Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

М.Әуезовтің "Қазақ тілі" газетіне басылған алғашқы мақалалары.

4726
Оқу-ағарту саласына, шаруашылық, заңға байланысты және әлеуметтік тақырыпта жазылған мақалалары талданады. Мақала үлкен мәселелерді қозғайды.

Бұл мақалада М. Әуезовтің «Қазақ тілі» газетінде басылған мақалалары қаралады. Оқу-ағарту саласына, шаруашылық, заңға байланысты және әлеуметтік тақырыпта жазылған мақалалары талданады. Мақала үлкен мәселелерді қозғайды.

Халқымыздың кемеңгер ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылық жолының басталуы да қазақ даласындағы ірі саяси оқиғалар дәуірімен тұспа-тұс келді. Алаш қайраткерлері сияқты Мұхтар Әуезов 1919 жылдың желтоқсанында Комунист партиясының қатарына еніп, жаңа өмір үшін күрес жолына түседі. Кеңес өкіметі шығарып тұрған газеттерге белсене араласа бастайды, идеялық-саналық жағынан марқаяды [1]. Қолына қалам алған жас Әуезовті қазақ даласында сол кезде қалыптасқан ахуал түрлі тақырыптарға жетелейді. Оны бірде әйел теңдігі жайы толғантса, енді бірде оқу-ағарту, мәдениет ісі терең ойлантады. Қазақ зиялылары, ғылым негіздері, саясат, шет жұрттар өмірі, баспасөз, әдебиет мәселелері де шығармашылық арқауына айналды. Профессор Рымғали Нұрғалиевтің айтуынша: «Болашақ дария тебіреністі, шырқау терең, қайраттыойдан хабар бергендей, жас таланттың алғашқы сапары байлаумен пікірдіашық, жарып айтуды талап ететін публицистикадан басталады». Жалпы, «Қазақ тілі» газетінде жарияланған мақалаларынан өткеннің асыл қасиеттерін бойына сіңірген, ел болашағына алаңдаған, ұлт қамын ойлағанпублицисттің қоғамдық-саяси көзқарасы айқын аңғарылады. Мұхтар - публицист саясат, шаруашылық, мәдениет, ғылым, баспасөз, әдебиет тақырыптарында алғашқы өткір ойларын осы жылдары көрсетті.

1920-1922 жылдары «Қазақ тілі» газетінде М.Әуезовтің «Қазақ оқығандарына ашық хат», «Бүгінгі зор міндет», «Егінге дайындалыңдар», «Мадиярға жауап», «Сот», «Қазақ қызметкерлерінің міндеті», «Қазақ бөлімдері туралы» сынды қоғамдық-саяси мәні зор мақалалары жарияланды. Публицистік даярлығы күшті М.Әуезов «Қазақ тіліндегі» қызметіне тез төселді, «Абай» журналында, «Сарыарқа» газетінде мақалалары жарияланып, ойын дәл жеткізуге әбден машықтанған оған газет редакциясын басқару қиынға түспеді. Тек үлкен айырмасы - журналист қаламынан шыққан мақалалар коммунистік идеология қалабымен өлшенуі тиіс еді.

Оқу-ағарту саласына байланысты мақалаларыны тоқталсақ, «Қазақ тілі» газетінде оқу-ағарту мәселесіне айырықша көңіл бөлген жандардың бірі - Мұхтар Әуезов еді. Ол ағарту ісін сырттай уағыздап қоймай, қолдап кірісті. Өзі оқытушы-педагог болып қызмет атқарды. Кеңес өкіметі орнаған жерлерде ашылып жатқан мектептер жабдығын жасау, ана тілін, әдебиетін үйрету, оқу құралдарымен қамтамасыз ету сияқты өзекті істерге белсене араласты [2]. Оның басылымда оқу-ағартуға байланысты «Қазақ оқығандарына ашық хат», «Бүгінгі зор міндет», «Қазақ бөлімдері туралы» т.б. мақалалары жарық көрді. «Россияның ішіндегі көбігі аспанға атып жүз толғанып, бұлқынып жатқан революция толқыны дүние жүзіндегі еңбекшілерді құлданған патшалықтардың бәрінің жүз жылдап құрған құлдық қорғандарын іргесімен теңселтіп, жапсарын ашып, жігін үлкейтіп тұрғаны әркімге мәлім... Бүгінгі күні кешегі қараңғы құлдық күннің күңгірт жүзді қожасы-жуандардың басына келетін ауыр күннің қаһарлы бұлттарын Россия жуандарының төбесіне заман жем айдап келіп тұр», - деп басталатын «Қазақ оқығандарына ашық хатына» қанаушылықтың жойылатынына айқын сенім білдіреді. Жазушы қазақ арасында Россиядағыдай тап қайшылығы, тап күресі болған жоқ деп түсінген. Оны да ешбір бүкпесіз, жасырмай: «Бұл күнге шейін бар қазақтың баласында бір-ақ түрлі құлдықтың ноқтасы болатын. Бірінен бірінің қара үзі, артып кеткен еш жері жоқ. Бәрінің көргені де өгейлік, жетімдік. Әсіресе, оқығандарының бой жазып кең отырған күні бұл күнге шейін болған жоқ. Қашан болса күні қысылу, бұғып қорқу болатын», - деп жазады [3]. «Жұрт кең заманнан пайдаланып, тиісті сыбағамды жырып алып қаламын десе, ауыр заманда бейнет, қиын жұмыста бар қайратын салып келіп, мақсаты іске асатын күні, еңбегінің жемісін оратын күні қашып кетуінің не мағынасы бар? Бұл шалалық елдік сезімнің әлі күнге басшы мен деп жүрген оқығанның өз бойына сіңбегендік» деп, қазақ оқығандарының намысын оятарлық өткір сөздер айтады. Автор оларды жаңа өкіметтің қызметіне етене араласып, қазақтың мұң-мұқтажын өтеу үшін аянбай еңбек ету керек: «Қазіргі заман қазақтың баласына келіп тұрған әрі қиын, әрі пайдалы жайлы заман... елдің қамын жеген оқыған азаматтар не қылса да қолынан келген шарасын істеп, осы өкіметтің арасына кіріп, қазақтың есесін әперіп қалатын уақыты келді деп білеміз» - деген сенімді ойын ашып айтады. Қазақ оқығандарының қысылтаяңды осы шақта елі үшін қызмет етуін міндетті санады, қала мекемелерін тоздырып тіл білместіктен ішкі зар-мұңын жеткізе алмай жүрген қазақтың күйін баяндайды. «Егер қазақ оқығандары Кеңес өкіметінің қабағынан қорқып қашса, айтатын сөзіміз осы: оқығанның қызметке кіруіне керек. Ел шақырып отыр. Қазақтың қамын жейтін оқыған болса, қашқаны болсын, қашпағаны болсын, қырда бос жүргеннің бәрі де келуі керек». Әуезовтың бұл хатында қазақ оқығандарының ұлт-азаттық қозғалысы бағытындағы іс-әрекеттері баса айтылып, олардың кейбіреулері еңбекшілерді қанаушы жуандардың қол жаулығы болып отырғандығы жете еленбейді. Бірақ Әуезов мұнда мұнтаздай таза болды деп бір жақты бағалаудан да аулақ. Сонымен қатар, Әуезов сол кездегі басқаша түсініктегі топтардың бар екенін теріске шығармайды. Тек мақаланың негізгі мақсаты оқығандарды қызметке тарту болғандықтан, оларды саралап, топқа бөліп жатпай-ақ: «Құр елдің мұңы тыңдалмайтын, бірен-сараң кісінің ғана басына жайлы, ат езу келген заманда ғана оны істеймін деп, анығында еш нәрсені істей алмай, шағулы заман келген де қашып жүрсек, елдің қамы деген сөзді айтып не керек», - деп оқығандардың өзіне ой тастайды. Бұл мақала Семей губерниялық «Қазақ тілі» газетінің 1920 жылғы 5 ақпан күнгі 15-санында жарияланды [4]. Басқа мақалаларында М.Әуезов осы ойын тарата дамытып, халықтың күнделікті күн көріс қажеттілігіне байланысты шаруашылық, өндіріс, қолөнер кәсібі сияқты тірліктерді де жан-жақты сөз етіп, солардың ішінде елдің келешек өсу жолына негіз болатын, ертеңге жалғасар бағыт-бетін айқындауға ұмтылады. Қалың жұртшылық «өз аманшылығын сақтап, мемлекет халін, көпшіліктің халін ескермейтінін», азға малданып, өзінен арғыны, ертеңгі күнін кеңінен ойламайтынын, ал кейбір «елдің қамын жегіш пысықтардың» жаңа өкімет ісіндегі уақытша қиындықтары мен жеке-жарым кемшіліктеріне көлденең сыншы болып қолдап көмектеп, «елді мәдениетке жеткізіп ағарту, өнер-білім құралдандыру дүниенің халін көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп ішінен жетілту» сияқты тірліктерге бар күш-жігерді жұмылдыру керек. Ал бұл бағыттағы бүгінгі зор міндет - оқу ісі, алдымен бірінші кезекте соны дұрыс жолға қою керек деп біледі автор.

«Бүгінгі зор міндет» деген мақаласы «Қазақ тілі» газетінің 1920 жылғы 31-ші желтоқсан күнгі санында жарияланған. М.Әуезов «Кеңес өкіметінің заңыншаоқу жұмысы қаншалық бағалы, қадірлі екенін іске араласқан кісінің бәрі де біледі. Ескі өкіметтің шашбауын көтерген оқытушылар да жаңаша оқу жолындағы кеңшілікті көріп әбден риза болып отыр. Жә, оқу ісіне өкіметтің істеп отырған қызметі, беріп отырған кеңшілігі қайсы? Бұған дәлел: Орыс, қазақ, кедей, бай, жас-кәрінің арасындағы надандықты құрту істеліп отырған қызметтер (ликвидация безграммотность). Бұл жалпы мемлекеттің қолданып отырған ісі. Енді қазақ ішіндегі оқу ісіне келейік. Қазіргі күнде губерниялық оқу бөлімінің жасап отырған жобасы бойынша, келесі жазда қазақ ішінен 300-ден аса мектептер салынбақшы. Тегінде іс қылуға көңілі бар жігіттердің бұл жұмыстарға ықыласын салу борышы. Бүгінгі күндердің зор міндеті осылар», - деп жаза келіп, жаңа өмірге қол жеткізудің үлкен бір жолы оқу екендігін айтады. Өткір сын айтып, көпшілікке ой тастайды. Жаңа өмір, жаңа құрылысқа қол жеткізудің үлкен бір жолы - оқу-ағарту ісі екендігін баса айтады. Елге шынымен жаны ашитын азаматтардың халықтық іске қолғабысын тигізуі қажет екенін айтып өтеді. Автор Кеңес өкіметінің оқу ісін аса жоғары бағалап, қадірлейтінін және оның бұл артықшылығына «жауларының да қол қойып» отырғанын айтады. «Бірталай жылдан бері қарай қазақ оқығандары қалада тұрып бас қосып, елді ағарту жолына қызмет қылар десе де, әлі күнге бір қалада қазақ халқына арналып салынған бір мектеп, бір клуб жоқ», - деп, автор қазақ оқығандарының керенаулыққа салынып келгенін, әлі де беріле дұрыс қызмет жасамай отырғанын сынап, Кеңес өкіметінің осы бағытта белгіленген шараларын және олардың маңызын нақты мысалдармен баяндап өтеді [5].

Жаңа бағытта, жаңа құрылысқа бет алған елге аса қажет мәселенің бірі - оқу ісі десе, екіншісі - көпшілікті қойып, отырықшылыққа айналу. Яғни, «Қазақ көпшілігін қойып, қала болса, мәдениет тез орнар еді» деген болатын. Ал, үшіншісі - қолөнер кәсібін меңгеру. «Үшінші: осы күнде қыр қазағы бұрынғы қаладан алынатын ұсақ нәрселердің бәріне де мұқтаж. Мәселен қыр елдерінің мұқтаждары: бұл, былғары, ыдыс-аяқ. Егер қазақ ыдыс-аяқты өзі істеп, шекпенін тез тоқып алып отыратын болса, онан артық олжа бар ма», - дейді М.Әуезов. Жазушы мәдениетке қол жеткізудің үлкен бір жолы осы деп қарайды. «Осы айтылған үш түрлі іске күш салып, көңіл бөлсе, талай пайдалы көрікті істер шығаруға болады. Тегінде іс қылуға көңілі бар жігіттердің бұл жұмыстарға ықыласын салу – борышы. Бүгінгі секілді күндердің зор міндеті осылар», - деп баса айтады [4].

1921 жылдың ақпанының аяқ шенінде Халық ағарту институтының қазақ бөлімі ашылады. Ә.Сембаев 1919-1920 жылдардағы Халық ағарту ісі жөніндегі зерттеуінде: «Семейде қысқа мерзімді педагогика курсы ашылды, онда 67 орыс мұғалімі, 90 қазақ мұғалімі оқыды. Курстың программасы оқушылардың Кеңес еңбек мектебінің принциптерімен таныстыруды көздеді» деген түйін жасайды.

Қазақ мамандарының жетімсіздігіне қарамай тасы қаланған иституттың қазақ бөлімінде оқу сабақтары орыс тілінде жүрді. Аты қазақша, заты орысша бұл оқу орны жайында Әуезов «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылдың 17 наурызындағы санында «Қазақ институты» атты мақаласын жариялайды. Онда қазақ бөлімінің үлкен күшпен ашылып, сапалы білім беретін мұғалімдердің, тиісті оқулықтардың жоғынан оқыту пәндерінің уакытшаорыс тілінде жүргізілетіндігі айтылады [6]. Мәселенің мәнін түсіндіре келе автор мұғалімдердің ісін де сынай өтеді: «Мұғалім қылып сыйланатын оқығандарымыз да, оқушыларымыз да кызметтерінің бір иығын саясатқа сүйеп жүр. Жалғыз оқу жұмысымен тұрған жоқ. Сондықтан, оқыту оқулықтарының да тұрлауы болмайтын болды. Оқуға белгіленген уақыттың жартысы оқылмай өтетін болды. Оқушылардың көп уакыты бос жүріспен рәсуа болатын болды» делініп, орыс тілін енгізуге себеп болған жай баяндалады. Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдардың өзінде-ақ қазақ тіліне деген немқұрайлылық орын алды. Тіпті, қазақ әдебиеті сабағының өзі орыс тілінде жүргізілді. Осындай себептерге байланысты М.Әуезов институттың соңғы курсында жүрсе де қазақ бөлімінің төменгі негізгі және даярлық курстарына дәріс береді. Институттың қазақ бөлімін ашуда дәріс беретін білікті мамандардың жоғы үлкен қиындық тудырады [7].

«Қазақ қызметкерлерінің міндеті» атты мақаласы «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 14-қаңтарындағы 115 санында жарияланған. Бұл мақаласында оқыған азаматтарды белсене іске жұмысуға шақырады. Олардың мақсаты: «елді мәдениетке жеткізіп, оқу-ағарту, өнер-білім таратып, құралдандыру, дүниенің халін көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп, ішінен жетілдіру», - деп ұғады. Бұл міндеттерді мойнына алмаған қызметкерлер қазақ азаматы емес, ел қамын ойламайды деген тұжырымға келеді [8]. Автор алдымен қазақ халқы аса маңызды Автономияны қашан аламыз? Теңдігіміз қашан тиеді? Ел қатарына қашан кіреміз? сынды ірі де сүбелі мәселелерді көтере келе, соларға қол жеткізудің жолдарын қарастырады. Оқу жұмысының қолға алынбай жатқандығын, не қалада, не қырда мектеп үйі жоқтығын, қазақ жігіттерінің қол өнерді үйренуінің жолға койылмағандығын айтып, «Бүгінгі зор міндет» мақаласында ұсынған шараларының орындалмай отырғанына күйінеді. Ілгеріректе айтылған ойларын әрі қарай өрбітеді. Осы мақалада Әуезов баспасөз туралы да сыни пікір айтады: «Кіндік үкіметтің тілі болып отырған газеттерді алсақ, олардың бетінен жартымды хабар алуға болмайды. Жазылған сөздің көбі түпсіз терең мәселеге арналады. Бүгінгі күнде үнемі жоқ, ұзақ қиял, шұбатылған жобаға арналады. Кіндік үкіметтің ішінен күткен хабарын ала алмаған кісілер аздан соң оқуға да көңілсіз тартады. Терең пікір, ұзақ сөздердің орны бар, егер сонымен қатар іс істеліп отырса. Әйтпесе, «мын сіз-бізбен бір шыж-быж  деушілерге айтар дауымыз да қалмайды». Сонымен қатар, мақаланың соңын былай қорытады: «Мінекей, осы сөздерді айтып келгендегі менің ойымдағы пікірім: Қазіргі уақыттағы барлық күшті де, уакытты да, сөзді де бүгінгі күнге өнетін оқу жұмысына, шаруа жұмысына салу керек. Түбінде қазақ жұртының басынан әлденеше өзгерістер өтер. Бірақ іс басында жүрген азаматтардың, сол замандардан белгі болып қалмауы ұят. Қолдан іс келетін заманда елдің бір тілегін орындай алмауы - ұят іс. Істейтін уақытты сөзбен өткізсек, қараңғы елдің алдындағы міндетімізді сөз деп ұққанымыз, одан басқа жауапқа орын да қалмайды». Бұл жылдары жазған мақалаларынан сезілетін жай М.Әуезов жаңа орнаған Кеңес үкіметі қызметтерінде жүріп-ақ, қазақ үшін пайдалы қызмет атқаруға болады деген бағыт ұстанған. Сол ойын басқа оқығандарға да жеткізуге тырысады. Әрбір публицистік шығармасынан - ақыл-кеңес сұраған халыққа жанашыр, ұлт қамын ойлаған адал азамат бейнесін көргендей боласыз.

Мұхтар Әуезов «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» атты мақаласында «Халық әдебиеті туралы» атты мақаласындағы пікірін толықтыра түседі. Семей губаткомының газеті «Қазак тілін» 1925 жылғы сәуірдегі кырықыншы санындағы бұл мақаласы соңында автор аты-жөнін жазбай Кирпедтехникум деп жазған екен [9]. Мақаланы кирилл әріпіне түсіріп, баспаға қайта жариялаған ғалым Қ.Мұхамедханов «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» деген мақаланы 1965 жылы оқып, танысқан едім. Сонда осы мақаланы жазған адам Мұхтар Әуезов екендігіне ешбір күмәнім болған жоқ» деп, Әуезовтің жазу стилін танып, оның 1925 жылы Кирпедтехникумда қызмет етіп, әдебиет үлгілерін жинаумен айналысқан тарихи негізді басшылыққа алады. Әуезов «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» атты мақаласында: Шаң басып жатқан ескілікті жинап, басын құрып, көпшіліктің мүлкі қылып беру, жалғыз ғана әдебиетті сүйетін қазақ оқушысына ой, сезім азығын беру болса, одан кейінгі зор пайдасы қазақ тілінің қалыптасып, нығайып, өзіне біткен көркі мен күшін жинау үшін керек деп, әдебиет үлгілерін жинаудың маңыздылығын айтады [5].

Бұл іс бір-ақ беттегі адамдардың міндеті емес, оқи біліп, жаза білген бар қазақ баласының міндеті. Бұл жолда ең алдыңғы тілекті ел ішінде ескі сөзді білетін кәрі кұлақтарға айтамыз дей келе, Кирпедтехникумның 100 шәкіртіне ауыз әдебиеті үлгілерін жинау жөніндегі нұсқау берілгенінен құлағдар еткен. Ел ішінде кең тарап, көп айтылатын батырлар жыры, ақындар айтысы, шешендік сөздер, тарихи өлеңдер, әр рудың шежіресі, хандық дәуірді белгілейтін әңгімелерді, яғни әдеби-тарихи маңызы бар ұлттық құндылықтарды жинауды ұсынады. Жазушы мұндай ұсыныс-пікір жариялап, құрғақ сөзбен ғана шектелмейді, іргелі істің басы-қасында жүріп, ауыл арасында жиналған үлгілерді сұрыптай, таңдай отыра араға ұзақ уақыт салмай «Әдебиет тарихы» атты көлемді де құнды еңбек жазады [10].

Жазушы өзіндік ой түйіндеулерін, пікір, көзқарас, кеңестерін «Халық әдебиеті туралы» (1924), «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (1922), «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» (1925) сынды мақалаларында білдіріп, өзі редакдиясында қызмет еткен. «Таң» журналында ел арасынан жиналған ертегі, аңыздар жөнінде, ескілікте тарихта болып, аты аңызға айналып кеткен ұлттық батырлар, сал-серілер, бақсылар, ақын-жыраулар жөніндегі құнды деректерді жариялап отырды. Бұл жүйелі зерттеуі, фольклорлық нұсқауларды жинаудағы ерен еңбегі «Әдебиет тарихы» (1927) атты еңбегінде тұжырымдалды [11]. Әдебиет ескілігін жинаушыларға» - деген атпен жарияланған мақаланың астына Семей техникумы - деп қол қойылған. М. Әуезовтің сыпайы мінез білдіріп әрбір кісінің пікірі болмасын деп әдейі Семей техникумы атынан жариялаған. М. Әуезовтің бұл еңбегі бүгін Тәуелсіз Қазақстан болған кезімізде өз ұлттық әдебиет, тарихи мұраларымызды түгендеу үшін өте маңызды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздегі мұра ескіліктерін жинауға ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан М. Әуезовтің «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» мақаласы бүгін де үлкен құнды маңызға ие. Ол фольклор саласында ұшан-теңіз еңбек етті, қазақ фольклористикасы ғылымының нығайып, бекуіне орасан зор үлес қосты. Әдебиетші-ғалым Ә. Молдаханов М.О. Әуезовтің ұзақ жылғы жемісті әдеби-ғылыми мұрасына зер салып, көңіл бөлетін болсақ, оның екі үлкен арнасы зерттеушілердің назарын ерекше аударады. Біріншісі - абайтанушылығы, екіншісі - фольклортанушылығы деуі ұлы тұлғаның фольклор саласындағы ерен еңбегін тиісінше бағалаудан туындаған. М. Әуезовтің ауыз әдебиеті үлгілерін жинап-бастыруы, толымды ғылыми зерттеу жүргізуі, қызғыштай қорып, қамқорлық жасауы - халық игілігі үшін жасалған ерен еңбегінің бір көрінісі. М. Әуезовтің ауыз әдебиеті саласындағы еңбегі баспасөз бетіндегі мақалалар мен «Әдебиет тарихы» атты еңбегімен шектелген жоқ.

Шарушылыққа және заңға байланысты жазылған мақалаларына тоқталсақ, «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 18-ақпанындағы нөмірінде жарық көрген «Егінге дайындалыңдар» мақаласы - оның экономикалық тақырыпқа да қалам тербегендігін айғақтайды. Көтеретін мәселелеріне қарай, шақырар үндеу, айтар ойына қарай шығарма жанрлық жағынан проблемалық бас мақалаға келіңкірейді. Өйткені мұнда сол кезде «ел алдында тұрған елеулі міндетті қалай шешу керек?», «Ол үшін не істеу керек?» деген секілді сауалдарға нақты жауап та беріледі [5]. Бас мақаланың бастауындағы: «Қазіргі күнде егін саламын деген елдер кез-келген жерден тұқымдық астық, соқа-сайман таба алмайтындықтан, һәм ендігі егін салушылар үкімет көмегінсіз іс істей алмайтындықтан, Семейдің губерниялық жер бөлімінде келесі жаздың шаруасына істеліп жатқан қамдарын барлық оқушыға да һәм егінші елдерге де білдірмекшіміз», - деген жолдардан-ақ автор не жайында сөз болатындығы туралы бірден емеурін танытады. Бұдан әрі автор губерниялық жер бөлімінің қаулысымен, оның мазмұнымен таныстырады. Көрсетілген мәжеден артық егін салған елдерге «айрықша сый есебінде бұл, шай, ұн секілді нәрселер» көмек ретінде берілетіндігін айтып өтіп, көпшілікті материалдық тұрғыдан ынталандыра түседі. Сондай-ақ жер бөліміне келіп түскен тұқым мен соқа-сайманның көп бөлігі қазақ халқына берілетіндігін баса ескертіп айтады. Қазақ ұлтының өкілдеріне егіншілікке бой ұсынып, отырықшылыққа үйрену үшін қол қусырып бос отырмай, қаракетке көшу керектігіне назар аудартады. Егінге дайындалу хақындағы осындай мәселелерді қорғай отырып, Мұхаң жергілікті мекен-жайлардағы оқыған азаматтардың, қазақ бөлімі қызметкерлерінің алдына бірнеше міндеттер қояды. Ол міндеттер мыналар:

«Бірінші, егін турасындағы жол-жобамен түгел танысып посевкомдармен тізе косып іс қылу.

Екінші, ел-елге осының жайын ерте күннен құлақтандырып, тұқымды, соқаны қалайша алудың жөнін ұқтыру...

Үшінші, қай ел не нәрсе алды, соны біліп тұру...

Төртінші, қалаларда қызмет қылатын жігіттердің бәрі де осы жұмысқа жұмылып іс шығару.

Бесінші, егін жайындағы жұмыстардың реті қандай болып отыр, соны губерниялық қазақ бөліміне білдіріп отыру;

Алтыншы, газетке сөз жазатын жолдастардан сұрайтын өтінішіміз: әсіресе, осы айтылған егін жұмысы қай ретте болып отыр, қандай жақсылық, қандай кемшіліктері бар, соларды білдіріп отырсаңыздар екен.

Бұдан былай сондай хабарларға газет бетінен кең орын берілетін болады. Бүгінгі күнде біздің ең маңызды мәселе деп отырғанымыз - осы».

Міне, осы сөйлемдерден аңғаратын бір жайт - Мұхтар Омарханұлы губерниялық атқару комитетінің, губерниялық қазақ бөлімінің жұмыстарын белсене жүргізумен қатар, газет ісіне үлкен мән бере қараған. Баспасөздің ұйымдастырушылық функциясына ден қойған. Әрі іс жүзінде соны атқара да білген. Заң қызметкері ретінде М. Әуезов халықтың саяси сауатын ашу мақсатында заң, сот ісіне арналған бірер мақаласын жариялайды. Мәселен, 1921 жылдың 12-қаңтарында «Қазақ тілінің» 114 санында жарияланған «Сот» атты мақаласы, өкінішке орай, біздің қолымызға толық мәтінінде тиген жоқ, басы өткен 113 санында жарияланған екен. Газеттің ол саны сақталмаған. Мақаласында автор сот жүйесінің негізін, міндетін, мінезін түсіндіруді мақсат етеді [12]. Әуезовтің «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 5-ақпан күні жариялаған «Жалпы жарлық» атты мақаласында да тікелей заң саласына қатысты мәселе көтерілген [13]. Мақалада қазақ съезінің қаулысын әзірге қолданбай тұра тұру сұралады. Семей губерниясы 1921 жылдың жазына дейін Сібір ревкомының қарамағында болғандықтан, қазақтың кіндік өкіметі орналасқан Орынбор қаулы бұйрықтарының орындалуына шектеу қойылған еді. «Бұдан кейін қалың мал турасында ол қаулыны қолданбау керек. Әзірге қолдануға ерте, ал закон болса заң комиссариатының шығуы керек» деп, оның ресми түрде күшіне енбегенін де ескертеді. М. Әуезов «Қазақ тілі» газетінде жарияланған әр мақаласы саяси-коғамдық өмірдің шынайы көрінісі. Оның «Қазақ бөлімдері туралы» атты мақаласында қазақтың сарыла күткен көп арманының бірінің орындалуы жайында айтылады [14].

Қазақ автономиясының дүниеге келуімен қазақ бөлімдерінің ашылып жатқанын айтып, ол бөлімдердің міндетіне, атқаратын қызметіне тоқталады. 1919 жылдың желтоқсанында қазақтар ісімен айналысатьш бұратаналық бөлімше кейіннен жылдың маусымында қырғыз бөлімі болып өзгертілген еді [15]. Арыз арқалап жұмысын айта барған қазақтың сөзін ұқтыра алмай аңырып жүрген қазақтың жайын баяндай келе, енді қазақ бөлімінің іске араласуынан бұл кемшіліктердің түзелетініне шек келтірмейді.

Семей губерниясы Сібірдің құрамынан ажырағаннан кейін ғана мүддесі үшін біршама істер жүргізіле бастады. Жалпы мақалада қазақтың мақсат-мүддесін қорғап, оған пайда келтірер іс жүргізуші бөлімнің қызметі жайында егжей-тегжейлі баяндалады. Басқару орындарда кілең орыстардың отырып, қазақты шеткері ысығаны: «... біз жоғарыда айттық, осы күні солардың басында отырған орыс деп. Олардың қазақ жұртына қызмет қыламын деуіне мүмкін емес. Бірен-саранының қызмет қыламын деген көңілі боп қалса да, қолдарынан еш нәрсе келмейді» деген жолдардан аңғарылады. Бұл бүкпесіз шындық. Оңды-солды заң шығарып, қазактың жерінде отырып, сол қазақты көзге ілмеу Кеңес билігінін алғашқы жылдарының өзінде-ақ көрініс берген. Автор бұл бөлімдерді халыққа таныстырумен қатар, қазақ бөлімдерінің алдындағы ендігі міндеті мен арыз арқалап қалаға келген қыр қазағының міндетін де көрсетіп берді.

Әлеуметтік тақырыптағы мақалаларына келер болсақ, Кеңес үкіметінің жергілікті орындарда жүргізіп отырған күнделікті іс-шараларын халыққа мәлім етіп, еңбекшілерді белсене іске кірісуге шақыру мақсатында жазылған сондай шығармалардың бірі - «Қазақстан елшілерінің хабары» 1924 жылы «Қазақ тілі » газетінде жарияланды. Бұл туынды - жанырлықжағынан корреспонденцияға келеді. «Баспахананың жұмысы уақытша тоқтап қалғандықтан, газетіміз мезгілінде шыға алмай, елшілер хабарының көбі кешеңдеп қалды. Құлағын түріп отырған елдің көбі күнбе-күн күтіп отырған хабарларының көбін қызу үстінде есіте алмай, дағдарып қалды. Сондықтан хабарлардың қызулы кезі өтіңкіресе де, ел құлағына естілуі қажет болған хабарларды қорытып жазбақшымыз», - деген шығарма бастауынан-ақ оның корреспонденция екендігі көрініп тұр.

«Корреспонденция негізінде бір немесе әлденеше фактілер тобы жатады, ол жазылып отырған оқиғалар мен құбылыстарға қорытынды жасап, баға береді немесе «Корреспонденция хабарлау сарынынан гөрі, фактіні талдау, оны баяндау, одан бір белгілі қорытынды жасау басым келеді... Ол оқиғаны, я фактіні хабарлаудан гөрі мәселе көтеруді. ... жақсы істі бұқараға кең таратуды негізгі мақсат етеді... Корреспондендия талдау мен жинақтаудың негізінде жазылады», - деген теориялық айқындамалар жоғарыдағы тұжырымдарымыздың дұрыстығын айғақтайды.

Корреспонденциядағы: «Семей облысы екі шегіне уақытша Бұқтарма уезін қосып, түгелімен Қазақстанға қосылатын болады.

Ақмола облысындағы даулы жер - Омбы уезінің шегі, оның кесігін Мәскеу айтады, одан басқа уездер түгелімен Қазақстанға қарайды. губерниялық кіндігі - Қызылжар болады дейді» - осы сияқты жекелеген фактілердің басы қосылып, жинақталады. Сол арқылы автор тарапынан Қазақстан шекарасы туралы ауқымды мәселелер қозғалады. Қазақ елінің бостандығы жайлы ойлар да аракідік бой көрсетеді. Сөйтіп, «Қазақ тілі» газетінің беттерінде жарияланған публицистикалық шығармалары - Мұхтар Әуезов ой-өрісінің өсіп, қоғамдық-саяси көзқарасы көкжиегінің кеңейе түскендігін көрсететін туындылар екендігіне ешкім шүбә келтірмесе керек.

 «Қазақ тілі» газетінде Мадияр деген автордың (бұл Міржақып Дулатовтың бүркеніш аты) «Қазақ елі қорлықта» деген мақаласында өкімет адамдарының жөн-жосықсыз сабыр іс-әрекеттері сөз болып, «Қазаққа барар жер, басар таудың қайда екенін білмедік» деп мұң шаққан екен. Сол кездің өзінде М. Әуезов газеттің 1922 жылы 14-қазанда шыққан №83 санында «Мадиярға жауап» деген мақала жариялап, онда: «Өкімет жұмысын реттеу деген бір күн, яки бір ай ішінде бола қоятын емес, «көш жүре түзеледі», - деген. Ел аралап жүргендегі бірлі-жарым бұзақылықтарды көріп, бүтін қазақ елін қорлық-зорлықта деп жылай беруге болмайды. Осындай бұзақылықтың қайтсе қойылатын шарасын табу керек» - дей келіп, одан әрі өкімет атынан: «...Мұңыңды шақпа, қимылдама деп отырған үкіметтің жоқ екеніне, қазаққа жаны ашығансыған пысықтардың кім екеніне, көз жіберіп, қолыңдағы заң-құқығыңды - правоңды кім де болса аямай, қорғанбай іске асыру керек», - деп ел арасындағы бірлі-жарым бұзақылықтардан құтылудың шарасын ұсынып, оған кімнің болса да ат салысуы керек екенін айтады. Ал, бұл жай Әуезовтің сол кездегі қоғамдық көзқарас, бағытынан дұрыс мағлұмат берері сөзсіз. Бірақ әлі беті қайтып, тауы шағылмаған жас қайраткердің бұл сенімі, үміті ұзаққа созылмады. Жаңа өкіметтің өктем саясаты күннен-күнге үдеп, ұлғая түсті. Сондықтан да дәл сол жылы қараша айының соңына қарай М. Әуезов қолындағы билік, мансап қызметтерін өз еркімен қалдырып, сол кездегі Түркістан Республикасының астанасы Ташкент қаласына кетеді. Сол үшін жазушыны: «...партиялық тәртіпті бұзғаны және ұлтшылдығы үшін» - деп кінәлап, партия қатарынан шығарып жібереді. Бұл жөнінде ол кейінгі жазған өмірбаянында және қамауда отырып тергеушілерге берген жауаптары мен жазбаша мәліметтерінде айтқан болатын: «Жасыратыны жоқ, барша қабілетінімді жазушы болуға арналу керек деп жас күнімнен армандадым, алғашқы пьесаларымның қуанышым сол арманды қанаттандыра түсті. Партия қатарынан кеткеннен бастап саясатқа мүлдем селқос болдым, сол 1923-1924 жылдардан бастап-ақ саясатпен айналыспауға бел будым... Былайғы өмірімді әдебиетке, педагогтік, ғылымдық жолға арнағанды ақыл көрдім. Бұл жолы қызықтырып әкеткені ғажайып, өзгедей қызық бар деп ойламадым» - деп жазған екен.

Көлемді де кесек туындылар жазған жазушы стильдік-композициялық, формалық, тілдік шеберлігінің бастауы да - шығармашылық жолының алғашкы кезеңінде жазылған публицистикалық шығармаларында жатқандығына көз жеткіздік. Талай жылдар бойы жинап-терген еңбектерінің барлығын ұрпаққа мұра қылып қалдырған М.Әуезовтің еңбегі ешқашан өшпес, өлмек емес.

Д.Е. Оспанова, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Астана: Күлтегін, 2002. – Б. 206-528

1  Сүйіншәлиев X. Мұхтар Омарханұлы Әуезов. – Алматы: 1960. – Б. 22-32

2  Сыздықов К. Мұхтартанудың беймәлім беттері. – Алматы: Қазақстан, 1997. – Б. 16-224

3  Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 1 том. –Алматы: Ғылым, 1997. – Б. 152-472

4  Сыздықов К. Мұхтар Әуезов - әдебиет сыншысы. – Алматы: Ғылым, 1973. – Б. 56-143

5  М.О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі. – Алматы: Ғылым, 1997. – Б. 349-768

6  Сұлтанбеков М. Жас Мұхтар Семейде. // Семей таңы – 2007. – № 25. – Б. 3-7

7  Молдаханов Ә. Мұхтар Әуезов - фольклортанушы. – Алматы: Ғылым, 1997. – Б. 425-430

8  Мұхамедияров М. М.Әуезов – әдебиетші, тарих ескілігін жинаушы. – Әуезов оқулары: Семей, 2004. – Б. 288-29

9  Дүйсенбаев Ы. Мұхтар Әуезов. – Алматы: Ғылым, 1974. – Б. 181-219

10  Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – Б. 147-240

11  Мұқажанова Р. М. Әуезов өмірінің Семей кезеңі. – Семей: 2002. – Б. 14-112

12  Әуезов М. Шығармаларының елу томдық жинағы. – 2-том. Алматы: Ғылым, 1998. – Б. 428-432

13  Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – 15-том. Алматы: Жазушы, 1984. – Б. 324-328

14  Әуезов М. Таңдамалы: Қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми еңбектер. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1997. – Б. 408-512

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?