Ол ата-бабасы жылқы өсірумен айналысқан, жылқышы Гиляш Келдібековтың көпбалалы қазақ отбасында өмірге келген. Бала кезінен бастап әкесіне көмектескен Ақыш, одан шыжығы мол осы бір кәсіптің барлық тәсілдері мен шеберлігін бүге-шегесіне дейін, оның ішінде қымыз жасауды да үйренеді. 16 жасқа толған ол ауылда қалмай, атақты жер иеленуші Шәңгерей Бөкеевтің Көлборсыдағы қонысына келіп, жылқышы және қымыз жасаушы болып жұмысқа тұрады. Оның еңбек өтілінің осылай ерте басталуы Келдібековтер әулетінде сақталып қалған құжаттар бойынша есептеліп шығарылды.
Шәңгерей Бөкеев революцияға дейінгі қымыз емханасын салған сәтке дейін де Ақыш сол жерде қымыз жасау шебері болып істеген, ал оның үлкен ұлы Ғалым оған бұл істе қолғабыс етіп, әкесі болмаған кезде соның орнында қалып жүрген. Революциядан кейін Ақыш Келдібеков қымызбен емдеу емханасын қалпына келтіріп, сол жерде 62 жасқа толғанға дейін жұмыс істейді, осылайша оның еңбек өтілі 46 жылды құрайды. Қымызбен емдейтін жаңа емханадағы жұмысы кезінде оған үлкен ұлы Ғалым Келдібеков көмектесіп, әкесі кеткеннен кейін де сол жерде бірнеше жыл жұмыс істейді. Міне, сондықтан да, Ғалым сол жердің байырғы тұрғандарының есінде, ал оның әкесі Ақыш естерінде жоқ.
Әкесіне оның кіші ұлы – менің әкем Әділнасыр Келдібеков те көмектескен, емхана ашылған кезде ол 8 жаста болған, ал Ақыш кеткенде 14 жаста еді. Ол қосалқы жұмыстарды орындаған. Мысалы, оның айтуы бойынша, әр 2 сағат сайын ағаш күбілердегі қымызды піскекпен араластырып, бір мың қозғалыс жасайды екен. Алайда ол қымыз жасаумен айналысқысы келмей, 14-ке толғанда жасына тағы да 2 жас қосып, Алматыға оқуға кетеді. Осымен, 50 жылға тарта кезеңнен асып, қымыз жасаушы Келдібековтер әулеті аяқталды, бірақ олардың қымыз жасау өнері жоғалған жоқ және келесі әулеттің тууының арқасында осы уақытқа дейін сақталды.
Біз білетініміздей, 1924 жылдан бастап 1930 жылға дейін Ақыш Келдібековпен бірге оның көмекшісі Гайнетдин Жаманбалиев қоян-қолтық жұмыс істеді, ұстазы кеткен соң қымыз шебері болды. Шипажайда ол 1963 жылға дейін істеп, сол жылы Мәскеу облысының туберкулезге қарсы «Мцыри» шипажайының курстарын үздік бітіріп, қымыз жасау шебері атағына ие болған үлкен ұлы Ілиясқа өз жұмысының қыр-сырын үйретіп кетті. Осы жолдардың авторына 1995 жылы Ілияс Гайнетдинұлы Жаманбалаевпен, ол кісі зейнетке шығардың аз-ақ алдында кездесу бұйырды. Мені, емхананың негізін қалаушы – Ақыш Келдібековтың немересі ретінде, осы туберкулезге қарсы шипажайдың 70 жылдық мерейтойына шақырды.
Өкінішке қарай, мерейтойға бара алмадым, себебі Мәскеуде биохимия бойынша докторлық диссертациямды қорғауға дайындалып жүрген болатынмын. Сондықтан да, әйелім Кәмшатпен және үш жасар ұлым Елханмен келесі жылы келдік. Ілияс Гайнетдинұлы бізге қымызбен емдеу емханасының тарихын айтып беріп, өз естеліктерімен бөлісті, өндірістік үй-жайларды көрсетті, әрине жаңа дайындалған қымыз ұсынды. Ұлым Елхан – қымызшы Ақыштың нақ шөбересі екендігін дәлелдегендей, бірінен соң бірі 3 кесе қымызды сіміріп салып, осы қылығымен Ілияс Гайнетдинұлын әбден риза қылды. Ал бұл дегеніңіз жарты литрден асатын қымыз, оны бала түгіл, дағдыланбаған үлкен кісінің өзі де іше алмайды.
Бізге, осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын атам (Елханның арғы атасы) қымыз дайындаған жартыбөшкелік күбілерді ұстап көруге рұқсат етті. Кейбір өндірістік ыдыстар сол уақыттан бері келе жатыр. Қолмен дайындау және нақ емен бөшкелерді қолдану – жоғарғы сапалы өнімнің құпияларының бірі болып табылатындығын Ілияс Гайнетдинұлы түсіндіріп берді. Сондықтан да, жаңа ыдыстар, менің атам қолданған кездегідей, тура сол пішінде, тап сол ағаштан жасалады. Бұдан басқа, бұл процесті қымыздың сапасын жоғалтпай механикаландыру мүмкін емес екен.
Біз келердің аз уақыт бұрын қымызбен емдеу емханасына тәжірибемен алмасу үшін қонақтар, Башқұртстанның қымыз жасаушы шеберлері, келіп кетіпті. Олар қазақтың қымызының дәмі башқұрттардың қымызынан неліктен жақсы екендігіне таңғалып, шеберлік құпияларын барлап-білуге тырысты. Ілияс Гайнетдинұлы түсіндіргендей, шындығында, ең басты құпия – даланың сан түрлі шөптерінің құрамындағы айырмашылық. Мысалы, өзге шөптердің сан түрлілігін айтпағанның өзінде, жергілікті жайылымда тек қана жусанның 10-ға жуық түрі өседі. Міне, осылар, жергілікті қымызға тіл үйірер дәм мен жоғары сапа береді.
Әрине, қымыз әзірлеу – бұл өнер. Қол еңбегін және жан-тәніңді салуды қажет ететін басқа да іс сияқты, ол да, шебер айтпаған талай құпияны бүгіп тұр. Соған қарамастан, жетілдірілетіннің бәрі жетілдірілген, түрлендірілген және механикаландырылған. Сонымен қатар, біз, қымызды жарты литрлік стандарт шөлмектерге құю мен тығындау желісін көрдік.
Ілияс Гайнетдинович жақында зейнетке шығатындығын, бірақ өзінің орнына қалуға ұлы Айдарды дайындағандығын, оған өзінің білетін бар білімін бергендігін, атам Ақыштан бастау алатын шеберлер дәстүрі үзілмеуі керектігін айтты. Айдар әке үмітін ақтап, қымыз дайындаудың хас шебері болды. Туберкулезге қарсы шипажайдың соңғы онжылдардағы жұмысында қымыз өнімі жоғары деңгейде болды. 2000 жылдан бастап қымыз сапасы үшін Бүкілресейлік «Ресейдің үздік азық-түлік өнімдері» конкурсында 12 алтын медальге ие болған. Ал 2013 жылы «Общественное признание» Халықтық сапа белгісі табысталды.
Өз кезегінде Айдар Жаманбалиев те өзіне ізбасар ретінде ұлы Аманжолды дайындауда.
Нұрлан КЕЛДІБЕКОВ, биология ғылымдарының докторы, биохимик,
Эдмонтон қаласының тұрғыны, Канада