Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сана отарсыздығы және мидағы құлдық құрсау

1540
Сана отарсыздығы және мидағы құлдық құрсау - e-history.kz

Қазақ елі Совет одағынан бөлініп шыққан отыз жылдан бері жеке ел ретінде дербес саясат жүргізіп келеді. Сыртқы дипломатиялық қатынас және ішкі саясатта да өзіне тән ұлттық ұстаным, елдік көзқарас қалыптастырды. Әйткенмен соңғы жылдардағы қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттар иірім астында жатқан өзге де шындықтың бетін ашқандай болды. Қағынан жерінген, тілінен безінген, төл мәдениетін тәрк еткен керағар көріністер көріне бастады. Мінберлерде ұшқары ойлар айтылып, қоғамдық ортада дүмбілез көзқарастар бас көтерді. Әсіресе, осы тақілеттес бөтен ойдың тәуелсіздіктен кейінгі өскелең ұрпақ арасында бой көрсеткені тіксіндірмей қоймайды.

Мұның барлығы қазақ ұлтының бойынан отаршылдық уытының әлі толық тарқамағанын, саяси тәуелсіздік сана отарсыздығымен бекіп үлгермегенін көрсетсе керек. Басқаша пайымдасақ, тек мемлекеттік атрибуттардың болуы, халықаралық қауымдастықта дербес ел ретінде мойындалу тәуелсіздікті баянды ете алмайтынын аңғартты. Ұлт саясатын өміршең ету үшін мемлекет дербестігімен бірге отарлық қамытында болған елдің әр азаматы сана отарсыздығын өткеруі тиіс. Өйткені саяси тәуелсіздікке қолы жеткен ел егемендігін нығайту жолында отарсыздануды бастан кешпей буыны қатпайды. Саяси, экономикалық дербестігін мәдени, рухани  жаңғыруға ұластырмай бұғанасы бекімейді. 

Орыс отаршылдығы 

Отарлық қанау мен империализм езгісі әлемнің географиялық картасын өзгертіп қана қоймай, бейбіт халықтың берекелі тіршілігіне, күнкөріс дағдысына нұқсан келтірді. Сан миллиондаған адамның тағдырына балта шауып, тарихи тамырынан ажыратты. Бұл, сөз жоқ, орны толмас үлкен қиянат. Көзге көрінетін зардабынан басқа отаршылдықтың этномәдениеттерді түбірімен күйреткен, санаға салған қастандығын да айтпай кете алмаймыз. Тіпті зардабын өмір бойы тартып келе жатқан халықтар бар. Патшалы Ресейдің отаршылдық ажырғысы мен советтік «интернациионализм» уынан есін жоғалта жаздап аман шыққан қазақ – сондай қиянат көрген қауымның бірі. Дербестікке қол жеткізгеннен қазірге дейін қазақ әлі де кемін толтырып, жоғын түгендеп келеді. 

Кем айтқанда екі ғасырлық қанау мен талауға түскен қазақ даласы ауыр соққыға ұшырады. Отарлаушы ел Алаш жұртына саяси үстемдік жүргізіп қана қоймай, экономикалық тұрғыдан да басыбайлы етті. Бабадан мұра, атадан мирас болып жалғасып келе жатқан халықтық сана-сезімге идеологиялық шабуыл жасап, теріс стереотиптерді орнықтырады, иерархиялық бөліністің құй батпағына батырады. Айталық, 1870 жылы Түркістан генерал-губернаторы тарапынан шығарылған «Түркістан уалаятының газеті» өз мақсат-мүддесі туралы былай деп жазады: «Оларды екінші мәрте рухани отарлау. Өздері мойынсұнып келген ереже-тәртіптерден орыс үкіметінің енгізген әкімшілік ережелері анағұрлым озық, өміршең екенін ұғындыру». Бұл ұстаным тек «Түркістан уалаятының газетінің» ғана емес, өзге де патшалық кезеңде жарық көрген тұтас басылымның көздеген мақсаты-тын. Отарлық пиғыл шенеуніктердің көкейінен еш көтерілген емес. Әрқашан және барлық мәселеде отаршылдық мүддесін жетекші орынға қойды. Ал жергілікті халықты адам санатына еш қоспады.  Патшалық Ресей шенеуніктері қызмет бабындағы жұмыс бағдарламасында мынадай көзқарасты ұстанды: 

«Біз орыс элементі әлі де әлсіз, енді-енді ғана енгізіліп келе жатқан Азияда өмір сүріп отырған жоқпыз, біз азиялық көне ғұрыптар мен әдептер әлі де уақытша сақталып тұрған орыс облысында өмір сүріп келеміз, ал әлгілердің тағдырына тек бір ғана таңдау қалмақ: не жалпыимпериялық азаматтық үлгіде сіңісіп кету, не мүлдем жойылу. Туземдіктер бізді жақын болашақта, тіпті мұсылман дініне сенетін болса да, кәдімгі орыс мұжықтары жасалатын материал ретінде ғана қызықтыруға тиіс. Сондықтан да оларды орыс атымен аталатынның бәріне аса қатаң құрметпен қарайтын рухта ұстау керек. Олардың бұған бағынбауды ойлайтындары бола қалса, ондайлардың қайғылы тағдыр кешеріне күмән жоқ: олар яки жер-сусыз қайыршы боп қалады да, қырылып таусылады, яки Россия олармен қоштасады».

«Мәңгүрттік» немесе құрсаққа түскен үрей 

Әлемдік империализмге тән отаршылдық нәсілшілдікке негізделген басқару жүйесін құру, қазба байлықты жойдасыз игеру, қымбат жәдігерлер мен мұраларды талан-таражға салу сықылды сипаттармен ерекшеленеді. Бұдан да оспадарлары жергілікті халықтың тілін жойып, дінінен ажыратуға, мәдени өзектен мүлдем айырып, рухани тұлдыр қалдыруға жалғасады. 

Санасы отарланған ел рухы сынып, билеп-төстеуге оңай көнгіш, қожайынның айтқанына бас ұрып, айдағанына жүретін иісалмас кейіпке түседі. Мұндай бейшара хәлге жеткен, руханияты эррозияға ұшыраған ұлттың оңалуы өте қиын. Ішкі қуаты бошалағандықтан қарсыласа алмай, тірі өлікке айналады. Әбіш Кекілбай, Шыңғыс Айтматов шығармаларында көрініс тапқан «мәңгүрттік» дәл осы ұсқынды айнытпай айқындайды. 

«Мәңгүрт» – Әбіш Кекілбайұлы көтеріп, Шыңғыс Айтматов әдебиетке кеңінен танытқан ұғым. Қос жазушы өз шығармасында ақыл-ес, ой-түйсіктен айырылған, тек бұйрықты ғана орындайтын адамды  мәңгүрт деп атайды.

Мәңгүрт – жаугершілік заманнан қалған қатігездіктің бір белгісі. Мәңгүрт жасау үшін қолға түскен тұтқынның шашын тықырлап алып, түйенің терісін басына қаптап кигізеді. Сөйтіп күннің ыстығына қақтайды. Кепкен тері жиырылып, басты қысады. Қысқан сайын құрыстырады. Ми басты жарып шығардай қысылады. Уақыт өткен сайын шаш сыртқа теуіп шыға алмай, ішке қарай өседі де ол миды зақымдайды. Міне, содан кейін тұтқын ақ-қараны ажырататын ақыл-естен айырылып, тек қожайынын ғана тыңдайтын, соның айтқанын екі етпей орындайтын құлақкесті құлға айналады. Шыққан тегін, өскен ортасын, туған жұрт, аға-бауырын мүлдем ұмытады. Қағынан жеріген, кеудесінде жаны бар, тек ішіп-жеуді білетін тексізге айналады. Мәңгүрт бар болғаны жер басып жүрген тірі өлік қана. Шыңғыс Айтматов «Боранды бекеттегі» аңыз желісінде осы мәңгүрттікті тілге тиек етеді. Мәңгүртке айналған Жоламан арқылы баласын шерменде болып іздеген Найман ананың трагедиясын көрсетеді. Тау асып, тас басып, баласын тапқанымен, оны райынан қайтарып әкете алмайды. Мәңгүрт бала анасын танымайды. «Ол сенің жауың» деген қожасының әмірімен мәңгүрт өз шешесін өлтіреді. 

Тура осындай мәңгүрттік дабылын қаққан, советтік кезеңде өшкіндеген тіл, өлеусіреген ұлттық намыстың мәселесін астарлы ой, көркем суретпен көтерген жазушы – Оралхан Бөкей. Ол өзінің соңғы туындысы «Атау кереде» ұлтсыздану зарын Ерік арқылы будан араның өрнегімен паш етеді. Жазушының бас кейіпкердің шешесі Нүрке кемпірдің аузына «жат жұрттық ешқашан жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады», – деген сөзін салады.

Сойы бөлек суреткерлер Әбіш, Шыңғыс, Оралхан  «Күй», «Боранды бекет», «Атау кере» туындыларында тамырдан, түп болмыстан қол үзген тағдырлар арқылы құруға бет алған ұлттың трагедиясын алға шығарады. 

Аталған шығармадағы шындықты бүгінгі күн межесінен қарасақ та еш ескірмегенін байқаймыз. Шынын айтқанда, тәуелсіздікке жеткенімен, ұлттық саясатын атқара алмай отырған мемлекет те, білімі мен білігі, мамандығы мен мәртебесі жоғары болса да, санасы отарлық бұғауға түскен адамның мәңгүрттен еш бөтендігі жоқ. Өз ұлттық құндылығынан безініп, ана тілін өз қолымен тұншықтырып отырған, жаттың мүддесін жан сала қорғайтын жалтақ мәңгүрттер арамызда толып жүр. Демек сана отарсыздығы іске аспай, тәуелсіздік тұғырына қонбайды.  

Ертедегі парсы даласында жауға қолданылатын бір қанқұйлы әдіс болыпты.  Парсы жасағы қолға түскен жүкті әйелдердің бәрін қаздай тізіп қойып, күйеулерін  көздерінше өлтіреді екен. Жақынының жантүршігерлік өлімін көзімен көрген әйелдер шыдай алмай қатты шыңғырып, үрейден талып қалатын болыпты. Кейбірі тіпті бала тастап жібереді екен. Жаза атқарушыларға дәл осы үрей, дәл осы қорқыныш керек-ті. Ондағы мақсат әйелдердің үрейін ішке түсіріп, әлі тумаған құрсақтағы сәбиді шошындыру еді. Тумай жатып үрейді сезген сәби кейін өмірге келгенде қожасына тіке қарап сөйлей алмайтын, қол-аяғы бос бола тұра қашып кетуді мүлдем ойламайтын босағадағы басыбайлы құлға айналады екен. 

Бұл айтылғанның аңызын болмаса, тарихта дәл солай болған-болмағанын анық білмейміз. Алайда алдыңғы буын ұрпақтың басынан өткерген психологиялық жарақаты эпигенетикалық механизм арқылы келер буын санасына әсер ететіні ғылымда бар дүние. Яғни отаршылдықтан аман қалған ұрпаққа әке-шешесі немесе ата-әжесінің психикасында туындаған стресстік реакциялардың мұра болып берілуі әбден мүмкін. 

Сіз отарлық сана өкілісіз бе?

Санадағы құлдық мерез болмысқа, жанның ішкі қатпарларына еніп кеткендіктен оны ашық байқап, айқын түсіне алмауымыз мүмкін. Тіпті тұлға өзінде отарлық сананың қалдықтары, құлдық түйсіктің сарқыншағы бар екенін білмеуі, мойындамауы да ықтимал. Себебі санаға ашық және жасырын жасалған идеологиялық шабуыл, ұдайғы ақпараттық монипуляция таным, түйсікке құлдық сана құртын түсіріп, бейсаналы түрде мәдени норма мен көзқарас-пайымдарымызды анықтайды. Ойлау жүйесі мен шешімдерімізге әсер етеді. Салдарынан отаршылдарға қажет үркек, жасқаншақ, иісалмас, можантопай мінез-құлық пайда болады. Тіпті мәңгүрттік бейсаналы түрде биологиялық тасымал және қоғамдық орта мен отбасы әсерінен санамызды кеулеп кіруі мүмкін. 

Егер сіз өзіңізде отарлық сана сарқыншағының бар-жоғына күмән келтірсеңіз, төмендегі 22 тармақты оқып көріңіз. Осындағы қандай да бір мерез мінез бен теріс таным бойыңызда болса, онда сіз әлі де отарлық сананың өкілісіз.   

  1. Отарлаушы ел тілін ана тілінен артық санау. Сол тілге басымдық беру. Біліп тұрса да қоғамдық орындарда қазақша сөйлемеу.
  2. Қазақша сөйлейтін, қызмет көрсететіндерге қатысты интеллекті төмен, кәсібилігі нашар деген ассоциацияның болуы. Оларды кемсіту, шеттету немесе мазақтау. 
  3. Қазақ тілін икемсіз сезіну, қиынсыну. 
  4. Шығармашылық, іскерлік байланыс т.б. ресми қарым-қатынаста бейсаналы түрде өзге тілде сөйлеу. Қазақ тілін тек тұрмыс деңгейінде қолдану.
  5. Қазақ қаламгерлерін шет ел жазушыларынан кем санау. Қазақ тілінде әдеби, ғылыми туындыларды оқымау. 
  6. Қазақша сөйлегенде бөтен тілмен араластырып, шұбарлау. Оған қымсынып, ұялмау. 
  7. Сөйлеп жатып бейсаналы түрде өзге тілге ауысып кету. 
  8. Шетелдік адам қазақша жөн сұраса, бірден бөтен тілде жауап беру. 
  9. Мәдени қажеттіліктерді (баспа, телебағдарлама, кино-фильм, театр т.б.) тек өзге тілмен толтыру. 
  10. Өзінің өткен тарихын менсінбеу, қорлану.
  11. Шет тілінде оқытатын мектеп, университеттерді қазақ тілінде білім беретін мекемелерден негізсіз артық санау. 
  12. Төл мәдениетін құнсыздандыру. Өз салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тіршілік дағдысын қарабайыр немесе тұрпайы санау, жеріну. Ол жайды айтудан қашқақтау, құлықсыздық таныту. 
  13. Қазақ болып туғанына іштей не әшкере өкіну. Ұлттық сипатын айшықтайтын нышанын барынша жасыру немесе бас тарту (аты-жөнін бөтен ұлттікіндей етіп өзгертіп алу т.б.) 
  14. Өз жерін, өз отанын дербес санамау, тарихи және саяси тұрғыда өзге бір мемлекетпен байланыстыру, соның ажырамас бөлігі деп есептеу.
  15. Өз жерінде болып жатқан өзгерістерге көңіл аудармау, керісінше бөтен елдегі жаңалықтарға елеңдеп тұру. 
  16. Өзге елдің адамдарымен әңгімелескенде өз құндылықтарын (тілін, тарихын, мәдениетін т.б.) мансұқтау арқылы барынша жағыну, төменшіктеу.
  17. Ұзақ уақыт өмір тәжірибесінен туған дәстүрлі білімді мойындамау (қазақы ем-дом, ұлттық қолөнер т.б.).
  18.  Ұлттық киім мәдениетін ескірген деп теріске шығарып, отарлаушы елдің сән үлгілері мен тенденцияларын талғампаздық белгісі ретінде қабылдау. 
  19.  Отарлаушылар әкелген наным-сенімдерге бет бұру, ұлттық рухани құндылықтарды ескі ырым деп терістеу. 
  20.  Отарлаушы елдің өмір салтын дәстүрлі қазақ тұрмыс дағдысынан әлдеқайда озық деп қабылдау. 
  21.  Туған жерге деген махаббатты жоғалтып, отан, ел-жұртқа қатысты тамырластық сезімін өшіру.   
  22.    Отарлық пиғылдан туған мерекелерді тойлау, сондай іс-шараларды атап өту (қазақ халқының «өз еркімен» бөтен елге қосылған датасын атап өту немесе советтік мереке-мейрамдар). 
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?