Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Асылбек Байтанұлы: «Наурыздың» атмосферасы «Новый годтан» кем түспеуі керек.

1639
Асылбек Байтанұлы:  «Наурыздың» атмосферасы «Новый годтан» кем түспеуі керек.  - e-history.kz
Еліміздің батыс өңірлері Наурыз мейрамын тойлауды 14 наурыздан бастайды. Ол жақтағы жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды.

Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына шүкірлік етіп, бір-бірімен көрісіп, жаңа жылмен құттықтайды.  «Амал» мерекесі қарсаңында этнограф, әдебиеттанушы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Асылбек Байтанұлынан Амалдан басталатын әз Наурыз мейрамы, тарихтан тамыр тартқан ежелгі дәстүр төңірегінде  біраз сұраққа жауап іздеген едік.

- Жыл басы Әз Наурыз келе жатыр. Наурызды атап өтудің өзінде бізде бірізділік жоқ. Осы туралы айтып өтсеңіз.

- Иә, Жаңа жылды үш ай бұрын дүркіретіп тойлап, ресми бір жасқа есейіп, ескі жылдың есебін беріп тастаған халқымыз көктемдегі төл мерекесі Наурызбен қауышпақ. Яғни наурыз айының 22-сі күні Қазақстаннан Шығыс Еуропаға дейінгі түркі, славян, парсы халықтары, күрдтер «Әз Наурызды» қарсы алмақ. Дегенмен, мұның өзінде де бірізділік жоқ. Төл жаңа жылын атап өтуден алпыс жыл қол үзіп қалған Қазақстан бүгіндері 22-сінде тойлап жатса, өзге көптеген халықтар 21-інде жаңа жыл кірді деп есептейді. Қалай болғанда да дәл осы күндері күн мен түн теңелетіні рас қой.

Тіпті осы Наурызды мерекелеу тұрғысындағы бірізділік оған тыйым салынған совет үкіметінен бұрын да болмаған десек қателеспеміз. Оған «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыздағы № 15 санындағы мына ой тастау мақала дәлел: «...Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі....».  Көрдіңіз бе, екі түрлі датаны меңзейді. Мақала авторы орыстың жаңа жылы сақылдаған сары аязда келеді, ал қазақтың жаңа жылы көктемде келетіндіктен, шын мағынасында Жаңа жыл деп атауға лайық екендігіне тоқтала отырып, бір күнді нақты Наурыз деп белгілеу қажеттігін ескертеді. Білетін адамдар «Қазақ» газетіне жазуын оқырмандардан сұрай отырып: «Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз», - деуі – сол бірізділіктің болмауын анық көретеді.

- Иә, Алаш ардақтылары заманының өзінде Наурызды тойлау турасында бірізділік болмаған ғой, сонда. Бүгінгі күннің жөні бір басқа. Жалпы, 14-наурыз – «Көрісу» мерекесінің де жыл өткен сайын қадір-сипаты артып келе жатқандай. Сұхбатымыздың ауанын осыған қарай бұрсақ.

- Жоғарыда «Қазақ» газетінде жазылған «Біреулер наурыз марттың бірінде келеді деседі» деген мәлімет бекер емес. Ол тұстағы наурыздың бірі – қазіргі наурыздың он төртіне сәйкес келеді. Демек, сол заманның өзінде 14-наурызда қазақтардың бір бөлігі 14-наурызда жыл басын қарсы алған деген сөз. Яғни бұл – қазіргі батыс өңір қазақтарындағы «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі екендігі анық. Және өз басым, біздің халқымыздың сонау көне заманнан келе жатқан, ешбір сырт күштердің, идеологиялардың ықпал-әсерінсіз, туған табиғатымен етене, төл жаңа жылы осы деп білемін.

- Он төртінші наурыздың 21-наурыздан артық қандай құдіреті бар сонда? Бұл жөніндегі ұлттық түсінігіміздің тарихы туралы тоқталсаңыз.

- Ең әуелі жыл басы кіретін мерзімді қазақ есепшілері бірдің айы деп атайтынын еске түсірейік. Он төрт санының құпиясы дегеннің өзі нумерологиямен, астрономиялық болжамдармен, көптеген халықтардың космогониялық түсініктерімен астасып жатыр. «Егер шеңбер диаметрі бірге тең деп алынса, шеңбер ұзындығы — «пи» санына тең болады», - деп мектеп қабырғасында жаттаған ПИ санының мәнін біздің көшпелі жұрт әлмисақтан-ақ күнтізбесіне салып алған ба дерсіз. Күні кешеге дейін жылдың  әдепкі 365, наурыз айындағы 31 күннің бірі ретінде аса мән берілмей келген 14-наурыздың маңызы соншалықты орасан екеніне мән беріп маңыздандыра қойған жоқпыз. Ал шын мәнісінде, осы күннің арғы тарихына көз жүгіртер болсаңыз, Еуразия құрлығы қоңыржай белдеуінің тұрғындары түркі, монғол, славян халықтарының жаңа жыл туралы түсінігімен астасып жатқанын көреміз.

Оқи отырыңыз: Көрісу - түрік-маңғол халқының ежелгі дәстүрі 

Нақтылай айтар болсақ, 14 наурыз – жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы түркі, монғол, славян халықтары үшін – ұзақ та ауыр қысты артқа тастап, жадыраған көктеммен қауышатын қастерлі күн болып саналған. Бұл күн төрт мезгілдік цикльге бағынған көшпелі, отырықшы, жартылай көшпелі халықтар үшін жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін, ескі түтіліп тозатын, жаңа төрге озатын, суықтың аузы ары, сабаның аузы бері қарайтын берекелі, мерекелі күн деп есептелген. Қыс аяқталып, жаңа еңбек маусымы басталар көктемнің алғашқы күні кәрі-жас тегіс бір-бірімен қауышып, ізгі тілек тілескен, арқа-жарқа тойлаған.

- 14-наурыз – Еуразия кеңістігіндегі ұлық мейрам болса, қазір неге кең көлемде тойланбайды. Тек қазақтардың бір тобы ғана тойлап жүр дедік қой. Бір кезде барша түркі, монғол, славян халықтары тойлаған деуге қандай дәлел бар?

- Әрине, кез келген мерекені бір халықтың өзге халықтан қабылдап алуына, немесе өз ортасынан шығарып мейрамдауына тарихи, саяси, т.б. факторлар әсер ететіні белгілі. Соның бірі – діни фактор. Дін – әдетте кез келген қабылдаушы ұлттың байырғы, төл дүниетанымы мен салт-дәстүрін мүлде жойып немесе басқаша сипатта түрлендіріп өзгертіп жібереді. Бұған мысалды алыстан іздемейміз. Осы 14-наурыздың өзі-ақ мұның нақты мысалы бола алады. Монғол және шығыс славяндардың жаңа жыл мерекелеудің арғы тарихы дәл осы 14-наурыға тірелетіні қызық.

- Ендеше осы туралы тарқата айтуға тырысып көрсек.

- Жарайды. Бұл көптеген дереккөздері оқу, салғастыру, сараптау, ой қорыту  барысында көз жеткізген қорытындымыз және осыған қатысты ойталқы, пікірталастарды да құп аламыз. Қазақтың байырғы көршісі, киіз туырлықты, тағдыры тамырлас монғол халқы – көне ғұрып салтқа бай, төл фольклорлық санадан ешқашан ажырамаған, дәстүршіл жұрт. «Монғол деген халықты 1924 жылы Сталин жасап шықты» деген бос сандыраққа сенетіндер бұл елдің сан ғасырлық тарихына шынайы үңілсе, бұл ойдан еріксіз арылары анық. Осы монғол халқы тоғыз санын ерекше кие тұтады. Оған мысалдар тым көп. Тоғыз саны – қазақ үшін де киелі ғой. Жарайды, ойымызды жалғастырайық: моңғол халқы күн қысқару ең шегіне жеткен күннің ертеңінен, яғни 23-желтоқсаннан бастап қыстың аязды, суық кезеңін «тоғыз тоғызға» (81 күнге) бөліп есептейді. Әр тоғыздың өзін үш-үштен топтап, оларды «кіші үш тоғыз», «орта үш тоғыз», «ұлы үш тоғыз» деп атап, әрбіріне сипаттама беріп, күн райын бақылайды. Тоғызыншы тоғыз әдетте 12-13 наурызға сәйкес келеді.

Біз жоғарыда мерекенің саяси, діни сипаты дедік қой. Мұны монғолдардың қазіргі жаңа жыл тойлау сипатынан анық аңғаруға болады. Бір заманда осылай тоғыз-тоғыздың соңында жаңа жылды қарсы алып, бір күні «бітеу», ертеңінде «жолығысу» ретінде бір-бірімен көрісіп келген монғолдар замандар өте өзге халықтың жаңа жыл тойлау дәстүрін қабылдап кеткенін көреміз. Яғни, монғолдардың қазіргі жаңа жылы «Шаған» қаңтардың соңы мен ақпанның аяғында әрқилы келеді. Шындығында «Шаған» мейрамы тұсында монғол даласында көктемнің өзі түгілі, иісі де жоқ, қақаған аяз әмірін жүргізіп тұрады. Ал бұл кезеңде Қытайдың Орта жазығына шынымен де көктем келіп, еңбек маусымы басталады. Тағы бір қызығы, монғолдар «Шаған» мерекесіне орай қойдың ұшасын бітеудей пісіріп, 81 жалпақ тоқашты (табан бауырсақ) қаттап жинап қояды. Ескіден жеткен бір аңызда Құбылай ұрпақтарының құлдығынан құтылу үшін, қытайлар әлгі тоқаштың ішіне бір-бірлеріне жеткізу үшін хат жасырып, көтеріліс ұйымдастырған делінеді. Демек, көшпелілердің 81 санымен астасқан бұл тоқаш монғол халқы үшін нағыз «Троя аты» болып шықпай ма? Құбылай династиясы қытайларды езгіде ұстап, атқа мінуіне, баяу сөйлеуіне тыйым салып келгені белгілі. Қысқасы, қазіргі монғолдың «Шағаны» қытайлық қулық пен тибеттік ламаистік жоралғылардың тұманына тұншыққан мағынасыз жаңа жыл. Бағзыдағы «тоғыз тоғыз» мал баққан жұрт үшін табиғат сырын білу тұрғысында сақталғаны болмаса, көрісу салттары «Шағанға» ауысып кеткен. Саяси фактор деген – осы.

- Қазақтар мен монғолдар – түптамыры бір, өмір сүру салты да бір—біріне ұқсас халықтар ғой. Ал славяндардың 14-наурызға қандай қатысы бар?

- Славяндардың байырғы мекені – қазіргі неміс жері деп жүр ме? Дегенмен, шығыс славяндардың түркілермен қатар өмір сүруінің өзі ғасырларды құрамай ма? Осы шығыс славяндарға жататын орыс, украин т.б. халықтар да 14 наурызды ерте заманда көктемнің бірінші айы, яғни жылдың басы, еңбек маусымының бастауы ретінде тойлағандығы көптеген деректерде айтылады. Бұл – олардың діни таным тұрғысында ежелгі мәжусилік дәуірі еді. Біртіндеп пұтқа табынушылық кезеңнен христиандыққа, бағынышты ұлттан империялық амбицияға ауысқан тұста жаңа жылды тойлау мерзімі мен дәстүрі де мүлде өзгеріске ұшыраған деуге болады.

Орыс халқымен ерте араласқан қазақтар арасында «Әбдөкей келмей күн жылымас» деген таным бар. Бұл Әбдөкей деп отырғаны – христиан күнтізбесіндегі 14-наурыз – «Азап шегуші (мученица) қасиетті Евдокияны еске алу күні». Ежелгі славяндар «қыста бүкіл су атаулы өледі, Әбдөкей күні осы судың бәрі тіріледі, "өлген" суды көктемде қайта тірілтудің құпия кілті Евдокияның қолында. Көктемнің жайлы немесе жайсыз болуы 14 наурыздағы Евдокияның көңіл-күйіне байланысты» деп санаған.

Бұл күні славяндар көптеген ырым-жоралғылар жасап, көктемгі қарғын сумен науқастарды жуындырып, үйді тазартып, далалық егіс пен бақша жұмыстарына әзірлікке кіріскен. Яғни славяндардың түсінігінде Авдотья – Евдокия – Әбдөкей күні жаңа өмірдің есігі ашылмақ: жаңа тірлік қамы басталады. Христиандық сипаттағы аңыздың ар жағында көне славяндардың шаруашылық жөніндегі танымы жатқаны анық және ресей халқы 15-ғасырға дейін көктемді осы кезде қарсы алып келгендігін көреміз.

- Монғол, славян халықтары үшін де бұл күннің маңызы зор болғанына көз жеткіздік. Ал өзіміздің наурызымызға да жат жұрттардың әсері бар ма?

- Кез келген халық жеке-дара, томаға-тұйық өмір сүрмейді ғой. Наурыз мейрамы да тағдыры, шаруашылық жүргізу дәстүрі ортақ көптеген халықтар үшін ортақ мереке. Наурыз – «жаңа күн» деген парсы сөзі деп жүр емес пе. Демек, атауы парсыдан келсе, Наурыз мерекесінде тұранның көршісі иранның да ықпал-әсері бар деген сөз. Бірақ та көне тәңірлік, зороастризмдік, кейінгі исламдық кейбір діни жоралғыларды есептемегенде – Наурыз жоғарыда атап өткеніміздей, халқымыздың географиялық өмір сүру аумағының климатына орайласқан шаруашылықтық жүргізу дәстүріне сай мереке.

Демек, «Көрісу» немесе «Амал» – 14 наурыз күні келетін, қыс аяқталып, көктем басталуының қуанышын белгілейтін күн. Бұл күні жастар үлкендерге сәлем бере жолығу үшін барып: «Жасың құтты болсын!», - деген бата алатын, өкпе-реніш болса кешірісетін күн. Отпан тауда оттан өту салтын жаңғыртуда да үлкен мән жатыр деп есептеймін. Себебі, оттың өзі де тазартушы күш емес пе? Бұл күні ескі реніш-өкпеден жан  тазарса алау оттан тән де тазармай ма?

- «Амал» немесе «Көрісуге» бас мән беріп жыл басы ретінде тойлатуға көзқарасыңыз қандай?

- Әбден құптарлық. 14-наурызда қыстың аяқталуы, көктемнің басталуымен жаңа жылымызды қарсы алып, күн мен түн теңелген 22-сіне дейін әр күнін мемлекетшілдікті, достықты, бірлікті нығайтатын іс-шаралармен белгілеп, дәстүрге айналдырсақ, Жаңа жылымыздың мән-мағынасы артып, халықтың да шын құрметіне бөленіп, елдігіміздің сипаты анық, бояуы қанын бола түсер еді.

- Қазіргі Наурызды тойлатуға көңіліңіз толмағаны ма? Наурыздың маңызын арттыру үшін не істеу қажет деп білесіз?

- Толмайды деп бірден лақ еткізу ерсі болар. Дегенмен, шындығында – қазіргі Наурызды тойлау сценарийі – өзінің миссиясын орындап болды. Бұған үлкен өзгеріс керек десек, келісетін шығарсыз. Бұл – бір адамның басындағы емес, барша қауымның ойында жүрген пікір. Ұлыстың ұлы күні екені рас болса, бұл күннің атмосферасы «Новый годтан» ешбір кем түспеуі керек. Ұлттық жыл басын барша халық асыға күтіп, ерте бастан дайындалатындай қалып күйге келуіміз қажет қой. Ұлыс дегеніміз – мемлекет. Мемлекеттің ұлы күні мемлекеттік атақтар мен наградалар, сыйлықтар тапсырылып, «Наурыз палуан» деген сияқты жыл бойы сатылай жүргізілген спорттық бәсекелер қорытындыланып, түрмеде жазасын өтеушілерге тиісті кешірім жарияланып жатпаса, Наурыз – ел болып этнографиялық-ностальгиялық көрініс қоюдан аспайтын, қатардағы көп мейрамның бірі ретінде қала бермек.

- Келе жатқан Амал мерекесі құтты болғай!

- Төл мерекеміз құтты болсын! Тек жақсылықпен жолығысып, амандықта көрісейік. Ұлыс оң, ақ мол болсын!

- Рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?