Шығанақ Берсиев түскен шырғалаң
19.06.2018 2200
«Қазақстан тарихы» порталымен құрған сұхбатында жазушы, мұрағатшы Табыл Құлыяспен қазақ тарихының ақтаңдақ тұстары, репрессия зардаптары жайлы әңгімелейді

– Жазып жатсың ба?

– Иә. Ал сөйлеңіз, ақ сөйлеңіз, Табыл аға! Сіз архивке алғаш рет әкеңіздің құжаттарын жинаймын деп барыпсыз. 

– Содан басталды ғой. Қазақ радиосында істеп жүрген кезім, кезекті демалысымды алдым да, Кемерге тарттым. Содан архивті оқып құмартып кеттім. Кемер, Омбы, Том, Ор, Орынбор... Сонда байқағаным, көптеген түрме орындарына кіріп көрдім, бөлмелері кішкентай, сақтайтын архиві жоқ. Алты жыл ұстайды, құнды құжаттардың кейбірін лақтырып тастайды.

– Архивтің өзіне тартатын қандай құдіреті бар? Кейбір жансебіл тарихшылар болмаса, одан көптеген мамандар қашады ғой.

– Архивтің дәмін татсаң, ұйқың келмейді. Ондағы құжаттар білген адам үшін жан құмары ғой. Білсем, көрсем, естісем екен дейтіндей. Сол уақыттары түрмеге түскендердің көбі екіжылдықты бітіргендер шығар. Бірақ жазулары машинкамен тасқа басқан сияқты. Маржандай жазуларды көріп таң қаламын. Кейбір партархивтерді қарағанымда, біз түсінбей жүрген кейбір мәселелерге көзім анық жетті. Мысалы Новосібірдің өзінің 15 мыңдай адамы аштықтан қырылып қалған жолшыбай, сосын балалары жетімге айналып шыға келген.  Севкрайдың бірінші хатшысы сол балалар үйінен шыққан.

– Балалар қалай аман қалған?

– Олар тұз ұстаған. Әке-шешелері тұзды шығармай, баланың қарны ашқан кезде аузына салады екен. Тұзда фтор, йод бар, химиялық элементтер жеткілікті. Сосын су ішеді, сөйтіп балалар аман қалады. Тіпті ол кезеңде тұз да жетіспеді ғой.

– Біздің архивтің шаңын жұтып, қыруар еңбек еткен ғалымдар ашаршылықтан қырылған халықтың саны туралы неге бір тұжырымға келе алмай отыр? Әркім әр түрлі айтқандықтан, халық қайсысының дұрыс екенін білмей дал.

– Түрліше айтуының себебі көп. Мен мысалы әлемдік статистикалық мағлұматты қарадым. 1897 жылы әлемдік санақ бойынша қазақтың саны 10 миллион болған. 200 ру, әрбір шаңырақта орташа есеппен 7 адамнан деп саналған. Сосын жерінің көлемі әлемде тоғызыншы орында деп көрсетілді. Астында жазылады кішкентай әріппен өзбектерден 5 есе көп халық деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Қазір өзбектердің өзі 35 миллион. Қырылудың алғашқы басталуы 1918-1920 жылдары аштық болды.

Барнауылдың архивінде 1922 жылғы алғашқы ашаршылықта Сталин Барнауылға барып жергілікті коммунистермен партия жиналысын өткізгені жайлы дерек сақталған. Сталиннің сонда айтатын сөзі бар: «Біз әлемде дамыған елдердің 50 жылға кейін қалдық. Мынау Қаратеңіз арқылы 12000 трактор жеткіздік, сол тракторды Ресей мен Украинаға бөліп бердім» деп.  Сталин барған 1922 жылы Барнауылдың өзі аштықтан тұралап жатыр, ал ол жиналыс өткізіп мынадай әңгіме айтып тұр?! Барнауылдың аш адамдары есі-түстерінен айырылып жатты. Әйелдерін сойып жеген еркек, қыздарын сойып жеген әке туралы деректердің барлығы тұр. Тіпті дәрігерлердің Мәскеуге «дәрігерлер таба алмаймыз, жұмысшы жетіспей жатыр, шіріген шошқа жегеннен неше түрлі ауру шығып жатыр» деп жазған хаты бар. Кулактарды тәркілеу процесінде оларға акт жасап беріп отырған. Ал бізде 800 байды тәркіледі, бірде-біреуінде акт құжат жоқ. Барнауылда тәркіге ұшыраған байлардың ұрпақтары ата-әкелерінің суреттерін мұрағаттан тауып, құжаттар бойынша мал-мүлкі алтынмен есептегенде рубль деп жазылғанын дәлелдеп, өтемақыны дұрыс алып жатыр. Рубль алтын құнымен есептелгенін ескерсек, атасының қуғындалған тағдыры үшін ұрпақтары байып-ақ жатыр. Ал біздегі 800 бай ше?

– Біз кімнен сұрауға тиіспіз?

– Қостанайда Хәкімжан деген бай тәркіленді. Үйіне келгенде белсенділерден жаңағы бай «мынау мал-мүлкінің барлығын алдың, енді акт дейтін бір тілдей қағаз берсеңші!» дейді екен. Сол екі ортада өзін де, әйелін де, балаларын да өлтіріп тастаған. Бірақ далада ойнап жүрген Мирас деген ұлын орыс көршісі алып пештің үстіндегі ескі-құсқы киімдердің арасына жасырып  сақтап қалған екен. Заманның зауалынан әлдеқалай тағдыр жазуымен тірі қалған сол Мирас қазір Астанада тұрады. Әкесі Хәкімжанды бір жапырақ қағаз сұрағаны үшін сотсыз, сұраусыз атып тастап отыр ғой. Басқалардың сұрауға әлі келмейтін.

– Хәкімжанның фамилиясы қалай?

– Есімде жоқ енді. Фамилиясы менің кітабымда бар.

– Ал оның балалары сұрады ма актіні?

– Бермеді ғой, атып тастады. Қайдан сұрайды? Бір құжат жоқ!  

 

Шығанақ Берсиевті кім ескеріп жатыр?

– Енді мынаны айтыңызшы: қуғын-сүргін құрбандары деген бір күнді белгілеп қойдық, елдің бәрі осы кезде еске алған болып жатады. Ал ұмытылған, еске алынбай жатқан кімдер бар?

– Әлемде дүниежүзілік дәнді-дақылдар өсіруден рекорд жасаған жалғыз Шығанақ Берсиевті айтар едім. Шығанақ Берсиевті кім ескеріп жатыр қазір? Президентіміздің Рухани жаңғыру бағдарламасы жақсы болды. Ақтөбе облыстық газетінде Елдос Асқаров «Ұмытпаңдар мені!» деген мақала жазыпты. Журналисттің түсінігі қандай, сондағы «ұмытпаңдар» деген сөзі маған қатты әсер етеді. Сол жігіт Шығанақ Берсиев туралы әжептеуір материал жазып қозғап жатыр.

Әлемдік төңкеріс әкелген Шығанақтың еңбектегі ерлігі біз бала кезімізде орын алды. Барлығымыз егін шаруашылығында, мал шаруашылығында қара жұмыстарға жегілдік қой. Мысалы Ойыл өзені тасығанда ешкім танымай кететін. Ойылдың бойындағы ондаған звенода тары егіледі, ал Шығанақ Берсиев егіннің ең рекордтық жерінен 202 центнерге дейін өнім алды. Ол кезде мұндай оқиғаны алдын ала зерттеп білмейінше, ешкімге ешқандай медаль-орден бермейтін. Советтік Ресей үкіметінің мен деген айтулы ғалымдары әрбір тарының дәміне дейін өлшеп, бір садақта қаншадан болады, соның салмағы қанша, соны түгел есептеп барып, 202 центнер рекордтық көрсеткіш деп жазған. Шығанақ Берсиев туралы аңыз көп. Аңызға айналған адам.

– Ал жақсы, ол кісінің тарихын білдік дейік. Қуғын-сүргіндер тақырыбына қандай қатысы бар?

– Шығанақ Берсиев – соғыс уақытында, қиын кезеңде қызмет еткен тұлға. Бізді бала кезімізде сабақтан босатып, егістікке жібереді. Ер балалар қақпан құрса, қыз балалар шелектерді даңғырлатып, торғайларды қуады. Мен 3-4 жыл бұрын елге бардым ғой, қазір торғай да қалмаған. Шығанақтың өзі әрбір дәннің ірілерін реттеп алады екен ерінбей, жалықпай. Аңыз деп отырған елдегі адамдар оның ешқашан қарап жатпайтынын айтады. Әрбір сабақтағы ірі дәнді жинап алып, келесі жылы тұқымға сақтайды екен.

Соғыстың алдында да, қан майдан қызып тұрған шақта да Ақтөбенің НКВД-сына жоғарғы орталық НКВД-дан лимит келіп түскен. Онда жер жүзіне және одаққа әйгілі адамды ұстап тұтқындау керектігі жазылған. НКВД-ның қаны жерге тамбай тұрған белсенділері «Шығанақтан басқа адам жоқ, соны ұстаймыз» деп отырғанда таңертең мәскеулік радиодан Берсиевті Сталиннің қабылдағаны туралы хабарды естиді. Артынан өзінің жинаған қаржысына танк жасауға ұсыныс тастағаны жайлы хабар беріледі. Мұндай хабарды тосыннан естіген НКВД жендеттері абдырап қалады, осылайша даңқы жер жарған еңбекқор тұлға бір ажалдан аман қалады. Бұл алғашқы қуғын еді.

Бізде соғыс тұсындағы аштықты ешкім жазбайды ғой. Бір отбасындағы үйелмелі 7-8 жанның аштан бұратылып жатқанын айтып Шығанаққа мұң-зарын жеткізген адамды өлім қаупінен құтқарып қалады. Қолында барын беріп, азық-түлікпен жарылқайды. Өмірінің кейінгі бір сәтінде аты жаман бір ауруға ұшырап, өлім қақпасын қағып жатқан өліара кезеңде баяғы өзі жәрдемдескен кісі келіп, көңілін сұрап, аяғын сипалап отырыпты. Дауыс шығарып қатты жылапты әлгі адам. Шығанақ басын көтеріп, «менде ұл да бар, қыз да бар, бұл қайсың?» дегенде ол адам өзінің мән-жайын айтқан екен.  Ажал аузынан шынайы ниеті мен көңілі арқылы алып қалған бұл кісінің әрекетінен Берсиев екінші рет өлімнен аман қалды.

Тағы бір аңыздай әңгіме айтайын. Біздің елде Майлыпес деген айтқыш болды. Ол майданға кетіп бара жатқан ағайын-туыстарына «анау Шығанақты дүниежүзі біледі ғой. Соның үйінен келдім десең, болды. Оның тарысы қандай еді деп сұраса, әрбір дәмі аттың басындай еді, біз балтамен шауып жеп едік» деп айтыңдар» дейді екен. Сондай ұлы тұлғаға рухани жаңғыру бағдарламасы аясында бір ескерткіш ашылса деймін. Себебі бүкіл дүние жүзінде тары өсіруден рекорд орнатқан әрі сол рекордының мұрты әлі бұзылмаған жалғыз адам! Ол – Шығанақ Берсиев!

– Одан кейін оның ерлігін қайталаған ешкім болған жоқ па?

– Жоқ. Әлемде жоқ.

– Өзіңіз Берсиевті көрдіңіз бе?

– Шығанақты көрген жоқпын. Бірақ звеноларында болдық. Бір-бір звено тары өсірді, егін басы толып тұрды.  Әрқайсысы 70-80 гектардан кем болған жоқ. Шығанақтың ізбасары болып кейін Баймолдина Зәуре шықты.  

 

Қазақтар қалтасынан пышағын шығармасын

– Табыл аға, қазақ тарихының қасіретті кезеңдерін еске алып отырмыз ғой. 1931-1933 жылдар мен 1953 жылдарға дейінгі репрессияны көбірек қаузаймыз да, 1960-1980 жылдардағы қуғындау процестерін ұмытып кететін сияқтымыз.

– Қазақта «Табалдырықтан асқан тау жоқ, ағайыннан асқан жау жоқ» деген керемет сөз бар. Мысалы, менің әкемді Сталин келіп алып кеткен жоқ, ағайын-туыстары ұстап берді емес пе. Бұл біздің көре алмаушығымыз, бірімізді біріміз аяқтан шалып, сүріндіруімізден еді. Бұл жаман мінез патшалық Ресейден басталды. Екатерина патшаның Орынбор губернаторы Клюевке жазған хаты бар. Сонда әрбір қазақты бірін бірі етін жеп сүйегін сылып алатындай жауластыру керек деп жазады. Екатерина қазақтың барлық мінезін бес саусағындай білген. «Қазақтар қалтасынан пышағын шығармасын, пышағын шығарса салады» дейді.

Қазақ біреудің етін тірідей жесе де, сүйегін далаға тастамайтынын да біліп отыр. Міне біздің отарлық езгіден қанымыздағы қалған көреалмаушылығымыз әлі де жойылып болған жоқ.

– Бірнеше ұрпақ ауысты ғой. Сонда да жойылмады ма?

– Жойылып болған жоқ әлі. Өйткені қазір мен тәуір киім кисем немесе әйелдердің бірі тәуір киім кисе, оны ортаққа түскендей көріп күндей бастаймыз: «Ей, мынау не асып бара жатыр?» деп. Жазушылардың арасында да әлі күнге дейін сол бар ғой. Жазушылардың ішіндегі адалы, ешбір сынбай кеткені – Ілияс Жансүгіров. Алматыда Майлиннің ұлымен әңгімелестім. «Әлгі пәленшенің үйінен шай іштіңдер ме, үйіне бардың ба, әңгімелестің бе?» деп қинап сұрайды ғой.  Ілияс Жансүгіров тілін орамалмен тартып, қорлық көрсетсе де, «ешкім... ештеңе білмеймін», «ешкімге қатысым болмады» деп жауап қатып отырған. Ешкімді сатпай кеткен Ілияс Жансүгіров!

– Бүкіл зиялыларды жаппай атып жатқан кезде көбінің ешбір жазығы жоқ қой, сонда да арасында нақақ кетіп қалғандары бар ма? Өз жұмысымен кетіп бара жатқан момын адам мысалы.

– Архивтерден мынадай деректі көрдім. «Миға қойылған бомба» деген кітабымда жазылған бұл жайт. Орынбордың КГБ-сының архивінде 20 мың чекистті сот шешімімен атқаны жайлы дерек бар! Оны «тройка» дейміз, басқа дейміз. «Двоика» дегені бар. Ол не пәле дейсің ғой. Жаңағы үш адам: біреуі бастық, екіншісіне айтады: лимитке тағы бір адам керек. Мынау мешітке барады, 1936 жылы Сталин жариялаған дінсіздердің 5 жылдығына орай  сенің әкең де мынамен бірге мешітке барады. Молда керек емес бізге» дейді.  Сосын мылтықтарды алып, жертөлеге апарады да, әлгіні атып тастайды. Осындайда оқиғалар болған. Үкіметке қарсы жұмыс жасады деп қол қойып, алғашқы үштік бірін-бірі ұстап бергеннен кейін екілікке айналады.

Ауданымызда Берікқалиев деген кісі болды. Ол бір күні әкесін түрмеге жауып қойыпты. Содан кейін құрдастар ағайын-туыстары «өзің бастықсың, милициясың, әкеңді жапқаның не?» деп айтады ғой. «Әкем үкіметтің балығын жеп отыр» деп жауап беріпті. Берікқалиевтың  қулығын қарасаңшы. Енді ол кісі туралы еш адам сатылды, әділетсіз деп айта алмайды. Әкесін де жапқан, нағыз үкіметтің тура адамы екен деп ой қалыптастырады. Сонда өзінің жанын сақтау үшін әкесін түрмеге жауып отырған боп шықты.

– Бұл Павлик Морозовтың қазақша түрі ме?

– Сондай жағдай.

– Ондай адамдардың тірі қалатыны белгілі. Ал үкімет сенімдерін ақтады ма? Марапаттап, қызметін көтерді ме?

– Көтеретін ештеңесі жоқ қой.

– Қолайына жаққан адамды насихаттау керек болды ғой Совет үкіметіне?

– Осы Берікқалиевымыз сонау Заксенхаузен концлагерінен отыз шақты адамды Мұстафа Шоқаймен келісіп Атырау жеріне түсірткен. Мұстафаның өзі жүз мыңдай қазақты Түркияға, басқа жерлерге жіберіп құтқарған ұлы қайраткер ғой. Мұстафа Шоқайдың тағы бір кереметтігі, азық-түлік дайындау үшін 510 мың қазақ тұтқынын Аргентинаға жіберген. Оның 4-5 ғана өлген, бәрі аман-сау келген. Мұны БҰҰ архивіндегі материалдар бойынша таныстым.

Аргентина қарапайым, бір ешнәрсеге қосылмайтын мемлекет болды ғой деймін. Бірақ сол уақытта Аргентинада астық көп шығып, тепловоздарды көмірдің орнына бидаймен жағып жүргізген. Ал Америкада астықты сақтайтын қойма табылмай, теңізге бекерге шашып төккен. Ашаршылық құрсап отырған ел үшін сол астықты Сталин ашық сұраған жоқ. Жерорта теңізі арқылы Швециядан ай сайын, басқа да мемлекеттерден көмек үшін азық-түлік келіп тұрған.

– Қазақстанға жіберілмесін деген нұсқау болды ма?

– Сондай болған сияқты! Сталиннің бұйрығын көрген жоқпын, бірақ бұл оқиғалардың жүлдесі сонда бастап апарады. Голощекин деген жауыз Оралдың бір совхозының адамдарын, колхозшыларды «сенімсіз ауыл» қатарына жатқызып,  мына жердегі Жолымбеттің маңына еріктен тыс көшірген. Оралдан Жолымбетке дейін арбамен көшіп келсең, не болады?! Сол көшіп келушілердің арасында мектеп директоры болған кісі маған сұхбат берген. Жаңа көшіп келгенде бізде 180 бала болған. Мектепке қабылдағанда олардың саны 80-ге әрең толған екен. 100 бала қайда кетті? Ауыл-ауылымен көшіру деген сұм саясат Голощекин кезеңінде іске асты. Бұл халықты қыру!

Ақтөбенің арғы жағындағы Ақбұлақ дейтін бір аудан бұрын Ақтөбеге қараған. Қазір Орынбордікі. Сол Ақбұлақты Астраханнан келген Иван, Коля және әкесі үшеуі 500 рубльмен көшірген. Үшеуіне бір адамды сойып жегізіп жатқанда НКВД үстінен түсіп, Колясын атып өлтіреді де, екеуін 25 жылға түрмеге салады. Көрдіңіз бе? Ашыққан адамдарды жеу. Басқа облыстардан жер аударылып келген адамдардың түрі жаман. Төрт бірдей аштық қазақтарды қырып кетті. Алайда осындай ғаламдық нәубеттен, қолдан жасалған геноцидтен біздің қазақ ұлтының сақталып қалғанына шүкір дейміз.

– Табыл аға, жасыңызға қарамай сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Аман болыңыз.