Мен – Нұрсұлтан Әбішев...
Қазақстан Республикасының тұңғыш президентін сайлағаннан үш күн өткенде Қыдырмолда ақсақалдың келіні шекесі торсықтай ұл тапты. Оның аты – Нұрсұлтан
Ұшы-қиыры шексіз, сол бір қасиетті даланың шығыс өлкесінде екі елдің ортасында көлденең созылып жатқан тау Тарбағатай деп аталады. Бабаларымыздың айтуындағы ежелгі аты – Барқытбел. Топырағы барқыттай жұмсақ, суы тәтті де тұнық өңірдің ең шеткі нүктесі – Жаңаауыл ауылында 1991 жылғы желтоқсан айының бірінші күнінен-ақ абыр-сабыр. Елдің аузындағы жалғыз сөз: «Бүгін Президент сайлаймыз», «Өз басшымыз болады», «Сәбет үкіметі құлайды», «Болашақта біз бөлек ел боламыз», «Сәбеттен не жамандық көрдің, ей?» деп даурыққан ауыл адамдарының көңілінде әдеттегіден бір өзгеше хал бар. Кезінде «Қазақстан» қой совхозы болып дүркіреген ауылдың маңдайалды тракторшысы Қыдырмолда ақсақалдың қуанышты жүзі мүлде басқаша. Үй ауласында адам қарасы мол. Тұңғыш немересі дүниеге кеп жатқанда, бұдан асқан қуаныш бола ма, сірә!
***
Қазақстан Республикасының тұңғыш президентін сайлағаннан үш күн өткенде Қыдырмолда ақсақалдың келіні шекесі торсықтай ұл тапты. Ағайын-туыс, көрші-қолаң жиналып құтты болсын айтудың соңы жаңа туған сәбиге ат қоюға ұласты. Есім беру көпке созылған жоқ, Қыдырмолда ақсақал көптен ойлап жүрген «Нұрсұлтан» дегенді сәбидің құлағына азан шақырып, үш мәрте айғайлап тұрып бекітіп тастады. Сол күннен бастап қазақ халқының құрамына «Нұрсұлтан Әбішев» есімді бала келіп қосылды.
Ұлы атасы Әбіш Қытай жерінде өмір сүріпті деген жалқы деректен өзге мардымды ештеңе жоқ. Ақсақалдың үлкені Жәнібек пен келіні Гүлбардан туған болмаса, сол сәттен бастап тұңғыш немере Қыдырмолда ата мен Қамария апаның бауырында еркелеп өсті.
«Мен туғанда атам 65-ке кеп қалған қадірлі ақсақал еді. Сол жасқа шейін аттан түспеді. Бала да болсам, аңғаратыным: атам аттың үстінде еңкеймей, еңсесін ұстап, тіп-тік отыратын. Содан кейін мал жайғау, олардың жем-шөбін дайындау шаруасында атамның өте ықтиятты жан болғанын білетінмін», – деп еске алады атасын жас Нұрсұлтан.
Тарбағатай – шекаралық өлке. Бұл аймақта арғы бет пен бергі бетті жалғап жатқан тарихтың тарғыл беттері қаншама. Ақ қашып, қызыл қуған кезеңдерде, кейінгі сәбет үкіметі белсенділерінің шектен тыс мейірімсіздігінің кесірінен туған жерден алыстаған адамдардың талайлы тағдыры жатыр шекара белдеулерінде. Маңырақ пен Тарбағатай тауының арасын алты жұмық, бес сатының баласы жайлайтын, оның ішінде сайболат атасы тарлан таудың екі бөктерін тең алып мекен ететін. Сол батыл сайболаттың, батыр сайболаттың бір ұрпағы Әбіштің Қыдырмолдасының жас шағы Шығыс Түркістан өлкесінде өткен. Ол жақта қиын жағдай басынан кешіргенін там-тұмдап айтқаны болмаса, біздің бала күнімізде үлкендердің өзіне көп ашылып ештеңе айта қоймайтын. Тек арғы бетте 3 баласы мен алғашқы жары қалғанын, өзінің 1950-1960 жылдардағы аласапыранда олардың көз жазып қалғанын аз-маз білетін едік.
Нұрсұлтанның атасы Қазақстанға, тарихи атамекенге 1962 жылдағы ұлы көшпен бірге оралды. Содан Шіліктідей ұлан жазықтықтағы «Қазақстан» совхозында тракторшы болып ұзақ жылдар еңбек етіпті. Ауыл советінің төрағасы болған Байсолтан қарияның қызы Қамариямен бас құрап, отау көтеріпті. Апам Қамария – 10 құрсақ көтерген батыр ана.
Әрдайым жүзінен күлкі кетпей, берекесі кіріп жүретін әкесі Жәнібек үйдің тұңғышы болса, одан кейін Альмира, Гүлмира, Жанарбек, Манарбек, Айдын, Аслан, Руслан, Әлида, Әйгерім – осы шаңырақтан өрбіген ұрпақ. Қыдырмолда ақсақалдың барлық бала-шағасы бүгінде үйлі-баранды, Өскемен мен Алматы қалаларында өсіп-өніп жатыр. Ал анасы Гүлбар – Жаңаауылға тиіп тұрған көрші Сарыөлең ауылының қызы. Нұрсұлтанның нағашы жұрты тұратын ауыл небары 5 шақырым жерде ғана.
Қыз Жібек пен Төлеген сынды адал махаббаттың иелері Жәнібек пен Гүлбар бес бірдей балапан сүйді: Нұрсұлтаннан соң Ербол, Сәбина, Нұрай, Ақбота.
Нұрсұлтанның апасы Камария, Жамария және әпкесі Әйгерім
Сөзіміздің басында шет-жағасын айттық, Нұрсұлтан туғанда ұлы еліміз Қазақстанды адам сенбестей үлкен өзгерістер күтіп тұрған болатын. 1 желтоқсанда қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға Нұрсұлтан Назарбаев халықтың 91,1 пайыз дауыс беруімен, яғни шынайы пейіл-ықыласымен Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті болып сайланды. Ол кезде халықтың өз басшысын шынайы таңдап, сүйіспеншілікке бөлеп жатқанына шек жоқ. 3 желтоқсан күні сайлау өткені туралы жер-жаһанның басшылары құттықтап жеделхат жолдады. Бұған дейін өзгенің қоластында өмір сүріп, жаутаңдап кешкен күннің ендігі таңда арайланып ататыны күллі алаш баласын қуантқаны айдан анық. Ал бұл мерейлі сәт жаңа сәбидің дүние есігін ашуымен Әбішевтер отбасын одан сайын шаттыққа бөлеп жатқан еді.
«Мен – Нұрсұлтан Әбішев желтоқсанның төрті күні, анамның айтуынша, таңғы төрт жарымда жуық мезгілде өмірге келіппін. Сондықтан менің өмірімде Тәуелсіздіктің алғашқы таңбалары еркін сайрап тұрады. Тура 1 апта уақыт өткенде Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтіп, үлкендердің баяндауынша, баяғының хан көтергендей сезімі шалқыпты. Менің есімімді ырымдап атам қойыпты. «Осы патшамыздың даңқын берсін, бағын берсін, бақытын берсін» деп жиналған қауым бет сипап, бата қылыпты» дейді кішкентай Нұрсұлтан.
Нұрсұлтанның шыбықты ат қып мініп, талдан садақ иіп, «жауға қырғидай тиетін» бақытты сәттері сол туған топырақта – Жаңаауылда өтті. Ауылдағы Қ. Ақынов атындағы орта мектепті тәмамдаған. Кейін Алматыға ауысып, сондағы колледжді бітірген соң, еңбек жолын бастаған. Ол қазіргі таңда өз кәсібін сүйетін, отанға адал қызмет ететін парасатты перзент болып өсуді мақсат тұтып келеді. Әрине, өз тағдырының, есімінің Президентіміз Н. Назарбаевқа қатысы барын сезеді, сезіне алады, жауапкершілік жүктейтінін біледі. Сондықтан жолы ашылып, бағы жанса, тура президенттей болмаса да, туған еліне бар ықыласын төгіп, шынайы көңілімен қызмет етуді аңсайды-ақ. Тұтас бір республиканы басқаруды армандау басқа, іске асыру мүлде басқа. Әр адам өзі әліне қарай жұмыс істесе, еліміздің дамып өркендейтіні анық. Тұңғыш президент іргесін көтеріп, нығайтқан, қалыптастырған тәуелсіз Қазақстанды болашақта ең сенімді адам басқарар, ал кіші сұлтандар «ауыл президенті» болса деп армандайды екен. Ол арманды сол күйінше қалдырмай, шынайы орындалуына, жүзеге асуына бар ынта-жігерін, күш-қайратын, ақыл-парасатын жұмсар деген тәтті үмітпен тілек жолдадық.