Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қоңыр Мандоки. Хантошсектік құман-қыпшақтар*

2804
Қоңыр Мандоки. Хантошсектік құман-қыпшақтар* - e-history.kz
Халқы сиреп, жері бос қаңырап қалған Мажарстан үшін құмандар үлкен күш, дем болды. Елдің үштен бір бөлігі дерлік құмандардың иелігінде болды

(Szеkesfehervar evszazadai 2. Kozepkor

(Секешфехервар дәуірлері 2. Орта ғасыр)

Мажарстанның Фейер облысының аумағы – жағрафиялық жағынан Дунай дариясының батысында жатқан мадиярлар Альфөльд деп атайтын Үлкен Мажар ойпатының  жалғасы.  Бұл екі  аймақ тарихи жағынан да тығыз байланысып жатқан аумақтар. Жағрафиялық жағынан бірегей аумақта Тисантул (Тиса өзенінің батысы немесе Хортабадь, үлкен Құмания аймағымен шекаралас- Ауд.), яғни Тиса-Дунай аралығы мен Фейер облысының Мезүфөльд  аймағы (Балатон көлінің солтүстік шығыс тұсы – ауд.)  бір кездердегі патшаның иелігінде болған өңір. Бұл жерлерден татар (моңғол-татар деп атау сирек, оның орнына татар жиі қолданылады – Аул) қолдары кеткен соң осы аумаққа Балқаннан қайта кері шақырып алған құмандарды (яғни, құман-қыпшақтарды)  қоныстандырады.

Арпад династиясының ізбасарлары бұрындар печенегтер мекендеген жерлердің бір бөлігіне құмандардың қоныстанғаны жөн деп ұйғарған. Ол аумақ – Тисантулдағы Фейер облысы, Секешфехарвар қаласынан оңтүстік шығысқа (Дунайға) қарай және Будапешт шекарасындағы Дунай бойындағы Чепел аралынан оңтүстік батыс жағындағы, яғни Дунай мен Шарвиз өзендері аралығындағы құмдауыт ойпат жерлер қамтылады.

Мажарстанның печенегтерінің тығыз қоныстанған жерлерінің бірі – Фейер мен онымен шекаралас қазіргі Толна облыстарының шекараласатын тұсы еді. Бұл аумақта XIV ғасырдың ортасына дейін «печенегтер ерекше құқықты әкімшілік бөлінісі- ишпаншаг (ispánság) мәртебесін иеленді. Олардың өздерінің ұсынысы бойынша 1352 ж. Надь Лайош патша (король) мемлекеттің дегдар бекзадалар қатарына қабылдаған соң печенегтердің бұрынғы автономиялық құқығы күшін жояды. Дегенмен, олар Надашладаньнан оңтүстікке қарай созылған, бір-бірімен жапсарлас жатқан шамасы 25 елді мекенді қамтыған  жекедара аумақта өмір сүрді. Уақыт өте келе олар дербестік сипатын сақтай алмады [1].

Печенег автономиялық құқықта өмір сүруін тоқтатқан шақта олардың туысқан жұрты – құмандардың сек (szék) – деп аталатын еркін округі – Хонтош (немесе Хантош) – сек деген атпен құрыла бастады. Дербестігінен айырылған печенегтер тұрғын жерлерін тастап (құмандық тұрғындардың басым құқықты иеленуіне мүмкіндік беру үшін), басқа жаққа кетуге мәжбүр болуы ықтимал. Печенегтердің денін осман түріктері жорығы тоз-тозын шығарып, елді-мекендерін өртеп, оларды біраз уақытқа дейін босытып жіберді. Жорықтан соң бірқатары қайтадан бұрынғы мекеніне оралды, басқа жерлерден қолайлы қоныс тапқандары сонда біржола қалып қойды [2].

Сөйтіп, Фейер облысының бір кездері печенегтердің автономиялық құқықты әкімшілік бірлігі — ишпаншагынан солтүстікке және солтүстік шығысқа қарайғы жерлеріне шамамен XIV  ғ. бірінші жартысында салт атты көшпелі жұрттың бірі, моңғол шапқыншылығынан қашқан құмандардың кейбір ру, тайпаларын қоныстандырылды. Бірақ, мұндай аумақ Фейер облысына бағынбайтын басқа жақта да, атап айтсақ, ерекше құқықтық дербес мәртебеге (прерогативаға) ие ру-тайпалық негізде құрылған бес құман және бір иас (яс)  округы (szék – сек) Мажарстан ойпатында – Альфөльдте құрылды. Фейер облысы, Хонтошсекте өмір сүретін құмандар туралы кеңінен сөз қозғау үшін олардың қалыптасуы мен көне тарихының елеулі кезеңдеріне тоқталайық.

Татар шапқыншылығынан бұрын Дунайдың төменгі сағасы мен Каспий теңізі аралығын мекендеген кей кездері Ертіске дейін байтақ аумаққа иелік еткен құман-қыпшақ конгломераты бірегей емес екендігі белгілі. Олардың тарихы Еуразияның қуаң (арид) зонасын мекендеген салт атты көшпелілерге тән сипатта, өзгеріп, түрленіп тұрған. Олар бірде үлкен одаққа біріккен, кейде қайтадан әлсіреген бір-бірін алмастырып отырған тайпалар одағынан тұрады. Соның бірі құман тайпалық одағының атауы да тарихи түрлі кезеңдердегі тарихи дереккөздерде әрқалай баяндалады. Олардың арасындағы елеулі бөлігі, одақтың атауы ретінде жүрген құман тайпасының этногенезімен тікелей байланысты.

Дешті Қыпшақтың бір кездердегі билеушілерінің батыс бөлігінде өмір сүрген тайпаларын шын мәніндегі құмандар деп санаймыз. Олардың атауы түрік-татарлардың quw-qu (қыу-қу), немістің falb, gelblich, bleich сөзінен шыққан qun, quman-qoman немесе онан туындаған gundur, gumandur, gomandur деп аталды. Батыс дереккөздерінің көбі осыған ұқсас етіп белгілейді: Византиялық жылнамашылар komand-koymand, латын жәдігерлер Coman-Cumani мадиярлар кun, румындар coman, cuman аталады. Сондай-ақ Мажарстандағы Kuman, Koman, Komony антропонимдері мен комондар (ит тұқымы), Румыниядағы Coman, Comandaresti сияқты топоним, антропоним, болғар тіліндегі куман, этнонимі серб пен болғар жеріндегі Куманово топонимдерінің ұшырасуы құмандардың көне тарихының ізімен сабақтаса қалыптасқан. Құла, сары сұр мағынадағы атау армянның Хартес, орыстың Половец, немістің Falben атауымен тарихи жәдігерлерде хатталуы құмандарымен тығыз байланысты. Сонымен қатар осыған ұқсас мағына беретін құмандардың басқа бір компонентінің «сары» деп те аталады. Құмандарға шығыста қыпшақ атауы кең қолданылады және бұл атау аталған одақтағы  ең үлкен этнокомпонентінің атауы [3] .

Татар жорығынан соң қыпшақ атауы Еуропада да қолданыла бастады. Себебі аталған жорықтан соң Дәшті Қыпшақтың шығыс аймағын мекендеген қыпшақтар, өздерінен батысқа қарай өмір сүрген командурларлардан (олар Мажарстанға және Балқанға қарай ауған соң олардың) босаған аумаққа  қарай, яғни батысқа ойысып көшті [4].

Құмандардың миграциясынан бұрын бұл одақтың бір үлкен компоненті – кун немесе құн (құман) жұрты Хуанхэнің үлкен бұрылысынан шығысқа қарай мекендеген. Сары ұйғырларды жеңіп, олардың ел мен жерінің бір бөлігін өзіне қаратып (қосып) алды. Сол кезден құмандардың сары деген атауымен белгілі болады (Марвази бойынша). X ғасырдың екінші жартысында қазіргі Пекиннен солтүстік батыста империясын құрған китай (кидин) мен көршілері койлар жаңадан біріккен құн-сары бірлестігін батысқа қарай ығыстырып, Жоңғар қақпасынан асырып, оғыздар мен қарлұқтар жеріне дейін ысырып тастады. Оғыздардың бір бөлігінің артынан өкшелей қуып отырып, 1020 ж. шамасында Сырдарияның күншығысында қыпшақтармен бетпе-бет араласты. Осылайша олар өзінің үшінші құрамдас бөлігін (компонентін) қосып алып, құн-сары-қыпшақ бірлестігі дүниеге келді. Кейбір дереккөздерде құман, коман атауымен аталды. Осы кезден бұл атпен сөз болып отырған құмандарды жиі атайды [5].

Құмандар 1040 жылдар шамасында уздарды батысқа қарай ығыстырады да, кешікпей 1055 жылдары орыс княздіктерінің оңтүстік шекарасына жетеді. Нағыз соғыс тек 1061 жылы басталды. Всеволод князьдің қолдарын жеңген соң екі жүз жылдай уақыт бойы шығыс Еуропаның даласының тағдырын шешті. Осы кезден бастап құмандар орыс князьдіктерінің қалаларын тонау, талқандау, олжалаумен болды. 1071 жылы Киев князьдігінің шекарасына дейін жетеді: дәл осы кезде уздардың жерлерін тартып алып, жолды батысқа қарай – Балқан мен Карпатқа қарай ешбір бөгетсіз етіп, «ашып» қойды. Византияның солтүстігін мекендеген печенегтермен одақтаса отырып 1078 жылы Дринопольді, 1087 жылы Тракияны шабады. 1091 жылы император Алексей Комнен (Alexios Comnenes) құмандардың көмегіне сүйеніп, печенегтердің тарапынан Константинопольге төніп тұрған қатерді сейілтеді. Дәл сол тұста құмандар Трансильванияның қыраттары арқылы Мажарстанға қарай өтеді. 1096 және 1109-1114 жылдары қайтадан византиялықтарға қарсы соғыстарын жандандырып қана қоймай, орыс князьдіктеріне ұдайы қауіп төндіріп тұрды. Кейін оларды көктей өтіп Польшаға шабуыл жасады.

XII ғасыр басында орыстар құмандарға қарсы шабуылға шығады. 1103 жылы орыс князьдіктерінің біріккен жасағы құмандарға ойсырата соққы беріп, оларды Дон мен Донецке, тіптен Дунай бойындағы өңірге дейін асырып тастады. Осылайша олардың арасына сына қаққандай етіп, олардың өзара шұғыл түрде қайтадан бірігуіне бөгет жасайды. Бірақ 1152 жылы қайтадан Днепрдің шығыс жағына дейін жетіп, бірлесе отырып, 1178, 1190, 1192 жылдары орыс князьдіктерінің күштеріне қарсы соғысады. Бұл соғыстар көбіне құмандар пайдасына шешіліп отырды. Себебі орыстардың ішкі кикілжің мен тәж үшін тартысы олардың басын қоса алмаған-ды. Құмандардың жаңа тың серпін алуына, бәлкім олардың шығыста қалған жақындары – қыпшақтардың келіп қосылуы күшейте түскен болатын. Сол кезден бастап құмандардың қыпшақ аталуы батыс әлемі үшін кеңінен таныла бастады.

Осылайша бірсыпыра деңгейге дейін күшейген олардың жеңісті жорықтары орыс князьдіктеріне қарсы сондай Балқан өңірінде де толастаған емес. Әсіресе, 1185 және 1237 жылдар аралығында бұлғар билеушісі Асен «Болғар империясының тәуелсіздігін қорғап қалуға және Константинопольдік латын билеушілеріне қарсы соғыстарда құмандар жетекші міндет атқарады.

XIII ғасыр басында орыстарға қарсы соғыстар жаңа екпінмен жалғаса  отырып, 1203 жылы қысқа мерзімге болса да Киевті иеленуге мүмкіндік берді. Керісінше, 1219 жылы құмандар орыстармен одақтасып, Галицті мадиярлардан тартып алуға атсалысады. 1222 жылы моңғол қолдары Кавказды көктей өтіп келген кезде орыс қолдарымен одақтасып құмандарға қарсы күрескен. Кейін орыс князьдіктері құмандардың одағы ретінде моңғолдарға қарсы тұрды. 1223 жылдың 31 мамырында біріккен құман-орыс армиясы моңғолдардан ойсырай жеңіледі. Мұнан соң Дәшті Қыпшақ даласының Еділден шығысқа қарай бөлігі Шыңғыстың тұңғыш ұлы Жошы билігіне өтеді. Ал, жеңіліске ұшыраған құмандар батысқа жөңкіледі. 1238-1239 жылдары моңғолдар қысқа уақыт ішінде орыс князьдіктерінің солтүстікке дейін орманды алқапқа (тайгаға) дейін жерлерін  иеленген соң Днепр мен Дон аралығындағы құмандардың ізіне түсіп, жаулап алуға бекінеді. Ал, осы тұста құмандар Көтен хан (мадиярша – Köteny) жетекшілігімен  Мажарстан королінен сауға сұрайды. Мадиар патшасы IV Бела  1234 жылдың күзінде құмандарды өз еліне қабылдауға келісім береді. Мұнда үш ғасыр бұрын қоныстанған мадиарлар мен жаңадан келіп қосылған көшпелі  құмандар арасында кикілжің, түсініспеушілік күн сайын дерлік орын алады.

1241 жылдың наурызында моңғол қолдары Пешт қаласына таяп келген кезде құмандар моңғолдардың жансызы, барлаушы жасағы екен деген жалған қауесет тарап үлгереді. Моңғолдардың тонаушы-барлаушы алғадайлары Фридьеш герцогты тұтқындаған кезде қолға түскендер арасында құмандардың да болуы жергілікті жұртшылық тарапынан оларға (құмандарға) деген сенімді азайтып, күдігін одан бетер асқындырып жіберді. Құмандарды сатқын, барлаушы жансыз деп, олардың жетекшілері Көтен ханды өлтіреді. Бұл жайтқа наразы болған құмандар оның кегін қайтару үшін жолында кездескен мадиярларды шауып, тас-талқанын шығарып,  Мажарстан жерін тастап кетеді.

Татар-моңғол жорығы аяқталған соң халқы азайып саны, сиреп қалған елге IV Бела патша  құмандарды  кері шақырып алады. Келіп қоныстанған құмандардың алты тайпасы болды [6]. Яки, олардың денін алты тайпаға бағынып топтасқан үлкенді-кішілі рулар мен тайпа өкілдері (шоғыры) құрады. Олар Борчал (Борчаул), Олаш (Улаш), Чертан, Кол (Қор), Илончук (Илунчук), Көнчөг (Көнчег). Бұл тайпалардың бірлі-жарымының аттары шығыс деректері мен орыс жылнамаларында белгіленген. Бір кездері әлемге аты әйгілі болған қыпшақ-құман империясының құрамындағы тайпалардың бір бөлігі ғана Мажарстанға, Балқанға және Олтенияға көшіп қоныстанса, бірқатары оңтүстік орыс даласында, дені шығыстағы қыпшақ-түрік халықтарының құрамында қалды.  Ал, бір бөлігі орыстанып казак-орыстардың қалыптасуына араласты [7].

Халқы сиреп, жері бос қаңырап қалған Мажарстан үшін құмандар үлкен күш, дем болды. Елдің үштен бір бөлігі дерлік құмандардың иелігінде болды. Әсіресе,  қорғаныс әскери күш жағынан өте үлкен маңызға ие еді: IV Бела,V Иштван, IV Құман Ласло, ІІІ Андраш, Карой Роберт, Надь Лайош қатарлы мадиар патшалары құмандардың әскери күш-қуатына сүйенді, тіптен құмандардың жеңіл қаруланған атты әскеріне иек артқан, сенім білдірген сәттері де аз болған жоқ. Мұндай маңызды шешуші міндетіне қарай құмандар көшпелі өмір салттарын аса ұзақ уақытқа дейін сақтай алмады. Көшпелілерге тән қорғаныс жауынгерлік тәсілдерін тек көшпелі қоғамдық қатынастар жағдайында гүлдендіріп сақтау мүмкін еді. Патшалардың олардан  күткен сол еді. Бірақ, елге қабылдап алудағы басты бір шарт христиандық пен отырықшылдықты қабылдау болғанымен оның өзі жеңіл (кедергісіз) жүрген жоқ. Католик дінін қабылдау да, шіркеулік салық жүйесі үлкен қарама-қайшылық тудырады. Оның айқын дәлелін реформация басталған кезде құмандардың бірсыпырасы Кальвинизмді қабылдағаннан байқалады [8].

Феодализация құмандар арасында XIV ғасырдң ортасында жүргенімен, отырықшы елді-мекендердің іргесі тек XV ғасырдың алғашқы жартысында ғана қаланып, қыстақтардан көшіп келе бастады. Кейбір құман тайпалары рулардың белгілі бір өңірге отырықшылыққа ауысқан топтары кейін сек (szék) деп аталатын округтерге бөлінген кезде тарихи-мәдени дәстүр бойынша осы өңірде 6 құман және 1 иас (яс) округі ұйымдастырылды: Зентелт-сек, Колбаз-сек, Халаш-сек, Миже-сек, Кечкемет-сек, Хонташ-сек және Берень-сек [9]. Осы аталған құман округтерінің бірі – Хонташ немесе Хонтош-сек қазіргі Фейер облысының аумағындағы (оңтүстік-шығыс бөлігінде) тарихи тұрғыдан печенег жерімен шекаралас. Құмандардың бұл өңірдегі тарихы туралы көне жазба дерек 1279 жылғы бастаухаттарда жазылған. Құмандарға ерекше құқық үстемдігі (прерогатива) беру туралы аталған жәдігерде олардың Дунай дариясының батыс жағына қоныстандыру туралы да ештеңе айтылмаған [10].

Құмандардың аталған өңірде тұрғандығы туралы деректер XIV ғасырдағы жазбаларда кездеседі: Дьөрфи Дьөрдьнің пайымдауы бойынша ондай дерек 1399 жылы хатқа түскен [11]. Керісінше, Карой Янош зерттеуі бойынша Фейер облысы құмандары туралы алғашқы құжат кешірек, дәлірек айтсақ «Буда (шіркеулік) капитулының 1407 жылғы 17 мамырда жазылған хаты. Онда 1343 жылы Лайош патша, Миклош надор (патша уәзірі) және Тамаш воевода тарапынан жазылған иакобсалаштық (яковсаллаш) құман (қыпшақ) капитаны (құмандардың арасынан тағайындалған жетекші басшы, шығыстағы рубасы тәрізді құқыққа ие мәртебе, кейін би, қазы сипатына қарай ойысты – ауд.)* Бутемерге  жазған хатты оның немерелері Петер мен Яношқа (1404 жылғы 17 мамырда Буда капитаны) көшіріп жазып берген [12]. Егер бұл құжатта жазылған жер атауы кейін Хантошсек деп аталған құман округінің бір елді мекенінің атауына қатысты болса (Дунай-Тиса аралығындағы осыған ұқсас аталатын жерлерге қатысы жоқ болса – Мандоки Қоңыр ескертпесі), онда Бутемер шамамен XIV ғасырдың басында дүниеге келген және 1340 жыл шамасында аталған елді-мекеннің капитаны болған. Оған жазбаша құжат дәлелдеріміз болмаса да, кейбір пайымдаулар бойынша Хонтош-сек округі аумағына қарай XIII ғасырдың соңында қазіргі Кишкуншагтан малын жайлап, көшіп-қонып жүрген [13].

Фейер  облысындағы құмандардың сек, яғни округтерге бөлінуі туралы дерек XV ғасырдың басындағы деректерде бастап ұшырасады. Қолда бар деректер Жигмонд патшаның ұйғаруымен Хантошсек округінің капитаны Галдың мұрагері болмаған себепті оның орнына Томан Якавты 1417 жылы сайлаған. 1419 жылдың 12 қарашасындағы құжат жаңа капитан Томанға қарсы жұртшылық наразылығын ескеріп, оны капитандығынан қайта (...captanheus comanozum nostrorum Sedis Hontos) бекемдей түскен [14]. Бұл құжаттарда аталған Хантан, Якавсалаштан басқа төмендегідей құман елді-мекендерінің аттары аталады: Карачонмиклошсаллаш, Висаллаш, Байдемерсаллаша, Келпелкуарт, Шарашд, Тобалисентпетер, Чабаш, Иванкателеки, Дьиолтапалсаллаш (саллаш елді мекен деген мағына береді – ауд.).

Отырықшылыққа ауысу, христиандықты қабылдау үрдістері Хантош-сек құмандар арасында да аса қиындықпен жүріледі. Елді-мекен атауларында «саллаш» деп атау XIV ғасырдың бірінші ширегінен басталады және оның тұрғындары шамасы тек қыс маусымында ғана осындай тұрақты баспаналарға келіп уақытша тұрған. Қыстаулар мен қыстақтарда шіркеу салып, діни духовенство дүниеге келген. Жоғарыда сөз еткен 1419 жылғы құжаттан байқайтынымыз сол кезде Хантош-секте шіркеу де, духовенство болған. Ондайлар Уйсаллаш, Келполкарт, Чабансаллашта да болған. Мұнан кейін шіркеу (собор)  саны бұл өңірде аса көбейе қойған жоқ. Айталық 40 жыл өткен соң шіркеуі бар елді мекендердің тізімі бірге кеміген немесе тізімнен Чабансаллаш атауы қалып кеткен [15].

Христиандықтың бұлайша өте баяу жүрілгендігі мен ықпалы өте-мөте әлсіз болғандығын мынадай бір оқиғадан байқаймыз. 1473 жылғы 6 маусымда хатқа түскен құжатта Матиаш (Матьяш) патша сол кездері сирек  кездесетін жайтқа мән берген: атап айтсақ Кайторсаллаш елді-мекенінің тұрғыны Кун Михай есімді адамды христиандықты қабылдағаны үшін оны және мұрагер ізбасарларын барлық түрлі салық пен  патша ағзамға төлейтін салықтан біржола азат еткендігі (әулие Пал орденіне айрықша қызмет етіп жәрдем жасағаны үшін) айтылады [16].

Хантош-сек құмандары XV ғасырдың соңында экономикалық жағынан тың күш ала бастайды. Бұған дәлел 1481 жылы Матиаш (Матьяш) патшаның патент құқығы туралы құжатты Фейер облысындағы Якавсаллаш аталатын құман елді-мекенінде басқадай азат, патшаға қарайтын қалалар мен иеліктер тәрізді жылына үш мәрте мемлекет дәрежесінде базар-жәрмеңке ұйымдастыруға, әр аптаның бейсенбісінде апталық базар өткізуге рұқсат берген [17].

Мұндай алдаусыратқан әрекет Мохач шайқасынан (Осман империясының патшасы І Сүлейменнің 1526 жылы Мажарстан жерінде чех-мадияр-поляк одақтастарын кұйрете соққы берген шайқасы – ауд.) соң ақыр болды. Жеңілген осман-түрік қолдары Фейер облысы жазығын басып өткен жолында немесе соның кесірінен бірқатар құман елді-мекендері құрып кетті. Бір мүлік иелігі туралы іс хатынан құмандардың Хантош пен Ивантелек елді-мекендерін 1537 жылы осман-түрік қолдары мүлдем қиратып кеткендігі баяндалды [18]. Түріктер бүлдіріп кеткен елді-мекендердің бұрынғы статусын Янош патша мүлде тоқтатуға үкім берген. Ал, I Фердинанд өзінің жақтасы Печ епископы Лечкей Шуйон Дьөрдні 1537 жылы ерекше сыймен сыйлаған. Ол «...епископқа және Лечкей Шуйон Иштванға және Балажға қазірге дейінге берілген адал  қызметі мен ерекше еңбегі үшін Хантошсек деп аталатын Патшаның құмандар (тұратын) алты елді мекені, атап айтсақ Епөсалаш, Карачоньсаллаш, Уйсаллаш, Якавсаллаш, Шарошдо, Кайтор, Перката аталатын Фейер облысы Шолт сек округіндегі елді мекендер барлық иелік мүлкімен бірше оларға сыйға берілетіндігі һәм мұрагерлік (құқықпен) иелену еркі берілген.

Оған дейін Янош патша немесе оның ізбасарлары бөгдеге берілген аталған құман иеліктерінің есесіне басқа жерден екі жүз басыбайлы (крепостной) шаруалар тұратын жер телімдерін (надел) беретін болады. Ал, сыйға алғандар құмандар тәрізді аталған иелікті кез келген шабуылдан қорғауды міндет етіп алады» [19]. Патшаның бұл әрекеті елдегі заң жарғыларға, құман мен иастарға бұрррыннн берррілген басым құқықтарға ( прерогатива) ие аумақтарды сыйға тартуға болмайтындығы жөнндегі қарарларға мүлдем қарама-қайшы еді. Бұл шешімнен құмандарды бас уәзір де, надор  (наместник короля) да қорғай алмады. Себебі бұл тұста 1523 жылдан бастап надор лауазымына адам тағайындалмаған еді. Янош патшаның мұндай батылдығына не себепті болды деген сауалға өлке тарихын зерттеуші Карой пікірі мынадай: Хантош-сек құмандарының сол тұстағы ішкі кикілжің қайшылығы кезінде олардың Фердинандқа қосылып кеткендігімен байланысты еді.

Бәлкім, осман-түрік қолдарының шайқастағы шығын мен ұзаққа созылған соғыс қалжыратқан құмандардың санының күрт азайып кетуі мен, олардың бір тобының Тиса-Дунай аралығындағы құман округтеріне қарай қашып түріктерден азат етіп үлгермеген аумаққа қарай бас сауғалауы оларға белгілеп берген жерлерінің бос қалуы Янош патшаға оларды жеке елді-мекен деп санауға қиындық тудырған [20]. Бұл сыйға тарту оқиғасынан кейін Хантош-сек құмандарының тағдыры тәмам болады, ерекше прерогативадағы не құман округі Алфөльд (Мажар) ойпатындағы құмандармен байланысы біржолата үзіліп қалды.

Мұнан кейінгі тарихи құжаттарда Хантош-сек атауы құман елді мекен ретінде мүлде ұшыраспайды. Онда қалған азғана тұрғындар әлі де болса прерогативадағы не Кечкемет, Халаш, Миже және Тисаның шығысындағы Колбаз деп аталатын сек округтарға көшіп қоныстанады [21]. Иен қаңырап қалған яки сыйға тартқан елді мекендерге біраз уақыттан соң басқа жұрттар келе бастады, кейбірі бос тұрды. Басқа жақтан келгендер, әрине, елді-мекенге жаңаша ат беріп, бірте-бірте ескі атаулары ұмыт бола бастады. Бірақ, үлкен елді-мекен атаулары байырғы қалпында сақталды. Ондайлар – Елөсаллаш, Надькөрачонь, Уйсоллаш (қазіргі атауы – Мезөфалва), Хантош, Перката, Шарошд. Бірқатары шекаралық елді-мекен ретінде белгілі.

Айталық, байырғы Кайтөрсаллаш қазіргі күні Кайтөрпуста өткен белгілі және Аба елді-мекенінің шекарасы (шетінде), Якавсаллаш атауы қазіргі Шарошд шекарасына тиіп тұрған Якавсаллаш –пуста шекаралық бекет бөлік атауында сақталған [22]. Керісінше, Байдомерсаллаш, Бестерсаллаш, Чабансаллаш, Дьиолчапалсаллаш, Иванкателке, Тобалисенпетер деп аталатын құман елді-мекендерінің атауы ұмытылған. Бұл атаулардың бірлі-жарымы құман текті топонимдер жүйені зерттеу барысында кездесуі мүмкін. Дегенмен құмандары сабақтастығының үзілуі (мадиар) даласында қалған атаулары ұмыт болып жойылып кетуі ғажап емес.

Хантош-сек құмандарының тарихының шешімін таппаған тұстары бар. Соның бірі Фейер  облысына бір кездері көшіп келген құмандардың қай тайпа, руға жататындығы. Егер 1407 жвлғв құжатта сөз болған Бутелер (...de genore Jlunchuck) Хантош-сектің Яковсаллаш елді мекенінің капитаны (Тиса-Дунай аралығында емес) сол руға жатса онда Фейер облысындағы құмандар, тіптен олардың бір бөлігі Илончук (Илунчук) тайпасының өкілдері деген болжам жасауға болады [23].

Айтулы ғалым Дьөрфи Дьөрдь пікірі бойынша Хантош-сектегі құмандар бұрыннан бері Дунайдың батыс жағында өмір сүрмеген, керісінше (шығысына) қазіргі Кишкуншаг (Кішіқұмания) өлкесінен көшіп барған. Хантошсек тұрғыны туралы тек бір ғана XIV ғ. соңындағы құжат ғана қуаттай алады. Дегенмен олар байырғы емес келімсек көшіп келгендер екендігін де жасырмайды. Бірақ, Дунай-Тиса өзені аралығынан шыққандығы туралы мынадай дерек те бар. 1517 ж. Хантошсектегі елді-мекендер тізімінде Бөстерсаллаш атауы (Куншагтағы) Сибадсаллаш пен Кунсентмиклош аралығындағы Бөстөрпуста* (бір кездегі атауы Бестерхиза) атауына ұқсас (* соңғы жылдары Туран Қрылтайы өткен елдімекен ретінде танымал – Ауд. ) Т. Бұл Дунай мен Тиса аралығындағы атау Хантош-сектегі Бестер түпнұсқадан алған атаудың жалғасы болуы әбден мүмкін [24].

Хантошсек құмандарының тілі туралы дерек жоқтың қасы. Тек бізге жеткен құжаттардағы азғана құман текті антропоним мен топонимдерді ғана атай аламыз, және оны жаңадан іздестірсек те көбейте қою екіталай. Еліміздің әр жерінде ұшырасатын, жақыннан (үстіртін) анықтауға мүмкін емес құман қыпшақ текті фамилиялары бар адамдарды Хантош-сек құмандарының ұрпақтары деп санауымыз қажет. Жоғарыда айтылғандай бізге жеткен құжатта аталған құман жер-су, адам аттары Фейер  облысындағы бір кездегі Хантош-сек округіндегі құмандардың тілі үлкен Мадияр ойпаты Альфөльдіні мекендеген құмандардың тілімен бірдей бәлкім сәл ғана говорлық өзгешелігі жергілікті ерекшелігі болды деуге толық негіз бар. Төменде сонда жазылып қалған, өкінішке орай өте  жұтаң деректерді құман тіл ескерткіштеріне тоқталамыз.

Alagaz  – Алагаз: 1537 жылғы шекаралық іске қатысты бір құжатта Хантош-сек округінің Якавсаллашынан шыққан Алагаз Имре (...Emericum Alagaz de ...Jakabzalas) [25]. Бұл адам есімінің түпнұсқасы Ала-қаз деп аталады, мағынасы шұбар ала қаз (құс). Сөз ортасындағы интервакаль-дауысты дыбыс арасындағы q (к) дыбысы г(g) дыбысына ұяңданып өзгерген. Мұндай дыбыс өзгерісі мадиар, құман фонологиясы бойынша түсіндіруге тұрады. Құмандар Алақаз деп дыбыстағаны әбден мүмкін

Baydamer (Байдамер). 1419 жылғы құжатта оны Байдамерсаллаша деген формада ұшырастырамыз. Бұл топоним Байтемір есімді құман антропономінен туындаған. Мағынасы айқын мықты (темір) мырза [26]. Менімше әу баста есім Байтемір деп дыбысталған. Тек құжатқа түскен кезде хатшының құман тілінен хабары аздығынан немесе аса назар аудармауынан елеусіз қате кеткен.

Bezther – Бестер. Елді мекен атауы 1517 жылғы құжатта Берстерсаллаша деп белгіленген. Бұл да адам есімінен туған. Бұл бір құман елді мекенінің капитанының аты және ономаст түрколог Рашони Ласлоның пайымдауы бойынша «Вызывать отвращение» (undort kelleni) – безу, қашу деген етістіктің императив түрі [27]. Бұл етістік түрік тілдерінде, айталық татар тілінде бездір түрінде ұшырасады.

Бутемер-Butemer. Жоғарыда айтылғандай Якавсаллаш капитан аты (...Buthemer de jakabszallaisa...) Рашони Ласлоның пікірінше бұл атау бүт-«geboren, Werden, wachsen» – етістігінің импоссивилитумы [28], біздің пікірімізше Байдемерсаллаша топониміндегі Байтемір нұсқасынан бастау алады және хатшының қателігінен өзгеріске ұшыраған.

Чабан – Chabak. Тек елдімекен атауы ретінде сақталған (decensus Chabak), антропоним ретінде ұшырасуы екіұдай. Атаудың Чабок, Чобак формалары да ұшырасады [29]. Бұған ұқсас варианттары мен паралельдері түріктер өмір сүрген аумақта көп таралған. Түпнұсқадағы алғашқы форма балықтың бір түрін білдіретін мағынада және құман тілінде чабақ (cabag) түрінде болған. []

Диолта, Дьулча (Diolta, Gyolcha) – адам атауы ретінде де жер–су атауы ретінде де ұшырасады көне жазба құжаттарда (Benedictus Gyplcha, Gtyolchpalzallasa) атау құман тілінің иолчы – жолаушы, жолшы сөзінен туындаған [31].

Илунчук – Ilunchuk. 1343 жылғы құжатта Бутемер ишпан (управляющий, приказчик) құмандардың илунчук руынан екендігі айтылады. (...Buthemer de genore Ilunchuk...) құмандардың Илунчук руынан екендігі айтылады (...Buthemer de genere Ilunchuk...). Рашони Ласло пайымдауынша ылан (жылан) және чук (шық) кішірейткіш жұрнақ арқылы туындаған (жыланшық мағынасында) дейді [32].

Кайтор – Kaythor. Аба елді мекеніне жапсарлас жатқан Бодакайтар және Фиаткайтар писектегі бекет аттарында сақталған көне формас-Кайторсаллаша десенсус. Атаудың түп негізі құманның Кайтыр немесе Кайтар (Qaytϊr, Qaytar), кері қайтып келген, оралған деген мағынадан туындаған [33].

Томан –Thoman. Хонташ сек округіндегі үлкен бір әулеттік фамиялиясы. Ол тарихи құжаттарда әрқилы формада –Thoman, Thobay, Thobai, Thoban хатқа түскен. Шамасы түпнұсқа атауы Туман деп аталған, мағынасы тұман, бұлт [34].

Тарихи шолуда айтылғанда осман түріктеріне қарсы қанқұйлы замандарда Хантош-сек құмандары ел мен жерден айрылып, босып кетті. Шұбырынды оқиға аяқталған соң өз қоныстарына орала алмады. Себебі түсінікті: прерогативаға не Хантошсек иеліктері бөгдеге сыйға тартылып, біреудің билігіне көшкен еді. Сондықтан да олар басқа жақтан мүмкін болған жағдайда басыбайлылар (крепостнойлар) бар ауылдар мен ерекше құқығы превилигиясы бар аумақтан өздеріне қоныс іздеді. Олардың көбін жапсарлас жатқан Тиса-Дунай аралығы мен Тисаның шығыс жағында әлі де болса өмір сүруін тоқтатпай сақтап қалған құман округтері қабылдап алған. Жерсіз қаңғырып қалған Хантоштықтар қуана қарсы алып, өз туысқандары арасына қоныстанып, олармен қуаныш, қайғы, жұбанышын бірге бөліскен. Жаңа ортада оларды бір кездегі өмір сүрген елді мекендердің атауымен атаған және ондай фамилиялар мен лақап аттардың қайсібір бүгінгі күнге дейін жеткен [35].

Әсіресе, көптеген Хантош-сектен шыққан құмандардың фамилиялары Кичкуншаг, яғни Кішікуншаг (Кіші құмания) өлкесінің солтүстігіндегі құмандар арасында көптеп ұшырасуы заңды. Өйткені олар ұдайы түрде Фейер облысындағы яғни Дунайдың батысындағы туысқандарымен тығыз ынтымақта болғандығы анық.

 

Әдебиеттер:

  1. «Фейер облысындағы печенегтер мен құмандар» деген атпен 1969 ж. мамырында оқылған баяндамадан өзгешелігі печенегтер тарихына тоқталмадық. Оған жеке арнайы зерттеу мақаласы дайындалуда    (автордың  түсініктемесі 1972 ж).
  2. Фейер облысында бір кездері печенегтер тұрған аумақтағы өзіндік мақтаныш және тегі туралы мағлұмат (осман түрік) билігі езгісі ақыр болған соң келіп қоныстанған печенег әулеттері арқылы қалыптасқан және ол дәстүр бүгінге де жеткен.
  3. Nemeth 1. Der Volksnamen Quman und Qun. Körŏsi Csoma Archivum. T. 1940. 95-109
  4. Мажарстандағы құмандар арасында белгілі бір қыпшақ өкілдері де болған. Konчoг (Kopcsog) және карцагтың Тайошаш Купчoг (Kupcsog) фамилияларымен лақап есімдерінде қыпшақ (qipčag) этнонимі сақталған.
  5. Czeglédy Károly. A kunok eredetėről (Құмандардың шығу тегі) Mаgyar Nyelv. XLV (1949). 43-50
  6. Әлбетте, құмандардың алты тайпасы немесе руы туралы сөз болады. Оның себебі құмандардың алты тайпасына қосылып олардың жетекшілігінде Мажарстанға бірге көшіп қоныстанған иас жұртын жеке тайпа ретінде санайтындығымен байланысты.
  7. Толығырақ Györffy György. A kunok jendalizálodása (құмандардың феодолизацияға көшуі) //Tanulmányok a purasztsag történetehez. Magyarozszágon a XIV században a XIV. szazadban (XIV ғ. Мажарстандағы шаруалар тарихы туралы зерттеулер) Szerk Székely Gy. Budapest, 1953. 248-250
  8. Györfy Istvan. A kunok meqtérése //Protestanus Sremle 34(1925). 669-681
  9. Толығырақ: Györffy Gy. Аталған еңбек. 272-275
  10. Gyárfás Istvan. A Jász-kunok története (Иас құмандар тарихы). II. 439-440.
  11.  Толығырақ: Györffy Gy.  Аталған еңбек 275, 219. 219 беттегі сілтемеде бұл деректің қайдан алынғандығы дәлме-дәл көрсетіледі. Ол Károly Fejér vásmegye története. 1896 v. 304-305 (Фейер облысының тарихы)
  12.  Károly 1. Ат еңбек. 1.(Szekesfehervár, 1896. 190. Құжат Gyárfas 1 Ат. еңбегінде III. 552-553 берілген.
  13. Толығырақ. Fejér vármegye. Magyar vázokok ės vármegyék monogzafiaga. 237 Cegled, 19377 98 (Фейер облысы монография)
  14. Толығырақ. Károly 1. Аталған еңбек. 191-192;  Gyárfás 1. Аталған еңбек. III.565-568
  15. 1445 ж. 20-мамырында жазылған құжат. Gyárfás 1. Аталған еңбек. III. 631 басылған
  16. Gyárfás 1. III. 673 және 1484 ж. 29-маусымындағы құжатта Матиаш (Матьяш) патша 1473 ж. Кайтарсаллаштың Кун Михайға берілген салықтан босату туралы шешімі қуаттай түскен. Бұл да Gyárfás 1. Аталған еңбек. III. 683-684ю
  17.  Gyárfás  1. Аталған еңбек. III. 682-683
  18.  Gyárfás 1. Аталған енбек III. 766
  19. Толығырақ. Karoly 1. Аталған еңбек. 199.  Gyárfás 1. Аталған еңбек. III. 7697-768
  20.  Толығырақ: Károly 1. Аталған еңбек. 200
  21. Қашып бас сауғалағандар ең алдымен Тиса-Дунай аралығына жеткен. Себебі ондағы құмандармен бұрыннан тығыз байланыста болған. Тисаның шығыс жағына да бірталайы жетіп үлгерген. Құмандардың жан-жаққа бытырауы туралы даулы мәселеге құманиялықтардың антропонимдерін зерттеу нәтижелері жауап беретін болады.
  22. Толығырақ. Fejer vármegyе.  Аталған еңбек. 102, 108, 112, 118, 120, 123, 124
  23.  Györffy György пайымдауынша (Ат, еңбек 274). Бутемер Кечкеметтің жанындағы Якавсаллаштың капитаны болған.
  24. Györffy Gy. Аталған еңбек. III. 766
  25.  Gyárfas Istvan. Аталған еңбек. 275.
  26.  Толығырақ: Rásony 2. Les anthvoponymes comans de Hongriel Acta orienttation comans de Hongriell Acta orientalin Hungarice. ХХ (1967). 137.
  27.  Сонда 137
  28.  Сонда 138
  29. Толығырақ  Gyárfás 1. Аталған еңбек. III. 566, 631, 736, 738
  30. Толығырақ. Rásony L. Adalékok török tulajdon néveinkhez (Түрк жалқы есімдеріне қосымша) // Nyelvtudomiariyi Közlemtnyek. XLVI. 126.
  31. Түріктің Jolči – иолшы (жолаушы) сөзі моңғол  тіліне еніп онда антропоним ретінде сіңген. «Монғолдың құпия шежіресінде» Кутула Хоганұлы joči «Моңғол тілдік мұрағаты – Mongol nyelvemléktar.III. Budapest, 1964) делінсе тағы үлкен лауазым иесі Joči – Qasar (сонда 60 б. 195 тармақ) бар. Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы Жошы жорық жолында (Сонда 165, 210, 239, 242, 243, 254, 255, 258, 260 тармақтар) туған. Шыңғыс ханның басқа маңызды бір адамы Joči – darmala (сонда 128, 201) Құман атауларына толығырақ Rásonyi L. Les ahthorporymes comans … 140
  32. Сонда
  33. Сонда 142
  34. Хантош-сек округінің құмандарынан Дьочай, Дьочайи, Канташ и Хонташи немесе Кан таш) Каричоньи (Карачоньмиклошсаллаш) деп аталатын Үлкен Құманиядағы құман әулеттері таралуы әбден ықтимал.

 

 

Мадияр тілінен тәржімалаған

 тарих ғылымдарының кандидаты

Бабақұмар ХИНАЯТ

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?