Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаңлы мемлекеті

16111
Қаңлы мемлекеті - e-history.kz
Б.з.б. V-ІV ғасырдағы деректер бойынша, Қаңлы құлшылық мемлекетіне Әмудария мен Сырдарияның жоғарғы орта ағысындағы жерлер қараған.

Б.з.б. V-ІV ғасырдағы деректер бойынша, Қаңлы құлшылық мемлекетіне Әмудария мен Сырдарияның жоғарғы орта ағысындағы жерлер қараған: Бұқара, Шахрисиябз, Кушаниз (Қатта-Қорған төңірегі), Ташкент ауданы, Хорезм өлкесі. Қаңлы мемлекеті Үйсін мемлекетімен бірқатарда тарихи сахнаға шыққан. Үйсіндер Ферғана, Ыстықкөл, Шу, Жетісудан Шығыс Түркістан жерлеріне дейін созылып жатқан аймақта орналасқан.

 М. Қашқари айтуы бойынша, Қаңлы (Қаңқа) - патшаның аты. Оның мемлекетіне кірген тайпалар, халықтар жалпы патшаның атымен «қаңлы» аталған. Соған қарағанда, жергілікті сақ тайпаларынан өрбіген ұрпақтар Әмудария мен Сырдария өңірлерін мекендеп, осы құлшылық қоғамын құрған. Олардың жайылған мекендері де көп жерлерді алып жатса, тұрғындарының сандары да көп болған. Олар ертедегі орта ғасырда бөлшектеніп, өздерінің ертеден келе жатқан аттарымен аталып кетсе де, басым көпшілігі қаңлы есімін сақтап қалған. Кейін түркі халықтары бөлшектеніп шыққанда, қаңлылар олардың көпшілігінің құрамына кірген: өзбек, қазақ, қырғыз, башқұрт, қарақалпақтар және т.б. Бірақ қаңлылардың басым көпшілігі бұрынғы Қаңлы мемлекетіне кірген жерлерде көбірек сақталған. Б.з.б. 329 жылы әйгілі Ескендір Зұлқарынай Сырдария бойына жеткен. Қаңлы мемлекетінің негізгі этникалық құрамы сақ нәсілді түрік тілдес тайпалардан тұрған. Қазіргі түрік халықтарының құрамына кірген қаңлыларда антропологиялық ерекшеліктері арасынан сары түсті, көздері көк, жақ сүйектері ойыңқылы көбірек кездеседі. Өздерін басқарған патшаның атымен аталуы түріктерде ертеден қалыптасқан дәстүр, мысалы: Оспан түріктері және т.б.

Оқи отырыңыз: Қаңлы ғұламалары

  Қаңлылар ұлы күш болып, шет елдерге бас июге ешбір көнбеген. Олардың чиновниктері үйсіндердің елшілерінен кейін, Қытай елшілерін отырғызған. Тамақты әуелі өздеріне, одан кейін Шығыс көршілері Қытайға беретін болған. Қаңлы билеушілері өздерін тәуелсіз, тіпті батыл ұстаған, бұл жөнінде б.з.б. І ғасырдың аяғында Қытай деректерінде: «Қангюй, керісінше (Үйсінмен салыстырғанда - У.Ш.) өркөкірек, батыл және біздің елшілеріміз алдында князьдары мен ақсақалдарына, содан соң барып наместниктің елшілеріне қонақасын тартады»[2]. Б.з.б. 47-46 жылдары (Қытай - У.Ш.) Ферғана, Қытай соғысының барысында, қаңлылардың араласуымен ғана ферғаналықтарды астанасының қиратылуынан құтқарып қалды және ферғаналықтарға тиімді бітім жасауға жәрдемдесті[3]. Сондықтан да өздерінің тәуелсіздігін бекем ұстап, күшті құлшылық мемлекет болған және түріктердің мәдени өркениетінің негізін салған. Аттары аталған жер атамалары Әмудария мен Сырдарияның алқаптарында және Орталық Азияның көпшілік жеріне орналасқанын байқаймыз. Қазір де олардың көпшілігі ежелгі аттарымен аталады. Осы жерлерден археологтар қаңлылардың дәуіріне жататын Жанбас-қала, Қорғанша-қала, Базар-қала, Кюнерлі-қала, Қойқырылған-қала және т.б. ескерткіштерін ашты[4]. Бұл қалалар құлдардың күшімен салынған үлкен бекіністер. Мысалы: Қойқырылған-қала дөңгеленіп салынған, оның жалпы диаметрі - 87,5 м, тоғыз мұнарасы бар. Оның қазіргі сақталған биіктігі - 8 м.[5]  Осы дәуірдің басқа да аттары аталған антикалық қалалары көлемдері жағынан Қойқырылған-қаладан кем емес. Олар жан-жақты зерттеліп, Хорезм археологиялық экспедициясының еңбектерінде жарық көрген. Осы археологиялық қазба деректерге қарағанда, қаңлылардың мәдениеті құлшылық қоғамда дамыған. Оның дамыған кезеңдері б.з.б. V-ІV ғғ. тура келеді. Осы кезде, қаңлылар Ахеменидтердің қарауынан шығып, өз алдына мемлекет болып, жеке үстемдігін жалғастырды[6].

  Б.з.б. ІІ-І ғасырларда Қаңлы құлшылық мемлекетінің экономикасы өрлеп, жақын және қашықтағы елдермен саяси байланыстары кеңейген. Оған қараған жерлерде көптеген көне және жаңадан тұрғызылған тұрақты мекендер мен қалалар болған. Оларда қолөнер кәсібі дамып, сауда орталықтарына айналған. Тұрғындардың негізгі кәсібі қолдан суару арқылы жүргізілген диқаншылық ен жайып, үлкенді-кішілі су жүйелері салынған және олар жылма-жыл тазартылып, кеңейтіліп тұрған. Қаңлы мемлекетінің арнайы шығарылған ақшасы осы зерттелген қалалардан табылған.

Оқи отырыңыз: Қаңлылардың шаруашылығы, саудасы мен қолөнері
 

  Қытай деректерінің бірі «Алғашқы хан династиясының тарихында»: «Самарқан (Қанжуй хандығы, яғни Қаңлы мемлекеті) хандығының қыстық астанасы (бұрын Люениди еді - ауд.), жазғы бас қаласы Ю Битян қаласы делінген. Қытай астанасынан (Чананнан) 12 300 шақырым шалғай. Тұтық қарауыл мекемесіне қарамайды. Люенидиден атпен 7 күн жол жүргенде ханның жаздық астанасы Фаннға жетеді. Бұл жер Қытай астанасынан 9104 шақырым келеді. Түтін саны - 120 000, жан саны - 600 000, әскері - 120 000 (Бан Гудың «Батыс өңір және Үйсін мемлекеті» атты еңбегінде «әскері 20 000» деп жазылған - ауд.). Бұған қарағанда, Самарқан хандығының халқы ұлы йүзілерден әлдеқайда көп. Шығысындағы «Тұтық қарауыл мекемесі» қарауына дейінгі аралығы - 5550 шақырым. Халқының әдет-ғұрпы ұлы яушылармен ұқсас. Шығыс жағы хүндардың басқаруында»[7]

  Бұл келтірілген деректерге қарағанда, Қаңлы мемлекетіне көп жерлер қараған. Оның қысқы және жаздағы астаналарындағы халықтарының санына қарағанда, сол кездегі Қаңлы мемлекетінің замандасы йүзілерден анағұрлым көп болғанға ұқсайды. Олардың этникалық жақындықтары әдет-ғұрыптарының жақын екендігін байқалтады. Қаңлы мемлекеті Ұлы Жібек жолындағы ірі экономикалық және мәдени орталық болғанын аңғаруға болады.

Профессор Әбдуәли Қайдардың «Қаңлы» атты монографиясына («Дайк-Пресс» баспасы, 2004 жыл) дейін қаңлы тайпасының шығу тарихына тоқталмаған бірде-бір шығыстанушы ғалым жоқ шығар. Олар түріктерге қатысты мәселелерге тоқталғанда, қаңлы тайпасы туралы тиіп-қашты пікір жазып қалдырған.

Ресей отары болмастан бұрын, қазақтар дербес ел кезінде, халқымыз өзінің шығу тарихын білуге айрықша көңіл бөліп, өздерінің тарихи шежірелерін жазған және кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдырып отырған. Оның айғағы — кітапханаларда том-том болып жиналып жатқан дүниелер. Мысалы, М.Х. Дулатидің «Тарих-и-Рашиди», Қадырғали Жалайыридің «Жәмиғ-әт-тауарих» жылнамалары, Ш. Уәлихановтың «Ұлы жүз шежіресі», М. Шорманұлының, А. Ниязовтың, Ә. Бөжейұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шежірелері. 1911 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» Орынбордан басылып шықты. Осылай өз халқының тарихи шежіресін жазу - ерте заманнан әдетке айналып кеткен қасиеттердің бірі. Ол шежірелер қазақ, халқының рухани байлығы.

Автор қаңлы атауына тоқталып, «Қаңлы этнонимінің төркінін, шығу тегін, мән-мағынасын, қолдану аясын, нұсқаларын жеке-жеке айқындап, оларды былайша талдаған. «Сүйген құлдың аты көп дегендей, қаңлы тайпасының 47-ден астам туынды варианттары бар екен. Оларға баспа-бас тоқталып, қаңлы атауы және оның көптеген (40-тан астам) түбірлес, туынды варианттары — «өзен-су» мағынасындағы бір буынды «кан» // «қаң»   тұлғалы гидронимдік апеллятив негізінде пайда болған, «өзен адамдары», «өзен-су бойында жасайтын тайпа», «өзенді, сулы-нулы өлкеде өскен ел» деген мағынада қалыптасқан этноним және этнотопоним.

Кезектегі екі тарауда «Қаңлы мемлекетіне» тиісті мәселелер архео-логиялық, тарихи, лингвистикалық, фольклорлық деректердің негізінде қаралған. Еуропалықтардың «Түрік әлемінің ежелгі Отаны — Орталық Азияда «құлшылық қоғам» үстемдік етпеген» деген шындыққа жатпайтын көзқарас осы күнге дейін өзгерген жоқ. Кейінгі кездегі археологиялық, тарихи және әдеби, тіл, т.б. ғылымдардың қол жеткізген өте бай деректері антикалық заманда орталық Азияда құлдық қоғамның болғанын дәлелдейді. Оның алғашқыларын құрған қаңлылар екенін автор жан-жақты айқындай түседі.

Қаңлы мемлекетінің тарихына тиісті деректердің ішінде алғашқы қытай жылнамалары мен деректерін кең пайдаланып, автор қаңлы мемлекетінің құрылымына, басқару жүйесіне, қоғамдық-саяси жағдайына, мәдениетіне, қаңлылардың тараған аймақтарына тоқталған. «ҚАНГЮИ мемлекеті — түркі әлеміндегі ең көне мемлекеттердің бірі. Ғұн//хұн мемлекеті, Үйсін және ҚАНГЮИ мемлекеттері — бір заманда қатар жасап, дәуірлеген мемлекеттер» екенін тарихи деректермен дәлелдеген. Солардың бірі көп жылдар бойы Әмудария мен Сырдария өңірлерін кешенді зерттеген академик  С.П. Толстовтың ұйымдастырған және басқарған Хорезм археологиялық-этнологиялық экспедициясының өте бай деректерінен де көп мәліметтер келтірген. Автор тіл маманы болғандықтан, қаңлы тілі мен жазуына, рухани мәдениетіне ерекше мән берген.

Орталық Азиядағы антикалық заманда құрылған алғашқы құлиеленуші Қаңлы мемлекеті болғанын, оның өркениетті мәдениетінің заттық және рухани мәдениетінің іргетасын қалағанын, сондай-ақ түрік өркениетінің негізін құрушылардың бірі болғанын ғылыми дәйектілікпен дәлелдеген. Қаңлы мемлекетінің өркениеті, мәдениеті С.П. Толстовтың «Древний Хорезм» (1948), «По следам древне хорезмской цивилизации» (1948), «По древним делтам Окса и Яксарта» (1962) монографияларында да жазылған болатын. Осы екі ұлы өзеннің алқабы Қаңлы тайпасының (халқының) отаны болғаны «Қаңлы» кітабында ашық айтылады, тарихи деректерге тура келеді. «Самархан (Каңжүй хандығы,  яғни  Қаңлы мемлекеті) хандығының қыстық астанасы (бұрын Люениди еді). Битян қаласы болды...». Осы мәліметтің  шындығы — қазір де қаңлы руының шоғырланған аймағы Әмударияның және Сырдарияның орта ағыстары екендігінде.

ІІІ-VII тарауларда қаңлы тайпасының әлем түріктеріне таралуы жан-жақты талданған. Олардың басым көпшілігі Ұлы екі өзеннің алқап-тарындағы қазақ, өзбек, түрікпен, қарақалпақ, қырғыз және басқа түрік халықтарының арасында көбірек кездесетіні айтылған. Қаңлылардың барша түріктердің арасына кең тарағаны туралы халық аузында осы күнге дейін сақталып келе жатқан «Қарға тамырлы қазақ» атты мақалды келтіріп, автор оны былайша түсіндіреді: «Ол сөздің мәні де барша қазаққа түсінікті, ол о баста: топ-топ болып ұшып жүретін қарғалар тәрізді біріне-бірі өте ұқсас, түр-түсі, бет-пішінімен оларды бірден айыра қою қиын болғандығына байланысты туындап, бара-бара қазақтың алыстан, жеті атаның аржағынан қыз беріп, қыз алысуын, құдандалықтың мың жылға созылып, сүйек жаңартып тұруынан қалыптасқан туыстық ілік-шатыстығына байланысты болса керек. Ол қалың қарғадай қаулап өсуді де аңғартатын сияқты, «сұраса келе, қойнындағы қатыны қарын бөле шығыпты» дейтіні содан. 

Қазақстан аумағындағы ежелгі мемлекеттер 

«Қарға тамырлы қазақ» деген мақал қазақ халқының арасына кең таралған. Біздіңше бұл сөздің мәнін Ә. Қайдар дұрыс бере алмаған. Қазақтар: «біздер қарға тамырлы қазақпыз ғой, сұраса келе қарын бөле болып шы-ғамыз» деп сөйлеседі. Олар өзара сұраса келе туысқан болып шығады. Олар-дың туыстығының алыстығы бөле болып келеді, яғни екі туысқан әйелдің балалары бір-біріне «бөле» деп аталады. Осындай туыстықты білу үшін осы мақалды қолданады. Мұндай бауырлық айқыш-ұйқыш бір-бірімен бай-ланысып жатқан қарғаның тамырлары сияқты. Қазақтар жан-жануарлардың анатомиясын өте жетік білген. Қарғаның тамырлары бір-бірімен шиеленісіп жатады. Міне, осыны мысалға алып, қазақтың шиеленіскен туыстығын білдірген. Бұл мақалды Қаңлы тайпасының барлық түріктердің арасына таралуына және көрші түрік емес халықтардың іштеріне енуіне қолданылудың реті келіңкіремейтін сияқты.

Біздіңше, қаңлылардың осынша көп тарауының себебін тарихи-әлеуметтік және саяси жақтан қараған Ә. Қайдаров ҚСЭ-ға «Қаңлы» атты жазған мақаласында: «Халық арасында сақталған», «Кәделі елде қаңлы бар, қаңлыдан хан сайла», «Қаңлы тұрғанда басқа хан болмайды» деген қанатты сөздер, сайып келгенде, қаңлы тайпасының осылайша кеңінен тарап, мұрагерлік, аталық дәстүрге ие болғандығын көрсетеді», - деген пікірін де айтқан болатын. Бұл жерде автор Қаңлы тайпасының осынша көп таралуының себептерін айқындауда бірқанша шындыққа жақын келгенін байқауға болады. Түріктердің тарихында, антикалық дәуірде Әмудария мен Сырдарияның алқаптарын түгелімен иеленіп, отырықшы мәдениеттің іргесін қалап, құлиеленуші мемлекет құрған, өркениетке ерте жеткен көптеген тайпаларды қол астына біріктірген де — қаңлы тайпасы. Олардың арасында осы қос өзенді мекендеген оғұз тайпалары да болған. Қос өзен бойындағы аттары аталған құлиеленуші мемлекеттерін билеген. Нәтижеде Қаңлы бірлестігінің арасында ел билейтін, дарынды, ержүрек, батыл азаматтар шыққан.  М. Қашқари: «Қыпшақ тайпасының жақсы-жайсаң ұлықтары қаңлылар еді», - дегенді тегін айтпаған. Қытай деректерінде қаңлыларға жоға-ры баға бергенін әлгінде айттық. Солардың тағы бірі: «Тек қаңлы елі ғана бізге оң қабақ танытпай отырғаны анық. Ал, біз болсақ, хун қағанының (қаңлы патшасының) қол астында тұрғандай мәміле жасап отырғандай болып көрінудеміз», - деген де дерек бар.

Осы деректерге қарағанда, Қаңлы бірлестігіне кірген тайпалардан елдерді басқара алатын, оны қорғаудың тәсілдерін жетік білетін жайсаң ұлдары шыққанын байқаймыз. Сондықтан да түріктердің арасында ел басқа-рушыларды, хандарды қаңлы бірлестігінен сайлау түріктердің арасында дәстүрге айналғаны байқалады. Әмудария мен Сырдария, олардың атыраптары қаңлылардың ежелгі мекені болғанымен, олардың ішінен шыққан жайсаң азаматтары барлық түріктердің арасына  барып, ел билеген. Сол жерде өзінің ұрпақтарын қаңлы руы бойынша санаған. Сондықтан да қаңлылар барлық түркі әлеміне, басқа көрші елдерге де барған. Ә. Қайдар өзінің монографиясында түріктердің бәрінде де қаңлылардың болғанын дәйекті түрде көрсеткен. Бірақ автор «қаңлылар әрбір түріктердің арасына бөлшектеніп көшіп барған» деген пікірге келеді. Біздіңше, олай болмаған. Олар өздерінің ежелгі Отанында отырған. Олардың ішінен белгілі ел билеушілер басқа руларға, тайпаларға барған. Қаңлылар өздерін барған жерінде этнонимі бойынша атап отырған. Қаңлылардан хан және тағы басқа басшыларды сайлау дәстүрі Шыңғыс хан империясын құрғанға дейін сақталып келген. Енді каңлылардың орнына хандарды Шыңғыс ханның әулетінен сайлайтын дәстүр түріктердің арасында кейінге дейін сақталған.

Монографияның соңғы тарауында Қаңлы тайпасының адамзат өркениетіне, түрік әлеміне және қазақ болмысына қосқан үлесін бай, дәйекті деректермен қарастырған. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, қаңлы бірлестігі түрік тарихына да айтарлықтай үлес косқанын байқау қиын емес.

 


[1] Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. - М., 1962. – 91-б.; Қайдар Ә. Қаңлы. -Алматы: Дайк-Пресс, 2004.

[2] Қазақстан тарихы.1-т. - Алматы, 1996. – 275-б.

[3] Сонда.

[4] Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. - М., 1962. – 117-б.

[5] Сонда. – 120-б.

[6] Сонда. – 135-б.

[7] Бахаддин Ө. Ұлы Хүн империясының тарихы. 2 кітап. - Алматы, 1998. – 25-б.

материал shalekenov.idhost.kz сайтынан алынды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?