Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Есіл өңірінің тумасы – Талғат Бигелдинов

3021
Есіл өңірінің тумасы – Талғат Бигелдинов - e-history.kz
Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарының бірі Ақмола өңірінде туып-өскен, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бегелдинов болып табылды

Ол Кенесарымен бірге 1838 жылы Ақмола қамалын шабуылдаған ержүрек Басығара батырдың ұрпағы болып келеді.

Т.Бигелдинов 1922 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданы Майбалық ауылында туды. Ол өзінің дүниеге келгені туралы «Пике в бессмертие» (Өлмеске шаншыла құлдилау) кітабында былай деп көрсетеді:

«Мен ешқандай да перзентханада туған жоқпын. Мені анам түйеге жегілген биік қос дөңгелекті арбада, жалпы алғанда әдеттегі көште дүниеге әкелген. Қазақ тұрмысының қажеттілігімен көптеген малшы қазақтар бір жайлаудан екінші жайлауға көшіп жүретін. Бұл жағдайда көштің басқа да себептері болыпты. Ақмола округіне белгілі бай Ғалибай кәмпескеден малын құтқару үшін менің әкем Түсіпбек пен арғы атам Бигелдіден тарайтын бірқатар жақын ағайындарға, олардың арасында менің анам Қадия да болатын, малды Алатау бөктеріне айдауға тапсырма берген. Көш үлкен болған. Тек Ғалибайдың 15 мыңдай малы, оның ішінде бір мыңнан астам жылқысы болған. Аяғы ауыр анам соңғы сәтке дейін басқа да әйелдер сияқты жүрісі жайлырақ түйеге мінген. Тек босанар уақыты келгенде арбаға салынған. Осы жерде ол болашақ ұшқышты дүниеге әкелген. Бұл көштің екінші не үшінші күні, Ақмола түбіндегі Майбалық көлінің маңындағы біздің ауылдан қашық емес жерде орын алған».

         Бигелдиновтың балалық және жастық шағы Фрунзе (қазір Бішкек – авт.) қаласында өткен. 16 жасында жергілікті аэроклубқа түскен. Фрунзе қаласында орта мектепті жақсы бітірген. 1940-1942 жж. ұшқыштардың Саратов және Орынбор авиа мектептерінде оқудан өткен. 1950 жылы ол Н.Жуковский атындағы Әскери-әуе инженерлік академияны, 1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітірген. Соғыс жылдары 5-әуе армиясы, 9-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизияның 144-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық полкінде ұшқыш-шабуылдаушы болған. Қызыл әскерде 1940 жылдан бастап қызмет еткен. Соғысқа 1953 жылдың қаңтарынан бастап кірген.

Соғыстан соң аңызға айналған майдангер елдің Әскери күштерінде қызметін жалғастырған. 1956 жылдан бастап запаста болған, бірақ өмірінің соңғы күніне дейін еңбек етуін жалғастырған, азаматтық зейнеткерлікке шыққаннан соң да белсенді түрде қоғамдық жұмыстармен айналысқан: 1957-1970 жж. аралығында азаматтық авиацияның аумақтық басқармасында және Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс жүйесінде басшылық қызметтерде болған. Екі шақырылымда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Соңғы жылдары өз атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының президенті болған. Қор соғыс мүгедектері мен жетім балаларға көмек көрсетеді. Тәуелсіздіңтің алғашқы жылдарында 1993 жылы авиация генерал-майоры шенін алған.

         Кеңес Одағы Батырының алғашқы жұлдызы

Эскадрилья командирінің орынбасары гвардия аға лейтенанты Бегелдинов 1944 жылдың маусым айына барлауға және жау бекіністерін, аэродромдарын, теміржол желілерін, басқа да нысандарды шабуылдауға 155 әскери ұшу жасайды. Старая Русса түбінде бомбалаушы бола жүріп сол кезге дейін Еуропа аспандарында 108 ұшақты атып құлатқан хас шебер капитан фон Дитрихпен бетпе-бет келіп қалады. Ол неміс талқандаушы-ұшағы «Мессершмидтен» құтылып кете алатын, бірақ ол «Мен қорғансыз кішкене мысық емеспін» деп, шабуылға көшкен. Осы жолы немістің әуедегі хас шеберін атып түсірген. Генерал-майор Каманин сол кезде Талғатты шақырып алып:

«Сіз Францияда, Польшада және бізде де көптеген ұшақтарды жойған ұшқышты құлаттыңыз. Сіз, Бигелдинов, не істегеніңізді білесіз бе? Шабуылдаушы авиацияда жаңа тактика аштыңыз. Шабуылдаушы авиация талқандаушы ұшақтармен тайталаса алады екен, тіпті құлата да алады екен...». Оған дейін шабуылдаушы ұшақпен талқандаушы ұшақты құлату ешкімнің қолынан келмеген екен.

         Кеңес Одағының Батыры атағы Ленин орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен қоса алғаш рет Т.Бигелдиновке 1944 жылы 26 қазанда Знаменка, Кировоград, қалаларын азат етуде көрсеткен ерліктері мен шеберлігі үшін, әуе шайқастарында жеке өзі жаудың 4 ұшағын құлатқаны және жердегі әскерге Кеңес Одағының мемлекеттік шекарасынан шығуда тиімді көмек бергені үшін табыс етілген болатын.

         Кеңес Одағы Батырының екінші жұлдызы

Т.Бигелдинов эскадрилья басқара жүріп, 1945 жылдың наурыз айына 120 әскери ұшу жасады. Екінші «Алтын Жұлдызға» гвардия капитаны Т.Бигелдинов эскадрильяны шебер басқарғаны үшін, Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау (Вроцлав) және Берлин қалалары үшін шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін 1945 жылы 27 маусымда ие болды. Өз ұшағымен қазақ ұшқышы Прага қ. көтерілісшілерге көмектесті.

Ол кезде ол небәрі 23 жасқа толған еді. Талғат Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған 65 ұшқыштың бірі болып табылды. Т. Бегелдинов Берлин үшін шайқасқа да қатысты. Неміс астанасы орталығында, шағын биіктікте Т. Бегелдинов тобы Тельтов арнасында танк тиелген 118 баржаны жойды, екі сүйретпе су түбіне жіберілді. 1945 жылы 10 мамырда батыр Прага үстінде өзінің соңғы ұшуын жүзеге асырды, бұл кезде қаланың оңтүстік жағында немістің СС дивизиясының қалдықтары капитуляцияны қабылдамай жатқан болатын. Бұл жаңа құрбандықтар алып келуі мүмкін еді. Т.Бигелдинов басшылық бұйрығымен өз шабуылдаушы тобымен 24 ұшақ болып жау үстінен бір оқ атпай ұшып өтеді. Жау ұшақтардың үздіксіз гуілдерінен естерін жиып, сескеніп қарсылықсыз беріледі.

Екі жыл соғыс ішінде Т.Я. Бегелдинов 305 әскери ұшу жасайды, оларда 500 сағатқа жуық өткізеді. Көптеген әскери техникалар мен жау күштерін жояды, әуе айқастарында жеке жаудың 7 ұшағын құлатады, тағы бірнеше ұшақты жерде, аэродромдарды шабуылдау кезінде жояды. Бомбалармен және оқтармен ондаған танктерді, қаруларды, пулеметтерді, басқа да техникаларды талқандайды. Оның қызметтестерінің естеліктері бойынша соғыс жылдары оның қол астындағы бір де бір ұшқыш өлімге душар болмаған!

         Т. Бигелдиновтың Қазақстан тарихындағы орны

Аңызға айналған ұшқыш Екінші дүниежүзілік соғыстың атақты қаһармандарыынң бірі болды. Оның өмірінің үлгісінде қазақстандық жастардың бірнеше буыны тәрбиеленуде. Ол «305 рейд», «Илдер шабуылдауда», «Әуе шайқастары», «Өлмес құлдилау» атты кітаптардың авторы.

Т. Бегелдинов атымен Ақтөбе жоғарғы ұшқыштар мектебі аталған. 2000 жылы Т.Я. Бегелдинов атындағы Қарағанды әскери мектеп-интернаты ашылды. Ол 1945, 1985 және 1995 жылдардағы Жеңіс шерулеріне қатысты. Атақты әуе хас шебері Ленин орденімен, екі Қызыл Ту, Александр Невский, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен және медальдармен марапатталған. Жастық шағы өткен Қырғыстанда оның қола мүсіні орнатылған. И.С. Полбин атындағы Орынбор жоғарғы әскери-авиациялық ұшқыштар училищесінің құрметті курсанты болды.

Батыр 2014 жылы 10 қарашада қайтыс болып, Алматыдағы «Кеңсай-1» зиратында жерленген. Ұлы Дала елі өзінің даңқты ұлын мәңгі есте сақтайтын болады.

 

Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы

тарих ғылымының докторы, профессор

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?