Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ археологиясының корифейі

12991
Қазақ археологиясының корифейі - e-history.kz
Археология саласы қазақ қоғамына тансық ғылым болғанымен, бұл ғылымды игеріп әкетуіне алғашқы ғалымдарымыздың кеңестік ғылымның жоғары дәрежедегі кәсіби білімінен сусындауы еді.

Қазақ археологиясының салқар көшін бастаған Ә.Х. Марғұлан салған жол К.А. Ақышев, Ә.М. Оразбаев, X. Алпысбаев, М.К. Қадырбаев, С.М. Ақынжанов сынды ғалымдардың есімдерімен жалғасса, бүгінгі күні ол көш байсал тартып ғылымның келелі ордасына айналды десе болады.

Археология саласы қазақ қоғамына тансық ғылым болғанымен, бұл ғылымды игеріп әкетуіне алғашқы ғалымдарымыздың кеңестік ғылымның жоғары дәрежедегі кәсіби білімінен сусындауы еді. Сонымен бірге, қазақ археологиясына келген ғалымдардың алғашқы шоғырының өзі тектіліктің тамыры үзілмеген қазақтың дегдар тұқымының өкілдері болатын.

«Еуропа археологиясы, археология ғылымының алтын діңгегі» демекші, осы ғылымның қалыптасу тарихының өзіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, алғашқы археология ғылымының негізін қалаған Еуропалық археологтардың өзі ақсүйек тұқымынан шыққандар болды.

Жалпы археолог болу ғана емес тіпті, сол ғылымға қызығу, оны қолдау мәселесінің негізінде тұлғаның үлкен пайым-парасаты мен терең білімі және туған жерінің тарихына құрмет пен сүйіспеншілік тұрса керек.

Отан тарихының археология саласы бойынша көш басында тұрған ғалымдарымыздың әрқайсысының ғылыми мұралары қашанда құнды болып қала берері сөзсіз. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, ғалымдарымыздың ғылыми мұраларының уақыт өткен сайын құндылығы артуда. Қазақстан археологтарының далалық зерттеу жұмыстарының жетістіктері біздің жерімізде өркениеттің ерте дәуірден басталғандығын дәлелдейтін сансыз ғылыми маңызды жаңалықтар жасады. Сол бір тың жаңалықтардың ашылуына сүбелі үлес қоса отырып, ұлттық археология мектебінің қалыптасуына еңбек сіңірген де алғашқы буын археологтарымыз еді.

Қазақ археологиясының алғашқы буын қарлығаштарының бірі де, бірегейі кемеңгер — Кемел Ақышев ағамыз.

60328b56ff040a99e9443ed6b5c86808.jpg

Кемекең қазақ археологиясының қалыптасуы мен дамуына аса зор үлес қосып, өзінің ғылыми ғұмырында теңдессіз еңбек атқарды. Ғалымның еңбектері қанша ғасыр өтсе де, қазақ халқы үшін аса құнды әрі баға жетпес мұра болып қала берері сөзсіз.

Ғалым ағамыз қара тасты жарып шыққандай, ғылымның ауыр жолында өзіндік қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Балалық шағындағы ауыр тауқымет пен отты жылдардың ойраны Кемекеңді одан әрі шыңдай түсті. Ол кісінің өмір жолына қарап отырып еріксіз қайран қаласың.

Ғалым өз зерттеулерінде ғылыми еңбектің санына емес, сапасына мән бере отырып, терең сараптамалық, жүйелілік жағын әрдайым назарда ұстады. Қазақстан археологиясының тарихнамасында алғашқы кезеңде жүргізілген археологиялық зерттеулер Қазақстан территориясындағы ежелгі және ортағасырлардағы қауымның тарихи дамуының негізгі кезеңдерін көрсетіп берді.

Орталық және Солтүстік Қазақстан жерлеріндегі Ө.Х. Марғұлан бастатқан ғалымдарымыздың мақсатты түрде жүргізілген зерттеулері нәтижесінде азды-көпті мәліметтер жинақталып, осы өңірлердің ескерткіштерінің кезеңдестірілуін жасауға мүмкіндік туды.

Қазақстан жеріндегі қола дәуірінің кезеңдемесін К.А. Ақышев 1953 жылы Орталық Қазақстан жері бойынша жасады. Ғалым тарапынан жасалған алғашқы теориялық зерттеулер қазақ археологиясының алғашқы беттері десе болады.

К.А. Ақышевтің кезеңдеме жұмысы жинақталған мәліметтердің аздығымен бірге, сол уақыттағы Қазақстан жерінің қола дәуірін зерттеудегі жеделдету асығыс пікірлердің орын алуына әсер етті. Ғалым зерттеулеріндегі бірізділік бір орталықтан бағындырылған кеңестік ғылымның жүйесіндегі осал тұсы болды. Алайда, ғалым қола дәуірінің соңғы кезеңдерінің жергілікті аймақтық нұсқаларының өзіндік ерекшеліктерін тани отырып, оны жеке мәдениет ретінде қарастырды және жаңа атауларын ұсынды.

К.А. Ақышевтің зерттеулеріндегі жүйелілік дегенде, сайып келетін мәселелер тарихи кезеңдерді сабақтастыра отырып зерттеуінде жатыр.

Әсіресе, 1950-60 жылдардағы кеңес археологиясында өзекті мәселеге айналған қола дәуірінің соңғы кезеңдеріндегі проблемаларға белсене араласып, өз пікірлері мен тұжырымдарын берік ұстанды. Орталық Қазақстан жеріндегі Беғазы-Дәндібай мәдениетін ашу мен зерттеудс әрі терең талдауда ғалымның қолтаңбасы айқын көрінеді.

Осы соңғы қола дәуірінде Қазақстан жері мол металл қоры арқасында жалпы Еуразия кеңістігіне үлкен ықпал ете отырып, әртүрлі мәдениеттердің араласуы мен байланысына және тайпа бірлестіктерінің бірігуіне ықпал еткенін ашып берді.

Еуразия кеңістігіндегі көшпеліліктің бастауы мен дамуы сонымен қатар әлемдік өркениеттегі дала мәдениетінің алатын орнына, сондай-ақ өзге де түрлі мәселелерге ден қойып, баға берген еді.

Ғалым зерттеулеріндегі ең сүбелі еңбек, әрі әлемдік деңгейде халқымыздың баға жетпес мұрасы болып саналатын елдігіміздің символы —

«Алтын адам».
Алтын адам,
Алтын адам...
Адам жок.!
Алтын қалган жарқыраған.
Сары алтынның белгілі нарқы маған,
Қайда, бірақ, алтыннан артық, адам?!
Кім болды екен алтынмен аптайтындай,
Алтын жиған шонжар ма, жатпай-тұрмай
Кім де болсаң, Ей, пенде!
Күн кештің ғой,
Ажал келсе алтының, сақтайтындай,
Алтын табыт ішінде жатпайтындай...
Шежіремді ұрлапты...
Зулапты күн.
Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын.
Алтын адам шынымен қазақ болса,
Білген екен құнынын, қымбаттығын !!!- деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали жырлап кеткендей, шынымен де қазақтығымыздың құны алтыннан да ардақты болуы тиіс. Кемел Ақышев ағамыз «Алтын адамның» тек алтын күйінде ғана бағалы емес екендігін әлемге таныта білді. Оның жасалу жолдары арқылы байырғы бабаларымыздың дүниеге көзқарасы мен әлемді тануын терең философиялық тұрғыда дәлелдеп берген болатын. Бүгінгі күні Елбасының бастамасымен «Мәңгілік ел» атанамыз деп, халық болып ұлы мұраттарға қол созудамыз. Осы ұлы мақсат жолында елдігіміздің символы «Алтын адам» болатыны баршамызға белгілі. Сондықтан да мәңгілік елдің мызғымас бірлігі мен тыныштығының сақшысындай болған қазақ елінің бірегей белгісін көздің қарашығындай сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыруымыз керек.

27bea5c2e61f42b6364531c595bad326.jpg

Бүгінгі күні «Алтын адамның» санын көбейтіп, Есік обасынан табылған сақ ханзадасының алтын киімімен еліміздің басқа өңірлерінен табылған алтын заттарды теңестіру үрдіске айналды. Әрине, Шілікті, Аралтөбе, Талды және т.б әр жерлерден табылған алтын заттар еліміздің баға жетпес мұралары, бірак, оларды алтын адаммен теңестіруге болмайды.

Кемекеңнің кемеңгерлігін әр дәуірлердің ескерткіштерін зерттеген еңбектерінен көруге болады. Зерттеулерінің басты қағидасы дәуірлер сабақтастығының үзілмеген тамырын іздей отырып түбегейлі тұжырымдар жасауында болса керек. Сақ мәдениетінің ғажайып туындыларын әлемге танытып қана қоймай, оны қазақ халқынын асыл мұрасы екендігін дәлелдеу үшін дәуір жалғастығын көрсетіп, үйсін кезеңін зерттеуге ден қойды. Жетісу өңірі, Іле бойындагы үйсін мәдениеті ескерткіштерін талдап, кеңестік дәуірдің өзінде ғылымға ұлттық иісте мәдени атау берудің өзі ерлікке пара-пар еді.

Әр істің басында жүретін Кемел аға тәуелсіздіктің таңымен бірге еліміздің жүрегі Астана қаласына келіп Университетіміздің құрылуы мен қалыптасуына, рухани өсуіне бар қажыр-қайратын жұмсады.

Астананың қала болу тарихының тереңнен бастау алатынын дәлелдеп, Есіл өзенінің жағалауындағы ортағасырлық көне Бозоқ шаһарын ашып зерттеді. Бұл да ғалымның ел ертеңіне, Астананың болашағына үлкен үмітпен қарауында болса керек.

Кемел ағаның ғылыми еңбектері археологиялық тұрғыда ғана емес жалпы қазақ халқының мүддесіне жұмыс жасайтын асыл мұра. Ғалымның жеке тұлғасы мен ғылыми мұрасына қарап отырып, «ғылым атты ірі мұхиттың алып айсбергіне теңеуге болар еді». Айсберг мұхит бетінде тек өзінің ұшын ғана көрсетіп, алып тұлғасын су астында көрсетпей қалқиды. Сол сияқты Кемекең де алып тұлғасын ішіне ұстап, дала перзентіне тән ұлылықты бойына мансұқ етті. Оны уақыттың тезі мен тарихтың толқыны айшықтап көрсететіні анық.

"Мәңгілік ел" - Халықаралық ғылыми-көпшілік журналы, Ұлан ҮМІТҚАЛИЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент