ҚҰРБАН АЙТ: ТАРИХИ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК
21.08.2018 4531
Бүгін бүкіл мұсылман халықтарының ең басты ұлық мейрамы Құрбан Айт мерекесі басталды

Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра - мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Құрбан Айтта мұсылман жұрты құрбандыққа мал сойып, думанды мейрам жасап, үлкен-кіші арасында үгiт-насихат, өсиеттер айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді.

Осы орайда NDH порталы барша мұсылман қауымын және қазақстандықтарды Құрбан Айт мерекесімен құттықтап, қасиетті мейрамның шығу тарихы және әр мұсылман елдерінде тойлану хақында қызықты деректерді ұсынады. 

-    Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімдерін киіп, хош иіс әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне айттап қыдырады. Айттың алдында тәтті тағамдар мен  шелпек, бауырсақ пісіріледі.

-   Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында  Құрбан Айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды. 2005 жылғы 28 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» ҚР Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт пен Рождество мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып жарияланды.

-   Қазақтардың алғаш Құрбан Айтты тойлаулары туралы ақпараттар ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларында да кездеседі. Тарихи құжаттарға жүгінетін болсақ, қазақ жерінде 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Оған негіз 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі. Оған C.Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы пен Ә.Бөкейхандар Төралқа мәжілісіне қатысқан екен.

-   Құрбан Айтты тойлау және құрбан шалу салты Орталық Азияда ислам дінінің келуімен бірге тараған. Ол Х-ХІІІ ғасырларда етек алған. Бұл салт көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халық үшін таңсық болмайды.

-   Құрбан Айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Бұл күндер Ұлы Меккеге қажылықпен аяқталады. Айт күндері Аллаһқа арнап құрбандық шалады, мал сояды (жылқыдан басқа). Бұл мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.

-   Мұсылман халықтары Ид аль-адха (Құрбан Айт) мейрамын әр түрлі тойлайды. Дегенмен, барлығына ортақ нәрсе Алланың разылығы үшін құрбандық шалу. Құранда былай делінген: «Аллаға құрбандықтың еті де, қаны да жетпейді, Аллаға сіздердің сенімдеріңіз ғана жетеді. Алла сіздерді тура жолға салушы, ал сен оны өзіңнің ізгі істеріңмен қуандыр!».

-   Әр мұсылман халықтарында Құрбан Айтты тойлаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Мароккода, Индонезияда, Малайзияда Айт намазынан кейін адамдар көшеге шығып, ән айтып, би билейді екен. Бұл елдерде мейрам карнавал түрінде тойланады. Кешегі Кеңестер Одағының құрамында болған Эстония мұсылмандары да Құрбан айт мейрамын атап өтуге ерекше көңіл бөлген.  Эстония бұл мерекені мұсылмандар мен эстон қауымдастығының арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі деп есептейді.

-   Марокко Корольдігі - Магрибтің ең ежелгі мемлекеттерінің бірі, ол араб әлемінің батыс бөлігін алып жатыр. Бұл елде де басқа елдердегідей құрбан шалу таң сәріден басталады. Барлық мұсылмандар сәнді киініп, айт намазына барады. Бұл елде мерекелік намазбен бірге қайырымдылық жасалады. Намаздан кейін мұсылмандар қайтыс болған адамдарды еске алу үшін зиратқа барады, содан кейін құрбандық шалуды бастайды. Марокканың мерекені атап өтудегі басты ерекшелігі - музыка. Олар бұл мерекені де, тіпті күнделікті өмірлерін де музыкамен әрлендіреді.

-   Біріккен Араб Әмірліктерінде Құрбан Айт мерекесі ерекше көлемде аталып өтіледі. Құрбандық шалынады. Мемлекеттік секторды дамыту министрлігінің шешімі бойынша, мереке күндері елдің барлық мемлекеттік және муниципалды мекемелері жабылады. Мысалы Дубайда 200 түрлі ұлт өкілі тұратындықтан, мұнда екі апта бойы Ид Әл-Адханың құндылықтарын және әдет-ғұрыптарын түсіндіретін, сондай-ақ бірлік идеясын көрсететін көптеген іс-шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек Дубайдағы сауда орталықтарында бірнеше миллион дирхам мөлшеріндегі жүлделер мен лотереялар ойнатылады. Балаларға арналған көптеген ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады.

-   Құрбан шалу діни мәдениеттің ең көне формасы болып табылады. Ол қазіргі діндер пайда болмай тұрып көп уақыт бұрын да пайда болған. Көне заманғы адамдардың түсінігі бойынша бұл салт табиғаттың рухы мен ата-бабаларының рухын тыныштандыру үшін жасалған.

-   Құран бойынша, Құрбан Айт өзінің бастауын Алланың Ибрахимге жіберген сынағынан кейін пайда болған. Пайғамбар 86 жасына дейін бала сүймеген көрінеді. Тек 86 жасқа келгенде ғана бірінші ұлы Исмаил дүниеге келеді. Бір күні Ибрахим түсінде Алланы көреді, ол оған жалғыз ұлын құрбандыққа шалуды өтінеді. Алланың өтінішіне қарсы келе алмаған Пайғамбар қазіргі Мекке қаласы тұрған жерге, яғни Мина өзенінің жағасына келіп, құрбандық дайындықтарын жасайды. Әкесі сияқты Аллаға берілген Исмаил әкесіне қарсы келмейді. Пайғамбар енді салтты жасай бергенде Алла оны тоқтатып, сен менің сынағымнан өттің, маған шын берілгендігіңді дәлелдедің дейді. Сөйтіп құрбандыққа шалуға қой береді. Содан бастап Құрбан Айтта құрбандыққа қой шалу дәстүрі басталыпты.

-   Құрбан сөзінің анықтамасы: Араб тілінде: Тілімізге еніп кеткен «құрбан» сөзі араб тілінде – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасы: Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.  Құрбан шалудың артықшылығына, сауапты іс екендігіне қатысты пайғамбарымыздың бірнеше хадистері бар. 

-   Құрбан шалу кімге уәжіп? Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет. 1. Мұсылман болу; 2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау; 3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.