Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Этноауылдағы қымбат ер-тоқым қанша тұрады?

885
Этноауылдағы қымбат ер-тоқым қанша тұрады? - e-history.kz

Көк аспанның астында Ұлы Дала дүбірі – Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатқаны баршаға мәлім. Ел имиджіне оң әсері бар бұл шара Арқа төсінде орналасқан Астанананың көркін айшықтай түскендей. Әсересе туристер мен қала тұрғындарына арнайлап ашылған этноауыл дода салтанатына сән, мазмұнына мән қосып келушілерге айрықша әсер сыйлады. «Көшпенділер әлемі» этноауылының тыныс-тіршілігі жайлы фотосуреттер ұсынамыз. Сонымен қатар көпшенділер ойыны аясында «Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» саябағы және Орталық саябақ аумағында этноауылдар ашылып, 7 қыркүйектен бастап қонақтарды қабылдап жатыр. Аталған алаңдарда Астана және еліміздің басқа да қалаларынан келген өнер ұжымдары халыққа әуезді ән арнап, өнерлерін ортаға салып жатыр. 

«Көшпенділер әлемі» этноауылының жалпы аумағы 10 гектарды құрайды. Оның ішінде: ұлттық ойындарға арналған алаң, халық музыкасына арналған сахна, өркениеттер мұражайы, балаларға арналған алаң, ұлттық тағамдар мен аймақтардың этноқоныстары орналасқан. 

Этноауыл аумағына кіру үшін мынадай бекеттерден өтесіз. Себебі, келушілердің қауіпсіздігі аса маңызды. Тыйым салынған заттарды алып кіруге болмайды. Этноауыл аумағын полиция қызметкерлері бақылайды.  

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде орналасқан тайқазанның үлгісі этноауыл аумағының қақ ортасында тұр. Тайқазанның айналасына келушілердің демалып алу үшін арнайы орындықтар орналасқан. 

Шет елден келген ақсақалдың батасын алған қазақ баласы. 

Туристердің көптігі көңіл қуантады.  Суреттегі ақ сақалды кісі Ұлыбританиядан келген. Маңғыстау жерінен әкелінген киіз үйдің ішінде келушілерге бата берді. «Ұлттық құндылықтарды насихаттайын бұл іс-шара өзіме қызықты өтіп жатыр», –  дейді ақсақал. 

Этноауылдағы «Шеберлер ауылында» еліміздің түк­пір-түкпірінен келген 200-ден астам қолөнерші бірегей бұйымдарын таныстырып, шеберлік құпияларымен бөлісіп, келген жұртты өзіне баурап тұр. Олардың арасында көрікпен темір балқытқан ұсталар, қайыстан айыл-тұрман сияқты ат әбзелдерін дайындаған шеберлер, өрмек құрып, басқұр тоқыған ісмерлер, киізден, жүннен әртүрлі бұйым жасаған ыспар әйелдер, қазақтың әртүрлі бег­зат өнерін насихаттаған сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар бар. Төмендегі суреттерге назар салыңыздар. 

Павлодардан келген шебердің бұйымдары. 

Шеберлер ауылын аралап жүріп мынадай құнды дүниеге көзіміз түсті. Сатушының сөзінше бұл ер-тоқым XIX ғасырда жасалған. Құны – 10 млн теңге. 

«Мен өзім Алматыдан келгем. Өзім шебермін.  Мынау ер-тоқымды Қытай елінен келген азамат тапсырды. Негізі өзіміздің қазақтың ері. Мұндай ер-тоқымды шеберлер 2-3 жылдай жасайды. Қарасаңыздар керемет еңбектің көрінісін байқайсыздар. Шегенің өзі қолдан жасалған. Мынау негізі қыздың ері. Бай-дөкей қызының ұзату алдында жасаған жасауы десек болады. Күміспен қақталып, алтын жалатылған. Сол уақыттың керемет дүниесі. Зерттеушілер мұны XIX ғасырға жатқызады. Менің де қолыма түскелі 10 жылдай болды. Сату себебім де бар. Музейде тұрса деймін. Бұл мен үшін өте құнды дүние. Мұның тек жүгені ғана жоғалып қалған. Басқасының барлығы сақталған», – дейді шебер. 

Әр аймақтан әкелінген киіз үйлердің безендірілуі де ерекше. Мысалы, апорт алмасымен мақтанатын Алматы қаласының киіз үйінің алдына көп алманы үйіп қойған. Ал ішінде қаланың тарихынан сыр шертетін бейнематериалдарды көруге болады. 

Ал Солтүстіктен келген өнер майталмандары шет ел қонақтарын салт-дәстүр жайлы қойылымдар қойды. Әуезді ән салып, мың бұрала би биледі. Ал киіз үйлерінің ішінде Солтүстік Қазақстан облысының өлкетану музейінен келген жәдігерлер қойылған. 

Жамбылдықтар ұлттық ойындарды насихаттап, киіз үй алдында қонақтар арасында жарыс ұйымдастырды. 

Маңғаз Маңғыстаудан келгендер де осында жүр.

Қызылордадан келген делегация өзімен бірге айтыс өнерінің ақтаңгері, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың алтын домбырасын ала келген екен. 

Айта кетейік, этоноауылға кіру тегін, ал мұндағы спорт іс-шараларына билет алу керек. Қала тұрғындарының 13 қыркүйекке дейін барып тамашалап қайтуына болады. 8, 37, 303 және 323 бағыттағы автобустар этноауылдың қақ­пасына дейін жеткізіп салады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?