Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ - ҚОҒАМНЫҢ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ ФАКТОРЫ

1732
ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ - ҚОҒАМНЫҢ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ ФАКТОРЫ  - e-history.kz
Қазақстанның киелі жерлері бойынша жүргізілетін жұмыстардың ең бастысы қоғамның рухани жаңғыруына үлкен ықпал ететіндігін және бұл бастаманың ғылыми маңызы терең екендігін көтерді

2017 жылғы 11 мамырда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы - қоғамның рухани жаңғыруының факторы (ғылыми және қолданбалы қырлары)» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Оның жұмысына Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д., профессор Әбжанов Х.М., Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Дербісәлі Ә.Б., География институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, география ғылымдарының докторы, профессор Медеу А.Р., Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д. Байтанаев Б.Ә., М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Қалижанов У.Қ. және аталған институт ғалымдары мен қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген міндеттерді орындау аясында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның бірінші отырысының шешіміне сай «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асырудың жолдары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын анықтау мәселелері кеңінен талқыланды.

Модератор Х.М. Әбжанов кіріспе сөзінде осы жылғы 26 сәуір күні өткен Ұлттық комиссия отырысында оның мақсаттары мен міндеттері, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған бағыттарды іске асыру жолдары талқыланғандын және әртүрлі бағытта жүргізілетін жұмыстарды үйлестіріп отыру мақсатында құрылған жұмыс топтарының жетекшілерімен таныстырып өтті. Мәселен, мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобын Тіл білімі институтының директоры Е. Қажыбек; «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жұмыс тобын Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев пен «Wikibilim» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Р. Кенжеханұлы; «Туған жер» жобасы бойынша жұмыс тобын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары О. Оразалин мен Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е. Сыдықов; «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жұмыс тобын Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы мен Тарих және этнология институтының директоры Х. Әбжанов; «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша жұмыс тобын Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А. Балаева мен Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов; «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасы бойынша жұмыс тобын ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Д. Мыңбай мен Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев басқаратындығынан хабардар етті. 

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, География институты, Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бірлесе жұмыс істейтіндігін айта келіп, бастапқыда республика бойынша тарихи-географиялық киелі нысандар бойынша экспедиция ұйымдастырылып, кейіннен мүмкіндігінше қаражат болып жатса республикадан тысқары аймақтарға да бару қажеттілігін ұсынды.

Осындай маңызды мәселеге арналған дөңгелек үстелде Х.М. Әбжанов «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын зерттеудің маңызы» тақырыбында ой өрбітті. Баяндамашы сөз соңында экспедиция негізінен мынандай бағыттарда жұмыс жүргізуді ұсынды: 1. тылсым табиғи құпиясы бар жерлер; 2. Діни орындар; 3. Ел арасындағы аңыз-деректерді жинақтау.

Сондықтан ең алдымен: 1. Киелі нысандардың тізімін дайындау; 2. Әр нысанның сызбасын, видеосын, суретін түсіріп, анықтамалық сипаттамасын қоса беру; 3. Нысанға қатысты ғылыми және ауызша деректерді де салыстырмалы түрде пайдалану; 4. Экспедиция құрамына кіретін мамандар тізімін жасау; 5. экспедиция нәтижесінде ғылыми-танымдық монография шығару қажеттілігін көтерді.

Профессор Ә.Б. Дербісәлі «Қазақстанның діни ескерткіштері» жөнінде сөз алып, аймақтардағы көнеден келе жатқан мешіттер мен медреселерді, кесенелерді тізімге алып, ел арасында шарапатымен есте қалған діни қызметкерлер мен имам-ишандар, ғалымдар туралы толық мәліметтер жинақтауға үлкен мүмкіндік берілетіндігін қолдады.

Географ-ғалым А.Р. Медеу «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» тақырыбында әріптестерінің пікірін кеңейте түсті. Ғалымның пікірі бойынша, ең алдымен, «киелі» ұғымын тереңнен көшпенділер құндылықтары тұрғысынан түсіндіріп қана қоймай, оның бүгінгі замана талабына сай тұжырымдамасын жасау, түсініктемелік дайындау, құпиялы тылсым сырын анықтау, киелі деп танылатын нысандардың тізімін, классификациясын жасау, инвентаризация жүргізіп, паспортын және картасын дайындау. Ал картаны дрондық, космо, 3D секілді бірнеше түрде дайындап, шығарылатын кітапта видеоматериалдарды қосымша берілсе атқарылған істің ауқымдылығы да маңыздылығы да, мазмұны да ашыла түсетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ жиналған материалдарды тарихи, лингивистикалық, археологиялық құндылықтарын тұрғысынан анықтау. Сонымен қатар рухани киелі нысандарға апаратын маршруттарды анықтау, сызбасын дайындау. Сол арқылы туризмді дамытуға жағдай жасай аламыз. Өз және шетелдік қонақтарға таныстыруға ғылыми негізделген анықтамалық береміз.

Көтеріліп отырған Жоба өте маңызды және ғылыми ізденістер аясын кеңейте түсетіндігіне тоқталған Б.Ә. Байтанаев «Оңтүстік Қазақстан аумағындағы киелі орындар мен ұлттық код» атты баяндамасында Қазақстанның киелі жерлері бойынша жүргізілетін жұмыстардың ең бастысы қоғамның рухани жаңғыруына үлкен ықпал ететіндігін және бұл бастаманың ғылыми маңызы терең екендігін көтерді. Археология институты ғалымдары дайындаған Қазақстан бойынша 200-ден астам киелі нысандардың тізімін ұсынып, соның ең маңыздыларына жан-жақты сараптама жасау қажеттілігін айтты. Алдыңғы сөйлеген ғалымдар көтерген жабайы немесе тауап (тәу) етуге бейімделген жабайы туризмге шектеу қойып, халықаралық туризмді дамытудың бірден-бір ғылыми дәйектелген анықтамалық-көрсеткішін дайындауға болады деп өз ойын қорытындылады.

«Жетісудің киелі құндылықтары» туралы сөз алған филолог-ғалым У.Қ. Қалижанов ең алдымен нақтылы міндеттерді анықтап алуды, экспедиция құрамына ЖОО ғалым-ұстаздарды, студентер мен магистранттарды және жергілікті өлкетанушылар мен әуесқой тарихшыларды да тарту қажеттілігін ұсынды. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., профессор Ж.М. Төлебаева әрбір қазақстандық үшін киелі жерлер тарихын зерттеуде өткен жүзжылдықтардан жеткен жазба мәліметтердің маңыздылығы терең екендігін «Парсы деректеріндегі Қазақстанның киелі жерлері» туралы дайындаған баяндамасында жан-жақты дәйектеді. Мәселен, Шараф ад-Дина ’Али Йазди «Зафар-наме» атты тарихи шығармасында «біздің ұлттық бірегейлігіміздің бейнесін суреттейтін» Қожа Ахмет Яссауидің мавзолейінің салынуы өте әдемі суреттеледі. Парсы тіліндегі өзге де тарихи шығармаларда қазақтардың рухани мәдениеті туралы аса құнды мәліметтер баршылық. Қожа Ахмет Яссауидің ізбасарлары: Мансұр Ата, Абд ал-Малик Ходжа, Тадж Ходжа, Са’ид Ата, Суфи Мухаммад Данишманд Ата, Хаким Ата, Зеңгі Ата, Ұзын Хасан Ата, Са’ид Ата, Исмаил Ата, Ысқақ (Исхак) Ата, Садр Ата, Алмумин Баба туралы мәліметтер өте қызықты. Сондай-ақ олардың есімдеріне қатысты аңыздар да кездеседі. Әсіресе «Трактат о святых Сайрама» атты авторы және жазылған мезгілі беймәлім Сайрам маңындағы киелі жерлерге арналған танымал еңбек асқан қызығушылық тудырары сөзсіз. Оның бірінші тарауында 33 мазар, екіншісінде – 36, яғни 69 киелі жерлеу орындары суреттеледі.

Парсы тіліндегі шығармаларда қазақ даласында кеңінен таралған хикаят пен аңыздарға да өте бай. Мысалға «Улус-и арба-йи Чингизи» и «Бахр ал-асрар» секілді еңбектерде Шыңғыс хан мен Жошы ханның жерленуіне қатысты мәліметтер берілсе, Мухаммад Салихтің «Тарих-и джадида-йи Тошканд» еңбегінде Қазақстанның киелі географиясын зерттеуге мүмкіндік беретін Түркістан, Сайрам, Сығанақ және Әулиеата қалалары туралы сипаттамалар бар екендігі туралы қызықты ойларымен бөлісті.

Пікір алмасу барысында сөз алған Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. А. Нұрманова өз тарапынан мынандай ұсыныстар жасады.

Экспедицияны ұйымдастыру барысында 1998 жылы Ұлттық тарих жылына орай ұйымдастырылған кешенді тарихи-этнографиялық экспедицияның бағыт-бағдары негізінен басшылыққа алынып, арнайы әдістемелік дайындау мен эпиграфиялық ескерткіштерді де зерттеуді қолға алудың маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына қатысушылар мынандай шешім қабылдады:

1. Тез арада іс-шаралар жоспарын түзу.

2. Іс-шараларды жүзеге асыруға қажетті қаражат бөлу мәселесін шешу;

3. Киелі нысандарға қатысты аңыздар мен хикаяттарды жинау жұмысын бастау.

4. Өңірлерге шығатын экспедициялар үшін арнайы әдістемелік нұсқаулықты даярлау.

Төленова З.М.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі,

жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?