Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазіргі қазақ медицинасының атасы

3402
Қазіргі қазақ медицинасының атасы - e-history.kz
Біздің сүйікті дәрігеріміз болған ұлы тұлғаның өнегелі істерінен бөлек «Ақ халатқа кіршіксіз бол!» деген тағылымды сөзі қалды

ХХ ғасыр – қазақтың қуанышынан гөрі қасіреті басым дәуір. XIX ғасырда қазақ жерінде әлеуметтік жағдайдың төмендігінен ауру-сырқаулар пайда болып, жұқпалы дерт көбейді. Сапалы медициналық көмектің жоқтығынан алаш жұрты дертпен күресе алмай, қынадай қырылып жатты. 1890 жылдардан кейінгі оба сияқты апаттардан қазақтың жан саны азайды. Осындай қиын жылдарда қазақ арасында Мұхамеджан Қарабаевтың пайда болуы – қара түнектегі қазақ халіне жарқ еткен күн сәулесіндей шұғыла іспетті болды. 

Ұлттың алғашқы кәсіби дәрігері Мұхамеджан Қарабаев туралы нақты құжаттық деректер Николаев уезінің бастығы Сипалковтың Торғай соғыс губернаторының атына жазған хатында сақталған. Онда: «Маған «Кеңарал болысының 4 ауыл тұрғыны Мұхаметжан Қарабаев биыл Троицк гимназиясын бітіріп, 1881 жылдың 14 маусымында алған №315 кәмелетгік аттестатын өтінішімен қоса беріп, менен Қазан университетінің медицина факультетіне түсіруге көмек сұрайды. Аттестат бойынша барлық сабағы «қанағаттарлық», ал тәртібі «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шыққан». (Қазақ мемлекеттік архиві, ф. 25, оп. 1, 2071. 5-б.). 

Мәліметтен белгілі болғандай, 1881 жылдың күзінде Қазан университеті медицина факультетіне оқуға түскен Мұхаметжан оқу қаржысының тапшылығын, өз тұрмысының ауырлығын сөз етіп, Торғай губерниялық соғыс губернаторына хат жазады. «Денсаулығыма байланысты (дәрігер Панорамов қол қойған куәлігм бар) емтихан тапсыруға мүмкіншілігім болмай, екінші курста екінші жыл қалуға мәжбүр болдым. Ал, Қазан университетінде бір курсты екі жыл оқығандарға стипендия берілмейді. Сондықтан тұрмыс жағдайымды ескеріп, стипендиямды тоқтатпай алып тұруыма көмек етсеңіз екен». 

 

Осы хаттың негізінде университет ректоры Қарабаевқа екінші мәрте стипендия тағайындайды, Мұхаметжан қыруар тауқыметті тарта жүріп, 1887 жылдың көктемінде Қазан университетін ойдағыдай бітіріп шығады. Бірақ, осы білімінің өзін қанағат тұтпаған ол Қазан қаласындағы ірі клиникаларда бір жылдай тәжірибелік жұмыстар атқарады. 

 

 

Ақыры көңілін көншіткен білімді тауысып, мол тәжірибе жинақтаған Қарабаев алғашында Орынбор қаласында қызметте болады. Бұл жерде де ол адам тәнін емдеуден бөлек, адамдықтың асқар шыңы адам жанын ұғуды үйреніп шығады. Тек 1888 жылдың бас кезінде елге қайта оралады. Келісімен Қостанайда қалалық дәрігер болып қызметке орналасады. 

Ол кезде әлденеше он мыңдаған халқы бар Қостанай қаласында небәрі төрт орындық кішкентай ғана емхана қызмет істейтін. Басқа жерде емдеу орны жоқ. Бұл жерге жалғыз Қостанайдан ғана емес, бүкіл Николаев уезі халықтары қаптап келіп қаралатын. Шынын айтқанда, Қарабаев бұл кездегі қиындықтарға қарамай, есепсіз еңбек етуіне тура келеді. Адамдарға дәрігерлік көмек көрсетуды парыз санаған дәрігер алдына кесе-көлденең тартылған мәселелерді шешу үшін жаңа емхана ашуды көздейді. Алайда жергілікті шенеуніктердің салғырттығынан, бейқамдығынан бұл шаруа ұзаққа созылады. Қаржы бөлуді қолға алмақ түгілі, қарапайым халыққа жаны ашымайтын дөкей ұлықтардың қатыгездігінен жаны түршігеді. 

Өзі өтініп уездік дәрігерлік қызметке сұранып, ауру адамдардың хал-жағдайына жоғарғы жақтан шешуге ұмтылады. Қарапайым тұрғындардың жағдайына көңіл бөліп, күндіз-түні ізіліссіз қызмет етіп жүрген оған, жеке басы мен отбасына ешқандай көмек берілмеген. Қызмет барысында мінетін көлік те қарастырылмаған. Сол тұста Николаев уезінің бастығына жазған бір хатында «Қостанайдағы халықты емдеу және оларға жедел жәрдем көрсету үшін жаяу жүріп, қызмет жасау қиын, сондықтан қаржы беруіңізді өтінем!» делінген. Ел ішінде сүзек, оба, жұқпалы ауруларды жаяулап жүріп емдеу орны толмас зор кедергі еді. Ақырында 1890 жылы Қазақстанға кеңінен тараған оба, сүзек сияқты жұқпалы аурулардан бір жылда 20 мың 722 адам ауырып, оның 13 мың 127-сі қайтыс болған. 

Жағдай осылай ушығатын болса, мұның соңы жақсылық болмайтынын сезген Қарабаев хат жазуын тоқтатпайды: «Себетін де, жуатын да, құятын да дәрі жоқ. Ал сырқаттың өз жарасын байлау үшін қажетті дәкелерді сатып алу түгілі, бес тиындық сода алуға да жағдайым жоқ», - делінген тағы бір жазбасында. 1898 жылы Торғай облысында 12 дәргерлік пункт ұйымдастырылуында да Қарабаевтың еңбегі аз болмаған. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында «...1911-1916 жылдары Якут облысына жіберіліп, онда ел арасында көп тараған алапес ауруын емдеді. 1916 жылы Петроградқа шақырылып «Қызыл крест» ұйымын ұйымдастыруға қатысты. 1919-21 жылдары Қостанай аймағында сүзек, безгек, оба, шешек сияқты індет көп тараған кезде Қарабаев медициналық көмек ұйымдастырды. Торғай облысының Александровка, Арал, Новосемиозер, Шалқар аудандарында учаскелік дәрігер болды», – деп жазылған. 

Ғалым-эпидемиолог, профессор Ишанбай Қарақұлов: «...Бір кездегі Қарабаев сияқты медицина ғылымының алғашқы қарлығаштары армандаған бүгінгі дәуір ғарыштап биікке көтерілді. Мұхаметжан Қарабаев сол жылдарда түрлі жұқпалы аурулармен күресу үшін Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе, Түркістан, тіпті Якутия, Қолымға барып, алапес ауруларымен күрес жасаса, яғни барлық жерді араласа, бүгінгі дерігерлердің қолында лайықты самолет, жедел жәрдем машиналарының түр-түрлері бар. Ажал арашасы бүгін де өздерінің мақсаттарына жетіп отыр деп толық айтуға болады. ...1895 жылдары Қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салуға бастама көтеріп, соны іске асырған Қарабаев екен және оның ауыр уақыттағы еңбегін ескерсек, «медицина ғылымының Ыбырайы» дел айтуға хақымыз бар», – деп бағалайды. 

 

40eaa9f9118c7288144e8c7052250794.jpg

 

1909 жылы медициналық қызметіне 22 жыл толғанында үкімет тағайындаған зейнет жасына шығу туралы ұсынысқа қалай жауап берген дейсіз. Сөз жоқ, бас тартқан! 

Қарабаевтың ұрпақтарынан да ата жолын қуып дәрігер атанғандары баршылық. Ұлы Исмайыл 1968 жылы дүние салса, Тамара, Қалыбай, тағы басқа немере-шөберелері Қостанайда тұрады. Ал Петр Баландин, фельдшер Игриценко тағы басқа да ондаған медицина қызметкерлері – Қарабаевтың таңдаулы шәкірттері болды. 

Атақты дәрігердің бауыры Дәулет Қарабаев ағасы жайында: Мен Қарабаевты Яқутиядан оралғасын Орынбордан арбамен алып келдім. Ол өзінің мамандығына сұмдық берілген адам еді. Ұлы мен қызын Қостанай қаласында апасының үйіне қалдырып, үйде бір түнеді де, ел арасына шьғып, түрлі жұқпалы ауруларды емдеуге жүріп кетті. Совет үкіметі орнағаннан кейін өмірінің соңғы уақытына дейін медицина жұмысынан қол үзген жоқ», – деп тебірене еске алады. 

Мұхамеджан Қарабаев өмірінің соңғы жылдарында Бурабай шипажайында қызмет еткен, 1928 жылы көз жұмды. Өзінің 40 жылдық дәрігерлік еңбегімен республикамыздың денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру, дамытуға елеулі еңбек сіңірді. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы там-тұмдап деректер жинап кітаптар жазған білікті дәрігер Марат Сейсекенов, жанкешті зерттеуші Табыл Құлыяс, т.б. 

Қазақ халқының тұңғыш дәрігерлерінің бірі, медицинаның кәсіби маманы Мұхаметжан Қарабаев есімі бүгінде ұрпақ алдында қандай құрметпен аталса да артықтығы жоқ. Өз басының амандығын ойлаған жоқ, халықты сақтауды, ажалдан арашалауды мақсат етті. Сол жолда ешбір қиындықтан қаймықпады, жеңді, ерлік істер атқарды. Өлмейтін, өшпейтін адамгершілік үлгі қалдырды, жаңалықтарға жол ашып берді. Біздің сүйікті дәрігеріміз болған ұлы тұлғаның өнегелі істерінен бөлек «Ақ халатқа кіршіксіз бол!» деген тағылымды сөзі қалды. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?