Мемлекеттік жоғары оқу орындарында бұрындары жабылып қалған Қазақстан тарихы кафедраларын қалпына келтіру, сол сияқты дербес Қазақстан тарихы кафедраларын құру мақсатында мониторинг жүргізілді. Мониторинг Қазақстан тарихы кафедраларының 19 мемлекеттік ЖОО-ларда, оның ішінде 6 ұлттық және 13 мемлекеттік ЖОО-ларда қайта қалпына келтіру және жаңадан құру қажет болатынын көрсетті.
Үстіміздегі жылдың маусым-шілде айларында 19 ЖОО осы тапсырманы орындап шықты. Олардың қатарында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория сияқты 6 ұлттық ЖОО мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Семей қаласындағы Мемлекеттік медициналық университет, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті, Рудный индустриялық институты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті сияқты 13 мемлекеттік ЖОО бар.
Жаңа кафедралардың кадрлық әлеуеті 128 профессорлық-оқытушылық құрамнан, оның ішінде 9 ғылым докторынан, 73 ғылым кандидаттарынан тұрады. Ғылыми дәрежелілік 64 пайызды құрайды.
Жаңа кафедралардың мақсаттары мен міндеттері:
1. ЖОО курсын тарих және тарихи білімдерді, оқиғалар хроникаларын жүйелі зерделеуге бағыттау;
2. Тарихтың теориясы мен методологиясы, тарихи танымның қазіргі заманғы құрылымы, тарихи мектептер мен бағыттар проблемалары бойынша жалпы және арнайы курстар дайындау;
3. Қазақстандық жастардың бойында тарихи сананы, қазақстандық патриотизмді, салт-дәстүрлерге, мемлекеттік рәміздерге, өз өлкесінің тарихына құрметпен қарауды қалыптастыру;
4. Тарихи білімдерді насихаттау, жанды, тартымды тілмен жазылған іргелі оқулықтарды даярлау жолымен оларды кеңінен тарату.
Бүгінде ЖОО-ларда Қазақстан тарихы бойынша жаңа оқу бағдарламаларын талдау және әзірлеу жөнінен, сол сияқты білім беру үдерісінде озық технологияларды пайдалану бойынша жұмыс топтары құрылды.
Бүтіндей алғанда, бүгінгі күні 59 ЖОО-да, оның ішінде 9 ұлттық, 31 мемлекеттік, 1 халықаралық, 9 акционерленген, сол сияқты 9 жеке меншік ЖОО-ларда Қазақстан тарихы кафедралары бар.
Мереке ТАҢАТАРОВ
Түпнұсқа: Егемен Қазақстан