1893 жылы (25 қараша) дат ғалымы Вильгельм Томсеннің ғылым әлеміне беймәлім жазулар ретінде танылып, түрлі өркениеттерге таңылып келген көне түрік бітіг жазуының кілтін тапқан соң әлем назары руна ескерткіштеріне ауған еді. Яғни ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басындағы ғылым әлеміне тың тақырып - көне түрік бітік жазуы (түрік руникасы) келіп қосылып, Орталық азия жаппай зерттеу нысанына айналып сала берді.
«Әлем ғалымдарының назарын Шығыс Түркістан өзіне аударды. 1902-1914 жылдары аралығында осы аймақта қазба жұмыстарын жүргізген Пруccия Академиясының жетістіктері басқа елдерге де әсер етіп, осы жылдары Ресей, Ұлы Британия, Франция елдері Шығыс Түркістанға бірнеше ғылыми экспедицияларын аттандырды. Бұл экспедициялар барысында Қытай еліне қарасты Турфан, Дунхуан аймақтарында көптеген қала орындары мен көне тұрақтар табылып осы жерлерде археологиялық қазбалар жүргізілді. Діни рәсімдерге арналған тау бөктерлеріне ойылған үңгірлер табылды. Аталмыш жерлерден көптеген қолжазбалар, қыш тақтайшалар, ағаш тақтайшаларға жазылған мәтіндер, үңір қабырғаларына жазылған жазбалар, қабырға суреттері табылды», - дейді Түрколог-ғалым Талғат Молдабай.
Арнайы экспедиция барысында тың археологиялық жәдігерлер, қабырға суреттері, жазба ескерткіштер мен қолжазбалар табылды. Зерттеу жүргізген ғалымдар бұл жәдігерлердің барлығын қаттап, ғылыми айналымға қосты. Қазіргі таңда Санкт-Петербург, Берлин, Лондон, Париж сияқты қалалардағы музейлер мен архивтерде баға жетпес құнды мұра ретінде сақтаулы тұр.
«Осы табылған тарихи мұралардың ең үлкен қоры неміс ғалымы А. Грюнведел мен мажар ғалымы А. Лекок тарапынан жинақталып Германияға (1902-1914 ж.) апарылған еді. Қазіргі таңда «Турфан жинағы» деген атаумен сегіз мыңға жуық мұра жинағы сақтаулы», - дейді зерттеуші.
Шетелдік мұражайларда сақталып қалған осындай баға жетпес мұралардың бірі - «Латафат-нама»
Кітаптың атауы - Латафат-нама деп аталады. Авторы - Қожанды деген адам.
«1982 жылы Улан-Батор қаласында болып өткен Моңғолтанушы әлем ғалымдарының симпозиумында Ауғанстаннан келген Хамами деген профессор-ғалым белгілі түріктанушы ғалым ағамыз Қаржаубай Сартқожаұлына мұрағаттар арасында көне түркі дүниесіне қатысты «Латафат-нама» атты қолжазба туралы ақпарат берген. Кейін 1983 жылы Ауғанстанда болған орыс солдаттарының бірі арқылы Қаржаубай ағамыз сол қолжазбаның фото-нұсқасын қолына түсіреді. Көшіріп жазған ретінде Абубекир-а-Бағлани деген көрсетілген. Ал кітаптың ішкі мазмұны суфизм және медицина туралы», - дейді Талғат Молдабай.
Хожандидің «Латафат-намасының» әлемдегі жалғыз нұсқасы Британ музейіндегі №7914 номерімен тіркелген журналының 142-157 варакалары арасында сақталып келген екен. Ол 914/1509 жылы араб алфавитімен Гератта көшірілген. Ал Қаржаубай Сартқожнаның қолына түсіп отырған бұл қолжазба «Латафат-намасының» екінші нұсқасы болып отыр.
«Ауғанстанның астанасындағы Қабул музейінің кітапханасынан табылған бұл нұсқа 893/1488 жылы Ұйғыр жазуымен көшірілген. Кейін аталмыш қолжазба Отырар кітапханасына өткізілді. Жалпы танымал түріктанушы ғалым ағамыз Қ.Сартқожаұлының еңбегі арқасында қолға тиіп отырған Хожандидің «Латафат-намасы» Хорезмидің «Махаббат-нама» атты шығармасына ұқсатып жазылған.
Сол секілді Хожандидің өмірі жайлы да ақпарат аз. Хожанди қазіргі Тәжікстандағы Ленинабад қаласының тұрғыны болды дегеннен басқа ақпарат жоқ», - деп жазған өзінің «Қазақ жазуы мәдениетінің бастаулары» атты еңбегінде.
Енді автордың осы зерттеулеріне назар аударайық:
Отырар кітапханасындағы Хужандидің Латафат-намасы 56 беттен 313 жолдан тұрады. Бұл шығарма да Хорезмидің «Махаббат-нама»-сы сияқты автор өзі туралы баяндайды.
Автордың аты немесе оның лақабы шығармада бірнеше жерде кезігеді және не оның өзінің не тегінің Хужандинің тумасы екені ешкімге белгісіз (Хужанди: Қазіргі Тәжікстандағы Ленинабад қаласы). Әли Шир Невай «Межалисүн-нефайыс»- дағы ескерілмеген фактор оның түрік тегінен шыққаны жайлы ақпараттың жеткіліксіздігіне байланысты оның кім екендігі дәлелденбейді. Дегенмен ол «Латафат-нама»-ның авторы Сейд Ахмет Мырза екендігін көрсеткен. Шындығында шығарма Сейд Ахмет Мырзаның шығармашылық жұмысы екендігі дәлелдеуді қажет етеді, бірақ оның атауы «Ташсук-нама». «Латафат-нама» сияқты ол жанрлық жағынан «Дах-нама»-ға ұқсас жәнеде «Махаббат-нама»-ның әсерімен жазылған. Бұл шығарма 839/1436- да жазылған және ол Шахрухқа арналған.
Амир-зада, Махмуд Тархан сияқты есімдер «Латафатнама»-да біраз жаңылысуларға алып келеді. Шығарма шамамен 14-ғасырдың аяғы мен 15-ғасырдың басында жазылған.
«Латафат-нама»-ның жалғыз көшірмесі Британ музейінде ғана бар және ол араб әрпімен 914/1509-да Гератта көшіріліп алынған. Екінші көшірмесі Ұйғыр алфавитімен жазылған (Қабыл музейіндегі нұсқа. Көшірмесі Отырар кітапханасында сақтаулы.
Бұл қолжазба өте көне және сирек қолжазбалар қатарына жатады. Бұл жаңалықтың негізгі маңыздылығы қолжазбаның көшірілген уақытында жатыр. Темір дәуірінде Ұйғыр алфавитімен әр-түрілі діни және әдеби текстілердің көшірілу хронологиялық реті төмендегідей:
835/1431 ж. Сиражүл-күлүб, Мәселе кітабы, Махаббат-нама сияқты жазбалар коллекциясы.
838/1435 ж. Маншур көшірген «Бахтяр-нама».
840/1436 ж. «Мираж-нама» және «Тасқиратүл-Айлия» қолжазбасы. Мұны Гератта Малик Бахзи көшірген.
843/1439 ж. Гератта Гара Сайл көшірген «Құтатғы Білік».
848/1444 ж. Самарқандта Зайнүл-Абибин көшірген «АтабатүлХакайқ».
Мұнда осы көшірушіге тиесілі екі түрлі галлаграммалық нұсқа бар. Сондай-ақ парсы алфавитіндегі «Күллиат-и Аттар»- дың Британ музейінде Түрік және Ұйғыр алфавитіндегі нұсқалары бар. Бұл қолжазба Шахрух Дилманға арналып 862 ж. (б.з. 1458 ж.) жазылған.
Егер біз бұл Ұйғыр жазуымен жазылған қолжазбалардың жазылу уақытына қарасақ ол 835-848/1431-1444 жылдардағы кезеңге сәйкес келеді. Ұйғыр жазбалары Темір дәуірі кезеңіне сәйкес келеді және әйгілі династияның ерекшеліктерін қамтиды.
Көріп отырғандарыңыздай Түрік жазбаларын Ұйғыр алфавитіне көшіріп жазу 835/1431 жылдан басталған және де ең алғашқы көшіру Әмір Жалаладдиннің бастауымен болған.
Бартольд Әмір Жалаладдинді Шахрухтың билігі кезінде де өмір сүрген Жалаладдин Фирөзшахпен теңестіреді (Бір адам деп ойлайды). Түрік ғалымдары Көпүрүлү мен Тоған Бартольдтың бұл пікірін ешқандай қарсылықсыз, зерттеп-зерделеп жатпастан қабылдады. Алайда Темір басқаруы кезеңіндегі Йазд қаласының тарихын зерттегенімізде Бартольдтің бұл пікірінің қате екендігін анықтадық. Шындығында Жалаладдин Фирозшах пен Йазд қаласының арасында ешқандай байланыс жоқ. Екінші жағынан қала Шахрухтың билігі кезінде Жалаладдин Мир Чақмақ атты басқарушының діншіл бағыттағы жұмыстарының ықпалында болатын. Әмірге қатысты кейбір деректемелерде сұлтан Баязидке қарсы Темір жорығына қатысқан әмірлердің арасынан біз Чақмақ атын кездестіреміз. 817/1414 жылы оны Әмір Сұлтан Баязит Барласпен бірге Шахрух Абаргүх қаласын жаулап алу үшін аттандырады. Шахрухтың Азербайжан мен Иракка қарсы екінші жорығына Әмір Чақмақ Йазд қаласынан келіп кейіннен Шахрухқа Рай қаласында (14-рамазан 832/1429 ж.) қосылады және осы жорықтан кейін ол 833/1430 жылы Сұлтаннан Йаздға қайтуға рұқсат алады. Діни бағыттағы іс-әрекеттерімен Әмір Шақмақ пен оның әйелі Фатима хатун Йазд билігіне 824, 830, 834 және 845 жылдары әсер етіп отырған және де Шахрухтың өліміне (850/1447 ж.) дейін қаладан ешқайда кетпеген. Осыған қарап біз оның осы қаланы ұзақ уақыт басқарған билеуші болған деген болжам жасай аламыз. Жоғарыдағы жағдайларға байланысты Мір Жалаладдиннің Әмір Жалаладдиннен басқа адам екеніне толық көзіміз жетеді.
Транскрипциясы:
62 zihī ṣāḥıb-ḳırān arslan yüreklig ma῾ānī meclisi içre kėreklig
63 saḫāvet bābıda çün ḥātem-i ṭay şecā῾at milkide çün kāvus-ı key
64 qilıčıŋ haybatıdın rustam-i zäl qilıp dur dunyıda gör ičrä inzäl
65 ğihän tındı seniŋ ‘adlıŋ küčündin yašın yašğar qiličınıŋ ııčındın
66 sahävat mulkidä sähib-qadam sen latäfat ma’danı kän-i karam sen
67 begim ‘adlıŋ qamuğ ‘älamğa toldı quyaš yaŋlıg sıfätıŋ ğilva boldı
68 ğamälıŋ ‘aksıdın hursed alur nür atıŋ boldı qamuğ ‘älamda mašhür
69 bulut ičrä yašundı ay yüzüŋdin šakar sızdı qamiš ičrä sözüŋdin
70 quyaš yüzüŋ körüp yergä yıqıldı adaqıŋ toprağını sürmä qıldı
71 falak bašı bilä evrülsä miŋ yıl seniŋ teg qılmağay dunyada häsıl
72 hirad šatranğını uttuŋ ğihändın seniŋ lutfuŋ bila toldı ğihän din
73 ma’äni ičrä šähım qıl yarar sen ağunda har ne qılsaŋ qıl yarar sen
74 söz aymaq siz bigin dänä qatında quduq qazmaq irür daryä qatında
75 valikin mür keltürdi yaraqın sulaymänğa čevürgeniŋ ayagın
76 sulayman teg erür ğah u ğamälıŋ huğandi teg za’if bulsun ğamaliŋ
Аудармасы:
62 Арыстан жүректі қаһраманның, өлең мәжілісіне керек болғаны, қандай қуанышты!
63 Ол жомарттықпен Хатеми Тай, баһадүрлік мүлкінде Кейкабус сияқты.
64 Қылышының қорқынышынан Зал ұлы Рүстем бұл дүниеден ол дүниеге өтті.
65 Әділеттің күшімен барлық әлемді азат етті, қылышының жүзінде найзағай ойнады.
66 Жомарттық мүлкіңде бақыт қонғансың, әдеміліктің кені, жақсылықтың теңізісің.
67 Мырзам, әділдігің барлық әлемді толтырды, болмысың күн сияқты жарқырады.
68 Күн жүзіңде жарқырап шағылысты, атың барлық әлемге машһүр болды.
69 Ай сенің жүзіңнен ұялып, бұлтқа тығылды, сөзіңмен қаламнан бал ақты.
70 Күн жүзіңді көргенде жерге енді; аяғыңның астындағы топрақты көзіне қына қылып жақты.
71 Фелек күнімен мың жыл айналса да сен сияқтыны тудыра алмас.
72 Әділдік бойынша қылды қырық жарарсың, әлемде не жасасаң да пайдалы боларсың.
73 Сен сияқты білімдінің алдында сөз айту, теңіз жағасында құдық қазған сияқты.
74 Бірақ құмырысқа жаяу Сүлейменге шегірткенің аяғын әкелді.
76 Ұлылығыңның дәрежесі Сүлеймендікі сияқты, жүзіңнің сұлулығы аяқ астында қалмас.
Зерттеуші өзінің аталмыш зерттеу кітабында «Латафат-намаға» қатысты біршама түзетулер енгізгенін айтады:
Біз Али Шер Науаидің «Межалисүн-нефаис» атты шығармасында «Латифат-нама»-ның Сейд Ахмет Мырзаға тиесілі екендігі жөніндегі пікірін Али Шер Науаидің өзінен бұрыңғы ақындар жайлы «білместігі» ретінде бағалап, Сейд Ахмет Мырзаның шығармасының тақырыбы «Латафат-нама» емес «Ташсук-нама» екендігін баяндап, бұған дейінгі қабылданып келген ақтандаққа түзету енгіземіз.
Біз осыдан бұрын жарияланған мақаламызда көне ұйғыр алфавитімен жазылған кітаптің тіркеу бетінің транскрипциясы мен аудармасын ұсынып оның маңыздылығына тоқталан болатынбыз. Осы қолжазбаны түпнұсқадан оқып, транскрипциясын, аудармасын жасап Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми зерттеу орталығында жасалған «Қазақ қолжазбаларының он томдығы» еңбегінде жарияладық.
Сол еңбектен үзінді: «tamam boldı latafat-nama. bıçın yıl. zu’lka’da ayı-nıng on ikisinde. parçşamba küni. ta’rih sekiz yüz toksan içte.» («Латафатнама» сегізжүз тоқсан үшінші мешін жылы, зұлқия айының он екісі, бейсенбі күні аяқталды (10-шілде 1488 жыл))
Қабул музейінде табылған бұл көшірме Британ музейіндегі араб әліпбиімен жазылған нұсқадан 21 жыл бұрын көшірілгендігі және мәтіннің мазмұнын ашу үшін осы Ұйғыр әліпбиімен жазылған нұсқаның негіз бола алатындығын атап өтуімізге болады.
Темір дәуірінде Ұйғыр әріптерімен жазылған шығармалардан «Сиражүл-күлүб», «Рахатүл-күлүб», «Меселе китабы», «Мұхаббет-наме» ... т.с.с. кітаптардың Әмір Желаледдин есіміндегі бір адамға тиесілі екендігі белгілі. Түрік тіліндегі шығармаларды Ұйғыр әліпбиімен қотару жұмысының жоғарыда аты аталған Әмір Желаледдиннің бастамасымен қолға алынғандығына және Әмір Желаледдин жеке тұлғасына тоқталамыз. Бартольдтың Әмір Желаледдиннің Желаледдин Фируз Шах екендігіне сенгендігін, Клаусонның Бартольдтан бейхабар Әмір Желаледдиннің белгісіз тұлғалар қатарына қосқандығын, түрік ғалымдары Ф. Көпүрүлү мен З.В. Тоғанның Бартольдтың бұл пікіріне ешқандай ғылыми ізденіс жасамастан келіскендігін баяндай отырып, Йезд қаласының Темір билігі тұсындағы тарихын зерттеу арқылы Бартольдтың пікірінің ағат екендігін атап өтеміз.
Шахрұх дәуірінің және Йезд қаласының тарихы негізінде жоғарыдағы баяндалған Әмір Желаледдин жайындағы дерекке Йезд қаласының Шахрұх дәуіріндегі уәлиі Желаледдин Мир Чакмак екендігін және Желаледдин Фируз Шахтың Әмір Желаледдинмен ешқандай байланысы жоқ екендігін дәлелдейміз. Біз еңбегімізде кейбір ғалымдардың «Темір дәуірінде Ұйғыр тілінде жазып, оқыған» бір топтың болғандығы жөніндегі ұсынысын жоққа шығарамыз.
Темір дәуірінде Самарқант пен Геррат қалаларында өмір сүргендердің көбінің иран текті екендігін және Йезд қаласының тұрғындарының да көбінің иран текті (Тәжік) болуы себепті Ұйғыр тілінде жазып, оқитын бір топтың болуының мүмкін еместігіне тоқталамыз. Сондықтан да Ұйғыр әліпбиін қолдану тек ғана сол кезеңдегі көшіріп жазушы ғалымдардың өткенге құрметі ретінде қарастыру керек.