АЛЖИР құрбандарының бірі - әртіс Любовь Васильевна Бабицкая (Головня) болды. Ол көптеген фильмдерге түсті, кейін «Веселые ребята» (Көңілді жігіттер) картинасында режиссерінің ассистенті болып қызмет атқарды. 1937 жылдың 24 желтоқсан күні оның жұбайы Мосфильмнің директоры Борис Яковлевич Бабицкий тұтқындалды. Ал 1938 жылдың 13 наурыз күні Л. Бабицкая қамауға алынады. Үлкен балалары балалар үйіне жіберіледі. НКВД жанындағы Ерекше Кеңестің 1938 жылғы 20 сәуірдегі Үкімімен оны «отанын сатқандардың отбасы мүшесі» ретінде еңбекпен түзету лагеріне 5 жылға соттайды.
1938 жылдың 13 мамыр күні ол АЛЖИР-ге – Қарағанды лагерінің Ақмола бөлімшесіне келеді. Любовь Головняның немересі Евгения Головняның естеліктерінен: «Мен еліміздің бір қиыр шетінде Алжир деген тағы бір үлкен мемлекет бар екенін білетінмін (африкалық Алжир туралы мен төртінші сыныпта оқығанымда білдім!), ол жер өте суық, қыста үскірік жел соғады, ал жазда жер аптап ыстықтан қақ жарылып, су болмайды. Мен ол жерде бірыңғай әйелдер тұратынын білетінмін және олардың барлығы барақтарда тұратынын, олардың көпшілігі балаларынан айырылғанын, ал күйеулері өліп қалғанын білетінмін. Рита Алмазовна тәтейді екі айлық қызы Ленадан айырып, тұтқындағанын, оның Бутырка абақтысында емшегі ісініп ауырып қалғанын білетінмін, «параша» (түрме камерасындағы дәретке отыруға және жуынды төгуге арналған шелек немесе кеспек – ред.) дегеннің не екенін және неге Ритай тәтейдің қызын соған тұншықтырып өлтірді деп ойлағанын білетінмін, менің әжемді кіші баласы Алеша бір жас сегіз айда болғанда тұтқындағанын және менің анамды ол он жыл бойы көрмегенін білетінмін, лагерьге Рахильге он бес жасар Майяның келгенін және Ксана Козьмина тәтейдің айдалудан қайтып орлағанында баласы Марикті «науқас күйінде» кездестіргенін білетінмін. Евгенияның кішкентай кезінде үйде әжесінің құрбылары жиналатын. Әжесі майшабақ сатып алатын, картопты асып, дастарханға өсімдік майын және қара нан... және міндетті түрде «Беломордың» бір орамасын қоятын. Алжирлық (кішкентай Головня мұны ұлт атауы деп ойлайтын) құрбылары келетін Рита тәтей (Рита Алмазова, Семён Чертканың болашақ енесі), Рахиль тәтей (Рахиль Мессерер, Майя Плисецкаяның анасы), Клава тәтей (Клавдия Гончарова, медбике), Ксана Козьмина тәтей (әртіс Оксана Козьмина, Николай Баталовтың бірінші әйелі), Нина тәтей (Нина Рабухина – ол Горький көшесінде тұрды), Нина Бурлак тәтей (жазушы Бурлактың әйелі). Ол үйде жиналған үлкендердің әңгімесін еріксіз естіп қалатын.
Осындай «әжелер отырысына» көп жыл бойы қатысқандықтан «алжирлықтардың» естеліктері жадына мәңгілік сақталып қалды. Евгения Головня әжелерінің барлық құрбыларын мықты, намысқой, сұлу және сенімді әйелдер ретінде есінде қалды. Бұл қайғымен сыналған адал достық еді. Олар жүректерінде қаншама қасірет пен қайғыны үнсіз сақтап келді. «Люб, сен қолыңды кірпішті тиеген кезде сындырып алдың ба? – Жоқ, Ритканы қылмыскерлерден босатып жатқан кезде». Осындай кездейсоқ айтылған сөйлемдер мен естеліктерден мозаика құрылатын. «Тесігі бар ботқа туралы» - таңертең тұтқын әйелдердің тәрелкелеріне бір шөміш ботқаны шалп еткізіп, қасықтың сыртқы жағымен ортасына тесік жасап, оған бір тамшы май тамызатын, бірақ үнемі аш болып жүрсе де, алжирлықтар нағыз әйел болып қала берді. Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникова сол тесікке саусағын сұғып, құрғап кетпес үшін бетіне май жағатын, ал шикі картопты олар шұңқыр етіп қазып, жіптен жасалған білтені өткізіп, ол білтені сол майға былғайтын және кешке қарай төсектерінде Ксана өлең оқитын, ал Кира Боря деген баласына кітап жазатын. Сондай-ақ «жақсы» бастық болған Бариновты есіне сақтап қалды, өйткені Клава Бабаева, жас кезінде тігінмен айналысқанын есіне түсіріп, Бариновқа барып, «кестелеуді» ұсынды. Олар мүмкіндігінше өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асырды. Маша Мыслина деген суретшінің сұр орама қағазға салынған тамаша суреттері – оның салған «тұтқын құрбыларының» портреттерінде қаншама шығындалмаған дарын байқалады десеңізші!
Бір суреттің артқы жағында қарапайым өлеңдер жазылған:
Ақмола, Қара мола,
Әйелдер мен аналарды жинаған,
Мәскеу, Сібір мен Украина
Және көптеген ауылдар...
АЛЖИР,1942 ж. (аударма ред.)
Оксана «жақсы бастық Бариновтың» арқасында әжесі соғыс кезінде баласы Алешаны іздестіріп оны лагерьге алып келгенін есіне алды. Баринов оған Шымкентке іссапар анықтамасын беріп, былай деді: «Маған қара, Бабицкая! Қолға түссең, мен ештеңе білмеймін, бірден бас тартамын. Менің де отбасым бар. Ал бәрі сәтті болса, алып кел, керегінше қарсы аламыз. Балаң ғой не дегенмен». Ол Алешаны лагерьге алып келгенде, әйелдер оны жан-жақтан қаумалап, құшақтап, өз балаларына деген сағыныш мауқын басуға тырысқан. – Бұлардың барлығы менің туған аналарым ба? – деп сұрады Алёша. Бариновтың кезінде лагерьде «балабақша» орнады. Оксаны Головяның бастамасымен Қарлагтың 26-шы нүктесі Долинкаға түсірілім тобы барып қайтты. Мәскеуге оралғаннан кейін тірі қалған азғантай әйелдерден сұхбат алды. Клавдия Михайловна Бабаева лагерьде жалғыз ұлының майданда қаза болғанын хабарлағаны туралы, Тина Микеладзе ата-анасының қамауға алынғанын және Тбилисиден Ақмолаға дейінгі сұмдық жол туралы айтып берді. Лидия Михайловна Френкель – лагерьдегі еңбек және «анасына» тезірек жету арманы туралы. Оксана Козьмина, жарты ғасырдан кейін оның Бариновпен және Юзипенкомен (лагерьдің бұрынғы замполиті) кездесуі, оның жан толғанысы және еліміздің өткені мен қазіргісін дұрыс түсінуі. Фильм шынайы көрініс тапты. Кадр сыртында одан да бетер сыздатар қаншама тарих, хаттар, құжаттар қалды.
1990 жылы «Сатқындар» фильмі экранға шықты. Орталық арналар бойынша көрсетілгеннен кейін көптеген хаттар келіп түсті. Оларда әйелдердің және олардың отбасыларының қайғылы тарихы жазылған еді және олардың әрқайсысында «жеке», қайталанбас тағдыр жатты. Осындай фильмдер бізге керек. Тарихтың осындай сабақтарын ұмытпағанымыз абзал. Олар қайталанбауы тиіс.
Арман СҮЛЕЙМЕНОВ
Аударған: Гүлнұр Серікқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)