Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жылқы жабдығы

1690
Жылқы жабдығы - e-history.kz

Жылқы жабдығы деп – жылқы түлігін басқару және пайдалану үшін қолданатын құралдарды айтады. Қазақ халқы жылқы жабдығын: тұрмыстық, сәндік, жауынгерлік мақсатқа орай әртүрлі жасайтын болған. Тұрмыстық мақсатқа: күнделікті шаруаға қажет жабдықтар жатады. Оны сәндемейді және қарапайым заттан жасайды. Ал сәндік мақсат үшін жасалған жабдықтар қатарына ұзатылатын қыздың ат жабдығы немесе ас-тойға, салтанатты жиынға баратын елағасы, ауыл ақсақалының ат-тұрман әбзелдері және отбасылық мұра үшін арнайы сәндеп жасатқан жабдықтар жатады. Жауынгерлік жабдықтың ерекшелігі – өте берік әрі сапалы жасалады. Оны сәндеп жатпайды, бірақ көшпенділер тәртібінде батырлар ер-тұрманы мен қару-жарағына ритуалдық таңба бәдіздейтін дәстүр болған. 

Ер-тұрман

Ер-тұрман деп – ер және оның құрамын айтады. Ердің түрі көп. Атап айтқанда: 

Әшекейлік тұрғыдан:  алтын ер, күміс ер, оюлы ойма ер, шаппа ер, құранды ер.., т.б. 

Әлеуметтік тұрғыдан: жітіттің ері, баланың ері, әйелдің ері, ашамай, ұзатылатын қыздың ері,  батырдың ері, ақсақалдың ері.., т.б.

Ру-тайпалық тұрғыдан: қазақ ер, қалмақ ер, қырғыз ер, орыс ер, қоқан ер,  керей ер, найман ер, адай ер.., т.б. 

Жасалған материалына байланысты: қайың ер, қарағай ер, құрама ер, темір ер.., т.б. 

Пошымына байланысты: қапталды ер, жайпақ ер, биік ер, сауырлы ер, шошақ бас ер, үйрек бас ер.., т.б.

Ердің құрамы: екі қасы, қос қапталы, белағаш, оқпан, аттық, үзеңгілік, қанжығалық, шеттік, шегелік, анжы, тығылдырық.., т.б. бөлінеді. 

Екі қасы. Ерде алдыңғы және артқы қасы болады. Алдыңғы қасы тіктеу келеді де, артқы қасы жайпақтау орналасады. Ердің қасы ағаштан және темір бұйымдардан жасалады. Темір қасты қыстың суығында қолды қарып кетпеу үшін жұмсақ қайыстан қаптама өріп орайды. Қыз-келіншектерге арнап жасалған қайыңды ердің қасына оймыш өрнектер салады немесе жануардың сүйегінен өрнек жонып қастың жиегін көмкереді. Кейбір жағдайда, қасы қалың күміс ерлердің қас-маңдайына асыл тас немесе қымбат бағалы бұйым орнататын да дәстүр бар. 

Белағаш. Екі қаптал мен екі қастың ортасындағы ашықты жабу үшін ердің оқпан ойығымен бірдей етіп шабылып жасалған ағашты айтады. Белағаштың бірнеше бөлік ағаштан құрастырылып жасалатын түрлері де бар. Басты шарты белағаштың астыңғы жағы аттың арқасына тимейтін болуы керек. Белағашқа көп күш түсетіндіктен ол өте берік болғаны абзал. Сондықтан, тұзды суға қайнатып, көлеңкеде кептірілген, бойында дымы жоқ, қатқан ағашты пайдаланады. 

Қаптал. Ердің екі жағындағы, яғни, аттың арқасын жауып тұратын екі жалпақ ағашты айтады. Бұл ердің негізгі бөлігіне жатады. Қаптал ағаш жақсы жасалғанда аттың арқасына батпайды, жауыр болудан сақтайды. Қапталға ердің қастары бекітіледі. Екі қапталдың ортасына үзенгілік, қапталдың артына қанжығалық орнатылады. 

Оқпан. Ерді шалқалатып қарағанда екі қапталдың ортасында болатын ойық. Аттың қыр арқасына тимеу үшін екі қастың ойығы белағаштың ойығымен сәйкестендіріле бекітіледі. 

Шегелік. Қасты қапталға бекіту үшін оны шегелейді. Осы шегеленген жерді «шегелік» деп атайды. Шегелігі мықты ер жақсы ер саналады. Әрі шегелік қапталға өте шебер жымдасуы қажет. Жымдаспаған жағдайда аттың арқасын қажап жүргізбейді. Көп салмақ түспейтін баланың ері мен ашамайға ағаш шегелік жарайды. Үлкен ерлерге темір шегелік пайдаланады. 

Үзеңгілік. Екі қапталдың төменгі бөлігіне үзеңгі бау тағу үшін бірдей етіп екі тесік жасайды. Осыны «үзеңгілік» деп атайды. Егер де үзеңгі бау бірнеше қабат қалың болған жағдайда үзеңгіліктің тесігі де үлкен болады. Ерте кезде батырлар жауға мінетін ердің қапталы мен үзеңгілігі арнайы бөлек жасалатын болған. 

Қанжығалық.  Ердің артқы қапталының  шегеліктен асып, ашық көрініп тұрған жеріне 2-3 немесе 4 тесік жасайды. Осы аумақты «қанжығалық» деп атайды. Тесіктен жұқалап тілген таспа өткізеді. Бұл таспаларды «қанжыға» дейді. Қанжығаға әртүрлі бұйымдарды байлап бөктереді. Саят атының ерінің оң жақ алдыңғы қапталына да қанжыға жасайды. Өйткені, алдыңғы қанжығаға бүркіттің балдағы байланады.   

Шеттік. Артқы қапталдағы қанжыға тесігінен қосалқылап өткізіп бүлдіргеленген тұйық таспаны «шеттік» деп атайды. Оған құйысқанның жырымы байланады. 

Анжы. Екі қас пен екі қапталды қосып белағаш орналастырғаннан кейін, ердің ашық қалған бөлігін шикі-шылғи терімен көктеп жабады. Осы шикі таспаны «анжы» деп атайды.

Аттық. Ердің адам отыратын үстіңгі тұғырын айтады. Кей жерлерде «кісілік» немесе «керсен» деп те атайды.

Тығылдырық. Көп жыл қолданылған ескі ердің қапталы тоқымдықты қажап немесе ердің қапталы басқа бір жылқының арқасына сәйкес келмеуінен тоқымға салмақ түсіп аттың арқасы жауырланған жағдайда, қапталдардың астына қапталдың көлемімен бірдей етіп киіз қапталады. Осы қапталған киізді «тығылдырық» дейді.

 

 

Ер-тоқым

Ер-тоқым деп – ердің қаңқа басынан басқа барлық жабдықтарын айтады. Ер-тоқымның құрамына: тоқым, тебінгі (қалбыр), ішпек, ішкілік, көпшік, терлік, ат көрпе, мүйет, ойма, желқом, желдік.., т.б. жатады. 

 

Тоқым. Ердің қос қапталының астында орналасқан, аттың арқасын жауып тұратын жалпақ киіз. Тоқымды нығыз пісіріліп, жақсы иленген тірі жүннен жасайды. «Тірі жүн» деп, көктемде туған марқа қозының күзгі қырқымын айтады. Киіз тоқымды көбінде былғарымен қаптап, жиегін қымбат матамен сырып тігеді. Оны сырмалы былғары тоқым дейді. Бұдан басқа көмкерме тоқым деген де бар. Тоқым жұмсақ болуы керек.  

Тебінгі. Ердің қос қапталында үзенгі бау басып тұратын жұқа жабылғы. Оны жұмсақ теріден немесе былғарыдан жасайды. Ол тоқым мен үзенгі бауды терден сақтайды және үзеңгі аттың бүйірін қажамас үшін қажет. Мысалы, Махамбет Өтемісұлының жырындағы: «тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей…» деген тіркестер тебінгінің мазмұнын ашып тұр. Тебінгі әртүрлі формада жасалады. Оған мүйізден немесе ырғайдан жасаған мөрлер басылып, неше түрлі өрнек салынып, құйма, шытырма, үзбелермен сәнделеді.   

Ішпек. Аттың арқа тері тоқымға сіңе берсе, ол тез шіриді. Сондықтан тоқымды терден сақтау үшін және аттың арқасына ер батпау үшін тоқымның астына қалыңдатып салынған жұқа жабынды айтады. Ішпек қоңыр аңның болмаса серкештің терісінен жұмсақ илеп жасалады. Тіпті жұқа матаның астарына мақта салып жасауға да болады. Ішпек тоқымнан үлкенірек болады.

Ішкілік. Ішпек астынан төселетін, өте жұмсақ, таза көлемі ішпектей жалаң, жұқа төрткүл киіз. 

Терлік. Тоқым, тебінгілерді терден қорғайтын әрі аттың денесіне тіке түсетін ең соңғы қабат. Аттың тері сіңетін болғандықтан «терлік» деп аталған. Терлік көбінесе қозы, лақ терісінен, қылқадан, жұмсақ иленген ешкі жарғағынан жасалады. Қозының ұйысқан, шуаш жабағы жүнінен жасалған терлікті «жабағы» деп те атайды. Терліктің ең таптырмайтын бағалысы – қарақұйрық терісі.

Мүйет. Ат арқасына түскен болымсыз жауырды тер қатқан ішпек қажап жараға айналдырмауы үшін, жауырдың маңын қоралай қорғап қойылатын ортасы тесік шағын киіз.

Ойма. Аттың арқасында ірің кеулеген, яғни, ұзаққа созылған жауыр-жара болса, оған ішпек батып ат арқасын қимамас үшін ердің қапталына уақытша жасалған ойық.

Желдік. Кейбір қапталы тар немесе қысқа ерлерді керектенгенде ер аттың арқасына тимеу үшін қапталдың астына арнайы (биіктету үшін) қойылған жабдықты айтады. Кейде желдікті «желқом» деп те айтады. 

Көпшік. Ердің үстіне салынатын жастық, ішіне жүн салып мата, барқыт, былғарыдан жасалады. Киізден сырып, жүнін жоғары қаратып әбден иленген ешкі, қой терісінен де жасалады. Матадан тігілген көпшіктің кәдімгі төрт бұрыш жастықтан айырмашылығы жоқ. 

Ат көрпе. Арасына қой, түйе жүнін салып, шұға, атлас, барқыттан тыстап, астарлап тіккен көрпеше. Ат көрпені кейде мата қиықтарынан құрап, бұрыштарын кестелеп тігеді. Одан кейін үстіне күміс, алтын пыстан тартып мінгенде ерекше құлпырып, көздің жауын алады.

 

 

Айыл-тұрман

Айыл-тұрман деп –  аттың үстіндегі ерді орнықты, тұрақты һәм қозғалыссыз ұстап тұру үшін қажет жабдықтарды айтады. Құрамына: айыл, жырым, таралғы немесе үзеңгі бау, алақан, тіл, айылбас, алақан, доға, шеттік.., т.б. кіреді. 

Айыл. Түп басы ердің оң жақ қапталына бекітіліп, аттың бауырынан өткізіліп, ердің сол жақ қапталындағы жырымға бекітілетін жабдық. Айыл жасауға кез келген малдың терісі жарай бермейді. Айыл өте сапалы иленген қалың теріден жасалады. Көп жағдайда айыл екеу болады. Оны төс және шап айыл деп бөледі.  Әдетте төс айылды қатты тартып, шап айылды аттың қарнын қиып кетпеу үшін босаң тартады. Халық аузындағы, «Төс айылдың батқанын иесі білмес ат білер, ағайынның қадірін жақыны білмес жат білер» деген тіркестің болмысы, сөзімізді толықтырып тұрғандай.

Төс айыл. Аттың төсін орап тартылатын айылды айтады.

Шап айыл. Аттың шабын орай тартылады. Кейде бұны артқы айыл, кер айыл, тартпа айыл деп те атай береді. 

Атқа үш айыл тартатын жайлар да кездеседі. Яғни, асау жылқыны алғаш үйреткенде үстіндегі ер-тұрман берік болуы үшін, үшінші айыл тартады. Сондай-ақ, жаугершілік заманында жекпе-жек сайысқа шығатын батырлар сайыста ер-тұрман нық болуы үшін қосымша айыл тартатын болған. 

Жырымсыз айыл. Қосымша үшінші айылды айтады. Себебі, бұл айылда арнайы артық жырым (жырым саны екеу болады) болмағандықтын айылды өте ұзын жасап, екінші басына айылбас бекітіледі де, аттың бауырын толықтай орап тартады. 

Айыл жасалу әдісіне қарай: былғары, өрмелі, түймелі, ызбалы болып бөлінеді. 

Былғары айыл. Былғары мен қайысты қабаттап, қайып тігіп жасайды. Бұны сәндік үшін тағады. 

Өрмелі айыл. Өрмелі айыл жасауға кез келген қайыс жарай бермейді. Өрімшілер алдымен жақсы иленген әрі ұзынша жалпақ тілінген қайысты таңдап алып, оны таспалап (3-12 таспаға дейін) тіледі де, асықпай өріп шығады. Осы өрілген айылды «өрмелі айыл» дейді. 

Түймелі айыл. Жұмсақ қайыстан түйіп жасалады. Түюдің түрі көп. Әуелі, қайысты өзіне өзін байлап түюге болады, одан кейін қайысты өткермелеп түйеді, үшінші әдіс – көмекші таспа пайдаланып шалып жасайды. Қайысты түйіп өткермелегенде шашақ салып, салпыншақ жасап сәндеуге болады. Түймелі айыл шаруашылық атына қолайлы, мықты болады.

Ызбалы айыл. Бұндай айылды қайыс болмаған жағдайда берік қылдан ызып жасайды. 

Жырым. Айылдың доғадан өткізілетін, доғаның тілі түсіп бекітілетін бөлігі. Бұл екі қабат қайыстан, не таспадан өріліп жасалады. Қайыстан жасалғандарына әр жерінен тілше көз жасалады. Өріп жасалған жырымның таспа арасы көз міндетін атқарады. Жырым тек айыл-тұрманға қатысты айтылмайды, ердің екі қапталындағы екі шетінен бекітілген құйысқанның екі ұшы да жырым. Өмілдіріктің, үзеңгі баудың, жүген желкелігінің, тағы басқа айыл басталатын тұстар түгелдей «жырым» деп аталады. 

Таралғы немесе үзеңгі бау.  Ердің қапталындағы ойыққа өткізіліп, үзеңгіге бекітілген қайыс бауды айтады. Бауды иленген қайыстан екі немесе үш елі етіп тіліп жасайды. Жайшылықта үзеңгі бау бір қабат болса, жаугершілік кезінде сарбаздар үзеңгі бауды бірнеше қабаттайтын болған. Ат үстінде тұрып садақ тарту немесе найзаласу кезінде негізгі күш үзеңгі бауға түседі. Сондықтан да, үзенгі бау немесе таралғының сайыс кезінде маңызы өте зор болған. Қазақтың ауызекі сөзіндегі, «тоғыз қабат таралғы, үзілердей болғанда», «үзеңгі бауы сегіз қабат, ат үстінде шіреніп…» деген тіркестер тегін айтылмаса керек. 

Айылбас. Айылдың басын айтады, яғни, доға мен тілдің біріктірілген тұсы. Міндеті айылды жырымға бекітіп тұратындықтан, берік темірден жасалады.

Тіл. Айылбастың жырым бекітілетін жеріндегі қайысты қозғалтпай ұстап тұруға арналған темір істік. 

Алақан. Айылдың ат төсі мен шабын орап тұратын бөлігі. Оның бір басына айылбас, екінші басына жырым бекітіледі. Аттың денесін қажамау үшін алақан жұмсақ қайыс немесе ызба құрдан жасалады. 

Доға. Айылбастың тілсіз шеңбері. Айылдың алақан жағына бекітілетін жері тік бұрышты келеді. Ал, жырым кіретін жағы әртүрлі пошымда жасалады. Мысалы: доғал-шеңберлі, дөңгелек-шеңберлі, доғал-үшбұрышты, тік үшбұрышты, құмырсқа бел, т.б. 

Шеттік. Ердің артқы қапталында құйысқанның жырымы бекітілетін қайыс бүлдірге. Кейбір әйел ерлерінің алдыңғы қапталында да шеттік болады. Сол сияқты, айылдың міндетін өтейтін пыстанның ортасындағы қайыс бүлдіргені де (бір жағына айыл, екінші жағына жырым байланатын) шеттік дейді.

 

Суретте: қайыс арқан, ноқта, жүген, шідер, қамшы, жырым

 

Қосымша құралдар

Кежім. Түрлі-түсті асыл бұлдардан кестеленіп немесе ою бастырылып, шетіне шашақ ұсталып жүйрік аттардың денесін (шоқтығынан құйысқандығына дейін) тұтас жауып тұратын көркем бұйым. Кежімді жүйрік жылқыға жел-көз тимес үшін және бапкерлер атының бабын басқадан жасыру үшін жауып қояды. Кежімнің ердің артқы қапталынан бастап, құйысқанын ғана жауып тұратын шағын түрі де болады. 

Шідер. Жылқы малын қолда ұстау үшін шідер салынады.  Ол үш бұтақты етіп жасалады. Онымен жылқыны бос қоя бергенде аяғын тұсаулап, бекітеді. Яғни, шідермен аттың алдыңғы екі аяғы мен мінер жақ артқы аяғын қосып шідерлейді. Шідердің қаңқасы қарапайым өрме, шынжырлы, қайыс секілді түрлері кездеседі. Өрме шідердің оқпаны бас бармақтан кем емес, толығымен қайыстан жұмырланып өріледі де, алдыңғы екі балағы салаланатын тұс өткермеленіп түйіліп екі жаққа жарылады. Шідердің мінер жақ балағы сәл қысқа болады. Тиегі ағаш немесе мүйізден жасалады. Алақанның түбіне тұйықталып бекітілген қайысты сілбі дейді.  Алақан мен сілбінің бір-біріне бекітілген көлемі ат жіліншігіне дәл келуі керек. Т??-ай-құнанға шідер салғанда оқтығын түйіп қысқартады, тиегін айналдыра қабаттап өткізеді. 

Тұсамыс. Бұл заттың да міндеті шідер сияқты жылқыны қолдан шығармай ұстау үшін қажет құрал. Шідерден өзгешелігі аттың алдыңғы екі аяғын тұсау үшін жасалады.

Кісен. Асыл темірден арнайы ұсталар жасайтын жүйрік жылқыларды  ұры-қарыдан сақтау үшін қолданылады. Бұл кілтпен ашылып жабылады. Формасы да әр түрлі болады.

Ат арқан. Атты арқандап қою үшін қылдан есіп жасалатын ұзын берік жіптің түрі. Бұның ұзындығы 50 метрге дейін болады. 

Қамшы. Атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, мүйiзден жасалған атты жүргiзуге арналған құрал. Қамшыны кейде қару ретінде қолданады.  

Қамшы: сабы, өрiмі және бүлдiргеден тұрады. Саптың қолға ұстар жерi былғарымен қапталады. Қамшының өрiмi сабынан бiр жарым есе ұзын: алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа, жұмыр, алты қырлы, сегіз қырлы болып өріледі. Өрiмдер домалақ, жұмыр, төртқырлы т.б. болып келедi. Өрiмшiлер қамшының таспасын жiңiшке не жуандатып, кейде өрiмге талшық сымтемiр салып өрген. Ондай қамшылар ыңғайына және қамшы иесiнiң қалауына қарай өрiлiп отырған. Сәндік үшін сабын сары жезбен орап, әр жеріне алтын-күмістен құйма орнатып ұстайтын қамшылар да болады. 

Қамшы қолдан түсіп кетпеу үшiн оның сабын ойып өткізген қайысты бүлдiрге дейді.

Қамшының түрлері: ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сарала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, тобылғы сапты қамшы, шашақты қамшы, шыбыртқы қамшы, құрау қамшы, бала қамшы, т.б. 

Жасалуына қарай: күміс мойнақ қамшы, жез мойнақ қамшы, ақ мойнақ қамшы, т.б. 

 

Бишiк. Ол қамшыға қарағанда қарапайым, өрiмi сабынан үш-төрт есе, кейде одан да ұзын болуы мүмкiн. Оны мал айдағанда, арба-шанамен жүргенде жиi пайдаланады. Өрiм алғашқы басында жуан болып ұшына қарай жiңiшкере бередi. Бишiктің сүйiрленген ұшына әдейi шашақ байланады. Сүйiр ысылдап сес көрсетiп тұрса, шашақ бишік жерге сiлкіп ұрылғанда мылтық атылғандай дыбыс шығарады. 

Құрық. Үйірдегі немесе бос жүрген жылқыны ұстау үшін қажет құрал. Құрықтың сабы ұзын әрі берік жеңіл ағаштан жасалады. Ұзындығы төрт метрге дейін болады. Осы ұзын ағаштың басына берік жіпті (қайыстан, қылдан жасалған) шалма сияқты орнатып, осы бұғалықты жылқының мойнына кигізу арқылы ұстайды. 

 

Шалма арқан. Жылқыны шалмалап ұстау үшін арнайы қайыстан жасалған ұзын арқанды айтады. Жылқышылар шалма арқанды ердің қапталына орап, тақымына басып жүреді. Қажет кезінде суырып алып шалма құрады да, жылқыға тастайды. Шалманың ұзындағы 10-20 метрге дейін жетеді. И сіңіп, әбден иленген қайыстан жасалады. Көптеген шалма арқандардың бұғау тиегінен бастап, алқашқы ыспалы бөлігі өрмелі болады. Басқа арқандардан ерекшелігі шалма арқан аттың басына оралғанда тез сырғиды, әрі жылдам жиналады. Шалма арқанды созып пісіру үшін онымен асау жылқыларды бұғалықтап жаттықтырады. 

Жемдорба. Атқа жем беру үшін қолданатын құрал. Кей жерлерде «атдорба» деп те айтады. Ішіне жем салып аттың желкелігіне бекітіп басына іліп қояды. Жемдорбаға салынған сұлы-арпалар жерге төгілмей таза желінеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?