Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Үйсін мемлекеті

17886
Үйсін мемлекеті - e-history.kz
Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында үйсін атауы б.з.б. 2 ғасырдан бастап кездеседі.

Б.з.д. ІІ – б.з ҮІ ғасырларда Қазақстан аумағында мекендеп мемлекеттік дәрежеге көтерілген көне тайпалық одақтардың бірі үйсіндер. Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында үйсін атауы б.з.б. 2 ғасырдан бастап кездеседі. Жетісу үйсіндерінің шығу тегіне келетін болсақ кейбір ғалымдар үйсіндердің сақ заманындағы исседондармен туыс екенін дәлелдеп, оларды Тянь-Шань және Шығыс Түркістан тармағы деп бөледі. Белгілі антрополог О. Смағұлұлының дәлелдеуінше үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын. Демек үйсіндерді сақ тайпаларының тікелей ұрпақтары деп тұжырымдау орынды. 

Оқи отырыңыз: Қазақстан аумағындағы тайпалар одағы және ежелгі мемлекеттер

Белгілі қытайтанушы тарихшы-ғалым Н. Мұқаметқанұлы: “Үйсін мемлекеті дегеніміз – үйсін тайпалар одағынан құрылған  Қазақстан аумағында б.з.д. ІІ – ҮІ ғасырларда өмір сүрген байырғы мемлекеттердің бірі. Байырғы үйсіндер, Үйсін мемлекеті бізге қытай жылнамаларының орысша аудармасы арқылы “Усунь” деген атпен белгілі болған. Үйсін мемлекеті жөнінде жазылған тарихи деректер мол, қазылған археологиялық мұралар көп, зерттеу еңбектері де аз емес”... Аталмыш “Үйсін” деген этноним ең алғаш қытай тарихшысы Сы Мачянь (Сыма Цянь) жазған “Тарихнама - Ши цзы. Хұндар тарауында” хатталған”, - деп көрсетеді.

Үйсін мемлекетінің негізгі территориясы қазіргі Қазақстанның Жетісу өлкесі, Шу, Талас өңірі, Ыстықкөл аумағы және Қытайдың Іле аймағы болды. Шекаралары батысында Шу мен Талас өзені, шығысында Тянь-Шаньның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көліне, оңтүстігінде Ыстықкөлге дейінгі аумақты алып жатты. Үйсі мемлекеті батысында қаңлылармен, шығысында ғұндармен, ал оңтүстігінде Ферғанамен шектесіп жатты. Қытай жазба деректері бойынша Үйсін мемлекетінің астанасы Чигу-Чэн (Қызыл аңғар) қаласы болған. Ол Ыстық көлдің жағасында орналасқан. 

Оқи отырыңыз: Сақтар

Ғұндардың күшеюінен қорыққан қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жіберді. Қытай елшісі келген кезде үйсіндер Қытаймен және ғұндармен терезесі тең қуатты мемлекет болды.

Үйсіндер мен Үйсін мемлекеті жайлы жазылған қытай деректеріндегі  мәліметтерге қарағанда – үйсіндердің 120 мың түтіні, 630 мың адамы, 188 мың 800 әскері болған. Мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі гуньмо (күнби) деп аталған. Үйсін елі құрылғаннан бастап, оның бүкіл елді басқаратын үкіметтік ұйымы болды. Әлеуметтік қатынастар заңдар арқылы реттелді, күшті, ұйымдасқан әскері болып, қытайлар үшін «Батыс өлкедегі ең күшті мемлекет» саналды.

Үйсін қоғамы біртекті болмаған, онда байлары – тайпа мен ру дәулеттілері, жасауылдар мен абыздар және қатардағы бұқара – малшылар мен егіншілер болған. Үйсіндер қоғамында құлдар да болған, олар негізінен соғыс тұтқындарынан құралды және үй шаруашылығында пайдаланылды.

Үйсін қоғамында мүліктік және әлеуметтік теңсіздік, малға жеке меншік болды. Әрбір отбасы өздерінің малын ажырататын өз таңбаларын салды. Жер иеленуге де жеке меншік болғанын жазба деректер мәлімдейді. Үйсін қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің болғанына археологиялық қазбалар дәлел. Жетісудың көптеген қорғандарының көлемі әртүрлі - үлкен, орташа және шағын болып келеді.

Оқи отырыңыз: Ғұндар

Үйсіндердің шаруашылығы мен мәдениеті жайындағы деректер археологиялық қазбалардан анықталып отыр. Қытай жазбаларында үйсіндерді көшпелілер ретінде сипаттайды. Б.з.б. 105 жылы үйсін күнбиіне ұзатылған Қытай императорының қызы киізбен қаптаған дөңгелек үйде тұратынын, ет, сүтпен қоректенетінін айтып, өлеңмен зарлы хат жазған. Үйсіндердің негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Әсіресе, жылқы мен қой өсіру жақсы дамыды. Кейбір байлардың 4-5 мың жылқысы болған. Сонымен қатар егіншілік те дамыған, бау-бақша өсірілген, кейбір қожалықтар жартылай отырықшылық тіршілікке көшті. Іле, Шу, Талас өзендері алқабынан суландыру жүйесінің іздері анықталды. Обалардан табылған мәдени мұралар қолөнер кәсібінің болғандығын да дәлелдейді.

Қарғалы үңгірінен табылған диадема (бас киім) б.з.д. 2 – 1 ғғ. өмір сүрген үйсіндік зергер-ұстаның тамаша туындысы. Бұл ұзындығы 35 см., ені 5 см. диадемада аңдар, жануарлар, адамдар бейнеленген. Ол суреттер үйсіндердің наным-сенімдерін білдіреді. Мысалы, ондағы пырақты аттар күннің символы болып табылады. Үйсін шеберлері алтын әшекей бұйымдарды зерлеу тәсілімен жасады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған осындай және басқа да қолөнер заттары мен бұйымдары үйсін өнерінің жоғары даму деңгейін көрсетеді. 

Оқи отырыңыз: Қаңлы мемлекеті

Үйсін мемлекетінің Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы оның көршілес елдер, тайпалармен (қытай, ғұн, қаңлы, ұйғыр, қырғыз және т.б.) саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуына мүмкіндік жасады. Бастапқыда Үйсін мемлекеті ғұндармен қалыпты қарым-қатынаста болды. Бірақ Хань патшалығының ғұндарды жеңіп, батысқа бет алу әрекеті үйсіндерді қытайлармен тығыз байланыс орнатуға мәжбүр етті. Қытайлар ғұндарға қарсы батыста жатқан елдерден одақтастар іздеуге кірісті. Қытай императоры Уди б.з.д. 138 жылы үйсін еліне Чжан Цянь бастаған елшілік жібереді. Осыдан кейін екі жақты қарым-қатынастар етек алып, үйсіндер Қытаймен кең дипломатиялық және туыстық қатынаста болған. Қытайлар үйсіндермен құдандасып, күнбиге Хань патшалығының ханшасын әйелдікке береді. Әрине, бұл құдалық белгілі саяси мақсатты көздеп, хань әулеті үкіметі мен үйсіндер арасындағы одақтастық байланыстың негізін қалады. Өз кезегінде ғұндар да үйсіндермен құдаласып, күнбиге өздерінің қыздарын беріп отырған.  Үйсін мемлекеті біртұтас ел ретінде б.з. ҮІ ғасырының ортасына дейін өмір сүріп, одан соң Түрік қағанатының құрамына енеді.

Қазақстан аумағындағы тайпалар одағы және ежелгі мемлекеттер

материал massaget.kz сайтынан алынды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?