Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Патшалық Ресейдің Сыр бойын жаулауының тарихи ақиқаты

2604
Патшалық Ресейдің Сыр бойын жаулауының тарихи ақиқаты  - e-history.kz
ХІХ ғасырдың ортасына таман Ресей империясы Арал аймағы арқылы бүкіл Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алу үшін өз әскерін даярлай бастады.

29.01.15

Сыр өңірін басып алу арқылы патша өкіметі бірнеше стратегиялық жағынан маңызы бар жоспарларын жүзеге асыра алатын еді.
Әсіресе, патша өкіметін және қалыптасып келе жатқан орыс буржуазиясын табиғат байлықтарына өте бай Түркістан өлкесі қызықтырды. Ондағы мақта және мал өнімдері Ресей мануфактурасына ең қажетті шикізат көздері еді. Ресей империясы Шығыстан мол табиғат байлықтарын іздестірумен қатар, стратегиялық жағынан маңызды Сыр өңірінің сауда жолдарына бақылау жасауға ұмтылды. Себебі патшалық Ресей Азиядағы сауда-саттық мәселесіне үлкен мән берді. Орыс деректерінің бірінде «Азиямен сауда жүргізу — Ресей үшін ұлы мақсат» 1, 213 б., — деп атап өтілуі соның дәлелі. Яғни, қазақ даласы капиталистік қатынастарға дендеп ене бастаған Ресей экономикасы мен нарығына қажетті шикізат қоры мен тауарларын өткізетін нарық болып табылуы керек-тін.
Патшалық Ресейдің Орталық Азия елдеріне жақындай отырып, бүкіл Түркістанды (қазіргі Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Орта Азия республикалары — авт.) бағындыруы үшін ең алдымен — Сыр бойын жаулап алуы керек болатын. Сыр өңірінің тоғыз жолдың торабында орналасуы, Арал теңізі мен Сырдария өзені арқылы Түркістан өлкесіне етене ену мүмкіндіктерінің артуы, бұл өлкенің әскери-стратегиялық маңызын еселеп арттырды. Сондықтан, патша өкіметінің Сыр бойын жаулап алуы бірнеше әскери міндеттерден тұрды:
1) гарнизондар мен бекіністер салу, тұрақты әскерлер мен казактарды орналастыру, қару-жарақ қоймасын жасау;
2) Орта Азияға басқыншылық жорықтарын дайындау және өлкеде әскери-әкімшілік басқаруды енгізу;
3) Қоқан әскерлерін ығыстырып, қазақ жерін бағындыруды аяқтау.
Осылайша, Сыр бойы патша әскерлерінің негізгі стратегиялық алаңына айналды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру мақсатында патша әкімшілігі бірқатар әскери-барлау және жазалау экспедицияларын жүйелі түрде ұйымдастырып отырды.
Ресей империясының Кіші жүз қазақтарын бағындыра отырып Сыр бойына емін-еркін енуіне Хиуа хандығы негізгі тосқауыл болды. Өйткені патша өкіметінің Сырдария мен оған іргелес жатқан қазақ жерлерін жаулаудағы стратегиясы мен тактикасы Хиуа хандығының мүддесіне қарама-қайшы келді. Сондықтан патша әкімшілігі Хиуа хандығымен арадағы қарым-қатынастарды қасақана шиеленістіріп, оған қарсы әскери жорықтар ұйымдастырды және Орынбор бағытынан оңтүстікке қарай ішкерілеп кіруге әрекеттер жасайды.
Патша өкіметі Сыр бойындағы Хиуа хандығының ықпалын әлсірету мақсатында ру билеушілерін пайдалануға тырысты. Патша әкімшілігі қарамағындағы қазақтардың ру басшыларына — Хиуа хандығының билігін мойындаған қазақ ауылдарына барымта жасауға және одан түскен олжаны өздеріне қалдыру туралы көптеген нұсқаулар береді.
Патшалық Ресейдің Сыр бойына ұстанған саясатының нәтижелі болуы 1833 жылы В. А. Перовскийдің Орынбор әскери губернаторлығы қызметіне келуімен тығыз байланысты және ол келген бойда Хиуа хандығына қарсы белсенді саясат ұстанды. В. А. Перовский хиуалық көпестерді қасақана тұтқынға алып екі елдің арасындағы саяси қатынастарды әдейі шиеленістірді. Ресей әкімшілігінің көпестерді тұтқынға алуы және саудаға тиым салуы Хиуа экономикасы үшін үлкен соққы болып тиді.
1839–1840 жылдары патша өкіметінің Хиуаға жасаған жорығымен бірге дипломатиялық елшiлiктерi сәтсіздікке ұшырады. Бірақ бұл патша өкіметінің Сыр өңірін иеленуге деген ұмтылысын бір сәтке-де тоқтатпады. Қайта керісінше, патша өкіметінің қазақ даласын толық жаулауға деген ниеті бұрынғыдан да күшейіп, Сыр өңірін толығымен өз құрамына қосуға итермеледі. Себебі Сыр өңірінде патша өкіметінің нақты билігінің болмауы -жергілікті қазақ халқының көңіл күйін бақылауға мүмкіндік бермеді.
Сондықтан патша өкіметі ендігі кезекте басты соққыны Хиуа хаңдығына емес, Қоқан бағытына қарай аударуға мәжбүр болды. Оған Қоқан хандығының ішінде үзіліссіз басталған азамат соғысы және Бұхар әмірлігінің Қоқанға жасаған шабуылы қолайлы жағдай туғызды. Осы жағдайларды жан-жақты саралаған патша өкіметі Қоқан хандығының қорғаныс қабілеті мүлдем төмен деген қорытынды жасады.
Патша өкіметі болашақ әскери жорық үшін топографиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы мәліметтер жинау жұмыстарын бастады. 1846 жылы 10 қаңтарда Сырдарияның төменгi, ағысын зерттеуге және бекініс тұрғызуға қолайлы орынды анықтау мақсатында капитан Шульц пен геодезист Лемм басқарған 200 Орал казактарынан тұратын әскери-барлау экспедициясы жіберіледі. Сыр бойын зерттеу кезінде капитан Шульцке мынадай міндеттер жүктелді: Орал бекінісінен Сыр бойына дейінгі аралықтағы қысқа жолдарды картаға түсіру, Сырдарияның төменгі, ағысында бекініске қолайлы жерді табу, өзенде кемелердің жүзу мүмкіндіктерін анықтау және казактарды қоныстандыратын аймақтарды белгілеу және т.б. [2, 5 п].
Көп ұзамай капитан Шульц бастаған әскери экспедиция берілген тапсырмаларды ойдағыдай орындап, белгісіз аймаққа байланысты құнды барлау мәліметтерін жеткізеді. Орынбор генерал-губернаторыВ. А. Обручев құжаттарға талдау жүргізе отырып, патша өкіметіне Сырдарияның төменгі, ағысына бекініс салу қажеттігі туралы ұсыныс береді. Ол 1847 жылы қаңтарда Әскери министрге жазған құпия хатында Сырдың төменгі, ағысында салынатын бекіністің стратегиялық маңызын былайша бағалайды: «…Біріншіден, Сырдың төменгі, ағысына салынатын жаңа бекініс 6 мың түтінге жуық қазақтарға бақылау жасауға мүмкіндік береді. Екіншіден, Сырдың төменгі, ағысы Еуропалық Ресей, Батыс Сібір, қазақ далалары, Бұқар және Хиуаны байланыстыратын орталық болып табылады. Үшіншіден, осы бекініс арқылы біздің шекарамыз Қоқан, Хиуа хандықтарымен шектесіп, Бұхарға ықпалымызды арттыруға жағдай жасайды. Төртіншіден, Хиуа мен Бұхарға баратын сауда жолдарына бақылау орната аламыз. Бесіншіден, Хиуа мен Қоқаннан төнетін қауіпті жоямыз» [3, 4 п].
Сыр өңірін басып алу үшін, алдымен онда бекіністер жүйесін салу қажеттігін Обручевтен бұрын 1840 жылы 4 наурызда Теңiз Министрi Меньшиков: «Ағылшындардың Кабулды жаулауына және олардың Бұхарамен жақындасуына орай бізге Сырдарияда бекiнiс салу қажет. Сырдария өзенi кеме қатынасы үшiн қолайлы және ол Арал теңiзiне құятындықтан, бiзге Амудария арқылы Ауғанстан шекарасына дейiн кең жол ашылады» [4, 124 п], — деп айтқан болатын.
Осылайша, патшаның әскери шенеуніктері Сыр өңіріне бекіністер тізбегін салып, Сыр бойының қазақтарына ғана емес, бүкіл Кіші жүз қазақтарына өздерінің билігі мен бақылауын орнатуды, Қоқан, Хиуа және Бұхара хандықтары тарапынан төнген қауіпті жойып қана қоймай, оған өз ықпалымызды жүргіземіз деп жоспарлады. Сондай-ақ, олар Хиуа мен Бұхарға қатынайтын сауда керуен жолдары осы аймақтан өткендiктен, керуен жолына бақылау жүргiзуге мүмкiндiк туады деп есептеді.
Алайда Сыртқы істер министрі граф Нессельроде, Теңiз Министрi Меньшиков пен Орынбор генерал-губернаторыВ. А. Обручевтiң Сырдарияның төменгi, ағысында бекiнiс салу жөніндегі жобасына қарсылық білдірді. Ол бұл әрекет қоқан, бұхара және хиуалықтарды алаңдатып қана қоймай, наразылығын туғызатынын және-де бұл құрылыстардың көп қаражатты қажет ететінін алға тартты. Бұл мәселе бойынша Ресей патшасы І Николай граф Нессельродеге: «Қазiргi қолайлы сәттi пайдаланып, бекiнiс салмасақ, кейiн тым қымбатқа түсуi мүмкiн», — деп есептеп үкіметке бекіністі 1847 жылы жазда салуды тапсырды және 71,327 сом, ақша бөлгізді. Бекіністің құрылысын жүргізу мен басқаруға тәжірибелі мамандарды тағайындауды және бекініске Оралдан 50 казак отбасын қоныстандыру туралы нұсқауын берді [5, 2 п]. Патшаның бұл нұсқауы Арал аймағының саяси-әскери маңыздылығын көрсете отырып, алдағы уақытта Ресей империясы тарапынан жүргізілетін жаулаушылық соғыстарының жоспары болатын.
Сонымен қатар, 1847 жылы Райым бекінісінің салыну қарсаңында патша өкіметі хиуалықтарды Райым бекiнiсi бейбiт қарым-қатынас орнату үшiн салынуда деп сендіруге тырысты және 1836 жылғы Хиуа жорығының қарсаңындағы келеңсiз оқиғаларды еске салды. Сөйтіп бiр жағынан күш көрсетiп, екiншi жағынан жұмсақтық танытып, хиуалықтардың бекiнiс құрылысына қарсы ұйымдастырылатын iс-шарарларының алдын-алу үшін Бас штаб полковнигi Иваниндi елші ретінде Хиуаға аттандыруды көздеді.
Алайда патша өкіметінің Сыр бойын жаулау мақсатында бекіністер салу әрекеттері өте шиеленісті жағдайда жүрді. Жергілікті қазақ халқы патша әкімшілігі салмақ болған бекіністер тізбегіне теріс пиғыл танытып, ашықтан-ашық қарсылық танытқаны соншалықты, патша өкіметі елшіліктің сапарын кейінге шегеруге мәжбүр болды. Оған қоса бекіністің салынуына байланысты патша өкіметі мен Хиуа хандығының арасындағы саяси жағдай одан сайын шиеленісті. Кіші жүз қазақтарына өз адамдарын аттандырған Хиуа ханы Мұхаммед Әмин оларды Райым бекiнiсінің құрылысына қарсы шығуға және орыстармен сауда қарым-қатынасын тоқтатуды ұсынып, үгiт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргiзді.
Өз мүддесін ойлаған Хиуа ханы Мұхаммед Әмин қазақ сұлтандары Жанғазы, Қайыпқали, Елекейлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, оңтүстікке қарай шабуылға шыққан патша өкіметіне қарсы қазақтарды көтеру үшін оларды басшылыққа тағайындап отырды. Мәселен, патша әкімшілігі Елекей сұлтанға мынадай баға береді: «Шөмекей руына шабуыл жасаған қоқандықтармен болған шайқастағы сәтті қимылы Хиуа ханының Елекейге көңіл аударуына әсер етті, ол бірнеше рет Хиуаға барып, сыйлықтар алды, ақырында хан сайланды. 1846 жылы Ордадан шөмекей мен кете және керейттер арасында Елекей өзін хан атап, қазақтарды патша өкіметі билігінен бас тартқызып, тәуелсіз болу мақсатымен Хиуа жеріне өтуге үгіттеді деген хабарлар жетті» [6, 22–23 п].
Шөмекей және кете руларының 30 биін ерткен Елекей сұлтан Жаңадарияны қыстап шыққан соң, Мұхаммед Әмин ханның шақыруымен Хиуаға аттанып кетеді. Елекей сұлтанмен қатар Қайыпқали сұлтан да Кіші жүз қазақтарын патша өкіметінің билігіне қарсы шығуға және Хиуа иелігіне көшуге үгіттеген. Қайыпқали сұлтанның мұндай әрекетке барғанын оның Кіші жүз қазақтарына жазған хатынан көреміз: «Кіші жүздің он екі ата Байұлы ұрпақтарына, Баймұхаммед, Қазы, Сарыбөпе және басқа да құрметті билерге, қазақтарға… ата-бабамнан мұраға қалған халыққа жүк артуды өзімнің міндетім деп санаймын. Сендер өз болашақтарың туралы ойлана отырып, Ресейдің мұсылмандарға қарсы жаулық іс-қимылдарына назар аударыңдар. Мұхаммед Әмин хан Ресейдің қазақтарды басып алатынын білгеннен кейін 20 мың әскер жасақтады. Егер-де сендер әділеттілер жағында болғыларың келсе, онда осы хабарды алғаннан кейін ешқандай кешіктірместен әрбір бөлімшеден ұлы, әділетті падишахқа бір құрметті өкілден жіберіңдер…» [7, 27–28 пп] — делінген.
Жоғарыда келтірілген деректерге назар аударсақ, Хиуа хандығы орыс патшасы әскерін өз жеріне жақындатпау мақсатында Сыр өңірі қазақтарының патшалық Ресейге қарсы азаттық күресіне қолдау көрсетіп отырған. Мәселен, Орынбор генерал-губернаторыВ. А. Обручевтің 1847 жылы 6 мамырда Әскери министрге жазған құпия хатында: «Қуандарияда қыстаған басым көпшілігі төртқара, шекті руларынан тұратын қазақ ауылдары Сырдың оң жағалауына өтіп, Қарақұмға келіп, қоныстана бастаған. Қазақтар Хиуа ханынан Сыр бойында орыс әскері пайда болған жағдайда оларға қарсылық көрсетуге арнайы нұсқаулар алғаннан кейін қарулы жасақ құруда» [8, 165 п], — делінген. Обручев қазақтардың көтерілістері кең қанат жаймас үшін оның алдын алуға тырысып, ертеден қолданып келе жатқан әдістердің бірі — қазақтардың игі жақсылары мен ру басшыларына сый-сияпат пен марапаттаулар көрсетті. Осылайша, патша шенеунігі жергілікті қазақ билеушілері тарапынан бекініс салуға қолдау іздеді.
Райымда бекініс құрылысы салынады деген кезден-ақ қарсы шыға бастаған қазақтардан қауіптенген В. А. Обручев құрылыс жұмыстарын жүргізетін экспедицияның құрамын күшейтуге мәжбүр болды. Бекініс құрылысына аттанған экспедицияның құрамы 9 штаб офицері, 100 обер офицер, 332 унтер офицер, 5985 қатардағы жауынгер, 756 саптан тыс әскер және мыңнан астам башқұрт жасақтарынан тұрды [8, 201 п].
Райымды басқару міндеті далалық жорықтардан мол тәжірибе жинақтаған подполковник Ерофеевке жүктелсе, Сыр бойының қазақтары туралы деректер жинап, қазақтар мен патша әкімшілігінің арасында байланыс орнататын шенеунік қызметi Орынбор Шекара комиссиясының кеңесшiсi Субханкуловқа тапсырылады.
Дегенмен қазақтардың бекіністің салынуына қарсы күресі бір сәтте тоқтамай, ашық наразылық сипатын алды. Олар орыстардың көпестері мен азық-түлік тиеген қөліктеріне жиі-жиі шабуылдар жасап, түтін салығын төлеуден бас тартты немесе жаппай Хиуаға көшіп кетті.
Осыған байланысты генерал-лейтенантА. Е. Толмачевтың жіберген мәліметтерінде: «Сырдың төменгі, ағысында қоныстанған қазақтар бекініс құрылысына мүлдем қарсы. Олардың рубасылары арнайы кеңес өткізіп, онда орыс әскерлеріне қарсылық көрсету және орыс көпестеріне шабуыл жасау жөнінде шешімге келген. Бұл шешімді орындау үшін Есет Көтібарұлы мен Жарас Өтенов Бестамаққа аттанып кеткен» [8, 190 п], — деп жазылған.
Хатта көрсетілгендей көтерілістерге Есет Көтібарұлы мен Жарас Өтеұлы сияқты қазақтың ру басшылары басшылық жасап, Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы белсенді күрес жүргізіп, Арал теңізіне бағыт алған әскерлеріне қатты қарсылық көрсетеді. Бұл жөнінде В. В. Григорьев былай деп жазды: «Есет Көтібаров, Ақмешітті алу үшін жарақтандырылып жатқан экспедицияларға түйелер беруден бас тартты. Оны ұстауға жіберілген біздің әскерден Есет қашып, үш жыл қатарынан далада жортып жүрді» [9, 363 б].
Есет батыр бастаған көтерілістің алғышарттары, себептері Ресейдің отарлық саясатынан туындады. Патша өкіметінің ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүздегі әскери-отарлық езгісі, қазақтар құқықтарының шектелуі мен олардың саяси-әлеуметтік жағынан қаналуы және патшалық Ресейдің бұл өңірді экономикалық тұрғыдан жаулап алуы бір-бірімен астасып, қазақ халқының өмір сүруіне аса қауіп төндірді.
Есет ұйымдастырған әскердің ішінде бүкіл Кіші жүзге белгілі батырлар: Бекет Серкебайұлы, Ерназар Кенжалыұлы, Әзберген Мұнайтпасұлы, Қарақұл Қонақбайұлы, Мәуміт Сейітпенбетұлы, Дәуіт Асауұлы, Алдаш Байғанаұлы, Мамай Достанұлы, Ақтан, Ақайұлы, Байқазақ Жолдасбайұлы, Елтізер Қуатұлы, Жәлімбет Қуатұлы, Бөкенбай Тілегенұлы және т.б. болған. Отаршылдық езгіге қарсы шыққан Кіші жүздің батырлары халықтың қолдауына ие болып, азаттық көтерілістеріне басшылық жасайды.
Батырлар мен билер бастаған қазақтар патша өкіметінің басқыншылық саясатына қарсылық ретінде патшалық Ресейден Орталық Азия хандықтарына жол тартқан сауда керуендерін шабуылдап, орыс саудасына зиян келтірді, Хиуа хандығымен бірлесе отырып патшаның жазалаушы әскерлеріне қарсы шықты және бекіністі шептерді шапты. ХІХ ғасырдың ортасында Кіші жүздегі ең белгілі әрі беделді батырлардың бірі Қарағұл Қонақбайұлы еді. Ол өз кезегінде патша үкіметіне-де, Хиуа хандығына да, тіпті дала аймағында бекітілген билеуші сұлтандарға да бағынбаған тәуелсіз тұлға еді… Хан билігін жоюды мақсат еткен патша үкіметі… сұлтан топтарын бір-біріне қарсы қойып, қырқыстыра бастады. Осындай жағдайда… аласапырандардың басты себебі — отарлық саясатта жатқандығын бірден түсінген халық қалаулылары — билер Кіші жүзде белсенді қимылдармен көзге түсті… Әсіресе, Есеттің ең жақын серігі шекті руы Қабақ бөлімінен шыққан атақты би Қарағұл Қонақбайұлы ел тағдыры таразыға түскен сәтте билік тізгінін азаттық жолындағы күреспен байланыстырып, 11 жылға созылған көтерілістің басты жетекшілерінің біріне айналды [10, 8 б].

Мұрағат құжаттарына сүйенсек Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінде Әзберген Мұңайтбасұлының рөлі ерекше. Ол Есеттің кеңесшісі, көмекшісі әрі туысы ретінде белгілі болып, азаттық қозғалысы тарихында өзіндік орнын қалдырған.
Патша езгісі мен отаршылдығынан құтылудың жалғыз жолы — Хиуаға қосылу деп білген Әзберген би көтеріліс кезінде-ақ Хиуа хандығымен арадағы саяси одақтастық байланысты бірден-бір жақтаушысына айналып, көтерілістің негізгі күштерін басқарды. Ол көтеріліс барысында өз ұстанымдарының беріктігімен ерекше көзге түскен бірден-бір тарихи тұлға ретінде танылды. Тіпті, көтеріліс аяқталса да Әзберген би Есет Көтібарұлының патша әкімшілігі қарамағына өтуіне келіспей, қарсылығын жалғастырып, Хиуа жеріне өтіп кетті. Өз мүддесін ойлаған Хиуа ханы Әзберген биді сол жерді мекендеген қазақтардың билеушісі етіп тағайындап, орыс билігіне қарсы көтерілген және Ресей билігін мойындаған қазақтарға қарсы күресуге басшылық жасауды ұсынады. Әзберген би болса, ханға Ресей мен Хиуаның қол астында екіге бөлініп кеткен қазақ халқының бір-бірімен байланысып тұруына еркіндік берілген жағдайда ғана келісетіндігін, бірақ ханның қазақтарға ойына келгенін істегісі келетін ниетін қолдамайтынын, қай жерде жүрсе-де, Ресей билігіндегі қазақтар немесе Хиуа иелігіндегі қазақтар ішінде ме, халқының мүшкіл жағдайына қарамастан, мұндай тапсырманы орындай алмайтындығын білдіреді [11, 7 п].
Есеттің соңына ерген батырлардың бірі және оның басты көмекшісі болған Шөмішті Табын руының белгілі биі, әрі батыры Дәуіт Асауұлы. Азаттық жолындағы күресте Дәуіттің ұстанған бағыты Әзберген Мұнайтасұлымен бір сарында болғандықтан Дәуіт Асауұлы Есет бастаған көтерілісті өз руымен бірге барынша қолдайды. Дәуіт Асауұлы да Есет батыр бастаған қазақтардың көтерілісі аяқталған кейін-де отаршылдыққа қарсы күресін бір сәтте тоқтатпады. Хиуа ханымен байланыс орнатқан Дәуіт пен Әзберген билер, өздерінің орыс отаршылдығына қарсы күресі жолында әлі-де патша өкіметінің құрығы жете қоймаған жерлердегі кейбір мұсылман күштерін жұмылдыруға ұмтылды. Есет батырдың төңірегіне топтасқан қазақ батырларының ішінен Төртқара руынан шыққан Байқазақ Жолдасбайұлы мен Қаракесек, Ақтан, Ақайұлы да азаттық қозғалысқа өз үлестерін қосты. Кейін жоғарыда аталған батырлар Сыр өңіріндегі Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісіне-де белсене қатысып, ел мүддесі үшін күресті.
Райым бекінісі салынған соң, патша өкіметінің нұсқауы бойынша 1847 жылы 11 шілдеде Арал теңізіне «Николай» және «Константин» кемелері түсіріліп, оған басшылық жасау лейтенант Бутаковқа жүктеледі.
1848 жылы мамыр айының басында хиуалықтар мен қазақтар Райым бекінісіне шабуыл жасап, бірнеше әскерилерді тұтқынға алып кетеді. Мамыр айының аяғында 600 адамнан тұратын хиуалықтардың шабуылы қайталанады да, бекіністен 60 верст қашықтықта прапорщик Яковлев басқарған 170 әскерімен кездесіп соғысады. Прапорщик Яковлев олардың жеті шабуылына ерлікпен тойтарыс береді. Яковлевке көмекке әскер келе жатқанын естіген хиуалықтар кейін шегінеді.
Тамыз айында 1500 адамнан тұратын қазақтар мен хиуалықтардың жасақтары бекініске бара жатқан әскери старшина Ивановтың қорғауындағы көліктерге шабуыл жасайды. Алайда, бір зеңбірегі бар әскери старшина Иванов өз казактарымен тойтарыс беріп, хиуалықтар кейін қарай қашуға мәжбүр болды. Бұл шайқаста хиуалықтар 50 адамынан айрылғанымен, 7 казакты тұтқынға алады [12, 92–96 пп].
Хиуа ханы туындаған мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысып, 1849 жылы Орынборға, патша әкімшілігіне қажы Мехрем Аллабердиев бастаған елшілiкті жібереді. Елшi Райым мен Ново-Петровскіден орыс әскерлерін және теңiзге түсiрiлген орыс кемелерiн алып кетуiн талап етеді [12, 92–96 пп]. Алайда, патша өкіметі қазақтарды ертеден Ресей билігіне өткен деген сылтаумен талапты орындағаны былай тұрсын, қайта керісінше Арал теңiзiне түсiрiлген кемелердiң санын одан әрі көбейтудi ойластырып, келесі жылы Сыр өзенiнде кеме қатынасын жүргiзу үшiн 1 кеме және бумен жүретiн баркас құрастыру жөнiнде нұсқау береді. Бұл кемелердiң Сырдарияға түсірілуі патша өкіметі үшін саяси-стратегиялық жағынан маңызы зор болды, өйткенi Сырдария өзені мен Арал теңізі географиялық жағынан зерттеле бастағаннан кейiн қазақ даласын толық жаулап алу Сырдария өзенi бойларын пайдалану арқылы да жүргiзiлуi қажет едi.
Осыдан кейін Хиуа ханы қазақ даласындағы қарсылығын қайтадан жалғастырып, Ресей империясының Сыр бойына қарай жылжуына қарсы қазақтардың көтеріліске шығуын жан-жақты қолдап, өз белсенділігін арттыра бастайды. Мысалы, Хиуа ханының Кіші жүздің билері мен батырларына арналған хатында: «…қажет болған жағдайда, бір құдайдың қалауымен, біздің өзіміз-де сансыз әскерді ертіп, алмас қылышты қолға алып жылжи аламыз. Бірақ біздер көтерілгенше менің боданымдағы әйгілі батырлар мен рубасылар қолға қару алып бірігіңдер, сөйтіп бізге көмек көрсетіңдер. Сіздердің еңбектеріңіз ескеріледі және ар алдында еңселеріңіз түспейді» [13, 13 п], — делінеді.
Патша әскерін өз еліне жақындатпау, қазақтарды екі ортада «қалқан» ретінде ұстап тұру мақсатында Хиуа ханының өкілдері қазақ ауылдарына келіп, оларды орыстарға қарсы жаппай көтеріліске шығуға шақырса, хиуалық әскерлер қазақ көтерілісшілерімен біріге отырып орыстардың барлаушы әскерлеріне және орыстардың ықпалындағы ауылдарға шапқыншылықтарын күшейтеді.
Хиуа ханымен қатар шектілердің батыры Есет Көтібарұлы және орыс билігіне наразылық танытқан қазақ сұлтандары Кіші жүз қазақтарының руларына хаттарын таратып, оларды мұсылмандық бірлік пен қозғалысқа шақырады. Мұсылмандық бірлік арқылы патша өкіметінің жаулаушылық іс-әрекеттеріне қарсы күреске шақыру алған қазақтар, бұл азаттық қозғалысқа барынша қосылып, оны жан-жақты қолдаған. Тіпті, оған Қоқан иелігіндегі қазақтарда қосылған. Мысалы, 1849 жылы қарашада Тамды өзенінен Милютин мен Батырашкин бастаған казактар балық аулауға келген кезде Бұқарбай Естекбайұлы, Байқадамның баласы Сейіл, Сүйіндік бастаған 100 адам оларға тұтқиылдан бас салып, екеуін өлтіріп, ал қалған үшеуін тұтқынға алып Қоқанға алып кетеді [14, 1 п].
Есет Көтібарұлы, Әзберген Мұңайтпасұлы, Жарас Өтеұлы және басқа да батырлар мен билер қазақтарға хат таратып қана қоймай, патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы белсенді күрес жүргізіп, Сыр өңіріне бағыт алған патша әскерлеріне белсенді түрде қарсылық көрсетеді.
Ресей империясының Сыр бойында әрбір қадам басуы бүкіл қазақ даласын толық жаулап алудың кезекті сатылары еді. Өйткені Ресей империясы бүкіл қазақ даласын өз билігіне енгізген жағдайда ғана, Орталық Азия хандықтары мен Шығыс Түркістанды және одан басқа Азиялық мемлекеттерді өз отарына айналдырып, Еуропадағы бәсекелесі Англияның Азиядағы мүддесіне нұқсан келтіре алатын. Сондықтан Ресей империясының сыртқы саясатында қазақ даласы, соның ішінде Сыр өңірі ең өзекті стратегиялық аймақ ретінде орын алды. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында патша өкіметі барлық амалдарын, айла-әрекеттерін пайдаланды.
Өз кезегінде экономикасы нашар, әскери қуаты әлсіз және ортағасырлық даму сатысынан көтеріле алмаған феодалдық Қоқан мен Хиуа хандықтары Ресей империясына төтеп беруге шамасы жетпеді. Оған Қоқан хандығындағы өзара қырқысу соғысы, Хиуа хандығындағы түрікмендер мен қарақалпақтардың көтерілісі, сонымен қатар Хиуа, Бұхар және Қоқан хандықтарының өзара үздіксіз соғыстары кедергі болды. Орта Азия хандықтарының өзара ынтымағы болмағандықтан, патша өкіметінің басқыншылық саясатына қарсы тұруға біртұтас майдан құра алмады. Нәтижесінде, уақыт көрсеткендей патша әскерлерінің Сыр өңірі арқылы Орта Азияға ешқандай кедергісіз баса-көктеп кіруіне жағдай жасалды.
Райым бекінісі салынуының әскери маңызы зор болды, орыс әскерлеріне Қоқан хандығының иелігіне кіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, сыр бойындағы қоқандықтардың ең мықты бекінісі саналатын, Ақмешітті басып алуға қолайлы жағдай жасалды. Райым бекінісінің әскери-стратегиялық маңыздылығын мына құжат, аңғартса керек, онда: «Қолайлы кезең туды. Арал теңізіндегі флотилия және Райым бекінісі, Ақмешітке қарсы шабуылдайтын негізгі орынға айналды» [15, 90 п], — делінген.
Қоқан хандығы патша өкіметінің қазақ даласы мен Орталық Азияға қауіп төндіруіне байланысты оған қарсы тұру үшін Сыр өңірінде, Ақмешіт бекінісімен қатар Жаңақорған, Жөлек, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорған, Дінқорған және тағы басқа да бекіністер тізбегін салып, Ақмешітті осы бекіністердің орталығына айналдырды.
Ақмешіт бекінісі бастапқыда Сырдың сол жағалауына салынып, кейін сауда керуендерінен салық жинау ісінің қолайсыздығына байланысты өзеннің оң жағалауына көшіріледі. Бекініс екі қорғанмен қоршалып, сыртқы қорғанның аумағы 12 шақырым, биіктігі 7 аршын, 3 қақпасы болды және жан-жағы екі сажын суға толған ормен қоршалды. Бекіністің ішінде негізінен жаппас, алтын, бағаналы, табын, керей сияқты рулардан құралған 450-ге жуық қазақ үйлері орналасып, ішкі қорғанда 50-ге жуық саздан соғылған үйлерде, Ақмешіт бегі мен 150-ге жуық түркімендер мен сарттар тұрған [15, 15 п].
ХІХ ғасырдың 50-жылдарында Сыр бойына басып кірген патша өкіметі бүкіл қазақ даласын империя иелігіне қосуды аяқтау мақсатында Сырдың бойындағы Қоқан хандығының бекіністерін басып алып, оны Сібір шебімен қосу туралы жоба дайындайды.
Патша өкіметінің алдына ұсынылған Перовскийдің жобасында, Ақмешіт бекінісіне зор мән беріліп, оның маңыздылығын былай көрсетеді: «Орынбор қазақтарын әкімшілік жағынан басқаруда кең мүмкіншіліктер туады. Сырдарияның орта, ағысында нық орнығуымыз арқылы біз Орта Азия хандықтарына жақындай түсеміз. Сыр өзені мен, Ақмешіт Орта Азиямен саяси және сауда қарым-қатынасында негізгі тірек болары сөзсіз» [16, 194 п].
Патша өкіметі Перовскийдің жобасын мақұлдағаннан кейін, ол жаңа аймақтарға барлау жұмысын жүргізуге топограф Голов басқарған 80 адамнан тұратын топты 1852 жылы 18 сәуірде Сыр бойына аттандырады. 1852 жылы 18 сәуірде барлауға шыққан Головтың әскери тобына Орынбор генерал-губернаторыВ. А. Перовский Сырдарияның оң жағалауынан жоғарыға қарай Қоқанның Ақмешіт бекінісіне дейінгі жерлерді картаға түсіруді міндеттейді. Ал бұл кезде, яғни, 1852 жылы сәуір айында патша өкіметінің қаупі анық төне бастағасын, Ақмешітке 2000 қоқан әскері келген еді. Оның 400 сарт болса, 1600 қазақтар болған. Сарттар Ташкенттің бегі Ешмұхаммедке бағынса, қазақтар, Ақмешіттің елбегі Абдуали бекке бағынған. Бұл әскердің құрамында Кенесарының ұлдары Тайшық, Осман, Кенесарының ағасы Саржанның ұлдары Қошқарбай мен Иса болды. Олардың қолында 8 зеңбірек бар еді.
Орынбор генерал-губернаторыВ. А. Перовский сол жылы полковник И.Бларамбергтің басшылығымен ірі әскер жасақтап, оған тек барлау жұмысын жүргізіп қана қоймай, мүмкіндік болса, Ақмешіт бекінісін басып алуды тапсырады.
В. А. Перовскийдің нұсқауын орындауға шыққан полковник Бларамберг 1852 жылы 3 шілде күні 30 күнге жететін азық-түлігін алып, 3 зеңбірегі бар 300-ден астам әскерді бастап жорыққа шығады да 18 шілдеде, Ақмешіт бекінісіне жетеді. Олар шілденің 20-да таң алдында әрқайсысы 100 адамдық екі колоннаға бөлініп, бекіністі шабуылдайды [17, 232–234 пп]. Алайда, басым бөлігі қазақтардан тұратын қоқандықтардың негізгі күші бекініске дер кезінде көмекке жетіп, жауға қарсы шабуылға шығады да орыс әскерлерінің 15 адамын өлтіріп, 57 адамын жаралайды. Ауыр шығынға ұшыраған орыстар 23 шілдеде кейін қарай шегінеді 16, 229–233 пп.
Полковник И.Бламберг, Ақмешіт түбінде тас-талқан болып жеңілгенімен, Сырдарияның негізгі бөлігін зерттеп, оны картаға түсіреді және қайтар жолында қоқандықтардың Күмісқорған және Шымқорған бекіністерін талқандап кетеді [17, 261–262 пп].
В. А. Перовский 1852 жылы 15 қыркүйекте Сібір корпусының командиріне былай деп хат жолдайды: «…Бұрын белгісіз болған Қараөзек пен Жамандарияның зерттелуі — бұл аймақтың қоныстануға өте қолайлы екендігін көрсетті. Егер-де орыс әскері осы аймақтарда жеңіске жетсе, қазақтарға деген саяси ықпалымыз күшейе түседі» [17, 235 п]
Осыдан кейін алдыңғы екі жорықтан мол сабақ алған Орынбор генерал-губернаторыВ. А. Перовский, Ақмешітті алу үшін Сыр бойына бірнеше бекіністер салу қажет деген ұйғарымға келіп, патша өкіметіне мәлімдеме жасайды [18, 12 б.]. В. А. Перовскийдің жасаған жоспарына сәйкес Қазалы, аңғарында № 1 форт, Қармақшыда № 2 форт, Күмісқорған бекінісінің орнына № 3 форт салынып, патша әкімшілігінен жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді жинау жөнінде тапсырма алған сұлтан-правительдер түйелерді қазақтардан еріксіз жинап алады.
Жергілікті қазақтар туралы саяси және әскери мәліметтер жинастыруға шығыс тілдерінің маманы О. Я. Осмоловский Сыр бойына арнайы тапсырмамен аттандырылады. Осмоловскийге, Ақмешіт бекінісінде орналасқан қоқандық әскерлердің саны мен құрамы, Кенесарының ұлы Сыздық төре бастаған қазақтар туралы, Орта Азия хандықтарының саяси жағдайы, Сыр бойындағы қазақтардың патша билігіне деген көзқарасы және тағы басқа да мәліметтер жинау тапсырылады. Мұнымен бірге В.Перовский Есет Көтібарұлы, Елекей Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Бұқарбай Естекбайұлы сияқты Кіші жүз қазақтарының батырлары мен сұлтандарын жорыққа қатысуға көндіруді Арал бекінісінің басшысына жүктейді.
ХІХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап Қоқан хандығында қыпшақтардың билігі орнап, қоқандықтар қыпшақтар деп атала бастаған. Қазақтың қыпшақ руы ХІХ ғасырдың аяғына дейін өзбектерге сіңбей, өз алдына этникалық топ ретінде қазақылығын сақтап өмір сүрген.
Қыпшақ Мұсылманқұл ХҮІІ ғасырдың аяғы — ХҮІІІ ғасырдың басында Ферғанадағы қыпшақтардың басты руына айналған тармағы — құлан-қыпшақтарды бастап, Қоқан хандығының саяси өміріне белсене араласып, өзіндік із қалдырды. Құландардың кейбір бөлігі қыпшақ тайпасы құрамында Қазақстанда қалды.Қазақ қыпшақтары хандықтағы жоғарғы лауазымдарға ие болып, отырықшы ірі жер иелерімен билік үшін талас-тартысқа түсіп, көбінесе жеңіске жеткен. Әсіресе, қыпшақтар Шерәліні (1842–1845) таққа отырғызумен биліктің бәрі Мұсылманқұлдың қолына жиналып, облыстардағы және орталық үкіметтегі билік орындарының бәрін қазақ қыпшақтарының ақсүйектері иеленеді. Осы кезден бастап хандықтағы қазақтардың билігі шексіз болып, отырықшы сарттар мен өзбектерді аяусыз қанап, оларға ауыр салықтар салып, егістік жерлерін жаппай тартып алады. Бірақ, қазақтардың арасында билік үшін талас-тартыс басталып, отырықшы халықтың наразылығы күшейе түседі. Қазақтардың Қоқан хандығындағы халықтың көп бөлігін құрап, бақуатты тұрмыс-тіршілік кешіп жатқанын, қоқандық қазақтардың Әзіретті Түркістанда немесе басқа жерлерде өздері тұрмаса да үйлері бар екенін 1863 жылы қоқандық қазақтармен жүздескен венгриялық саяхатшы А. Вамбери жазды. Қоқан хандығы құрамындағы қазақтардың санын сұраған А. Вамбериге қазақтар: «алдымен даладағы құмды сана, содан соң бізді сана» деп күле жауап беретін еді» 23, 23 б., — дейді саяхатшы.

Қоқан хандығындағы биліктің отырықшылар мен көшпелілер арасындағы аракідік алмасулары, хандықтың сыртқы саясатындағы ұстанымдарының да өзгеруіне алып келіп отырды. Мәселен, билік басына отырықшы халықтардың өкілдері келсе, онда Қоқан хандығының сыртқы саясатындағы ұстанған позициясы бейбітшіл, келісімпаздық сипатта болатын, ал билікке қазақтар мен қырғыздар келсе, онда Қоқан хандығы Ресей, Қытай сияқты империяларға қарсы азаттық күрестерін жандандыратын. 1842 жылы Мұсылманқұл бастаған қыпшақтар үкімет басына келген кезде патшалық Ресей басқыншыларына деген соғыс күшейе түсті.
1850 жылы Жетісуда Ұлы жүз қазақтары мен Қоқан хандығы қазақ қыпшақтарының біріккен қолы Тойшыбек бекінісінің түбінде орыс әскерлерін талқандап, жеңіске жетсе, 1852 жылы Сыр бойында қоқандықтар жергілікті қазақтармен күш біріктіру арқылы полковник Бламбергітің әскерін жеңіліске ұшыратып, шегінуге мәжбүрледі.
Қазақтардың арасында билік үшін талас-тартысты тиімді пайдаланған өзбек Хұдияр 1852 жылы Мұсылманқұлды қолға түсіріп, оны дарға астырып өлтірді. Билік басына келген соң тек Коқандағы емес, бүтіндей Ферғана өңіріндегі қыпшақтардың тұқымын құртуға бұйрық берді. Нәтижесінде, осы жылы 20000-нан астам қыпшақтар қырылды. Қырғыннан аман қалған қыпшақтар Қоқан хандығындағы билікке тек 1863 жылы Әлімқұлдың кезінде ғана қайтадан қол жеткізе алды. Жоғарыда келтірілген деректер қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ сияқты қаны бір туысқан халықтардың жоңғар, Ресей, Қытай және Бұхараның жаулап алу саясатына қарсы өзара саяси одақ құрып, ортақ мемлекетке бірікті деуге толық негіз болады. Мемлекеттегі басты саяси рөлді қазақ рулары атқарды. Оның басты себебі қазақтар басқа халықтардан көп болып, рулық ұйымдық қызметі қырғыздар мен өзбектерге қарағанда күшті сақталды. Сонымен қатар, қазақтар жоңғарлар мен орыстардан көп жапа шексе-де, жауынгерлік рухы әлі төмен түспеген еді. Олар қазақ жерін азат етуде Қоқан хандығына үміт артты. Оған Тойшыбек бекінісінің басшысы, Аққұлдың орыстарға жазған хаты дәлел бола алады. Хатта, Аққұл Қоқан хандығында өзгерістер болып, билік басына қыпшақтар келгенін, олардың Абылай ханның бұрынғы қонысы болған Көкшетауға дейінгі жерлерді орыстардан азат ететіні туралы жазылған24.
Билік басына келген Хұдияр хан Ресеймен сауда-саттықты қалпына келтіру мақсатында орыстармен бейбіт келісімге келу жолдарын қарастырып, өз елшілерін жіберіп, былай дейді: «Қазіргі уақытта Қоқандты құлдықта ұстап келген қыпшақтар жойылды, елде тыныштық орнатылды. Ресеймен достық қатынаста болғымыз келеді» 25, с.343.
В. А. Перовскийдің Ақмешітті алу үшін жасаған келесі бір айласы жорық кезінде қоқандықтар мен хиуалықтардың күш біріктіріп шығуына тосқауыл қою үшін оларға қарсы дипломатиялық әдістерді қолдана отырып, екі хандықтың арасындағы араздықты өршітеді де Хиуаны соғысқа араласпауға көндіреді [16, 194 п]. Сонымен қатар Перовский Кіші жүздің билеуші сұлтандарына жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді қазақтардан күштеп жинап алу жөнінде тапсырма береді.
Орынбор генерал-губернаторының бұл нұсқауы қазақтардың ашу-ызасын келтіргені соншалықты, шыдамы таусылған қазақтың көптеген рулары Есет Көтібарұлына барып қосылады да, Ақмешіт жорығына түйе жинап беруге көмектескен сұлтандар мен билердің ауылдарын шабады.
Сыр өңірінің қазақтары өздерін жаулауға шыққан патша әскерлерінің жорығына барынша зиян келтіріп, оны әр түрлі амалдармен тоқтатуға тырысты. Тіпті, жергілікті тұрғындар патша әскерлеріне, Ақмешітке баратын оңай жолды көрсетуден бас тартқан. Мәселен, 1854 жылы 8 қаңтардағы Перовскийдің Сырдария шебінің қолбасшысына жіберген нұсқауында: «…Ал Досбол би осының алдында да бізге оң пейілін көрсетпеген болатын. Сұлтан басқарушылардың талабы бойынша оған, Ақмешітке баратын жолдарды көрсет деген кезде, ол және оның руластары Жөлектің маңында көшіп жүрсе-де, жолды білмейтіндігін айтып, жол көрсетуден бас тартты» [19, 5 п], — делінген.
Орыс әскерлерінің Ақмешіт қаласында жорығы алдындағы дайындық барысында Орынбор қаласына түрлі себептермен көптеген көрнекті ғалымдар, өнер қайраткерлері бас қосты. Олардың ішінде композитор А. А. Алябьев, орыс түсіндірме сөздігінің авторы В. И. Даль, жер аударылған, ақын А. Н. Плещеев пен суретші Т. Г. Шевченко, шығыстанушы ғалымдар А. И. Макшеев, Н. В. Ханыков, суретші баталист В.В. және т.б. болған [20, 92 б].
1853 жылы 22 сәуірде әскер саны анықталғаннан кейін, патша әскерінің Ақмешітке қарай жорығы басталады. Деректер бойынша жорыққа 1 генерал, 6 штаб офицері, 34 обер-офицер, 16 шенеунік, 113 унтер-офицер, 9 кернейші, 1561 қатардағы жауынгер, 424 саптан тыс жауынгерлер қатысқан [21, 15 п].
Патша өкіметі бұл әскери іс-шараға жоғары-деңгейде дайындалып, сол уақыттағы орыс әскерінің барлық түрлері: жаяу әскер, атты әскер, зеңбірек батареялары, инженерлік топтар, саперлік бөлімдер, казактар және әскери флотилия кірген. Жорыққа кейін тағы да 2 обер-офицер мен 158 жауынгер қосылып, жорық әскері 1068 түйеге артылған азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Бутаков бастаған «Перовский» кемесі мен «Обручев» баржасы қосымша күш ретінде Сырдария өзенімен жоғары қарай жорық әскеріне ілесіп жүзді.
Ақмешітке жеткен Перовский бастаған патша әскерлері бекініске тіке шабуылға шығуға бата алмай, бекіністі қоршауға алып, батареяларды орналастыру үшін оның жан-жағынан траншеялар қазады. Бекіністі қорғаушыларға сырттан көмекке әскер келтірмеу амалын қарастырған Перовский Жаңадариядағы тоспаны бұзып жібереді. Кейін орыстардаң осы амалы өз-өзін, ақтады. Себебі, Ақмешітке көмекке келе жатқан қоқан әскері тоспадан жайылған судан өте алмай, уақыттарын өткізіп алады. Жорыққа шыққан әскердің азық-түлігі санаулы күнге ғана жететін болғандықтан, В. А. Перовскийдің бекіністі қоршау арқылы бағындырмақ болған жоспары іске аспады. Оған қоса бекініс маңайындағы қазақтар да басқыншыларға мал мен жем-шөп сатудан бас тартты.
В. А. Перовский енді шешуші шабуылға көшпесе, онда жағдайының қиындай түсетінін біліп, 1853 жылы 8 шілдеде барлық батареялардан бекініске қарай оқ жаудырды. Бекіністі қорғаушылар жаудың күші әскери техникалық жағынан да, адам саны жағынан да көп басым болғанына қарамастан ұзақ уақыт төтеп беріп, патша әскерлерінің зеңбіректерден атқылауына қарсы шабуылмен жауап беріп, бірнеше орыс әскерін өлтіріп кетеді. Бекіністі қорғаушылардың ерлігіне Перовскийдің өзі-де таң қалып, Булгаков деген досына жазған хатында былай дейді: «Бекіністегі 300 адамды өз еркімен берілуге мәжбүр ете алар емеспіз» [22, 107 б.].
Қоқан хандығындағы өзара таластар, Ұратөбе билеушісі Абду-Гафардың Хұдияр ханға қарсы шығуы сияқты Қоқан хандығының өз ішіндегі бытыраңқылық Ақмешіт бекінісін Ресей империясының тез жаулап алуына жағдай жасады. Бірақ, осыған қарамастан, ташкенттіктер, Ақмешітті қорғап жатқан өз қандастарына көмекке әскерлерін жібере алады. Қоқандықтардың күшті әскері, Ақмешітке қарай көмекке келе жатыр деген хабар алғаннан кейін, В. А. Перовский жолдағы өткелдерден қоқандықтарды өткізбеу үшін, күшейтілген орыс әскерлерін жібереді-де, генерал И. В. Падуровқа Жөлекті алуды тапсырады.
Генерал Падуровтың Жөлекті алып, жағдайы оңтайланған В. А. ПеровскийСанкт-Петербургтен алып келген галваникалық құралдарды қолдану арқылы, Ақмешіт бекінісінің қабырғасын бұзып, күшті артилериялық атқылауға ұшыратады. Ақмешіт бекінісін қорғаушылар өз күштерінің әлсіздігіне қарамастан, орыс әскеріне қарсы үш аптадан аса ерлік пен қарсы тұрып, аянбай соғысады.
В. А. Перовский бекіністі қорғаушылардың берілуге дайын тұрғанына қарамастан 27 шілдеде 3 мыңдай жақсы қаруланған әскермен бекіністің ішіне басып кіреді. Ақмешіт үшін болған шайқаста қорғаушылардың 206 адамы өліп, 35 адам жарақаттанса, орыстар жағынан 9 адам өліп, 16-сы ауыр жарақаттанып, 30 адамы жеңіл жарақат алған. Тұтқынға түскен 74 қоқандықтың біреуі ғана бұхаралық саудагер, қалғандарының барлығы жергілікті жердің қазақтары болып шықты. Олардың бәрі кейін орыс билігіне қарсы шықпаймыз деген уәде бергеннен соң ауылдарына қайтарылған [16, 218–307 пп].
Ақмешітті басып алған патша өкіметі бекініске мыңға жуық әскермен бірге 16 зеңбірегі бар күшті гарнизонды орналастырады [16, 218–307 пп]. Сол жылдың 26 тамызында І Николай, Ақмешіт бекінісін Орынбор генерал-губернаторының құрметіне «Перовский» форты деп өзгертті.
Осылайша, Перовский бастаған орыс әскерлерінің Сыр бойына жасаған басқыншылық жорығы Ресей империясы үшін әскери стратегиялық және саяси — экономикалық жағынан аса маңызды болды. Орыс әскерлерінің Ақмешітті басып алуы Ресей империясының иелігіне 500 шақырымдық жерді қосып қана қойған жоқ, бүкіл Кіші жүз қазақтарының жайлауларымен бірге қыстауларына да бақылау жасауға мүмкіндік берді.
Әскери және саяси-экономикалық жағынан үлкен маңызы бар, Ақмешіт бекінісінен айрылып қалғанына көнгісі келмеген қоқандықтар орыс билігінен оны қайтару жолында бар күштерін салып, жанталаса күресті. Қоқан хандығындағы билік үшін талас-тартыс пен қазақ қыпшақтары мен сарттардың арасында болған өзара қырқысу соғысының зардабы зор болды. Ақмешіттің қоршауда болған уақытында оған дер кезінде көмекке келуі және орыс әскерлеріне тойтарыс беру мүмкін болмады. Яғни, Қоқан хандығындағы отырықшы халықтармен көшпенділердің арасында жиі болып тұратын билік үшін соғыстың салдарынан қоқандықтардың орыстарға қарсы күресі жүйелі түрде жүргізілмей, үзік-үзік бөліктерден тұрды.
Дегенмен хандықтағы өзара қырқысуға қарамастан қоқандықтар Ресей империясының қол астына өткен, Ақмешіт бекінісін қайтарып алу үшін бірнеше рет жорықтар ұйымдастырады. Қоқандықтардың барлық жорықтары жеңіліспен аяқталды. Мысалы, Қоқан ханы бас қолбасшы Жақып бекті 12 мың әскерімен, Ақмешітті басып алуға аттандырған кезде, Перовск фортындағы 1055 адамнан тұратын гарнизон оларға қарсы шабуылға шығып, Жақып бекті қашуға мәжбүр етеді. Қоқандықтар бұл шайқаста мыңдаған адамы мен 17 зеңбірегінен айрылып, бүкіл мүлкі орыстардың қолына түседі.
Қоқандықтардың келесі жорығын 1853 жылы 24 тамызда Ташкенттен Сәбден қожа бастап, оған 7 мың Ұлы жүз қазағы мен 700 хиуалық қазақтар қосылады. Қоқандықтардың Ақмешітке жасаған жорығы орыстарға көп шығын әкелсе-де шабуылдаушылар үшін сәтсіз аяқталады. Сәбден бастаған жорыққа Хұдияр хан бастаған сарттар мен өзбектер ешқандай көмек бермейді.
Сол жылы ташкенттіктер, Ақмешітті қайтарып алу жолында тағы да әрекет жасап көреді. 24 қарашада басталған жорықты Ташкент қазақтары Софы бек пен мыңбасы Қасым басқарады. Жорыққа түйелерге жегілген 17 зеңбірегі бар 10 мыңнан аса адам қатысып, 4 желтоқсанда олар Жөлекті басып алады да, 14 желтоқсанда, Ақмешіттің түбіне келіп орналасады. Бұл жолы да ташкенттіктерге Қоқан хандығы тарапынан ешбір көмек берілмейді. Ал Хиуа хандығы болса, әскері жаппай жұқпалы ауруға шалдыққандықтан қолдау көрсете алмады.
Шайқас кезінде ташкенттіктер бекініске тіке шабуыл жасамай, орыс әскерін бекіністен шығуын күтіп, үш күн бойы оны қоршауда ұстайды. Бекініс бастығы подполковник Ионей-де, ашық соғысудан жалтарып, бекініс маңындағы пикеттер мен бақылаушы орындардағы әскерлерді форттың ішіне жинайды. Бұл кезде фортта 1055 әскер мен 17 зеңбірек орнатылса, Сырдария өзенінің жағасында «Перовский» әскери кемесі тұрды [16, 547 п].
16 желтоқсанда ташкенттіктер әскери күшін Сырдарияның солтүстік жағалауына бағыттап кеме мен фортқа бір мезгілде шабуыл жасайды. Бірақ олар артиллериялық атқылауыдың астында қалып кейін шегініп кетеді. Осы шайқастан кейін орыстар қорғаныс тактикасын өзгертіп, батыл іс-қимылдарға көшеді. 18 желтоқсанда түнде майор Шкуп 4 ауыр және екі жеңіл зеңбірегі бар 590 әскермен бекіністен шығып қоқандықтарды шабуылдаса, жүзбасы Карамышев 450 казакпен ташкенттіктердің оң қанатына тиіседі. Дегенмен ташкенттіктер тез естерін жинап, орыс әскерлерін қоршап алады. Нәтижесінде орыс әскерлері ауыр жағдайда қалады.
Осы кезде прапорщик Алексеев пен штабс-капитан Погурский бекіністе қалған әскерлерді алып екі бағыт бойынша тұтқиылдан соққы береді. Ташкенттіктердің абыржып қалғанын байқаған майор Шкуп, олардың бүкіл зеңбіректерін басып алады. Орыс әскерлерінің батыл қимылдарына төтеп бере алмаған ташкенттіктер кейін қарай қашуға мәжбүр болады. Оларды подполковник Огареев бастаған орыс әскерлері 4 шақырымға дейін қуып тастайды. Осы шайқаста ташкенттіктер 2000 адамынан айырылса, орыс әскерлері тарапынан 18-і оққа ұшып 38-і жараланады [25, 158 б.].
Бұл жеңілістен кейін қоқандықтар, Ақмешітті қайтарып алуға әрекеттенбейді. Қоқан хандығының Ақмешітті қайтарып алуға жасаған бірнеше әрекеттері патша үкіметін форттың қорғанысын күшейтуге итермелеп, 1854 жылы генерал-майор Бюрно бастаған 4 инженер-офицер мен мыңға жуық башқұртты Сыр бойына аттандырады. Сол жылы Ресей патшасының жарлығы бойынша Перовск форты, 1 Қазалы форты, 2 Қармақшы форты (Қараөзек және Жаңадария жанындағы бұрынғы Құшқорған бекініс) және 3 Қуандария форты (Күмісқорған бекінісінің орны) құраған Сырдария әскери шебі құрылды. Әскери шеп басшысының құқы дивизия командирінің дәрежесімен теңестіріліп, шептегі бекіністерге, әскерге, қазақтарға және Арал флотолиясына билік жүргізу міндеті жүктелді. Сонымен қатар оның міндетіне Орта Азия хандықтары туралы барлау мәліметтерін жинау, шептегі айырбас саудасын дамыту, қазақтарды бақылауда ұстау, олардың ру басшыларын тағайындау, түтін салығының уақытында түсуін қадағалау, жергілікті халықтардың арасындағы қылмыстық істерді шешуге араласу және тағы басқа да істер кірді.
Сырдария әскери шебі құрылған уақыттан бастап, Ресей билігіне өткен Сыр қазақтары — облыстың орта бөлігінің билеуші сұлтандарына бағындырылып, оған Сырдария қазақтарын басқару туралы нұсқаудың негізінде бірнеше міндеттер жүктеледі. Мәселен:
1) Сіз (қазақтардан тағайындалған сұлтан) бейбіт уақытта Сыртқы істер министрлігінің аға шенеунігіне бағынасыз, ал өңірде тәртіпсіздіктер басталған жағдайда Сырдария шебінің қолбасшысына бағынып, соның барлық бұйрығын дәлме-дәл орындайсыз;
2) Егер-де сіз орныңызды ауыстырып, үш күннен астам уақыт болмасаңыз, онда сіз орныңызға сенімді деген адамды қойып кетуге тиіссіз;
3) Патшаның Орынбор қазақтарына шығарған жарлығы бойынша сізге қарасты барлық қазақтар 1 сом 50 тиын түтін салығын төлеуге тиісті. Сіз бұл салықтардан босатыласыз;
4) Салықты жыл сайын әрбір қыркүйек және қазан айларының аралығында жинап, аға шенеунікке әкеліп тапсырасыз. Ол сізге жиналған салықты алғаны туралы орысша және қазақ тілінде қолхат береді;
5) Салық жиналатын уақыттың алдында сіз қарамағыңыздағы түтін саны туралы, олардың кетіп қалғаны бар немесе келіп қосылғаны жөнінде толық мәлімет бересіз. Соған байланысты, аға шенеунік сізге түтін санына қарай түбіртектер (квитанция) береді. Сіз сол түбіртектерді қарамағыңыздағы қазақтарға таратып бересіз-де, оларға оны жоғалтпауды тапсырасыз. Егер-де салықты төлегені жөнінде тексеру болған кезде оны көрсете алмаса, онда ол қайтадан төлеуге міндетті;
6) Сіз міндеттсіз: а) қарамағыңыздағы қазақтардың Ресей билігіне адал болуына; б) алаяқтар мен бүлікшілерді, өз бетінше кетушілер мен бағынбайтындарды байқасаңыз, аға шенеунікке жеткізуге; в) сіздің қарамағындағы қазақтар көрші жатқан мұсылман иелегінен немесе Ресейден келген қашқындар мен қаңғыбастарға пана бермеуге; өз балаларын Қоқан, Хиуа және Бұхара молдаларына оқытпауға; зекет жинаушылар мен хаттар мен үндеулер (прокламация) таратушыларды байқауға. Егер-де осындай адамдарды көрсеңіз онда оларды дереу ұстап алып, жақын жатқан бекіністің бастығына жеткізуге тиіссіз;
7) Қарамағыңыздағы қазақтардың арасында Қоқанға немесе Хиуаға берілген адамдар немесе олардың тыңшылары, болса оларды дереу ұстап алып бекініс басшыларына тапсыруға тиіссіз;
8) Көрші жатқан қазақтар барымтаға шыға ма, хиуалықтар мен қоқандықтар қарулы күшпен шабуыл жасамай ма, соған алдын-ала барлау жасап жақын жатқан бекініс бастығына жеткізу қажет [26, 50–54 пп].
Осылайша, Ресей билігі өз бодандығына өткен сұлтандар мен беделді адамдарға осынау міндеттер арта отырып, оларды патша билігіне қызмет жасап қана қоймай, оның «көзі мен құлағына» айналуын қажет етті. Ақмешітті орыс әскерлерінің басып алуы және бекініс түбінде қоқандықтардың жеңіліс табуы — Орта Азиялық хандықтарға саяси жағынан түрліше әсер етті. Мәселен, Хиуа ханы көрші хандықтың орыстардан жеңіліс табуын өзінің шекарасына төнген қауіп деп түсініп, Қожанияз бекінісіне 350 әскерді азық-түліктің мол қорымен аттандырып, Жаңақала бекінісін қалпына келтірді. Қоқан хандығымен орыстарға бірге қарсы шығу мақсатында келіссөздер жүргізе бастады. Алайда, бұл келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Ал Бұхар хандығы болса қоқандықтардың жеңіліс тапқанына іштей риза болғанымен, орыстардың өңірдегі билігінің күшейгеніне сақтықпен қарайды. Бірақ, соғыс сауданы құлдыратып жіберетін болғандықтан Бұхар хандығы патша өкіметімен ашық түрде жауласуға тәуекел ете алмады. Дегенмен, патша өкіметінің хандықтың Сыр бойындағы ең мықты бекінісі, Ақмешітті басып алуына қоқандықтар шыдап отыра алмай, оны қайтарып алу жолында бірнеше әрекеттерге барады. Оған Хиуа ханының қоқандықтарға жіберген талабы да түрткі болса керек. Сырдария шебі бастығының 1854 жылғы 31 тамыздағы Орынбор корпусының бастығына берген № 8 мәліметінде осыған байланысты жағдайды көруге болады: «…өткен жылы 18 тамызда Хиуаға жіберілген қоқанның елшісі келді. Оған Хиуа ханы Бошай бастаған жүз шақты қазақтарды мылтықпен қаруландырып қосып береді-де былай деп мәлімдеген: егер-де қоқандық хан, Ақмешітті ала алмаса, онда орыс бекінісін өзім барып босатамын да ондағы қазақтарды өзіме қосып аламын деген» [27, 43 б.].
Хиуалықтардың белсенділігінен қауіптенген Қоқан ханы Түркістан, Ташкент сияқты қалаларда әскер жинақтап, зеңбіректер құю үшін қала халықтарынан мыс ыдыстар жинап, Ақмешіттің маңайына әскерді шоғырландыра бастайды. Бұл шаралардан басқа Қоқан хандығы жергілікті қазақтарды орыстарға қарсы күресуге шақырған үндеулер таратып, әскерге жасақ беруге үгіттейді. Өңірге басып кірген басқыншыларға наразы болған қазақтар бұл үндеулерді қолдап жан-жақтан Қоқан әскеріне қосыла бастайды. Мысалы, Қаратауда көшіп-қонып жүрген қоңыраттар Қоқанға Өсімбайдың басқаруымен 3 мың жігіт берсе, Кенесарының ұлы Уәли 7 мың қолмен қоқандықтарға қосылды. Басқыншыларға қарсы күресте Сыр бойындағы қазақтардың бір бөлігін басқарған Кенесарының ұлдары үлкен белсенділік танытып, Қоқанды барынша қолдап, тіпті хандықтағы белді әскери басшылық дәрежелерін иеленді. Мысалы, Кенесарының ұлы Тайшық Созақ бекінісінің басшысы болған.
Құмсуатта көшіп жүрген қазақтар да орыс әскерлерімен шайқасу үшін мылтыққа оқ-дәрі дайындау мақсатында қолдан күкірт жасауды үйренген. Алайда, оны дер кезінде біліп қалған Сыр бойындағы патша әскери-әкімшілігінің бастығы Осмоловский 1854 жылы 31, ақпанда қазақтардың күкірттерін күшпен тартып алады да, өздерін аяусыз жазалайды. Осылайша, Қоқандықтардың Ақмешітті қайтарып алмақ әрекеттері басталмай жатып-ақ сәтсіздікке ұшырайды. Себебі Қоқан хандығындағы саяси жағдай қайтадан шиеленісіп, тақ үшін талас-тартыс тағы да өз күшіне мінеді. Екінші жағынан Бұхар хандығы да Қоқанға қауіп-қатер төндіріп, хандықтың жағдайы қиындай түседі.
Осы жағдай Сыр бойына бекініп алған Ресей империясы үшін Оңтүстікке қарай жылжуға мүмкіндік берсе-де, патша өкіметі бұл қолайлы сәтті пайдалана алған жоқ. Өйткені Түркиямен болған соғыс, Есет Көтібарұлы бастаған қазақтардың көтерілісін басуға күштердің бөлінуі патшалық Ресейдің өңірде қажетті әскери күштерді топтастыруға шамасы келмей, Қоқанға қарсы шешуші әрекеттерге бара алмады.
Сырдағы патша әскери-әкімшілігі кішігірім қарулы әскерлерді Елекей Қасымұлына ғана емес басқа да қазақ билеушілеріне жасақтап беріп, Қоқан мен Хиуа иелігіндегі Ресей билігіне өткісі келмеген қазақ руларының малдарын айдап әкелуге жұмсап отырады. Мысалы, патша әкімшілігі 1861 жылдың 17 қаңтарында Қызылқұмдағы қоқандық қазақтардың ауылын талқандау үшін Шыңғыс Жантаев пен Әділ Сауқұмовты өз қоластындағы қазақтарымен аттандырған. Сырдария шебінің бастығы Фитингоф Перовскийге: «Орынборлық қырғыздардың белсенділік танытуының нәтижесінде Созақ қамалы маңынан 40 түйе және 100-ден астам жылқы айдалып әкелінді» [28, 12 п], — деп мәлімдеме берген.
Осыған қарамастан Ресей билігін мойындаудан бас тартқан қазақтар Қоқан мен Хиуаның иеліктеріне көшіп кетуін тоқтатпады. Мысалы Пірәлі Өтетілеуұлы мен Әли Мүсірепұлы билер бастаған қазақтың 200 ауылы Хиуа мен Бұқар хандықтарының жеріне көшкен. Қоқан мен Хиуа иеліктеріне көшкен қазақтардың саны уақыт өткен сайын көп болды. Кейбір қазақ руларын орыс әкімшілігі қорқытып, үркіту арқылы ұстап отырған. Мысалы, 1855 жылы көктемде Жөлек түбіндегі қазақ рулары Жаңақорғанға көшпек болғанда оны сезіп қалған орыс әкімшілігі рубасшыларын Перовскіге шақыртып алып, оларды райларынан қайтуға мәжбүрлейді.
Патша әкімшілігінің бұл айла-әрекеттері өз «жемісін» беріп, 1854 жылы 20 шілдеде Түркістаннан 300 қоқандық ескі Жаңақорғанға келіп тоқтайды. Оның 100 адамы Жөлектің жарты жолындағы Баубектің ауылына келіп, одан 20 адам бөлініп шығып, Жөлектің маңындағы Ресей билігіндегі қыпшақтардың старшыны Байбөріден зекет сұрайды және Жаңақорғанға көшуді талап етеді. Байбөрі болса оларға орыстардың жазалауынан қорқатындығынан көшпейтінін және орыс бастығының рұқсатынсыз зекет төлемейтінін айтады. Жағдайды түсінген қоқандықтар соғымға 1 жылқысын алып кейін қайтады [27, 82 п].
Бүкіл Сыр бойын өз билігіне бағындырмақ болған патша әкімшілігінің отаршылдық саясатына қазақтардың наразылығы уақыт өткен сайын күшейе түсті. Міне, осы кезде патша әкімшілігі Перовск фортымен шектеліп қалған Ресей билігіне қауіп төненітін түсінеді. 1855 жылы орыс әкімшілігі Райым бекінісінің қашықта орналасқанын ескере отырып, оны әскери айлақ ретінде пайдалануды көздейді-де Қазалы тармағында форт салу туралы шешімге келеді. Бұл патша әкімшілігіне Райымға Хиуадан тікелей төнетін қауіпті жою үшін қажет еді. Кейін патша өкіметіне оның да сәті келіп, Хиуада қоңыраттардың көтерілісі басталып, Қожа Нияз бекінісін талқандап кетеді. Қаңырап қалған бекіністі уақытында дереу басып алуды көздеген Самара және Орынбор генерал-губернаторы 1856 жылы 9 наурызда Коллеж асессоры Осмоловскийге Қожа Нияз бекінісін алу үшін қазақтардан 50 түйе жинауға және Қуандариядан өту үшін көпір салдыртуға бұйрық береді. Нәтижесінде, қираған бекіністің орнына орыстардың Қазалы атты шағын ғана форты салынып, оған Райым бекінісіндегі мекемелер мен халықты көшіреді.
Перовск фортын басқа бекіністермен байланыстырған патша үкіметі Сыр бойындағы иелігін кеңейту үшін Қоқан хандығына қарай жаңа жорықтар жасау мақсатында дайындық жұмыстарына қызу кіріседі. Алайда 1856 жылы басталған Сыр қазақтарының көтерілісі бұл жоспарды уақытша жүзеге асырмай тастайды. Бұл көтерілістің орыстарға қауіпті болғаны соншалықты патша әкімшілігі Қоқан хандығымен арадағы байланысты жақсартуға көп күш жұмсайды. Тіпті, Перовскіде тұтқында отырған барлық қоқандықтарды ешқандай шарт қоймай босатып жіберуге мәжбүр болады. Бұл көтерілістің өте қауіпті болғанын Н. И. Добросмыслов: «Біздің басшылық Жанқожамен ерегісіп қалады да өздеріне қауіпті жау тауып алады. Өйткені Жанқожаның халық арасындағы беделіне ешкім шек келтіре алмайтын еді» [29, 107 б.], — деп жазады.
1856 жылы желтоқсанда басталған Сыр қазақтарының көтерілісі Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы тікелей бағытталып, оны Кішкене шектілердің рубасшысы, батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарды. Бастапқы кезде Ресей бодандығын қабылдап кейін патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлының бұл әрекетіне қазақ-хиуа қатынастарын зерттеуші А. А. Абдуалиев былай деп анықтама береді: «Жанқожаның орыс бодандығына өту себебінің бірі Обручевтің қазақтарға жеңіл салық саясатын жүргізуі болған еді. Райым бекінісін салу барысында ордалықтардан түтін салығы мен көлік ретінде пайдаланатын түйеден басқадан салық алмаймын деген келіссөздің бұзылуынан Жанқожа ереуіл бастады» [30, 138 б.].
Жаңқожа бастаған көтерілістің Сырдағы Ресей билігіне төндірген қауіптің күшті болғанын флигель адъютант Бутаковтың 1863 жылы 14 қыркүйекте Орынбор корпусының командиріне жазған хаты дәлелдей түседі: «Мен мұнда 1856–1857 жылдары болдым. Ол кезде өңірдегі бүкіл дала Жаңқожа батырдың басшылығымен наразылыққа шыққан еді.

Сол кезде біз әрең дегенде форттағы шаруашылықты сақтап қалдық. Соның өзінде бүлікшілер жинап қойған шөбімізді өртеп кетті. Бізде оларды басып тастайтын күш жетіспеді. Тек Перовскіден генерал Фитингоф бекіністегі әскердің жартысын алып келіп қана көтерілісті баса алды. Біздің бақытымызға қарай қоқандықтар осы жағдайды сәтті пайдалана алмады. Хиуалық қазақтар да көтерілісшілерді рухани жағынан қолдады. Кім кепіл бола алады, сол кездегі бүлік соңғысы деп. Қазіргі уақытта қазақтарға ықпалы бар рубасылар іштей бізге қарсы. Жалпы алғанда бұл жердегі әскердің саны көп болғаны былай тұрсын, тіпті аз. Сырдария шебінің қауіпсіздігі тек Хиуа мен Қоқандағы тәртіпсіздіктердің негізінде ғана аман тұр. Егерде осы хандықтарда тәртіп орнаса немесе Бұхар әмірі оларды өзіне қосып алса, онда бізді тыныш қоймайды» [31, 125–126 пп].
Негізінде көтеріліс № 1 форт маңынан қоныс аударушыларға егін өсіруге жер бөлген бекініс басшысының әрекетіне наразылық ретінде басталады. Өйткені қазақ отбасылары өздерінің егістік жерлерінен айрылып, егін салуға жарамайтын, егінді суаруы үшін, ағын суы жоқ жерлерге қуылды. Сондай-ақ Арал өңіріне орыстар келген кезден бастап қазақтар оларға түтін салығын төледі және басқа да әр түрлі міндеткерліктерді атқарды. Яғни, қазақтар жолдарды жөндеуге, көпірлер салуға, су жүретін арықтарды тазалауға, жергілікті әкімшілік мүшелерін асырауға, жолсапарға шыққан шенеуніктерге қаражат бөлуге, іс-сапармен келген қызметкерлерге үй беруге, оларға отын жеткізіп беруге міндетті болды. Сонымен қатар жергілікті патша әкімшілігі бекіністерді салу үшін мыңдаған қазақтарды еріксіз айдап әкеп, тегін жұмысқа салды. Сондықтан патша өкіметінің қазақтарды қанауға бағытталған бұл іс-әрекеттері халықты ашындырып, ашық түрдегі наразылықтар мен көтерілістерге ұласты. Көтеріліс бүкіл Қазалы аймағын қамтып, оған үш мыңнан аса адам қатысты және орталығы Жаңақала бекінісі болды. Орал бекінісінің бастығы Михайлов Сырдария шебінің бастығы Фитингофқа жіберген құпия мәліметінде «Жанқожаның қарақшылары арасында қарасақалдар, кішкене шектілер және төртқаралардың бір бөлігі бар», — деп хабарлады.
Ұрыс қарсаныңда көтерілісшілерге шекті руларынан басқа құмды аудандарды мекендеген басқа қазақ рулары қосылады. Көтерілісті Жанқожамен бірге Бөрісұлтан, Дабыл, Қожа Баймұхамед және басқалар басқарды. Көтерілісшілер шотпен, сойылмен, кетпенмен қаруланды. Азын-аулақ адамдардың ғана мылтықтары болды. 1856 жылы желтоқсанның орта шенінде Жанқожаның жасағы алдымен казактар мекендеген «Солдатская слобода» поселкасын жойып, № 1 Қазалы форты мен Перовск фортының бекіністеріне жақын келіп орналасады да күтпеген жерден Сырдария шебіне шабуыл жасайды. 1856 жылы желтоқсанның аяғында Қазалыны көтерілісшілер қоршап алады. 28 желтоқсанда форт бастығы Перовскийге: «Қазіргі уақытта солтүстік жағын қоспағанда фортты бүлікшіл қазақтардың жер-жерде шашыратылып орналастырылған қарақшылары қоршауға алған, олар біздің әскердің кез-келген қозғалысы жағдайында дала түкпіріне кетіп қалады. Сондықтан да гарнизон жыртқыштардың бекініске шабуылын күтіп алуға және сонан соң пішен тасып алумен, форттың әлсіз жақтарын қорғаныс жағдайына келтірумен қызу айналысып отыр» [32, 35–37 пп], — деп мәлімдеді.
Бекіністі қорғап тұрған казактардың жүздігі Михайлов, елу жаяу әскер және 1 зеңбірегі бар орыстардың әскерін басқарып көтерілісшілерге қарсы шығады. Фортты жан-жағынан қоршап алған көтерілісшілер 3 казакты өлтіріп, қазынаның шөбін өртеп жібереді. Осы кезде көтерілісшілер майор Булатов бастаған орыс әскерлерінің екінші тобымен шайқасқа түседі. Соғыс қимылдары желтоқсан айының аяғына дейін созылып, алма-кезек жеңістермен өтті. Орынбор генерал-губернаторы Перовский Кенеттен басталған көтерілісті басуға Сырдария шебінің бастығы Фитингофқа бұйрық береді. Ал Жанқожа бастаған көтерілісшілер болса, Қазалы фортына шабуыл жасауға мұқият әзірленеді. 1857 жылы қаңтар айында көтерілісшілердің саны бес мыңға жетті. Перовскийдің нұсқауын орындаған Фитингоф 9 қаңтарда 1 зеңбірегі және 2 ракеталық станогі бар 300 казак пен 320 жаяу әскерді бастап жолға шығады [32, 39–40 пп].
Көтерілісшілермен қақтығыс сол күні Қазалыға жақын жердегі Арықбалық алқабында өтеді. Қамыс арасында жасырынған қазақ мергендері орыс әскерінің ту сыртына оқ жаудырып, алты адамын жаралайды. Шайқастың шешуші кезеңінде көтерілісшілер шабуылға шығады. Бірақ зеңбірек пен мылтықтардан атылған оқтардың астында қалған көтерілісшілер ауыр шығынға ұшырап, кейін қарай қашуға мәжбүр болады. Ауыр жараланған Жаңқожаның өзін көтерілісшілер оқтың астынан әрең аман алып шығады. Жеңіліс тапқан көтерілісшілерді патша әскерлері аяусыз жазалап, ауылдарын тонап, 212 үйін өртейді. Қолға түсірілген ірі қараның өзі ғана 20 мыңнан асты.
Сырдария қазақтарының көтерілісінің қайталануынан қорыққан патша 1858 жылы бүлікке қатысқан қазақтарға кешірім беретін жарлық шығарады. Бұл жарлық көтеріліс қарқынын бәсеңдеткенімен көтерілісшілердің қозғалысын баса алмады. Керісінше көтерілісшілер 1860 жылы сұлтан Бөрі, Жанқожа, оның ұлы Итжемес, немерелері Жанқұлы мен Жанмырза орыс билігіне қарсы әрекеттерін жалғастырған. Катенин 1860 жылы наурыздағы әскери министрге жазған хатында: Жаңадария маңында старшина Елекей Қасымовтың басшылығындағы әскердің 1860 жылдың қысында Жанқожа жасақтарынан талқандалғанын көрсетеді.
Патша әкімшілігі Сыр қазақтарының азаттық көтерілісінің басшысы әрі рухани жетекшісі Жаңқожа Нұрмұхамедовты жою үшін арнаулы жазалау отрядын жіберді. Бұл отряд 1860 жылы Жанқара көліне жақын жердегі Қызылқұмда орналасқан Жаңқожа ауылын кенеттен қоршап алып, сол жерде Жаңқожа батырды мерт қылды. Ауылы тоналып, 130 түйе, 115 жылқы, 216 сиыр және 2234 қой айдалып әкетті [9, 390 б].
Көтеріліс 1862 жылы 8, ақпанда № 1 форттың маңына Жанқожаның немере інісі Жанмырза, Ақмурзин келіп, патша әкімшілігіне өз еркімен берілгеннен кейін ғана тоқтайды.
Патшалық Ресей Хиуа хандығындағы қазақтарды өзара қырқыстырып, Жанқожа бастаған көтерілісті талқандаған соң өзінің отаршылдық жоспарын одан әрі жүзеге асыруға кіріседі. Орынбор бағыты бойынша патша өкіметі Сырдың төменгі, ағысын толық жаулап алуды аяқтауға кіріседі де Ташкент билеушісі Күшбекке: «Егер сендер Ресеймен бейбітшілік қарым-қатынаста болғыларың келсе, Ақмешіт пен Түркістан аралығындағы бекіністер еш қарсылықсыз берілуі тиіс» — деп шарт қояды. Патша өкіметінің қойған шартын ташкенттіктер жауапсыз қалдырады.
Алдына қойған мақсаттарын орындауға кіріскен патша әкімшілігі ташкенттіктердің ірі қамалы Жаңақорғанды басып алуға ұмтылады. 1861 жылы 22 қыркүйекте 7 штаб-офицер, 32 обер-офицерлер, 719 төменгі шендегілер және 9 зеңбірек пен 3 ракетасы бар генерал-лейтенантА. О. Дебу басқарған орыс әскері Жаңақорғанға шабуыл жасайды [33, 129–130 пп]. Шабуыл кезінде орыс әскері үш адамынан айрылады. Осыдан кейін Дебу қамалды зеңбірек оғының астына алу туралы бұйрық береді. Орыс әскерлерінің қамалды бомбалағаны соншалықты оны кейін басқыншылар қайтадан салуға мәжбүр болды. Қамалды қорғаған қазақтар ерлікпен шайқасты. Бірақ қамал ішінде орын алған өрт 50 пұттық жарылғыш заты бар қоймаға жақындағандықтан қоқандықтар қамалды орыстарға береді. Жаңақорған түбіндегі шайқас Сыр қазақтарының екіге бөлінгенін көрсетті. Мәселен, Кенесары ханның ұлдары Тайшық пен Ахмет өздерінің қарамағындағы қазақтарымен Патшалық Ресей жағында соғысса, Сыздық Кенесарыұлы бастаған қазақтар қоқандықтар жағында болды. «Жаңақорғанды орыстар алғанда, — деп көрсетті Дебу, — көп қазақтардың бекініс ішінде руластары мен туыстары болды. Мысалы, қыпшақ биі Байбөрі Шоновтың өзі орыстар жақта, ал оның ұлы Жаңақорған бекінісі ішінде, қоқандықтар жағында соғысты». Кейін Қоңырат Телқожа батыр, Қаңлы Айдарбек батыр, Бектібай батыр Жалаңтөсұлы бастаған қоқандықтар Қарамұрын түбінде Тайшық, Ахмет жасақтарымен шайқасқа түседі. Ұрыс барысында Телқожа батыр Тайшықты найзаман түйреп өлтіреді.
1861 жылдың аяғында орыс әскерлерінің қоқандықтардың Жаңақорған мен Дінқорған бекіністерін басып алуы Сырдарияның бүкіл төменгі, ағысы Ресей империясының билігіне өтіп, орыс әскерлерінің Орталық Азияға қарай жылжуына жол ашып берді. Ресей империясына Қазақ даласын жаулап алуға 130 жыл керек болса, Орта Азияны бар болғаны 20–25 жылда өздеріне бағындырды.
Патшалық Ресейдің Сыр өңірін жаулап алу барысында жүргізген соғыстары мен саясаты, еркіндік сүйгіш қазақтардың бодандықты қабылдамайтындығын, оларды тек қана озық қарудың күшімен бағындыруға болатындығын көрсетті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Киняпин А. С. БлиевМ. М. ДегаевВ. В. Кавказ и Средняя Азия во внешней политике Россий.- Москва: МГУ, 1984.-328 с.
2. ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 6-іс.
3. РФОрОММ. 6-қ., 10-т., 5873-іс.
4. ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 2-iс.
5. РФОрОММ. 6-қ., 10-т., 6024-іс.
6. ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 416а-іс.
7. ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 3253-іс.
8. ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 8-iс.
9. Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін).- Алматы: Атамұра, Т.3. 2002. — 768 б.
10. Құрманалин С. 1847–1858 жылдардағы кіші жүздегі ұлт-азаттық көтеріліс және Қарағұл Қонақбайұлы // Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы, 2006 № 4. 7–9 бб.
11. ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 2115-іс.
12. ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 10-iс.
13. РФОрММ. 6-қ., 10-т., 4972-іс.
14. ҚРОММ. 383-қ., 1-т., 9-іс.
15. РФОрОММ. 6-қ., 18-т., 232-іс.
16. ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 14-іс.
17. ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 13-іс.
18. Шеманский А. И. Боевые фронты государства и управление ими. // ВС. 1861. № 5. С.10–31.
19. ҚРОММ. 383-қ., 1-т., 13-іс.
20.Сыр өңірі тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). — Алматы: Атамұра, 1998. — 285 б.
21. РФОрОММ. 6-қ., 10-т., 2-iс.
22. Захарьин (Якунин). Начало завоевания Коканда // ИВ. — 1901. — № 6. — С.80–195.
23. Махаева А. Ш. Тойшыбек би және оның заманы. — Алматы: Баянжүрек, 2006. — 201 б.
24. РФООММ. 366-қ., 1-т., 236-іс.
25. Халфин Н. А. Россия и ханства Средней Азии. — Москва: Наука, 1974. — 408 с.
26. Водопьянов В. Оренбуржцы в Туркестане // ВИС. — 1915. — № 2. — С.135–165.
27. ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 437-іс.
28. ҚРОММ. 382-қ., 1-т., 1-іс.
29. РФОрОММ. 6-қ., 10-т., 7041-іс.
30. Добросмыслов А. И. ГородаСыр-Даринской области. Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулие -Ата, Чимкент. -Ташкент, 1912. -114 с.
31. Абдуалиев А.А. К проблеме характеристики политической деятельности Жанхожи Нурмухаммедова на примере Казахско-Хивинских взаимоотношений. // Вестник КазНУ. Серия историческая. № 1. 2006. С.136–138.
32 ҚРОММ. 382-қ., 1-т., 47-іс.
33 ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1441-іс.

Б. Б. Енсепов, т.ғ.к., С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің аға оқытушысы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?