ХІХ ғасырдағы қазақ әйелінің әлеуметтік жағдайы
02.04.2018 4177

Қазақ қоғамында әйел отбасының сақтаушысы, ол күйеуінің, оның отбасының көңілін тауып, бала тәрбиесімен айналысты. Бұл ретте қазақ әйелдері отбасы тірлігін ғана алып жүрмеген, ер-азаматтармен бірге ұрыс алаңында шайқасқа түскен әйелдер туралы тарих бар.

ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінің барлығы дерлік атқа салт мініп жүруді үйренген. Мысалы, «Қыз қуу» атты ұлттық ойынында жігіттердің бәрі бірдей қызды қуып жете алмаған, олардың өздері кейде қамшының астында қалатын. Дегенменде, қазақ қоғамында әйелдің орны, ер адамнан әлдеқайда төмен болды. Ана болу – оның басты рөлі. Жыныстық жетілгеннен соң оны тұрмысқа беруге болатын да, ол бөтен отбасына кететін. 

Кей кезде некелер қыз бен жігіттің бала кезінде-ақ келісіліп қоятын, олар бір-бірімен үйленгенге дейін таныс болмаулары да мүмкін. Қалың мал, көп әйел алушылық, әмеңгерлік сияқты дәстүрлер еркек пен әйел арасындағы теңсіздікті көрсетеді.

Бірақ, керісінше, бұл дәстүрлер әйелдерді тұрмысқа шықпай қалудан қорғап қалған, ал ол үшін жауапкершілік күйеуінің отбасына ауысқан деген қорытынды жасауға болады. Бірақ, әйелдің дауыс беру құқығы, таңдау құқығы болмағандықтан оның жағдайы нашарлай түсті. Оны күйеуге күштеп бере алатын. Тұрмысқа шыққанға дейін қыз бала өзінің адамгершілік мінез-құлқын қатаң бақылап, пәктігін сақтауы керек болды.  

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Н. Маковецкий мынаны хабарлайды:

Семей оязының Мұқыр болысында әлі күнге дейін «Тентек қыз» деген жер атауы сақталған, яғни, ол жерде құда түспей тұрып, екіқабат болып қалған «бұзылған қыз» өлтірілген жер...

Әлжан даласында екі қорым сақталған. Аңыз бойынша бұлардың бірінде көрші рудың қырғыз жігітімен ата-анасының келісімінсіз қатынасқа түскен қыз жерленген. Өзінің екіқабат екендігін жасыра алмайтын болғандықтан, ғашығымен бірге қашуға ұйғарған, бірақ оны туыстары қуып жетіп, өлтірген екен. Жігіт бастапқыда кектен құтылғанымен, бірақ ренжіген жақтың талабы бойынша, көршілерімен жауласып-араздаспас үшін оны өз руластары өлтіреді. Бұл жігіт қыздың жанындағы жерге жерленген. Осылайша, әулеттер өздерін ұяттан арашалау үшін кінәлілерді өлтірген дұрыс деп санаған.  

Бұндай жағдайлардың бәрі бірдей өліммен аяқталмаған, бірақ некесіз туған балаға қоғам жаратпаушылықпен қараған. Олар әкесіне қатысты ешбір құқыққа ие бола алмаған, үнемі шешелерінің жанында болған.  

Неке өзінше мүліктік келісім ретінде саналып, қалың малы төленгеннен кейін әйел күйеуі мен оның отбасының жауапкершілігіне өткен. Қалың мал төлеу неке қиюмен бірдей болған, сондықтан да, қандай да бір жағдайларға қарамастан, қыз әкесі міндеттермен байлаулы болды. Қызы қайтыс болып кеткен жағдайда, ол қалың мал алмастан жігітке басқа қызын беруі керек болды немесе  қалың малды толығымен қайтаруы керек болды.

Жұптар тек қана ерінің қалауы бойынша ажыраса алды. Ажырасқан жағдайда баласы жоқ әйелге күйеуінің дүние-мүлкінің төрттен бір бөлігі, ал егер баласы болған жағдайда тек сегізден бір бөлігі ғана тиесілі болды.

Ал егер, ері қайтыс болатын болса, әйел оның жақын туысының біріне күйеуге шығуы керек болды. Бұл дәстүр «әмеңгерлік» деп, ал еуропалықтарда «левират» деп аталды.

Қазақтардың әдет-ғұрып заңдары әйелдерді қорғайтын. Әйелді зорлағаны үшін, зинақорлық жасағаны үшін, ұрлағаны үшін қылмыскер ұятты жазаға тартылып, құн, айып төлеуі, өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді. Бірақ, бұндай шаралар көбіне-көп отбасылық-неке қатынастарын бұзудың алдын алуға бағытталды, оның үстіне әйел емес, оның күйеуі қорланған болып саналатын.

Дегенмен де, шариғат үкімі басты, негізгі заң болып саналатын жерлерден қарағанда, әдет-ғұрып заңы бойынша әйелдің жағдайы әжептәуір жеңілірек болатын. Қазақ қоғамында әйел адам бетін тұмшалап, бет-перде-шадра киіп жүруге міндетті болған емес, бетін ашып жүре алатын.

Ол мерекелерге, көпшілік ойын-сауығына, ойындарға және т.б. қатыса алатын. Қазан революциясынан кейін қазақ қоғамында әйелдер біршама құқықтарға ие болып, олардың жағдайлары біртіндеп жақсара бастады.