Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғұндар

11300
Ғұндар - e-history.kz
Ғұндар, хундар – ежелгі дәуірдегі тайпалар одағы, түркі халықтарының арғы тегі. Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта қалыптасқан. 

Ғұндар, хундар – ежелгі дәуірдегі тайпалар одағы, түркі халықтарының арғы тегі. Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта қалыптасқан. Бастапқы кезде Солтүстік Қытайда, Моңғолияда, Байкал өңірінде қоныстанып, Қытай жылнамаларында «гуй фаң», «гун руң», «хун ю», «шиан ю», «шиұң ну» секілді атаулармен берілген. Біздің заманымыздан бұрынғы 3 ғасырдың соңына қарай ғұндар өздерінің мемлекетін құрды. 24 руға бөлінді. Жоғары билеушісі «тәңірқұт» қытай деректерінде «шаньюй» деп аталды. Жылқының асыл тұқымдарын өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген ғұндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Кен қазып, металл қорытқан. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болған. Көк тәңіріне табынып, дәстүрлі құқық жүйесін қалыптастырды. Ғұндар (грекше Hunnoі, латынша Chunnі, Hunnі) әскерінің негізі атты әскерден тұрды. Ғұндардың жауынгерлік құдыретінен сескенген қытайлықтар Ұлы Қытай қорғанын салдырды. Біздің заманымыздан бұрынғы 209 жылдан ғұндарды Модэ (Мөде) басқарды. Модэ билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, оған күйрете соққы берді. Қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейін созылып жатқан аумақ ғұндардың қол астына көшті. Біздің заманымыздан бұрынғы 177 жылға қарай Тынық мұхиттан Каспий теңізіне дейінгі жерлерді өздеріне қаратты. Біздің заманымыздан бұрынғы 1 ғасырдың орта шеніне қарай ғұндар мемлекеті толассыз қанды соғыстан, орталыққа бағынғысы келмеген күштердің әсерінен әлсірей бастады. Біздің заманымыздан бұрынғы 56 ж. ғұндар Хуханье бастаған оңтүстік және Чжичжи (Шөже) басшылық еткен солтүстік топтарға бөлінді. Оңтүстік ғұндар Ордос өңірінде қоныстанып қалды да, солтүстік ғұндар өз тайпаластарының қысымымен Саян және Байкал өңіріне ығысты. Солтүстік ғұндардың бір бөлігі 5 ғасырда Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азияда өз мемлекетін құрып, Ауғанстан мен Иранды, Үндістанның біраз бөлігін жаулап алды. Хань империясының бодандығындағы оңтүстік ғұндар 304 ж. Лю-хан атты өз мемлекетін құрды. Оңтүстік ғұндар 4 ғасырдың соңына қарай қайта күшейді. 5 ғасырдың бас кезінде олардың әйгілі қолбасшысы Хэлян Баба Ся патшалығын, ал Мэн Сун көсем Бэй Лян патшалығын құрды. Ордос пен Наньшан (қазіргі Қытай Халық Республикасының Ганьсу провинциясы) өңірінде құрылған осы екі мемлекет 439 ж. табғаштардың (тоба) шабуылы нәтижесінде қирады. Солтүстік ғұндардың Еділ – Жайықтағы үлкен бөлігі 4 ғасырдың 2-жартысында Қара теңіз жағалауын, Днестрге дейінгі өлкені бағындырды. Сарматтарды тізе бүктірген соң, аландармен күрес жүргізді. 375 ж. остгот, герул, генид тайпаларын бағындырып, Еуропада өз империясын құрды. Ғұндардың Батысқа жорығы «Халықтардың ұлы қоныс аударуына» түрткі болды. 

материал el.kz сайтынан алынды
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?