
Жақында Астана қаласындағы Ұлттық музейде қазақтың біртуар ғалымы, ағартушы, саяхатшы, этнограф Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған ауқымды көрме мен дөңгелек үстел өтті.
Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми қызметінің маңызды кезеңдерін көрсету арқылы оның Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге қосқан елеулі үлесін кеңінен насихаттау мақсатында өткен іс-шараның алғашқы бөлімі көрменің ашылуына арналды. ҚР Ұлттық музейі, Ш.Уәлиханов атындағы Алтынемел мемориалдық музейі, Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің бірлесуімен ұйымдастырылған көрме мынадай төрт бөлімді қамтыған:
Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі: Балалық шағы, Омбыдағы Сібір кадет корпусындағы оқу жылдары, алғашқы зерттеулері;
Қашқар сапары: 1858-1859 жылдары жасаған әйгілі экспедициясы, нәтижесінде Шоқан есімі Еуропаға танылды;
Ғылыми мұрасы: Тарих, этнография, құқық, география салаларындағы еңбектері.
Шоқанның өнердегі бейнесі: Әдебиет, кескіндеме, кинодағы көрінісі.

Экспозицияда:
• Ғалымның қолжазбалары, хаттары, ғылыми еңбектері;
• Жеке заттары: тапанша, сандық, белбеу, отбасылық бұйымдар;
• Қашғар сапарына арналған көрнекі материалдар;
• Мұрағаттар мен музейлерден алынған фотоқұжаттар бар.
Көрменің ашылуынан кейін ғалымның ғылыми мұрасы мен қоғамдағы рөлін талқылайтын дөңгелек үстел өтті. Онда тарихшылар, этнографтар, өнертанушылар, музей қызметкерлері Шоқанның көпқырлы болмысын, өмірлік жолы мен ғылыми мұрасын тереңнен зерттеуге тырысты.
Ғалым – тұлға: Шоқан Уәлиханов феномені туралы сөз
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Нығыметоллаұлы Негимов өзінің баяндамасында Шоқан Уәлихановтың тұлғасы мен ғылыми мұрасына кеңінен тоқталды. Ол сөзін: «Шоқан туралы ғасырлар бойы айтылып келеді. Бірақ ол – қанша зерттелсе де, жаңғырып отыратын, мәңгілік тақырып», – деп бастады.

Профессор Шоқанның тектілік болмысын әкесі Шыңғыс Уәлихановтың тұлғасымен байланыстырды. Шыңғыс сұлтан – орыс тілін, әдебиетін, географияны, тарихты жетік меңгерген, кәсіби аудармашы әрі Аманқарағай округінің аға сұлтаны болған тұлға. Оның ордасына келген орыс топографтары, ғалымдар мен әскери шенеуніктердің ортасында өскен Шоқан бала жасынан көпті үйреніп, ерекше зейінмен жетілген.
Кадет корпусындағы кемелдену. Шоқанның ғылыми тұлға ретінде қалыптасуына Омбы кадет корпусы шешуші рөл атқарған. Профессор Негимов бұл жөнінде былай дейді: «Кадет корпусында оқыған кезінде Шоқан әскери пәндермен қатар философия, география, ботаника, зоология, грек, түрік, араб, шағатай, парсы тілдерімен қатар, Тұран тарихы, Азия мемлекеттерінің саяси құрылымы секілді күрделі пәндерді меңгерді. Осындай жан-жақты білім Шоқанды нағыз ренессанстық тұлға ретінде шыңдады».
Ол сонымен қатар Шоқанның әлемдік деңгейдегі ойшылдар еңбектерін зерделегенін, Аристотель мен Платоннан бастап, француз ағартушыларына дейінгі кең өрісте ой қозғағанын атап өтті.
Экспедициялар мен тарихи миссиялар. Серік Нығыметоллаұлы Шоқанның ғылыми экспедицияларға қатысуын оның тек зерттеушілік емес, дипломатиялық шеберлігінің де айғағы ретінде бағалады. Қашқария сапары кезінде ол Қытайдың ішкі саяси ахуалын, географиясын, тіл ерекшеліктерін зерттеді. Баяндамашы Шоқанның синолог ретіндегі қабілетін ерекше атап өтті: «Шоқан қытай тілін бес айдың ішінде меңгеріп, сөздің бір буынды болатынын, бір иероглифтің жүздеген мағына беретініне дейін білген. Бұл – оның туа біткен зияткерлік қуатының дәлелі».
Сондай-ақ, Уәлихановтың Құлжаға сапары, Тарбағатай келісімі мен Шәуешек пен Құлжада консулдықтар ашуға ықпал еткені де сөз болды. «Шоқан патшалық Ресейдің сыртқы істер министрлігіне де қызмет еткен. Ол – дипломат, стратег, лидер, мемлекетшіл тұлға», – деді профессор.
Лингвистика мен әдебиеттанудағы орны. Баяндамашы Шоқанның қазақ тілін зерттеу бағытындағы еңбектерін де ерекше атады. Ол Құсайын Файзхановпен хат алмасуында қазақтың құқықтық нормаларын таза әдеби қазақ тілінде жазуды ұсынған. Бұл – Шоқанның тіл тазалығы мен ұлт мәдениетіне деген жауапкершілігін көрсетеді.
С.Н.Негимов Шоқан еңбектерінің кеңестік кезеңде де қайта қаралғанын, Мәскеу мен Алматыда өткен халықаралық конференциялар мен жинақтарда оның еңбектері жан-жақты зерделенгенін еске салып: «Шоқан – мәңгілік тақырып. Ол – ғалым да, көреген де, отаншыл тұлға. Оны оқу – бүгінгі ұрпақтың парызы», – деп сөзін қорытындылады.
Шоқан жолы: Ұлт руханиятының сәулелі сүрлеуі
Журналист, публицист, жазушы, зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Жарылқап Бейсенбайұлы Шоқан Уәлихановтың тұлғасын «әлем ғылымында сирек кездесетін ерек феномен, құбылыс» деп бағалады. Ол: «Ғабит Мүсірепов: «Шоқаны бар ел шоқтықты ел», – деп бекер айтпаған. Шоқан – тек тарихымыздың ғана емес, түркі өркениетінің де биік белесі», – деді.

Баяндамашы Шоқан туралы кең тараған, алайда негізсіз қауесеттерге ерекше тоқталды. Мәселен, Шоқан қазақша білмеді деген тұжырымды жоққа шығарып, оның Березинге жазған хаты арқылы Шағатай, Қыпшақ, Хиуа жазбаларына жетік болғанын нақты деректермен дәлелдеді. Жарылқап Бейсенбайұлы: «Шоқан 17 жасында-ақ Әбілғазы баһадүрдің еңбектерін түпнұсқадан оқып, талдаған. Ол тек орыс тілінде емес, түркілік жазба дәстүрді, тарихи-генеалогиялық шежірені жетік меңгерген білім иесі», – деді.
Ол Шоқан Уәлихановтың қырғыз эпосы «Манас» туралы еңбегі туралы баяндай отырып оның Көкетай ханның асы жайлы бөлімін таңдап алып, жыр мәтініне түсініктеме жазғанын атап өтті. Бұл эпосты алғаш жүйелі жазып, зерттеген ғалым ретінде Шоқан Қырғыз елінде де ерекше қадірленеді.
1856 жылы Қашқарияға жасаған экспедициясының ғылыми мақсатын ашып көрсеткен баяндамашы: «Кейбіреулер Шоқан ол жаққа барлау үшін барды деп айтады. Жоқ, ол ғылым үшін барды. Қашқарға диуана кейпінде кіріп, бұрын Еуропа ғылымына беймәлім кеңістіктің тарихын алғаш ашты», – деді. Осы сапарында Уәлиханов Махмуд Қашқаридің «Қожалар тарихы» атты қолжазбасын тауып, оны «Алтышаһардың жайы» атты еңбегінде сәтті пайдаланған.
Шоқанның нақты туған жері туралы пікірталасқа тоқталған Жарылқап Бейсенбайұлы Әлкей Марғұланның дерегіне сүйеніп: «Шоқан 1835 жылы Күнтимес қыстауында дүниеге келген. Бұл дерек Марғұланның өзі өткізген лекцияларында, сондай-ақ 1985 жылғы ғылыми экспедиция барысында анықталған», – деді. Архивтік карталар мен жергілікті зерттеушілердің мәліметтері де осыны растайды.
Шоқанның көптеген хаттары мен жазбалары азамат соғысы жылдарында, әсіресе Сырымбет пен Күнтиместе өртеніп кеткені туралы да сөз болды. Бірақ кейбір еңбектер мен хаттардың аман қалуына себепкер – Гутковскийдің қызы Катерина Гутковская. Ол Шоқан мұрасын жекеменшік архивінде сақтап, кейін ғылыми мекемеге тапсырған. Осы құжаттар негізінде Шоқанның бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
«Мұндай мұраны қайта тапқан Әлкей Марғұлан сияқты жанкештілер керек. Шоқанның архивтен табылған әрбір парағы – ұлт руханиятының құнды дерегі», – деді баяндамашы.
Жарылқап Бейсенбайұлы баяндамасын: «Шоқан жолы – ұлттың ғылыми, рухани, тарихи бағыттағы биік сүрлеуі. Бұл жолды ұрпақ жалғастыруы тиіс. Бізге Шоқанның білімге құштарлығын, шынайы патриоттығын, даналығын үйрену қажет», – деп түйіндеді.
Қазақ шежіресі және Шоқанның терең танымы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбек «Шоқан және қазақ шежіресі» атты баяндамасында Уәлиханов еңбектеріндегі шежірелік таным мен тарихи тұжырымдарға ерекше назар аударды.

Ол баяндамасын: «Шоқанның “Киргизское родословное предание” (Қазақ шежіресі) атты еңбегі – тарихи-филологиялық тұрғыдан аса құнды еңбек. Біз осы еңбекте көтерілген ұғымдарды үстірт қабылдап жүрміз. Ал олардың астарында үлкен тарихи код жатыр», – деп бастады.
Профессор Мақсат Алпысбек шежірені оқу кезінде мағынасы таныс болып көрінетін кейбір сөздердің түпкі мәніне үңілмей өтетінімізді айтты. Мысал ретінде Абайдың «Қазақтың түбі қайдан шыққаны» жайлы еңбегін, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіптің шежірелерін келтіріп: «Бұл еңбектердің тілі жеңіл болғанымен, олардың астарында байырғы ұғымдардың тарихи, этномәдени негізі жатыр», – деді.
Баяндамашы Березиннің Қадырғали Жалайыридың Жамиғат тауарих еңбегін зерттеу барысында Костылецкий арқылы Шоқанға жолдаған сұрақтарына тоқталды. «Березин Алаш мыңы, Ноғайлының ауыр қолы сияқты күрделі ұғымдардың мағынасын сұрағанда, Костылецкий: “Мен бұл сауалдарға жауап бере алмаймын. Бірақ біздің өте алғыр жас – Шоқан жауап бере алады”, – дейді. Шоқан сол сұрақтарға нақты, терең талдаумен жауап берген», – деп атап өтті профессор.
Мақсат Алпысбек Шоқан талдаған екі ұғымға — «Алаш мыңы» және «Ноғайлының ауыр қолына» ерекше тоқталды. Ол «Ноғайлы» сөзі халықтық этноним емес, Алтын Орда кезеңіндегі тұрғындардың ортақ атауы екенін түсіндірді. Ал «ауыр қол» – әскери құрылым, бірнеше түменнен тұратын қуатты әскери күш екенін айтты.
«Шоқан бұл ұғымдарды тек тілдік немесе этнографиялық деңгейде емес, тарихи-саяси мағынада талдап отыр. Ол – Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы арасындағы саяси-әкімшілік сабақтастықты Алаш мұңы ұғымы арқылы көрсеткен бірден-бір зерттеуші», – деді баяндамашы.
Профессор қазіргі тарихи білім беру мен зерттеулерде шежірелік деректер мен құрылымдарды ескермейтін олқылықтарды атап өтті. Ол шежірелік жүйелер Түрік қағанаты дәуірінен бастап Қазақ хандығына дейінгі саяси-әлеуметтік ұйымның негізгі арқауы болғанын дәлелдеу үшін Шоқан еңбектеріне қайта үңілу қажеттігін айтты.
«Кеңестік тарихнама қазақ тарихын бөлшектеуге тырысты. Әлкей Марғұлан мұны дер кезінде байқап: “Сіздер қазақ тарихын өзге халықтардың тарихына айналдырып жатырсыздар”, – деп қатаң сын айтқан еді. Сол сын бүгін де өзекті», – деді Мақсат Алпысбек.
Баяндамашы ойын қорытындылай келе: «Шоқан Уәлихановтың шежірелік танымы – біздің ұлт тарихын жаңа көзқараспен танудағы басты бағдаршамымыз. Ол тарихи процестер арасындағы сабақтастықты дәл көре білген. Бізге керегі – дәл осы көзқарас», – деді.
Омбыда Шоқан тағылымы: кеше мен бүгін
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қайырбек Кемеңгер «Омбыдағы Шоқан тағылымы: кеше мен бүгін» атты баяндамасында Шоқан Уәлихановтың Омбыдағы өмір жолы мен мәдени мұрасына ерекше тоқталды. Ол: «Шоқанның біраз ғұмыры Омбы жерінде өтті. Сондықтан бұл қаладағы оның ізі – ұлт руханияты үшін маңызды», – деді.

Профессор Омбыдағы Шоқанға арналған бірнеше нысандарды атап өтті: Кадет корпусы қабырғасындағы ескерткіш-тақта, Шоқан есімі берілген көше және Омбы мемлекеттік музыкалық театрында қойылған «Любина Роша» атты спектакль. Оның айтуынша, бұл белгілер Шоқан есімінің ресейлік кеңістікте де қадірлі екенін көрсетеді.
Қайырбек Кемеңгер театр сахнасындағы Шоқан бейнесіне тоқталып: «Бұл қойылымда Шоқан мен генерал Гасфорттың жары Люба арасындағы нәзік сезім желісі баяндалады. Музыкалық мелодрамада Шоқанның ішкі арпалысы, махаббат пен азаматтық борыш арасындағы қайшылығы өте әсерлі жеткізілген», – деді.
Баяндамашы спектакльдің драматургиялық күшін ерекше атап өтті: «Шоқанның махаббат пен жауапкершілік арасындағы күресі, Айғаным әженің «Сен Абылайдың немересісің!» деген сөзі көрерменге үлкен әсер қалдырды», – деді ол.
Сонымен бірге, профессор Омбыдағы қазақ дипломатиялық миссиясы, көше атаулары және Шоқанның құрметіне қойылған ескерткіштің тарихи маңызына да тоқталды. «Бұл – тек тарихи тұлғаға тағзым емес, ұлттың рухани ізіне көрсетілген құрмет», – деп түйіндеді Кемеңгер.
Оның айтуынша, Омбы қаласында Шоқан туралы спектакльдің он жыл бойы сахналануы – қазақ зиялысының бейнесіне деген үздіксіз құрметтің белгісі. Ал бүгінде бұл қойылым репертуардан түсіп қалғанымен, оның рухани әсері, тарихи мәні ұмытылмайды.
Шоқан жолдары және киелі Қазақстан географиясы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Раушан Нұрқанқызы Иманжүсіп «Шоқан жолдары және киелі Қазақстан географиясы» атты баяндамасында XIX ғасырдағы Шоқан Уәлихановтың экспедициялық зерттеулерінің бүгінгі жобалар аясында қалай жалғаса жатқанын баяндады.

Профессор Иманжүсіп баяндамасы бастауында: «2006 жылы біз Көкшетауға көшіп келдік. Сол жерде «Шоқан жолдары» атты магистрант клубын құрамыз: Шоқан Нұрғазы, Нұрболат Шоқан және өзім. 2011 жылы «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігі құрылды, мен оның төрайымымын», – деді. Оның айтуынша, осы бірлестік аясында: Көкшетау, Аягөз, Семей, Алтынемел, Омбы, Күнтемес өңірлеріне экспедициялар ұйымдастырылып, Шоқанның зерттеген киелі орындары қайта зерттелуде.
Профессор «Шоқан он тоғызыншы ғасырда отыз шақты киелі нысанды жүйелеп, сипаттап, суреттеген. Біз бүгін оларды қайта қарастырып, нысандардың не күйде қалғанын анықтаймыз. Ендігі мәселе – оларды қалпына келтіру ме, сақтап қалу ма?» – деді.
Иманжүсіп сонымен бірге: «Шоқан – Қазақстандағы сакральды географияның бірінші профессионалды зерттеушісі. Ол профессор Петербург университетіне жазған хатында:
«Киргиз даласында көптеген тас кесенелер, мешіттер бар, олар – қасиетті орындар, адамдар сол зиярат етеді», – деп көрсеткен*.
Шоқан бұл кесенелерді суреттеп, олардың құрылысын, қоршауын, материалы мен формасын жіктеді (мысалы, Талғар маңындағы Rustemovskoy кесенесі, Қозы Көрпеш–Баян сұлу жиі айтылған нысандар). Иманжүсіп: «Оның мұрасы – бізге киелі нысандарды жүйелі зерттеуге бағдаршы бола алады», – деп атап өтті.
Жоба аясында болған жұмыстарға тоқтап: «2011 жылдан бері халықаралық конференциялар өткізіліп, 180 жылдық мерейтойын атап өттік. Қытайдың жас композиторы Тасқын Жармұхамед симфоникалық поэма арнады. Осындай жобалар – жастарды Шоқан жолымен тартып, жаһанға танытуға мүмкіндік береді», – дейді профессор Иманжүсіп.
Профессордың пікірінше, Шоқан ғылыми экспедицияларының нәтижелері – сакральды орындарды зерттеу, храмдар мен кесенелерді суретке түсіру, олардың географиялық, мәдени мәнін ашу – бүгінгі күнге дейін өзекті, әрі пайдалы зерттеу бағыты. Оның баяндамасы – қоғам мен ғылымды біріктіретін, тарихи мұраны қайта жаңғыртатын тың ұсыныс ретінде бағдарлы болды.
Петербургтегі рухани ізденістер мен әдеби достық
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Жанна Нұрманова өзінің баяндамасында Шоқан Уәлиханов пен орыс жазушысы Всеволод Крестовский арасындағы рухани байланысқа тоқталды. Баяндамашы өз сөзін: «Бір ақын айтқандай, жастықта кейде тосын жақындастықтар орын алады. Мен Крестовскийдің «Петербург трущобалары» романын сүйіп оқитынмын, ал Ирина Стрелкованың еңбегінен олардың таныс болғанын оқығанда қатты таңғалдым», – деп бастады.
Ж.Нұрманова бұл байланыстың зерттеуде ескерусіз қалғанын, әсіресе Уәлихановтың петербургтік кезеңіндегі өмірінің толық ашылмағанын атап өтті. Бұл кезеңде сақталған екі ғана хат бар, ал күнделік болмауы немесе жоғалуы – осы кезеңді қалпына келтіруді қиындатады. Сол себепті ол Шоқанның толық шығармалар жинағының 1968 жылғы академиялық басылымына жүгінуді жөн көрген.
Баяндамашы Идринцевтің Шоқан туралы жазбасын мысалға ала отырып, мынадай дәйексөз келтірді: «Ол (Уәлиханов) айналасындағы орыс ортасын түсінді және онымен еуропалық өркениет негізінде тең дәрежеде байланыс орнатуға дайын болды». Осы тұста Ж.Нұрманова Уәлихановтың ассимиляцияға ұмтылмағанын, керісінше, ағартушылық синтез жолын таңдағанын айрықша атап өтіп, еуропалық мәдениет оның рухани дамуына жаңа бағдар, жаңа жол нұсқаушы болғанын тілге тиек етті.
Шоқан мен Крестовский арасындағы таныстық жайлы деректер әртүрлі дереккөздерде кездеседі. Уәлиханов Достоевскийге жазған хатында: «Фотокарточкаңды жіберуді ұмытпа. Барлық жақсы таныстарымнан жинап жүрмін – Майков, Полонский, Крестовский», – деп жазған. Бұл, баяндамашының айтуынша, олардың арасы жай ғана таныстық емес, шынайы достыққа жақын болғанын көрсетеді.
Потанин мен Идринцевтің естеліктерінде де бұл байланыс көрініс табады. Кей деректерде Крестовский Уәлихановтан шығыс тақырыбында шабыт алғаны, олардың әзіл мен фривольді әңгімені де бөліскені айтылады. Дегенмен, бұл достық туралы көзқарастар әртүрлі: біреулер оны ғылыми жолдан алаңдатушы фактор деп бағаласа, басқалар оны мәдени алмасудың бір көрінісі ретінде көреді.
Жанна Қадырбайқызы Крестовскийдің кейінгі шығармашылығына Уәлихановпен таныстығы әсер еткенін айтады. Ол Крестовскийдің «Петербург трущобаларындағы» кейіпкер – граф Калаш образында Шоқанға ұқсайтын сипаттарды байқағанын және бұл бағытта зерттеулер жүргізу қажеттігін атап өтті.
Баяндамашы сөз соңында Уәлихановтың суретшілік өнеріне де назар аударып, Петербург кезеңінде салынған белгісіз портреттердің бірі – Крестовскийдің бейнесі болуы мүмкін екенін айтты. Бұл тұжырымды нақтылау үшін сарапшылардың қосымша атрибуциясы қажет.
Жанна Нұрманова баяндамасын: «Мен өзімді Шоқантанушы деп айтпасам да, оның тұлғасы мені әрдайым тартып тұрады», – деп қорытындылады.
Топонимикадағы Шоқан Уәлиханов ізі
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Физикалық және экономикалық география кафедрасының меңгерушісі, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Табылдыұлы Сапаров Шоқан Уәлихановтың еңбектеріндегі топонимикалық бай мұраға ерекше тоқталды. Ғалым баяндамасын: «Шоқан – сегіз қырлы, бір сырлы емес, одан да асып түсетін тұлға. Оның бойында бірнеше ғалымның болмысы тоғысқандай», – деп бастады.

Профессор бала күнінен географияны сүйіп өскенін, сол себепті Шоқан еңбектерін ерте танып, қызыға оқығанын айтты. «Кеңестік кезеңде де, патшалық заманда да, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де Уәлихановтың еңбектері зерттелді. Бірақ әлі толық ашылған жоқ», – деді Қуат Табылдыұлы.
Шоқан Уәлихановтың ғылыми қызметіндегі топонимика мәселелерін зерттей келе, Қуат Табылдыұлы ғалымның үш мыңға жуық жер-су атауын тіркегенін, соның ішінде 2600-ден астамының түркілік топонимдер екенін атап өтті. Оның айтуынша, Уәлиханов жер-су атауларын этнографиялық, тарихи, географиялық, діни тұрғыда кешенді қарастырған. Әсіресе киелі жерлер, әулие қорымдары мен табиғи нысандарға байланысты некронимдер мен сакралды география мәселесіне ерекше назар аударған.
Баяндамашы Шоқанның жолжазбаларында Аягөз, Қапал, Лепсі, Тентек, Іле, Шілік, Түрген секілді гидронимдердің этимологиясын талдағанын, олардың нақты орналасуы мен табиғи ерекшеліктерін сипаттағанын айтты. Сонымен қатар, ғалым Шоқанның Жетісу, Қашқар, Күнгей Алатау, Верный мен Құлжа сапарлары барысында жинаған географиялық деректері – Қазақстанның физикалық географиясы мен тарихи картографиясына қосқан үлкен үлес екенін атап өтті.
«Шоқан өз еңбектерінде Сайқан мен Ебі желі, Балқашты Көкше теңіз деп атауы, Баянауыл атауына қатысты пікірлері, сондай-ақ өзендер мен жұлдыз атауларына (Жетіқарақшы, Үркер, Темірқазық) қатысты космонимдік пайымдары – барлығы терең ғылыми-картографиялық жүйені құрайды», – деді ол.
Сондай-ақ Қуат Сапаров Шоқан еңбектеріне сүйене отырып, қазіргі заманғы топонимиялық энциклопедия әзірлеу идеясын ұсынды. Бұл бастамаға тарихшылар, лингвистер, жазушылар және географтардың бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты.
«Шоқан бізге ғылым мен ұлт руханиятының тоғысқан тұсында ғажайып мұра қалдырды. Енді оны жүйелеп, ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз», – деді Қуат Табылдыұлы баяндамасын түйіндеп.
Күнтимес – Мұхаммед Ханафия (Шоқан) туған ауыл
«Күнтимес – бұл тек бір ауылдың аты ғана емес, бұл – тарих. Бұл – тағдыр. Бұл – ұлттың рухани тамырларының бірі», – деп бастады сөзін «Күнтимес» қоғамдық қорының төрағасы, өлкетанушы Еділбай Жәлелұлы Ахменов.

Ахменовтың баяндамасында Күнтимес ауылының тарихи маңызы, ондағы Уәлихановтар әулетінің орны мен ғалымның балалық шағы жан-жақты сипатталды. «Шыңғыс төренің Обаған алабындағы жайлы қоныстарының бірі – Шоқанның сызба картасында ерекше ыждағаттылықпен «ҚЫСТАУ» деп бас әріптермен белгіленген, оның кіндік қаны тамған мекен осы Күнтимес болатын. Осы жерде оның Зейнеп апасынан туған тоғыз баласы дүниеге келген», – деді ол.
Өлкетанушы Обаған алабындағы тарихи география мен саяси оқиғаларды да егжей-тегжейлі сипаттады. Мәселен, Шыңғыс төре 1834 жылы аға сұлтан болып тағайындалғанда, Аманқарағай дуанын ашып, орталығын Қарабадан 40 шақырымдай жерге – биік әрі қалың аққайың орманының қапталына «Ордатіккен» атты қыстауға орналастырды. Бұл мекеннің табиғаты Сырымбеттегі Уәлихан ордасына ұқсайтын.
Айғаным ханша Шыңғысты Баянауылдағы Шорман бидің қызы Зейнепке үйлендіргенде, жас келін Күнтимеске құтты қадам басып, алғашқы перзенті – Шоқанды дүниеге әкеледі. Ауылдағы ағаш үйдің сәулеті де Сырымбеттегі орда үлгісінде салынған. Мешіт үйден 350 метр қашықта орналасқан.
1841 жылы осы аумаққа зерттеу жұмыстарымен келген Егор Петрович Ковалевский бастаған инженерлер отряды ауыл жанындағы Кішкене көл жағасында қоныстанып, топографиялық құралдармен өлшеу жүргізген. Сол кезде кішкентай Шоқанның сурет салуға деген қабілеті көзге түсіп, инженерлер оған альбом, бояу, қарындаш сыйлаған.
Шоқанның білім алуына ерекше мән берген Шыңғыс Уәлиханов 1842 жылы Омбыдағы Сібір қазақтарының шекара бастығы Н.Ф.Вишневскийге хат жазып, Күнтимес ауылында мектеп ашуға рұқсат сұрайды. Осы хат негізінде татар мұғалімі Әбубәкір Исабаев Орынбордан арнайы шақыртылады. Ол мектепте Шоқан мен оның бауырлары, ауыл балалары – Мұсаит Дәненұлы, Тобылжан Шұлғауұлы, Ману, Ақық, Мұса білім алады.
Күнтиместегі мектепте шәкірттер қазақша, арабша, парсыша тілдерді меңгеріп, шағатай тілінде жазылған әдеби мұралармен танысады. «Сұлтан балалары жеті жұрттың тілін білуі керек» деген дәстүр Шоқанға толықтай қолданылған.
Күнтимес маңындағы үш төбе қорған орны ретінде де танымал. 1852 жылғы Шоқан картасында белгіленген бұл төбелер қауіп төнген жағдайда от жағылып белгі беретін орындар болған. Ахменов атап өткендей, бұл төбелер мен Қараба, Пресногорков бекіністерінің байланысы стратегиялық маңызға ие.
Шоқанның шоқ қарағайы – 1841 жылы Көкшетаудан әкеліп отырғызылған ағаштардан құралған орман. Қазіргі таңда оның аумағы 1 гектарға жуық. Бұл орман Шоқан мен әкесі отырғызған алғашқы ағаш көшеттерінен өсіп шыққан.
Күнтимес – Шоқанның өсіп-жетіліп, рухани нәр алған топырағы. Ол мұнда ақындар мен би-шешендердің, әнші-күйшілердің өнеріне куә болды. Құлағына құйды, санасына сақтады. Жанақ, Жұмағұл, Шөже, Орынбай сияқты ақындар, Досжан күйші, Құрымбай қобызшы – бәрі осы ауылда өнер көрсеткен.
Баяндаманың соңында Ахменов Күнтиместің қазіргі тарихи маңызын атап өтіп, оны ұлттық мұра ретінде сақтау қажеттігін айтты. Сөзін қорытындылаған ол: «Бұл – тек Шоқанның ғана емес, бүкіл қазақ руханиятының алтын діңгегі», – деді.
Шоқан – қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ақтоты Көлкенқызы Смағұлова Шоқан Уәлихановтың ғылыми, этнографиялық, саяхатшылық қызметтерінен бөлек, оның шығармашылық – суретшілік қырына арнайы тоқталды.

Ақтоты Смағұлованың айтуынша, Уәлихановтың сурет өнеріне қызығушылығы бала күнінен бастау алған. Оның суретшілік бейімі әжесінің айтқан ертегілері мен Құсмұрын бекетіне жиі келетін орыс зиялылары мен суретшілердің ықпалы арқылы қалыптасқан болуы мүмкін. Дегенмен, сурет өнеріндегі шынайы шеберлігі Омбы кадет корпусында оқу кезінде айқын көрініс тапқан. Шоқан сол жерде А.Померанцев есімді ұстаздан кәсіби сурет салу сабақтарын алған.
Баяндамашы өз сөзінде: «Шоқанның суретші ретінде қалыптасуына оның кадет корпусындағы дайындығы үлкен рөл атқарды. Ол тек суретке әуес қана емес, композиция, кеңістікті үйлестіру, көлем мен пішінді дәл беру сияқты кәсіби әдістерді меңгерді», – деді.
Ол презентациясында А.Померанцевтің 1851 жылы акварельмен салған «Жабайы-тас орда Биі Сартай» атты суреті мен Шоқанның 1856 жылы қарындашпен орындаған көшірмесі салыстыра ұсынды. Ақтоты ханым Шоқанның бұл суретті жай ғана көшірмегенін, қайта композициялық жағынан жетілдіріп, кейіпкердің бейнесіне психологиялық сипат дарытқанын айтады. «Шоқан би Сартайдың қолына қанжарды бейнелі етіп ұстатып, шапанының өрнегіне дейін егжей-тегжеймен суреттеген. Бұл оның этнограф ретінде де, суретші ретінде де дәлдікке, шынайылыққа ұмтылғанын көрсетеді», – деді ол.
Сондай-ақ, Байназар манаптың бейнесі бейнеленген графикалық жұмыс та ұсынылды. Мұнда Шоқан ұстазы бейнелеген дене пішімінен де асып түсіп, кейіпкердің болмысын, мінезін, ішкі күйін жеткізе білген. Шоқан тек техникалық көшіруші емес, нағыз көркем ойлы суретші деңгейіне жеткен.
Презентацияда Шоқан Уәлихановтың петроглифтерді қағаз бетіне түсірген суреттері, қазақ және қырғыз әйелдерінің портреттері, киім үлгілері мен тұрмыстық көріністерді қамтитын наброскалық (эскиздік) жұмыстар кеңінен көрсетілді. Әсіресе 1856 жылы салынған «Мерке өзеніндегі орыс жасағының түнеуі», «Үш әйел» бейнесі, «Жейрандар» атты графикалық жұмыстар – көркемдік жағынан ғана емес, ғылыми-документалдық маңызымен де құнды.
Баяндамашы бұл суреттердің мәнін: «Шоқан әрбір эскизін жай ғана жолжазба ретінде емес, нағыз өнер туындысы ретінде салып отырған. Оның сызықтарындағы нәзіктік, композициялық нақтылық – кәсіби суретшіге тән белгілер», – деп түсіндірді.
Ақтоты Смағұлова кеңестік кезеңде қазақ бейнелеу өнерінің тарихы Әбілхан Қастеевтен басталады деген көзқарастың қалыптасқанын айта келіп, оны қайта қарау қажет екенін атап өтті. «Әрине, Қастеев – ұлы суретші. Бірақ одан бұрын, кәсіби көркем білім алып, нақты көркем және ғылыми мақсаттарда сурет салған Шоқан Уәлиханов болды. Оның суреттері – қазақтың көркемөнер тарихындағы алғашқы төл туындылар», – деді ол.
Презентацияда Шоқан салған басқа да шығармалар көрсетілді: Потаниннің портреті, Жоңғар Алатауының акварельдік бейнесі, Баян сұлу базарынан көрініс, қырғыз манаптарының бейнелері – бәрі де ХІХ ғасырдағы көркем этнографияның құнды үлгілері ретінде танылды.
Сөз соңында Ақтоты ханым: «Шоқан Уәлиханов – тек ғалым емес, қазақ өнеріндегі ренессанстық тұлға. Оның шығармалары – ұлттық бейнелеу өнерінің алтын бастауы», – деп түйіндеді.
Конференцияның мазмұны мен баяндама жасаған ғалымдардың талдауы Шоқан Уәлихановтың тек бір саланың маманы емес, шын мәніндегі ренессанстық тұлға екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның өмірі мен шығармашылығы қазақ ғылымының, руханиятының, ұлттық санасының дамуындағы өлшеусіз рөлін айқындады.
Шоқан – тек өткеннің тұлғасы емес. Оның ойлары мен идеялары бүгінгі күнге де бағыт-бағдар береді. Сондықтан оның мұрасын зерттеу – қазақтың өзін-өзі тануының, өткенін бағалап, болашағын айқындауының басты кілттерінің бірі.