Жүгері жанжалы: Хрущевпен қырбай
28.01.2019 1690
Брежневтен кейін бірінші хатшы лауазымына екінші хатшы Иван Дмитриевич Яковлев тағайындалды. Бұл лауазымды ол бір жарым жыл атқарды, бірақ туған қаласы Новосибирскідегі партия жұмысына ынтық болды

Иван Дмитриевич Яковлев 1910 жылғы 5 қаңтарда Том губерниясының Саввушка селосында шаруа отбасында дүниеге келген. Иван отбасындағы алты баланың үлкені болған. Иван Яковлевтің ұйымдастырушылық қабілеттері ерте жасынан байқала бастаған, 14 жасында пионер отрядының жетекшісі болады. Сол кезде-ақ ол өзінің болашақта немен айналысатынын шешіп қойған еді.

Екі жылдан кейін Яковлев мектептің комсомол ұйымының хатшысы, БЛКЖО аудандық комитеті бюросының мүшесі, Рубцов округінің БЛКЖО мүшесі болып сайланады. Бір жылдан кейін, 1927 жылдығң қыркүйегінде Змеиногор партия ұйымы Яковлевті БКП (б) мүшелігіне үміткер қылып қабылдайды. 1928 жылы Иван Дмитриевич Яковлев Змеиногор екінші сатылы мектебін бітіріп, аттестатпен қоса бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады.

Мектеп бітіргеннен кейін Яковлевті Том қаласындағы комсомол насихатшыларының екі айлық курстарына ұсынады, бұл жерден Яковлев Поспелиха аудандық комсомол комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі. Иван Яковлев екі-ақ айдың ішінде насихат бөлімі меңгерушісінен аудандық комсомол комитетінің хатшысына дейін өсіп, БКП (б) мүшелігіне алынады.

Бұл жерде Иван Яковлевтің журналистік қабілеті ашылып, 1930 жылдың 5 сәуірінде «За сплошную коллективизацию» аудандық газетінің редакторы болып тағайындалады. Бір айдан кейін Яковлев Рубцов округтік «Степная коммуна» газетінің партия бөлімін басқарады, бірақ бұл лауазымда көп отырмайды. 1930 жылдың қарашасында Яковлев «Сибкомбайн» комбайн шығару зауытының үндеуі бойынша Новосибирск қаласына келеді. 15 қарашадан бастап Яковлев зауыттың көп тиражды «Даешь комбайн» газетінің редакторы болып журналистік қызметін жалғастырады.  

«Сибкомбайн» құрылысы  

1933 жылы Иван Яковлев Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясына мерзімді қызметке шақырылады. Жиырма үш жасар Яковлев қызметін Тынық мұхит флотының жағалаулық артиллериясында өтейді. Қиыр Шығыстағы әскери қызметінен кейін Яковлев Новосибирскіге қайтып оралып, бірден партия комиссиясы хатшысының орынбасары және «Сибметаллстрой» партия кабинетінің меңгерушісі болып сайланады. Бұл жерде ол Антонина Вилкованы кездестіреді.

Иванның бұдан кейінгі мансабы Новосибирскімен байланысты болды: Киров аудандық халыққа білім беру бөлімінен бастап Киров аудандық БКП (б) комитетінің бірінші хатшысы дейін өседі.

1940 жылдың 27 наурызында Яковлев Новосибирск еңбекшілер кеңесі атқарушы комитетінің төрағасы болып тағайындалады.  Кейін, 1940 жылдың 11 шілдесінде, арнайы комиссия оны Новосибирск қалалық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі екінші хатшысы лауазымына тағайындайды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Яковлев Новосибирск қалалық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымын атқарып жүрген еді. Дәл осы Яковлевтің қадағалауымен Новосибирскіде халықты «тығыздау» саясаты жүргізілген еді: 1 480 мың шаршы метр тұрғын үй ауданы бола тұра 450 мың адам 3 шаршы метр ауданда паналауға мәжбүр болды.  Кейін адам саны 605 мыңға дейін өсті. Тұрғын үй жетіспеушілігіне қарамастан Яковлев Новосибирскіні ССРО-ның тірек пунктіне айналдыра алды, соғыстың соңына қарай Новосибирск майданға барлық оқ-дәрінің 27%, ондаған бронепойыздарды санамағанда, 15 мыңнан астам ұшақ жеткізіп тұрды.

Новосибирск БКП (б) обкомының бірінші хатшысы М.В.Кулагин қоластындағылардың ерліктерін еске ала отырып, Иван Яковлевтің үлесін былайша көрсетіп атайды:

Яковлев жолдастың саяси басшы ретіндегі ұйымдастырушылық қабілеттері Новосибирск қалалық БКП (б) комитетінің екінші хатшысы лауазымын атқарып тұрған кезінде ерекше көрінді, бұл кезде Новосибирск партия ұйымының алдында барлық өнеркәсіпті әскери жағдайға келтіру сияқты ғана емес, сонымен қатар көптеген эвакуацияланған зауыттарды орналастыру, жаңа зауыттар салу, Қызыл Армия үшін оқ-дәрі мен қару-жарақ шығару жөніндегі Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің тапсырмасын үздіксіз орындау сияқты күрделі тапсырмалар қойылған еді. Бұл тапсырмаларды Новосибирск партия ұйымы шеше алды.

Жауынгерлік ұшақтарды шығару жөніндегі үкімет тапсырмасын үлгілі орындағаны үшін ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1944 жылы И.Яковлев жолдасты еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады. Маңызды ауыл шаруашылық кампанияларын жүзеге асырудаНовосибирск партия ұйымдары үлкен көмек көрсетті, осы істегі жеке бастамасы үшін И. Яковлев жолдас «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Яковлев жолдас партия басшысына тән – табандылық, бірбеткейлік, кемшіліктерге деген төзбеушілік, кішіпейілділік пен қарапайымдылық сияқты қасиеттерді өз бойында сіңіре алды. Осындай қасиеттерінің арқасында Яковлев жолдас қала мен облыстың партия активі арасында ғана емес, сонымен қоса партияда жоқ жұмысшылар арасында да үлкен бедел мен құрметке ие.  

Соғыс біткеннен кейін, 1946 жылы Яковлев БКП (б) ОК жанындағы Жоғары партия мектебінде оқиды, бірақ 1949 жылдың қаңтарында жаңа партиялық лауазымға тағайындалғаннан кейін оқуын тастауға тура келеді. 1949 жылдың 8 қаңтарында Иван Яковлев Новосибирск обкомының бірінші хатшысы болып тағайындалады. Бұл лауазымда ол 1955 жылдың тамызына дейін алты жыл отырады. Осы кезеңде Яковлев СОКП ОК мүшелігіне қабылданады.

Иван Яковлевтің ұлы Юрий Иванович Яковлев әкесінің қызығушылықтары туралы былай деп еске алады:

«Орманда шаңғы тепкенді ұнататын. Ат спортын да жақсы көретін. Шамамен Гоголь мен Шамшиндер отбасы көшелерінің қиылысында кавалерия мектебі болатын. Одан әрі ипподром болды. Иван Дмитриевичтің соғыс және соғыстан кейінгі жылдары жақын аудандаға салт атпен баратыны байырғы тұрғындардың әлі есінде. Кавалерия мектебінде Казбек пен Ермак деген екі аты болды».

Яковлевтің Новосибирск ауыл шаруашылығындағы жұмысының арқасында ОК мүшелері Яковлевті Қазақстан ОК бірінші хатшысы лауазымына тағайындауға шешім шығарады. Әр гектардан алынған 13,7 центнер астық пен Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің алтын медалі осының айқын дәлелі.

1955 жылдың 6 тамызында Иван Дмитриевич Яковлев Қазақстан Коммунистік партиясы ОК екінші хатшысы болып сайланады. Ұлы Юрий Яковлевтің естелігі бойынша оның мұнда шақырылуына Брежневтің қолтаңбасы болған. Брежнев пен Яковлев, шынында, бірін-бірі жақсы білген, Мәскеудегі түрлі іс-шараларда жиі кездесіп тұрған. Яковлев пен Брежнев тандемі аз уақыт қана қызметтес болады. 1957 жылдың желтоқсанында Яковлев Қазақстаннан кетіп, Ульянов облыстық партия комитетін басқарады. Бұл жерде ол әжептәуір үлкен жетістіктерге жетеді.

1960 жылғы 16 қаңтарда Ульянов облыстық халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін Ленин орденімен наградталады. Ульянов ауылшаруашылығы саласының қандай жетістіктерге жеткенін көрген ОК алынатын астық көлемін ұлғайтуды жалғастыра береді.

Жарамайтын аудандарда жүгері отырғызуды талап еткен басшылықтың диктатын қолдамағаны үшін Иван Яковлев 1961 жылдың 7 тамызында лауазымы төмендетіліп, Омбыға ауыстырылады.  

Владимир Боков, Новосибирск облыстық атқару комитетінің төрағасы, Омбыда Яковлевпен бірге жұмыс істеген, Хрущев пен Яковлев арасындағы жанжал туралы былай дейді:

«Сіз Ульяновскіде отырып азық-жем жоқ деп шағымданасыз. Ал Чита облысы жүгерімен айналысады – бір гектардан 700-800 центнер жинайды. Ал сіздер қанша егесіздер? Сіздер мүлдем екпейсіздер!».

Иван Дмитриевич те үнсіз қалмайды:

«Біз зығырмен айналысамыз, бізде қарабидай тамаша өседі. Бізде басқа да жем-шөп дақылдары бар. Егер читалықтар айналысса және ол олардың қолынан келіп жатса, біз неге онымен айналысу керекпіз?».

Осы жанжалдан кейін Яковлевті Омбыға ауыстырып жібереді.

1973 жылы Яковлев зейнетке шығып, қайтадан Новосибирскіге оралғысы келеді. Юрий Яковлев әкесінің Новосибирскіге оралмауының бір ғана себебі болды – Новосибирск СОКП обкомының бірінші хатшысы Федор Горячев екеуінің арасындағы қатынас дейді.

Брежнев қайда барасың деп сұрағанда Яковлев Мәскеуді таңдайды. Мәскеуге көшіп келген соң Яковлев ССРО ет-сүт өнеркәсібі министрінің кеңесшісі болып істейді, бірақ әйелінің ауруына байланысты ұзақ қызмет алмайды. Иван Яковлев 90-ға толуына 11 күн қалғанда 1999 жылдың 26 желтоқсаны Мәскеуде қайтыс болды.