Түркістан қалалық өңірі - көне өркениет кешені
02.08.2018 2935
Қазіргі күні Түркістан кішкене қала болғанымен ертеде үлкен қалалық аймақтын орталығы, Орталық Азиялық Тұран өркениетінің алтын бесігі болды

Әбілғазы баһадүр хан (ХУІІ ғ.) Тұран ұғымына Сібір аймағын да қосатынын ескерген жөн.  Шығыстың ұлы тарихшысы Жошы ханның ұлы Шайбан әулетін тарата келе, оның тұқымы  Көшім хан туралы «Көшім хан Тұран уәлайатында қырық жыл патшалық қылды, көп жасады, екі көзі көрмей қалды. Тұранды мың үшінші жылы Көшім ханның қолынан орыс алды. Көшім хан қашып, маңғыт халқының ішіне барды, сонда опат тапты» дейді (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Құраст. Б.Әбілқасымов. Алматы, 1991. 118 б.). Осы ұлан-байтақ Тұран жұртының орталығы Қаратау бауырындағы, Сырдың орта беліндегі, Алатау бөктеріндегі жерлер ерте заманнан бері Түркістанның атағымен белгілі.

Шежіренің айтуына қарағанда Түркістанды «Қырық қақпалы Қарашық» деп атаса керек, қазіргі уақытта Қарашық Түркістаннан Қаратауға қарай орналасқан орташа қалашықтардың бірі. Қазақ шежіресі Түркістанның көне заманның қаласы екендігіне бірнеше түрлі дәлел айтады.

М.Ж. Көпейұлы «Түркістан һәм қадимнен келе жатқан зор шаһар еді: бір шеті Алатауда, бір шеті Қаратауда. Осы күнде Сайрам суының күнбатысында «Ат бұлағы» аталатын жер ат базары еді, Түркістанның күнбатысында «Теке суы» деген жер қой базары еді» деп бастайды Түркістан баянын (Көпейұлы М.-Ж.  Шығармалары. 1-20 томдар. Павлодар, 2013., 10 т, 125 б. ).

ХУІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы  саясатына жауап берген адамдардың бірі  П.И.Рычков Түркістанға қатысты шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап,  қаланың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады:

«Сие владение и город Туркестан, в рассуждении других мест в тамошней стороне имеющихся, ныне хотя и незнатны, но по древности надлежит ему пред всеми дать преимущество, потому что город Туркестан в татарских историях многим старее Бухары почитается, и якобы в древние времена повелительство сперво в нем началось, и во всю Азию распространилось. Находящийся в Оренбурге ахун обьявил, будто бы сей город построен внучатами Турка-хана, сына Яфетова, от которого он название себе получил, и все тамошние города, даже до Индии и Китая, яко то: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин и прочие во власти Туркестана состояли. Ту ж область назвали они в древние времена и другим названием Яссии, кое аки бы еще и туркестанского старее. Сие выписано из арабских и татарских книг помянутым ахуном» (Рычков П.И. Топография Оренбургской губерний. Уфа, 1999., с.23).

ХУІІІ ғасырда қазақ арасына жиі келіп, көптеген жауапты мәмлегерлік шаруаларды атқарған тілмаш Уразлин парсы тарихында Түркістанды Жәмшид патша салды деген мәлімет қалдырған: «сей город построен был от Жамшида-шаха иранского (то есть персидского), который от начала персидской монархии был четвертый государь. Оный Жамшид-хан, по сказанию в той истории, с прочими народами овладел мунгалами, татарами и китайцами и, быв с войском своим в Великой Татарии, за потребное признал для пристанища войску своему построить три города. Первый из сих был Тюркюстан (то есть Туркестан), другой Утрар, третьи Сауран (которые доныне есть, и суть малые местечки около Туркестана), где он оставил наместником одного из своих свойственников. Но где Туркестан, тут, сказывают, еще  и прежде была крепостца, или пристанище воинских людей, кои от тамошних жителей именовались Яссии».

Тілмаш Уразлиннің жазғаны «Дадестан –и меног-и храд» (Парасат Рухының пайымы) және «Бундахишн» (Негіздің жаратылысы) аталатын парсының арасында көбірек сақталған «Зәрдүш мәтіндерінен» алынған деректер. Шамасы Түркістан маңында ХУІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Парсының пехлеви жазбаларын сақтап, оқып, тіпті жұртқа таныстырып жүретін оқымыстылар болса керек. Қазақ арасында Жәмшид патша туралы бірсыпыра әңгімелер бар, бірақ дәл сол патша Түркістанды салды деп айтылмайды, бұл әфсаналық мәтін Түркістан шаһарының ішіндегі Яссы қорғанына қатысты болуы әбден мүмкін. Адам баласы Жәмшидтен кейін, билікке Феридун патша келген уақытта бөлінді дейді әскі әфсаналар. Оның үш баласы Сәлім, Тұр және Ирандж Еуразиядағы үш түрлі үлкен ұлыстың көш басшысы болса керек. Біріншісінен арабтар, екіншісінен түрік елдері, үшіншісінен ирандықтар мен үндістер. «Шахнамені» жырлаған Фердоуси Сәлім мен Тұр бірігіп Иранджды өлтіріп, содан  осы елдердің ара жігі ашылды, Иран мен Тұран арасындағы мыңдаған жылдарға созылған жаугершілік басталды. Біздің жыл санаумызға дейінгі екінші мыңдық жылдықтың ортасына қарай  иран (арий) тайпалары Ұлы даладан оңтүстікке және шығысқа қарай сырғып, билік Тұранның ұлдарына біржолата көшті.

Жоғарыдағы деректерде аталатын  Яссы қорғаны қазіргі күні Күлтөбе аталады. Осы төбенің басында жасалып жатқан археологиялық қазбалар біздің жыл санауымызға дейінгі уақыт мөлшерін береді. Қорғанның  орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде. Биіктігі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізілуде. (А.Сүлейменов. Күлтөбе – Ясы – Түркістан.http://e-history.kz/kz/publications/view/3369). Біздің ойымызша Күлтөбе қорғанының төменгі қабаттары  қазіргі жыл санаумызға дейінгі екінші мыңдық жылдықтың ортасына қатысты деректерді берсе керек. Бір қызығы Әзіреті Сұлтан күмбезіне  таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы  Әз Тәуке хан заманында да  ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.

Қазақ хандығы тұсында Түркістан қаласы биіктігі 15 метрдей хам кірпіштен көтерілген қорғанмен қоршалды. Қорған тұт және арша ағаштарымен бекітілген. Бертіңгі уақытқа дейін Тұркістанның төрт қақпасы қала тұрғындары мен қонақтарына  қызмет жасады. Қаланың өзі де төрт махаллаға бөлінген. Қорғанды айнала ор қазылған және ол Қарасу өзенімен жалғасқан. Қаланың ортасындағы Әзіреті Сұлтан мешітінің өз қоршауы бар және оның ішінде негізінен қожа әулетінің өкілдері тұрған. Әз Тәуке хан билігінен кейін, әсіресе, жоңғар шапқыншылығы кезінде, қала үлкен дағдарысты бастан кешірді.

Поспелов пен Бурнашев елшілігінің күнделігінде: «Сей довольно известный в древности город столь опустошен, что не считают в нем более 300 домов, и обширность прежнего селения видна уже в одних только развалинах...», -делінеді (Поездка Поспелова и Бурнашева в Ташкент в 1800 году // Вестник ИРГО на 1851г., ч.1. СПб., 1851,  с, 29).

Қоқанд билігі орныққан соң қала қайтадан өсе бастады. ХІХ ғасырдың ортасында Ресей империясы келген уақытта Түркістанның халқы 1200-дей үйге жетті.

Қала тарихына қатысты қызықты деректер Түркістанның өз басына жақын орналасқан Кәріз қышлағында кездеседі. Бұл жер ертеде Түркістандағы хан ордасының жаз уақытында отыратын, елшілік қабылдайтын жері болғандықтан қышлақ тұрғындары ертеде хан ордасына қызмет жасаған адамдардың тұқымы. Қазақ хандары  кәріз құдықтарының жанында жазғы ордаларын тігіп елшіліктер мен керуен басшыларын қабылдаған. Жер астынан өткізілген кәріз суы «Алан бұлақ» деген қайнардан бастау алады да бірнеше құдықпен жалғасады. Жаздың ыстығында бұл жер жұмақ сияқты.  Хан мен сұлтандар орда тіккен тоғай қазіргі уақытқа дейін «Бақ Жаһан» аталады.  Әзіреті Сұлтанға келген сауда керуендері де осы жерге тоқтап саудасын жүргізгендіктен Кәріз қышлағын мекендеген жергілікті ел «Базарлық» деп те атайды.

Деректерге қарағанда Әз Тәуке заманында Түркістанның айналасында Қазақ хандығына қарасты 32 қала болған. 1690 жылдары Түркістанға Сібір басшылығы атынан келген Тобыл казак-орыстары Федор Скибин, Матвей Трошин Сауран, Сығанақ, Түркiстан сияқты қазақ қалалары туралы тамаша тамаша  сипаттамалар қалдырған:

«Тобыл қаласынан Түркістанға дейінгі аралықтағы Қазақ Ордасының қалаларының тізімі: Сауран жолымен оң жақтағы бірінші қала –Сауран; Сауран қаласының  артында Сырдария өзенінен төмен, Қарақалпақ жаққа қарай  Сунақ (Сығанақ) қалашығы; Сығнақ пен Сауранның аралығы бір күндік жер; Саураннан оң жақ бағытта Сырдарияның түбінде Оқ – Қорған қалашығы, Саураннан бұл қалаға дейін жарты күндік жер; Сауранның солтүстік жағында – Созақ қалашығы, бұл қалашықтан Сауранға дейін екі күндік жол; Тәуке ханның иелігіндегі Түркістан қаласы мен Сауранның аралығы күндік жер; Сауран мен Түркістан аралығында жарты жолда Күшік солтан хан қиратқан бос қалған қала бар.  Осы жолдың бойында   сол жақта  Қарнақ қаласы орналасқан; Түркістаннан орыс жаққа қарай таудың етегінде Оранхай қаласы, Түркістаннан Оранхайға дейін 10 шақырым;  Түркістаннан шығысқа қарай азаннан түске дейін жүрсе 5 шақырымда Ташанақ қаласы;  Түркістаннан  20 шақырым жолда Пихан (Иқан) қаласы, һәм басқа да көптеген біз атын білмейтін Түркістанға жақын орналасқан қалашықтар бар. ал орталықтан Түркістанға қарай Отрар қаласы, оған дейін бір күндік жер;  ал, Түркістанның орталығынан батысқа қарай  Сайран қаласы, оған дейінгі жол 2 күндік. Жалпы Қазақ ордасында қалалар саны 32».

Сонымен бірге  Қаратаудың теріскейіндегі ескі қоныстардың бірі Созақ  та Түркістан қалалық өркениетінің солтсүтік  қақпасы қызметін атқарады. Бұл маңда түрік халықтары тарихының көне белгілері көп сақталған, мысалы, иісі мұсылман баласы, алыс жерден келе жатқан жолаушының Баба түкті шашты Әзізге тоқтамай кетпейді. Қарақалпақтың атасы Созақ осы жерге жерленген дейді. Посталтынордалық кезеңде  Дәшті -Қыпшақты билеген Едіге би өлерінде «Қаратаудың бауырында Баба түкті шашты Әзіз атамыз бар, соныңа қасына апарып қой» деп балаларына өсиет етіп, содан Ұлытауда қайтыс болған жерінде аманат қылып қойған екен, сол Ақмешіт әулиеден алып келіп осында жерлеген дейді. Қазақтың бертіңгі заманғы әулиелерінен бұл жерде Жалаңаяқ Әзлер жатыр.

Созақта ХУІІІ ғасырда  100 шақты үй ғана бар делінеді, негізінен «Ақтабан шұбырынды» заманында қирап барып қайта  бой көтеріп, ел жиналған қышлақтардың бірі. Қаланың сыртынан пахса мен шымнан соққан 6-7 метр биік қорғаны бар, соның ішінде алты-жеті махаллаға жететін халқы бар.  Қалашықтың халқы көбінесе Қарнақ, Иқан, Бабай, Сунақ сияқты қышлақтардан жаңада көшіп келгендермен ошақты, сатек, қоралас, мырза тобы сияқты тегі қазақ тұрғындар.  Қалмақ шабуылы Созаққа көп зиян келтірді. Бау-бақша мен егістік алқаптар ат тұяғының астында қалды, құрылыстар мен мешіттер тоналды. Осы соғыстардың кезінде көп зиян шеккен Ораңғай, Баулык, Шуманақ, Ташанақ, Отырар т.б. қалашықтар бұрыңғы деңгейіне келіп, қайта оңала алған жоқ.  Созақ аты тарихи жазбаларда Х-ХІ ғасырлардан бастап аталады. Қазақ хандығы заманында бұл қала Түркістанның терістігінде Дәшті -Қыпшақпен шекаралас тұрған үлкен бай аймақтың орталығы. Қаратау қыратынан Ұлы далаға үңіліп тұрған Ақсүмбе мұнарасы бұл өңірге ерекше сән және мағына береді. 

Маңайдағы елдің қызығатын қонысының бірі Иқан қалашығы. Ерте заманнан бері Иқан тарихқа танымал. Иқандық Әбдісаттар Мұхидденұлының жазбасында «Біздің заманымызға дейінгі 327 жылда Ескендір Зұлхарнайын әскері Сырдариядан кешіп өткенде Иқон елінің қарсылығына душар болып еді» делінеді (Мамаев Т.М. Иқон ва иқонлиқлар. Тошкент, 2003, 8 б.). Осының дәлеліндей Қаратаудан құлайтын Иқансу сайының бойында ерекше хумдар табылған. Олардың кейбіреунің табанында грек жазуымен «Эллада» деген сөз болған-мыс дейді ел аңызы. ХУІІІ ғасырда бұл қонысқа қазаққа аты танымал Қырық сан Барақ сұлтан тұқымының қысқы сарайлары орналасқан. Халқының саны сол кезде  300 үйден сәл ғана асады, оның өзі Иқан төбе аталатын қорған ортасындағы биікте қиқы-жиқы орналасқан махаллаларда жинақталған. Деректерге қарағанда төрт қақпасы болған: Ұлы қақпа, Сахаба ата, Ғишт, Дәуіт.  Жаугершілік көп болған себепті Түркістан өңірінің қалашықтарының бәрінің сыртында қорғаны бар, бейсауат адам қорғанан сыртқа шыға бермейді. Иқанның сыртында Ибота (Жаңа Иқан), Майбалық, Енбасар аталатын жаугершілік кезінде қарауыл қарайтын бірнеше төбелер бар. Ескі Иқан төбенің үстіндегі соңғы үйлер 1945-1946 жылдарға дейін сақталды.

Иқанда ертеден бері бірнеше әулиеге зиярат етеді, оның бірі «Ғашық Жүсіп» атанған Ахмет Йассауиге шәкірт болған Жүсіп ата күмбезі, Ақ әулие атанған Ахмет шайқы Иқоний бейіті т.б. бар. Созақтың халқы көбі қазақ текті болса,  Иқанда  ондаған сарт әулеттері мекен етеді. Олардың ішінде Суфақил, Қырық таз, Қалмақ, Қожа  сияқты Иқан Иқан болғалы сонау оғыз заманынан осы жерде мекендеп келе жатқан әулеттер де, сонымен бірге әр жылдары әр түрлі жағдаймен келген отырарлықтар, бұхарлықтар, қашғарлықтар, қарақалпақтар да бар. Түпкілікті ел басым болғандықтан өздерінің ерекше дәстүр салттарын да, тілдерін де сақтап қалған. Ұзатылған қыздың бірінші баласын туғанша өз үйінде болып, күйеу жігіттің ұрын жүретіні Иқанда әлі күнге дейін сақталған. Иқандықтар өздерінің аталарын  Хорезм аймағынан келді-мыс дейді. Бұл жерде мәселе Хорезмнен келгенде емес, екі жердің халқының да оғыз текті екендігінде. Қоқанд билеген заманда Иқан  талай рет шапқыншылыққа ұшырады, тіпті қышлақ халқын жаяу-жалпы Тәшкентке де көшірген. Сонда да туған жеріне қайтадан жиналды. Сайрам аймағында Иқанға дәстүрлі мәдениетімен жақындайтын Қарабұлақ сияқты  қышлақтар бар. Олардың аталары ертеде Иқаннан көшіп келіп қоныстанған болса керек, не сол жақтан қыз алған. Осы жақындығына қарай иқандықтар Қарабұлақ халқын «жиен» деп атайды.

Түркістан өңіріндегі ірі қышлақтардың бірі Иқан сарттарының ішінен да қазақ текті әулеттерді мол ұшыратамыз. Біз жергілікті өлкетанушы Тухташ Мамаевпен әңгімемізде ол ошақты, жалайыр, жетімдер, төлеңгіт аталатын әулеттер бар екенін айтқан еді. Тоқташ ағаның өзі Иқандағы саны көп әулеттің бірі қалмақ әулетінің өкілі.

Түркістанға таяу орналасқан тарихи қышлақтардың бірі Қарнақ. Қаратаудың қойнауына ене, тау баурайына сұғына орналасқан қалашықта П.И.Рычков бар жоғы 300 үй болды дейді. Соған қарамастан Қарнақ тарихи қала.  ХІ ғасырда түркі тілдері туралы қалам тербеген М.Қашқари Қарнақты оғыз қалаларының бірі деп жазады және Оғыз хан әңгімелерінде Қарнақ аты ұлы қағанның немерелерінің бірі ретінде аталады. Бір қызығы тым көне замандар туралы сыр шертетін осы хикаяда Сыр бойындағы Шәуілдер, Тұрбат, Қарашық, Қазығұрт сияқты атаулар Оғыз ханның немерелерінің есімі ретінде берілген. Жалпы әлемде, Еуропаны алсақ та, Африканың солтүстік жағалауына барсақ та Қарнақ атауы тарихи орындарға қатысты кездеседі.

Қарнақ атауының мағынасын табу үшін осы сөзде қолданылатын «нақ» жалғауына үлкен көңіл бөліну керек дейміз.  Түркістан аймағында «нақ» жалғауымен бірнеше қалашық кездеседі. Оларды санамалайтын болсақ – Қарнақ, Шобанақ, Сунақ (Сығанақ). Ташанақ,  Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек).  Түркістан аймағында осы жеті нақ өз ара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады  екен деген аңыз бар. «Нақ» жалғауын қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланыстырған жөн. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші-екінші мыңжылдықтардағы арий-тур  сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз.  Үнді-еуропалық терминдер сөздігінде нахқа қатысты мынадай анықтама берілген: «Исторически — одно и то же слово: праслав. наречие *na «туда», «на» < балто-слав. *nō «рядом», «со стороны» родственно прагерманском *nēxwe «рядом», «около», откуда др.-в.-нем. nāh > нем. nach».

Сонымен нақ сөзінің көне мағынасын қабылдасақ, Сунақ- суға жақын қала, Ташанак -тасқа жақын қала, Қарнақ -Қаратау баурайындағы, Қаратауға жақын  елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) -бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. «Авестада» айталатын «Как Солнце, что через Хару, летит в своем полете, Вот так же, о Спитама, я снизойду к молитве» дейтін Хара  өзіміздің Қаратау екені анық.

ХУІІІ ғасырда Ескі Қарнақ (Ишкент) жан-жағында төрт дарбазалы, сегіз метрдей биік қорғаны бар қышлақ. Елдің бәрі де жаз күні қалашық маңайында қызмет жасайды да, жау келді десе  болды қорғанның ішіне тығылады. Қарнақ осы өңірдегі ілім-білімнің орталығы,  қазақ балалары да Қарнақ медреселерінде көп оқыды. Патша заманында Қарнақ қаласында 20-дан астам мұсылманша сауат ашатын мешіт және медресе болды. Қалашықта әлі күнге сақталған көне құрылыстардың бірі Шәмет ата мешіт-медресесі. Қарнақ қазаққа белгілі «Зар заманның» ақыны Шортанбай Қанайұлының туған жері, атақты Мұхтар Әуезовтың ата-бабасының қонысы.

Білімге байланысты болғандықтан Қарнақта қожа әулеттері аз емес: қылышты қожа, жүйнектік қожа, қарашықтық қожа, момын қожа, шілікті қожа т.б. бар. Қожалармен қатар жергілікті, ертеден келе жатқан бірнеше сарт әулеттерін де атауға болады-толча, қараханлар, қозықилы, сартораш, тәбризи т.б.. Сонымен бірге тегі қазақ бірнеше ата баласы да осы қалашықты мекен етіп, жергілікті  тұрмыс тәртібін қабылдап сарт болып кеткен. Олардың ішінде қарағұрлық тінейлерден шыққан Тұрба әулеті, Молла Хамза әулеті, Жетімдерден Нұр әулеті,  Шоқморлы, Тау тұмалық және Өгіз таулық арғындар т.б. Олардан басқа қазақтың төре, төлеңгіттерінен сарт болып кеткендер де аз емес. Қарнақ қалашығында Қазақ хандығы заманында өзге елдерден келген елшілерді орналастыратын мехманхона (қонақ үй)  болған.

ХІХ ғасыр соңында қышлақта болған Г.А.Арандаренко: «Единственная базарная улица в самом кургане, тесном и грязном, состоит из 10 лавок с кук-чаем, плохими халатамаи, шелком, разной мелочью и неизбежной аптекой. Торогового рынка кишлак не знает» дейді. Оның жазуынша қышлақта төрт етікші, екі сабын қайнатушы, төрт тері илейтін дүкен  бар (Арандаренко Г.А. Досуги  в Туркестане. СПб., 1889. с.145).

Сауран мен Түркістан арасында ескі оғыз заманынан бері белгілі қала Қарашық, солтүстік-шығысқа қарай Қаратау баурайынан асатын көш жолында қарауытып Сор төбе мен Жылан Қарауыл көрінеді. Қаратау баурайында, Қарнақ маңында орныққан аруақты жерлердің бәрі де оғыз-қыпшақ заманына барып өз тамырын тауып жатады. Одан әрі арабтың осы Түркістан өлкесіне келіп оғыз тайпаларымен соғыстары да ескерткіш күйінде сақталып тұр. Ерте уақытта кәпірлермен соғысып шахит болды дейтін Имам Бабыр, Ақкөсе сахабалардың қасиетті зираттары Қарнақта.

Қызықты әңгіменің бірі Ысқақ бап пен Сауыр тонды Өтеміс батыр арасындағы ұзақ жылдардағы күресті баяндайды. Ол заманда ислам дінін қабылдамағандарды «мық», «тарса» деп атаған екен, солар Сауыр тонды Өтеміс батыр бастап шет елден келген басқыншыларға көп қарсылық көрсетеді.  Әңгіме оғыз-қыпшақ дәуіріне қатысты болғанымен қазақтың шежіресінде бұл оқиға жақсы сипаталады.

Түркістан маңындағы қалашықтардың ішіндегі үлкені Сауран деп есептеледі. Оның жан-жағындағы қамал-қорғанының өзі де еңселі. Қаланың орталығында әдемі құрылыс- әлемнің жеті жұмбағына жататын теңселмелі екі мұнарасы бар Сауран мешіті. Бұл шығыстық қала салу, құрылыс орнату өнерінде теңдесі жоқ ескерткіш. Ол заманнан қалған құрылыстар сирек,. Сауран қаласының сыртын ерте заманда қоршаған күйдірген кірпіштен салынған ескі қамалдың іргелері әр жерден көрінеді, оның үстінен хам кірпіштен бертін көтерілген қабырғалар бар. Нияз аталық заманында Сауранды қайта жаңғырту мәселесі хан кеңесінде бірнеше рет көтеріліп еді, бірақ Түркістан атырабында сауда әлсірегелі, Шығыстан Батысқа ағылып жатқан сауда керуендері тиылғалы өндіріс пен қала ғимараттарын салатындай халықтың дәрмені де жоқ, құрылыс өнері де бәсеңдеген.

Осы ғаламат қалаға таласып үш жақтап бұхарлық Абдоллах, ташкенттік Бабасұлтан, қазақтан Хақназар хандар соғыс ашқанда енді қайтып жөнделместей бүзылды. Бұхаралықтар әдейілеп тас атқыш қаруларды алып келіп, қаланы қиратып, кәріздің бәрін құдығымен қосып ағызып жіберді. П.И.Рычковтың жазуына қарағанда ХУІІІ ғасыр ортасында  Сауранда бар-жоғы 100 үй қалған. Сол сияқты Отрарда да ХУІІІ ғасырда 50 шақты үй, Өгізтауда да осы шамалас. Олардан көрі Сөре мен Ташанақтың халқы молдау, әрқайсында 100 -ге жуық сарт отбасылары қоныс қылып отырды.

Түркістан қалаларында үлкен өндіріс жоқ. Қажетті металды маңайдағы кен орындарынан керегінше алады, мыс, қорғасын, қалайыны Сарыарқа даласындағы кен орындарынан қазақтар алып келіп сатады. Ресей сяхатшылары ол туралы «медь добывают на тобольской дороге» дейді. Дегенмен Қаратау өңірінде, әсіресе Суындық маңында әр түрлі кен көздері аз емес: «В Ташкентском и Туркестанском владениях довольна железа копают в горах, а наипаче по реке Шыршык, медь привозят из Самаркандской стороны, и продается дешевою ценою, свинца, вблизи Туркестана в горе, называемой Сууындык, великое множество, где всяк кому надобно берут и льют пули, а золото добывают песчаное в верховьях Шыршык реки и в верховье же Сырдарьи, и отвозят на продажу в Бухарию...» (Потанин Н.И. Киргизские степи и Кокандское ханство в начале ХІХ столетия по описанию хорунжего Н.И.Потанина //Записки  ЗСОИРГО. т.38, с. 191-257. Омск, 1916 г.,с.30).

Түрік ұлыстарының әлемге қанат қаққан жері, түркі тілі мен мәдениетінің қайнар көзі Түркістан өңірінің қалалары ХУІІІ ғасырдың басынан бастап дағдарыс жағдайына енді.  Оған ең алдымен құрылықтық сауданың мұхитқа ауысуы себеп болды. Үлкен сауда болмаған жерде берекелі қала өмірі де болмайды. Ертеде Жібек жолы бойында Шығыстан Батысқа ағылған сауда керуендері осы қалалық өңірден  күн аралатпай өтіп, қан тамырындай шырайын келтіріп отыратын. Түркістан өңірінің тағы бір атақты қаласы Сығанақта сауда қызған уақытта бір күнде 500 түйені кәуәпқа сояды, содан кешке бір жапырақ ет қалмайды дегенді  ХУІ ғасырдың басында осы өлкеде болған Фазлаллах Рузбихани жазады. Жағдайы онсыз да нашарлаған Түркістан өлкесі қазақ пен қалмақтың жаугершілігінде бүліншілшікке көп ұшырады.

П.И.Рычков Түркістан ахуалы жөнінде: «Прежде сия провинция собственно имела в себе городов до тридцати, а ныне более десяти нет. Оными городками и народами владеют ныне киргиз-кайсацкие владельцы Большой и Средней Орд, однако, с позволения зюнгорского владельца, который над сими местечками, яко же и над Большою киргиз-кайсацкою ордою, недавно учинился государем (әңгіме 1734 жылы Ұлы жүздің Жоңғарияға бодандықты мойындауы туралы-Ж.А.). В городах сего владения счисляется жителей ныне около двух тысяч семей, которые все люди пахотные, и от помянутых владельцев на подобие крестьян употребляются» дейді (Рычков П.И. Топография Оренбургской губерний. Уфа, 1999., с.24-25).  П.И.Рычковтың «пахотные люди» деп отырғаны осы жерде көне замандардан бері мекендеп келе жатқан отырықшы сарт қауымдары.

Түркістан үшін қазақ төрелері өз ішінде де күресті, сыртқы жаумен де көп арпалысты. 1743 жылы қазақтың ұлы ханы Әбілмәмбет өзінің ұлы Әбілфейізді аманатқа берерде қалмақтардан тек Абылай ханды ғана емес, сонымен бірге Түркiстан өңiрiнiң қалаларын сұраған. Әбiлмәмбет хан Орынбордан келген елшiлер Лихачев пен Уразинге өз жағдайын ашық баяндайды - "Ресейден көрген еш көмек жоқ, қорғаныс жоқ. Ал Қалдан Серен болса Түркiстанның бұрынғы билiгiн, маңындаға 32 қаласымен қоса берiп отыр. Қалданға аманатқа баламды бермесем онда соғысуға тура келедi, соғысар болсам орыстар бiздi жақтап қайрат көрсете ала ма? Жоқ!" (Казахско-русские отношения в ХҮІ-ХҮІІІ вв. /Сб.  материалов и документов/. Алма-Ата, 1961., 270 б.).

Орынбор басшысы И.Неплюевтiң тапсырмасымен келген М.Арапов Барақ сұлтан туралы, ол Ташкент, Иқан, Отырар, Өгiзтау, Созақ қалаларының иесi дейдi. Тек қана ие емес сол қалалардан үлкен үй салған, елдiң шаруашылық жұмыстарын басқаратын адам. М.Арапов қалаларды ылғи сарттардың мекендейтiнiн, осы өлкенiң бәрi Бараққа әкесi Тұрсыннан мұраға қалғанын айтады. 1758 жылғы  деректерде Төле би бастаған Ұлы жүздiң қазағы Сайрам қаласының маңында көшiп жүргенiн, өзi сол маңдағы қалалардың негiзгi басшысы екенiн бiлемiз.

Түркістанның шығыстағы қақпасы болып саналатын Сайрам тек қана Орталық Азия емес, жалпы Еуразия құрылығындағы да ең көне қалалардың бірі. Әлем халықтарының тарихын алғаш бір жүйеге түсірген  атақты Рашид ад-дин «Жами-ат тауарихта» Сайрам тарихын қазақ «Атамыз -Алаш, керегеміз-ағаш» дейтін Алаша хан заманымен, яғни жылқышылық өркениеті басталған энеолит  дәуірімен байланысты баяндайды: «…түріктер Яфетті Абулджа-хан (Алаша-хан) деп атады және қазір де солай атап келеді және осы Абулджа-ханның (Алаша-хан)  Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жақын екендігіне келгенде олардың барлығының да  жауаптары бір.  Бүкіл моңғолдар, түрік тайпалары және барлық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.

Абулджа-хан (Алаша-хан) көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортағ және  Қазтағ, сол шамада Инандж (Жұбан ана-Ж.А.) атты қала болған. Абулджа (Алаша)-ханның қысқы қонысы да сол маңайда болған, Бурсук (Борсық құмы-Ж.А.), Какьян және Қарақұм, оны Қарақорым деп те атайды,  аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас және Кары-Сайрам сияқты қалалары орналасқан.

Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шетінен екінші шетіне жету бір күн жүру керек  және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді....»  (Рашид –ад-дин. Сборник летописей. Т.1. кн. 1. М. –Л. 1952.,80-81 бб.). 

Содан бері Сайрам аты да сан алуан өзгерді, оны бірде Исфиджаб десе, бірде Мадинат ал-Байзо, бірде Ақ шаһар, бірде Орынкент деп атады. Сайрамның қасиетті орындары, осы жерде туып өскен ғұламалар туралы аз жазылған жоқ, солардың ішінде бүгінгі күні арамызда бар Мирахмад Мирхолдар ұлы жазған «Сайрам тарихи» кітабы да бар.  Ол ескі деректерге (рисола) сүйеніп бұл жерде ерте замандарда Ыдырыс пайғамбар сәжде қылған, Қызыр пайғамбардың ізі қалған, Иса пайғамбар мен Нұқ пайғамбарлар  жүрген, Ануширван Әділ билік жүргізген дейді. 

«Авеста» кітабында Сайрам аты аталады. Қаңлы елінің қысқы қонысы осы жерде болды, соның дәлеліндей Сайрамда «Қаңқа» аталған «жой» болды дейді жергілікті өлкетанушылар (Мирхолдор ұғли Мирахмад. Сайрам тарихи. Чимкент, 1991., 4 б.). Қожа әулеттерінің насаб-намаларында ислам келгенге дейін мұғ және тарса деген халықтар мекен етті деген де мәлімет бар, көбінесе өздерінің тәңірілік дінінде өмір сүрген оғыз тайпаларын да осылай атай береді. М.Мирхолдор ұлы Сайрамда 1980-шы жылдары табылған пұтхананы  зәрдүш дінімен байланыстырып, оны «мұғ дайри» деп атайды. Бұл жорамал дұрыс болар дедік, себебі «мұғ заманы», яғни қазақша «мық заманы» деген қадым уақытты дала қарияларды да қола дәуірінің ескерткіштерімен байланыстырады.

Қалай болғанда да Сайрам тек қана шаруашылықтың қаласы емес, әулеиелер мекені десек сыйымды. Өзгені айтпағанда бұл қала Әзіреті Сұлтан -Қожа Ахмед Йассауидың туған жері, оның ата -анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың мекені.

Түркістанды Қазақ хандығы өмірге жаңа келген уақытта өз көзімен көрген Исфахандық  Рузбехан деген тарихшы оның жерін нақты шектеп айтқан. «Мехман-наме-йи Бухара» (Бұхаралық қонақтың кітабы) атты еңбегінде Сырдың сол жағалауындағы бекініс қала Аркукты ол Самарқанд мен Бұхарадан Дешті-Қыпшаққа қарай шығатын жолдың бойындағы «Түркістанның алғашқы бекініс қамалы» деп көрсетеді. Түркістанның шығысындағы бекіністердің қатарына Рузбехан Сайрам мен Яссы қалаларын қосады, ал Сығанақты Түркістанның солтүстік - батыстағы шеткі қаласына жатқызған. 

Иә, бұл шығыс жаққа бағытталған шеп қалада қазақ мемлекетінің тағдырын шешетін талай кеңестер өткенге ұқсайды.  Атағы мен айбары Жошы ханнан кем болмаған Қасым мен Хақназар уақытында Сайрамнан қозы көш жерде тұрған Мәртөбеде қазақ мемлекетінің  игі жақсылары бас қосып, алқа- қотан кеңестер өткізіп  отырды.

Қазіргі күні көне Сайрам Шымкент қаласының әкімшілік-территориялық  құрамына қосылды.

Шымкент ежелден Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі шаһарлардың бірі. М.Мирхолдорұлының «Чимкент тарихи» кітабы  «Қозоғистоннинг энг гўзал шаҳарларидан бири, шу сабаб, уни жанубнинг “яшил гавҳари”,- деп басталған.  Шымкент  орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан  ірі сауда бекеттерінің бірі болған.

«Шымкент» атауын кейде жасыл қала деп те аударады, ал шын мәнінде ежелгі соғды тілінде «шым» деп  қорған, қаланы да айтады. Сонда «Шымкент» сөзі қорғанды қала, немесе қорғаны бар қала деген мағынаға көбірек келетін сияқты. Таза шаруашылықтың, сауданың қаласы болғандықтан көбінесе саяси өмірді сипаттауға арналған ортағасырлық тарихи деректерде көп айтыла қоймайды. Тек қаланың қашанда Қазақ хандығының құрамында болғанын және  Х1Х ғасырдың басында Қоқанд билігіне өткенін білеміз.  Ресей елшілері ХІХ ғасырдың басында бұл қалада 700 -дей үй болды және сонымен бірге қаланың маңайында оннан астам қышлақтар бар еді «все они обнесены нетолстыми глиняными стенами и по большей части находятся на возвышенных местах» дейді (Поездка Поспелова и Бурнашева в Ташкент в 1800 году // Вестник ИРГО на 1851г., ч.1. СПб., 1851. , с.29).  1829 жылы Шымкентте болган хорунжий Н.И.Потанин «Город Чемкет располжен при речке Бадам, в лощине, посреди которой на возвышенном месте находится небольшая крепостца (по ташкентский -орда), обнесенная со всех сторон высокою стеною, сделанную из глины и имеющая въезд со стороны речки, по узкой дороге...В крепостце выкопаны многие каналы, наполненные водою, втекающую в них из речки...на каналах этих выстроены мельницы. ...Домов в Чемкете находится до 600; мечеть одна в крепости, улицы в городе узкие и неправильные... Жители преймущественно занимаются хлебопашеством и частью торговлею с кочующими поблизости киргизами (казахами-Ж.А.) Большой Орды» дейді» (Потанин Н.И. Киргизские степи и Кокандское ханство в начале ХІХ столетия по описанию хорунжего Н.И.Потанина //Записки  ЗСОИРГО. т.38, с. 191-257. Омск, 1916., с.212).

Қаланы Ресей  әскерлері  1864 жылы 20 қыркүйекте басып алды. Бұл жаулап алу М.Мирхолдорұлы кітабында былай суреттеледі:  «Чимкент 1864 йили 20 сентябрда штурм билан босиб олинди. Шаҳар ўрисларники бўлди. Солдатлар бозорларни таладилар, уйларга кириб, одамларни ўлдирдилар. Кўп аёллар ва болалар ҳам жабрланди. Босқиннинг бир йиллиги куни ҳам маҳаллий халқ йиғлаб юрди» (Мирхолдор ұғли Мирахмад.  Чимкент тарихи. Чимкент, 1997, 47 б.).

А.И.Добросмысловтың «Города Сыр-Дарьинской области» кітабында  Чымкент үшін соғыста  орыстан 13 адам өліп, 44 адамның жарадар болғаны,  ал жергілікті халық пен әскерден екі мыңнан  аса адам саптан шығып, оның үштен бірі өлгені айтылады. Орыстың келуі және жаугершілікке байланысты шаһар халқының саны күрт  азайды, өлгені өлді, қалғандары күн көріс үшін жан-жаққа кетті. Үлкен шаһарда 1870 жылы  5422 кісі қалды делінеді деректерде. Ресей жаулап алуынан кейін біртіндеп Шымкент көтеріле бастады және 1915 жылы Арыс-Шымкент темір жолы арқылы Орынбор-Тәшкент магистраліне жалғасып экономикалық жағынан аса үлкен мүмкіндіктерге ие болды. 

Бір мақалада Түркістан өлкесінің бүкіл көне қалаларын санап беру мүмкін емес. Біз келтірген аздаған деректердің өзі де Түркістан қалалық өңірінің қадым заманда Орталық Азия және адамзат тарихында ерекше орыны бар көне өркениет кешені болғанын толық дәлелдейді.