Ілияс Есенберлин – алғаш рет кеңестік жүйенің қатал саясатының зардаптарымен бетпе-бет жолыққан, жоқшылықтың азабынан туындаған ашаршылықтан қырылған отандастарына көмек көрсетіп, сүйеу бола білген азамат.
Кеңестік цензураның жасанды кедергісіне қарамай, қазақ тарихының тамырына, қазақтың "алмас қылышы" –ұлттың психологиясына терең үңіле білген жазушы, асқан ойлы қалам шеберіне ғана лайықты интонациялық тәсілді пайдалана отырып, кешегі мен бүгінді, одан қалса – болашаққа да лайықты ойларды өз заманында айта білген.
Қазақтың ақын-жазушылары, 2 қатарда, солдан оңға қарай: Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Қадыр Мырзалиев, Амантай Сатаев
Назарларыңызға Ілияс Есенберлинге қатысты бірегей 10 деректі ұсынамыз:
1. Қазіргі қазақ қоғамы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын негізге ала отырып, тәуелсіз ұлттық мемлекеттік ұғымын ұлықтауда. Осы жолдың кейбір бағыттары өткен ғасырдың ең қиын да, шырғалаңды кезеңдерінде дүниеге келген Ілияс Есенберлиннің еңбектерінен көрініс тапқан.
2. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы 30 жылдың ішінде 50 рет басылып, жалпы тиражы 3 млн данадан аса шығарылған және әлемнің 30 тіліне аударылған.
3. Ілияс Есенберлин 1937 жылы Қазақстан компартиясының Х съезіне студенттер атынан делегат болып қатысып, тұңғыш Қазақ КСР Конституциясының қабылдануына куәгер болған.
4. Ілияс Есенберлин Ұлы Отан соғысы қатысып, 46-шы танктер полкіне қарасты 84-ші мотоатқыштар дивизиясында саяси жетекші міндетін атқарған. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» ордені марапатына ұсынылған.
5. Ілияс Есенберлиннің жұбайы Диляра Жүсіпбекова 20-30 жылдары белгілі совет-партия қайраткері, жазушы, Сәкен Сейфуллиннің қызметтесі, Қазақстандағы бірінші Әділет халық комиссары, ең бірінші болып Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын қазақ тіліне аударған Хамза Жүсіпбековтың қызы.
6. Алтын Орданың қазаққа келуі – Алтын орда қазақ жерінде дүниеге келсе де, осынау далалық алып, қуатты мемлекеттің отаны болса да, орыс тарихшылары біздегі сол ірілікті мойындамаған. Осы тұрғыда Ілияс Есенберлин географиялық жағынан да, этникалық жағынан да, қазақ Алтын орданың тікелей мұрагері екенін дәлелдеп берді.
7. Ілияс Есенберлинмен тығыз араласқан жазушы Қабдеш Жұмаділов: мені алғашқы қызықтырғаны Ілияс Есенберлиннің өзі емес, «ешкімге ұқсамайтын, немістің бір емес Эссен және Берлин деген үлкен қаласының атын біріктіріп тұрған фамилиясы» - деген екен.
8. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер»-мен қатар көптеген шығармаларында жиі кездесетін сөз «импрам». «Импрам» түрік сөзі болғанымен қазақша мағынаасы «қара халық» ұғымын білдіреді. Жазушы халыққа өте жақын болған: халық менің ең жоғарғы төрешім, ең үлкен сыншым және ең жақын қорғаным. Сондықтан да өзінің кейбір жолдастары, тіпті өзінен қызмет сатысында биік тұрған белгілі адамдардың халық ұнатпаған, қабыл алмаған істеріне қарсы тұрамын деуінің өзінен қара халықтың қамын жегенін көре аламыз.
9 . Ілияс Есенберлин «Мұхиттан өткен қайық» атты еңбегінінің қазақ тілінде басылып шығарылуы жолында 11 жыл бойы күрескен.
10. 2015 жылы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы халықаралық ұйым шеңберінде өткізілетін шаралар тізіміне енгізіліп, кең көлемде аталып өтілді.
Деректер Амангелді Қашқымбаевтың Ұлы Дала тұлғалары. Ілияс Есенберлин шығармасынан алынды.
Әзірлеген: Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)