Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бабалар ізімен» саяхатынан үзік сыр

1365
«Бабалар ізімен» саяхатынан  үзік сыр - e-history.kz

Қазіргі таңда туған өлкенің тылсым тарихы жастардың қызығушылығын арттырып отырғаны анық, бұл әсіресе тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асқанына қарамастан, халықтың өзін-өзі сәйкестендіруі орын алған кезде ұлттық кодты іздеу барысында аса маңызды

MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY (KAZGUUҚазақстан тарихын оқыту ерекше форматта жүзеге асырылады. Университет қабырғасында теориялық біліммен қарулана отырып, студенттер белгілі бір маршрутты таңдап алып, тарихи орындарды аралайды, сөйтіп, олар өткен дәуір қойнауына ене отырып, болған оқиғаларды сезіне алады және сол кездегі тарихи тұлғалардың орнында өзі болса, не істейтіні туралы сұрақ төңірегінде ойланады. Қасиетті орындарға саяхат – Қазақстан тарихын оқып үйренудің жалғасы. Сонымен қатар Жоғары Гуманитарлық Мектебі мектептен кейін келген жастардың бір-бірімен жақын танысуына ықпал етуді де көздейді. Біздің оқу орнында тұрақты топ жоқ, себебі бірінші курс студенттері өздері таңдаған пән бойынша әртүрлі оқытушы дәрісіне жазылуға құқылы. Алайда тарихи жерлерге сапар кезінде олар барғанша екі тәулік  және келгенше екі тәулік бір поезда болатындықтан, өзара тіл табысуға уақыт жеткілікті.   Ән айтып, ойын ойнау, тоқтаған жердегі флешмоб, сапар жайлы әңгіме – міне, осылардың барлығы саяхат көрігін қыздыра түсті. Осылайша Маңғыстау сапары басталды.

 

Бірінші күн

Бірінші курстықтардың сапары  наурыздың оны күні «Семей-Маңғыстау» пойызынан бастау алды.  Плацкарт вагонындағы екі күндік өмір заманауи жастар үшін онша ыңғайлы болмағаны ақиқат. Дегенмен жол осысымен де қызықты ғой.  Жастар түбекке саяхатты асыға күткендіктен, өте көңілді. Пойыз орнынан қозғалғанда қарбалас басталып та кетті: мүдделес жастар бір-бірімен қатарлас отыруға тырысса, енді бірі сапарға дайындалып, таңертең ерте тұрғандықтан, ұйықтауға кірісті.  Ал қалғандары шай ішуге жайғасты, бұл  өзара әңгіменің, қарым-қатынастың  қызатынының белгісі.  Алда әлі бір тәулік. Жол жалғасуда.

Екінші күн де пойызда өтті. Жастар жақын танысып, бір-біріне дәм татқызып, әңгімелері қыза түсті. Сыңғырлаған күлкі естіліп, зияткерлік ойын да басталды. Әркімнің мінезі, темпераменті де әртүрлі.  Кешке қарай музыка, ән  әуеледі. Оларды ұйқыға жатқызу қиындай бастады.  Жастықтың аты жастық.

Үшінші күн

Тарихы аңызға толы тамаша Маңғыстауға да келіп жеттік. Бекетте бізді «Этнотур» турфирмасының өкілдері күтіп алды, таңғы асты да ұмытпапты, біз автобуста тамақтана бастадық. Уақыт тапшы, көптеген жерді аралап үлгеруіміз қажет.  Біздің өлкеге мүлде ұқсамайтын жолдағы табиғат көрінісі өте қызық. Қазақстанның табиғаты қандай керемет және бір-біріне ұқсамайды. Табиғаттың сиқырлы аралдары қазірдің өзінде көріне бастады да, бізді баурап алып, тұңғиығына тарта берді.   

Қарақия ойпатының жанындағы алғашқы тұрақ - Қазақстанның, ТМД-ның  ең төменгі нүктесі, теңіз деңгейінен 132 метр төмен.   Бүкіл түбек-бір кездері осында бұрқанып жатқан Тетис мұхитының түбі. Қара, Каспий және Азов теңіздері онымен тұтасып жатқан.  Кенеттен алдымыз тұманға айналды.  Жол бойындағы асфальтта бұрқасын басталды, бірақ қарлы емес, құмды. Даладағы шаңды құйындар есіме түсті, ал мұнда оның орнына құм соғып тұр. 

Бекет ата жерасты мешітіне апаратын жол оның тәлімгері Шопан ата зираты арқылы өтеді. Жастар алғаш рет осындай қорыммен және жерасты мешітімен танысты. Бекет ата мешітіне түсу, мешіт үй-жайларына жету барысында көптеген сұрақтар туындады. Студенттерді  ойландыра бастады, олар суффизмнің бастауына, оның жақтастарының өмірі мен қызметіне қызығушылық танытты. Кешке жақын қонақүйде интернеттен ақпарат іздеді. Кейінірек, бір күннен кейін Шақпақ ата қорымы мен жерасты мешітіне барғанда, олар өз ойларымен, мәліметтерімен бөлісті.  

Бекет ата мешітіне төмен түсіп, қайта шығар жол көптеген ойларға жетеледі. Олардың барлығы әртүрлі. Бір жағынан әдемі панорамалық көрінісі бар терең шатқал, екінші жағынан ерекше ландшафты биік тау, онда тау ешкілері жайылып жүр, арқарлар да алыстан көзге шалынады. Саяхатқа келушілердің ойлары да сан-саққа жүгіруде, кейбіреулері жеке қалуды армандайтын адамдар туралы ойға шомады.  

Үшінші күн, екінші бөлім

Егер кімде-кім миллиардтаған жыл бұрын планетада қалай болғанын елестеткісі келсе, Маңғыстауға келсін. БОЗЖЫРА, «бұл сөзде қаншалықты көп мән жатыр!» деген  А. С. Пушкиннің дәйексөзі  есіме оралды. Таулар, жыралар, Үстірт қорығының басталуы. Бозжыра алқабы – Қазақстанның інжу-маржаны. Тамаша  ғарыштық ландшафт! Мұнда керемет қуат бар! 

MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY (KAZGUU) студенттері осындай таңғажайып табиғатты көргендеріне шексіз қуанышты. Мұны шынымен де көру керек! Жастар жаңа қуаттың күшін сезгендей болды, олардың көздері   жалын атып, суретке түсіп, видео түсіре бастады.  

Міне-міне, тау астынан атты әскер «Алаш! Алаш!» деп, дәлірек айтсақ, «Адай! Адай!» деп ұрандатып шыға келетіндей де, жау шегінетін сияқты әсерде боласың. Әрқайсыңызға осындай керемет көрініс куәсі болуыңызды тілеймін. 

Екі сағат екі минуттай өте шықты,   осындай керемет пейзаж студенттердің  екі қорап бәліш және тәтті нанмен ішкен шәйінің дәмін  келтіре түсті.

Сонымен, шаршап, бірақ жоғары көңіл күймен бақыт құшағында қайтып келе жаттық.

Төртінші күн

«Бабалар ізімен» саяхаты жалғасуда. Теңіз бойындағы жартас жолымен серуендеу - бұл тағы бір керемет естелік. Сол жақта қарт Каспий бізді толқын  шуымен қарсы алды, оң жақта сиқырлы жартастар, ерекше үлгідегі үңгір бұлақтарының сылдыры.   

Түскі астан кейін студенттердің эмоциялары шыңына жетті. От сиқыры адам үшін әрқашан жұмбақ. От жылу берді, тағамды дәмді етеді. Ол бірде өзіне елітіп тарта түссе, енді бірде таңқалдырды, кейде жолындағысын жайпап жойды. Отқа табыну зороастризм дәуірінен бері қалыптасқан. Отпантауға барар жолда ондаған киіз үйлер, халық шығармашылығының көрмесі, фольклорлық ансамбльдер концерті, айтыс, балуандардың белдесуі және тағы басқалар. Біз соның ішінде, Көрісу рәсіміне қатыстық. Дәл осы жерде наурыздың  он үші күні кешке Наурыздың үлкен мерекесі басталды. Көрісу мерекесі - Наурыздың басы, яғни жыл сәтті өтті, мал мен жан аман сау және көктемгі көшке дайындалу керек. «Мал-жан аман ба? Қыстан аман шықтыңыз ба?», осылайша мерекелік толқын айналаны жаулап алды.

Бізді, КАЗГЮУ-ден келген 30 адамды Тобыш руының Онайбек деген ақсақалы дастарханға шақырып, шын жүректен күтіп, қонақ етті. Жүздері қуаныштан бал-бұл жанған студенттерді ересектермен араластырып, әрбір үстелге бөліп отырғызды да, әңгімеге тартып, сұрақтың астына алды. Менің балалық шағымда үлкендер осылай істеуші еді.  Міне, осының өзі – халықтық педагогика. Алайда, басты оқиға тау шыңында болары сөзсіз, қонақжай дастарханға алғысымызды білдіріп, тауға шығамыз.   

Бір кездері Отпантауда оны айнала отырған ауылдарға жаудың жақындап қалғанын білдіру мақсатында от жағылып, ол әрі қарай жалғаса берген екен. Атамекенін қорғау – халықтың қасиетті парызы. Осылайша біздің ата-бабаларымыз бір шетінен екінші шетіне жету үшін ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жерімізді сақтап қалған.  Қазір шекара қауіпсіздігі басқаша қорғалатыны сөзсіз, алайда от жағу рәсімі жергілікті халық арасында сақталып қалған. Биылғы жылы Отпантауда қасиетті отты жағу құқығы Адай тайпасының Тобыш руына бұйырыпты. Оны ақсақалдар шешеді екен.

Тауға шығудың өзі – ерлік. Міне, 362 сатыны да еңсердік. Адай-ата тайпасына деген құрметімізді дұға оқып, құрбандық шалу арқылы білдірдік. Тобыштар дайындалуда, ақсақалдар өзара әңгімелесуде. Ұзақ күттік. Міне, бір ақсақалдың қолында  алау. «Тобыш! Тобыш!» деп ұрандатып, жиналғандар үшін ол осы қасиетті рәсімді орындайды! 

Олар неге жалпықазақтық «Алаш! Алаш!» деген ұранды айтпайтынын түсінетін сияқтымын. Бұл - бір ру үшін көп жылда бір рет болатын оқиға. Адай тайпасы көптеген рулардан тұрады. Бұл - тек эмоциялар, ата-бабаларға құрмет. 

Көш басталды. Жаңа күнге деген үмітпен біз Жаңа жылға енеміз. Жастардың таңқалысының шегі жоқ, олар бұндайды басқа қай жерде көруші еді?! Осындай қуанышты, шулы топтың арасынан Онайбек ақсақал бізді тауып алып, таудан түскен соң оның киіз үйіне келіп, ет жеп кетуімізді өтінді. Қазақтар қонақты есептемегенде басты ас - етті әзірге бермейді. «Құрметті біздің Онайбек атамыз, сіздің үлкен жүрегіңіз үшін алғысымыз шексіз!» 

 

Бесінші күн

Таңертең ерте басталған Шақпақ ата қорымына сапарымыз киелі орынға барудың жөн-жоралғысына толық жауап берді, келушілер біз ғана екенбіз. Мұнда аймақ коды сақталған. Бұл жерде үнсіз отыра да аласыз, кейбіреулер медитация жасады, өмірдің мәні туралы, осы әлемдегі өзінің миссиясы туралы ойлады. Олар қандай ойда болғанын пойызда жалғастырамыз.

«Шақпақ ата» сөзі кремень минералының  атауынан шыққан. Аңыз бойынша оның  батыр болғаны соншалықты, жаумен шайқаста қаруынан ұшқын кремень тасындағыдай ұшқан екен. Шақпақ тасты бір-біріне  соққанда шығатын ұшқынды ерте кезде от тұтатуға пайдаланған. Ата жерленген жерден және оның айналасынан біз көптеген кремень тастарын таптық. Аңыздар шындықпен байланысты. Ол кісі «Чахмаг-ата» есімімен көбірек танымал болды деген мәлімет те  бар. Түрікмен тілінен шыққан топонимдер, атаулар кездеседі, бұл тек достық пен бейбітшілікті ғана емес, сонымен бірге қақтығыстардың болғанын да айғақтайды. Алайда, бұл бұрынғы өткен заманда болған.

Осылайша, күніміз рухани танымға, исламның қазіргі қазақ даласында таралу тарихына арналды. Неліктен миссионерлер жерасты мешіттерін таңдаған, оларды аскетизм мен жалғыздыққа не шабыттандырды? 

Әрине, барлық сұрақтарға бірден жауап табу мүмкін емес. Қызығушылықтың басталуының өзі жарты жауап деуге болады. Мұндай жағдайлар ата-бабаларыңызбен араласуға, өткенді мақтан тұтуға немесе кейбір оқиғалар үшін  өкінуге көмектеседі. Ең бастысы-одан сабақ алу. Жерасты мешіттеріне бару ойлауға, тыныш пайымдауға түрткі болды. Студенттер қонақ үйге терең ойда рухтанып оралды.

Кешке пойыз  және жол күтіп тұр.  

 

Алтыншы және жетінші күні Астанаға қайту керек болғандықтан, пойызда өтті. Студенттер әсері шексіз. Роликтер мен эссе дайындауда. Плацкарт вагонындағы екі күнде шаршамадық десем болады. Әрбір студент сапардағы оқиғаларды қалай қабылдағандарымен бөлісті. Бұл жастарымызға кең байтақ Отанымыздың қасиетті жерлерінің бірін көрсетуге тамаша мүмкіндік болды.  Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстарының жерлерін басып өттік. Жастар күш жинап, жағымды әсер алып, зор серпіліспен оқуға кіріседі. Бақылау жұмыстары жиналып та қалды, енді соларды сәтті тапсыру туралы ойлана бастағандары жөн.  

MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY (KAZGUU) студенттері келесі сапар қашан және қай жаққа болатыны туралы сұрап, біліп отырады. Бұл дәстүрімізге – 9 жыл. Кезекті сапарымыз «Ұлы Жібек жолымен» деп аталады және Тараз-Отырар-Түркістан бағытында болмақ. 

Саяхатымыз біткен соң оқу бағдарламасының  үшінші қорытынды кезеңі- тарихи тақырып бойынша театрланған қойылым болады, ол алған білімдерін бекітіп, тереңдетуге көмектеседі. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?