Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күдеріқожаның саяси қайраткерлігі мен шешендік сөздері

2545
Қазақтың ел билеу дәстүрінде шешен, ақылды билер, хандар мен сұлтандар, болыстар мен ауылнайларға кеңесші әділ қазылық және дипломатиялық қызметтерді атқарып келген.

04.02.15

Ел мен ел, халық пен халық, ұлт пен ұлт, мемлекет пен мемлекет арасында болған дау-жанжал, соғыс мәселелерін тіл шешендігі, ақыл зеректегі, жүйрік, ақындығы, терең заңгерлігі және білімділік қабілеттері арқылы ел тыныштығын сақтап, мәмілеге келтіріп отырған. Ондай билер төрт түрлі дәрежеде болған: ханның биі, ағасұлтан биі, болыстың биі, ауылнайдың биі деген сияқты. Қазақтың осыншама кең байтақ жерге ие болып отыруы тек қана хандар мен, аға сұлтандардың және батырлардың күші емес, мұнда, ақылды билердің де орасан үлесі бар.

Күдеріқожа Көшекұлы өзі өмір сүрген қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамаған саяси қайраткер, ақын. Оның Абылай ханның Қалмақты аударғандағы өлеңмен айтылған тоқтау сөздері, атақты Хан Кенеге кеңесші бола жүріп, қырғыздарға шабуылына үзілді-кесілді қарсы болғаны жайлы деректерді айтуға болады. Ақын тоқтау сөзді шешен сөздерімен жеткізген. Түбі бір туыс елге соғыс ашуын хош көрмеген. Күдері бабамыздың бұл әрекеті түбі бір қазіргі Ресей мен Украинаның арасындағы қантөгістің дұрыс еместігіне айтылған тоқтау сөз сияқты.
«Есім ханның ескі жолы» мен «Қасым ханның қасқа жолын», шариғат заңдылықтарын жақсы білген Күдеріге әскерлерге мұсылман шарттарын үйрету жүктелген.
Қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы — шешендік сөздер. Шешендік сөздер — елге белгілі адамдардың қайсыбір оқиғаға байланысты айтқан тапқыр сөздері. Ол сөздер мәйекті, өткір, көңілге қонымды болғандықтан елге тез тарап, ауыздан-ауызға көшіп сақталып отырған. Шешендік сөздер әдетте екі адамның бір талас мәселені шешудегі сөз жарысында туып, елге жайылып кеткен. Ондай дауды қазақ тұрмысында, негізінен, билер шешіп отырған. Сондықтан да шешендік сөзерді айтушылар көбінде билер, шешендер болып келеді. Шешендік сөздер адамды жақсы мінездерге баулиды, бірлікке, татулыққа, үлкен-кішіні сыйлауға шақырады.
Күдеріқожа Көшекұлының шығармашылығынан да шешендік сөздердің барлық түрін кездестіруге болады. Шешендік өнер — ақынға атасынан дарыған секілді. Мысалы, Күдерінің атасы — Қылыш аса зерек танымпаз, малды өрісінде, құлынды желісінде, баланы жас кезінде танып, сын айтатын дәл болжампаз, ақылды шешен, бидің дүрі болған адам екен. Ол кісіден қалған мынандай бала сыны нақылдар бар:
«Қошқар болар қозының,
Маңдай жағы дөң келер.
Көсем болар баланың,
Сөзі мен ісі жөн келер.
Шешен болар баланың,
Ақыл мен тілі тең келер.
Кісі болар баланың,
Алды мен арты тең келер.
Дүние табар, мал табар,
Алуан — алуан өзгелер.
Адам болып ер жетсе,
Кім екенін көз көрер.
Жақсы менен жаманын,
Бақыт пен дәулет теңгерер, —
деген [1,152б].
Күдерінің он беске жаңа толған кезі екен. Бір күні атын суарайын деп көлге келсе, көл сыртындағы шабындықта бес-алты адам төбелесіп жатыр екен. Барып айқайлап зорға айырады. Сосын не үшін төбелесіп жатқандарын сұрайды. Олар: «Шабындық жерге», — деп жауап береді. Бәрі-де ұлғайып қалған адамдар екен. Сонда бозбала Күдері былай деп аралық билігін айтқан екен:
Өзімнің атым Күдері,
Ер Көшектің баласы.
Талассаң бағың кетеді,
Таласпасаңдар не етеді?
Бірлік қылсаң ағалар,
Анау тұрған шабындық,
Баршаңызға жетеді.
Дүние, шіркін, жалған ғой,
Бастарыңнан әлі-ақ өтеді,- [2,8б]
депті.
Сонда әлгі ересек адамдар баладан ұялып: «Балам, сөзің жөн екен»,- деп тарасқан екен. Бұл әңгімені әлгі адамдар өзді-өзі таңырқасып, елге таратыпты. Әкесі Көшек естіп: — «Балам, басың пісіп, таңдайың түсіп қалған екен. Бірақ, билік айтуға білім керек. Әлі-де оқуыңды жалғастыр. Билікті шариғат жолымен-де, қазақтың ізгілік жолымен-де шешіп, бітім айтуды меңгер», — деп, оқуын бітіртіп, ел билігіне араластырған.
Күдері жиырма төрт жасқа келгенше, қазақтың құрметті, сыйлы биіне айналыпты. Сондықтан 1844 жылы Күдеріге қызыққан Қарағандыдағы Орта жүз Арғын, Найман руларының белгілі, ақсақалдары, байлары мен билері Күдеріге арнап үй бастырып, ақ отау тігіп, Қарқаралыдан қыстайтын үй дайындап: «Біздің елде-де бір үйіңіз болсын. Елімізге сіздей қожа керек, таңдаған қызыңызды алыңыз»,- деп көшіріп алған. 1844 жылдан 1858 жылға дейін Орта жүз Арқаның алты дуанын аралап, билік айтумен болыпты. Күдерінің көп сөздері Арқада қалды. Күдерінің мұраларын ұрпақтары әлі іздестіру үстінде.
Күдері, ақынның орынды билік айтқаны Құнанбайды, аға сұлтандыққа сайлаған кезінде болған. Бұның өзі, ақынның қайраткерлігін, саяси көзі ашықтығын көрсетеді. Мына оқиға соның дәлелі болмақ. 1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы, аға сұлтандыққа сайланардағы сайлау жиынында Күдері-де құрметті бидің бірі болып қатысқан. Аға сұлтанды сайлауға келген Орта жүз билері қым-қиғыш сөз алысып, Құнанбайды сайлау-сайламасы екіталай дауға түсіпті. Сонда Күдері Орта жүздің барлық билеріне арнап былай деп басалқы айтқан көрінеді:
Атаңнан артық тусаң ту ұстарсың,
Ез болсаң тезегіңді уыстарсың.
Біріңді-бірің түртіп не қыласың,
Түбің бір исі қазақ туысқансың.

Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе?
Көнеден арнасы бар із емес пе?
Қарадан хан болса да реті бар,
Салмаңдар қыл кеңірдек, қыл өңешке.
Сәукеш су, аға берер жүйесімен,
Жарасар кештің сәні түйесімен.
Кімің бар Құнанбайдан озып туған?
Айырма елді нағыз иесінен.

Арғымак қанша шапса арымаған,
Қиыннан жол табады дарын адам.
Сыртынан алтын-сары, мыс та-сары
Жақсыны жарым жандық танымаған, [3,362б] —
деп өлеңдетіп келіп әрі қарай:
Тұз болмаса, ет бұзылады,
Дін болмаса, ниет бұзылады.
Ел — ермен көркем,
Жер — көгімен көркем.

Ақылы асқанды хан тұтын,
Білімі асқанды пір тұтын.

Жақсыңды қадірле,
Жаманыңды тәрбиеле,қазағым.

Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,
Соқпақ көргенді жек, —
дей келе: «Әңгімені төлдете бермей, төрелі сөздің түйініне келіңдер», — деп кесіпті. Сонда Орта жүздің билері су сепкендей тиылыпты. Барлығы Күдері қожаның сөзіне бәтуә қылып, Құнанбай, аға сұлтандыққа сайланған. Бұл жердегі, ақыл-өсиет ретінде айтылған сөздер қазіргі кезде мақал-мәтелге айналып, халықтық қолданысқа ие болып жүр.
Сонда 48 жастағы Құнанбайға Күдері қожа төмендегіше бата беріпті:
Баянды мінер тайың құтты болсын,
Денсаулық әрқашанда мықты болсын.
Бақытың абыроймен өрлей берсін,
Қайғысыз дәулет-дәмің тұщы болсын.

Әділ бол, халқың іштен қас болмасын,
Алауыз, ағайының жат болмасын.
Жаратқан барлығыңа бірлік берсін,
Нәһандай өрге сүйре елдің басын.

Аман-сау тату болсын жамағатың,
Алланың таза сақта аманатын.
Жоғалтпа мұсылманның бес парызын,
Шықпасын алты алашқа жаман атың.

Жігіттің кісілігі — уәде, сенім,
Адамға ғайып — бесеу, екеу — өлім.
Сенімін ел халқыңның адал, ақта,
Мінекей сізге сенеді қаншама елің.

Ноқтасын үзеді ел дін болмаса,
Бұлбұл да сайрамайды гүл болмаса.
Орта жүз сусындасын Исламнан,
Кең мешіт салдырарсың тым болмаса — [4,152б].
Осы уақытта Күдері қожа 32 жаста, Құнанбайдан 16 жас кіші екен. Сөйткен Құнанбай қазақтан шыққан хан дәрежесіндегі, аға сұлтан болады. Қарқаралыда Орта жүз — Бекарыс ұрпағына арнап үлкен мешіт салдырған.
Дін иелері, қожа-молдалар қазақ арасына ислам дінін үгіттеп жаю үшін поэзияны, соның ішінде айтыс өлеңдерін пайдаланған. Олар көпшілікке түсінікті, ақындық тілмен діни әңгіме-үгіттерді таратқан.
Абылайдың тұсында құнға бітім айтып, билік жасаған Күлік Шолабай баласы Жәңке батыр би екен. Бұл кісінің құнға қылған кесімі: Қара құн — жүз жылқы, он екі жақсы; сүйек құны — елу жылқы, алты жақсы; өнер құны — тоқал құн, тоғыз жақсы. Бұл үш құн еркекте Көтеш, ақынға, әйелде Ұлбикеге алынған [5,217б.]. Ұлбике қайтыс болғанда дінді, құранды, ислам қағидаларын жетік білген Күдері қожа Көшекұлының құнын шығаруы оның діни-саяси қайраткерлігін дәлелдейді.

1.3 Күдеріқожа Көшекұлының жыр-толғаулары

Орта ғасырларда түркі, ақындары бүкіл өмірін күрес үстінде өткізіп, үлкен даңққа бөленген. Өз тұсындағы әміршілердің ешқайсысының да шашбауын көтермейді, тұраншылдығынан танбайды. Жыраулардың туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен, кезегінен орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпімді қуаттылығымен ерекшеленеді. Жыраулардың ғасырлар көгінен өтіп, бізздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы — түз адамының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын, аңғарылады.
Жыраулар көне түркі және ерте ортағасырлардағы қазақ поэзиясының дәстүрін жалғастырушылар болып табылады. Олар поэзиялық жырларды суырып салма түрінде шығарып, көп жылдар бойы сол шығармалар ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетті.
Жырау деген сөздің өзі «жыр» дегеннен шыққан, өлеңші, жыршы деген мағынаны білдіреді. Сол кездегі көптеген жыраулар тек қана өлеңші, жыршы емес, сонымен қатар олар тайпалардың көсемдері, жауынгерлердің жетекшісі, батыр болған. Жыраулардың кейбіреулері түс жорамалдай білген, ырымдарды, сонымен қатар табиғаттың құбылыстарын түсіндіре білген. Солардың бірі және бірегейі — Күдеріқожа Көшекұлы.
Жыраулық дәстүрдің негізгі жанры — толғау. Ол — ой толғамы, философиялық поэзия — маңызды қоғамдық мәселелерді қозғайтын, өмір мен табиғат құбылыстарынан түсінік беретін жыршы-жыраулардың сүйікті жанры. Олардың арнау өлеңдер, сыңсу, сырласу өлеңдері болған.
Жыраулардың шығармашылығында аса маңызды орын алған поэзиялық жанр — арнау-өлең. Ол белгілі әміршіге арналып, оның қылығын мадақтап, я болмаса әшкерелеген. Ондай өлеңдерде жыраулар әміршілерге тілек бідіріп, кеңес бере алған. Жыраулар халықтан өздерін бөлмеген, сондықтан олар өздері туралы айтқанда халықтың атынан сөйлеген. Олардың поэзиясын ерлік поэзиясы деп айтуға болады [6, 284]. Олай болса, «Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» жыр-толғауында ерлік поэзиясы деп айтуымызға нақты негіз бар.
Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, тағы басқа түркі халықтарының сөз өнерінде кең тараған. Толғауды қырғыздар «санатна-сфятырлар», құмықтар «ойлу йырлар», башқұрттар «қобайыр» деп атаса, ноғай, құмық әдебиеттерінде ерлік жыры мағынасында қолданылады. Жанр ретінде ХІІІ-ХІV ғасырларда айрықша дамыған. Толғау тарихы жыраулық поэзиялық тікелей байланысты. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, Дулат, Махамбет, Базар тағы басқақын-жыраулар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен өр тұлғасын танытатын толғаулар туындатқан. Хандық дәуірде аса зор идеологиялық мәнге ие болған. Толғауда терең азаматтық әуен, ірі қоғамдық, әлеуметтік, саяси-философиялық тақырыптар дидактикалық үлгіде қамтылған. Алғаш толғаудың буын саны аралас келіп, кейін даму барысында біртіндеп тұрақталған. Толғау ауызша дамып, біздің заманымызға ауызша жетті. А.Байтұрсынов: «Әдебиет танытқышта» «Жалаң лебізбен айтылған сөзді ғана сөйлеу дейміз-де, көрнекі лебізбен айтылған сөзді толғау дейміз. Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқары ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы, ақын әуелі көңілінің күйін, мұң-мүддесін, зарын, күйініш-сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші, ішкергі ғаламында болған халдерді, нәрселерді тысқа шшығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі… Толғау (яки мұңды өлең) деп көңілдің неше түрлі күйін шертетін өлеңдер айтысы» [7, 423б]- дейді.
Ауыз әдебиеті зерттеушілерінің бірі профессор Х.Досмұхамедұлы толғау жайлы былайша пікірін білдіреді: «халық поэзиясының тағы бір соқталы түрі — зарзаман (скорбная песня) мен толғау. Бұл өөлеңде салт-сананың бұзылуы жырланады, халық өмірінің көне әдет-ғұрпы мен ескі салттарының құлдырауы, билер мен парақорлар, әкімдер туралы, тұрмыс-тіршіліктің нашарлануы, мал санының азаюы мен халықтың жұтауы, жайылым-қоныстың тартылуы, қоныс аударушыларға шұрайлы жерлердің кесіліп берілуі болады» [8,150б]- деп жазады.
Толғау — ауыз әдебиетінің жанры. Ол тарихи өлең-жырлардан бастау алады. Тарихи тақырып фольклорлық шығармалардан бастау алады. Қазақ халық поэзиясының бір саласы ретінде тарихи өлеңдер ХХ ғасырдың 20- жылдарынан кейін сөз болып, оған қатысты пайымдаулар жасала бастаған. Оның басты дәлелі А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926), М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиеті» (1928), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбектерінде ауыз әдебиетінің тектері мен түрлеріне қатысты, тарихи кезеңдер шындығын берудегі халық поэзиясының рухани күш-қуаты тұрғысында бағаланады. Осы еңбектердің көпшілігінде қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың арасына шек қойылмай бірлікте алынып, ой-пікірлер айтылады. [9,5б].
Енді Күдері, ақынның «Қарқаралы, Қазылық" толғауына талдау жасасақ. Күдері қожа өзінің кемеліне келіп, ел таныған, жер қадірін білген шағында «Қарқаралы, Қазылық" деген тамаша қонысты мекендеген Орта Жүз Найман елі ата-мекенінен ауа көшкенде, ақын елдің мұңын жыр етіп, қонысты қимай осы толғауды шығарады.
Толғауда, ақын «Кетейін деп кетпедім, Қалды-ау есіл жеріміз» — деп еріксіз көшкеніне күйзеледі. «Барар жері — Сыр, Қуаң деген жерлерге енді кетіп барамыз» — деп бет-алысы оңтүстік — қазіргі Қызылорда облысының территориясы екенін, аңғартады. Осы жәйттерге зер салсақ, Арқа елінің бұл қоныс аударуы белгілі бір қысымды кезеңде болғаны, аңғарылады. Шамамен жобаласақ, бұл еріксіз көшу Кенесарының Арқадан оңтүстікке — Кіші жүз еліне қарай жылысқан дүрбелеңі салдарынан жасалған 1840 жылдардағы оқиғаға орай келеді. Өйткені, Кенесарыға Орта жүз рулары түгел қосылмай, көпшілігі орыс патшалығына бой ұсынған Уәлихан — Шыңғыс қарамағында қалғаны белгілі. Сол себепті Кенесары біраз елді еріксіз елітіп, өзіне қол жинаған. Ол Арқада жеңіске жете алмайтынын көрген соң, оңтүстікке Алшын еліне қарай үдере көшкен. Міне, Күдеріқожа еріксіз қоныс аудару себебін ашық айтпаса да, бұл жағдай сол заман кезеңінде белгілі еді.
Ақынның бұл толғауы ХІХ ғасырда орыс патшалығы отарлау күшінің қазақ халқына тиген ауыр қысымынан ел басына түскен қиын зобалаңды, аңғартуы бойынша құнды болса, ал әдеби көркемдігі тұрғысынан ата-мекенінің табиғатын елжірей суреттеуі, сол қонысты халықтың қимай күйзеліс күйге түсуі шебер суреттеледі. Осындай мәнділігін таныған С.Сейфуллин мен М.Әуезов те бұл толғауды жоғары бағалап, кезінде өздерінің оқулық, хрестоматияларына енгізген.
Күдері қожа толғауларының осындай тарихи әрі әдеби мәнділігі бар деп бағаланады. Толғау соңында, ақын ата-қоныста қалып бара жатқан ата-баба аруағын қастерлеп, олардан демесін тілейді. Сонда:
Бұл барғаннан келмесем,
Өз еркімменнен жүрмесем,
Желеп-жебеп жүре көр,
Арқада қалған аруақ!, — [ 10,8б].
деп жалбарынады. Ата қонысы Сыр бойы болғанмен, саналы өмірін Арқада өткізген, ақын қазақтың қай жерін болсада жатсынбай, оның тұтастығына мезгегендей әсер қалдырады. Бұл қазіргі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың елді бірлікке, тұтастыққа бағыттап отырған саясатымен үндесіп жатқандай.
Қоштасу өлеңдері түрлерінің арасында жермен қоштасу тақырыбында айтылатын өлең-жырлардың тарихи сипаты бірінші орында тұрады. Әрідегі қазақ-қалмақ қатынасына байланысты пайда болған мұң-шер өлеңдерін былай қойғанда, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресей империясының отарлау саясатына қарсы наразылық ретінде айтылатын қазақтардың жермен қоштасу өлеңдері фольклор тарихында өте көп.
Күдері қожа бұл қоштасу өлеңінде бүкіл қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, көшпелі өміріне жайлы болған Қарқаралы тауын ел тұрмысымен астастыра суреттейді. Ақын елдің көшпелі салтындағы өмірімен қимай қоштасып кетіп бара жатқан күйін ішкі элегиялық сарынмен беріп, бүкіл халық атынан сөйлеу арқылы қимастық сезімін білдіреді. Бұл жермен, туған елмен қоштасу сарынындағы Күдері қожа өлеңінің бір ерекшелігі.
Халық поэзиясының дер кезінде хатқа түспеуінен көп қазыналар ұмытылып, кей үлгілерінің түрлі өңдеулерден өтіп отырғаны баршаға мәлім. Біздің зерттеу еңбегімізге арқау болып отырған Күдеріқожа Көшекұлының да біраз толғаулары мен дастандары да бізге жетпеген, жеткендері түрлі нұсқалармен беріліп жүр.
Енді келесі тарауымызда Күдері мен Ұлбике, ақынның айтыстарының сүйіспеншілік сезімге құрылғанын және айтыстың көркемдігіне тоқталып, сол туралы сөз етеміз.


2-тарау. Күдеріқожа Көшекұлы мен Ұлбике Жанкелдіқызының жұмбақ айтысы — сүйіспеншілік-сезім айнасы

Қыз бен жігіттің жұмбақ аралас айтысының негізіне жататын «Ұлбике мен Күдеріқожаның айтысы» осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыда дұрыс бағасын алмай келді. Академик В. В. Радловтың (1837–1918жж) «Түркі руларының әдеби нұсқалары» деген он томдық жинағының үшінші томына енген толық нұсқасы да сол қалпында бізге жеткен жоқ. Көп зерттеушілердің еңбектерінде, ақындық тапқырлық, басымдылық Ұлбикеге беріліп, ақындық өнердің ең жоғарғы шегіне жеткен бұл тума таланттардың айтысы жеңіп-жеңілу деген тұрғыда қарастырылды. Олардың арасындағы шынайы махаббат, бір-біріне ынтызарлық сүйіспеншілік сезімдері-де есепке алынбады.
Күдері:
Ұлбике деген, шіркін, аты қандай,
Бір өзі мың сұлуға татығандай.
Қызығы бұл тірліктің кімге керек,
Жарқ етіп ғашықтықтың оты жанбай!
Ұлбике:
Ешқашан өкініштен пенде өлмейді,
Ешбір жан сүйген жанға тең келмейді,
Тұтқасы қолдан шығып, сынып қалған,
Ақ сандық енді қайта жөнделмейді. [11,86б].
Жоғарыда айтылған пікірлер мен өлең жолдары біздің екінші тарауымызды аталмыш тақырыпты талдауға түрткі болды.

2.1 Жұмбақ айтыс, жанрлық және тақырыптық ерекшеліктері

Жұмбақ айтысы — айтыстардың ішінде ерекше орын алатын түрі. Жұмбақ айтысы — фольклорлық жанр. Ол — адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Жұмбақ айтысы халықтың өмір, табиғат құбылысын білсем деген арман-тілегінің елесі. Алуан өмір құбылыстарын түсіну, білу, білмегендерді соған жетектеу, әсіресе жастардың ой — санасын кеңейту тілегінен туады. Сондықтан ұсақ нәрселерден бастап жұмбақ етіп, қиынға көшу, өзінше сол ой — сананы өрістету, ойлауға дағдыландыруды мақсат етеді. Жұмбақтардың өзі сияқты, жұмбақ айтысы да ұйқасқа құрылады. «Жұмбағым жұтылды, ыққа қарап құтылды». Бұл — бастапқы қысқа түрі. Ал кілең өлеңмен келетін ұзақ түрлері — соңырақ туған әрі адам санасының марқайған кездегі түрі.
Фольклордан бастау алатын жұмбақ ежелгі дәуір әдебиеті нұсқаларында, жыраулар поэзиясында, тіпті қазіргі заман әдебиеті өкілдерінің, әсіресе, балалар әдебиеті авторларының шығармаларында жиі кездеседі. Халық жұмбақты адамдардың білім-деңгейін, парасатын, аңғартатын үлкен өнер деп есептеген.
Жұмбақ айтыста кез келген, ақын бел байлап айтысуға шыға алмайды. Бұл айтысқа түсу үшін, өз жанынан өлең шығара білу жеткіліксіз. Сонымен қатар, ақын өмірдің барлық саласынан хабары бар, білімді адам болуы керек. Жұмбақ айтыста жұмбақ берушінің не нәрсені жұмбақ етемін десе-де еркі бар. Өмірдің әр құбылысын алып, бейнелеу түрінде жұмбақ ете береді. Оны шешу үшін айтушының не нәрсені жұмбақ етіп отырғанын болжай білуі керек. Сондықтан жұмбақпен айтысушылар өте сирек кездеседі.
Жұмбақталатын нәрсенің көпшілігі шындық өмірден алынады. Ақындардың таланты, дүниетану шеңберінің көлеміне қарай, айтқан жұмбағының мағынасы кейде тайыз, кейде терең боп отырады. Кейбір жұмбақтардың шешуіне қарағанда, жасырушының да, шешушінің де әр алуан құбылыстарды көп білетіндігі таңқалдырады.
Қазақ әдебиеті тарихында Сапарғали Бегалин мен Нұржан Наушабаевтың айтысы жұмбақ айтысының ең жақсы үлгісінің бірі саналады. Сапарғали жұмбақтап отырған затының жеке детальдарын жақсы білген-де, сол деректер арқылы затты жұмбақтаған. Жұмбақты айтушы Сапарғали да, оның шешушісі Нұржан да білгірлік танытқан, өнерлілік көрсеткен.
Нұржан:
Бұл сағым көріп көзбен, ұстауға жоқ,
Жаз күні шілдеде мал қыстауға жоқ.
Көшіп жүрген бір нәрсе мұнарланып,
Мекені еш орында нұсқауға жоқ.
Сапарғали:
Бір үй бар әйнегі жоқ және есігі,
Ішінде өрек етер бар нәсібі,
Болады бірде жанды, бірде жансыз,
Нақ көзге көрінерлік жоқ кәсібі. [12, 231б].
Мұндай тапқырлыққа құрылған жұмбақ айтыстары басқа да қазақ ақындарында көптеп кездеседі. Осы өнерде Күдеріқожа Көшекұлының өз қолтаңбасы бар.
Жұмбақ қара сөз түрінде-де, өлең түрінде-де, ақындық айтыс түрінде-де кездеседі. Сыр бойы, ақын-жырауларының шығармаларында жұмбақтың осы үш түрі-де бар. Күдері, ақында, тіпті жұмбақ айтысының үш түрінен басқа қайымдасу үлгісі-де кездеседі.
Жұмбақ өлеңнің құрылымы фольклорлық шығармаларда екі бөліктен болып келеді. Ақын шығармасында да осы сақталады. Бірінші бөлікте жұмбақтың байлауы, екінші бөлікте — жұмбақтың шешімі.
Күдері:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Ел тану ер жігіттің басты арманы.
Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында,
Тұсыма қыздар келді қос алқалы.

Мұндағы Күдері, ақынның «тұсыма қыздар келді қос алқалы» дегендегісі — өзінің дәрежесін биіктеткені. Жұмбақтың шешімін тапқан Күдері метафоралық тәсілді шебер қолданған.
Жұмбақ айтысының тақырыптары: табиғат құбылыстары, жер-су, жан-жануарлар, жәндіктер, адам өмірі, адам мүшелері, түрліше өлі заттар, тіршілік құралдары т.б. Ал мына айтыстың ерекшелігі құран сүрелері мен аяттары, шариғат жолдары жұмбақталады. Мысалы:
Ұлбике:
Сынақ оқу «әліф» пен «әбжадты»,
Мұрным «әліф» болғанда, қасым «мәт»-ті.
Көкірегім — кітап сөзі, тілім — Құран,
Мен сенен үйренбеймін шариғатты.
Күдері қожа әкесі Еркөшекке айтқан екен: «Осы қызды тоқтататұғын бір сөз тауып бер» — деп. Сонда әкесі: «Жиырма тоғыз әріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйғызып айт, екі әріпті (харіпті) қалдыр, соның қалғанын білсе, айтыспай-ақ қой! Оның өкпесіне өлең жазылған», — [13,118б] депті. Сонда Күдеріқожа өлеңнен «шын» мен «жим»-ды қалдырып, өлеңдетіп айтыпты:
Қожеке, өлең айттың, кітап аштың,
Жау қуды ма, асығып, неге састың?
«Шын» мен «жим»-ды қалдырып, қара басып,
Құранды аяғыңа қалай бастың?!
Көріп отырғанымыздай екі, ақын да бір-бірінен асып түсіп, діни сауаттылықтарын паш етеді. В. В. Радлов жазып алған нұсқасында Күдері қожа «Кәф пен Нұн» орнына күнді айтады:
Бар дейді жаратқанның көрген нұрын,
Нұрын көрген пейіштен алады орын.
Ұлбике, сен сұрасаң, мен айтайын,
Кеппенен күн жаратты ілкі бұрын.
Құранда және басқа діни әдебиеттерде Алла тағаланың әуелде нені жаратқаны туралы мәліметтер көп. Әлем, жын-перілер, жан-жануарлар, табиғат құбылыстары, нұр… — бұлардың әрқайсының жаратылу реті бар, Алла тағала бұларды белгілі бір ретпен, тәртіппен жаратқан. Ұлбике бұл саладан да діни сауатты, ақын. Жұмбақ айтыс — өмірдегі шынайы зат пен құбылысты, қоршаған ортаны танытудың құралы. Жоғарыдағы мысалдар осының дәлелі.
Күдері, ақынның жұмбақ айтыстары 10–11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған. Ол жеңіл әрі жарасымды әзілмен басталып, әлеуметтік таным-деңгейіне көтеріледі. Терең ой тастайды, оқушыны да ойландырады.
1940 жылы С.Аманжоловтың ел аузынан жинаған жұмбақтарды құрастырған кітабының алғысөзін жазған М.Әуезов жұмбақты халықпен бірге, сол халықтан шыққан, ақындардың көп пайдаланғанын айта келіп, «Жұмбақтың өзіндегі, ақындық, көбінесе, едәуір күшті, ақындық болады»,- [14,48б] дегенді айтады. Олай болса, жұмбақ айтыс өлеңін жазған Сыр, ақындарының бірі Күдеріні біз күшті, ақындар қатарына жатқызамыз, өйткені ол бірнеше жұмбақ айтысына қатысқан. Сонымен қатар Күдері, ақынның жұмбақ айтысында қайымдасу тәсілі-де бар. Мысалы, айтыс басталғанда «Сексеуіл құмға бітер басы алмалы, зинақор бір құдайды еске алмады», «Екі құзғын ұшқан жері — Еділ, Жайық, Алашта, ақын бар ма бізге лайық», «Әуелде жаратқанда жан жаратқан, дарияның түбінде мың жыл жатқан», «Қарағай, садақ, қырық кез оқ бар беліңде, сендей, ақын жоқ па екен өз еліңде» деген өлең жолдары екі, ақында алма-кезек қайталанады. Мұндай айтыс, көбінесе ел аузында айтылып жүрген жаттанды өлеңдерден құралып, айтыс үстінде оның мазмұны, тақырыбына қарай кейбір шумақтар немесе жолдар жаңадан шығарылып, ішінара ғана өзгеріп отырады. Қайымдасу әдетте жай басталғанымен, аяғы әлеуметтік мәселеге дейін барып, халыққа салмақты ой тастайды.
Күдеріқожа Көшекұлынан бізге жеткен әдеби мұраларының ең маңыздысы жоғарыда айтқан Ұлбике Жанкелдіқызымен (1825–1849жж) айтысы. Бұл жөнінде сөз асылын терген әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай дейді: «Бұрынғылар домбыра ұстап айтатұғыннан «Қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі, ақынның айтысқанын айтады екен.
Сонда «Қайым» өлеңінің ілкі басын Күдеріқожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі мақал, тақпақ…" [15, 83-87бб].

2.1 Ұлбике Жангелдіқызы — теңдесі жоқ ақын, жұмбақ айтысының дарабозы

Ұлбике Жанкелдіқызы 1825 жылы, қазіргі Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Жанкелді, анасы Жаңыл, ақын болған. 12 жасынан топқа түсіп, ақын, әнші, домбырашылығымен танылған. Ізтілеу, Серәлі қожа, Мәделі қожа, Таспа, ақындармен айтысқан. Ақынның, әсіресе Күдері қожамен айтысы ерекше бағаланады. М.Ж.Көпеевтің айтуынша, қайым айтысы Ұлбике мен Күдеріқожадан басталған.
Ұлбике, ақын өзінің өкінішті өміріне арнап көптеген өлеңдер жазған. «Алтын балдақ" әні сақталған. Ақын мұраларын М.Ж.Көпеев, Ә.Диваев зерттеген. Ұлбике мен Күдері қожа айтысын алғаш рет шығыстанушы ғалым 1870 жылы акедемик В. В. Радлов баспа бетіне жариялаған. Ұлбикенің ақындығын М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Жолдасбековтер және т.б. ғалымдар мен жазушылар терең зерттеп жоғары бағалады.
Қазақтың біртуар, ақын қызы Ұлбикенің айтысы ХІХ ғасырдың 70-жылдарында-ақ белгілі болып, ел ішіне кең тараған. «Ұлбикенің таңдайында өлеңнің ұясы бар», — деп халық аузында, аңыз боп айтылып жүрген ойға мән берсек, оның өлеңге құмарлығы 9 жасынан басталған. Сол заманда Таспа қожа, Мәделі қожа, Майлы қожа, Серәлі қожа, Жанкел сияқты сөзге дес бермейтін мықты, ақындардан басым түсіп, өзінің ақыл-пайымымен, сөз дәлдігі, ой жүйріктігімен жеңіп отырған. Осыдан-ақ біз Ұлбике, ақынның туа біткен дара талант иесі екенін байқаймыз. Сондықтан да Ұлбике Жанкелдіқызы ХІХ ғасырдағы ғана емес, жалпы қыздар арасында қазақ айтыс өнерінің ілкібасы және ең жарық жұлдыздардың бірі деуге оның шығармашылық таланты дәлел.
Ұлбике Жанкелдіқызы — қазақтың әйгілі, ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару. Ұлбикенің бойындағы туа біткен, ақындық дарынының ертерек ұшталуына әкесі Жанкелді мен анасы Жаңылдың ықпалы айрықша болған. Бұл жөнінде Ұлбикенің өзі былай дейді:
Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,
Тал бойыма жинақтап хаттап алғам.
Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,
Өлеңімді әніммен баптап алғам.

Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,
Бесігімде үйренгем мен өлеңді.
Балапандай кезінде қайран шешем,
Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді [16,325б].
Ұлбике 12–13 жасының өзінде-ақ айтар ойын ұрымтал өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздері төңірегін тәнті етіп, атақ-даңқы ауыл арасынан әріге жайыла бастайды. Әке шаңырағында бұла болып өскен қыз өз ортасындағы оқу-білімді игерген, көзі қарақты жан болғанға ұқсайды. Өзінің өлеңінде былай деуіне қарағанда, бойындағы, ақындық дарынды жазба мұралар арқылы да ұштаған болуы керек:
Әп тиектің ішінде «Пе» болады,
Қос, ноқат қойса үстіне «Те» болады.
Ұлбике оң солын танып, бой жете бастаған кезде Ошақтының Есмырза деген дуалы ауыз биі әулетін бастап, Әулиеата маңына көшіп келеді. Сол кезден бастап Ұлбикенің ақындығы айрықша қарқын алып, жұрт мойындаған көшелі, ақындармен айтыстың додасына түсе бастайды. Күдері қожа, Майлы қожа, Мәделі қожа, Таспа қожа, Серәлі қожа, Жанкел, ақын сияқты, сол кездің сөз ұстағандардың талайы Ұлбикемен айтыста тауы шағылып шығады. Ұлбикенің ақындық тегеурініне, тапқырлық-шалымына жан баласы шыдамайды.
Ұлбикенің алдына қара түсірмес дүлдүл, ақын екені, аңғарылып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың сөз өнерінде, ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы, ақын ретінде дараланады.
Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М.Ж.Көпеев, Ә.Диваев, В. В. Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған, ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», — деп жазады Ә.Диваев [17, 20б]. Ұлбикенің шығармаларын В. В. Радлов Петербург қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялады.
Ұлбикенің ғұмыры қызғалдақтай келте болған. Тәңірі шебер оны, ақындық өнерпаздығына қоса, хор қызындай көрікті етіп жаратқан. Оны, ақындар «аққудың жүнді үрі», «тілі шешен, жүзі көркем» деп өлеңге қосқан. Алайда «бір кем дүние» деген емес пе, Ұлбикенің күйеуі Бойтан өнердің парқын білмейтін ұр да жық, қызғаншақ адам болып кездескен. Ұлбике нағыз кемеліне келіп, ақын ретінде төңірегін тәнті ете бастаған шағында тентек күйеуінің қолынан мерт болған. Рухани сұлулығына сай келетін заманда өмір сүрмегендіктен, Ұлбикенің ішкі дүниесін түсіну заман сәйкессіздігі болатын. Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, оның Күдеріқожа Көшекұлымен айтысында зерделеп оқыған танымы мол оқушы бірден түсінетіндей жүрегінің қалауынсыз жанға қосылғандығы қыршынын қиып кетті.

2.3 Күдеріқожа мен Ұлбике айтысы — сүйіспеншілік-сезім айнасы, көркемдігі

Алғашқыда Ұлбике Күдерінің інісі, ақын Таспа қожамен айтысқан. Бір жақтан шаршап келе жатқан ол құдық басында атын суарайын деп астауға су құйса, аты үркіп суды ішпепті. Артында тұрған Ұлбикені байқамай, ашуға мінген Таспа атын қамшымен тартып-тартып жіберген екен. Сонда, ақын қыз:

Інісі Күдерінің Таспа қожа,
Атыңды неге ұрасың басқа қожа,
Ретсіз қамшыңды жұмсай берсең,
Боларсың нағыз кедей қасқа қожа, -[18, 101б].
деген екен
Осыдан Ұлбике мен Таспа қожаның айтысы басталады. Өзімен тіресуге лайықты сөзі-де, ойы да мағыналы, ақынмен айтысу Ұлбикенің өнерінің өрісін кеңейтіп, ажарын аша түседі. Ақын қыз Таспа қожамен айтысында осы биігінен түспейді, ақындық өнердің келіскен үлгісін көрсетеді. Қарсыластарының әдепсіздігіне оңайға тебіренбес тереңдігімен, жанының таза, сезімінің адалдығымен қарсы тұрып дағдыланған қыз аталған айтыста да дегдарлық танытқан.
Таспа мен Ұлбикенің айтысы Ұлбикенің бой жеткен кезінде өтіпті. Өзін айттырып қойған адамға наразы болып жүрген қыз көптен таныс жас, ақынның әдейі келгеніне іштей разы болып қалады. Екі-үш ауыз лебізін ән сазына бөлеп, өксікке толы өкінішті өмірін айтады. Таспа қожа ел салтынан асып кетпейді, оның болашақ күйеуінің арына тимей, оның тентек мінезін ғана еске салады. Сонда Ұлбике өзінің ақындық деңгейінің жоғарылығын, Мәделімен айтысқандығын алға тартады. Өзін биік санайды. Сонда Таспа қожа Ұлбикеге ел салтын қадірлеп, болашақ келін болып түсетін жеріне шын жүрегімен адал пейілін білдіріп, өзінің қожалығын да есіне салып, қыз тағдырының ауыр да, азапты әрі жауапты екенін айтады.
Ұлбике-де, ақыл-парасатымен, өнерімен қанша биік болса да қазақтың бұрыннан қызды кішкентайынан айттырып қою үрдісін мойындайды. Десе-де ол өзінің өскен, тәрбие алған отбасын да қия алмайтындығын өлең жолдарымен білдіреді. Таспа қожа Ұлбикенің болашақ жары Бойтанның бай болғанмен, ойсыз, содыр мінезді, әйтеуір екі аяқты «нұсқа» екенін алға тартып, Ұлбикеге қимастық сезімін жеткізеді.
Таспа қожа өзінің Ұлбикеге деген шынайы сезімін жеткізіп, тіпті ол кездері сирек кездесетін сүйген қызын алып қашу ерлігіне дейін баратындығын батыл айтқанымен, ол мүмкін емес еді. Тағдырға мойынсұнбайтын пенде жоқ. Ұлбике атастырған жігітті «бөлтірікке», өзін соның жемтігіне айналатын қауқарсыз «қозыға» теңегенмен, Таспа қожаға қосыла алмайтындығын жеткізеді.
Он сегіз жасар, ақын Таспа қожа мен Ұлбикенің айтысында сөз қақтығысы да, ой шамырқануы да, арман-сағыныш та, ынтық-ынтызар көңіл-де тұнық күйінде жыр болып өріледі. Жастық қайраты жалындаған Таспақожа қыз бақытын өзіне теліген сезімін білдіріп, Ұлбикенің жаралы көңілін аулап, шынайы ойын жеткізеді. Дегенмен, ақын жігіт әдептен озбай, өз қолын ұсынған. Ол сонда өзінің ақын, ағасы Күдерінің «Ұлбике, қыздан шыққан лашынсың, Бұл жерде сенен сөзді кім асырсын» деген ұшқыр ойынан құлай берілгенін-де, аңғаруға болады.
Ұлбикенің өз ортасынан қара үзіп шыққан, ақындық таланты мен терең білімділін танып, дұрыс, аңғарған, ақындар онымен айтысуға үлкен дайындықпен келмесе, ойда жоқта немесе сәті түскен шақта сөз жарыстыруға бата алмайтын болған. Мұны Еркөшекқожаның баласы Күдеріге айтқан кеңесінен-де байқауға болады. Ол баласына: «Балам, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұхараға барып, үш жыл оқып кел. Әйтпесе, онымен айтысуға жарамайсың" [19,84б].
Бұл Ұлбикенің білімі мен, ақындық талантын бір адамның немесе бір, ақынның мойындауы емес, жалпы қауымның, белгілі кезеңнің мойындауы деуге лайықты әділ баға еді.
Ұлбике мен Күдерінің айтысында ой-пікір, білім жарыстыру кең орын алады. Айтыстың әр мағыналық бөлігі мен құрылымы белгілі бір пікір таласына, ой-сайысына негізделеді. Бұл екі, ақын да айтыс барысында жеңу немесе жеңілуді мақсат етпеген. Күдері мен Ұлбикенің айтысын кейбір зерттеушілер бұрынғы кеңестік дәуірдегі жүйеге негіздеп, қарастырады. Бір кездері «қожалар» туралы олардың ағартушылық қызметін жоққа шығарып, «аңқау елге — арамза молда» деген сияқты пікір қалыптасқан-ды. Тіптен кеңестік дәуірдің қабырғасы шайқала бастаған, тәуелсіздіктің алдындағы жылдардың өзінде жарияланған ғылыми еңбектердің өзінен Күдері қожаны Ұлбикеден төмендетіп көрсететін жұмыстар да жеткілікті. [20,207-210бб]. Біздіңше, Күдері мен Ұлбикенің айтысын олардың арасындағы сүйіспеншілік тұрғысынан алып қарастырған жөн.
Ұлбике сұлудың талантына табынып Күдеріге дейін айтысқан, оның інісі Таспа қожа мен Жанкел, ақын да тәнті болып, оның айдай ажарына ғашық та болған.
Таспа қожа:
Шашың сұлу көрінер өрілгенде,
Бойың сұлу көрінер керілгенде.
Қыз дегеннің жолы ұзақ, өзі жаттық,
Ғайып болар жұлдызы көрінгенде,
дей келе,
Барған жерің балауса майдан болсын,
Көк аспаны күні мен айдан болсын.
Туып-өскен жеріңнің бәрі — жібек,
Өз аулыңдай бөтен жер қайдан болсын? —
деп өкінішке толы, ақ тілегін-де білдіреді. Айтыстың соңғы жағында Ұлбикеге деген сүйіспеншілігін ашығынан айтып:
Ат бауырын бапкерлер жаза алады,
Қаршыға құс үйрек пен қаз алады.
Ойнап-күліп қожамен қосылғанның,
Қайғы дерті кеудеде тазарады.

Көсеуі ұзын адамның қолы күймес,
Кембағалға мүліктің молы тимес.
Сен қайтесің, Ұлбике, ол немені
Көз көрмеген пендені көңіл сүймес.

Қожа жігіт тон киер көк әдіпті,
Орамамен хат жазар жеті әліпті.
Осы түнде мінгесіп бір кетейік,
Тағдыр жолы, әйтеуір, бір кәдік-ті. [21,102б].

Жанкел, ақын Ұлбикеден жасы үлкен болса да, өзінің Күдеріден Ұлбикені қызғанатындығын жасырмайды:
Жайыңа жігітшілік қоймас екен,
Ұлбике, сөзіңе жұрт тоймас екен.
Тарап жүр ел аузында бір әңгіме,
Ұлбике Күдерімен сырлас екен,-
деген жолдар сөзіміздің дәлелі.
Жанкел, ақынның қызғаныш сезімі мына жолдар арқылы Ұлбикеге ғашықтығына жетелейді:
Ұлбике, қуанамын келгеніме,
Сен едің қалағаным, гүлдерім-де.
Қолыңа қаршығадай қондырсаңшы,
Ордаңдап оқпақ құстай жүргенімде.

Қазаққа аты шыққан мәшһүріңмін,
Мен болдым саған ғашық жас күнімнен.
Көгенде сен бір жатқан бағлан қозы,
Аңдыған қараңғыда қасқырыңмын. [22,83б].

Ұлбике, ақын өзінің Жанкелге деген селт етпеген сезімін былайша жайып салады:
Жанкел, сен қасқыр болсаң, қабысарсың,
Қоймастан қозы көрсең, жабысарсың.
Ел келсе, сендей қасқыр ебіп таппай,
Далада тасбақа жеп қарысарсың.
Бұл айтыстың шиеленісетін жері — Ұлбикенің уәжді, дәлелді, отты сөздерімен айтылған өлең жолдарына Жанкел, ақынның тоқтамағандығы. Тіптен, Ұлбикенің :
Сен-де бір, арсыз кедей, ұялсаңшы,
Нәпсіңді алаңдамай тия алсаңшы.
Қолың жетпес бойыма аузыңды ашпай,
Тілесең ат алсаңшы, түйе алсаңшы,-
дегеніне-де тоқтамаған Жанкелдің назарын мына өлең жолдарымен басқа арнаға бұрады:
Жанкел-ау, ұста болдың құрамаға,
Айтылды талай өлең сыбағаңа.
Орныңнан тұрмаймысың, Жанкел кедей,
Артыңда қожа емес пе құба бала?
Бұл жолдар Ұлбике мен Жанкелдің айтысын сырттай бой тасалап тұрған Күдері қожаны көргеннен кейін айтылған. Зерделеп оқыған адам осы өлеңнің соңғы қатарынан Ұлбикенің Күдері қожаның ажарына риза болғандығын байқауға болады.
Күдері қожа әдептілік сақтап, Жанкелдің жасы үлкендігін алға тартып, былай дейді:
Қыздар бар қыздардан да қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді?
Берсеңіз тұрып орын, Жанкел, аға,
Біз-де айтысып көрейік Ұлбикемен.
Бұдан әрі айтыстың тізгіні Күдеріқожаға ауысады. Екі, ақынның да бір-біріне деген сүйіспеншілігі, сағынышқа толы ыстық махаббаты мына өлең жолдарымен өріледі. Себебі, Күдері, ақын бес жылдай Қарқаралыда болып, Сыр еліне ат басын бұрған кезі еді. Өлеңмен сәлемдесуден бастаған Күдерінің сөзін Ұлбике:
Қожаның арғы атасы барды Мекке,
Баласы сұңқар құстың азды жеке.
Сағындым, көрмегелі бес жыл болды,
Келдің бе аман-есен, ау, Қожеке?
дей келе Ұлбике сарғайған сағынышы мен шексіз қуанышын төмендегіше жалғастырады:
Қаралы қарайғанға, қарағым-ай,
Аспалы қылыш еді жарағың-ай.
Жабығып отыр едім мен қор болып,
Қазанат қайдан келдің, арабым-ай?

Сайраған баудың көркі, бұлбұлым-ай,
Барады қапалықпен бұл күнім-ай.
Ағарып атқан таңдай қайдан келдің,
Қыраны қаршығаның, тұйғыным-ай.

Шығады тоғай барған балтаны алып,
Не кетпес балта тисе жаңқаланып?
Көргенде ана жылы жас бала едің,
Келдің бе аман-есен Арқа барып?
Бұл өлең жолдарының «жабығып отыр едім», «қазанат қайдан келдің», «арабым-ай», «тұйғыным-ай» деген ұлғайған метафоралар арқылы Ұлбикенің Күдеріге деген шынайы сезімін айтып тұрғанын бірден байқауға болады. Осы метафоралар арқылы Ұлбике Күдеріні әрқашан көтеріп, құрмет тұтатынын, ақын ретінде-де, адам ретінде-де биік дәрежеге көрсетіп тұрғанын байқаймыз. Күдерінің айтыстағы:
…«Ұлбике, ойымнан еш кетпедің ғой,
Сонда да, ақыл-есім мұнда қалып.»

… «Мен нағып сен сөйлесең езілмеймін,
Арқада қыз жоқ екен өзіңдейін», —
деген сияқты келтірген өлең жолдарынан Күдері, ақынның да Ұлбикеге деген іңкәрлік сезімі «мен мұндалап» тұр. Таза махаббат та қызғаныш сезімдерімен қатар жүреді. Ұлбикенің «Тақсыр-ау, Ұлбикені ұмыттың ғой, Арқаның ақ мамықтай қызын көріп» Күдерінің :
…«Ұлбике, алданасың жалған жарға»,
деген назды өлеңдерінен сүйген жүректердің бірін-бірі басқаға қимайтындай қызғаныш өрті қылаң беретінін байқаймыз.
Ұлбике мен Күдеріқожаның жұмбақ айтысында кеңестік дәуірдегі жарық көрген ғылыми жұмыстарда келтіргендей бірін-бірі кемсітушілік, арына тиюшілік сияқты жәйттер кездеспейді. Себебі, Ұлбике мен Күдері — үлкен талант иесі ретінде шынайы махаббаттың кейіпкерлері. Күдеріқожа Көшекұлы мен Ұлбике Жанкелдіқызының өміржолын, олардың шығармашылығын, араларында болған шынайы махабаттары зерделеп оқитын жастар үшін, тәлім-тәрбиелік, тағылымдық маңызы өлшеусіз.
Бүгін қосылып, ертең айырылысып жатқан жастарымыздың легінің толастамай, қайта көбейе түсуі өскелең, өркениетті еліміздің көлеңкелі беттері. Қос, ақынның шынайы мөлдір махабаттарына қарамай, бңр-бңрңне зарығып, өлеңдерімен сезім шыңдарын сездіруі сол бір заманның запыранды зары
Ұлбике шығармашылығын зерттеуде оның Күдеріқожа Көшекұлымен айтысының шынайы махаббатқа негізделгендігін дәлелдеген — заңғайыр ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков. Оның «Ұлбике» атты музыкалық трагедияға негізделген сахналық қойылымы сөзіміздің дәлелі [23, 217-237бб].

Қорытынды

Кеңестік дәуірдегі көптеген әдебиет зерттеушілері мен сыншылары «қожаларды қойдай қыр» деген негізсіз жалауды бетке ұстап үлкен талант иесінің шығармасын дұрыс бағаламады. Уақыт өткен сайын халқымыздың: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» — деген ұлт тағлымын ешкім жоққа шығара алмады. Күдері қожа Көшекұлының шығармалары жарыққа шыға бастады. Менің ғылыми жобамның мақсаты — Күдері бабамыздың шығармашылығын барлық жағынан зерттеу емес, Күдері қожа Көшекұлының 7-ші ұрпағы ретінде оны болашағымның еншісіне қалдырып, бұнда Күдері мен Ұлбикенің бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігін, олардың айтыстарында айтылған өлең жолдары арқылы көрсету. Күдері мен Ұлбикенің тағдыры арқылы қазіргі өзімнің құрбы-замандастарыма ой тастау. Сыр елінің тумасы Күдері бабамыздың келесі жылы 195 жыл толуына байланысты, дарынды талант иесінің есімін ұлықтау үшін Қызылорда қаласында Күдері бабама көше берілуіне қуана оытырып, мерейлі тойына азда болса үлесімізді қосу.

К.Т. Құдайбергенова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері.
С.У. Төлегенов, Агроинженерия және көлікті пайдалану кафедрасының оқытушысы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Ұлбике мен Күдерінің айтысы. Жазып алған И. Мұхамеджанұлы. Жұлдыз. 2000 жыл, № 12. 152 бет.
2. Мұқанов С. Халық мұрасы. -Алматы: Қазақстан, 1980. -8б.
3. Қазақ әдебиетінің тарихы. ХІХ ғасырдың бірінші жартысы (1800–1850). Он томдық, 4-том, Алматы: ҚАЗақпарат, 2003, -362б.
4. Бұл да сонда, -152б.
5. Жолдасбеков М. Сөзді ұғатын кез келді. Мақалалар. Сұхбаттар. Ой-толғамдар. -Астана, 2007. — 217б.
6. Қазақ әдебиетінің энциклопедиясы. -Алматы: Білім, 1998.-284б.
7. Қазақ әдебиетінің энциклопедиясы. -Алматы: Білім, 1999.-423б.
8. Досмұхамедұлы Х. Аламан. -Алматы: Ана тілі, 1991. -150б.
9. Мұқанов С. Қазақ қауымы. -Аллматы: Ана тілі, 1995. -5б.
10. Садырбайұлы С. Бір өлеңнің тарихы немесе Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны. Қазақ әдебиеті. -1997. -5 тамыз. -8б.
11. Ахметова К., Төлепберген М. Ұлбике. -Аллматы: Ғылым, 2002.-86б.
12. Мұқанов С. Халық мұрасы. -Алматы: Қазақстан, 1980. -231б.
13. Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. -Аллматы: Ата мұра, 1978. -118б.
14. Әуезов М. Әдебиет тарихы. -Алматы: Ана тілі, 1991, — 48б.
15. Қазақ әдебиетінің тарихы. ХІХ ғасырдың бірінші жартысы. 4-том, Алматы: ҚАЗақпарат, 2005 жыл, 83-87бб.
16. Бұл да сонда, -352б.
17. Төлепберген М. //Егемен Қазақстан, 22 наурыз, 2002ж.
18. Айтыс. Қазақ халық әдебиеті. Көп томдық. Бірінші том. Жазушы, 1988, -101б.
19. «Абай» журналы, № 1. 2003. -84 бет.
20. Қазақстанның халық творчествосы. Алматы: Ғылым, 1989 жыл, 207-210бб.
21. Айтыс. Қазақ халық әдебиеті. Көп томдық. Екінші том. Жазушы, 1986, -102б.
22. Айтыс. Қазақ халық әдебиеті. Көп томдық. Бірінші том. Жазушы, 1986, -83б.
23. Жолдасбеков М. Сөзді ұғатын кез келді. Мақалалар. Сұхбаттар. Ой-толғамдар. Ұлбике. Музыкалық трагедия. -Астана, 2007. — 217б.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?