Қытайдың солтүстік батысын қаншама ғасырлардан бері атақонысы етіп келген Шыңжаң қазақтарының әдебиеті, жазуы, баспасөзі, жалпы алғанда мәдениеті мен руханияты бертінгі жылдарға дейін дербес дамыды. Соңғы жылдардағы көрші елдегі цензура ендігі дамуды қай деңгейге апаратынын немесе қашан өшіретінін болжатпайды да. Біздің айтпағымыз сол қазақтың баспасөзінің қалыптасуы және дамуы жайлы болмақ.
Ресей патшалығы тұсында да, Совет Одағы кезінде де Қазақ даласының шекарадан шет жатқан ағайындарға оң ықпалы тиіп отырған. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлылар өмірге әкелген әліпбиді Қытайдағы қазақтар да қалмай қолданды. Оқулықтарды пайдаланды, өзіне лайықтап көшіріп басты, кітаптар шығарды. XX ғасырдың басына дейін араб графикасын негіз еткен қазақ әліпбиін қолданған Қытай қазақтары Байтұрсын әліпбиін 1960 жылға дейін қолданды. 1960 жылдан 1983 жылға дейін «жаңа әріп» деген атпен латынды пайдаланды да, қайтадан қазіргі Байтұрсын әліпбиіне – «төте жазуға» көшті.
«1930-1940 жылдардан Қытай қазақтарының баспасөз істерінің негізі қаланып, қазақ әдеби тілі дами бастады» деп жазылады ғалым, тарихшы Жақып Мырзаханұлының бас редакторлығымен 2006 жылы Шыңжаң жастар-өрендер баспасында жарық көрген «Қазақ мәдениетінің айдыны» атты кітапта. Ендеше, осы ірі туынды негізінде Қытайдағы қазақ баспасөзіне шолу жасап көрейік.
Қытайдағы қазақ баспасөзі
Тарбағатайда: 1901 жылы Шәуешекте Ғұмария мектебі, 1907 жылы Намұна мектебі, 1914 жылы Тұран мектебі ашылады. 1925 жылы Тұран мектебі Қазан қаласынан тас баспа жабдықтарын алдырып, оқулық шығарған.
1925 жылы Тарбағатайда негізі қаланған «Бізнің тауұш» («Біздің тауыс») атты газет 1934 жылдан кейін ашық таратыла бастайды. Газет Тарбағатайдың ортақ тілін негіз ете отырып, ұйғырша, қазақша, татарша жазылған мақалаларды аралас басып отырады. Сөйтіп бұл газет Тарбағатайдың негізгі ақпарат құралына айналады. Қазақтардан Нұртаза Шалғынбаев, Мырза Салық (Алаш зиялысы Мырзасадық Құрбанқажыұлы болуы әбден мүмкін – М.С.) қатарлы зиялылар газетке үзбей мақала жазып тұрған. Бір неше тілде шыққан «Бізнің тауұш» жаңалықтың жаршысы ғана болып қоймай, ағартушылық бағытта да жұмыс істейді. Қоғамның көлеңкелі тұстарын, әйел теңдігі сияқты тақырыпты қаузайды. Ондағы кейбір саяси көзқарастағы мақалалардан секем алған Шың Шысай 1935 жылы «Бізнің тауұшты» жаптырып, «Шыңжаң» газетінің Шәуешек бетін шығартады. Оған қарамастан бір топ зиялы қауым Нияз Ысқақидың басшылығымен сол тұста құрылған мәдениет, оқу-ағарту ұйымының ұранын желеу етіп, 1935 жылы шілдеден бастап «Жаңа Шыңжаң» атты маусымдық журнал шығара бастайды. Бұл журнал төңкерістік идеяны екінші бір жолмен, яғни оқытуды, қоғамды салыстырып зерттеу арқылы Шың Шысай үкіметінің шынайы кейіп-кеспірін ашып, халықты еркіндікке шақырады.
Халықтың бас көтеруінен қорыққан Шың Шысай 1937 жылы Нияз Ысқақи, Нұртаза Шалғынбаев бастаған зиялыларды қолға түсіріп, қастандық жасап, «Жаңа Шыңжаң» журналын бақылауға алады. Ал «Шыңжаң» газетінің Шәуешек бетін өз саясатының жаршысына айналдырады.
1943 жылдың қаңтарында Шәуешекте Гоминдаң үкіметі құрылып, халық баспасөз бостандығынан мүлде айырылады.
Алтайда: 1930 жылдың басынан бастап Алтай өңірінде де жаңаша бастауыш мектептер, оқытушы дайындау, сауат ашу курстары ашылды. Басында оқулықтар Зайсан арқылы Совет Одағынан жеткізілсе, жетпеген оқулықтарды көшіріп, көбейтіп басып отырған. Дегенмен бұл да қажетті қанағаттандырмағандықтан, 1935 жылы Совет Одағынан баспа машинасы сатып алынып, оған жұмысшыларды жұмылдырады. 12 әріп теруші ұл мен қыз тәрбиеленеді. Әу баста үлкен әріптермен жарнама қағаздары шығып тұрса, кейіннен газет, журнал жарық көре бастайды. Осылайша Алтай өңірінде де баспасөздің керегесі жайылып, шаңырағы көтеріледі.
Алтайда 1935 жылы желтоқсан айында «Ерікті Алтай» деген атпен тұңғыш газет жарық көрді. Алтайда білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосқан ағартушы, педагог Шәріпхан Жеңісханұлы осы басылымды өзі бас болып шығарады. Ол газет шығарушылар алқасын құрып, орынбасарлық қызметті Мәңкей Мәмиұлына жүктейді, ал Мұқаш Жәкеұлы газет жұмысына тікелей жауапты болса, оның орынбасарлығына Мырзахмет Мұхаметжанов белгіленеді. Газеттің басылып шығуына Ғалым Құсайынов пен Асқар Татанайұлы жауапты болады. Ел арасынан 20-ға жуық ерікті тілші белгіленіп, олар үзбей мақала жазып тұрады.
1936 жылы «Жаңа Алтай» атты журнал өмірге келеді. Бұл журналға да Шәріпхан Жеңісханұлы бас болады. Қытай қазақтарындағы тұңғыш аударма да осы газет-журналдарда жарық көреді. Мысалы, Мау Зыдұңның (Мао Цзэдун) «Ұзаққа созылатын соғыс туралы» атты романын Мұқаш Жәкеұлы ең алғаш қазақ тіліне аударып жариялайды. Алайда қазақ газет-журналдарының қызығы көпке бармайды. 1940 жылы Шәріпхан Шың Шысайдың шеңгеліне ілінеді де, газет 1945 жылға дейін жұмысын тоқтатады.
Іле аймағында: Кейбір деректерге қарағанда, Іле өңірінде баспасөздің тамыр тартқан мезгілі 1870 жылдардан бастау алады. Осы кезде Құлжа қаласында әр ұлттан құралған сауда бірлестігі құрылған. Олар Патшалық Ресейден қоладан құйылған бір баспа машинасы мен әріп қалыптарын алдырып пайдаланған. 1910 жылы 25 наурызда Құлжада май баспамен «Іле уәлаяты» атты газет шыққан. Бұл газет шағатай жазуында Іле өңіріне араласа қоныстанған қазақ, ұйғыр, өзбек, татар сияқты ұлттарға бірдей түсінікті тілде шығып тұрған. Сондықтан да бұл газетті Қытайдағы түркі тілдес ұлттардың ең алғашқы басылымы деп атауға да болады.
Тарбағатайда жарық көрген «Бізнің тауұшпен» тағдырлас, үндес газеттің енді бірі – Іледе татар Хабиб Юлуштың редакторлығында 1932 жылдың жазынан бастап шыққан «Іле дариясы» газеті болды. Бұл басылым да Іле өңірін мекендеген қазақ, ұйғыр, өзбек, татар сынды халықтың аралас тілінде шықты. 1934 «Іле дариясы» «Шыңжаң газеті» деген атқа өзгертіліп, Шыңжаңның өлкелік Оқу-ағарту мекемесінің (ред.: Білім басқармасы) қарамағына өтті.
1934 жылы маусымда Құлжада қазақ-қырғыз Мәдениет, оқу-ағарту ұйымы құрылып, осы ұйымның бөлім басшысы Таңжарық Жолдыұлы болды. 1936 жылы маусымда Таңжарық, Шаяхмет бастаған кісілер қазақ тіліндегі «Іле Шыңжаң газетін» шығарады. 1940 жылы Шың Шысай үкіметі Таңжарықты қолға алып, 1942 жылы қазақ тіліндегі «Іле газеті» жабылып қалады.
***
Шыңжаңда ең алғашқы қытай тіліндегі басылым 1929 жылы «Тянь-шань рыбау» (《天山日报》) деген атпен шығады. Осы жылдары «Әптиек», «Иманшәріп» қатарлы діни кітаптар да басылып шығады. Қазақ тіліндегі газет 1935 жылы шыға бастайды.
1934 жылдардан кейін Шыңжаңның жер-жерінде ұлттар атымен Мәдениет, оқу-ағарту ұйымдары жаппай құрылды. Ең алғашында газет-журналдар шығару жұмыстарымен де осы ұйым айналысты. «Шыңжаң газеті» 1935 жылы «Шыңжаң газетінің қазақша беті» деген атпен шықса, 1936 жылы 1 тамыздан бастап «Шыңжаң газеті» деген атпен шықты. Сол кезде Шыңжаң өлкелік Қазақ-қырғыз мәдениет, оқу-ағарту ұйымының жауаптылары – Сейітқазы Нұртазаев (әдетте «Мұғалім» лақап аты бар-тын), Баймолда, Әбеу, Шәмши Мәмиұлы қатарлы қазақ зиялылары «Шыңжаң газетінің» шығуына әрі бастамашы әрі басшы болды. Жеке-жеке қытай, қазақ, ұйғыр тілдерінде шығатын «Шыңжаң газеті» басшысының орынбасары қызметіне Шәмши Мәмиұлы тағайындалып, қазақ редакциясын тікелей басқарды. Газеттің редакциялық жұмысын Нәзір Омарұлы, Зият Шәкәрімұлы, Ғазез Қалбанов, Амантұр Жәнібеков (қырғыз), Мәжит Әбузарұлы, т.б. жүргізді. Газетке арасында қырғыз тіліндегі мақалалар да басылып жүрді.
Үрімжіде: 1946 жылы Үрімжіде «Сәуле» атты баспа құрылып, «Абайдың таңдамалы шығармалары», «Қазақ тарихының дерегі», Нығмет Мыңжанидің «Тұрмыс тілшісі», Нәзір Омарұлының «Үш жетім» дастаны, Әнуар Көкейұлының «Қазақ әліппесі», сондай-ақ «Сәуле», «Шаншу» сияқты әдеби-сатиралық журналдар да шығып тұрды.
1944-1945 жылдары Іле, Тарбағатай, Алтай өңірінде ұлт азаттық төңкерісі жеңіске жетеді. Гоминдаң қолынан тартып алынған жерлердің барлығында жаңа әкімшілік құрылады. Осыған орай бұқаралық ақпарат құралдары да қайта ұйымдастырылады. Мысалы, 1944 жылы 7 желтоқсанда Құлжа Гоминдаң үкіметінен тартып алынысымен «Іле Шыңжаң газеті» тоқтатылады да, іле-шала қазақ тіліндегі газет жарық көреді. Мейірбан, Байбазар қатарлы кісілердің бастамасымен 1947 жылы «Білім арнасы» атты айлық журнал шығады.
1948 жылы ұйғыр, қазақ тілінде «Алға газеті» жарық көре бастайды. Бас редакторы болып Сайпидин Әзези, қазақ тіліндегі газеттің редакторы Құрманәлі Оспанов болды. Әуесхан Нарынбайұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Құрманбай Толыбайұлы, Әбдібек, Қали Халықұлы, т.б. газет жұмысын жүргізіп отырды. Іле газетханасынан сол тұста Таңжарық Жолдыұлының «Түрме халы», Абайдың «Таңдамалы өлеңдері», «Мың бір түн» сияқты кітапшалар жарық көрді.
Бұл газетпен қатар өмірге келген «Одақ» журналының жұмысын Бұқара Тышқанбаев, Құрманбай, т.б. жүргізді. 1950 жылы журнал редакциясы Үрімжіге көшіріліп, 1952 жылдың соңына дейін Үрімжіде шығып тұрды да, Шыңжаң Халық баспасында шығатын «Алға» журналына өзгерді.
1945 жылы Алтай аймағы үш аймақ үкіметінің басқаруына өткеннен кейін, сол жылы 19 қыркүйекте «Ерікті Алтай» газеті қайта шықты.
1945 жылы 31 шілдеде Шәуешек қаласын үш аймақ төңкерістік армиясы азат етіп, Тарбағатай аймақтық Уәли мекемесі құрылды. Төңкерістік үкімет 4 тамыздан бастап газет мекемесін құрып, «Халық ауазы» (ред.: «Халық үні») атты орган газетін шығара бастады. Әуелгіде газет мекемесінің бастығы әрі газеттің жауапты редакторы Қадыр Зұнұни, кейін 1946 жылы қазанда Дубек Шалғынбаев болды. «Халық ауазы» газеті Тарбағатайдың жергілікті ортақ тілін негіз етті. Қазақ, ұйғыр, татар, өзбек тілінде жазылған мақалаларды аралас басып отырды. Сондықтан бұл газет сол тұстағы әр ұлт халқының қажетін толық қанағаттандыруда үлкен үлес қосты.
Тарбағатай аймақтық Уәли мекемесі «Халық ауазы» газетімен бірге 1945 жылы Дашжаптың жауапты редакторлығында моңғол тілінде газет шығарды. Бұдан кейін 1946 жылы қыркүйектен бастап «Төңкерістік жастар» атты апталық газет 1948 жылдың шілдесінде «Төңкерістік жастар» атты айлық журналға өзгертілді. 1947 жылы Тарбағатай аймақтық Уәли мекемесі қазақ халқының ұлттық тіл-жазуындағы өзіндік жағдайын ескеріп, «Дөрбілжін хабарлары» атты апталық газет те шығарды. 1948 жылы 9 қыркүйекте Тарбағатай аймақтық атқару комитеті («Шыңжаңда тыныштық пен демократияны қорғау одағы») құрылып, оның орган газеті – «Халықшы газеті», 1949 жылы 17 ақпаннан бастап «Бірлік» атты маусымдық журнал шықты. 1949 жылы қыркүйектен бастап қытай тілінде май баспада «Бірлік» атты газет ұйымдастырылды.
***
1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін өзге ұлттар қатарында қазақ халқының да ақпаратында, баспасөзінде түбегейлі өзгеріс болды.
1950 жылы қаңтардан бастап қазақша «Шыңжаң газеті» Қытай коммунистік партиясы орталық комитеті Шыңжаң бюросының органы болып қайта құрылды. Қазақ халқына партия орталық комитеті мен халық үкіметінің үні дер кезінде жеткізетін басылым халықты ғылым-біліммен де сусындатты.
Іледе шығатын «Алға» газеті 1951 жылы қаңтарды «Іле газеті» болып, аймақтық партия комитетінің орган газетіне өзгерді.
Тарбағатайда шығып келген «Халықшы газеті» 1950 жылы қаңтарда Тарбағатай аймақтық партия комитетінің органы болып «Тарбағатай газеті» деген атпен шықты.
Алтайда шығатын «Ерікті Алтай» (кейін «Алтай халқы») 1951 жылы Алтай аймақтық партия комитетінің органы болып, «Алтай газеті» деген атқа өзгерді.
2006 жылы жарық көрген «Қазақ мәдениетінің айдыны» атты осы кітапта: «Қазіргі күнде Қытайда қазақ тілінде кітап шығаратын 7 баспа редакциясы, қазақ тілінде шығатын 10 газет, 30 неше журнал бар. Қазақ тіл-жазуы – мемлекет бойынша үгіт саласында қолданылатын алты тілдің бірі», – деп жазылған.
Басы. Жалғасы бар.