Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ зиялыларының ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі ағартушылығы: қызметі мен тарихы

1205
Қазақ зиялыларының ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі ағартушылығы: қызметі мен тарихы - e-history.kz

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2023 жылғы 26 қазанында «Қазақ зиялыларының ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі ағартушылығы: қызметі мен тарихы» атты Республикалық ғылыми – тәжрибелік конференция өткізді.

Конференция ҚР БҒМ ҒК қаржылай қолдауымен «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың ағартушылық қызметі» жобасын жүзеге асыру шеңберінде онлайн-офлайн форматында өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының ғылыми орталықтарының жетекші мамандары мен сарапшылары, атап айтқанда, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және оның Астана және Петропавл қалаларындағы филиалдары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Халықаралық бизнес академиясы, Алматы гуманитарлық университеті, ЖОО оқытушылары, жас ғалымдар қатысты.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары: Қазақстандағы алғашқы оқу орындары; қазақ зиялыларының ағартушылық қызметі; қоғамдық қорлардың 20-30 жылдардағы тарихы.

Аталған бағыттарға сәйкес баяндамашылар атап айтқанда, Д. Ескекбаев, Ш. Нұрман, Г.Қ. Мұқанова, А.Қ. Шашаев, Н.Н. Құрманалина, З.Б. Байжұманова, А.Н. Қоңқабаева және т.б. кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы тарихи оқиғалардың мың құбылған заманында қоғамдық ұйымдар төңірегіне топтасқан ғылыми-мәдени топтың, қазақ зиялыларының қызметі мен оның ғылыми-ағартушылық іс-шаралары тарихына жүргізген толғамды зерттеулері негізінде баяндама жасады. 

Қазақстанда 1920 жылдары көптеген арнайы орта білім беретін оқу орындарының ашылуы оңды өзгерістердің бірі болды. Оқу-ағарту, ауыл шаруашылығы, кәсіпорындар мен медицина мамандарына деген зәруліктің орнын толтыруға бағытталған осындай оқу орындары Қазақстанның орталық аудандары мен қалаларында ашылып, өз жұмыстарын бастап кетті. Оқулықтар, оқыту құралдары, дәріс өткізетін ғимараттар мен оқытушылардың жетіспеушілігі бірден көрініс берді. Соған қарамастан білімге деген зор сұраныс, қиындықтың бәрін жеңе білген адамдардың ынтызарлығы мен құлшынысы, қазақ қоғамындағы білімді азаматтар тобының жасақталуына әсер етіп, оларды Оқу - ағарту Халық комиссариаты Қазақстанның түпкір-түпкіріне сауатсыздықпен күресуге аттандырды. 

Осы жылы (1920 ж.) Халық ағарту қызметкерлерінің съезінде А.Байтұрсынов алға нақты міндеттер қойып, оны іске асыру тетіктерін нақтылап берген. Ол алдымен мұғалімдер кадрларын дайындауға күш салады, оның екі жолын көрсеткен: бірі қысқа курстар арқылы ауыл мұғалімдерін дайындау болса, екіншісі педагогикалық арнаулы оқу орындарының рөлін күшейту. 1921 жылы республика бойынша 52 қысқа мерзімді мұғалімдер дайындайтын курстар ашуды бюджет тарапынан белгілегендігі осы сьезде  қаралған. 1920 жылы Қазақстанда 14 педтехникум, 6 ауыл шаруашылық техникумы, 2 орман шаруашылығы техникумы, 1 ветзоотехникум (Орынборда), 1 медтехникум (Орынборда), 1 өнеркәсіп-экономикалық техникум (Семейде), институттар: 1. КИНО (Казахский институт народного образования) Қызылорда қаласында, Сырдария губерниясы; 2. ПИНО (Практический институт народного образования) Орынбор қаласында; 3. Инпрос (Институт народного просвещения) Алматы қаласында, Жетісу губерниясында; 4. Пединститут Ташкент қаласында орналасқанА.Байтұрсынов 1921 жылы құрылған Академиялық орталықтың жанынан халық поэзиясының, музыкасының үлгілерін және этнографиялық мәліметтерді жинау жөнінде арнаулы комиссия құрады. Бұл істе үлкен үлес қосқан «Қазақстанды зерттеу қоғамы» болды. Осы аталған істерге сол кездегі республикадағы белгілі тарихшылар, музыка мен фольклордың білгірлері - Ә.Диваев, А.П. Чулошников, А.В. Затаевич, А.Д. Кастальский, Н.Н. Миронов, А.Л. Мелков, Н.В. Мелкова, А.А. Четыркина сияқты т.б. оқыған зиялы қауым тартылды. Бұл істерді ұйымдастыруда да А. Байтұрсынов елеулі рөл атқарған.   Оның қызметіне орыс зиялыларымен қатар, қазақтың білімпаз ғалымдары, саяси қайраткерлер, өлкетанушылар мен қатардағы қызметкерлер жан-тәнімен, қоғамдық негізде ешбір ақысыз, өздерінің негізгі жұмыстарынан уақыт тауып, сауатсыздықты жою, ел ішіндегі материалдық және рухани құндылықтары бар заттар мен мәліметтерді жинау, мақалалар жазу, оқулықтар шығару ісіне белсенді түрде араласты. Өйтпеске амал қайда, оқу-ағарту саласындағы қиындықтар туралы А.Байтұрсынов: “... көптеген мектептер үймен қамтамасыз етілмеген, ал қамтамасыз етілгендердің өзінің көптеген жетіспеушіліктері бар, мысалы, үйге байланысты, жылу жүйесі, оқулықтардың жетіспеушілігі т.б. Жақсы мектеп үйлері барлық жерлерде әскери мекемелерге берілген, босатылғандарының өздері қолдануға келмейтін жағдайда. Мектеп қызметкерлерінің жағдайы төмен, жалақының өзін мұғалімдер мерзімімен ала алмайды. Мұғалімдердің материалдық жағдайының болмауынан мектептер жабылуда” – деп көрсеткен еді. Міне, сондықтан қоғамның қызметі, бастапқы кезден-ақ зор ауыртпашылықтарға тап болды. “Қазақстанды зерттеу қоғамы” оқу-ағарту саласындағы олқылықтарды жою үшін оқу-ағарту Халықкомымен тығыз байланыс орнатты. Қоғам өз алдына Қазақстан мен оған шекаралас аймақтарды тарихи-археологиялық, табиғи-географиялық, этнографиялық, экономикалық және басқа да жағынан жан-жақты зерттеуді міндет етіп қойған еді. Бұл үшін мұрағаттардан, кітапханалардан және жеке адамдардың қолында жинақталған мәліметтерді, материалдарды анықтап табу, оны бір жүйеге келтіру, сонымен қатар олардың ғылыми құндылығын анықтау қажет болды. 

Қоғамның Орынборлық кезеңінің негізгі қорытындыларын шығарар болсақ, көптеген кедергілерге қарамастан өте жемісті болды. «Қазақстанды зерттеу қоғамы» Бас архив материалдарының ауқымды қорын жинақтауға, өңдеуге, орталықтандыруға және жүйелеу жұмысына ат салысып, өлкенің тарихын зерттеуде жергілікті өлкетанушылар мен ғалымдардың басын қосты. Оның бөлімшелері Қазақстанның көптеген қалаларында өз жұмысын бастады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жариялау үшін қоғамның “Еңбектері” том-том болып шығарылды. “Қызыл керуенге”, Париждегі “Бүкіл әлемдік көрмеге” қатысты. Мектептегі оқу-ағарту ісіне ат салысып, оқулықтар, оқу құралдарын қазақ тілінде шығарды, әдістемелік құралдар дайындады. Яғни, қоғам Қазақстан ғылымының қалыптасуының бастапқы кезеңін өз басынан өткеріп, оны табысты атқарды.

Қоғамның еңбектерінде танымал ғалымдар А.П. Чулошников, И.М. Крашенников, П.А. Воронцовский, А.Ф. Рязанов, А.Л. Мелков зерттеулері жарияланды. Қоғам жұмысына өзінің оқу-ағарту Халықкомы Ғылыми Кеңесіндегі қызметіне қарамастан белсене араласқан А.Байтұрсынов қазақ тілі жөнінде бірнеше оқулықтар мен оқу құралын, әдебиет және мәдениет тарихы бойынша кітаптар жазды.

Ғылыми Кеңестің төрағасы қызметіндегі М.Д. Жолдыбаев орыс тіліндегі көптеген саяси кітаптарды қазақ тіліне аударған алғашқы кәсібі аудармашы ретінде қоғам қызметінде ерекше орынға ие болды. Осы секілді, сол кездегі қазақ зиялылары – М.Дулатов, І.Омаров, Т.Шонанов, М.Тынышпаев,  Т.Рысқұлов,  М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов,  Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров, Б.Сүлеев, Ж.Аймауытов, И.Тоқтыбаев, К.Жәленов, М.Есполов, Қ.Кемеңгеров, И.Арабаев, Қ.Тыныстанов және т.б. қоғам жұмысына белсенді түрде араласып, әр түрлі салада ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. 

 

ҚР ҒжЖБ министрлігі ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. Ә.К. Шашаев;

Ғылыми қызметкер, магистр  А.Н. Қоңқабаева

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?