Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құрбанғали Халиди еңбегін аударудағы кейбір мәселелер

318
Құрбанғали Халиди еңбегін аударудағы кейбір мәселелер - e-history.kz

2024 жылдың 10 желтоқсанында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында «Құрбанғали Халиди «Тауарих-и хамса-и шарқи» - Шығыстың бес елінің тарихы) еңбегін қазақ тіліне аударудағы кейбір мәселелер» атты ғылыми семинар өтті. 

Семинарға «Отырар кітапханасы» ғылыми орталғының директоры Д.А. Махат  сол орталықтың бас ғылыми қызметкері Б.Ж. Мустафаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы, шығыстанушы А.А. Абсаликов, сол бөлімнің маманы А. Әбішева, сол орталықтың есепке алу, сақтау, көрме, және оқу залдарының жұмысын ұйымдастыру бөлімінің маманы Ә. Жабықбай, Ұлттық Академиялық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар секторының ғылыми қызметкері Ш.Қ. Бегімтаев және ЕҰУ тарих факультетінің 1 курс докторанты Е.Сламхан қатысты. 

Семинар барысында Б.Ж.Мустафаев «Құрбанғали Халиди «Тауарих-и хамса-и шарқи»-Шығыстың бес елінің тарихы) еңбегін қазақ тіліне аударудағы кейбір мәселелер» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамада Құрбанғали Халиди еңбегін 1992 жылы Б.Төтенаев пен А.Жолдасовтың аударған нұсқасындағы орын алған олқылықтар, аудармасындағы қателіктер туралы сөз болды. Ол нұсқада ислам дініне қатысты сөйлемдер, сөз тіркестері, дұғалар түсіп қалғандығы, Халиди еңбегіндегі һижрамен берілген жылдарды григориан жыл санауына ауыстырғанда жіберілген қателіктер талқыланды. 

Сондай-ақ осы еңбектің тілінің қиындығы, оны қазақ тіліне аударудағы кездескен мәселелер туралы айтылды. Б.Қ. Бегімтаев Құрбанғали Халиди еңбегіндегі парсы тілінде жазылған сөздер мен сөйлемдерді қазақ тіліне аударғанда И.Жеменейдің «Қазақша-парсыша және парсыша-қазақша сөздігін» пайдаланғандығы жөнінде, осы еңбектегі түрік сөздерінің қолданылуы жөнінде айтты. А.А.Абсаликов «Тауарих-и хамса-и шарқи»  еңбегінің қолжазбасында Халиди араб жазуының қандай стилін қолданғандығы және жазу стилінің қиындығы жайлы сөз қозғады. 

Семинар соңында Д.А. Махат Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегін Б.Төтенаев пен А.Жолдасов толық аудармағандығын және кейбір тұстары қате аударылғандығына мән бере отырып, 2019 жылы Т.Жұртбай, Б.Ж.Мұстафаев, Ш.Қ.Бегімтаев осы еңбектің төрт бөлімін қазақ тіліне қайта аударып,  2 том етіп шығарғандығын айтты. Болашақта осы еңбектің қалған бөлімдері толық аударылып, жарыққа шығарылу керек деп қорытындылады.

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?