Моңғолияда 170 мыңнан астам қазақ бар. Атамекенге көшіп келгендері 100 мыңның төңірегінде. Бірақ сол 170 мың қазақта 2 млннан астам қой-ешкісі бар. Оған жылқы, сиыр, түйесін қоспағанда.
Қойдың өзі болғанда будандаспаған нағыз қазақы қызыл қойлар. Бұл қойлардың саны Қазақстанда өте сирек, тіпті жоғалып бара жатқаны анық.
Біздің совет үкіметі кезінде айтып жүрген еділбай, ырғыз, сарысу, орыс, қарқаралы, құйрықты қойлары сұрыптау арқылы шыққан қолтұқымдар. Моңғолиядағы қазақы қойлар біздің таза жүнді қызыл қойларымыз.
Ұлы бабаларымыз бұл қойды VI ғасырдан бастап қолға өсіріп, еш будандастырусыз, қазақ халқына жеткізген. Бұл қойлардың ерекшелігі арқаның қатал қысы мен Алтайдың қара суығына бейімделген. Сондықтан болар Баян-Өлгейдегі қандастарымыз әлі күнге дейін сақтап, өсіріп келе жатқаны.
Бұл жақтағы ағайын қызыл қойды – «Керейдің қызыл қойы» деп те атайды. Тіпті бұл атауды 1998 жылы зоотехник ғалым Қатран Орынбайұлы арнайы ғылыми зерттеу жүргізіп, «Керей қойының тұқымы» атауын мемлекет жарлығымен бекіткен. Ғалым ағамыз қазақтың жергілікті тегене құйрық, қызыл қойының биологиялық ерекшеліктерін зерттейтін модика жасап, ұзақ жылдар бойы жасаған зерттеулерінің нәтижесінде «Керей қойының тұқымы» атты ғылыми еңбек жазды.
Қай бір жылы Аустралия мен еуропадан ұшақпен қой мен сиыр тасыған едік. Сол, ақ бантик тағып аэропорттан күтіп алған қойларымыз қазақ жеріне жерсіне алмай, екіншіден қатал қысымызға бейімделе алмай, ақыры млн-даған ақшаға әкелген қойлар мен сиырлар құрып тынды. Ол да ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың мал танымастығынын кесірінен болған шығын-ды. Әлгі саланы қазақы мал (!) шаруашылығын меңгерген маман болса, іргедегі қазақтың қызыл қойын әкелуді ойластырушы еді.
Өйткені терісі қалың, суыққа төзімді, етті қызыл қой ұлы түркі халқының таза қанды төрт-түлігінің бірі. Бірақ оған тосқауыл болған орыс ағайындарымыз және бар. Қиялға ерік беріп, кейде ойланасың! Моңғолиядағы 170 мың қазақты 2 млннан астам қой-ешкісімен атамекенге көшіріп әкелсе ғой деп. Қазақтың санын көбейтіп, қызыл қойдың тұқымын өсіріп алатын…
Түбі қазақ атамекенге көшіп келгенде, 2 млн қой-ешкі Бай-өлкенің даласында моңғолға да керексіз болып, жапан түздің тағы қойларына айналса, ұрпақ алдында, баба алдында біздің сорлағанымыз. Қазірден осы мәселені, Отандастар қоры, ауылшаруашылығы мамандары ойластырса. Тіпті болмағанда әлгі еуропаның қойларын самолетпен тасығандай әрекетке көшсе. Бұл қойларды қымбатқа сатып алмайсың, иесімен көшіріп әкелесің. Сол арқылы қазақтың ежелгі текті мал тұқымын көбейтер едік...
70 млннан астам қой-ешкісі бар моңғолдар бұл қазақы қойды мүлдем өсірмейді. Олардың өздерінің қара бас қойлары бар. Ертең біздің ағайындар «моңғол қой» деп кекетіп жүрмесін! Барымызды бағалайық, ағайын!
Ойланатын-ақ, дүние!!!
Оқырман назарына Ө. Сұлтанов пен Ж. Сейітқажы ағаларымыздың «Керей қойының тұқымдық ерекшеліктері» атты мақаласын ұсынамыз. Мақаладан қызыл қой туралы таныса алатын боласыздар.
Аталарымыз ғасырлар бойы өсірген, сақталып қалған жергілікті қой тұқымдары бар еді. Алайда олар елден оқшау Қытай жерінде қалып қойған болатын. Олар негізінен Шыңжаң өлкесіндегі Басбай және Алтай аймағында өсірілетін тегене құйрықты қылшық жүнді қойлар еді. Соңғы аталған қойлардың біраз бөлігін Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына қоныс аударған қазақтар алып кетіп, қаншама жылдар өсіріп жатты. Кейін бұл қойлармен асылдандыру жұмыстарын жүргізген ғалымдар мен мамандардың оның ішінде Орынбайұлы Қатран, Х.Самиданның еңбегінің нәтижесінде жаңа қой тұқымы болып бекітіліп, оған 1998 жылы «Керей қойының тұқымы» деген ат берілді.
Ғалым Орынбайұлы Қатранның зерттеулеріне қарағанда Батыс Монғолияда өсірілетін Қазақтың құйрықты қойын зерттеу жұмыстары Кеңес одағы мен Монғолияның біріккен экспедициясы құрылған 1932-жылдан басталады. Осы экспедицияның құрамында болған орыс ғалымы Я.Я. Лус Монғолияда өсірілетін жергілікті қойларды май құйрықты Монғол қойы, Қазақтың құйрықты қойы деп екіге бөледі. Зоотехник ғалым Б.Пүрэв (1968), Б.Аюуш (1972), Б.Цэрэнжав (1972) тар өз еңбектерінде Монғолияның батыс өлкесін мекендейтін қазақтар ерте кезден бастап құйрықты қой өсіріп келгенін атап көрсетеді.
Біздің ізденістеріміз кәзір Монғолияда мекендейтін қазақтар алғаш 1860 жылдары көшіп келгенде осы қойын ала келгендігі анықталды. Демек сол жылдардан бастап Монғолияда құйрықты қой өсірілген. Я.Я.Лус Батыс Монғолияда өсірілетін құйрықты қойларды анықтай келе тұлғасы берік, аса төзімді, денесі Монғол қойынан үлкен, сақа саулығының шоқтығының биіктігі 71,9 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 72,8 см, кеудесінің орамы 90,6 см, тірідей салмағы 53,1 кг тартады деп анықтама жасаған. Б.Пүрэв Моңғолияның Ховд аймағының Бұлғын сұмынында өсірілетін құйрықты қойдың шаруашылық, биологиялық кейбір ерекшеліктерін зерттеи келе төмендегідей сипаттама жасаған. Құйрықты қойдың денесі Монғол қойынан үлкен, тұлғасы берік, Алтай таулы аймағының қатал климатына жақсы бейімделген, жыл бойы жайылымда бағылады, қосымша азық ғажет етпейді. Жаз бен күз айларында жайылымнан шелдене семіреді, көктемгі салмағын 40-50 пайызға дейін қосып, құйрығы мен жаясына көп мөлшерде май жинайды. Сақа саулығының шоқтығының биітігі 69,7 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 72,8 см, кеудесінің орамы 93,4 см, тірідей салмағы 55,5 кг, жүнінің шығымы 1,42 кг, қошқарының тірідей салмағы 73,2 кг, жүнінің шығымы 1,56 кг деп көрсеткен. 1971-жылы жүрілген мал шаруашылығы экспедициясының мәліметтерінде саулық қойдың шоқтығының биіктігі 66,5 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 60,3 см, тірідей салмағы 56,1 кг, жүнінің салмағы 1,37 кг, қошқарының шоқтығының биіктігі 75,2 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 72,7 см, тірідей салмағы 68,5 кг, жүнінің салмағы 2,05 кг деп көрсетілген.
Экспедиция құйрықты қойды төзімді, тұлғасы берік, жайылымда жақсы семіреді, жаясы мен құйрығына май көп жыйнайды, қар тебіндеп жайылуға бейімделген берік тұяғы бар ұзын сирақты, басының үлкендігі орташа, тұмсығы дөңестеу деп сипаттаған. Құйрықты қойды жүздеген жылдар бойы ежелгі халықтық тәсілмен сұрыптап өсіріп келді. Тек 1980 жылдардан бастап селекциялық жұмыстар ғылыми негізде жүргізіле бастады. 1960 жылдардың соңын ала ауыл шаруашылық бірлестіктері мен шаруашылықтарда қойдың таңдамалы отарлары, 1970 жылдарда құйрықты қой өсіретін таңдаулы топтар мен фермалар құрылды. Аймақта құйрықты қой өсіретін мемлекеттік 1 ферма, аймақтық дәрежедегі 3 ферма, 4 тұқымдық мал өсіретін топ жұмыс істеп тұрды.
Керей тұқымы қойының дене құрылымы берік, дене пішінінде айтарлықтай ақау жоқ. Ғалым Я.Я. Лус (1930), Б. Пүрэв (1968) Батыс Монғолияда өсірілетін құйрықты қойдың дене құрылымы берік деп анықтаған. Керей тұқымы қойының сақа қошқарлары 100 пайыз, сақа саулықтарының 97,7, ұрғашы тоқтылырының 95,0 пайызының дене құрылымы берік, сақа саулықтардың 6,3, ұрғашы тоқтылардың 5,0 пайызының дене құрылымы әлжуаз. Керей қойының басы орташа, арқа, белі тегіс, етті де жалпақ, шоқтығы сауырынан аласа, сирағы салыстырмалы түрде қысқа, түзу, құйрығы көтеріңкі үлкен болып келеді.
Сақа қошқардың шоқтығының биіктігі 72,6 см, сербегінің биіктігі 73,3 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 75 см, кеудесінің орамы 95,1 см, кеудесінің кеңдігі 20,6 см. Сақа саулықтардың шоқтығының биіктігі 62,5 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 66,3 см, кеудесінің орамы 86,3 см. Кеуде орамының жоғарғы шегі сақа қошқарларда 100 см, саулықтарда 92см, тұрқының қиғаш ұзындығының жоғарғы шегі қошқарлард а 82 см, сақасаулықтарда 71 см болды. Ет өнімінің негізгі көрсеткіші малдың тірідей салмағы болып табылады.
Керей қойы тұқымының жыл бойы жайылымда бағылатындықтан оның тірідей салмағы жыл мезгілі, ауа райы, бағып қағу сыяқты факторларға байланысты әр түрлі жағдайда, тербелісте болып келеді. Керей қойының сақа саулықтары орта есеппен күзде 57,6 кг, сақа қошқарлар 74,5 кг, ұрғашы тоқты 47,8 кг, тоқты қошқар 53,9 кг, еркек тоқты 51,9 кг салмақ тартады. Керей тұқымы қойының түр түсі, мінезі, сыртқы келбеті мен пішіні тағы басқа белгілерімен Монғол қойынан ерекшеленеді.
Керей қойының түсі қызыл, қызылкүрең, жаясы мен құйрығына май көп жинайды, құйрығы көтеріңкі, үлкен, қар тебіндеуге бейімделген шымыр тұяқты, аяғы салыстырмалы түрде ұзын, құлқы (мінезі) жуас болып келеді. Керей тұқымы қойының 250 інің түсін анықтағанда 90 нан астам пайызы қызыл және қызылкүрең болды. Керей тұқымы қойының түсі Моңғолияда өсірілетін басқа қойлардың түсінен анағұрлым бөлек болып келеді, себебі Моңғол қойларында қызыл түс кездеспейді.