Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алматыда 1920–1930-жылдардағы оқу-ағарту жүйесінің мәселелері туралы дөңгелек үстел өтті

11646
Алматыда 1920–1930-жылдардағы оқу-ағарту жүйесінің мәселелері туралы дөңгелек үстел өтті - e-history.kz
Алматыда «1920-1930 жылдардағы Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесі: тарихы мен тәжірибесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Онлайн форматта өткен дөңгелек үстелді Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «ХХ ғ. 20-30 жж. дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» атты гранттық жобасы аясында ұйымдастырды. 

Дөңгелек үстелдің мақсаты ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатында Қазақстандағы зайырлы білім беру және ағарту жүйесінің реформаларын зерттеу, орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында мамандар дайындау тәжірибесінің ұтымды тұстарын жүйелеу, ұлт зиялыларының жаңа білім деңгейін сәтті еңсеруі жолындағы тағлымдық қаракеттері мен ағарту саласын дамытуға қосқан үлесі, 1920–1930-жылдардағы оқу-ағарту жүйесінің мәселелері мен жетістіктерін талдау.

Іс шараға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының тарихшы ғалымдары, сондай-ақ жас ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиынның кіріспесін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор С.М. Борбасов ашып, шараның өту барысымен таныстырды. Сондай-ақ модераторлық тізгінін Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі Айнагүл Қаипбаеваға тапсырды. 

Дөңгелек үстел аясында т.ғ.д., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Оразгүл Мұхатова, жетекші ғылыми қызметкерлер, т.ғ.к., Айнагүл Қаипбаева мен PhD доктор, Арман Әбікей, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының аға оқытушысы, PhD доктор Ардақ Нұрмұхамедов және т.б. «1920-1930 жылдардағы Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесі: тарихы мен тәжірибесі» атты тақырыбында сөз қозғап, зерттеу жұмыстарының нәтижелерін баяндады.

Алғашқы сөз кезегі ұсынылған профессор Оразгүл Хасенқызы өз баяндамасында ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру жүйесіне ұлт зиялыларының қосқан үлесі және мұғалімдер даярлаудағы дайындық курстарының білім беру жүйесін қалыптастырудағы рөліне тоқталып, ой-тұжырымдарымен бөлісті. 

Баяндамада ғалым «Қазақстанда жаңа қоғамға сәйкес білім беру жүйесін қалыптастыруға, мамандар дайындауға ұлт зиялылары зор үлес қосты. Ұлт ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлы 1921 жылдың 18 қаңтарында Орынбор қаласында өткізілген Бүкілқазақстандық оқу-ағарту мәселелеріне арналған мектептерді ашуда олардың санына емес ең бастысы сапасына назар аудара отырып, қысқа мерзімде мұғалімдер даярлау курстарын ашудың қажеттілігін алдыға тартты. Өзі ұстаздардың біліктілігін көтеру мақсатында Алматы, Семей, Ақмола, Орынбор, Орал, Ақтөбе, Торғайда бір жылдық мұғалімдер семинарияларын ашты. Мұндай курсты бітіргендер мұғалім мамандығына ие болып, ауылдық мектептерге жіберілді. Семей қаласында ұйымдастырылған осындай қысқа мерзімді курста 67 орыс және 90 қазақ мұғалім дайындалып шықты. 1920 жылдың маусым айынан бастап 4 айлық курс ашылып, онда 100-ге дейін мұғалімдер оқыды» деген мәліметтерді ортаға салды. 

Өз кезегінде тарихшы-профессор, мұғалімдерді даярлау мен қайта оқыту курстары бойынша кемшіліктер болғанында айтып өтті. «Мұғалімдерді даярлау курсы бойынша бірқатар олқылықтар орын алған. Атап айтар болсақ, жоспарланған курстардың ашылмай қалуы. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы халыққа білім беру бөлімі 1937 жылдың 1 ақпанынан бастап 105 адамнан тұратын адаммен 7 айлық мерзімдегі курс ашуға тиіс болған. Алайда курстың ашылуына байланысты атқарылуы тиіс шаралар жеткілікті түрде жүргізілмеген. Нәтижесінде курс өз жұмысын жиырма күнге кеш бастаған. Курстарға шақырылғандар толығымен келмеген. Мәселен, аталған облыста курсқа жоспарланған 105 адамның орнына 77 адам тіркелген. Мұндай жайт тек оңтүстік қана емес, еліміздің барлық аудандарына тән болған. Оған тыңдаушылардың оқуына қажетті қаражаттың бөлінбеуі, болашақ мұғалімдердің әл-ауқатының төмендігі, тұрмыс жағдайлары себепкер болды» деген маңызды мәліметтерімен бөлісті.

Негізгі баяндамашылардың бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Толғанбайқызы «Қазақстандағы Ағарту халық комиссариатының қызметі архив деректерінде» атты баяндамасында өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның Ағарту халық комиссариаты қызметінің рөліне тоқталып, оқу-ағарту жүйесіне қатысты ҚР Орталық мемлекеттік архиві, ҚР Президент архиві, Ресей федерациясының мемлекеттік архиві, Ресейдің қазіргі заман тарихының мемлекеттік архиві, Өзбекстан Республикасының ОМА-да және Новосібір облысының мемлекеттік архиві деректернің негізінде Ағарту халық комиссариатының қызметін баяндады. 

Тарихи дереккөздерін сараптай келе тарихшы, республикалық Ағарту халық комиссариатының кеңестік билік кезеңінің алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамын жаңа үкіметтік жүйеде қайта жаңғырту жолында зайырлы білім беру, сауат ашу науқанын қарқынды іске асыру, Қазақстандағы ғылымының әлеуетін қалыптастыру, өзге де мәдени сала бойынша Ахмет Байтұрсынұлы, Смағүл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов т.б. сынды ұлт қайраткерлері жоғары кәсібилікпен басқарған ағарту комиссариаты заманына сай ағарту жұмыстарын игі нәтижелер көрсеткіші бойынша атқарғандығын дәйектейді. Әйтсе де, архив қорлары құжаттарының ауқымды бөлігі ғылыми айналымға қосылғанымен, жекелеген құжаттар әлі де болса терең зерделеуді қажет етеді деген тұжырымдарымен бөлісті. 

Сонымен қатар, ағарту саласын ұйымдастырған халық комиссариатының атауы орыс тілінде Народный комиссариат Просвещение деп аталса, өкінішке орай кеңестік кезеңге қатысты қазақ тілді еңбектерде Халық ағарту комиссариаты деп қате аудармамен жазылған. Қоғамдағы басқа салалар бойынша басқаратын орталық орган атаулары бойынша алдымен сала атауы, кейін халық комиссариат деп басқарма атауы берілген. Мысалы, Ауылшаруашылығы халық комиссариаты, Ішкі істер халық комиссариаты, Тамақ өнеркәсібі халық комиссариаты т.б. Сондықтан, бұл олқылық ескеріліп, зерттеулерде Ағарту халық комиссариаты деп қазақ тілінде дұрыс аталғаны абзал. Бұл мәселеде болашақта зерттеушілер назарына алынғаны абзал деген ұсынысын айтып өтті.

Осы орайда, профессор Оразгүл Хасенқызы бұл пікірді қолдап өз ойымен бөлісті. Деректануда қалыптасқан түсінік бойынша аударманы көп жағдайда тура аудармайды. Құлаққа жағымды естілуі, мазмұнын жеткізу ескеріледі. Мысалы, «Монғолдың құпия шежіресі» деген атау тікелей аударма емес. Ал, бұл мәселе жағымдылықта емес, мемлекеттік органның дұрыс аталуы туралы. Халық комиссариаттардың барлығы сала бойынша ұйымдастырылғандықтан, бірінші сала атауы, екінші халық комиссариаты деп мемлекеттік орган аталу керек. Кеңестік кезеңде жиі пайдаланған сөз тіркесін сын көзбен қайта қарап, кеткен олқылықтарды саралап, жұмыс тобы Ағарту халық комиссариаты деп жазылуы тиіс деп есептейміз деген ұстанымын жеткізді.

Институттың жетекші ғылыми қызметкері, PhD Арман Мұратұлы «Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуы» тақырыбында ғылыми баяндама жасап, Қазақстанның 1920-1930-шы жылдары Жоғары оқу орындарының сандық және сапалық өсуі жүзеге асырылғандығын архив қорларындағы деректер негізінде кеңінен айшықтап, бұл Қазақстандағы жоғары білімнің дамуындағы жағымды құбылыс екендігін пайымдады.

Дегенмен, тарихи кезеңде жоғары білім беру жүйесі, оның барлық тыныс-тіршілігі мемлекеттік-партиялық органдардың тікелей бақылауында болды. Қазақстанда жоғары білім жүйесін қалыптастырып дамытудағы сөзсіз болған табыстармен бірге теріс тенденциялары да бой алды. Бұл негізінен елімізде дайындалған мамандар тек қана республикада жұмыс жасап жатқан, өндіріс пен ауыл шаруашылығы сұранысы мен педагогика, медицина т.б. әлеуметтік салаларды қамтамасыз ететіндей бағытта жүзеге асырылғандығынан көрінді. Ал бұл кезде жаңа технологияларға негізделген салаларға, экономиканың өндеуші бағытында қызмет істейтіндей мамандар дайындауға дұрыс көңіл бөлінген жоқ. Мұның өзі жоғары білікті мамандар даярлауда социализмнің кеңестік моделінің ұлттық республикалар жағдайында, әділетсіз саясат ұстанғандығын көрсететіндігін баяндады.

Келесі баяндамашы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының аға оқытушысы, PhD доктор Ардақ Амангелдіұлы «Ұлт қайраткерлерінің оқулықтар дайындаудағы рөлі» тақырыбы аясында жаңа жүйеге сай оқулықтар жазу ісіне тоқталды. Қазақ зиялыларының оқулықтарды жазып, ғылыми қауымдастыққа танымал оқулықтарды қазақ тіліне аударып, ана тілін ғылым тіліне айналдырудағы зор еңбектерін саралады. Өкінішке орай, ұлт қайраткерлері еңбектерінің мазмұны 1917 жылдан кейінгі саяси жағдайға байланысты өзгеріске ұшырағандығын жеткізді. Осы орайда, Ресей федерациясының мемлекеттік архиві қорында сақталған тарихи дерек негізінде 1922 жылы баспа меңгерушісі Н. Төреқұловтың РСФСР Ағарту халық комиссариаты жанындағы ұлттық азшылық кеңесіндегі Розенге жолдаған хатындағы Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» атты еңбегіне қатысты пікіріне тоқталды. Хатта А. Байтұрсынұлы оқулығының мазмұны жаңа саяси жүйенің талаптарына сай түзетілгені көрсетіліп, ең бастысы жаңа шыққан оқулықтан діни терминдер мен ұғымдар алынып тасталғандығы, еғбектің Кеңестік мектеп үшін тиімді болатындығына ерекше назар аударылғандығы туралы жазылған. Зерттеуші жаңа оқулыққа қойылатын талаптарда балалардың түсінігі қабылдайтындай етіп, кеңестік қоғамға тән белгілердің енгізілу керектігін айшықтады. Келтірілген мысалдардан байқалатыны, ұлт зиялылары жазған еңбектердің большевиктердің саяси ұстанымдарына сай келмегені анық деген ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Аталған мәселеге қатысты ұсынысын жеткізген Айнагүл Толғанбайқызы, архив қорлары мен республика кітапханаларының қолжазбалар мен сирек кітаптар қорында сақталған ұлт қайраткерлерінің ұлттық құндылықтарға негізделген оқулықтарының араб қарпінде жазылуына байланысты, бүгінде көптеген оқулық авторлары бұл еңбектерді еркін оқуға қиналатындықтан тарихи тәжірибені пайдалану мүмкіндігінің шектеулі екендігін атап өтті. Сондықтан, ұлт зиялыларының тағлымы мол құнды еңбектерін түпнұсқадан қазіргі қолданыстағы кирилл немесе транслитерация үлгісінде латын қарпінде қайта жариялап, қалың қауымға қолжетімділігінің назарға алынғаны абзал деген пікірін айтты. Сайын Молдағалиұлы да аталған пікірді қолдап, өз ойымен бөлісті.

Шара соңында жарыссөз ұйымдастырылып, ғылым докторы А.Т.Қапаева және ғылым кандидаты Ә.Қ.Шашаев сияқты ғылыми қызметкерлер жоба орындаушыларының ұжымдық монография және архив құжаттарының жинағын даярлау барысындағы нәтижелі жұмыстарына тоқталып, тақырыпты зерттеу мәселелеріне қатысты пікірлерін, ой-тұжырымдарын ортаға салып, еліміздегі зайырлы білім мен ағарту жүйесі тарихының кешенді зерделенуі әлі де жалғасын табуы тиіс деген ұсыныстарын алға тартты. Ғылыми шара соңында модератор – саяси.ғ.д. Сайын Молдағалиұлы қорытынды сөзінде дөңгелек үстел жұмысының алдына қойған мақсатына жеткендігін баяндап, зерттеушілердің ізденісіне сәттілік тіледі.

Қаипбаева Айнагүл Толғанбайқызы

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 

жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?