Тарих және өркениет: Алтын Орда өнегесі

Бөлісу

12.06.2026 201

Таяуда Астана  төрінде өткен ха­лықаралық «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты симпозиум байырғы Ұлы дала елі мен бүгінгі Еуразия кеңістігі мемлекеттерінің сан ғасырлық тарихын, ықпалдастығын, елдік даму жолын, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени институттарын, ұлысаралық сауда мен байланыс жүйелерін, бай рухани мұрасын, сондай-ақ өткен мен бүгіннің арасындағы жасампаздық, өркениеттілік сабақтастығын зерделеуге мол мүмкіндік туғызды. Шынында да отандық, өңірлік, әлемдік тарихтанудың, елтанудың бетбұрыс кезеңін анықтаған бұл ғылыми жиын жаңа пәнаралық жобалардың жүзеге асуына игі әсер етеді деп сенеміз.

Осы симпозиумға жаһандық ынтымақтастық пен жауапкершілік туралы жүйелі идея көтеріп жүрген Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың арнайы қатысып, байсалды баяндама жасауы ғылыми-интеллектуалдық  шараның биік те сарабдал деңгейін көрсетті. «Тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз керек. Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық» деді Мемлекет басшысы.


Төменде Тарихшылардың ұлттық конгресі мен  «Қазақ газеттері» серіктестігі бірлесіп ұйым­дастырған Алтын Орда  (Жошы ұлысы) тағылымына қатысты дөңгелек үстел материал­дарын ұсынып отырмыз. Іс-шараға белгілі отандық және таяу шетел ғалымдары қатысты.

Дихан Қамзабекұлы,

«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҰҒА академигі, модератор:

– Құрметті әріптестер! Бүгінгі қоғам Алтын Орда немесе Ұлық ұлыс тарихы­на аса ықыласты. Осы дәуірді танымал­дан­дыру­дың қандай тетіктері бар? Алтын Орда­ның әлемдік және өңірлік мән-маңы­зын игерудің жөн-жобасы қайсы? Зама­науи ғылым осы тегеурінді ұлысты орта­ғасыр­лық Еуразиядағы жетекші геосаяси күш ретінде қарастыра ала ма? Қазіргі Түркі дүниесі үшін Жошы ұлысы жетістігі қан­дай тарихи фактор?

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Тарихшылардың ұлттық конгресінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҰҒА академигі:

– Алтын Орда мұрасын зерттеу қазақ мемлекеттілігінің бастауларын, басқару дәстүрі эволюциясын, Ұлы даланың өркениет тәжірибесін терең түсінуге жол ашады.

Мемлекет басшысы идеясымен Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының құры­луы, халықаралық форумдардың ұйым­дастырылуы, Алтын Орда кезеңі туралы іргелі зерттеулердің қолға алынуы – мемлекеттік деңгейді, парасатты, әділеттікті аңғартады.

Жақында Астанада өткен Алтын Орда хақындағы халықаралық симпозиумда Прези­дент ғылыми қауымдастық алдына нақ­ты міндеттер қойды. Жошы ұлы­сының мемлекеттік басқару жүйесін, дипло­матиялық тәжірибесін, экономикалық құ­рылымын, зияткерлік және рухани мұрасын кешенді зерттеу қажеттігін айтты.

Бұл міндет Еуразия ұлттық университеті үшін де айрықша мәнге ие. Оқу орнымыздың тарих факультетінде Алтын Ордаға қатысты элективті курстар оқытылады, археологиялық және деректанулық зерттеулер жүргізіледі, жас ғалымдарды осы бағытқа баулу жүзеге асып келеді.

Жуырда Мемлекет басшысы Еуразия университетін 30 жылдығымен құттықтай оты­рып, алдағы маңызды міндеттер қата­рын­­да ұлт­тық тарихты, Алтын Орда мұ­расын терең зерделеуді атап өтті. Біз бұл тап­сырманы әлеуметтік зерттеу­леріміздің стра­тегиялық басымдығы ретінде қабылдаймыз.

Осыған байланысты Еуразия ұлттық университетінде Алтын Орда өркениеті кафедра­сын ашу жөнінде шешім қабыл­дан­ды. Жаңа кафедра пәнаралық сипатта Жошы ұлысы феноменін кешенді зерттеу­­мен, ғылым нәтижесін білім саласына ен­гізумен айналысады.

Алтын Орданың мемлекеттік басқару инсти­туттарын, дипломатиялық байланыста­рын, құқық дәстүрлерін, әскери тәжірибесін, қала­­лық мәдениетін, рухани мұрасын, халық­ара­лық сауда және коммуникация жүйе­лерін терең зерттеу арқылы әлемдік мәрте­бесіне, ба­ға­лануына, танымалдандыруға қызмет етеміз.

Ата заңымызда жазылғандай, Ұлы даланың мыңдаған жылдық сабақтастығын сақтау – бүгінгі елдік, қоғамдық-саяси өркен­деуіміздің тарихи негізі.

Ғылыми ізденістер, нәтижелер, әрине, әлем ғалымдарымен байланыста жүзеге асуы қажет. Оны білім бағдарламаларына, оқулықтарға, арнайы курстарға, жаңашыл білім өнімдеріне айналдыру – ортақ пары­зымыз. Болашақта кафедра еліміздегі жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарды біріктіретін академиялық алаңға айналады деп сенеміз.

Алтын Орда мұрасын зерттеу – ұлттық тарихи сананы нығайтуға, ұрпақтың дү­ние­танымын қалыптастыруға, қазақ мем­­лекеттілігінің терең тамырларын ғылыми негіз­де түсіндіруге бағытталған маңызды жұмыс.

Еркін ӘБІЛ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Ұлттық тарихты заманауи тұрғыдан қайта пайымдаудың маңызды міндеті – өткенге тұтас қарай білу. Бізде ұзақ уақыт Ұлы дала тарихы өзара байланысы жоқ халықтар мен мемлекеттердің бірін-бірі алмастыруы ретінде түсіндіріліп келді: сақтарды ғұндар алмастырды, ғұндардың орнын түріктер басты, түріктерден кейін қыпшақтар келді, қыпшақтарды моңғолдар алмастырды, содан соң ғана қазақ хандығы пайда болды деп көрсетілді. Мұндай түсінік бір қоғамдық-саяси құрылымдардың жойылып, олардың орнына тарихи сабақтастығы жоқ жаңа құрылымдар келіп отырғандай әсер қал­дырды.

Алайда қазіргі ғылыми тәсілдер Дала Еуразиясы тарихын екі мың жылдан аса уақыт ша­руашылық жүйелерінің, саяси инсти­тут­тардың, мәдени дәстүрлердің сабақ­тастығын сақтап келген ерекше тарихи-мәдени қауымдастығы – Ұлы дала өркениетінің біртұтас даму үдерісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Жошы ұлысы немесе Алтын Орда – «моңғол шапқыншылығы нәтижесінде кездейсоқ пайда болған» мемлекеттік құрылым емес, тың саяси негіз­де әрі жаңа әулеттің билігі жағдайында жаңғыр­ған Ұлы дала мемлекеттілігінің заңды даму дәуірі.

Бұл мемлекеттілік дәстүрінің бастауы сақ-скиф дүниесіне барып тіреледі. Этникалық әра­луандығына қарамай, Қара теңізден Алтай­ға дейін созылған ұлан-ғайыр дала кеңістігінде біртұтас қорғаныс, мәдени, шаруашылық өңір қалыптасты. Атты көш­пелі қоғамының тарихи, жасампаз үлгісі өркендеді.

Жошы ұлысының басым бөлігін түркі тайпалары құрады. Мемлекеттік тіл, мәдениет, әскери ұйым және қоғамдық қатынастар біртіндеп қыпшақтық сипатқа ие болды. Ол өзінің әлеуметтік және мәдени мазмұны жағынан Қыпшақ мемлекетіне айналды. Ұлы дала тарихының бірнеше маңызды арнасы тоғысты: сақ-скиф дәуірінен бастау алатын дала қоғамының үлгісі, ғұндар қалыптастырған саяси бірлік идеясы, түркілер орнықтырған мемлекеттік және мәдени жүйе, сондай-ақ қыпшақтардың этносаяси қауымдастығы. Осы тарихи дәстүрлердің бірігуі нәтижесінде Еуразия кеңістігін қамтыған қуатты мемлекет қалыптасып, Ұлы дала өркениетке табиғи деңгейде көтерілді.

Жошы ұлысы кезеңінде қазақ халқының этногенезі аяқталуға жақындап, болашақ тұтасқан қоғамның саяси мәдениеті орны­ға бастады. Құқықтық дәстүрлер ны­ғайып, мемлекеттік басқару тәжірибесі жетіл­дірілді, бай рухани мұрасы одан әрі дамыды. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің, қоғамдық ұйымының, әдет-ғұрыптық құқық жүйесінің, тарихи жадының маңызды көп қыры Алтын Орда дәуірінде қалыптасып, кейін Қазақ хандығы арқылы осы күнге жетті.

Жошы ұлысы тарихы өзге халықтың немесе мемлекеттің өткен бір бөлігі ретінде емес, Қазақстанның ұлттық тарихының ше­шуші кезеңі ретінде зерделенуі қажет. Алтын Орда мұрасы қазақ халқының тарихи жадын­да негізгі орын алуға тиіс. Ұлттық мемлекет­тіліктің маңызды бастауы ретінде бағалануы қажет. Танымалдандыру да осы бағытта жүруі керек. Оның ортағасырлық Еуразиядағы жетекші геосаяси күшке айналғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА академигі:

– Тәуелсіздік сарайында Мемлекет бас­шы­сы қатысып, сөз сөйлеген Алтын Орда халықаралық симпозиумы табысты өтті. Ол Қазақ­станға ғана емес, әлемге ой салды. Сондықтан да жаңа 7 томдық академиялық «Қазақстан тарихының» бір томы Алтын Ордаға арналғаны кездейсоқ емес.

Қазақ хандығы – Алтын Орданың басты заңды мұрагерінің бірі. Бұл ірі империя қазіргі Қазақстан территориясында пайда болып, сосын іргелес аумақтарға тарады. Біздіңше, дәуірді танымалдандыруда осы факторды алға тарту маңызды.

Мемлекеттің негізін қалаушылардың бірі Жошы хан Қазақстан территориясында (Ұлытау) жерленген және бұл жер бүгінде қасиетті нысан саналады.

Жошы ұрпақтарының ең ұзақ билігі Қазақ­стан территориясында жалғасты (Бөкей Ор­дасын Жәңгір хан 1845 жылға дейін, Кенесары хан тұтас елді 1847 жылға дейін биледі). Басқаша айтқанда, Жошы мемлекеттілігі қазіргі Қазақстан шекарасында пайда болып, 600 (алты жүз) жылға жуық үзіліссіз билік жүргізді. Осы күні Жошы ұрпағы бізде көбірек сақталған: кей есептеулерге қарағанда, 25 мыңнан асады.

Алтын Орданың ірі әкімшілік, саяси, мә­де­ни, сауда орталықтарының бірі – Сарайшық шаһары да Қазақстан территориясында (Атырау) орналасқан. Сол жерде Жошы ұлы­сының да, Қазақ хандығының да билеушілері жерленген.

Қазақ хандары, соның ішінде XVI ғасырдың басында билік құрып, «қазақ шекарасын белгілеп берген» Қасым Жошы хан тағының басты мұрагері екенін, әйгілі Шыңғыс ханнан тараған ұрпақ екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеді.

Қазақстан – Жошы хан дәуірінен бері келе жатқан мемлекеттің элементтерін сақтаған жалғыз егемен ел. Алтын Орда мен Қазақ хандығындағы тұрғындардың басым бөлігінің шаруашылық-мәдени түрі, тілі, діні, киімі, тағамы, салт-дәстүрі, әскери ісі, заңы, ақша жүйесі, тіпті антропологиясы іс жүзінде бірдей...

Жошы ұлысының әлеуметтік-экономика­лық, саяси өмірінің және сыртқы саясатының тәжірибесін ұстану қазіргі азат елге көп мүм­кіндік береді. Еуразия өңірінің қауіпсіздігі, дәстүр сабақтастығы өткеннің мәнді жағын, бү­гінгінің жасампаздығын қатар игерсе, та­рих тағылымы осы бағдарда айқындала түседі.

Жақсылық СӘБИТОВ,

«Жошы ұлысын зерттеу» ғылыми институтының директоры, PhD:

– Алтын Ордаға арналған халықаралық симпозиум ортағасырлық Еуразия тарихын зерттеу саласындағы ірі ғылыми оқиға болды деп нық сеніммен айта аламыз. Форумға 300-ге жуық зерттеуші қатысты (120-сы шетелдік), олар әлемнің 20-дан аса мемлекетінен келді.

Екі күн бойы қатысушылар Алтын Орда­ның саяси тарихына, мемлекеттік бас­қару жүйесіне, дипломатиясына, құқық­тық жүйесіне, экономикасына, қалалық мәде­ниетіне, діни үдерістеріне, халықаралық байланыстарына, тарихи жадына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқы­лады. Бұл ортағасырлық әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірін зерттеудің жаңа тәсілдерін қалып­тастыруға мүмкіндік берді.

Ғылыми қауымдастық Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тұжырымдамалы ойын, орайлы ұсынысын ерекше бағалады. Мемлекет басшысының баяндамасы барынша байыпты, ғылыми негізделген және саяси тұрғыдан бейтарап сипатта болды.

Президент тарих ғылымы алдына саяси мін­деттер қойған жоқ және тарихты идеоло­гия­ландырылған тұрғыдан түсіндіруді ұсын­бады. Оның сөзінде тарихты объективті зерт­теу қажеттілігі, заманауи ғылыми әдістерге сүйену және тағдыры Ұлы дала кеңістігімен байланысты барлық халықтардың тарихи мұрасына құрметпен қарау қажеттігі атап көрсетілді. Алтын Орда Қазақстанның та­рихи мұрасының маңызды бөлігі ретінде әрі Еуразия халықтарының ортақ мұрасы ретінде си­патталды, бұл қазіргі ғылыми білім деңгейіне толық сәйкес келеді.

Қазақстан тарихы үшін Жошы ұлысы дәуірі­нің маңызы туралы тұжырым отан­дық және халықаралық тарихнамада бұрын­нан мойын­­далғанын атап өткен жөн. Форум­да айтыл­­ған бағалаулар – түрлі елдердің ғалым­дары жүр­­гізген көпжылдық зерттеулердің нәтижесі.

Ғылыми жиынның ортағасырлық мем­лекет­тердің қазіргі заманғы саяси мұрагер­лігі мәселесіне арналмағаны да мәлім. Негізгі назар ғылыми зерттеулерге, жаңа архео­логиялық жаңалықтарға, жазба деректерді талдауға, палеогенетика, цифрлық гуманита­ристика және ғылымның басқа да заманауи бағыттарындағы жетістіктерге аударылды. Дәл осындай көз­қарас ескірген стереотиптерді еңсеруге,  өткенді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Астана форумы Жошы ұлысының тарихы әлемдік тарих­тың бір бөлігі, ал оны зерттеу  кең ауқым­ды халықаралық ынтымақтастықтың жолы екенін көрсетті.

Алқалы ғылыми жиын Қазақстанның ортағасырлық Еуразия тарихы жөніндегі әлемдік ғылыми ойдың маңызды орталығы болуға мүмкіндігі жететінін аңғартты.

Форум нәтижелері Алтын Орда тарихын зерттеуді дамыту үшін ұзақмерзімді маңыз­ға ие. Жаңа ғылыми байланыстар, бірлес­кен жобалар, дереккөздерді жариялау, архео­логиялық зерттеулер және пәнаралық бағ­дарламалар Ұлы даланың өткені туралы білі­мі­мізді едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Со­ны­мен қатар форум түрлі елдердің зерт­теу­ші­лері арасындағы халықаралық ғылыми ынты­мақ­тастық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етті.

Халықаралық симпозиумға жұртшылық­тың жоғары баға беруі бізді жаңа ізденістерге жетелейді. Әрине, тегеурінді ұлыстың тарихи рөлі шынайы, кәсіби және саяси конъюнктурадан тыс зерттелуге мүмкіндік алды. Бұл – та­рихи жадты сақтаудың, ғылымды дамытудың, ха­лықаралық ынтымақтастықты нығайтудың игі жолы.

Айболат КӨШКІМБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Қазіргі тарих ғылымы Алтын Орданы тек әскери-жаулаушы мемлекет ретінде қарас­тыратын ескі көзқарастан біртіндеп бас тар­тып келеді. Бүгінде Жошы ұлысы орта­ға­сыр­лық Еуразиядағы ең ірі әрі маңызды мем­­лекеттердің бірі ретінде бағаланып, Ескі дү­ние­нің саяси, экономикалық және мәдени ке­ңіс­тігінің қалыптасуында ерекше рөл атқар­ғаны мойындалып отыр. Мұндай көзқарас қазір­гі зерт­теушілердің еңбектерінен де, Прези­денті­міздің симпозиумдағы сөзінен де көрініс тапты.

Әлемдік тарихнама Алтын Орданы орта­ғасырлық әлемдегі ең ірі империяның бірі ре­тінде қарастырады. Жошы әулетінің билеу­ші­лері бірнеше ғасыр бойы көпэтносты кеңістікті басқарудың тиімді жүйесін құрып, орасан зор аумақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті қам­тамасыз ете алды.

Алтын Орданың ең маңызды жетістік­терінің бірі – еуразиялық мемлекеттіліктің ерекше үлгісін қалыптастыруы. Қазіргі зерт­теулер көрсеткендей, дәл Жошы ұлысында дала сая­си дәстүрі исламдық әкімшілік мәдениет­пен ұштасқан. Мемлекетте салық жинау, дип­ломатия, іс жүргізу және құқық салаларының дамыған тетіктері жұмыс істеді. Құрылтай институты, маңызды мәселелерді ұжымдық талқылау тәжірибесі, вассалдық-қызметтік қатынастар жүйесі, Шыңғыс әулетінің заңды билігі мен исламдық саяси дәстүрдің үйлесуі Еуразияның көптеген елдеріне ықпал еткен бірегей мемлекеттік модельді қалыптастырды.

Бүгінде көптеген батыс және шығыс зерттеушілері Шыңғыс әулеті мен Алтын Орда империялық құрылымдарының адам­дар­дың, тауарлардың, технологиялар мен идеялардың бұрын-соңды болмаған деңгейде еркін қозғалуына жағдай туғыз­ғанын атап көрсетеді. Жошы ұлысын кейде құрлық­тық «жаһанданудың» алғашқы үлгісі ретінде қарастырады.

Алтын Орда қалаларын зерттеу де көкей­кесті. Көшпелі өркениет ұзақ уақыт қалалық мәдениетке қарсы қойылып келді. Алайда соңғы онжылдықтардағы археологиялық зерттеулер мұндай көзқарастың қате екенін дәлелдеді. Жошы ұлысы аумағында Сарай, Үргеніш, Сарайшық, Қажы Тархан, Сығанақ, Отырар, Ясы (Түркістан), Бұлғар, Қырым, Азау және басқа да көптеген ірі қалалар бол­ды. Ғалымдардың бағалауынша, Алтын Орда қалаларының саны жүзден асқан. Бұл қала­лар сауда, қолөнер, дипломатия және зият­керлік өмірдің маңызды орталықтары еді.

Көпжылдық ғылыми зерттеулер Жошы ұлы­сының Еуразия халықтарының этносая­си тарихындағы ерекше маңызын айқын­дайды. Дәл осы ұлыс аясында қазіргі қазақ­тар, татарлар, ноғайлар, башқұрттар, қарақал­пақ­тар, қырым татарлары, өзбектердің бір бөлігі және басқа да түркітілдес халық­тардың қалыптасу үдерістері жүрді. Алтын Орда моңғол және түркі этникалық құрам­дары­ның ұзақ уақыт бойы өзара әрекеттесу кеңіс­тігіне айналып, нәтижесінде жаңа түркі-мұсылмандық дала өркениетінің қалып­тасуына негіз болды.

Мемлекет басшымыз Қазақстан Жошы ұлысының мұрасын бірыңғай өзіне ғана телуге ұмтылмайтынын айтты. Қайта Алтын Орда тарихы Еуразия халықтарының ортақ мұрасы есебінде қарастырылуы, әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерттелуге тиіс екені мәлім етілді.

Алтын Орда кезеңі – ауқымды мәдени синтез дәуірі. Бұл уақытта түркі тілі, ислам­дық жазба дәстүрі, дала мәдениеті өзара ық­палдасты. Жошы ұлысының дипломатия­лық байланыстары мәмлүк Мысырын, Визан­­тияны, Еуропа мемлекеттерін, Ватикан­ды, Осман империясы мен Қытайды қамтыды.

Қазіргі археогенетика, цифрлық археоло­гия, GIS-картография, нумизматика, тарихи антропология, дереккөздерді талдаудың жаңа әдістері Алтын Орданың әлемдік тарихтағы рөлін жаңаша түсінуге мүмкіндік беріп отыр. Жошы ұлысы кеңіс­­тігінде кейін бүкіл Еуразия өңірінің да­муы­на сан ғасыр ықпал еткен талай саяси, эконо­микалық, мәдени үдерістер қалыптасты.

Радик ТЕМІРҒАЛИЕВ,

«Қазақ тарихи қоғамы» ҚБ атқарушы директоры:

– Алтын Орда тарихы қазақ­ халқы тарихындағы шешуші кезең екеніне ешқандай күмән жоқ. Дәл Қазақ­стан аумағында алғаш рет Жошы ұлысы қалып­тас­ты. Оның ордасы алғашқыда Жетісуда орналасты, ал түркі аңызында ол Ұлытауда жерленген. Оның есімімен байланысты кесене әлемге белгілі.

Жошы ханның ұлы Бату ханның Батыс­қа жасаған жорықтарынан және саяси орта­лықтың Еділ бойына көшірілуінен кейін Алтын Орда мемлекеті екі қанатқа бөлінді. Жаңадан бағындырылған жерлер оң қанаттың құрамына енсе, Қазақстан аумағы Алтын Орданың сол қанатына жатқызылды. Бұл дала мемлекеттеріне тән дәстүрлі басқару жүйесі еді.

XIV ғасырдың екінші жартысында Алтын Орданың оң қанатында алауыздық пен саяси дағдарыс кезеңі басталған кезде, Жошы хан ұрпағы Ырыс (Ұрыс) хан билікке келген сол қанат дербестеніп, жеке мемлекетке айналды. Әрине, Ырыс ханның өзі мұндай мақсат қойған жоқ. Оның негізгі арманы бүкіл мем­лекетті сақтап қалып, қайта өркендету еді.

Тарихшылар пікірінше, кейіннен дәл осы сол қанаттың негізінде Қазақ хандығы қалыптасты. Шын мәнінде, бір мемлекеттің екінші түрге өтуін сол кездегі дала билеуші­лері мен олардың қол астындағы халық та байқамауы мүмкін, өйткені өмір бұрынғы­сынша жалғаса берді.

XV ғасырдың соңында қарсылас Шайбан әулетінің өкілдері Ырыс хан ұрпақтарын «қазақ» деп атай бастады және шежірелерінде солай жазды. Уақыт өте келе «қазақ» атауы Ырыс хан әулетінің билігін мойындаған бүкіл халыққа таралып, тұтас халықтың атауына айналды.

Алтын Орда мәдениеті, өркениеті – терең, жан-жақты мәселе. Халқымыздың екі жарым ғасырлық тарихы ұлттық тарихи санадан тыс қалып қойғаны рас. Түрлі жаламен айып­талған жазушы Ілияс Есенберлин «Алтын Орда» романы арқылы қоғам назарын осы тарихи кезеңге аударуға тырысты. Соны­мен қатар Жошы ұлысы дәуіріндегі жырау­лар мұрасын кеңінен насихаттауға күш салған Мұхтар Мағауиннің еңбегі де орасан.

Осындай ұзақ тарихи кезеңнің назардан тыс қалуы халқымыздың тарихын тұтас қарауды шектеді. Өйткені Қарахан қағанаты­нан немесе қыпшақ хандықтарынан бірден Қазақ хандығына өте салуға болмайды. Оның үстіне бұрын бытыраңқы болған түркі тай­паларының жақындасуы және қазақ этносы­ның қалыптасуы дәл Алтын Орда дәуірінде басталды.

Жоғарыда айтылғандай, бұл кезеңді жан-жақты зерттеп, терең түсінбейінше, Ұлы даладағы бірегей мемлекеттің басты мұ­ра­герлерінің бірі Қазақ хандығының құры­лу тарихын толық ұғына алмаймыз. Со­ны­мен қатар бұл дәуірді қандай да бір халық­тың жекеменшігіне айналдыру әрекеті де орынсыз. Алтын Орда – түркі халықтарының және басқа да халықтардың ортақ мұрасы.

Алтын Орда – ортағасырлық кезең үшін теңдесі жоқ құбылыс. Ол – бір мемлекеттің шеңберінде түрлі этностар мен діни қауымдардың бейбіт қатар өмір сүру үлгісі.

Жошы ұлысы тарихын сабақтастықта насихат­тау – ғылыми тұрғыдан толықтай негіз­дел­ген әрі Қазақстанның халықаралық аренада­ғы беделін арттыруға жаңа мүмкін­діктер ашатын маңызды бағыт.

Модератор:

– Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бас­тауын жаңаша оқыту, зерделеу жайы қай деңгейде? Жошы ұлысы хандарының ше­жіресін толық қалыптастыра алдық па? Түрік дәуірінен келе жатқан «Мәңгі ел» идеясы Алтын Орданың мемлекеттік идео­ло­гиясымен үйлесе ме? Елорда іргесіндегі Бозоқ қалашығын жаңғыртуды қалай жүйелеп жатырмыз? Еуразия кеңіс­тігіне ортақ ойларды да білгіміз келеді.

Өмірбай БЕКМАҒАНБЕТОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

– Білім жүйесінде Жошы ұлысы тарихын сапалы оқыту – тарихи сананы қалыптастырудағы маңызды іс. Жоғары мектепке келсек, Қазақстан тарихы оқу бағдарламасында Алтын Орда кезеңіне аз уақыт бөлінген. Әрине, бұған жаңа көзқарас қажет. Ұзақ уақыт бойы кеңес­тік тарихнамада Алтын Орда жаулап алушы мемлекет ретінде қарастырылды. Қазір­гі зерттеулер оның мемлекеттік басқару жүйесі, дипломатиялық қатынастары мен өрке­ниеттік рөлін жаңа қырынан бағалап отыр. Осы­ған байланысты ескі және жаңа ғылыми көз­қарастарды үйлестіру қажеттігі туындайды.

Оның үстіне Алтын Орда тарихына арналған оқулықтар мен оқу құралдарының саны шектеулі. Кейбір оқу әдебиеттерінде жаңа археологиялық және тарихи зерттеулер­дің нәтижелері толық көрініс таппаған. Бұл студенттердің заманауи ғылыми тұжырым­дармен танысуына кедергі келтіреді.

Алтын Орда тарихы – Қазақ мемлекеттілігі­нің тарихи бастауларын түсінудегі маңызды кезең. Сондықтан Алтын Орда тарихын оқытудың ғылыми-әдістемелік базасын жетіл­діру, заманауи зерттеулерді оқу үдерісіне енгізу және инновациялық оқыту технология­ларын пайдалану – осы күннің көкейкесті міндеті.

Қазіргі цифрландыру дәуірінде Қазақстан тарихындағы Алтын Орда дәуірін оқыту барысында цифрлық технологияларды пайдала­ну – білім беру сапасын арттырудың маңыз­ды құралы. Цифрлық ресурстар студент­тердің тарихи материалды терең меңгеруіне, ғылыми деректермен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға және пәнге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Айталық, интерактивті карталарды қол­дану арқылы студенттер Алтын Орданың аумақ­тық кеңеюін, сауда жолдарын, саяси орталық­тарын және көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын көрнекі түрде зерттей алады. Ал семинар сабақтарында цифрлық архивтер мен электрондық кітапханалар студенттерге тарихи құжаттармен, жыл­намалармен және ғылыми еңбектермен қашықтан танысуға мүмкіндік береді. Виртуалды музейлер мен 3D-модельдер Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасын жан-жақты таныстырады.Мультимедиялық презентациялар, бейнедәрістер және онлайн платформалар тарихи тақырыптарды түсіндіруді жеңілдетеді.  

Әрине, Алтын Ордаға қатысты білімнің барлық сатысында сабақтастық қажет.  

Сонымен қатар қазақ тарихын толық­қанды игеріп шығу үшін түрлі білім беру бағдарлама­сы сағатын қайта қарап, Қазақстан тарихы пәніне бөлінген кредит санын өсіру қисынды деп санаймыз.

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

«Ортағасырлық деректану» орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Мемлекет басшысы Ұлы дала өркениеті­нің өнегесі мен жасампаздық негізде жалғасуын ерекше айтты. Тарихқа адалдық биыл референдумда қабылданған жаңа Конституцияда орайымен көрініс тапты.

Алты ғасыр (VІ-ХІІ ғасыр) – Түркі, Түрік қағанаты, Қарахан мемлекеті, алты ғасыр (ХІІІ-ХVІІІ ғасыр) – Алтын Орда, біле-білсек бұл – адамзат дамуының аса ірі құбылысы. Бұл он екі ғасырлық Орталық Еуразия тарихындағы қай­таланбас мемлекеттілік жобаға таңғалуға болады. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жолы, мәдени және саяси тоғысулар, дала мен шаһар үйлесімі (100-ге жуық қала болған) – 12 ғасырлық мемлекеттілік сабақтастығының өнегесі.

Алтын Орда ортағасырлық түркі мемле­кет­терінің орталық және аймақтық басқару жүйесін толығымен мұрагерлікке алып дамытты. Моңғол көшпелі империясы кең-байтақ аумақтарды басқару үшін дәстүрі терең мемлекеттердің орнықты инс­титуттарын қабылдады.

Алтын Орда ұлыстардың жүйесі, сондай-ақ мемлекеттің екі қанатқа – оң (Ақ Орда, Батыс тарапы) және солға (Көк Орда, Шығыс тарапы) бөлінуі Түрік қағанатының дәстүрінен мұра болып қалды. Алтын Орданың орталық мем­лекеттік мекемелері: диуан – қаржы, салық, ішкі істерді басқаратын жоғары атқарушы орган (министрлік), уәзірлер институты – мем­лекеттің бүкіл азаматтық басқаруын қадаға­лайтын диуан басшысы (премьер-министр), беклербек – ханның әскерді, сыртқы саясатты, жоғарғы сотты басқаратын тең билеушісі институты. Уәзірлер (үкімет басшылары) мен кеңсе шенеуніктер басқару жұмысын түркі-мұсылман заңдары бойынша жүргізді. Жоғарғы қади (қазы) басқаратын ислам заңы­на (шариғат) негізделген сот төре­лігін жү­зеге асыратын билер институты болды.

Құрылтай – аса маңызды мемлекеттік және әлеуметтік мәселелерді шешуге арнал­ған бектер мен халық өкілдерінің дәстүрлі ұлттық жиналысы. Исламға дейінгі дәуірде, ғұндар мен түрік қағанаты тұсында пайда болған. Құрылтайларда хандар сайланды, соғыстар мен бейбітшілік жарияланды, заңдар қабылданды, көшпелі ру-тайпалардың жерлері бөлінді. Шын мәнінде, бұл – ежелгі халық парламенті. Алтын Ордада тақ мұ­ра­гері мен аса маңызды мемлекеттік істерді шешуде дәстүрлі түркілік негізге сүйенді.

Ежелгі және ортағасырлық түркілердің дүниетанымы негізінде қалыптасқан Түрік қағанатының «Мәңгі ел» идеясы Алтын Орда­ның мемлекеттік идеологиясы болды.

Алтын Орда түріктерден әскер ұйым­дастыру қағидаларын (ондық жүйе), далалық ұрыс тактикасын, әскери терминдерді, шенді (мысалы, хан, түмен сөзі) қабылдады. Мемлекеттіліктің, әскери саланың, жазудың, діннің жөнін де түркі халықтарынан алған. Түркі мәдениеті дамыған Орталық Азия даласында жүрген моңғолдар бұл тәжірибені өз мемлекетін құруға бейімдеді.

Сәулет, қала құрылысы (кесенелер, мешіт­тер, медреселер), қолөнер жоғары дамыған Қарахан мемлекетінің шаһар мәдениетінен қабылданған. Алтын Ордадағы жазу көне ұйғыр әліпбиіне негізделген.

Мемлекет басшысы енді Алтын Орданы интеллектуалдық, тұлғалық, идеологиялық тұрғыдан зерттеуге басымдық берілетінін айтты.

Мақсат АЛПЫСБЕС,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Алтын Орда (ресми Жошы ұлысы) мемлекеті – өз дәуірінде көптеген елдің шығуына негіз берген Ұлы дала империясы. Шыңғыс қаған елі «Ұлы Моғол ұлысы» атал­ғандықтан, кейінгі беделді бөлігі Ұлық ұлысқа айналды. «Киіз туырлықты» ел негі­зінде құрылған Жошы ұлысы, Шағатай ұлы­сы, Оқтай ұлысы, Толы ұлысы – Шыңғыс қаған­ның ірі төрт ұлыс мемлекетінің құрамдас бө­лігі. Кейін әр ұлыс өз алдына жеке-дара мем­лекетке айналды. Оларды біріктірген күш – әйгілі Шыңғыс әулеті құндылығы. Әбілғазы, Рәшид ад-Дин, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ең­бек­те­рінде хан-сұлтандар шежіресінің кілті бар.

Ортағасыр араб-парсы тарихнамасында Шыңғыс қаған ұлдары еншісіне ұлыс жерлер ретінде үлестіргені айқын айтылған.

Төрелер туралы баяндалған мәліметтер қысқаша болғанымен генеалогиялық деректері мол әңгімеленеді. Қазақ даласы­ның өткендегі барлық саяси-қоғамдық өмірінің тарихы төрелердің шежіресі айналасында түзіледі. Сөйтіп, Шыңғыс хақан тегінен екенін дәлелдейтін көптеген ата-тек кестелері мен тарихи куәліктер сақталған, соның бірі «Хандар шежіресі». Алтын Орда – Жошы әулетінен Бату, Мөңке Темір, Тұда Мөңке, Төлебұқа, Тоқты, Өзбек, Жәнібек сияқты ханзада-сұлтандар ұлы хан сайланған. Ал XV ғасырдың орта шенінде құрылған Қазақ хандығы, XIV-XV ғасырларда сол Жошы ұлысының Сібірден Сыр бойына, Ертіс, Жайық жағасына дейінгі жалпақ өңірге жайыла қоныстанды. Шыңғыстан тараған Жошы әулеті өкілдері – қазақ төрелері.

Қазақ хандығы тұсындағы қазақ хандары­ның шығу тегі Жошы ханның ұрпақтарынан тарайды. Қазақ хандарымен есептегенде он төрт билік кезеңі өтеді. Бұлардың бәрі тек Жошы хан әулеті, Шыңғыс тұқымынан Жошыдан басқа Шағатайдың, Оқтайдың, Толы ұрпақтары болды. Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса шарқи» еңбегінде көрсетілген хандық құрған кезеңдері 14 бөліктен көрсетеді: 1207–1345 жылдары – Бату ханнан Келдібек ханға дейін 17 билеуші Сарайда 138 жыл хандық билік кұрған. 1233–1356 жылдары билік Шайбаннан басталып Хайдар ханмен аяқталады. Бұл әулеттің билігі 123 жылға жетіп, 16 билеуші хандық еткен. 1249–1342 жылдары билік Толы хан әулеті Абақан ханмен басталып, Нушаруан ханмен аяқталған, 8 билеуші дербес, 10 билеуші бірігіп қос өкімет құрып, барлығы 18 билеуші билік еткен.

Алтын Орда – Жошы ұлысы хандарының толық шежіресі қазақ қоғамының ортасында төре әулетінің немесе қазақ хандарының, сұлтандарының шежіресі деген атаумен белгілі. Бұл шежірелер олардың тарихи жадын, ата-тегі өрбуін көрсетеді. Төре шежі­ресін генеалогиялық дерек көзі ретінде Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан жазды. Генеалогиялық ата-тек дерегімен қатар қазақ хандарының шежіресінде көптеген құнды мәліметтер сақталған. Шоқан «шежіре аға жолын белгілейтін басты құжат» деп атап өткен. Құрбанғали Халидтің көрсетуінше, 1345–1363 жылдары билік Қызыр ханнан Базаршы ханға дейін 16 билеуші хандық құрды. 1362–1491 жылдары билік Ырысханнан басталып, Шайх Ахмет ханмен аяқталады, 117 жыл аралығында 15 билеуші Сарайда хандық құрды. 1382–1574 жылдары Қажытархан хандығында билік Құйыршық ханмен басталып, Дәулетбердімен аяқталады. 20 ханның билігі 190 жылға жалғас­ты. 1380–1600 жылдары Сібір хандығы болды, билік Тобылдағы Мұхаммед ханнан басталып, Есім ханмен аяқталады. 11 хан 200 жылдан аса билік жүргізді.

Қазақ ішінде төрелердің шежіресін тудыр­ған тарихи шындық сол заманда қалыптасқан саяси өмір, хан-сұлтанның шығу тегі алтын ұрық әулетінен болуы, өйткені Түркістанды тұ­тастай хан-төре ұрпағының бір бөлігін қолына қараған жұртты басқару үшін орнықтырды.

Марал ХАБДУЛИНА,

К.Ақышев атындағы археология институтының директоры, профессор:

– Алтын Орда тарихын археологиялық тұрғыдан зерттеу Қазақстанда Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қа­ла­лар­ды қазу жұмыстарынан бастау алады. Көпте­ген қаланың гүлденуі Жошы ұлы­сы билеу­шілерінің сауда-саттықты дамы­туға, ақша айналымын жетілдіруге, мемлекеттік тұрақты­лық пен экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған саяса­тының нәтижесі болғаны анықталды. Архео­логиялық зерттеу­лердің нәтижесінде Оты­рар, Ясы, Сығанақ, Сауран, Жанкент, Тараз, Қойлық секілді ортағасырлық қалалардың орналасқан орындары нақтыланып, олардың атаулары араб және парсы тілдеріндегі жазба деректер арқылы расталды.

Қазақстан археологтері көшпелі атты өр­кениеттің қалыптасуы мен даму мәселелерін де жүйелі түрде зерттеп келе­ді. Дала өркение­тінің эволюциялық дамуы біздің арғы ата-бабаларымыздың жыл­қыны өз бетінше қолға үй­ретуімен және шаруашылық мақсатта пайда­лануы­мен тығыз байланысты. Б.з.д. IV мың­жыл­дықтан бастап адамзат тарихында кең ауқымды мәдени байланыстар қалыптасып, этностар мен мәдениеттер арасындағы өзара ықпалдастық күшейді. Нәтижесінде, өзіндік ерекшеліктері бар көшпелі өркениет қалыптасып, оның тарихи тәжірибесі қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Алтын Орда мемлекеті түркі-моңғол өрке­ниеттік мұрасы негізінде қалыптасты. XIII-XVIII ғасырлар аралығында өмір сүрген бұл мемлекет өзінен бұрынғы Түрік қағана­тының мемлекеттік басқару жүйесін, саяси дәстүрлерін және идеологиялық ұстаным­дарын жалғастырды. Түрік қаға­наты Шығыс пен Батысты біртұтас саяси кеңістік аясында біріктірген алғашқы ірі дала империяларының бірі болды. Осы кезеңде қимақ, қыпшақ, оғыз секілді түркітілдес этнос­тардың этникалық және мәдени жақын­дасу үдерісі жүріп, кейіннен қазіргі түркі халықтарының қалыптасуына негіз қалады.

Археологиялық және жазба деректер оғыз тайпаларының батысқа қоныс аударғанға дейін Сарыарқа мен Арал өңірлерін мекен­дегенін көрсетеді. Бұл мәселені Еуразия ұлт­тық университетінің археологиялық экспе­дициясы Астана маңындағы ортағасыр­лық Бо­зоқ қалашығына 15 жыл бойы кешенді ар­хео­­­логиялық зерттеулер жүргізіп, көз жеткізді.

Бозоқ атауы бұрынғы карталарда көрсе­тіл­ген Бозоқты көлімен байланысты. Зерттеу нәтижесінде «Бозоқты» атауының бастапқы нұсқасы «Бозоқ» екені анықталды. Бұл атау Рәшид ад-Диннің «Оғызнама» еңбегінде, Әбілғазының шежірелік шығармаларында оғыздардың жетекші тайпаларының бірі ретін­де аталады.

Қалашық аумағындағы сәулеттік құры­лым­дардың ауқымы мен сипаты Бозоқтың қарапайым қоныс емес, ірі әкімшілік және саяси орталық болғанын көрсетеді. Кейін Алтын Орда дәуірінде Бозоқ аумағында Сары­арқадағы алғашқы мұсылмандық некрополь­дердің бірі қалыптасты. Бұл археологиялық кешен де Еуразия ұлттық университетінің ар­хео­логиялық экспедициясы тарапынан зерттелді.

Рафиль АСЫЛҒУЖИН,

Башқұртстан «Шежіре» тарихи мұраны зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты:

– Астана қаласында ЮНЕСКО қолдауы­мен өткен халықаралық симпозиум бізге ерекше әсер берді. Ғылыми форумды ұйым­дастырған Қазақстанның басшылығына, жауапты министрлік пен салалық институтқа ризашылығымыз шексіз. Екі күндік әлемдік ірі іс-шарада 150-ден аса ғылыми баяндама оқылып, талқыланды.

Форумның пәнаралық сипаттағы 7 секциясы да қыруар ғылыми мәселені игерді. Ғылыми жиын жоғары деңгейдегі кәсіби пікірталаспен ерекшеленді.

Симпозиумның мәнді тәжірибелік нәти­жесі – Жошы ұлысы мен оның мұрагер мемлекеттерінің (Ноғай Ордасы, Қырым, Қазан, Астрахан, Қазақ хандықтарының) тарихы­на арналған ғылыми зерттеулерді одан әрі жандандыруға қосқан нақты үлесі. Форум­ның қоғамдық танымалдылығын арттырған маңызды фактор – оның жұмысына Қазақстан Президентінің, ЮНЕСКО өңірлік кеңсесі басшыларының, басқа да халықаралық ұйымдар өкілдерінің, дипломатиялық корпус мүшелерінің, мемлекеттік құрылымдардың қатысуы дер едік. Форумның БАҚ-та кеңі­нен жариялануы тарихқа деген қоғам қызы­ғушылығының артуына ықпал етті.

Ресейдің Еділ бойындағы ұлттық респуб­ликалары  осы саладан маман даярлауға мүдделі. Зерттеулер бұрын да жүрген, алда да уақыт талабына сай  жүзеге асады.

Жаңа ізденістер Жошы ұлысы, оған көрші ұлыстар, Алтын Ордадан кейінгі мемлекеттік құрылымдар тарихын зерде­леудегі олқылық­тардың орнын толтырары сөзсіз.

Александр ЗЕЛЕНКОВ,

РФ Түмен мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты:

– «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумы ғалымдарды, дип­ломат­тарды, халықаралық ұйым өкілдерін, мүд­делі мамандарды бір алаңға жинады. Бұған Қа­зақ­стан ғалымдарынан бөлек, Еуропа, Азия, Сол­түстік Америка,Таяу Шығыс ел­дерінен 300-дей делегат қатысты. Форум­­ның негіз­гі нысанасы Жошы ұлысының саяси та­рихына, археологиялық мұрасына, қалалар­дың дамуына, саудаға, дипломатияға, т.б. арнал­ды. Әсіресе Алтын Орданың көшпелі және оты­рықшы әлемді, Шығыс пен Батысты, жергілікті дәстүрлер мен ауқымды еуразиялық үдерістерді қалай тоғыстырғанына ерекше назар аударылды.

Пәнаралық зерттеулер де үлкен қызы­ғушы­лық тудырды. Осындай бағыттардың бірі – ежелгі ДНҚ-ны зерттейтін палео­генетика. Бұл ғылым ортағасырлық қоғам­дардың шығу тегі, көші-қон үдерістері және туыстық бай­ланыстары туралы жаңа мәліметтер береді. Палеогенетик Даниэль Табиннің баяндамасы Алтын Орда тарихын тек жылнама­лар, теңгелер, жерлеу орындары мен архео­логиялық олжалар арқылы ғана емес, сонымен қатар жаратылыстану ғылым­дарының әдістері арқылы да зерттеуге болатынын көрсетті. ДНҚ деректері билеу­ші әулеттердің шығу тегін, халықтың мобиль­ділігін, өңіраралық байланыстарды және ортағасырлық қауымдас­тықтардың қалыптасу үдерістерін нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жазба деректер жеткіліксіз, ал археологиялық материалдар қосымша тексеруді қажет ететін көшпелі қоғамдардың тарихын зерттеу үшін маңызды.

Бағдарламаның маңызды бөлігі Қазақ тарихи қоғамы мен Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты ұйымдастырған кітап тұсаукесерлері болды. Симпозиум аясында мамандар мен оқырман қауымға арналған жаңа зерттеулер таныстырылды. Канадалық Джу-Юп Лидің Еуразия тарихындағы түркі ха­лықтарының рөлі мен өңірлік бірегей­лік туралы «Әлем тарихындағы түркі халық­тары» еңбегі, америкалық Джек Уэзер­форд­тың қазақша тұңғыш жарық көр­ген «Шыңғыс хан және қазіргі әлемнің қа­лып­тасуы» кітабы ерекше қызығушылық тудыр­ды. Қазақстандағы аударма және ғылыми-көп­шілік тарихи жобалардың дамуы туралы «Steppe and World Publishing House» баспасының негізін қалаушы Раиса Сайран Қадыр баяндады.

Симпозиум сондай-ақ Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштерін сақтау және дәріптеу мәселелерін де талқылады. Жошы хан кесенесі, Сарайшық, Сығанақ, Сауран, Жанкент және ортағасырлық дала өркениетінің тарихымен байланысты басқа да нысандар сөз болды. Бұл ескерткіштерді зерттеу, музейлендіру және оларды ЮНЕСКО жүйесі арқылы халықаралық деңгейде таныту тек ғылым үшін ғана емес, мәдени дипломатия, туризм, білім және ұлт тарихын насихаттау үшін де зор маңызға ие.

Форум Алтын Орда тарихын өңірлік және әлемдік тарихтың құбылысы ретінде көрсете алды. Жошы ұлысы тари­хын зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Қазақ­станның Ұлы дала мұрасына әлемдік ғылыми құндылықтар аясында қарауы бізді қуантты.

Әзірлегендер –

Ерлан САЙЛАУБАЙ,

Сабыр ШӘРІП 

Бөлісу