққан көне құран кітаптары қоса қойылған.

Мешіттегі саяхатымызды аяқтап, пресс-тур мүшелері қонақ үйге қайтты. Біз түнгі Мәскеуді тамашалаймыз деп рұқсат алып, Қызыл алаңға тарттық.

Бір қызығы, Мәскеудің асты да, үсті де қозғалыс. Көшедегі кептелістен шаршасаң, метроны пайдалануға болады. Ұйымдастырушы тарапы метромен көп жүргізбей, «Яндекс таксилер» арқылы діттеген жерімізге жеткізіп отырды.

Қасымда – Қазақстаннан оқуға келген магистрант Ерлан бауырымыз. Ол – «электротехника» мамандығында екінші курс магистранты. Түнгі Мәскеуді аралатып шығамын деген ұсынысты да сол айтқан болатын. Сонымен метроның бір реттік билеті 55 рубль тұрады. Біздіңше 300 теңгеден асады. Басында 1-2 аялдамаға 110 рубль құртқан соң, Ерлан тәуліктік билет алуды ұсынды. Ол 230 рубль тұрады екен. Оның рахатын бір кісідей көрдік. Қалаған бағытымызға ойланбастан жүріп отырдық.  

Метро аялдамаларының іші ығы-жығы халық. Біреуден жөн сұрасу да мүмкін емес. Жоғарыдағы табло белгішелерін қарап, бағыт аламыз. Еуропа мемлекетінің біраз метросын көріп едік. Бірақ дәл Мәскеу метросындай таңырқатпаған. Сонымен діттеген жерімізге жер асты пойызымен бардық. Метро минут сайын келіп жатыр. Қос бағытта қатар зулайды. Аялдамалар тізімінен бағытымызды тауып, біз де жайғастық. Қызыл алаң мен Мәскеу city-дің түнгі көрінісін тамашалап, қонақ үйге бет алдық.

Төртінші күнгі тәртіп

Мәскеудегі төртінші күнімізді өзімізге арнадық. Әмбебап сауда орталықтарын, кітап дүкендерін аралап, Қызыл алаңға тағы келдік. Түнде көп нәрсені көре алмай кетіп едік. Бір жағынан әріптесім Марфуға Шапиян да Қызыл алаңға келіп кетсін деген ой болды.

Қызыл алаңға кіре беріс жерлердің барлығы қоршалыпты. Қауіпсіздік мақсатында. Әр қақпада әскери форма киген күзетшілер. Олар қақпа іші мен Ленин мавзолейіне кірген туристерді тексеріп, сөмкелерінде жарылыс тудыратын заттың бар-жоғын анықтап жатыр. Тексерістен өтіп, Ленин мавзолейіне беттедік.

Ленин мавзолейіне кіргеннен әскери қызметшілер сап түзеп тұр. Тыныш... деп белгі береді. Мавзолей ішінің орталық төрінде бальзамдалып қатып жатқан мүрдені көрдік.  Лениннің мүрдесі. Алыстан дұрыс байқалмады. Муляжға да ұқсайды.  Дегенмен, жамбасы жерге тимей, адам сияқты жерленбей жатқанын көріп аяушылық білдірдік. Мавзолейдің артында Совет үкіметінің билік эталонында еңбек еткен қайраткерлердің де зираттары орналасқан. Олардың қатарынан Фрунзе, Сталин, Калинин тағы басқаларынын зираттары бар.

Қызыл алаң төңірегінде негізінен тарихи ғимараттар, христиандық үлгідегі шіркеулер, некрополь және Кремль орналасқан. Оларға жекелей кіріп шығуға уақыт тапшы болды. Марфуға әріптесім уақытты бос өткізбей атақты орыс жазушысы  Л. Толстойдың музей-үйіне барайық деді. Қызыл алаңға жақын орналасқан жазушының музей-үйіне баруға менде қатты қызықтым. Метромен 2-3 аялдамалық жер екен. 300 рубльге билет алып, музей-кешенін толық араладық.

Күнұзақ жүрістен шаршағанымыз қонақ үйге барғанда бір-ақ сезілді. Ары қарай жолға дайындалып, елге қайтуға асықтық.  

Осылайша төрт күнге созылған Мәскеу сапарынан біраз тәжірибе алып, өзімізге мотивация жинақтап, елге қайттық.

Жоғарыдағы тарихи ғимараттар мен музейлерге кіріп-шығуға уақыт тапшы болғанын жасырмайық. Оны да алдағы кезекті бір Мәскеу сапарына қалдырдық. Жол түссе алып мегаполис Мәскеуге тағы бір барармыз деген ой Кремль күмбездеріндей санамызда көмкеріліп тұр.           

Мәскеу сарапы: Фоторепортаж - 1 

Мәскеу сапары: Фоторепортаж - 2                                                           

Астана-Мәскеу-Астана

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?