Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Отан тілі үшін Отыншы қалай күресті?

3025
Отан тілі үшін Отыншы қалай күресті? - e-history.kz

Алаштың көрнекті саяси қайраткері, Алашорда ұлттық кеңесінің мүшесі, белгілі көсемсөзші, аудармашы, әскери қолбасшы Отыншы Әлжанұлының (1873-1918) тарихи тұлғасы мен қоғамдық-саяси қызметі ұлт тарихында айрықша орын алады. Әсіресе оның туған тіл үшін күресі қазақ қоғамының мәдениеті мен ұлттық санасын оятуға бағытталған әрекеттерінің бір бөлігі ретінде бағаланады. Ол кісі қазақ тілінің сақталуы мен дамуына ерекше көңіл бөлді, өйткені тілді ұлттың басты белгісі және мәдениеттің негізі деп түсінген.

Әуелгіде Отыншы өзінің мақалаларында қазақ тілін сақтап қалудың, оны дамыту мен байытудың маңыздылығын жиі атап өткен. Ол қазақ тілін тек қана ауызша тіл ретінде емес, жазба мәдениетінің негізі ретінде қарастырды. Оның мақалалары «Дала уалаятының газеті» және басқа да басылымдарда жарияланып тұрғаны мәлім. 

Отыншы – қазақ тілінде білім беру мәселесін батыл көтерген тұлға. Әрине, бұл қадамы тіл үшін күрестің бір бөлігі екені даусыз. Ол ескіше молдалар оқытқан қадымшыл жүйені сынады, оларды біртіндеп ығыстыра отырып,  қазақ мектептерінде ана тілінде оқытудың қажеттілігін атап өтті. Өйткені ескі білімжүйесі жаңа заманға сай еместігін, ислам қағидаттары мен мұсылманшылық кілті жаңа оқыту жүйесіне ілеспейтінін түсінді және осыны айналасына, қазақ қоғамына түсіндіргісі келді. Осы арқылы ол кісі қазақ балаларының өз тілін сақтап қалуын және оны ары қарай дамытуды қамтамасыз етуді көздеді.

Оқи отырыңыз: Алаш қайраткері – Отыншы Әлжанов 

Мәселен Отыншы Көкпектіге келген кезеңінде көптеген қиындықтарға кез болды. Ол кісінің алдында екі міндет тұрды. Біріншісі – жергілікті өңірде қазақ-орыс мектептерін ашу болса, екіншісі – сол мектептерге оқитын бала жинау. Екі мәселе де оңай болмады.  Жаңа үлгідегі мектеп ашу идеясы татар молдаларының шамына тиді. Өйткені бұл өлкеде татар ұлтының көп бөлігі қоныстанып, ірге теуіп, байып, ықпалды топқа айналған болатын. Олар белгілі бір дәрежеде орыс отаршылдарының сойылын да соғып отырды. Тіпті асқынғаны сондай, дала өлкесінде татар тілін мемлекеттік тіл ету идеясын да жүзеге асырғылары келді. Отыншы мұндай теріс ойлармен келісе алмады, қарсы шықты. 

Отыншы Әлжанұлының өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған «Отыншы Альжанов – беркут Алаш-Орды» кітабында: «Отыншы Альжанов не мог согласиться с насаждением татарского языка как государственного в Степи. Для него это значило принизить язык, на котором звучали песни Абая. Язык, на который поэт уже перевел произведения русской классики. Так, к примеру Н.И.Веселовский в своей книге «В.К.Григорьев по его письмам и трудам» делает следующее характерное признание: «До сих пор администрация наша и не подозревала, что у киргизов есть свой язык. Мы поверили чиновникам из татар, что киргизы говорят совершенно по-татарски». С этой политикой «ототаривания» вплотную столкнулся О. Альжанов и повел активную деятельность по внедрению казахского языка в русско-киргизских школах» деп жазылған. 

Отыншы татар тілінен гөрі орыс тіліне мән берді. Жастайынан білім алып, орыс зиялыларымен араласып, орыстың бюрократиялық ортасында өскен О. Әлжанұлы қазақ халқының ағартушылыққа, мәдениетке, зайырлы білімге жету жолы орыс тілін білу арқылы ғана екеніне терең сенді. Бұл жағынан келгенде ол кісі Абайдың айтып отырғанына, яғни орыс тілі дүниенің кілті дегенге ұйыды. Себебі ислам дінінің канондарын фанаттық тұрғыда жаттау, әсіресе татар тілін үйрену дүние тануға жол ашпайтынын түйсінді. Бұл сенімге ол кісі Көкпектіге келмей тұрып-ақ бекіген еді. 

Қайраткердің тіл үшін күресі ол кісі ұзақ жылдар айналысқан аудармашылық қызметінде де жатыр.  Отыншы Әлжанұлы орыс және басқа да тілдерден қазақ тіліне кітаптар мен мақалалар аударып, қазақ тілінің сөздік қорын байытуға және оны жаңа ұғымдармен толықтыруға да көп үлес қосты. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің дамуына және оны заманауи білім беру мен ғылымның тіліне айналдыруға септескенін айта кетуіміз керек. 

Отыншы Әлжанұлының Көкпектідегі мектеп ашу үшін жанталасы жергілікті билік аппараты өкілдерін де тыныш жатқызбады. Әлжанұлының әрекетінен хабардар болған қала басшылары «оқыған қазақтың» бейқам жатқан халықтың санасын бұзады, кейін өздеріне кедергі болады деп ойлап, мазасы қашты. Көбіне есесі кетіп, қақы желінген қазақтардың, әсіресе тіл факторы бойынша құқығы тапталған қазақтардың мүддесін қорғауы жергілікті билікке ұнай қойған жоқ. Бәрінен бұрын билік сатыларын бес саусағындай білетін Отыншы Әлжанұлы қазақ ұлтының мұңын жоғары органдарға жеткізіп, арыз-шағымдарын сауатты жазып, аудармашы қызметін атқаруы, сөйтіп қордаланған мәселері су бетіне шығарып, патша шенеуніктерінің қайта айналып кеп айналысуына мәжбүр еткізуі, әрине, оларды ашуландырды. Біле білгенге бұл тіл үшін күрестің жеңісі, мерейлі мезеті болатын. 

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік тіл және ұлттық сана

Ағартушы Отыншы Әлжанұлының тіл үшін күресі қазақ қоғамының ұлттық санасының оянуына және қазақ тілінің сақталуы мен дамуына зор ықпал етті деп айтуымызға толық негіз бар. Ол өз еңбектері арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, оны сақтап қалуға және кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлкен үлес қосты.

Отыншы Әлжанұлының өмірі мен шығармашылығында тілдің маңызы ерекше зор болды. Алаш қозғалысының көрнекті өкілі және Алашорда қайраткері қазақ халқының ұлттық бірегейлігін сақтап, оны ары қарай дамыту үшін тілдің маңызды құрал екендігін түсінді және осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?