Әрине, жас елорданың таңқалдырар сәні мен әлемге паш етілуінен хабардар етер дүниелер баршылық. Бірақ канадалық профессор, тарихшы, Кембридж университетінің докторы Франк Альбоның «Астана: сәулет, аңыз, арнау» шығармасының жөні бөлек себебі, бұл жерде бізге беймәлім аңыз бен шетелдік көзқарас бар. Оның үстіне аталған рухани дүние әлем назары ауған ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында және келіп қалған қала күніне орай үлкен сый болды. Осы тұрғыда Астананы өз туындысына арқау еткен Франк мырзамен аз-кем әңгіме дүкен құрғанбыз.
– Алғаш Астанаға келгендегі әсеріңізбен бөліссеңіз?
– Алғаш рет 2013 жылы болдым, Астана өз кезегінде мені алғашқы келгенімде-ақ өзінің көркемдігімен баурап алды. Мен демалыс кезінде келгенмін, қатты әсерде қалдым. Қала көркемдігіне бірден сүйсіндім десем болады. Мені кітап жазуға итермелеген алғашқы сәт содан пайда болды. Мен Астананы бейбітшілік пен шыдамдылық және діни ынтымақтастық қорғаны деп санаймын.
– Неліктен Астанаға таңдауыңыз түсті, Ташкент емес, Бішкек емес?
– Мен Астананы емес, Астана мені таңдады (күлді). Астанаға ұқсайтын әлемде қала жоқ, өз кезегінде қала жас болса да әлемдік сахнада өзіндік орны бар. Елорданың сәулет өнері, яғни ескі мен жаңаның үйлесім табуы мені таңқалдырды, содан өз таңданысыммен бөлісуім керек деп шештім. Бір-бірімізді тапқандай болдық мен Астананы таптым, Астана мені тапты. Астананың тағы бір маңыздылығы, әлемнің үш сын- қатеріне жауап беретін бірден-бір қала. Бірінші – діни экстремизм мен терроризм мәселесін шешуде, екіншіден – ғаламның келешекте қалай өмір сүріп, неге сүйену керектігін көрсететін, болашақтың қаласы. Үшіншіден, ядролық қаруды таратпай жоюда. Осы әлемдік үш проблеманың шешімін Астанадан табуға болады. Әлемнің бірде-бір қаласы мұндай 3 бірдей мүмкіндікті ұсына алмайды.
– Бұдан өзге көпшілікке танымал қандай еңбектеріңіз бар?
– Бұған дейінгі ауыз толтырып айтар еңбегім Сиқырлы код (The hermetic code) деп аталады. Туынды Канаданың әйгілі үкімет үйі ғимараты туралы.
– Бұған дейінде Астанаға арналған еңбектер жарық көрді, сіздікі несімен ерекшеленеді?
– Алдымен айтарым, бұл еңбек Қазақстанның астанасы туралы шетелде шыққан алғаш туынды, яғни ағылшын тіліндегі. Бұл жерде мен Астананың сәулет құрылысымен жақын танысып тереңінен зерттедім, тек қана құрылыс саласы емес, сонымен қатар қала тарихына қатысты қандай аңыздар бар біз білмейтін ол жағында қарастырдым. Себебі Астананың сәулет құрылыстарында белгілі бір нышандар бар. Салынған әрбір сәулет құрылысының өзіндік ерекшелігі бар және олар бір-біріне ұқсамайды. Және әр ғимараттың қаланың өткенімен тікелей байланысы бар, соның бәрін мен кітапта суреттермен салыстырмалы түрде көрсеттім. Жас қаланы танып білуде таптырмас құрал деп ойлаймын, себебі мен тек қана ғимараттардың әдемілігін сипаттап қана қойған жоқпын, оның аңызбен байланысын анықтап көрсеттім.
– Астанаға қатысты біз естімеген қандай аңыз бар?
– Бәйтерекке қатысты тарихи аңызды бәріңіз білесіздер, бірақ сол Бәйтерек аңызының түпнұсқасы сонау Шумер-Аккад мемлекеттерінің кезінен барын екінің бірі білмейді. Ол аңыз төрт мың жылдан уақыттан бері бізге белгілі. Дұрысы кітаптан оқып білуді ұсынамын.
– Сізді таң қалдырған сәулет құрылысы?
– Қаланы бір көзбен қарасаңыз, көптеген жаңадан салынған биік ғимараттар, ал үңіле қарасаңыз әрқайсысының салыну ерекшелігі мен өзіндік айрықшылығы бар. Ең қызығы қаланың бүгіні бұрынымен байланысты. Қазіргі салынған ғимараттардың көп жерінен аңызбен белгілі бір байланысын табуға болады. Мені таңқалдырған сол. Мен өз еңбегімде архитектуралық тұрғыда қазіргі бой көтерген ғимараттарды бұрынғы аңыздармен байланыстыруға тырыстым, бұл дегеніміз ғажайып, өткен мен бүгіннің өзара үйлесім табуы деп осыны айт.
– Кітаптың мазмұнын жинауда қандай дерек көздеріне сүйендіңіз?
– Дереккөздерін жинау барысында жалпы Қазақстанға оның ішінде Астанаға қатысты 400-ге жуық қазақ және шетел басылымдарында жарық көрген мақалалар мен зерттеулерді оқып шықтым. Олар әртүрлі тілде жазылған. Одан бөлек Астанаға келіп зерттеу жұмыстарын жүргіздім, себебі дереккөздері бір бөлек, ал өз көзіңмен көрген екінші мәселе. Жоғарыда сөз еткенімдей тек қана дереккөздерін жинап танысып, білісуге 3 жыл уақыт кетті. Тағы бір айта кететіні, профессор ретінде мен көпке танымал емес қолжетімсіз дереккөздерімен танысуға мүмкіндігім бар, өз кезегінде септігін тигізді. Тағы бір қырым мен көп саяхат жасаймын. Мысалы, Астанаға қатысты бір кітапты көру үшін арнайы Принстонға бардым. Осы секілді іздену мен еңбектің нәтижесі деп ойлаймын.
– Тарихшы ретінде қазақ тарихына үңілдіңіз бе? Қай кезеңді қызыға оқыдыңыз?
– Менің ойымша, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезең. Себебі дүниеге жаңа мемлекет келіп, ол аз уақыттың ішінде өзіндік даму бағыты бар елге айналды. Соның жарқын белгілерінің бірі – Астананың салынуы. Қазақстанның әрідегі тарихына толық үңілдім деп айта алмаймын. Мені бір қуантатыны, Қазақстан жас мемлекет бола тұра әлемдік сахнада көптеген халықаралық кикілжіңнің шешілуінде зор үлес қосуы. Қазақстанды ғаламдық проблемалардың жауабын іздейтін алаңға айналды, бұл – менің емес, әлемдік саясаткерлердің сөзі.
– Кітаптың тұсаукесеріне келсек, Лондон, Вашингтон, Оттавада қалай өтті?
– Кітаптың тұсаукесері табысты өтті десе болады, келген адамдар таң қалды. Астана арқылы жас мемлекет Қазақстанның тарихымен танысты, көптеген қызықты естеліктер айтылды. Және ең қызығы, Канадада арнайы таныстырылым болмай тұрып сатылымға шығарылған барлық кітап өтіп кетті. Бастысы, шетелдік оқырмандарда Астананың Еуразия жүрегін тербеткен болашақ жаһанданудың бесігі екенін түсінді.
– Кітап жазу оңай емес, ал оны басып шығару, тарату үлкен еңбекті, уақытты және қаржыны талап етеді, сізде қалай болды?
– Сұрақты өте орынды қойдыңыз. Алдымен айтарым осы еңбекті жазуда бар ынта-жігерімді салдым, себебі адам қызыққан дүниесін жүрекпен жасайтынын білесіз, мен Астанаға қатысты әрбір деректі мұқият оқып шықтым. Астана туралы көбірек білуге құштарлық күннен-күнге арта түсті. Алдымен білуге деген құштарлық көмегін тигізді. Одан бөлек кітап бір-екі ай немесе бір жылдың төгілген тері емес мен Астананы танып-білуге 4 жыл арнадым, әр сапарымда жас қалаға қатысты тың дүниелерді танып білдім. Әрине, мұның барлығы маған қымбатқа түсті, дегенмен ол өз өтеуін ақтады деп толық айта аламын. Басында айтып өткенімдей бұған дейінде еңбектерім жарық көрді, бірақ мен үшін осы жұмысымның орны бөлек. Тағы бір қызығы, мен көптеген әріптестерім көп шығынға түстің дегенді алға тартады, бірақ мен онымен келіскенмен, бастысы үмітімнің ақталғанына қуаныштымын. Кітаптың басылымына келсек, менің кітап басумен айналысатын таныстарым бар, сол кісілер қол ұшын созды. Ал ең бастысы Қазақстанға қатысты деректердің қатарын өз үлесімді қосу арқылы толықтырғаныма қуаныштымын.
– ЭКСПО көрмесіне бардыңыз ба? Кітапқа ЭКСПО-ға қатысты қозғала ма?
– Әрине, кітапта ЭКСПО-ға қатысты айтылады, яғни кітаптың соңында Астанада осындай әлем назарын аударған ЭКСПО-ның мақсаты мен жалпы қысқаша мазмұны тілге тиек етілген. Ал ЭКСПО ашылғалы әлі болған емеспін. Бірақ міндетті түрде барамын. Ал жалпы ЭКСПО-ға қатысты айтар болсам, Қазақстан үшін және әлем болашағы үшін маңызды іс-шара деп ойлаймын. Себебі көрме аясында жаңа дүниелер пайда болуымен қатар мемлекеттердің бір-бірімен қарым-қатынасын жақындастыратын бірден-бір себеп.
– Астананың болашағын қалай елестетесіз?
– Қазақстан және әлем өз болашағын Астана арқылы қарау қажет, себебі Астана – болашақтың қаласы. Дәлелмен айтар болсақ тұрғызылғанына аз ғана жылдың ішінде Астана қаншама дүниежүзілік маңызды оқиғалардың қайнаған қазанына айналды. Сөзіме тағы бір дәлел: Астанада болған әлемдік тұлғалардың қай қайсысы да өз таңданыстарын жасыра алмайды. Мұны тұлғалардың Астана туралы жазған естеліктерінен байқауға болады.
– Болашаққа жоспарыңыз, сізден қазақ тарихына қатысты тағы қандай еңбек күтсек болады?
– Бұл сұраққа қатысты айтар болсам, Астанаға жалпы Қазақстанға қатысты жазылған еңбегімнің бір бөлігі мен басы ғана дер едім. Және бұл еңбегімді Қазақстан халқына арнадым, әрине шетелдік қызығушылар да осы кітап арқылы Астананың бүгіні ғана емес өткенімен таныса алады. Содан келіп қазақ тарихына деген құштарлықтары артады деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рақмет!