«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Едіге туралы қызықты 25 дерек

4699
Едіге туралы қызықты 25 дерек
Едіге – Маңғыт руының Ақ маңғыт табынан шыққан белгілі алтынордалық әмір. XIV ғасырдың ортасында туған. Біз ол туралы тағы не білеміз?

1. Ол – исламның атақты әулиесі Баба Түкті Шашты Әзіздің (шын аты Барқая, Барқия) ұрпағы, Баба Түкті Шашты Әзіз кейбір жорамалдар бойынша Мевлеви сопылық орденінде алғашында мүрид (оқушы), кейіннен пір (оқытушы) болған. 

2. Едігенің тағы бір арғы бабасы – алтынордалық әскербасы Ноғайдың қол астында қызмет еткен, кейін Тоқты ханның жағына шыққан, аты аңызға айналған Аңшыбай.

3. Едігенің әкесі Құттықия қазақтың тұңғыш хандары Жәнібек пен Керейдің арғы атасы Орыс ханның қолынан қаза тапқан. Кейінгі тарихи деректерде осы жайтты ноғайлы билері бірнеше рет айтады.

4. Әкесі өлгеннен кейін Едіге Әмір Темірге қашады, сол жақта саяси эмигрант Тоқтамыспен танысады, оның да әкесі Орыс ханның қолынан қаза болған еді. 

5. Тоқтамыс хан болғаннан кейін Едіге біраз уақыт оған қызмет етеді, бірақ, көп ұзамай екеуінің арасында араздық туып, Едіге жиені Темір Құтлықпен қайтадан Әмір Темірге қарай қашады.

6. 1391 жылы Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорығы кезінде Едіге Тоқтамыстың әскерін қолдайды. Қондырша түбіндегі шайқастан кейін Едіге Әмір Темірден қол астындағы халықты жинап, оларды Әмір Темірдің әскеріне қосу туралы жарлық алады. Едіге сөзінде тұрмай, жинаған көп халқымен жиені Темір Құтлықты Алтын Орда тағына көтереді (Темір Құтлық – Жошының ұрпағы болған).

7. 1395 жылға дейін Едіге шығыстан Еділге дейінгі аумақтағы өз билігін күшейте түседі. Әмір Темір Теректегі шайқас кезінде Тоқтамысты екінші рет жеңгеннен кейін Едіге өз экспансиясын бастап, Алтын Орданың түгелге дерлік территориясын басып алады.

8. Жеңілістен кейін есін жинаған Тоқтамыс литвалық князь Витовтың қолдауымен Едіге мен Темір Құтлыққа қарсы соғысқа шығады. Воркслдегі шайқаста Едіге өз қулығының арқасында тивалықтар мен Тоқтамыстың әскерін жеңеді. 

9. Осыдан кейін Тоқтамыс Едігеге қарсы партизандық соғысын бастайды. Олардың арасында 16 шайқас өтіп, соңғы шайқаста Тоқтамыс қаза табады.

10. Тоқтамыс өлгеннен кейін оның қыздары Жәніке мен Ханике Едігенің қолына тұтқынға түседі. Едіге Жәнікеге үйленеді, Едігенің ұлы Нұраддин Ханикеге үйленгісі келеді, бірақ, Кенегес руынан шыққан Жанбай деген кәрі уәзірдің қастық әрекеті әке мен баланың ортасына от салып, араздастырады.

11. 1408 жылы Едіге Мәскеуге жорық жасап, мәскеулік князьдің алым-салық төлеуін қайта жаңғыртады. Бұл жорыққа болашақ қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің үш ағасы қатысады.

12. Өз билігі тұсында Едіге Алтын Орда көшпенділерінің арасына ислам дінін толықтай енгізеді. Осының арқасында көшпенділерді Египетке және басқа да мұсылман елдеріне құлдыққа сатуға тыйым салынды.

13. 1410 жылы Едіге өзін биліктен айырған немере жиені Темір ханды (Темір Құтлықтың ұлы) хан тағына отырғызады.

14. Бірнеше жыл Хорезмде болғаннан кейін Едіге билік үшін күресін тағы да бастайды, ол Алтын Орда билігін алма-кезек басып ала отырып, таққа өзінің қуыршақ хандарын отырғызумен болды.

15. 1415 жылы Едіге әйелі Жәнікені жанына 500 атты әскерді қосып беріп, Египет арқылы Меккеге қажылыққа аттандырады.

16. 1415 жылы Едіге Киевті және басқа украиндық қалаларды тас-талқан етеді. Алайда, осыдан соң, ол литвалық князь Витовпен татуласады.

17. Шығыс авторы ибн Арабшах Едігені былайша сипаттаған: «Өңі қатты тотыққан (бет-әлпеті), орта бойлы, мығым денелі, батыл, түрі сұсты, ақылы терең, қолы жомарт, күлкісі сүйкімді, алғыр әрі ұғымтал».

18. Едігенің лақап аттары Күшік немесе Ноғай (моңғол тілінен аударған ит деген сөз), кейін бұлар Едіге ұрпақтарына бағынған алтынордалық тайпалардың этникалық атауына айналды.

19. Тоқтамыс өлгеннен кейін Едіге оның кәмелет жасына толмаған ұлы Қадырбердіні тұтқынға алады. Әйелі Жәніке (Тоқтамыстың қызы) баланы өлтірмеуге Едігені көндіреді, бұл, болашақта Едігенің тағдырында қатерлі рөл ойнайды. Қадірберді өсіп, 1419 жылы Тоқтамыстың жақтастарын  Едігеге қарсы бастайды. Орал өзенінің бойындағы шайқаста (Сарайшық маңайында) Едіге де, Қадірберді де қаза табады. Жәніке күйеуі мен інісінен кейін жиырма жыл өмір сүреді. Жәніке Қырымда Қырық Жер бекінісінде жерленеді. Оны Қырым хандары барлық Қырым хандары әулетінің «өкіл анасы» ретінде қатты құрметтеген.   

20. Едіге – империяның тұтастығын қалпына келтіруге тырысқан Алтын Орданың соңғы мемлекеттік қайраткері. Ол өлген соң Алтын Орданың ыдырауы қайтымсыз процеске айналды.

21. Ресейлік екі князь отбасы Едігенің ұрпақтары: Юсуповтар мен Урусовтар. Юсуповтар ХІХ ғасырдағы Ресейдегі ең бай отбасы болған. Бірақ, Юсуповтардан бірде-бір еркек кіндікті қалмаған, түбірімен жойылған. Князь Урусовтардың ұрпақтары бүгінгі күні де көп-ақ.

22. Едіге ұрпақтарының генетикалық талдауы мынаны көрсетті: орыс князьдері Урусовтар мен Едичкуль Ордасының ноғай бектерінің (князь) ұрпақтары (аңыз бойынша олар Едіге ұрпақтарынан тарайды) тестілеуден өтті. Олардың ДНК талдаулары өзара сәйкес келіп (олар С2-старкластер гаплогруппасына жатады), сонымен қатар олардың ДНК талдаулары маңғыт тайпасына жататын басқа адамдардыкімен сәйкес келген. Қазақтар арасында маңғыт тайпасы Алматы облысындағы жалайырлар арасында тұрады. Олар – XVIII ғасырда тұтқынға түскен қарақалпақтық маңғыттардың ұрпақтары. Сонымен қатар маңғыттар Оңтүстік Қазақстан облысында да тұрады, олар да қарақалпақтық маңғыттардың ұрпақтары. Қарақалпақтық маңғыттардың ішіндегі қара маңғыттар да тестілеуден өтті. Осы маңғыттар генетика бойынша өзара сәйкес келді, сонымен қоса, Едігенің деректі ұрпақтарының қорытындысымен де сәйкес келді.

23. Едіге қыпшақ тобына жататын барлық түркі тілдес халықтардың фольклорындағы танымал кейіпкер болып саналады. Бірақ, өкінішке қарай, Едіге ешқашан да кино, театр немесе балет қойылымдарының кейіпкері болмаған. «Джаника» атты татар балеті Едігенің өмірін ішінара қамтиды. Тарковскийдің «Андрей Рублев» фильмі де Едігені екінші кезектегі кейіпкер ретінде көрсетеді.

24. Едіге Алтын Орда хандарын таққа отырғызған және тақтан құлатқан, сол үшін де оны кейбір тарихшылар «ордалық патшаларды жасаушы» деп те атайды. 1391 жылдан бастап 1419 жылдар аралығында Едіге Алтын Ордада болған процестерге тікелей немесе жанама қатысушы болған.

25. Едіге Алтын Орда князьдерінің ішінде бірінші болып тиын соққанда хан атын ғана жазбау ережесін енгізген. Оның өмірінің соңғы жылдарында Алтын Орда тиындарының бір жағында ханның аты, екнші жағында Едігенің аты соғылды. Кейінірек оның балалары, немерелері мен шөберелері тиындарға өз аттары мен ханның аттарын соққан.

 

Жақсылық СӘБИТОВ