Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Таразда Тұрар Рысқұловтың туғанына 120 жыл толуына арналған ғылыми конференция өтті

1559
Таразда Тұрар Рысқұловтың туғанына 120 жыл толуына арналған ғылыми конференция өтті - e-history.kz
Таразда Қазақстан мен Орта Азияның мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 120 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияда отандық және ресейлік ғалымдар бас қосты.

Конференция Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өтті. 

Онда құттықтау сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов Тұрар Рысқұловтың 1894 жылы Алматы облысының Белағаш ауылында дүниеге келгенін, 1907-1910 жылдары Әулие-ата уезінің (қазіргі Жамбыл облысы) Мерке орыс-қазақ мектеп-интернатында оқығанын атап көрсетті. Осы Меркеде ол Орталық Азия халықтарының ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты. Жас Тұрар Рысқұлов «Бұхара» қоғамын (қазақ жастарының революциялық одағы) ұйымдастырды. 

Қазақстан ғалымдары одағының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Оразалы Сәбденнің айтуынша, Тұрар Рысқұлов орталықазиялық республикалар мен Қазақстанның болашақ саяси және экономикалық тәуелсіздігінің алғашқы негізін қалаушылардың бірі болды.

«Ол 25 жасында жоғары мақсатқа ұмтылған, шындық пен әділдік үшін күрескен қайраткер болып қалыптасты. Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Қазақстанда Түркістан-Сібір темір жолы салынды, қуатты индустриялық орталықтар пайда болды», — деп атап өтті Оразалы Сәбден. 

Сонымен қатар, Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Қазақ педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ), ветеринарлық институт, Ташкентте, Пішпекте пединституттар, Түркістан университеті (Ташкент, ОАМУ), Мәскеуде Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университеті ашылды. Орталық Азия мен Ресейде өнеркәсіптің дамуы Тұрар Рысқұлов есімімен байланысты, ол 250-ден астам кітап, монографияның авторы. 

Сталиндік жаппай қуғын-сүргін кезеңінде Тұрар Рысқұлов «халық жауы» деп жарияланды және 1938 жылғы 10 ақпанда атылды. Қазақ халқының ұлы қайтыс болғаннан кейін 1956 жылы ақталды. 

Тұрар Рысқұловтың 120 жылдығына арналған ғылыми практикалық конференцияға Ресей ғылым академиясының ресей тарихы институтының жетекші қызметкері Дина Аманжолова, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Мекемтас Мырзахмет, сондай-ақ Тұрар Рысқұловтың немересі, мәскеулік оқытушы Владимир Рысқұлов қатысты. 


Тұрар Рысқұловтың өмірбаяны

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?