Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Баламер – Батыс гүн патшасы

2485
Баламер – Батыс гүн патшасы - e-history.kz
Анттарды жеңгеннен кейін готтар гүндердің бодандығынан құтылып, бір жылдай бостандықта жүрді. Гүндердің патшасы Баламер бұған қатты намыстанып, өзіне берілген готтарды соңына ертті

(374 жылдары Батыс гүн патшасы болды)

«Анттарды жеңгеннен кейін готтар гүндердің бодандығынан құтылып, бір жылдай бостандықта жүрді. Гүндердің патшасы Баламер бұған қатты намыстанып, өзіне берілген готтарды соңына ертті де, гүндердің билігін қайтадан орнатуға бекінді».

М.И. Артамонов. «Хазар тарихы», 49-бет.

I

Дүние тарихында «халықтардың ұлы қоныстануы» деген үлкен ұғым бар. Есте жоқ ескі замандағы мекен-жайын тастап, мүлдем беймәлім өлкеге қоныстанып, құрылымы өзгеше мемлекет құрған жұрттың қатарына Батыс гүн қағанаты да жатады. Көшпелілердің осы көші дүниенің жағырапиялық, тектік картасын қайта жасатты. Әсіресе Еуропа елдерінің тағдырын анықтауда гүндер шешуші ықпал жасады. Ал бұл гүн дегеніміз хұн жұрты болатын. Алдыңғы әфсаналарда жиі айтылған бұл жұртты еуропалықтар «гунн» деп атады да, бұл ұғым сол күйінде қалыптасып қалды. І ғасырда жанталасқан шайқастан әбден ығыр болған хұндар батысқа қарай қозғалды. Олар өздерінің жолындағы ауарларды жылы орнынан үдере көшірді. Әсіресе 155-158 жылдардың арасындағы босқын хұндарды қатты күйзелтті. Қарсы алдындағы угрлар мен сарматтарды ығыстырып, былғарлармен тоқтамға келіп, әйтеуір, Еділ мен Жайықтың арасына сыналай кірді. Сөйтіп: «Көштерін тонатып, бала-шағасын жоғалтып, қуғыншылардан ытырыла қашқан хұндардың тобы Еділ мен Жайыққа жетіп жан сақтады. Олардың жерсінуіне және рухы мықты тектің қайта оянуына 200 жыл уақыт қажет болды. Бұдан кейін гүндер (азиаттық хұндардан ажырату үшін осылай атау дәстүрге айналды) нағыз құдіретті күшке айналды, бұл арада қоныс аударудың еш қатысы жоқ, бәрі де жергілікті тектің негізінде жүзеге асты.

Бұл пікірдің растығына ешкім де күмән келтірмейді. Алайда Лев Гумилевтің Батыс хұндарды, яғни Батыс гүн қағанатын шығыстағы тамырынан үзіп тастауы қисынға келе қоймайды. Өйткені, бұл байланыс ешқашан бұзылмаған және үнемі өзара байланыс жасап отырған. Сондықтан да Естеми қаған олармен тез тіл табысып, Түркі қағанатының құрамына енгізген. Жаугершіліктен жалыққан тектің екі ғасырдай «тынығуы» олардың қайтадан буырқана өсуіне негіз қалады.

Алайда «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей, Еділ мен Жайықтың арасы, Арал теңізі табиғи апатқа ұшырап, қуаңшылыққа айналды. Сондықтан гүндер бұл арадан тағы да батысқа қарай жылжуға мәжбүр болды. Бұл кезде батыс Еуропада да тектік аласапыран өтіп жатқан.

Гүндер, міне, сондай өтпелі кезде олардың бүйірінен келіп килікті де, онсыз да сергелдеңге түсіп жатқан жұртты асты- үстіне сапырылыстырып жіберді. Шығыстан төніп келе жатқан қара бұлтты, «жын-перілер ордасын» Еуропа қауымы үрейлене қарсы алды. Кейін атын ести салысымен батысқа қарай қотарыла көшті. Гүндер туралы алғашқы деректі қағазға түсірген – Дионис Перигет. Ол 160 жылы: «Гүндер Каспий теңізінің айналасындағы скифтердің жеріне қоныстанған, Арал теңізінің маңында көшіп жүреді», – деп жазды. Ал осыдан он бес-жиырма жылдан кейін қолына қалам алған Птоломей (175-182 жылдардың арасында) өзінің еңбегінде: «Хұндар – Қара теңіздің жағалауындағы бастарнамдар мен роксаландардың арасында тұрады», – деп мәлімет берді. Бұл пікірді

В.В. Латышев пен М.И. Артамонов «жаңсақ мағлұмат, тарихты Птоломей шатастырып баяндаған» деп түсіндіреді. Біз үшін бұл пікірлердің дұрыс-бұрыстығын талдап жатудың пәлендей қажеттігі шамалы. Тек Михаил Илларионович бұл жолы да скифтер мен сарматтарды, бір кезде Алтайдың аңғарынан көшкен ауарларды «иран тілдес халық» деп баса айтуы ғана көңілге секем алдырады. Өзінің 25 жыл бойы зерттеген ең басты еңбегінде де бұл пиғылын өзгертпегені өкінішті. Бір алаңдатарлық жай, шындығында да ғажайып еңбекқорлықпен жүзеге асқан «Хазар тарихын» еш талас тудырмайтын ғылыми тұжырым ретінде қабылдау етек алып отыр. Күндердің күнінде теріс тұжырымның түзелетініне үміт артамыз.

Гүндердің жаңа жерге бауыр басуын М.И. Артамонов: «Осы уақыттың ішінде Моңғолиядан шыққан хұндар гүнге айналып кетті, яғни мүлдем басқа халық боп қалыптасты. Шағын ғана хұн ордасы Орал өңірінде жергілікті жұртпен, оның ішінде угр халқымен араласып, әр түрлі байланысқа түсті. «Гүндер жын-шайтаннан тарады, олар құлан түзде қаңғырып жүрген мыстандармен некелескен», – деп аңыз шығарған Иорданның мәліметін Л. Гумилев оның негізінде көшіп келген хұндардың угрлармен аралас некеге отыруы айтылған деп түсіндіреді. Шындығында да, жүгі мен әйелдерінен айырылып келген қашқындар жергілікті халықпен араласпауы мүмкін емес, соның нәтижесінде угрлық дене бітімі моңғолдық тектен басым түскен. Батыс хұндар өзінің көптеген дәстүрін ұмытып, угрларға кең тараған сармат мәдениетін қабылдады. Оның есесіне, келімсектердің әкелген түркі тілі хұндардың арасында сақталып қана қойған жоқ, қайта, олармен араласқан угрлердің арасында үстемдікке ие болды. Керісінше, оларға угр тілдері де әсер етті, сөйтіп болгарлар мен хазарлардың ата-бабасының тілі қалыптасты, мұның көрінісін чуваш тілінен қазір де байқауға болады», – деп суреттейді («Хазар тарихы»).

Пайымдаған жоқ, суреттеді. Түркі тілі үстемдік құрса, ол арада сол халықтың басым болғаны. Ал мұны мойындағысы келмеді.

Бұған төмендегі екі тарихшының жазбасын салыстыру арқылы еш күдіксіз көз жеткізуге болады. Қытай шежірешісі Сыма-Цянь:«Олардың барлығы таулы алқапқа қоныстанған, әр тайпаның өз көсемі бар, жүздеген көсемдердің басы бір жерге жиі қосылса да, тұтас мемлекет құрмаған... Шөптің шүйгінін, судың тұнығын қуалап, малдың өрісіне орай көшіп жүреді. Тұрақты қонысы жоқ. Есігі шығысқа қаратылып тіккен дөңгелек киіз үйде тұрады. Етпен қоректеніп, кымыз ішеді, киімдерін әр түрлі жосамен бояған жүннен, теріден жасайды. Кім өжет, таласқа түскен дау-дамайды шеше алатын болса, соны би сайлайды. Билік мұрагерлікке қалмайды. Жүз немесе мың шаңырақ бір ұлыс құрайды. Ақсақалдарынан бастап, ең кіші отау иелеріне дейін өз малын өзі бағады, бір-бірін жалшылыққа алмайды... Әрбір істі ойласа келгенде әйелдерінің ақылына құлақ асады, тек әскер мәселесін еркектердің өздері шешеді. Соғыс – олар үшін ең басты мақсат», – деп жазды біздің жыл қайыруымыздан бұрын. Бұл арада осы пікірдің көшпелі қазақтың тұрмысынан айнымайтынын дәлелдеп жату артық.

Ал осыдан төрт жүз жыл өткен соң сонау Рим империясының қабырғасын қақыратқан гүн державасының тұрмысы да Сыма-Цяньның жазғанымен дәлме-дәл шығады. Рим императорының шежірешісі Аммиан Марцелли өзінің жазбаларында гүндерді барынша мазақ қылып, жеккөрінішті, диюлардың кейпінде бейнелейді. Оның тым тағы етіп көрсетуінің шындыққа келмейтінін тарихшылар ашық мойындайды. «Гүндердің материалдық-мәдени өресі жоғары, әскери іске тәжірибесі мол, тас қабырғаларды күйрететін зеңбіректері бар, сол арқылы жақсы қаруланған дұшпандарының қамалдары мен қалаларын тас-талқан етті», – дейді С.Г. Кляшторный. Әрине, Марцеллидің өз пікірі өзіне, біз гүндердің сол кездегі тұрмыс-салтын бейнелейтін тарихи танымдық мәлімет ретінде қысқаша үзінді келтіреміз. Сонымен, Аммиан Марцелли,

IV ғасырдағы Рим тарихшысы: «Осы уақытқа дейін құлақ естіп көрмеген адамдар үңгірден шыққан дүлей құйындай ұйтқып, жолындағының барлығының зәресін ұшырып, жайпап келеді, бейне бір таудан соққан боранды дауыл сияқты... Олардың барлығы мығым да шымыр денелі, мойындары жуан, олардың сықпыттарының қорқыныштысы сондай, екі аяқты аң екен деп қаласың... Тау мен даланы қапталдай көшіп жүрген олар суыққа, аштық пен шөлге төзуге бесіктен бастап үйренген; жат жерде аса қажет болмаса, үйге кірмейді... Жаяу жүргенде қорбаңдап, қимылы үйлеспейді, оның есесіне, сырты сүйкімсіз, бірақ шыдамды, аттарына мінгенде өздерін емін-еркін сезінетіні сондай, ердің үстінде малдастарын құрып алып отырады да, бар жұмысын есік алдынан бітіріп қайтады. Олар ат үстінде күнін өткізіп, ат үстінде қалғиды, ат үстінде тамақ ішіп, жатаған жылқының жалына жармасып ап ұйықтайды. ...Егер де күрделі мәселе туралы бас қоса қалса, ат үстінде тұрып тыңдайды, олар патшаларына тікелей бағынбайды, өздерінің ру көсемдерінің айтқанына көніп, бұлжытпай орындайды. Олардың ешқайсысы егіншілікпен айналыспайды, соқаны ұстап көрмеген. Белгілі бір өрісті иемденген олар бейне бір қашқындар сияқты, киіз үймен көшіп жүреді, бар өмірін сонда өткізеді. Сол үйде әйелдері киім тігіп... бала тауып, оларды ержеткенше бағып-қағады. Олардың ешқайсысы да өздерінің отандарының қайда екенін білмейді, өйткені кіндік тамыры мында байланып, екінші бір жерде дүниеге қелген, ал мүлдем басқа аймақта есін біліп, етегін жиған», – деп жазады.

Осыдан бір мың бес жүз жыл өмір сүрген Марцеллидің сөз саптауына кешіріммен қарайық. Қанша білімді дегенмен, басқа мәдениетте басқаша тәрбиеленген жат жұрттың өкілі. Екіншіден, гүн ордасы ол үшін ата жауы еді. Елін шауып, жерін иемденген халық туралы кімнің де болса аузынан жақсы сөз шықпайды, Марцеллидің бір қателігі – гүндерді отанын білмейді деп жазғыруы. Бұл қате. Олар өз отанының Алтай мен Атырау алқабы екенін ұмытқан жоқ. Тек тарих пен тағдырдың арасына сына боп қағылған гүндер ығыса-ығыса Шығыс Еуропадан бір-ақ шықты. Бұл дүние тарихының аласапыранға түсіп, арпалысып жатқан «ұлы қоныстану» кезі еді. Оған гүн державасы да бір бүйірден кеп килікті.

«IV ғасырдың 70 жылдарында оңтүстік-шығыс Еуропаның кең даласына гүндердің тұтқиылдан тап болуына мәжбүр еткен жағдайды түсіндіру қиынға соғады. Олардың алғашқы құрбандығы Азау жағалауындағы иран тілді аландар болды, тек бір бөлігі ғана (осетиндердің ата-бабалары) Солтүстік Кавказ тауына барып паналады. Іле-шала Қобан бойын қаратқан гүндер қысты күні Керіш бұғазы арқылы мұзбен өтіп, Боспор патшалығының бай қалаларын басып алды. Қара теңіз жағалауындағы көне дүние әлемімен шектескен Днестрге дейінгі аралықты – сарматтар мен аландарды және гот тайпаларын бірнеше жылдың ішінде-ақ жайпап салды, олардың біразы гүн ордасының құрамына қосылды, жартысы Днестрдің арғы бетіне қашып кетті. 376 жылы гүндер тура Рим империясының шекарасына кеп ат басын тіреді» (С.Г. Кляшторный). Гүндердің әскерін бастаған кім және мақсаттары не еді? Бұл жөнінде мәлімет аз. Малына өріс, өздеріне жылы да жайлы қоныс іздеп шықты ма? Әлде, Шығыстағы қалың жужандар ығыстырды ма? Ол арасы беймәлім.

Батыс гүндердің қағанатындағы алғашқы аты белгілі адам – Баламер. Біз соған қысқаша тоқталамыз.

ІІ

Тарихшылар «Батыс гүн ордасын хан биледі ме, жоқ, әскери қолбасының еркіне бағынды ма?» деп сұрақ қояды, бірақ жауап бермейді. Сол пікірді қозғаған ғалымдардың деректеріне сүйенсең, бәрі де анық сияқты көрінеді. Кейде зиялылардың өзі көшпелілердің тарихын қасақана бұлдыратып жазуға бейім іспетті. Оған дәлел – гүн патшаларының өз аузынан шыққан сөздер. Мысалы, Аттила – Еділ патша қытай жылнамаларында кездесетін Дулу әулетінен шыққандығы, ал VІІ ғасырлардағы болгар хандары өзінің тегін атақты гүн патшаларына апарып тірейтіні

«Есімнамада» нақты жазылған. Демек, Аттила – Еділ өзін Ашина – Көкбөрінің тұқымымын деп есептеген. Ол туралы аңыздар өте көп. Біздің өз бетімізше шежіре жасауға қабілетіміз жетпейді. Бірақ та тарихи деректерді жүйелей қуып отырып, Аттиланың – Еділдің әкесі Руғила, Руғиланың әкесі Қаратүн, (мүмкін қытай жазбасындағы Қара қаған болуы да – Т.Ж.), Қаратүннің әкесі Жұлдыз (Иылдыз), Иылдыздың әкесі Баламер деген қорытындыға келдік. Сөз қайталады демеңіздер, бірақ та Шүкір Сефероғлы мен Аднан Мүдәрисоғлының «Түрік дзулетлері тарихында»: «Батыс (Еуропа) хұн императорлығы (Аттила хұндары). Құрушысы – Баламер (374), Улдыз (410), Қаратүн (412), Руа (434 жылы өлген), Айбарыс, Оқтар, Аттила (434-453), Теңіздик (Аттиланың ұлы, 469 жылы өлген, 350-

469 жылдары өмір сүрген). Батыс Россия, Румыния, Югославия, Мажарстан, Австрия, Чехословакия және Алманияның (Германия) орталығы Алмания (Германия) өлкелерін мекендеген. Діні – Көк Тәңірі. Жазуы – Орхон түрік әліппесі», – деп (26-бет) жазылған деректер соған толық айғақ бола алады.

Ал Баламер қай жылы, қандай жағдайда гүн қағанатының билік басына келді? Оны ажыратып айта алмаймыз. Бірақ та 371 жылы Германарихқа жорыққа аттанғаны анық. Аммиан Марцеллидің мағлұматы бойынша, 370 жылы гүндер Каспийдің жағалауынан бастап, Дөң өзенінің арасына дейінгі жерді алып жатқан аландарды жеңген, «олардың біразын өлтіріп, елін тонап, қалғандарын өзіне қосып алған». Ал Дөң менен Дунайдың арасын, мұқым Украина жерін готтар мекен етіп отырған. Баламер бастатқан көшпелілердің алғашқы шабуылынан соң-ақ бұл тайпалар ыдырап, кейбіреулері гүндер жаққа шығып кетті.

«Готтардың королі Германарих гүндермен шайқасудың үмітсіздігін көріп, өзіне өзі қол жұмсады, готтардың біразы 376 жылы Шығыс Рим империясының шекарасына қарай босып, бастарына пана іздеді. Гүндер готтардың жерін тып- типыл ғып тонап, Черняхов мәдениетін жермен-жексен етті» (М.И. Артамонов). Осы дерекке қарап, көшпелілерді Еуропа жеріне бастап барған гүн көсемі Баламер деп топшылауға толық негіз бар. Ал оған дейін кім билік құрды, ол белгісіз. Бұдан кейінгі оқиға былай дамыған: Баламердің қарамағына көшкен шығыс готтар көршісі анттарға шабуыл жасады. Олардың королі Винитарий ант кінәзін дарға асып, оның бала-шағасы мен әйелі, жақын туысы, жақтастары бар, ұзын ырғасы 70 адамды кергішке салып азаптап өлтірді. Оның бұл қатыгездігін көшпелілер де жақтырмады. «Анттарды жеңгеннен кейін готтар гүндердің бодандығынан құтылып, бір жылдай бостандықта жүрді. Гүндердің патшасы Баламер бұған қатты намыстанып, өзіне берілген готтарды соңына ертті де, гүндердің билігін қайтадан орнатуға бекінді. Эрак өзенінің бойындағы айқаста Винитарий қаза тапты, остроготтар бас көтерместей боп жеңілді де, жеңімпаздардың дәргейіне көшті. Иорданның мәліметіне қарағанда, Баламер «өзіне бағынған гот халқын бейбіт жолмен басқарған, алайда, гүндердің келісімімен қойылса да, готтардың өз патшасы болды. Остроготтар гүндермен бірге Паннонияға дейін жылжыды, қашан Аттила өлгенше өздерінің шапқыншыларына адал қызмет етті» (М.И. Артамонов. «Хазар тарихы», 49-бет).

Бұдан кейін батыс гүн қағанаты Қара теңіздің жағасына қарай ойысып, ол жаққа да ойран салады. Осы кездегі көшпелілердің жорықтары жөнінде жазылған жазбаларды оқығанда төбе шашың тік тұрады. Расында да сондай қатал да қатыгез болды ма, жоқ, әсірелеу басым ба? Оның обал-сауабын жылнамашылардың өзінің аруағына және соған түсініктеме берген тарихшылардың ар-ұятына тапсырдық.

«Сирия мен Каппадокида тірі жан қалмады» деген ақпаратты оқи отырып, сол көшпелілердің өзінің қаншасы қырылды екен деген сұрақ туады. Шапқыншылықты ақтау ақылға сыймайды, бірақ сауал қоюға хақымыз бар. Гүн қағанатының тағына Жұлдыз (410 жылы) отырғанша көшпелілердің жасағы Кавказ тауының айналасын жортуылдап шықты. Онда «скиф (гүн) патшасының әулетінен шыққан Есік (Васих) пен Күржік (Курсих) әскербасы болды. Осыншама кең жерді игеріп алғанша қайтып жорыққа аттанбады. Арадағы Жұлдыз бен Қаратүннің тұсында сәл тыныс алған сияқты. Алайда: «Осы кезде олар германдықтарға қарсы күрескен Шығыс Рим империясына қол ұшын беріп тұрды. Тек гүндердің алдыңғы легі тәрізді болған аландар Паннонияға қоныс тепкен еді, 406 жылы олар вандалдықтармен қосылып, Галлияға кеткен соң олардың орнын Руғила мен Руя бастаған аса күшті гүн ордасы басып алды. 434 жылы гүндер Константинопольді қоршап алды, қаланың қалай аман қалғанын византиялықтар тек аңыз арқылы ғана түсіндірді» (М.И. Артамонов).

Дүние кезек. Руғила таққа отырысымен батыс қағанаттың жаңа тарихи шеруі басталды.

ІІІ

Жорықта жүріп шыныққан Руғила патша үш ағайынды еді. Ақтар мен Мыңзық қос қанаттағы әскерді басқарды.

Үшеуі қатарласа үзеңгі қағыстырып атқа қонғанда бетіне дос түгіл дұшпандары да қарсы келе алмады. Жастық шағы жаугершілікпен өткен Руғила Еуропадағы әскери-саяси жағдайды тез аңғарды. Рим империясының билігінен құтылуға ұмтылған герман тайпаларының ерлік күресін көрген соң ол гот, шығыс гот, оңтүстік гот боп үшке бөлінген кінәздықтармен мәмілеге келіп, біресе Римге, біресе өзара қақтығысуларына жол ашып, империяны әлсірете берді.

Құлдарды қол астына паналатып, Римге қарсы шабуылға шығуға дайындалды. Реті келгенде императормен де одақтасып, бургунд, вестгот сияқты күшейіп бара жатқан тайпаларға қарсы шағын жорыққа шықты.

Алайда, қандайда бір мәмілеге келгенімен, Рим империясы ту сыртынан бас салуға дайын тұрған жолбарыстың қауіп- қатерін естен шығармады. «Әсіресе гүндер Шығыс Рим империясына қатты қауіп төндірді, олар шекараға жиі-жиі шабуылдап, барымталап тұратын. Олардан қорғану үшін 413 жылы Константинопольді айналдыра жаңа Феодосия қорғанын соқты, сөйтіп, Дунайдағы бекіністі нығайтты. 430 жылы Византия гүндерге алым-салық төлеуге мәжбүр болды және оның мөлшері жыл сайын өсе берді» («Көне дүние тарихы», ІІІ том, 356-бет). Сонымен, гүн державасы өзінің өмір сүрген тұсында екі ұлы империяға қамал тұрғыздырды. Бірі – Ұлы Қытай қорғаны, екіншісі – Феодосия қорғаны. Руғила патша Мөде тәңірқұтының тұқымы еді.

Кемеліне келіп, қуат-күші толысқан Руғила патшаның нығыздай нығарлап, тығырыққа тірегеніне Рим императоры шыдай алмады. Паннония провинциясын халқымен қосып Руғилаға бодандыққа берді. Бұл кейін Хунгрия – Венгрия мемлекетінің құрылуына негіз қалады. Гүн ордасы уақытша осы олжамен қанағаттана тұрды. Оның үстіне, император Британияда жүрген ең таңдаулы 8 легионын Римге шақыртып алып еді. Жасы жетіп, отыз жылдай гүн көсемі болған Руғила 433 жылы қайтыс болды. Оның тағына Ақтардың баласы Біледі отырды. Рим империясының езгісіне ұшыраған тайпаларға еркіндік әкелген гүн державасы туралы Ф. Энгельс: «Осынау бір таңғажайып сиқырлы күштің арқасында тұншығып өліп бара жатқан Еуропадағы германдықтар еркін тыныс алды», – деп жазды. Гүн ордасы адамзат тарихы алдында бұдан да үлкен міндетті орындады. Алайда ол туралы дербес әңгімеленеді.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор

«Дулыға» кітабынан.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?