Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елбасының тойын басқарған

2435
Елбасының тойын басқарған - e-history.kz
Осылайша 1962 жылы комсомолдық жастар үйлену тойын жасайды. Тойды Жолдасбек Қосқұлақов есімді жігіт басқарып, екі жасқа бақыт тілеп, үлкен өмір жолына қадам басуының куәгері болады

Нұрсұлтан Назарбаевтың аты 1960 жылдардан бастап шыға бастады. Ерік-жігері тасыған, ерен еңбегімен алып комбинаттың маңдай алды жұмысшының бірі атанған ол бүкілодақтық жастар одағы сьездері мен әр трлі фестивальдерге жіберіліп отырды. Ал партия қатарына кіргеннен кейін ол цех парторгы болып сайланады. Осындай қызмет баспалдағы басталған шығанды ол болашақ жары Сара Қонақаевамен танысады.

1941 жылы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген Сара Алпысқызы кейін Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы жоғары курсты бітіреді. Бұл оқу орнын тәмамдған соң, сол комбинаттың электрстансасында кезекші маман болып еңбек жолын бастайды. 

Сара Алпысқызы кезекшілік атқарған бір күні өндіріс орнында апат болып, барлық жұмысшылардың көңілі түсіп кетеді. Басқа да жұмысшылар секілді цехта не болып жатқанын білмек болып, домнашылардың іс-әрекетін көру үшін оқиға орнына барады. Осы жерде ол кісі Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш рет көріп, танысады, арада махаббат сезімі ұшқындайды.  

Сол бір екі жастың табысқаны жайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: «Ал сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанында болған еді. Әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозғалысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді. Бұл бір бұлжымас тәртіп еді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы боласың ба, өзің бүлдіргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді – тәулік бойы дерлік табанымыздан тік тұрған кезіміз, тұла бойымыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жылтырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол күні қосалқы электр стансасында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім» деп баяндайды. Осы бір сұлу эпизод режиссер Рүстем Әбдіраштың Елбасы туралы көркем фильмдерінде әдемі суреттеледі.

Осыдан кейін барып екі жас отбасын құруға бел буады. Осылайша 1962 жылы комсомолдық жастар үйлену тойын жасайды. Тойды Жолдасбек Қосқұлақов есімді жігіт басқарады.

«Болашақ елбасының тойын жүргізген Жолдасбек Қосқұлақов кім? Қайда жұмыс істеген? Қазір бар ма?» деген сауалдарды біз Үшқоңыр ауылына барған сапарымызда жергілікті ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Рымкеш Байқонысова апамыздан қойып сұрастырдық. Өзінің науқастанып жатқанына қарамастан, апамыз біздің сауалымызды түсініп, Жолдасбек Қосқұлақов туралы деректер аздығын айтты. Тек Қарасай батыр орта мектебіне өткізген оның фотосуретін туған бауыры осыдан он шақты жыл бұрын әкеп өткізген екен. Сонда інісі ағасы қайтыс болғанын, жас шағында Нұрсұлтан Назарбаевтың тойын басқарғаны туралы жиі-жиі әңгімелейтінін жеткізеді. Тағы бір дерек бойынша Жолдасбек Қосқұлақов өмірінің соңғы жағы Шымкент қаласында өткен екен. Бір өкініштісі, есімін де атамаған Ж. Қосқұлақовтың туған бауыры басқа ешқандай мәліметтерді жазып қалдырмапты.      

 

Астана-Алматы-Қаскелең-Үшқоңыр-Астана

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?