Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Айбынды Алаш әскері

4296
Айбынды Алаш әскері - e-history.kz
1919 жылдың соңы мен 1920 жылдың басында Алашорда таратылды. Алашорданың әскери құрылымдары толықтай қызыл әскери құрамына өтті

1919 жылдың соңы мен 1920 жылдың басында Алашорда таратылды. Алашорданың әскери құрылымдары толықтай қызыл әскери құрамына өтті.

1917 жылы белең алған саяси өзгерістер Алаш қозғалысына жаңа мүмкіндіктер мен жауапты міндеттер жүктеді. Қазақ халқының тағдырына өздерін жауапты санаған Алаш қайраткерлері 1905 жылдан бері қарай қозғалып келе жатқан автономия мәселесін күн тәртібіне қойды. Ал автономияның басты негізі – ұлттық әскер екендігі анық.

Алаш әскерін құру мәселесі Ақпан төңкерісінен кейінгі жиындарда жиі көтеріліп тұрды. Мәселен, 1917 жылы 21-26 шілдеде өткен бірінші жалпы қазақ съезі. Съез бағдарламасына: «Осы күнгі дайын әскер орнына халық милициясы құрылсын» деген тармақ енгізілді [1, 406].

Тіпті осы съезде қолған алынған Алаш партиясының бағдарламасының жобасында VІ тармағында: «Ел қорғау үшін әскер осы күнгі түрде ұсталмауы. Әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету: әскер табына бөлгенде туысқан табына қарай бөлу. Әскерлік міндетін қазақ атты милиция түрінде атқаруы» [2, 44] деп әскер мәселесіне тоқталып өтеді. Алайда бірінші жалпы қазақ съезінде қозғалған милиция мәселесі нәтиже бермеді.

Ұлттық әскер құру ісінде ілгерілік танытқан Семей өңіріндегі жағдай жөнінде «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Милиция жасау мәселесі» мақаласында былай сипаттайды: «Бұл Орынбордағы жалпы қазақ сиезінде қаралып шешілетін мәселе. Әзірге тыныштықты сақтап, талаудан аман болу үшін  ғана волосной, уездной, обласной милиция түрінде жасала бермек. Қарқаралыда 100, Баян Ауылда 100, Зайсанда 400, Алаш шаһарында 160 бақылаушы дайындалып жатыр. Делегатское собрание мен обласной комиссариат жөн көріп, мылтық әперіп, үйретуші табуға ризалығын берді.

Әр уезд, әр волос милиция жасау үшін күздігүні обласной кеңес бекіткен қаулыны орындауға кірісе беруі жөн. Кісі болса жалдап, болмаса ықтиярымен кірушілерді жазып, әр ел, әр ауылнай тиісті ақшаны жинай беруі керек» [3].

«Сарыарқа» газетінің № 24 санында: «Семей облысында ешкім солдаттан, я басқадан зорлық көрген жоқ. Осы зорлықты, қоршылықты көргендей боламыз ба деп күн бұрын қазақ комитеттері һәм обласной сиез қам қылды. Зайсан уезі басы 100 милиция сайламақ болды. Басқа дуандар ауылнай басы бір-бір бақылаушының қаражатын көтермек.

Осы кезде Семейде 160 қазақ жігіттерін (милицияларын) үйретуге бір офицер алынды. Обласной комиссариат мылтық бермек. Әр үйезде осындай милиция сайлап, оларға да үйретуге офицер алынбақ һәм мылтықты комиссариат тауып  беруге уағда қылды» - делінген [4]. Яғни ұлттық әскер құру ісінде 1917 жылы жергілікті өңірлердегі қазақ комитеттерінің ықпалымен біршама талпыныстар жасалды.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы қарашаның он төртіндегі санында жарияланған үндеуде «Өзімізді өзіміз қорғау үшін, бізге жалпықазақ милициясын құру керек... Егер өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады...» делінген. Осы мақалада 5 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезін шақыру жөнінде үндеу жарияланып, барша аймақтардағы абыройлы азаматтарға сауын айтылады [5, 146-147].

Сондай-ақ «Сарыарқа» газетінің қараша айындағы жарияланған санында: «Біз жұмыстың аса керектігі һәм шұғылдығына қарап, жалпы қазақ сиезін жасамақ болдық. Құрметті ақсақалдар, көзі ашық оқығандар, 5-ші декабрьге қарсы Орынборға келе көріңдер, бас қорғаудың қамы – милиция жасауды кеңесеміз... Біздің сиез болатын кезде жалпы казак атаулының әскерлерінің сиезі болады. Сонда біздің де сөйлесуіміз керек» [6] деп Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда басшылары үндеу тастады. Міне, бұл телеграмда ұлттық әскер құрудың аса өзектілігі және казак әскерлерімен жақындасудың қамы жатқандығы анық байқалады.

Қазақтың қамын ойлаған азаматтар 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өтетін екінші жалпы қазақ съезіне үлкен үміт артты.

Екінші жалпы қазақ съезінде Алаш қайраткерлері автономия жариялау, ұлттық әскер құру және Алашорда автономиясының Ұлттық Кеңесін жасақтау мәселесін күн тәртібіне қойды.

Съездің ең басты нәтижесі – Алаш автономиясын жариялап, Алаш әскерін құру ісінің жолға қойылуы болды. Съез жұмысында әскер түзу мәселесі әр облысқа төмендегідей міндеттелді: Бөкейлік, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, һәм Жетісу облыстарындамилиция саны 13500 болуға тиіс. Бөкейлікте – 1000, Оралда – 2000, Торғайда – 3000, Ақмолада – 4000, Семейде – 1500, Жетісуда – 2000 [7].

Мұхтар Құл-Мұхаммед өз еңбегінде: «Екінші жалпы қазақ сьезінде халық əскерінің əр облыс, уезд орталықтарындағы саны, оларға соғыс өнерін үйрету, қажетті қару-жарақ, қаржы, көлік жəне тағы басқа заттармен қамтамасыз ету тəртібі анықталып, «26 500 адам тіркелген халықтық милиция құру қажет» деген қаулы қабылданады. Бұл идеяны Жақып Ақбаев ұсынған болатын» [Құл-Мұхамед М. Алаш ардагері. Ж.Ақбаевтың саяси-құқылық көзқарстары. Алматы: «Жеті жарғы», 1999. 1996. – 224 б., 29 б] дерек келтіреді. Алайда аталған еңбекте бұл мәліметтердің сілтемесі берілмеген. Сонымен қатар сол кезеңнің тарихи дерегі болып табылатын «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат» газеттері мен «Абай» журналында және Алашорда үкіметіне қатысты мұрағат құжаттарында мұндай мәлімет кездеспейді. Тағы да бір назар аударарлығы, Орынборда өткен екіншісі жалпы қазақ съезіне қатысқан делегаттардың тізімінде Жақып Ақпаевтың есімі кездеспейді.

Орынборда өткен екінші жалпы қазақ съезінің атқарған тарихи миссиясының бірі мемлекеттің тірегі саналатын ұлттық әскер құру ісіне Алаш автономиясы негізінде заңды түрде қолға алынуы болды. Алайда Алаш әскерінің құрылуы саяси оқиғаларға байланысты Қазақстаның әр аймағында әрқилы жүзеге асырылды.

Әскер жасақтау мәселесі Алашорда үкіметін Уақытша үкіметпен, Сібірлік саяси ұйымдармен ымыраласуға итермеледі. Мәселен, Алаш автономиясына қарасты аймақтардан жиналуға тиіс 13500 милицияны үйретуге 135 офицер, 270 инструктор керек болған. Әскер үйретуге қатысты мұндай мамандарды атты казактардан алуға мәжбүр болды.

Алаштанушы Ерлан Сайлаубайдың зерттеулеріне қарағанда: Семей облысында Алашорда әскері 1918 жылы қаңтар және мамыр айларында жасақтала бастайды. Екінші жалпы қазақ съезінің қаулысына сәйкес Алашорда үкіметінің Орталық комитеті Семей қаласының Заречная слободка деген бөлігіне 1918 жылдың қаңтар айының бас кезінде келіп орналасады. Заречная слободка Семей жұртшылығы арасында Алаш қаласы атауымен 1917 жылдың желоқсан айынан бастап белгілі бола бастаған. Міне сол Алаш қаласы маңындағы қырда І Алаш атты әскер полкінің жасақталу тарихы басталады [8, 11]. Семейде Алаш әскерінің құрылу барасында бүкіл жұртты елең еткізген оқиға – 6 наурыз күні таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз жаттығу өткізіп жатқан милиция басшысы Қазы Нұрмұхамедұлының большевиктердің қолынан оққа ұшуы болды [9]. Бұл кезде Семейде Алашордамен қатар большевиктік билік те үстемдікке ие болатын.

1918 жылдың 18 маусымында «Свободная речь» газетінде облыстық қазақ комитеті мүшесінің хабарлауынша, Алашорда басшылары бастаған 300-ге жуық жасақ және 35 орыс офицер-инструкторлары бар топ қалаға келіп кіргені баяндалса [10], сол күні шаңқай түсте Алаш қаласына ұйымдасқан 500 аттылы әскер офицер-инструкторларымен бірге келген. Қала тұрғындарымен кездесуге келген әскерді земство өкілдері жалынды сөздерімен қарсы алды. Бұл топтың арасында Алашорда Кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейхан да болды [11]. Сол кезеңдегі саяси ахуалға байланысты жергілікті аймақтарда үстемдік ету большевиктік үкімет пен Уақытша үкімет билігін арқа тұтқан Алашорда үкіметі арасында алма-кезек ауысып отырды.

Жергілікті «Свободная речь» газетінің кезекті санында: «19 маусым күні кешкі 6-лар шамасында жасақ қалада болып, Никольский шіреуі жанындағы алаңда салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Жиында штаб полкы бастығының көмекшісі Папин, штаб адъютанты капитан Виноградов және Уақтша Сібір үкіметінің өкілі Давыдовтар сөз сөйледі. Кездесу кезінде алаңға келген ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның құрметіне подполковник Тохтамышевтың бұйрығымен атты әскер «Алла» деп ұрандады.

Әскердің ақ түсті туында қазақ тілінде «Жасасын Бүкілресейлік және Сібір Құрылтай жиналысы», «Жасасын Отанның адал ұлдары» деген жазу болды. Жалынды сөздер айтылған кездесу отаншылдық рухта өтті» [12] деп баяндалады. Мұндай әскери шерулердің өткізілуі жергілікті халықтың Алашорда үкіметіне деген сенімін күшейту және халық арасында ел қорғау ісіне қазақ жастарын тарту мақсатында болды деп тұжырымдауға болады.

Әлихан Бөкейхан 1918 жылы 25/12 маусымда «Бек тығыз. Семей уезінің земский управасының бастығы Ахметжан Қозыбағарұлына. Семей уезінен болыс басына 30 милиционер алуға қаулы қылынды. Осы жігіттерді тоқтаусыз жиясыз. Жиылған азамат, ат Семейге келеді. Алаш Орда бастығы Ғалихан» [13] деп қойған №2 қатынас қағазындағы нұсқауға орай Ахметжан Қозыбағаров іле-шала 26 маусымда Семей уезінің барлық болыстарынан ат-әбзелдерін сайлап, 30 жігіттен милиция даярлауды қатаң тапсырады. 

Алашорда үкіметінің заңнамалық құжаттарындағы Алашорда әскери кеңесін құру туралы 11-24 маусымдағы үкімет төрағасы Ә.Бөкейхан, мүшелері М. Тынышпаев мен Х. Ғаббасов қол қойған қаулыда: «Алашорда жанынан үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылсын, оларға әскери министрліктің қызметі кіреді. Алашоданың уездік және облыстық бөлімшелерінің жанынан әскери кеңестер ашылсын. Әскери кеңес большевиктерге қарсы күресте әскер қатарына жігіттерді шақыруға міндеттеледі» [14, с. 109] деп көрсетілген. Яғни әскери кеңес құру арқылы Алашорда үкіметінің әскери жүйесі біршама жолға қойылған.

Жалпы, милицияға ең алдымен еріктілерді, ал егер ерікті азаматтар табылмаған жағдайда міндеттеу негізінде алуды тапсырған еді. Ұлт Кеңесі үйленбеген бойдақ милиционерге айына 60 сом, ал жанұясы бар милициоренге 160 сом жалақы белгіледі [Шаяхметов У. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін»: Оқу құралы. – Алматы, 2001. – 149 бет. – 113-б.].

Алашорда әскерін жасақтауда Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сәтбаев, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сәрсеновтар белсенді атсалысты. Мысалы, Сібір үкіметінің Семейдегі әскери штабында өкіл болып қызмет атқарған Ахмет Байтұрсыновтың орнына Әлихан Бөкейханның бұйрығымен Әбікей Сәтбаев тағайындалды [15].

Алашорда әскеріне қатысты қаулылар мен заңдық күші бар құжаттарда үкімет басшысы ретінде Әлихан Бөкейханның қолы мен Алаш полкының командирі Хамит Тохтамышевтың аты-жөні кездеседі.

Семей  Алаш әскерін қаруландыру мәселесі тікелей Сібір үкіметі әскери министрлігінің келісімімен жүзеге асырылды.

«Большевиктен қалған жер Түркістан мен Жетісу еді. Біздің қазақ әскері Жетісуға жүруге Омбыдан қару-жарақ күтіп тұр. Жуық арада Жетісуды большевиктен тазартады» [«Абай». – 1918, №7.] деп жазды 1918 жылдың ақпан айынан бастап шығарылған, сол кездегі қазақ тіліндегі жалғыз журнал болған «Абай» баспа орны.

Алашорда әскеріне аянбай қызмет етіп, сол жолда құрбан болған қайраткерлердің бірі – Отыншы Әлжанов. Отыншы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанын өткен екінші жалпы қазақ съезінде құрылған Алашорда үкіметінің Ұлт кеңесі құрамына қабылданған 15 қайраткердің бірі болды [5]. Азамат соғысы жылдарында Жетісу өңірінде бұқара халыққа қорған болу үшін Алаш әскерінің Жетісу бөлімін жасақтады. Шілде айында еліне жолдаған хатында: «мұндағы жұрттың басына қиямет-қайым туды, қатын-баламды алып кетіңдер, бұл ел қан жылап, қырғынға ұшырып жатқанда, мен жан сақтап, бұларды тастап кете алмаймын. Өлсем-тірілсем де бірге көремін» [16] деп өңірде орын алған соғыс сипатын аңғартқан. Жетісу өңірінен Үржар арқылы Қытайға өтіп кетпекші болған Отыншы жасағы Көктұмада большевиктермен қақтығысқа түседі. Жау әскер Отыншы бекінген диірменді өртеп жіберіп, Алаш қайраткері ерлікпен қаза табады [17, с. 131]. Отыншының қазасы туралы үзеңгілестерінің басылым беттерінде жариялаған қазанамалары қайраткердің Алаш мүддесі үшін орны толмас шығын екендігін аңғартады. Атап айтар болсақ, Міржақып Дулатов «Жас азамат» газетінде жариялаған қазанамасында: «Ұлтың үшін қан жыладың, қамын жедің, қызықты ғұмырың абақтыда, айдауда өтті. Сонда да тауың шағылмады. Қамалға шаптың, қанға боялдың, қаза таптың, бірақ, «арманда кеттім, Алаш көргенін көре алмадым», деме. Сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас. Хош, бауырым!» [16] деп егіле жазды.

Жалпы әскер мәселесі автономия жариялаудан бұрын қозғалған болатын. Әскер құру үшін арнайы офицер-инструкторлар мен юнкерлерлер дайындайтын оқу орындарын ашу міндеті тұрды.

Алаш қаласында әскер құру ісіне байланысты қазақ ұлтынан офицер мамандарды даярлау үшін 1918 жылдың күзінде офицерлер дайындайтын медресе ашылады. Бұл медреседе Ғабдолла Қоскеев, Ахмет Әуезов, Смағұл Әмзин, Омар Ермұхаметов, Ғабдолхақ Ғабдолрахимов, Хәкім Бейсекеев сынды қазақ жастары оқып, әскери өнерді меңгере бастаған.ікі Офицерлік мектептің ашылуына Хамит Тохтамышев ұйытқы болды. Атап өтерлігі осындай юнкерлік училище Жымпитыда да ашылды [18, 114].

Алашорда тілегіндегі қазақ басылымдары «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат» газеттері мен «Абай» журналында әскер мәселесі қозғалған мақалалар жиі жарияланып тұрды.

1918 жылы тамызда Құрылтай жиналысы комитетіне Алаш автономиясын мойындату мақсатында барған Әлихан  Бөкейхан Алашорданың орталық басқармасына телеграм жолдап: «Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар; Россияны тірілтетін тіреу – бар жұртының әскері; Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі; сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкын, не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені қаншаға болсын қарыздануға қорғанбаңдар. Жеткілікті қару алыңдар. Алаш әтрәдының Орал, Торғай шығармақпыз» [19] деп ұлттық әскер жасақтау ісін жетілдіруге шұғыл тапсырмалар берді.

Алашорда әскерін оңтүстік-шығыс майданда елеулі жетістіктерге жеткендігі мұрағат құжаттары мен сол кезеңнің тыныс-тіршілігінен хабар беретін басылымдарынан анық байқалады.

1918 жылдың 6 шілдесінде Әлихан Бөкейханның Башкұрт автономиясының төрағасы Зәки Уалидиге жазған жеделхатында: «Жетісу облысы большевиктерден тазартылды. Қазақтар, казактар мен офицерлер большевиктік әскерлердің қалдықтарын жоюда. Алтай губернясына біздің әскери жасақтар жіберілді» [20] деп өңірдегі саяси жағдайды айтып өтеді. Атап өтерлігі, Зәки Уәлиди Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханның негізгі одақтастарының бірі болды.

Алашорда үкіметі ел ішінен арнайы нұсқау арқылы жігіттер жинаумен қатар ерікті қазақ жасақтарын да ұйымдастыру ісін қолға алды. Бұл әрекет нәтижесін берді. Мысалы, кейбір осындай ерікті қазақ жасақтары оңтүстік майданда ерлікпен шайқасып жатқандығы орыс тілді басылымдар жариялап жатты.

Осындай қазақ еріктілерінің әрекеттері туралы Алашорда үкіметінің іс басқарушысы Серікбол Ақаев Әлихан Бөкейханға жіберген жеделхатында: «Мұса Сергиопольды алуға қатысты және бір өзі тоғыз қызылдың басын алды. Большевиктер Үржардан қашып кетті. Олардың соңынан Ғабитхановтың жасағы жіберілді» [21] деп Алаш әскерінің кезекті жеңісін хабарлайды.

1919 жылы 11 ақпанда адмирал Колчактың Сібір үкіметімен келіссөз барысында Сібір үкіметі өкілінің «милицияны қалай түсінуге болады?» - деген сауалына Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхан: «Біздің милиция – бұл әскер. Олар іс жүзінде әрекет етуде: біздің 700 жауынгеріміз Жетісу майданында, 540 Троицкіде, 2000 адам Орал облысында. Жетісу майданындағы жеңістер біздің жігіттердің ерен ерлігінің арқасында» [14] деп жауап қатты.

Милицияның керектігі: заман күштінікі, қару-жарақтынікі, атты-тондынікі. Әскер жасап алмасақ, осындай астаң-кестең аударыспақ заманда елімізді, жерімізді, мал басымызды қорғап ала алмаймыз, көрінгеннің ауызында кетеміз, жұрттығымыздан айырыламыз, бұл – бір.

Сыртқа елеулі ел бола алмаймыз, сыбаға ала алмаймыз, осы күнде ұялғанынан бермейді, қорыққанын сыйлайтын заман – екі.

Милициямыз болмаса, елге айбарлы, әмірін тыңдатарлық, тәртіп, тыныштық орнатарлық үкімет бола алмаймыз, халық бассызданып малша жайылып кетеді – үш [22].

Алаш әскерін жасақтау ісіне Алашорда қайраткерлерімен қатар елдің ауқатты азаматтары да үлкен үлес қосқан. Тіпті әскер қажетіне жігіттерді тарту, ат-көлікпен қамтамасыз ету мәселесі де солардың тарапынан өтеліп отырды.

Семей қаласының қазіргі  заман құжаттама орталығындағы Алаш қозғалысына қатысты «Список организатров Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти 1918 года Правительства Восточной Алаш-Орды» деп аталатын құжатта Алаш атты әскерін ұйымдастырушылардың қатарында Алаш қайраткерлерімен бір қатарда ел ағалары, қазаққа абыройлы азаматтардың есімдері аталады [23].

Тіпті «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы №44 санында Алаш әскерінің Алтай өлкесіндегі ерліктерін былайша баяндаған: «Алтай губерниясында ұрыс жүргізген Алаш отрядында Тұрағұл Абаев, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқтар Бегметов, Ғабдолда Қаскеев т.б. ерлікпен шайқасты» [24].

Мәселен, Семей өңірінде Алашордаға ниеттес болған Қаражан Үкібаев [25], Ике Әділов [26], Ақкенже Аймағамбетов [27, 239], Ыбырай Ақпаевтардың [27, 452] 1928 жылғы тәркілеуге қатысты жеке істерінде олардың Алашорда үкіметімен байланыстары, Алаш әскеріне қызмет жасағандығы, қаржылық және материалдық тұрғыда қолдау көрсеткендігі негізгі айыптары ретінде көрсетілген.

1918 жылы «Қазақ» газетінің 12 қаңтардағы 259 санында қазақ халқының басын қорғауға милиция (ұлттық армия) құру қажеттілігі, милицияны үйрететін офицерлер керектігі айрықша өзекті мәселе ретінде көтеріліп, осы шараны жүзеге асыру мақсатында ел ауқаттыларына төмендегідей сауын айтылады: «Юнкер школына жастар кіруге әзіріне ең аз боса 30 мың сомдай қаржы керек. Ол ақшаны Алашордасы жасар, школға кіруден бұрын даярлау керек. Қазірінде Алашорданың қолында сиез тарқарда берген Отарбай қажы Қондыбайұлының 12 мың 500 сомнан басқа ақша жоқ. Елден ақша тез жиылмайтыны мағлұм. Солай болған соң байлар Отарбай қажының істегенін істеп, Алаш автономиясын әуелгі кезде көтермелеп жіберулері тиіс еді. Ноғайлар автономия болса, ұлт қазынасына деп, байларынан ақша ағыл-тегіл құйылып қалады. Біздің байлар да әуелі өздері үшін, екінші, ұлт игілігі үшін шабандық қылмай, Алашордасына, ең болмағанда, қарызға қаржы беретін жөні жоқ па?» [Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 бет. 508-б.].

Семейдің мұрағаттар қорындағы: «Материалы об организации боевого отряда милиции Все киргизским Народным Советом Алаш-Орды» - деген деректен Семей қаласында жасақталаған Алаш әскеріне Шыңғыс елінен көп азамат қатынасқанын көруге болады:

Аршалыдан – 12, Қызылмоладан – 29, Мұқыр болысынан – 99, Шыңғыс болысынан – 21, Бұғылыдан – 27, Машан, Шағаннан – 26, жиыны 144 адам тіркелген.

Атты эскадронға: Қызылмоладан – 22, Бұғылыдан – 8, Машаннан – 4, Аршалыдан – 12, Шағаннан – 12, жиыны 48 адам өздерінің атымен, азығымен келгені айтылған [28, 113].

Алашорданың батыс бөлімінде әскер жасақтау ісінде Жимпитыдағы 18-23 мамыр аралығында өткен қазақ съезінің өзіңдік маңызы бар. Бұл съезде Орал әскери үкіметімен большевиктерге қарсы бірлесіп күресуге келісім жасалды. Келісім бойынша Батыс Алашорда басшылары Орал әскери үкіметіне қаржылай және әскерге керекті ат-көлікпен қамтамасыз етуге міндеттелсе, қарсы тарап Жимпитыда 6 айлық юнкерлік училище ашуға, қазақ жігіттерінен әскери мамандар даярлауға тиісті болды [29, с. 388-389].

Тіпті Алашорда басшылары 1918 жылдың шілде-тамыз айларында Құрылтай жиналысы комитеті және Сібір үкіметі басшылармен болған кездесуде Алашорда әскеріне қажетті көмек алуға қол жеткізді. Бұл туралы «Жас азамат» газетінде: «Қазақтың милиция – әскеріне қару-жарақ беру жағынан бұлар тоқтау қылатын емес. Жоғарыда Досмұхамедовтер Орал қазағының әскері үшін Самар үкіметінен 600 мылтық, бірнеше пулемет алып, Орынбор арқылы елдеріне жіберді» [30] деп айтылды.

Алашорданың батыс бөлімінде әскер құру ісінде ауқатты азаматтары да аянып қалмаған. Мысалы, Алашорда қайраткері, ауқатты азамат Иса Көпжасаров әскер қажетіне 100 жылқы атаса [31, 39 б.], Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров 1918 жылы ақпанда Орал қазақтарының Қаратөбеде өткен үшінші съезінде Алаш әскеріне өз табынынан 200 бас мініс жылқы бөліп берген [32].

Сонымен қатар, Алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткен [33, 91 б.].

Сондай-ақ Алашорданың Торғай бөлімшесі 300 мылтық пен 20 мың патронға ие болды. Орынбор казак әскерлерінің атаманы Дутовтың тікелей көмегімен Қостанай және Ырғыз уездерінде екі атты полк жасақтау жүзеге асырылды [5].

Алашорда үкіметінің әскер қатарына 30 жігіттен мобилизация жасауы ІІІ кезеңнен тұратындығы деректер арқылы анықталып отыр.

І кезең: 1918 ж. 25(12) маусым бұйрығы бойынша әскер қатарына шақыту басталды.

ІІ кезең: 1918 ж. 25 қазанындағы № 218 қаулыға сәйкес Алашорда Ұлт Кеңесінің мүшесі М. Тынышпаевтың бұйрығымен І мобилизацияға ілінбеген болыстардан жедел түрде 30 жігіттен шақыртуды тапсырды.

ІІІ кезең: 1919 жылдың 1 кқазанынан бастап 2-арнайы Далалық Сібір корпусының бұйрығы негізінде капитан Х. Тохтамышевтың бақылауымен және Алашорданың облыстық кеңестеріне жүктелген міндет бойынша шақырту тапсырылды.

ІІІ кезеңдегі мобилизация Колчак үкіметі әскерлерінің Шығыс майдандағы ауыр жағдайына байланысты мәжбүрліктен туындаған шара болатын [Шаяхметов У. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін»: Оқу құралы. – Алматы, 2001. – 149 бет. 112-113-бб.].

1919 жылдың басында-ақ ұлттық мемлекеттік құрылымдар ақ гвардияшылардан теріс айнала бастады. Ең алдымен татарлар, одан соң башқұрттар әскерімен қоса Кеңес үкіметі жағына өтті. Бұл шынымен де онсыз да әлсіреп тұрған антибольшевиктік күштердің ыдырауына басты себептердің бірі болды. 1919 жылдың соңы мен 1920 жылдың басында Алашорда таратылды. Алашорданың әскери құрылымдары толықтай қызыл әскери құрамына өтті.

Алашорда әскерінің рәміздері. Гүлнәр Дулатова Елдес Омаров пен тұңғыш рет Алаш маршын орындаған Ғаббас Нұрымов жайлы тебірене жазады. Ғаббас Нұрымов – қазіргі Қостанай облысының Қарабалық өңірінде туып-өскен, Міржақып Дулатовтың үзеңгілес серіктерінің бірі. Гүлнар апай «Өмір өткелдері» атты естелік кітабында сөз болып отырған Алаш маршы жайлы: «Торғайда төңкеріс қызу жүріп жатқан. Әлі есімде, тәтемдер  елге келгенде, өлең-жыр ағылатын. Сонда   Ғаббас   Нұрымов  бастап, қалғандары шырқай қостап, мына өлеңді айтып бара жатты: Ол «Арғы атам – ер Түрік,  Біз – қазақ еліміз...» деген жолдардан басталатын.

Жүсіпбек Аймауытовтың бұл өлеңінен басқа Міржақып Дулатовтың «Алаш гимні», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңдерң Алашорданың әнұраны рөлін атқарған.

Түйін. Алаш қайраткерлері үшін автономия мәселесі қаншалықты маңызды болса, сол мемлекеттік құрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық әскер құру ісі де басты назарда тұрғаны анық. Содан болар, автономия жариялау барысында ең алдымен әскер құру ісіне аса мән берді. Екінші жалпы қазақ съезінің өзекті мәселелерінің бірі – әскер құру болғандығы құжаттарда айқын көрініс тапқан. Саяси тұрақсыздық белең алған кезеңде Алаш автономиясының 2 жыл үш ай мерзімде өмір сүруіне тірек болған ұлттық әскер екендігі дау турдырмайды.

Алаш әскерінің Алашорда үкіметінің қорғаныс жүйесі, мемлекеттік мәртебесін айғақтайтын негізгі тетік болғандығы ақиқат. Ендеше Алашорда әскерінің құрылған күні, яғни 25 маусым әр қазақтың тарихи жадында Алаштың айбынды рухы ретінде сақталуы тиіс.

 

Әдебиеттер:

  1. «Қазақ» газеті – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет.
  2. Әлихан Бөкейхан. Шғармаларының 9 томдық толық жинағы. Полное собрание сочинений в 9 томах. / Құрастыран: Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: Сарыарқа, 2013. Т. 7. – 530 б.
  3. Сарыарқа. 1917. №23. 5 декабрь
  4. Сарыарқа. 1917. №24. 12 декабрь
  5. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: Ататек. 1995. 256 б.
  6. Сарыарқа, 1917, № 20, 13 ноябрь
  7. Сарыарқа. – 1918. - № 29. – 25 қаңтар.
  8. Сайлаубай Е. Алашорда әскері // Абай. 2000, № 1, 11-16 бб.
  9. Сарыарқа. 1918. № 34. 18 март
  10. «Свободная речь», 19 июня 1918 года, №162.
  11. «Свободная речь», 21 июня 1918 года, №164.
  12. Свободная речь, 1918., №165.
  13. ШҚО ҚЗТҚО. қ.48, тізім 2, іс 1, 139 п.
  14. Алаш-Орда: Сборник документов. /Составитель Н. Мартыненко. – Алматы: Малое издательство «Айқап», 1992. 192 стр.
  15. ШҚО ҚЗТҚО. 48 қ, 2-тізім, 1-іс, 139 п.
  16. Жас азамат. 1918. № 4, 25 тамыз
  17. Альжанова С., Тулемисова Г. Беркут Алаш-Орды. – Алматы, 2008, 180 с.
  18. Шаяхметов У. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін»: Оқу құралы. – Алматы, 2001. – 149 бет.
  19. Абай, № 10, сейсенбі, 25 тамыз, 1918 жыл
  20. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан, 1917 ж. – мамыр 1920 ж. Движение Алаш. Сборник документов и материалов. Декабрь 1917 г. – май 1920 г. – Алматы: «Алаш», 2005. Т. 2, 445 б.
  21. Газета «Сибирская речь», 1918 года, №32.
  22. Абай, 1918, № 8, 1 август
  23. ШҚО ҚЗТҚО,қор 1п, тізім 1, іс 21, парақ 7
  24. Сарыарқа, 1918, №44.
  25. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, 4 тізбе, 71 іс, 14 п.
  26. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 1а,  17 іс, 53-54 б.
  27. Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905 – 1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы – Новосибирск. 2006 ж. 644 б.
  28. Жанболатұлы Молдабек. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі: Үш томдық. – Алматы: Курсив, 2004. 1-ші том. 520-бет.
  29. История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов. Т. 1., Уральск, 2012 – 464 стр.
  30. Жас азамат. 1918. № 5, 1 қыркүйек
  31. Жетпісбай Н. Қобдалық Алаш қайраткерлері // Қазақстан мұрағаттары. № 3 (11)/ 2009. 34-46 бб.
  32. Орал өңірі. 27 қараша. 2008.
  33. Сүлейменова Д.Д. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымдарының кандидаттығына дайындаған диссертациясы, Алматы. 2004. – 138 бет.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?