Қазақтың ою-өрнегі ИСЕСКО тізіміне енді

13.02.2026
3565
Қазақтың ою-өрнегі ИСЕСКО тізіміне енді - e-history.kz

Қазақ халқының сан ғасырлық рухани болмысы мен дүниетанымын айшықтайтын дәстүрлі ою-өрнек халықаралық деңгейде мойындалды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің Facebook-тегі парақшасында хабарлауынша, қазақтың дәстүрлі «Ою-өрнегі» ресми түрде ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енгізілді.

Тиісті шешім 11 ақпанда өткен ИСЕСКО Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында қабылданған. Бұл – ұлттық мәдениетімізді әлемдік кеңістікте насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

«Ою-өрнектің ИСЕСКО-ның беделді тізіміне енуі – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам», - деді Мемелекеттік кеңесші.  

Иә, ою-өрнек – жай ғана әшекей немесе сәндік элемент емес. Ол – халықтың тарихи жадын, дүниетанымын, философиясын бойына сіңірген этномәдени код. Әрбір сызық, әрбір бедер мен бейне ұлттың табиғатпен үндестігін, тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін бейнелейді. Қазақы текемет, сырмақтан бастап, киіз үй жабдықтарына, зергерлік бұйымдары мен сәулет өнеріне дейін ою-өрнек ата-бабамыздың қолтаңбасындай сақталып келеді. Сондықтан да  мұндай халықаралық мойындау ұлттық мұраны сақтау мен зерттеуге жаңа серпін береді. Сонымен бірге жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттырып, қолөнер мектебінің жандануына ықпал етеді. Өйткені ою-өрнек – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір.

«Бұған дейін, яғни 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің басты нышандарының біріне айналған дәстүрлі «Тоғызқұмалақ» ойыны қосылған болатын», - деп еске түсірген Ерлан Тынымбайұлы бұл Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін де атап өткен. 

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сәйкес, алдағы уақытта да еліміздің тарихи-мәдени нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу жұмыстары жалғаса бермек. Бұл бастамалар ұлттық бірегейлікті нығайтып қана қоймай, Қазақстанды әлемдік мәдениет картасындағы маңызды орталықтардың біріне айналдыруға жол ашады.

Қазақтың ою-өрнегінің халықаралық мәртебе алуы – бабалар аманатына деген құрметтің, төл мәдениетке деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Өйткені ұлттың рухани қуаты оның тарихи мұрасымен өлшенеді. Ал сол мұраны ұлықтау – әр буынның ортақ міндеті.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз