Мұстафа Шоқай (25 желтоқсан, 1890 жыл, Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы — 27 желтоқсан, 1941 жыл, Берлин) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан Автономиясының жетекшісі. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. 1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады. Мемлекеттік Думада жұмыс істеуі Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы сиезде «Шора-и-ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болып сайланады. Екінші сиезде Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқандта Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады. Түркістан аймағы үшін осы ерекше жиын - 1917 жылы 26 қараша күні Қоқандқа шақырылған өлке мұсылмандарының IV төтенше құрылтайы еді. Аталған құрылтай 26-27 қараша аралығында өтті (жаңаша ресейлік жыл санау бойынша 9-10 желтоқсан). Бұған Сырдария, Закаспий, Самарқан, Фергана, Жетісу облыстарынан 200-ден аса делегат қатысты. Олардың ұлттық құрамы да айрықша: қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, әзірбайжан, тәжік, орыс, украин, поляк, еврей т.б. Бұл оның халық деген ұғымды Түркістанның тарихи тағдырымен байланыста қарағанын көрсетеді. Осы жиын делегаттары 27 қараша күні «Түркістан территориялық автономиясын» жақтап, дауыс берді. Өз атымен айтсақ - Түркістан мұхтарияты. Аталған IV құрылтай Түркістан автономиясының немесе Түркістан мұхтариятының «Халық кеңесін» (мұны бүгінгі парламентпен салыстыруға болады) сайлады. Оған 36 түркістандық (Түркістанның жергілікті халқынан шыққандар) және 18 өзге ұлт өкілдері енді. Халық кеңесінің төрағалығына - Серәлі Лапин, кеңес басшылығы құрамына - Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев, Махмұтқожа Бехбуди сайланады.
Бүгін тарихта
35 жыл бұрын «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық-мұражайы құрылды
Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай дүниеге келді